Былғанған ақ парақ

Бұл 3 бөлмелі пәтерде 8 жан тұратын. Яғни күйеуі-Арман, әйелі-Сабина және олардың 2 қызы, 4 ұлы. Бүгін Сабина мен бала-шағалары әкелерін қашан келеді екен деп күтіп отыр. Себебі үйде жейтін бір түйір қара нан да жоқ еді. Кешкі 8-9 шамасында Арман үйіне жұмыстан шаршап келді. Арман сантехник еді. Ол бір байдың үйінде жылы еден(теплый пол) істеп жатқан еді. Бүгін бітірді. Бірақ көңіл-күйі жоқ. Себебі оған ақшасын берген жоқ. Бай:
-Қазір ақшам жоқ, кейін беремін,-депті.
Арман келе салысымен:
-Сабина тамақ барма? Бүгін жұмысты бітірейін деп түскі тамағымды ішпеген едім,-деп жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Сабина бір нәрсе қылып тамақ істеді(Себебі үйде ақша болмаған соң, азық-түлік те жоқ еді). Дүкенге барып жалынып, өзінің жағдайын түсіндіріп қарызға жейтін нәрселер(мойонез, колбаса, печенье) мен нан алып келді. Барлығы дастархан басына отырып тамақтанды. Сабина неге көңіл күйі жоқ екенін Арманнан сұрады. Ол істеген жұмысының ақысын бермегендігін айтты. Сабина жылады. Себебі дүкендегі сатушы қарызға енді бермейтіндігін айтқан еді. Ертең 1 жасар қызына сүтті қайдан алатындығын білмеді. Оның үстіне нан да алу керек. Осы жағдайдың барлығы 15 жастағы қызы Аружанға қатты әсер етті. Ол басқа бөлмеге кіріп кетіп ойланды. Ол өз ойын қағазға түсіре бастады. Аружан:
-Ай, байлар-ай! Неге сендер сондайсыңдар. Ақшам бар екен деп шіренесіңдер. Мүмкін мен қателесіп отырған шығармын. Бес саусақ бірдей емес қой. Барлық байлар бірдей емес шығар. Сендер қарапайым адамдардың ақысын жейсіңдер. Істететін жұмыстарыңды істетіп алып олардың ақшаларын бермейсіңдер. Олар сол ақшаға қарап отыр ғой. Олардың бала-шағалары бар. Сонда сендердің бала-шағаларыңның қарындары тоқ, киімі бүтін болу керек те, қарапайым халықтың бала-шағалары аш отыру керек пе?! Сонда сендер кімсіңдер сонша. Алла сендерге ол ақшаны кедейлерді жылату үшін, оңды-солды шашу үшін емес, жағдайы төмендерге көмектесу үшін берді. Сол адамдардың ақысын жегендерің үшін әлі-ақ жауап бересіңдер. Бәрі де алдарыңнан шығады. Бұл өмірде болмаса да арғы өмірде яғни Алланың алдында жауап бересіңдер. Сендер кімді жылаттыңдар солардың көз жасына қаласыңдар,-деп жазды да, ол парақты тығып қойды.
Әрі қарай

Блогерлер күні

Құрметті блогерлер! Мереке құтты болсын!!!

BlogCamp: Блогерлер күні
Сіз білесіз бе? Blog сөзі 3108 деген сандарға ұқсас екен. Сондықтан, блог (блогерлер) күні 8 айдың 31 күніне белгіленген екен.

Ұсыныс:
1. Өзіңіз жақсы көретін 5 блогерді атап өтіңіз;
2. Өзіңіз жақсы көрген, осы жылдағы 5 үздік жазбаны атап өтіңіз;
3. Блогер күніне орай, 1 жазба жариялау қиын деп есепетемесіңз, 1 жазба жариялаңыз!
4. Өзіңіз үшін үздік 5 блогплатформа;
5. Жоғарыдағы пункттерге #blgoday2014, #блогкүні2014 хэштегтерін қосуды ұмытпаңыз. Іске сәт!
Әрі қарай

Жанасыл мен Хаббл телескопы тувлессе - қайсысы жеңед?

Соғыс кейіпкерлеріне резюме:

Janasil — фотограф, дизайнер қаттаушы, Adobe: Photoshop, Premiere, InDesign, AfterEffects; ГорылДрав 13/14 бағдарламаларына крэк жасаушы, кәсіби кейгенші.

Қабыл телескопы — ол да фотограф, тек объективі ну енД, андай — шамалы үлкендеу.

Celebrity deathmatch: Жанасыл мен Хаббл телескопы тувлессе - қайсысы жеңед?

Сезесіздер ме, сезесіздер ме ауадағы кернеуді??? Бірін бірі аямайды бұлар, көр де тұр! Fight!!!
Әрі қарай

Келер күннің көліктері

Бүгінге дейін адам баласын тасымалдап келген ұшақтар, поездар мен автокөліктердің барлығы да алдағы уақытта тарихи жәдігерге айналып шыға келуі ғажап емес. Өйткені, дамылсыз жылжыған ғылым адамның шарықтаған қиялында пайда болған идеялардың легін өмірде жүзеге асыруға қауқарлы. Толастамаса болғаны…
Сіздің назарға футуристтік көлік құралдарының үздік сегіздігін ұсынып отырмын. Бұл жобалардың орындалу ықтималдылығы — уақыттың еншісінде. Десек те, келер күннің алыстығы жоқ екені тағы бар.

1. Гипертопса

Гипертопсаның авторы — Илон Маск (Elon Musk). Илон Маск деген кім? Оның «PayPal» атты балама банк жүйесін құрғаны былай тұрсын, ол — Халықаралық ғарыш станциясына қолдау көрсету үшін «SpaceX» деген компания мен инновациялық электрлік автокөлік жасайтын «Tesla Motors» зауытының негізін салған миллиардер.
Үш бірегей жобаның құрушысы Илонның ендігі ойға алған шаруасы — қоғамдық көлік саласын жаңғырту. Илон Маск осыдан жарты жыл уақыт бұрын ультражылдамдыққа ие қалаларалық көлік жүйесін құру туралы идеясын жария етті. Жолаушыны Сан-Францискодан Лос-Анджелеске небәрі 35 минут ішінде жеткізеді-мыс.
Гипертопсаның құрылымы былай: жерге нық орнатылған бағаналардың үстімен құрыш түтік жүргізіледі. Түтік ішінде алюминий капсулалар болады. Капсулалар сағатына 1200 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Ішінде адам отырады. Басты артықшылығы сол, күн сәулесімен қуаттанады.
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Кемшілігі сол, бағасы қымбат. Масктің есептеуінше, Гипертопса құрылысының бірінші кезеңіне 70 млрд АҚШ доллары жұмсалады. Бұл тек болжам ғана. Тіпті, 100 млрд АҚШ долларынан астам шығын кетуі де мүмкін. Сыншылар жүйенің құны тым қымбат екендігін алға тартып ғана қоймай, өте-мөте "әлжуаз жүйе" деп бағалады. Тіпті кейбіреулері жылдамдығы баяу дегенді де айтып қалды.
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Әйтсе де, жоспар жүзеге асырылып жатыр. Стартапқа «Hyperloop Transportation Technologies» деген атау берілді. Гипертопсаның прототипі 2015 жылдың бірінші тоқсанында әзір болады. Болжалды дүниеге қатысты болжам осы.

2. Атом автокөліктері

Laser Power Systems ғылыми-зерттеу компаниясының ғалымдары жаңа турбогенератор жасаудың әлегіне кіріскен. турбогенератор «торий лазерімен» қозғалысқа келтіріледі. Шын мәнісінде, бұл — лазер емес, жай ғана жылу бөлетін құрылғы.
Торий (Th) — радиобелсенді химиялық элемент. Актиноидтар санатының бірінші мүшесі (атомдық нөмері 90, балқу температурасы 2028° K). Автокөліктің «жүрегінде» радиобелсенді элементтің болуы — тәжірибе жүзінде таңсық көрінуі мүмкін. Әйткенмен осыдан 50 жыл бұрын жазылған ғылыми-фантастикалық шығармалардың өзегінде осы концепция да бар еді. Ондағы қиялдың бір ұшы адамзаттың келешегі мини-АЭСларының еншісінде жатыр дегенге келіп тіреліп, түрлі мобильді құрылғылар «мәңгілік» қоректендіру көзінен қуат алады дегенге саятын-ды. Ал бүгінде мұның барлығы да ғылыми фантастика әлемінде ғана қалып қоймай, шынайы коммерциялық жоба ретінде шындыққа айналмақ.
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Жаңа турбогенератордың жұмыс істеу принципі де қарабайыр. Торийден бөлінген жылу — автокөліктің турбинді қозғалтқышын іске қосады. Инженерлер осындай қозғалтқыштың үлгісін Тесла қозғалтқыштарының негізінде жасап шықты. Ғалымдардың сендіруінше, сегіз грамм торийдің қуаты автокөліктің 480 мың шақырым қашықтықты жүріп өтуін қамтамасыз етеді. Осылайша, автокөліктің сатып алғаннан кейін де жанармай бекетіне барып қажет емес. Зауыттан «алған қуаты» автокөліктің «бүкіл ғұмырына» жетеді.

3. Суперкавитация (Supercavitation)

Теңіз инженериясындағы осы бір идеяның бірегейлігіне шәк келтіру әзірге мүмкін болмай отыр. Суперкавитация — сұйықтық ішіндегі нысанды айналдыра қоршайтын газ көпіршіктерінен пайда болатын әсер. Су астындағы көпіршіктердің қоршауында қозғалған қайықты елестетіп көріңізші. Газ үйкеліс күшін 900 есе азайтып, су астындағы нысанның әдеттегіден тез қозғалуына жағдай жасайды.
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Суперкавитацияның жылдамдықты арттырудан бөлек тағы бірнеше артықшылығы бар:
1. Жанармай аз шығындалады.
2. Қайықтың аса жоғары жылдамдықта қозғалуы мен пішінінің өзгешелігі гидролокаторлардың «көзіне» оңай түсіп қалуға жол бермейді.
3. Тіпті, бұл аз десеңіз, суперкавитацонды қайықтың торпеданы қуып жетіп, басып озуға шамасы жетеді.
«Juliet Marine Systems» компаниясы осындай қайықтың жобасын жасауды қолға алды. ЕЛЕС (GHOST (жобаның атауы) — әскери-теңіз кемелерін қорғау және сауда кемелеріне жасалатын қарақшылық шабуылдарды тойтаруға арналған. Сондай-ақ, жауынгерлерді жағаға жеткізу үшін сал ретінде де пайдаланылмақ.

4. Martin Jetpack

Жаңазеландиялық Гленн Мартин 30 жылдан бері реактивті сөмкенің дизайнын жасаумен айналысып келеді. Енді, міне, 30 жыл бойына әурелеген «сөмке» нарыққа шығуға жарым-жартылай дайын.
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
«Martin Jetpack» қысқа диаметрлі әуе винттерімен жабдықталған. 30 минутқа дейін жұмыс істейді. Максимальды жылдамдығы 74 шақырымға жетеді. 900 метр биіктікке көтеріле алады. Мұндай рюкзактар өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстарында қолданылады. Өйткені, «Martin Jetpackті» жедел әрекет ету қызметтерінің көлік құралы ретінде жасап жатыр. Ашық сатылымға 2014 жылдың ортасында шығарылады. 200 000 АҚШ долларынан сатылады.

5. Велосипедтер қаласы (Velo-City)

Жұмысқа әр күні велосипедпен барғанға не жетсін?! Бұл үшін дене дайындығы мен күш-қуат қажет-ақ. Алайда, таяу уақытта велосипед тебу де оңай шаруаға айналады. 2006 жылы Торонто қаласының әкімшілігі «жоғары жылдамдықтағы, бүкілмаусымдық, экологиялық таза, ультратыныш транзиттік жүйенің» жасалатыны туралы мәлімдеген болатын. «Мұнда адамдардың өздерін жақсы сезінуі үшін қажеттінің барлығы болады» деп те уәде етілді. Қала әкімшілігінің жоспарында «стероидтардағы» велосипед жолдарын салу бар-тын.
Крис Хардвик (Chris Hardwicke) есімді торонтолық сәулетшінің идеясымен әзірленген жобаның өзегі: жерде орнатылған бағаналарға бекітілген түтіктердің ішіне үш жолақты велосипед жолын жүргізу.Түтіктер бағыттарға бөлінеді. Осылайша түтік ішінде ауа айналымы қалыптасады. Жолай жетелеген жел пайда болады. Велосипед тепкен жұртшылық желі ескен түтіктердің ішінде сағатына 50 шақырым жылдамдықпен ызғиды.
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Велосипедтер қалашығы (Velo-city) жобасы ауа райы суық аймақтарда да тиімді болмақ. Өйткені, құбырдағы велосипедшілер түрлі ауа райы құбылыстарынан қорғалады.
Энтузиазмге толы жоба бүгінде қаржының жоқтығынан тоқтап тұр. Алайда, ұмытылған жоқ. Алдағы уақытта жүзеге асырылуы кәдік.

6. Next

Googleдің адам басқаруынсыз жүретін автокөліктері хақында естімеген адам кемде-кем шығар. Ал осы Googleдің автокөліктеріне ұқсас Next жобасы туралы естігендер некен-саяқ. Бұл — жартылай такси, жартылай Segway.
Томмасо Гекчелин (Tommaso Gecchelin) есімді дизайнер смартфон арқылы басқарылатын Next автономды жүргізу модульдерінің әлемін жасауды арман етіп жүргеніне не заман?!
Next модульдерінің функциясы былай: сіздің смарфоныңызбен басқарылатын модуль төрт доңғалағын шығарып қойып, жол бойымен ызғып бара жатады. Алдынан өзі сияқты модульдер тобы ұшырасса, сіздің модульдің төрт доңғалағы екі доңғалаққа бірігіп, модульдер тобына жақын барып, олармен түйіседі. Түйіскен жақ панелі ашылып, автобуста, не поезда кетіп бара жатқандай әсерде қалдырады. Модуль қаншалықты оңай түйіссе, соншалық тез ажырайды. Белгіленген орынға жеткенде өздігінен ажырап, сіздің түсіп қалуыңызға «ыңғай жасайды».
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Бұл — фантастикалық идея. Өкінішке қарай, Nextті қолдануға қазіргі техниканың мүмкіншілігі жетпейді.
Гекчелин өз жоба-жоспарында Nextті жаппай қолданысқа енгізуге дейін жасалуы керек технологиялардың тізбегін көрсеткен. Арзан наноматериалдар, жүргізушісіз басқарылатын автокөлік, қуаттылығы мол аккумулятор және үлкен сыйымдылықтағы арзан күн батареяларының өндірісі жаппай жолға қойылу керектігі айтылған. Гекчелиннің есептеуінше, Nextты қолданысқа енгізу 2025 жылдан кейін басталуы мүмкін. Адамзат әзірге дайын емес.

7. Колелинио

Зип — лайн жолдары шындыққа айналуы әбден мүмкін. Бұған Колелинио концепциясы сеп болмақ. Концепцияны 2010 жылы Салоники қаласында өткен TEDx-те Мартин Ангелов (Martin Angelov) ұсынды. Ангелов сол кезде аспанды «тілгілеген», ауада түйісетін сымдар желісі жобасын таныстырған еді. Адамдар сымдардың бойымен бір мекеннен екінші мекенге орын алмастырады.
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Оның идеясы автожолдар салу және ауыр автокөліктер жасау секілді шығыны мол әрекеттерддің машақатынан құтқаратын еді. Сонымен қатар, экологиялық таза көлік инфрақұрылымен құруға сеп.
Сымға бекітілген аккумуляторден қоректенетін орындықтар адам аяғы аз жерлерде жерге жақын қашықтықта зымырап, халық саны тығыз аудандарда биікке әуелей көтеріліп, сырғиды.
Алайда бұл жобаның да бірнеше кемшіліктері бар. Колелинио қандай да бір қолайсыз ауа райынан қорғаныш бола алмайды. Биіктіктен қорқатын жандарға жарамайды. Қауіпсіздік мәселесінде де шешімін таппаған түйткілдері жетерлік. Десе де, инновациялық идея.

8. Скайлон (Skylon)

Скайлон Конкорданың (Concorde) ізбарасары іспеттес. Конкорда — дыбыс жылдамдығынан жылдам ұшатын ұшақ. Осыдан 10 жылдай уақыт бұрын қолданыстан шығарылды.
2013 жылы Ұлыбритания билігі Скайлонды жасау үшін 90 млн АҚШ долларын жұмсауға «кет әрі емес екендіктерін» хабарлады. Скайлонның жылдамдығы дыбыс жылдамдығынан бес есе артық. Жердің орбитасынан шығып, ғарыш кеңістігінде самғауға шамасы жетеді. Әлемнің кез-келген ұшу-қону жолағынан ұшады, сәйкесінше қона да алады. Бортына 300 жолаушыны тиеп, Лондоннан Сиднейге 4 сағатта «ентікпей-ақ» жетіп барады. Одан бөлек, Халықаралық ғарыш станциясына 15 тонна жүк жеткізуде де еш "қиналмайды".
Ал сол кезде...: Келер күннің көліктері
Ұшақты жасау жұмыстары енді басталды. Массачусетс технологиялық институтындағы әуе тасымалы бойынша Халықаралық орталығының басшысы Джон Хансманның (John Hansman) айтуынша, Скайлон — ғылыми фантастика тұрғысынан қарағанда теңдессіз жоба көрінеді. Әйткенмен, оны жасау — өте қиын.
90 млн АҚШ доллары тек бастапқы шығынды ғана жаппақ. Жалпы құны бір миллиард АҚШ долларынан асып жығылады.
Осынау қиыншылықтарға қарамастан, көптеген ғалымдар мен ғылыми журналисттер Скайлон жобасы жөнінде оптимисттік көзқарастарынан тайқымай отыр.
Жоспардан ауытқымаса Скайлонның прототипі 2017 жылы дайын болады. Ал ұшу құрылғысы бірнеше жыл ішінде құрастырылады.

Міне, футуристтік дизайн мен идеялар жиынтығының бір парасы осы. Ендігісі — күту.

тәржіма пост, орыс тіліндегі нұсқасы мұнда
Әрі қарай

Бронетранспортер немесе «Менің ағам – гвардияшы!»

ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Асқардың идеясымен «әскери көліктерге шолу жасайыншы» деген ниетпен Қазақстан Республикасының әскери күшінің қару-жарақ және әскери техника мұражайына қарай бет алғанымды несін жасырайын. Мұражай 68665-әскери бөлімнің территориясында орналасқан екен. Таксиден түсе сала «КПП» деген жазу көзіме оттай басылды. Себебі Астанаға ең алғаш келгенімде темір жол вокзалынан кейінгі маңдай тіреген алғашқы ғимаратым гвардияның бақылау-өткізу пункті болатын.
***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Ағам 2 жылдық әскери борышын республикалық «Ұлан» гвардиясында өтеген. Ол кезде мен 8 оқитынмын. Жоғары класс ұлдары мектеп дәлізінде тоқтатып алып «ағаң гвардеец екені рас па?» деп сұрағанда төбем көкке екі елі жетпей қалған. Ол да бір мақтаныш еді.
Отырып алып ағама хат жазамын. Барлық жағымды жаңалықты тізіп шығамын. Әлбетте үйдегі сиырларды дұрыс қарай алмай көтерем қып қойғаным туралы тіс жармаймын. Есесіне Бекзаттың 8-наурызда мейраммен құттықтап келіп кеткенін баса жазам. Бекзат – ағамды әскерге жалынды сертпен шығарып салған сұлу қыз.
Ағам өз кезегінде әдемі фотоларын жіберіп, әскерді ғажап өмір қып суреттейді. «Гвардияда «дедовщина» жоқ, тек қана Уставпен жүреміз» деп қояды, уайымдамасын дейтін шығар. Сол хаттардан есімде қалғаны ағам «әскерде бронетранспортер айдаймын» дейтін. Сондықтан алаңда қатар-қатар сап түзеген ұшақтар мен тікұшақтарға назар аудармастан музей қызметкеріне бірден «бронетранспортерлерді көрсетіңізші» дедім.

***
Бронетранспортер (БТР) – мотоатқыштар бөлімшелерінің жеке құрамын тасымалдау және оларды шайқас кезінде қолдауға арналған брондалған дөңгелекті немесе шынжыр табанды соғыс машинасы.
«Соғыс» ұғымы пайда болғалы адамзат өзін және көліктерін қорғауға тырысып келеді. Антик дәуірінде соғыс арбаларына қалқан орнатылды. Парсы әскерінің соғыс пілдері дәл солай қорғалатын. Шыңғыс ханның әскерінде де бронды пәуескелер болған.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскерлерге жеңіл брондалған техника қажет болды. Себебі шабуыл кезінде қарша бораған пулемет оқтары жаяу әскердің адымын аштырмайтын. Ол кездегі дөңгелекті броневиктер жеңіл және жүк автомобильдерінің негізінде жасалған және олардың сипаттамалары жаман емес еді. Олар негізінен жаяу әскерге қалқан қылу мақсатында жасалды.
Екінші дүниежүзілік соғыс әсіресе жаяу әскерді тасымалдау кезінде сенімді қорғаныс керек екендігін көрсетті. Соғыс басында КСРО-да жақсы брондалған техника болмады десе де болады. Қызыл әскерге мұндай техника ленд-лизинг бойынша АҚШ-тан келіп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң барып Кеңес конструкторлары түрлі брондық техника жасауға белсенді түрде ден қойды.

***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Хат демекші, ағамнан хат келген әр күн мейрам еді. Ол күні мамам мектепке пакет-пакет дәм әкеліп хатты «жуады». Ішімдіксіз әрине. Мектептегі Сейсенбай қу терезеден қарап, мамамның қолынан пакет көрсе «дәу де болса Қанаттан хат келді-ау» деп қуанады екен.
Бірде ағам хатында «БТР-мен оқу-жаттығу жұмыстарында үздік көрсеткіш көрсетіп, алғыс алдым. Бұйырса демалысқа барып қалармын» деді. Ой, бір қуанғанымыз-ай, әсіресе қатты сағынып жүрген мамам көзінің жасын бір сығып алды.


***
БТР — 40
БТР-40 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында В.А. Дедковтың басшылығымен жасалып, 1950 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1950-1958 жылдары жүзеге асырылды. Машина ГАЗ-63 жүк көлігінің негізінде жасалған.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 5,3 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Жауынгерлік комплект — 1250 патрон;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Жүріс қоры — 285 км;
Қозғалтқыш: карбюраторлы, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 78 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 4Х4.

***

Бірақ ағам келе алған жоқ, алғыстан соң кішігірім «косяк» жасап қойыпты. Баланы бір сыбап алып мамам жолға дайындала бастады. Мен қалам ба? Астананы көретініме мәзбін, тіпті ағамның демалысқа келе алмай қалғанына іштей риза сияқтымын. Қазір ғой ол ұшақ мініп, азды-көпті шетел сызып жүргенім, ол кезде пойызға «қонып» жол жүрудің өзі таңсық еді.
***
БТР – 152
БТР-152 бронетранспортеры Сталин атындағы Мәскеу автомобиль зауытының конструкторлық бюросында В.А. Грачевтың жетекшілігімен жасалған. Қарулануға 1950 жылы қабылданған. Сериялық шығарылымы 1950-1955 жылдары жүзеге асырылды. Машина ЗИС-151 жүк көлігін негізге алып жасалған.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 8,7 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 17 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-13 мм;
Максималды жылдамдық – 65 км/сағ;
Жүріс қоры — 600 км;
Қозғалтқыш: карбюраторлы, алтыцилиндрлі;
Максималды қуаты — 110 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 6Х6.

БТР-50
БТР-50 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында Ж.Я. Котинның басшылығымен жасалып, 1954 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1950-1954 жылдары жүзеге асырылды. Машина ПТ-76 жеңіл танкісінің негізінде жасалған.
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 14,5 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 9 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 10-13 мм;
Максималды жылдамдық – 44 км/сағ;
Жүріс қоры — 240 км;
Қозғалтқыш: дизельді, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 240 а.к.

***
Алдын-ала телефон шалып, біліп алу деген де жоқ сонда. Тіпті «қалада болмай, полигонға оқу-жаттығу жұмыстарына кетіп қалса қайтер едік» деп қоямыз кейін. Қазір өзім тұрып жатқан маңайдағы бөлімге 104-маршрутпен жеткеніміз есімде. Әйтеуір ағам орнында екен. Қуана қауышып, қалаға алып шықтық. Ол кезде сол жағалау деген атымен жоқ. Бар кереметі — ескі алаң, Конгресс-холл, Есілдің жағасы, «Миллениум» галереясы. Соның өзінде Астана мені өзіне ғашық қылды.
***
БТР – 60П
БТР-60П бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында В.А. Дедковтың басшылығымен жасалып, 1959 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1961-1963 жылдары жүзеге асырылды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 10,3 т;
Экипаж — 3 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Қозғалтқыш: екі бензинді, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 180 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Отан қорғаушылар алаңына барған кезде ағам маған «осындағы ең мықты, жаңа университет» деп Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін көрсетті. «Не деген керемет білім ордасы мынау» деп кәдімгідей аузым ашылып қалғаны рас. «Әскерде контрактімен қаламын, ал сен қолыма келіп оқисың» деп үміттендіріп қойды. Содан бастап Астанада оқу менің басты арманыма айналды.
***
БТР-70
БТР-70 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында И.С. Мухинның басшылығымен жасалып, 1971 жылы қарулануға қабылданды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 11,5 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Жүріс қоры — 600 км;
Максималды қуаты — 20 а.к./т;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

***
Өтпестей көрінген екі жыл да аяқталуға жақындағанда әке-шешем ағама «контрактіңді қой, қарағым, басты қатырмай ауылға қайт» деп хатты қарша боратты. Жалғыз ұл болған себепті қара шаңырақтан асып кете алмаған ағам мерзімі біткенде қайтып келді. Ол бір ақ түйенің қарны жарылған күн болды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Қазір ойлаймын, ағамның қайта оралуына себепкер болған тек қана қара шаңырақ емес, өзіміздің Бекзат сылқым-ау деп. Шығарып салған Бекзат ағамды әскерден күтіп те алды, олардың махаббаты кез-келген қашықтыққа, уақытқа төтеп беретін «брондалған» махаббат екенін дәлелдеді. Ал маған сол жазда екеуінің үйлену тойында шапқылап қызмет көрсету қуанышы бұйырды. Әжептәуір бой жетіп қалған қызбын ғой ол кезде, бақандай 10 класс бітіргем. Астанада оқу арманы әлі де көкейде және бұл кезде ағама тәуелсіз жоспарлар пісіп қойған

***
БТР – 80
БТР-80 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында И.С. Мухин және Е. Мурашкиннің басшылығымен жасалып, 1986 жылы қарулануға қабылданды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 13,6 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ, суда 9 км/сағ;
Қозғалтқыш: КамАЗ-7403
Жүріс қоры — 600 км;
Максималды қуаты — 260 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

Қазір біздің елімізде осы БТР-80 және оның БТР-80А атты модификациясы пайдаланылады. 2012 жылы Украинамен БТР-4 бронетранспортерін жасауға келісіп, арты сиырқұйымшақтанып кеткенін көзім шалып қалды.
Айтылғандардан бөлек 90-жылдары БТР-90 бронетранспортері де жасалған болатын. Бірақ Ресейдің өзі оны пайдаланудан бас тартыпты.
***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Шүкіршілік, ағам қазір әскерде болмаса да өндірісте Отанымызға қызмет етіп жүр. Айдай аппақ жеңешем оған өзінен айнытпай 3 ұл туып берді. Әке-шешем соларға қарап мәз, менің сыртта жүргеніммен тіпті шаруалары жоқ. «Ауылға қайт» деп мазаламайды, тіпті мен осында болған 10 жылдың ішінде мамам қайта-қайта шақыртумен Астанаға 2-ақ рет келген деп өкпелеп қояйыншы. Қалжың әрине, мен де өзімнің мызғымас берік мақсатымның жолында жүргенімді түсінеді олар әйтпесе.

Жалпы Отан қорғаушыларымыздың еңбегі ерен-ақ. Басқасын айтпағанда шалшық су маңында орналасқан осы мұражайға барғанда аз уақыт ішінде бармақтай-бармақтай масаға таланып қиналған түрім бар болсын. Ал солдаттар сол жерде таңнан кешке дейін міз бақпайды.
Лайым әскери техниканы тек мерекелік шерулер мен мұражайлардан ғана көруге жазсын. Еліміз тыныш болсын!
Әрі қарай

Қара жолдың үстімен арба жүрер...

Қазіргі заманда көліктің түр-түрі көп. Екі аяқты, төрт аяқты, ұшатын, жердің үстімен жүретін, судың астымен жүретін көліктердің сан түрін көзімізбен көріп жүрміз. Көзіміз үйренген көліктердің арғы атасы-арба. Қажеттілікке байланысты арбаның да түр-түрі бар. Қол арба, екі аяқты жеңіл арба, жүк арбасы деп кете береді. Тарихқа терең сүңгімей-ақ, арбаға көлік ретінде мінген соңғы ұрпақтың бірі ретінде, арба жайлы аз-кем айта кетсем деп едім. Мақсатымыз сапалы контент болғандықтан дәл осы тақырыпты алдым. Алып алдым да «Қазақша «Википедия» не депті ?", «Ел.кз» не деген екен ?" деп қарасам екеуінің жазғаны бір дүние. Құрылымы жайлы сөз жоқ. Біздің қолымызда толыққанды іске жарап тұрған арба бар делік. Еді, осы арбаны атқа жегу үшін бізге қандай заттар қажет және олардың атқаратын қызметі жайлы не білеміз?Ат-ер қанаты (ат әбзелдері, ер қаруы бес қару) қауымдастығы: Қара жолдың үстімен арба жүрер...
Қамыт. Ат арбаны тартқанда барлық күш тек аяғына не беліне түседі десек қателесеміз. Аттың арбаны тартудағы ең үлкен рөл атқаратын мүшесі-мойын. Ат арбаны мойнымен тартады десек те қателеспейміз. Қамытты көрмеген жадар болса түсіндіре кетейін Сырт кейіпі таға тектес құрылғы. Бірақ, көлемін олай елестетсеңіз қателесесіз.Тек, астыңғы бөлігі аттың мойнына киілген кезде қажетінше талтаятын және түбіндегі қамытбауды тартып байлаған кезде екі ұшы бір-біріне біріге қалады.
Доға. Арбаның екі жетегін керіп тұратын, арбаның қисайып кетпеуін, ат бұрылған кезде жетек арқылы арбаның да бұрылуын қамтамасыз етіп тұратын құрылғы. Бұл қамыттың сыртынан аттың желке тұсында тұратын зат. Жылқының еш жеріне тиіп, не киіліп тұрмайды.
Аттың үстінде тұратын ершік. Бұл ершіктің де атқаратын рөлі ерекше. Арбаның ұзын екі жетегін тек доғаға іліп қойсақ бұнымыз атқа да арбаның жетегіне де көп күш түсірер еді. Сол үшін осы ершікте көтерме баулар орналасқан. Осы баулар арқылы доғаға жетектер сәлде болса жеңіл байланады және арбаның біраз салмағы аттың беліне осы баулардың жетекке байлануы арқылы түседі.
Шілә(шля). Тармақ-тармақ болып атқа киілетін баулар. Кәдімгі ер-тоқымдағы құйысқан, өмілдіріктердің рөлін атқарады. Арбада тежегіш жоғы бәрімізге белгілі. Атты тоқтатқан кезде арбаның екпінімен қамыттың ат мойнынан сыпырылып кетпеуін қамтамасыз етеді. Яғни, ойлы-қырлы жерлермен жүргенде қамытты алға жібермей тұрады.
Енді, атты немен ырқымызға көндіреміз. Әрине, мұндайда жай жүгендер қолдануға жарамайды. Арбаға арналған жүгеннің екі тізгіні өте ұзын болады. Аттың езуінен басталған бұл тізгіндер екі сауырдың тұсынан салбырап, арбадағы адамның қолына емін еркін жететін болуы шарт. Бұны «Божы» деп атайды. Божыны екі жағынан қағып-қағып жіберіп, «шарт» еткізіп атты қамшылап отырасыз.
Арбаның құрылымы жайлы айтып болған соң аздап лирикалық шегініс жасауды жөн көрдім. Басында айтқанымдай бала кезімде арбаға міндім. Біздің үйде атамның әкесінен қалған ескі арба болды. Менің мектепке әлі бармаан кездерімде атам мен әжемнің осы арабмен қонаққа баратын кездері есімде. Өзім де сан рет міндім. Бертін келе заман талабына сай арбалар да жетіле бастады. Ортасы ағаш, сырты темірмен қапталған дөңгелектердің орнына шаруашылық машиналарының дөңгелектері салынып, қаңқасын да жеңіл материалдардан жасаған кездерде әлгі арбамыз біздің ойыншығымызға айналып қала берді. Ауырлығы сондай, 5-6 ойын баласы орнынан қозғалта алмайтынбыз. 7-8 жасар кезімде бір дөңгелегін әрең домалататыным есімде.
Соғыс бітіп, жұрт оң-солына қайта қарай бастаған тұста атамның әкесі әлгі арбасымен біздің ауылдан 300 шақырымдай қашықтықта жатқан бір ауданнан жамағайындарын көшіріп әкелген екен дейді. Қазіргідей «Жүк тасымалдау» фирмалары қаптап жатқан заманда көшуіміз мұң болып жүрген біздерге бұл ертегі секілді көрінуі мүмкін. Арбаға мінген бабалар армандап кеткен заманда өмір сүріп жүрген біздерде де талай арман бар…
Ат-ер қанаты (ат әбзелдері, ер қаруы бес қару) қауымдастығы: Қара жолдың үстімен арба жүрер...
Суретті алған жерім
Әрі қарай

92-лер VS 81-лер (Футбол battle)

Жазатын дым жоқ ©

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: 92-лер VS 81-лер (Футбол battle)

Осы жылдың жазында Бразилия елінде өтетін футболдан әлем чемпионаты жақындап келеді, талай футбол сүйер қауымның дегбірін тауыса күттірген футбол мерекесіне де аз қалды. Мундиальға баратын 32 құрама жайлы да талай сөз еткеніміз рас, әлі де талай айтылады. Алайда менің айтпағым басқа еді.
Әрі қарай