Астанада экологиялық айлық аяқталды

Астана жаңалықтары: Астанада экологиялық айлық аяқталды

Елордада 7 қыркүйек пен 7 қазан аралығында өткен экологиялық айлық аясында жалпы көлемі 2 805 540 шаршы метр алқап тазартылды, деп хабарлайды Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.

Санитарлық тазарту жұмыстары барысында қызыл тал, қара үйеңкі, қарағай, қайың, емен, терек, шетен секілді 9 720 ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, 47 мыңға жуық көшеттің түбі ақталды.

Атап айтсақ:

– Алматы ауданында – 4 214 көшет. 763 көшет – № 46 көшесі бойымен Тәуелсіздік даңғылынан Сәтпаев көшесіне дейін, 431 көшет –Тәуелсіздік даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейінгі Байтұрсынов көшесі бөлігінде, 520 көшет – Юго-Восток ықшам ауданындағы Талғар, Таскескен және Сартау көшелерінде, 2 500 көшет – мектептер, балабақшалар, ауруханалар аулаларында;

– Есіл»ауданында – 4 332 көшет. 1 560 көшет –Хусейн бен Талал көшесі ауданынан №31 көшесіне дейінгі Орынбор көшесі бөлігінде, 490 көшет – «Астана Опера» театры алдында, 80 көшет – «Арай» саябағында, 202 көшет – «Хан Шатыр» СОО айналмалы жол бойында, 500 көшет Ильинка елді-мекенінде, 1 500 көшет – мектептер, балабақшалар, ауруханалар айлаларында;

– Сарыарқа ауданында – 1 174 көшет. 500 көшет – Тілендиев көшесінде, 124 көшет – Бабатайұлы көшесінде, 30 көшет – Көктал ауданында орналасқан Қарттар үйі маңайында, 520 көшет – мектептер, балабақшалар, ауруханалар аулаларында.
Шара шеңберінде волонтерлар мен қоғамдық мекемелердің қатысуымен Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасы мен жағасын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарту бойынша экологиялық акциялар өткізілді.
Әрі қарай

Елордалық газеттің 25 жылдығына арналған футболдан турнир өтті

Астана жаңалықтары: Елордалық газеттің 25 жылдығына арналған футболдан турнир өтті

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 25 жылдығына орай журналистер арасында футболдан турнир өтті.

Доп додасына «Егемен Қазақстан», «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» РТРК, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, «Астана» телеарнасы, «Ақмешіт» Қызылорда облысы журналистерінің құрамасы, «24 KZ» телеарнасы, «Қазмедиа» орталығы және «Астана ақшамы» командалары қатысты.
Мерекелік жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің көмекшісі Михаил Чирков, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанар Өтешова қатысып, астаналық газет қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, командаларға алғыстарын білдірді.
Үш топқа бөлінген командалар арасындағы тартысты ойындардың нәтижесінде «Хабар» агенттігі, «Ақмешіт» құрамасы, «Егемен Қазақстан» газеті және «Қазақпарат» ақпарат агенттігі командалары жарыстың жартылай финалына шықты. Бірінші жартылай финалдық ойында белгілі журналист Амангелді Сейітханов бастаған «Хабар» агенттігі және Дастан Кенжалин бастаған «Егемен Қазақстан» командалары өзара кездесті. Бұл ойында есепті егемендіктер ашқанымен, хабарлық жігіттер 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ, Ержан Байтілес баптаған жігіттер «Қазақпарат» командасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сында ойнады.

Үшінші орын үшін ойында «қазинформдықтар» ел газеті жігіттерін 2:1 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды. Ал финалда «Хабар» мен Қызылорда облысы құрамасы кездесіп, сыр бойынан келген жігіттер жарыс жеңімпазы атанды.
«Үздік қақпашы» аталымын Қанат Базылхан («Хабар»), «Үздік қорғаушы» аталымын Дастан Кенжалин («Егемен Қазақстан»), «Үздік шабуылшы» аталымын Қуаныш Құлахметов (Қызылорда құрамасы) иеленді. Сонымен қатар, Сұлтан Сейітов пен Елтай Нұрғазин («Астана ақшамы»), Алмас Манап («Егемен Қазақстан»), Дархан Досболов («Қазақпарат») сынды журналистер де үздіктер қатарынан көрінді.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерге «Астана ақшамы» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Сергей Кузовников пен бас редактор Аяған Сандыбай дипломдар, медальдар және сыйлықтар табыс етті.
Әрі қарай

Елордада студенттік жасақтар жұмыс істеуде

Астана жаңалықтары: Елордада студенттік жасақтар жұмыс істеуде

Жастар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында наурыз айынан бастап Астана қаласында студенттік жасақтар өз жұмысын жүзеге асыруда. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының хабарлауынша, аталмыш жасақтардың көмегімен он бес рейд өткізіліп, үш жүзден астам әкімшілік бұзушылық анықталды.

Бүгінгі таңда студенттік жасақтар құрамында 250 адам бар. Жастар елорда тұрғындары арасында ҚР заңнамасы мен құқық бұзушылықты болдырмау туралы ақпараттық насихат жүргізуде.

Жастар саясаты мәселелері басқармасы Астана қаласы ІІД бірігіп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан ары дамыту мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы ЕМУ студенттерімен кездесулер өткізді. Бұл шара студенттік жасақтар жұмыстарын насихаттауға бағытталған.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9217
Әрі қарай

Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша айлық өтуде

Астана жаңалықтары: Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша айлық өтуде

2015 жылдың 28 қыркүйегінен бастап 28 қазанына дейін Астана қаласында ЖРВИ, тұмау, пневмококктық инфекцияның алдын алу бойынша айлық өтуде. Айлық аясында алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарында ашық есік күндері өтуде.

Айлықтың мақсаты ауру асқынуларын болдырмау үшін уақытында медициналық көмекке жүгіну керектігі туралы халықты ақпараттандыру болып табылады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметтерінше, 2014-2015 жылдың маусымында ЖРВИ-дің 16 985 фактісі тіркелді, соның ішінде тұмаудың 145 фактісі анықталған. Астанада тұмаудың алдын алу шаралары иммундау түрінде жүргізілуде. Осылайша, 2015-2016 жылғы маусымда тұмауға қарсы вакциналауға жергілікті бюджеттен 10 321 826 теңге бөлініп, 13 741 вакцина сатып алынды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9216
Әрі қарай

Астанада Қарағанды облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтуде

Астана жаңалықтары: Астанада Қарағанды облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтуде

Бүгін елордада «Хан шатыр» СОО алдындағы алаңда кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтуде. Екі күн бойы Қарағанды облысының тауар өндірушілері елорда тұрғындарына өз өнімдерін ұсынады.

Жәрмеңкеде көкөніс, ет және сүт өнімдері, жұмыртқа, сұйық май, бал, сондай-ақ, нан-тоқаш өнімдері мен кондитерлік өнімдер ұсынылды. Ұсынылған өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан бағамен сатылуда және тұтынушылардың сұранысына ие. Тауар өндірушілер жалпы сомасы 149,7 млн. теңгені құрайтын 850 тоннаға жуық өнім әкелді.

Қарағанды облысының Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Асановтың айтуынша, жәрмеңкеде ет және еттен жасалған өнімдер – 45 тонна, сүт өнімдері – 8 тонна, 300 мыңға жуық жұмыртқа, 230 тоннадай картоп, 160 тонна көкөністер мен бақша дақылдары ұсынылды.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде облыстың әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9218

Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қоларба табысталды

Астана жаңалықтары: Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қоларба табысталды

Қазанның әр жексенбісінде елімізде Мүгедектер күні аталып өтіледі. Осыған орай кеше «Дәулет» спорт кешенінде паралимпиада және сурдлимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, әрқайсысына су жаңа қоларба табысталды.

Салауатты өмір салтын берік ұстанатын жарымжан елордалықтар үшін бұл қоларба күнделікті жүріп-тұруларынан бөлек, спортпен шұғылдануларына да қолайлы.

Астана қаласының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарының спортпен айналысуларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде 400 спортшыны жаттықтыратын «Қайсар» спорт клубы оған дәлел. Клуб мүшелерінің арасында Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғаған жеңімпаздарымыз бар.

– Қазіргі таңда елордада 20 мыңға жуық мүгедек тұрады. Олардың ішінен спортта жетістікке жеткен азаматтарымыздың есімін мақтанышпен атай аламыз. Өмірдің қатал сынағына сынбай, алға ұмтылған жандар басқа да мүмкіндігі шектеулілерді жігерлендіреді. Сол үшін біз барынша қолдап, қолпаштап, бұл жеңімпаздардың жетістіктерін үнемі үлгі айта жүруіміз керек, — деді Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.
Әрі қарай

8 мыңға жуық елордалық оқушы әлеуметтік көмекке ие болды

Астана жаңалықтары: 8 мыңға жуық елордалық оқушы әлеуметтік көмекке ие болды

Елордада жыл сайын 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіледі. Астана қаласының Білім басқармасының хабарлауынша, биылғы акция аясында №13, 45, 55 мектептерде халыққа консультативтік көмек көрсететін қоғамдық қабылдаулар жұмыс істеді. Шара барысында 82-ге жуық елорда тұрғыны көмекке жүгінген.

Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен тамыз айында оқу жылы қарсаңында орталық алаңда мектеп жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде Астана, Алматы және Қарағанды өңірлерінің 30 шақты кәсіпкерлері мен тауар өндірушілерінің қатысуымен мектеп формасы, оқуға қажетті құрал-жабдықтар, оқулықтар нарықтағы бағадан арзандатылып сатылды.

Шара барысында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 8 727 балаға жалпы сома 92 миллион 156 мың теңгеге көмек көрсетілді.

Айта кетейік, былтырғы жылы «Мектепке жол» акция барысында 68506,2 мың теңге көлемінде 7 667 балаға көмек көрсетілді. Жыл сайынғы шараның мақсаты – жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету, оларға қоғамның қамқорлығын сезінуге мүмкіндік беру болып табылады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9138

Жеңілдікке ие тұрғындар санаты үшін жол жүру карталарына фототіркеу жалғасуда

Астана жаңалықтары: Жеңілдікке ие тұрғындар санаты үшін жол жүру карталарына фототіркеу жалғасуда

2015 жылдың 1 қазанынан бастап Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынының «Astana LRT» компаниясымен бірлесіп, қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығына ие тұрғындар санаты үшін төлем карталарына бұрын фотосуреттерге түспегендер үшін қайта тіркеу басталды.

Айта кетейік, фотосуретке түсу тегін жүргізіледі және қоғамдық көліктерде электрондық жүйе енгізу аясындағы жоба болып табылады. Бүгінгі күнде Астана қаласында екі фототіркеу пункті жұмыс істеуде:

— Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (Иманбаев к-сі, 16, 1 қабаттың холында). Жұмыс кестесі: 9.00 бастап 18.00 дейін.

— Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (Иманбаев к-сі, 16, 3 қабаттың холында). Жұмыс кестесі: 9.00 бастап 18.00 дейін.

Еске салайық, жеңілдікке ие азаматтар қатарына:

— ҰОС ардагерлеріне және оларға теңестірілген азаматтар;

— жас және еңбек өтілі бойынша зейнеткерлер;

— көпбалалы отбасы;

— мүмкіндігі шектеулі тұлғалар;

— 16 жасқа толмаған мүгедек балалар жатады.

Фототіркеуден өту үшін тұлғаның жеке куәлігі, сондай-ақ, Астана қаласының аумағында тіркелгенін растайтын құжат қажет. Фототіркеу рәсімі, сондай-ақ, жеке жол жүру картасы тегін жасалынады. Аталмыш карталар қоғамдық көліктерде электрондық жүйе енгізілгеннен кейін иелеріне беріледі.

Айта кетейік, қоғамдық көліктерде электрондық жүйе енгізу жол жүру ақысы мәселелерін шешеді, жолаушылардың көлікте лық толуын азайтады және жол жүру ақысы жүйесінде келеңсіз жағдайды шешеді. Жол жүру ақысының жаңа жүйесі халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартады.

Барлық сұрақтар бойынша 57-47-77 call-орталығына хабарласа аласыздар.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9144
Әрі қарай

«Астана су арнасы» су және кәріз жүйелерін қайта жөндеуден өткізді

Астана жаңалықтары: «Астана су арнасы» су және кәріз жүйелерін қайта жөндеуден өткізді

Бүгін «Астана су арнасы» МҚК инвестициялық жобалар мен кәсіпорын активтерін модернизациялаудың ашықтығын көрсету мақсатында арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Аталмыш шараға Астана қаласы мәслихатының депутаттары, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық бөлімшесі, Кәсіпкерлер палатасы, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы» ҚҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда «Астана су арнасы» 1200 шақырым су құбыры жүйелері мен 694 кәріз жүйесін қамтамасыз етеді. Инвестициялық жобаны жүзеге асырудағы 5 жылдық жұмыс нәтижесінде 2010 жылдан бастап сумен қамту жүйесі 360 шақырымға ұзартылған, ал кәріз жүйесі 251 шақырымға көбейді.

Уәлихан Досаев, «Астана су арнасы» МҚК бас директоры:

– Біздегі жұмыс көлемі өте үлкен және ауыр, сондықтан алдыңғы қатарлы жаңа технологияларды қолдануға тырысамыз. Қалалық су арнасында жоғары білікті мамандар қызмет етеді. Ұжымымыз үлкен, себебі, су құбыры мен кәріз жүйелерін толық қамту оңай шаруа емес.

Атап өту керек, «Астана су арнасының» 2015 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы 800 миллион теңгені құрайды.

5 жыл көлемінде кәсіпорын су мөлшері көрсеткіштерінің азаюын 18% дейін төмендетті, 2011 жылы бұл көрсеткіш 11% тең болатын. 2010 жылдан бергі инвестициялық бағдарламалардың жалпы сомасы 5,1 миллиард теңгені құрайды. Бұл уақыт аралығында кәсіпорын 24 шақырымнан астам кәріз және су жүйелерін жөндеуден өткізген.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9143
Әрі қарай

Астанада жылыту маусымы басталды

Астана жаңалықтары: Астанада жылыту маусымы басталды

Елордада орташа тәуліктік ауа температурасы +10°С градустан төмен деңгейде орнауы салдарынан, бүгін Астана қаласының әкімдігі жылыту маусымын бастау туралы шешім қабылдады.

Астана қаласының жылыту маусымын дайындау және өткізу туралы ережелеріне сәйкес, келесі нысандарға жылу беріледі:

1. балалар, емдеу, білім мекемелері, кәсіби мектептер, әлеуметтік-медицина мекемелері;

2. тұрғын үйлер, жатақхана, қонақүйлер;

3. әкімшілік ғимараттар, оқу ордалары, театрлар;

4. басқа мекемелер.

Анықтама: Қазақстан Республикасының 2001 жылдың 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңына, сондай-ақ, Астана қаласындағы жылыту маусымына дайындық және маусымды өткізу туралы ережелерге сәйкес, Астана қаласы мәслихатының 2014 жылдың 27 маусымындағы №249/36-V Қаулысына сай бес күннің жүзінде орташа тәуліктік ауа температурасы +10 °С градустан төмен көрсеткішті құраған жағдайда, Астана қаласының атқарушы органдары жылыту маусымын бастау туралы шешімді қабылдайды.

Сонымен қатар, елорданың 2015-2016 жылғы жылыту маусымында елорданың үздіксіз электр энергиясымен қамтылуы үшін қала шаруашылығын алдағы күз-қыс кезеңіне дайындау бойынша қажетті шаралар жүргізілді.

Қаланы электр қуатымен жабдықтау бойынша. «Астана-Энергия» АҚ (жылу және электр энергияны шығаратын кәсіпорындарды қосқанда) жылу және электр энергияны толықтай беруге дайын.

«Астана-РЭК» АҚ (электр энергияны беретін және тарататын кәсіпорын) бүгінгі күнде жөндеу бағдарламасы аясында:

52 трансформаторлық бекеттер мен пункттерді, 74,6 шақырым электр сымын (оның ішінде: 21,9 км – 0,4 кВ, 18,01 км – 10 кВ, 34,6 км – 110 кВ) күрделі жөндеуден өткізді;

8 тірек және 38 трансформаторлық бекеттердің жылу желісі, 186,1 км жылу желісі (оның ішінде: 27,4 км – 0,4 кВ, 21,02 км – 10 кВ, 137,7 км – 110 кВ) ағымдық жөндеуден өтті.

Қаланы жылумен қамтамасыз ету бойынша. Бүгінгі күнде «Астана-Теплотранзит» АҚ (жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар) қала әкімдігінің бекітілген режим картасына сәйкес толықтай жылумен қатмамасыз етуге дайын.

Елорданың барлық 50 жылу магистралінде гидравликалық сынақтар аяқталды.

Сондай-ақ, қаланың 6 ауданының қазандықтарында күрделі жөндеулер жүргізілді, дайындығы 100 пайызды құрайды.

Қатты және сұйық отын қорының қажетті мөлшерін жинақтау бойынша. Аталған сұрақ түбегейлі шешілді. 2015-2016 жылдары «Астана-Энергия» АҚ мен «Богатырь Комир» ЖШС арасындағы 3 млн. тонна көлемінде көмір жеткізу бойынша, оның ішінде ТЭЦ-2 – 2,6 млн. тонн, ТЭЦ-1 – 0,4 млн. тонна көлемінде көмір жеткізуге келісім жасалынды.

Бекітілген ережелерге сәйкес күз-қыс маусымына 20 күндік эксплуатациялық отын қоры қажет: ТЭЦ-1 көмір қоры 34,5 мың тоннаны құрайды (30 тәулікке), ТЭЦ-2 көмір қоры 184,9 мың тоннаны құрайды (20 тәулікке). Мазут қоры ТЭЦ-1 бойынша 8,3 мың тоннаны құрайды, 197 тәулікті құрайды, ТЭЦ-2 – 537 тонна, 38 тәулікті құрайды.

Әлеуметтік сала нысандарының және тұрғын үй қорының дайындығы. Алдағы жылыту маусымына 169 білім беру нысанадары, 37 – денсаулық сақтау мекемесі, 15 – мәдени, 2116 – көп пәтерлі тұрғын үй толықтай дайын.

Автономдық жылу беру көздері бар кәсіпорындар бойынша дизель жанармайына қаражат қарастырылды, жылыту маусымына қазандықтар дайындау жұмыстары жүргізілді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9141
Әрі қарай