Астанада аутизмге шалдыққан балаларды қолдау шарасы өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада аутизмге шалдыққан балаларды қолдау шарасы өтеді
2 сәуір — Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Бұл күні жыл сайын Light It Up Blue флешмобы өткізіледі. Астана аталған шараға алғаш рет қосылмақ. Елордадағы басты көрікті жерлер — «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО сыртқы жарықтандырылуы көк түске боялады. Сонымен қатар, аутизмге шалдыққан балалардың, қалалық спорттық және шығармашылық ұжымдардың қатысуымен акция ұйымдастырылады.

Бұл шараларды өткізу туралы бастаманы «Сенім» психологиялық-педагогикалық түзеу орталығы көтеріп отыр. Акцияға Астана қаласының әкімдігі, психологиялық түзеу орталықтары, аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары мен волонтерлар қолдау көрсетуде.

– Біздің басты мақсатымыз – қоғам назарын аутизм проблемасына аудару, осындай балалар мен олардың ата-аналарына құрметпен қарауды қалыптастыру. Халық аутизм туралы мүлдем хабарсыз, адамдар оның ауру еместігін, оны түзеуге болатынын білмейді. Мұндай балалар кез келген салада жетістікке жете алады, өз елінің игілігі үшін еңбек етеді, олар үшін өздерін түсінбейтін қоғамда болу аса қиын. Біз осы жандардың ерекше әлемін көрсетпекпіз, сол туралы сөз қозғаймыз, – деді ұйымдастырушылардың бірі Гүлфия Әлиева.

Акция «Қазақстан» спорт сарайында сағат 11.00 басталады. Шараға қаладағы барлық орталықтардан аутист балалар қатысады. Жас хоккейшілер мұз айдынында керемет флешмоб орындамақ.

Айта кетейік, аутизмнің ресми түсі — көк. Сондықтан осы күні акцияны ұйымдастырушылар ниет білдірген жандарға көк түсті аквагрим жасайды, көк гүлдер, тіпті, көк түсті тәтті-дәмділер таратады. Кешке «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО көк түспен жарықтандырылатын болады.

Сонымен қатар, 6 сәуірде былтыр Астанада ашылған аутизмі бар балаларға арналған «Алтын мирас» орталығының ұйымдастыруымен қайырымдылық кешкі ас беріледі. Жиналған қаржы аутист балаларға арналған шығармашылық шеберханалар жасауға жұмсалады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10216
Әрі қарай

Елордада қаланы абаттандыру мәселелері талқыланды

Астана жаңалықтары: Елордада қаланы абаттандыру мәселелері талқыланды
Елорда әкімдігінде апта сайынғы аппарат отырысы ҚР Парламенті Мәжілісі мен Астана қаласы мәслихатының депутаттарын сайлауды ұйымдастыру жұмыстарының, сондай-ақ, Наурыз мейрамына арналған іс-шараларды өткізудің қорытындысын шығарудан басталды.

Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің атап өтуінше, Астана «Нұр Отан» партиясын қолдау бойынша ең үздік нәтижеге (85,18%) қол жеткізген. Сайлаушылардың сайлауға қатысу көрсеткіші 75% құрады, бұл Астана тұрғындарының азаматтық белсенділігінің жақсы көрсеткіші болып табылады.

Отырыс барысында қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту мәселелері де қаралды. Астана аудандарының әкімдері жол төсемінің жағдайы туралы толық фото-есеп ұсынды. Автомобиль жолдары басқармасына бір айдың ішінде жолдарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын барынша жүргізу тапсырылды. Аталған мәселе қалалық қызметтердің назарында болуы тиіс, деп атап өтілді отырыс барысында.

Елорда әкімінің айтуынша, күннің жылынуына орай қала тұрғындары мен қонақтары саябақтарға, гүлбақтарға және Есілдің жағалауына жиі баратын болады. Сондықтан бұл жерлерді абаттандыруды қолға алу керек. Аудан әкімдіктері мен профильді қалалық қызметтер бір аптаның ішінде саябақтар мен аумақтарда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі керек.

Бұл ретте бизнес өкілдері өз объектілерінің сырт көрінісіне мұқият болып, қаланы абаттандыруға белсенді қатысуы тиіс. Сонымен қатар, алдағы уақытта ұйымдастырылатын абаттандыру айлығы аясында теміржол маңындағы аумақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу қажет.

Қала басшысы көшеде сауда жасау үшін 1000 орын бөлуге де ерекше назар аударды. Ә. Жақсыбеков бұл процестің кәсіпкерлер үшін ең аз бюрократиялық продуралармен және барынша айқын өткізілуі тиіс екендігін атап өтті. Бұл ретте ұйымдастырылған көше саудасының артықшылықтары биылғы жазда қала тұрғындары мен ШОБ өкілдері үшін сезілуі керек.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10214
Әрі қарай

Балалар шығармашылығының «Тұмар-2016» қалалық көрмесіне 250 оқушы қатысты

М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған балалар шығармашылығы мен бейнелеу өнерінің «Тұмар-2016» қалалық көрмесінің қорытындысы шығарылды. Аталған мәдени шараның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді халық шығармашылығына тарту.

Көрмеге 250 оқушы қатысты. Жас шеберлер коллаждар, аппликациялар, ою-өрнектер, мүсіндер, ас үй заттарын және т.б. жасаған.

Байқау қорытындысы бойынша «Арт-инсталляция» номинациясында «Нұр Орда» мектебінің өкілі сегіз жасар Ахмет Қабдолла үздік атанды. «Сәндік-қолданбалы өнер» санатында №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Қайорғазинова көш бастады. «Макеттер, коллаждар, қағазбастылық» номинациясында №27 мектеп–лицейінің шәкірті Камилл Камаловтың және Елена Кирпичеваның еңбектері ерекше деп танылды. Ең креативті мүсіннің авторы №1 математикалық-экономикалық лицейдің оқушысы он алты жасар Ермек Тұрғымбаев болып шықты.

– Байқау елордада екінші рет өткізіліп отыр. Әр мектепте технология сабағы өткізіледі, балаларға бар үйренгенін көрсететін алаң қажет. Көрмеге әртүрлі жұмыстар ұсынылады, барлығы ұлттық өнер түрлеріне арналады. Өткен жылы негізінен ұлттық нақыштағы бұйымдар жасалды, бұл жолы Қазақстанның болашағына арналған заттар көп болды, – деді М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы директорының орынбасары Алмагүл Жапарова.

Астана жаңалықтары: Балалар шығармашылығының «Тұмар-2016» қалалық көрмесіне 250 оқушы қатысты

Астана жаңалықтары: Балалар шығармашылығының «Тұмар-2016» қалалық көрмесіне 250 оқушы қатысты

Астана жаңалықтары: Балалар шығармашылығының «Тұмар-2016» қалалық көрмесіне 250 оқушы қатысты

Астана жаңалықтары: Балалар шығармашылығының «Тұмар-2016» қалалық көрмесіне 250 оқушы қатысты

astana.gov.kz/kk/modules/material/10212
Әрі қарай

Елордалық театр әртістері төл мерекелерін тойлауда

Астана жаңалықтары: Елордалық театр әртістері төл мерекелерін тойлауда
Дүниежүзілік театр күніне орай Астананың үздік әртістері «Жастар» театрындабас қосты. Аталған шараны өткізу дәстүрге айналған. Театр өнерінің жұлдыздары қызыл кілеммен жүріп өтіп, құттықтаулар қабылдады, әріптестерінің мерекелік қойылымдарын тамашалады.

Мерекелік бағдарлама басында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев елордалық театрлардың шығармашылық ұжымдарын құттықтап, оларға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі.

— Театр – жаңа бояулармен, сиқырлы дыбыстармен және сахналық құбылыстармен баурап алатын ұлы өнер. Сіздерді, әріптестерімді осы бір керемет мерекемен құттықтаймын. Мұнда елорданың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналған театр қызметкерлері жиналды. Соңғы жылдары театрларымыз халықаралық фестивальдарда Гран-при иеленіп жүр, бұл қажырлы еңбектерііздің және таланттарыңыздың арқасы, баршаңызға табыс тілеймін, — деді Е. Аманшаев.

Елордалық үздік жеті театрдың әртістері елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің атынан алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтар қабыл алды.

Шара барысында театрлардың жас шығармашылық ұжымдары көпшілік назарына мерекелік бағдарлама ұсынды: Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар» театры, Көңілді тапқырлар театры, Қуыршақтар театры, «Наз» мемлекеттік би театры.

— Біздің театрдың жас әртістері өте дарынды, қарасаң көз тоймайды. Қыздар да, жігіттер де креативті, ынталы. Олар бүгін бізді қуантты. Өз атымнан осы саланың барлық қызметкерлерін Халықаралық театр күнімен құттықтаймын. Барлығына денсаулық, бейбітшілік, шығармашылық табыс тілеймін, — деді Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актриса Айнұр Жүгінісова.

Айта кетейік, Дүниежүзілік театр күні – жыл сайын барша әлемде 27 наурызда аталып өтілетін театр қызметкерлерінің төл мерекесі.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10205
Әрі қарай

Бос орындар жәрмеңкесіне 2000 астам жас астаналық қатысты

Астана жаңалықтары: Бос орындар жәрмеңкесіне 2000 астам жас астаналық қатысты
Елордада жұмыссыз жүрген жастарға, ЖОО студенттері мен түлектеріне арналған алғашқы салалық бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жұмыс берушілер техникалық саладағы 200 артық мамандық бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.

Елордалық жұмыссыз жүрген жастар мен техникалық мамандықтар бойынша бітірген түлектер «Теплотранзит» ЖШС, «Транстелеком» АҚ, «Базис-А» ЖШС, «КазТрансГаз» АҚ, «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС, «ArabTec» ЖШС және т.б. компаниялардың өкілдерімен кездесті. Жұмыс берушілер жұмыс іздеушілерді ұсынылған бос орындар тізімімен таныстырып, өз ұйымдары мен кәсіпорындары туралы толық ақпарат ұсынды.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша 200 астам адам әңгімелесуге шақырылды.

Алдағы уақытта сала бойынша бос орындар жәрмеңкесін екі айда бір өткізу жоспарланып отыр. Басты мақсаты – экономиканың белгілі бір саласын кәсіпорындар кадрларымен қамтамасыз ету. Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ, хабарлауынша, шараның басты міндеті бос орындар жәрмеңкесінде жұмыс іздеушілерді нақты санаттар бойынша біліктілігіне қарай әңгімелесуге жіберу үшін белгілі бір саладағы жұмыс берушілерді жинау болып табылады.
Әрі қарай

20 наурызда Астанада қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді

Астана жаңалықтары: 20 наурызда Астанада қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді

Құрметті астаналықтар және қала қонақтары!

2016 жылғы 20 наурызда – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және Астана қаласы мәслихатының депутаттарын сайлау күні Елордадағы барлық қоғамдық көліктер азаматтарға тегін қызмет көрсететін болады.

Астана қаласының әкімдігі
Әрі қарай

Азаматтарды заңдастыруға белсенді қатысуға шақырады

Астана жаңалықтары: Азаматтарды заңдастыруға белсенді қатысуға шақырады
Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қазіргі кезде жалпы құны 20 666 млн. теңгені құрайтын 4 947 мүлік нысаны заңдастырылған. Сонымен қатар, 11 арнайы декларация қабылданып, 8 322 млн. теңге мөлшерінде ақшалай қаржы заңдастырылды.

Астана қаласының МКД түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Сәуле Баймағамбетова салық төлеушілерге арналған семинар барысында мүлікті заңдастырудың жаңа ережелері туралы айтып берді. Оның айтуынша, заңдастыру мерзімі үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартуға және процедураны жеңілдетуге қатысты өзгерістер енгізілген.

Айта кетейік, мүлікті заңдастыруға қатысты кез келген мәліметтер салықтық және бакнтік құпия болып табылады. Ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, заңдастыру субъектілері құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан заңнан тыс әрекеттерден қорғалған. Яғни, мүлікті және ақшаны заңдастыру фактісінің дәлелі ретінде пайдалануға немесе қылмыстық іс қозғауға тыйым салынған. Заңдастырылған мүлікті тәркілеуге де болмайды.
Әрі қарай

Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 25-2-бабының тәртібіндегі үндеу

Астана жаңалықтары: Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 25-2-бабының тәртібіндегі үндеуҚазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты прокуратура органдары конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес барлық сайлау процесінің қатысушыларымен сайлау туралы заңнаманың дәл және бірыңғай қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратынын мәлімдейді.

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылықты сақтау, заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың назарын сайлау алдындағы іс-шараларға қатысты келесі заңнама нормаларына аударамыз.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 20.01.2016 жылғы №3/83 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындалу және өткізу бойынша негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына сәйкес ертең 2016 жылғы 20 ақпанда сайлау алдындағы үгіт басталады, ол 2016 жылғы 18 наурызда сағат 24-те аяқталады.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 20.01.2016 жылғы №3/82 қаулысымен бекітілген Күнтізбелік жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау алдындағы үгіт 2016 жылғы 24 ақпанда басталады және 18 наурызда сағат 24-те аяқталады.

Сайлау алдындағы үгiт – бұл сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағы, бұдан әрі – Конституциялық заң).

Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгiт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.Сайлау алдындағы үгiт заңнамада белгiленген тәртiппен және Конституциялық заңда тыйым салынбаған сайлау алдындағы жария iс-шаралар(сайлаушылармен жиналыстар және кездесулер, жария пікір таластар мен пiкiр алысулар, митингiлер, шерулер, демонстрациялар және өзге де жария іс-шаралар) арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін.

Бұл ретте, Конституциялық заң бұқаралық ақпарат құралдарын кандидаттардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға, кандидаттың, саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға мiндеттейді.

Саяси партиялардың және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларында Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс (Конституциялық заңның 29-бабы).

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен Интернет-ресурстар бұқаралық ақпарат құралдарына жатқызылғанын атап өтеміз.

Сәйкесінше, Интернет желісіндегі сайлау алдындағы үгіт бұқаралық ақпарат құралдарына қойылған талаптар ескеріле отырып жүргізілуі тиіс.

Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағына сәйкес сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi.

Сайлау күнi дауыс берілетiн жайда қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.

Соңғы кезде сайлау науқаны барысында жекелеген тұлғалармен әртүрлі Интернет-ресурстарда онлайн-дауыс берулер (онлайн-сұрау салулар) ұйымдастыру және олардың нәтижелерін жариялау тәжірибеге алынғанын атап өту қажет.

Осындай әрекеттерде қоғамдық пікірге сұрау салудың барлық белгілері бар болғандықтан оларға Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағының жоғарыда мазмұндалған талаптары тең өлшемде таралады.

Жариялы сайлау алдындағы іс-шараларды өткізу кезінде жиналыстар, митингілер, шерулер және демонстрациялар болып табылатын қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделерді білдіру орын алады.

Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заңымен (бұдан әрі — Заң) реттеледі.

Бұл Заң қоғамдық тәртіпті, тұрғындардың денсаулықтары мен өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталуына байланысты жаппай жария шаралар алдын ала ескертіп, жергілікті атқарушы органдарының рұқсатымен арнайы белгіленген жерлерде көлiктiң, өзге де инфрақұрылым объектiлерiнiң қалыпты жұмыс iстеуiне нұқсан келтіретін бөгеттерді жоя отырып өткізілуі тиіс.

Осыны ескере отырып, жабық ғимараттардан тыс жерлердегі Конституциялық заңның 27-бабы 3-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген жариялы сайлау алдындағы іс-шаралар Заңмен белгіленген тәртіпте өткізілуі тиіс.

Конституциялық заңның 27-бабының 9-тармағымен сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.

Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады.

Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағына сай шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.

Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттік органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады (Конституциялық заңның 33-бабының 3-тармағы).

Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарды, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларды, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.Кандидаттың, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияның, сондай-ақ оның сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тізімді тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады(Конституциялық заңның 27-бабының 9-тармағы).

Конституциялық заңның 34-бабына сәйкес кандидаттың сайлау алдындағы үгiтiн қаржыландыру сайлау қорлары қаражатынан жүзеге асырылады.

Бұл ретте, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қайырымдылық ұйымдарының, дiни бiрлестiктердiң, өздерiнiң жарғылық капиталында шетелдiк қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерiктi қайырмалдықтары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың анонимдiк қайырмалдықтары сайлау қорларының құралу көздері бола алмайды (тыйым салынады).

Сайлау науқанын сайлау қорларынан бөлек қаржыландыруға немесе кандидаттарға, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларға өзге материалдық көмек көрсетуге тыйым салынады.

Дегенмен, Конституциялық заңның 28-бабының 1-тармақшасына сәйкес Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.

Дей тұрғанымен, кандидатқа, саяси партияға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда Конституциялық заңның 28-бабының 7-тармағына сәйкес оның осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс.

Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады (Конституциялық заңның 32-бабының 1-тармағы).

Сайлау болатын күні не оның қарсаңындағы күні сайлау алдындағы үгітті жүргізу, депутаттыққа кандидаттарға, олардың сенiм бiлдiрілген тұлғаларына сайлау алдындағы үгiтті жүргiзу құқығын iске асыру процесiнде кедергi келтiру, кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату немесе сайлаудың нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасау, шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi келтіретін және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыруы, сайлау алдындағы үгiтті, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргiзу шарттарын бұзу, анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату, үгіттеу материалдарын қасақана жою, бүлдіру, сайлау науқанын сайлау қорларынан тыс қаржыландыру немесе оған өзге де материалдық көмек көрсету, жеке және заңды тұлғалардың кандидаттарға, саяси партияға олардың жазбаша келiсiмiнсiз қызметтер көрсетуi, сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргiзу шарттарын бұзу, үгіт материалдарын ескерткіштерде, обелисктерде, тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ғимараттар мен құрылыстарда, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларда орналастыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады(Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 11-тарауы).

Сайлау құқықтарын немесе сайлау комиссияларының жұмысын жүзеге асыруына кедергi жасау, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150, 274-баптары).

Жоғарыда келтірілген заңнама нормаларын түсіндіре отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы барлық жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі барысында, соның ішінде сайлау алдындағы үгітті немесе жарияіс-шараларды заңсыз өткізуге жол бермеу бөлігінде заңдылықты мүлтіксіз сақтауға шақырады.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
prokuror.gov.kz/kaz/baspasoz/akparaty/kazakstan-respublikasynyn-prokuratura-turaly-zanynyn-25-2-babynyn-trtibindegi
Әрі қарай

Елордада еңбек саласындағы негізгі проблемалар талқыланды

Астана жаңалықтары: Елордада еңбек саласындағы негізгі проблемалар талқыланды

Қала әкімдігінің ғимаратында «Белсенді азамат» акциясының жалғасы ретінде екінші брифинг өтті. Бұл жолы еңбек заңнамасы, өндірістік травматизм, сондай-ақ көші-қон мәселелері талқыланды.

Брифинг барысында Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының басшысы Гульвира Дөненбаеваның айтуынша, бүгінде елорда еңбек мигранттары үшін тартымды қалаға айналып, қарқынды дамып келеді.

– 2014 жылғы сәуір айынан бастап жеке тұлғалар жұмыс істеу үшін еңбек патенттерін алатын болды, өткен жылы 7563 патент берілді. Қиыр шетел азаматтарына келсек, олар квота бойынша жұмыс істейді. Ал кәсіпорындарға жұмыскерлерді лицензиясыз қабылдаған жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 2015 жылы 78 заңды тұлға заң бұзушылыққа жол берген, – деді Г. Дөненбаева.

Еңбек қатынастары саласында жол берілетін негізгі бұзушылықтардың бірі еңбекақыны уақытылы төлемеу болып табылады. Жұмыскердің еңбекақысы ағымдағы айдың бірінші онкүндігінде төленуі тиіс. Қалалық прокуратура басқармасының басшысы Әділ Оспановтың айтуынша, өткен жылы 32 жағдай анықталды. Ол барлық азаматтарды бірінші күннен бастап жұмыс берушіден еңбек келісімшартын жасасуды талап етуге шақырды, өйткені, кейін еңбек қатынастарының болғанын дәлелдеу қиынға соғады.

Еңбек саласындағы тағы да бір маңызды мәселе өндірістік травматизм болып табылады.

– Өткен жылы 76 өндірістік жарақат алу жағдайы тіркелген. Бірақ оның алдындағы жылмен салыстырғанда бақытсыз жағдайлар саны азайған. Бұған Астана аумағында заң бұзушылыққа жол берген ірі құрылыс нысандарының қызметін тоқтатып қою сияқты қатаң шаралар қабылдау ықпал еткен. Көп жағдайда құрылысшылар жұмыскерлер үшін жеке және ұжымдық қорғау құралдарын сатып алмайды, – деді А. Оспанов.

Айта кетейік, сенбі күні «Белсенді азамат» акциясы аясында білім және денсаулық сақтау саласына арналған үшінші брифинг өтеді.

Ашық есік күнін өткізу кезінде елорда тұрғындарынан 638 жазбаша өтініш келіп түскен, қазіргі кезде олар жүйелендіріліп, орындалу мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспары әзірленді. Жақын арада өтініш берушілерге берілген жауаптар елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланатын болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9982
Әрі қарай

Елорда көшелерінде белгілі қазақстандық спортшылардың суреттерімен плакаттар ілінеді

Астана жаңалықтары: Елорда көшелерінде белгілі қазақстандық спортшылардың суреттерімен плакаттар ілінеді
Жетекші отандық командалардың басын қосқан «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубы әлеуметтік жарнама әзірледі. Белгілі қазақстандық спортшылар бейнеленген плакаттарды қаланың адамдар көп жүретін жерлерінде орналасқан Astana Bike велопрокатының 110 станциясынан көруге болады.

Акцияның мақсаты – жанкүйерлер мен спортқа әуес жандарды біріктіру, сондай-ақ, салауатты және белсенді өмір салттарын насихаттау.

Астаналықтардың назарына қазақстандық спортшылардың, Astana Pro Team велокомандасы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы өкілдерінің, Astana Arlans боксшыларының, «Астана» баскетбол клубының ойыншыларының, Astana Motorsports ралли-рейдтері бойынша команда мүшелерінің суреттері ұсынылады.

Айта кетейік, аталған командалардың арқасында соңғы үш жылда Қазақстанның қоржыны жаңа спорттық жетістіктермен толыға түсті.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9966
Әрі қарай