Астана халқының 95% электронды денсаулық құжаты бар

Медициналық құжаттардың 70 пайызы цифрланды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың баспасөз мәслихатында «Smart медицина» жобасының қалай жүзеге асып жатқанын айтты.

«Жоба сәуір айында басталды, осы аралықта біз медициналық құжаттарды цифрландыру бойынша көп жұмыс атқардық. Астана халқының және қонақтарының 95 %-ның электронды денсаулық паспорты бар. Осылайша біз уақыт өте келе дәрігерді қағазбастылықтан құтқарамыз. Жобамен медициналық құжаттардың 70 түрі цифрланды. Кей журналдарды және сыртқат тарихын, амбулаторлы карталарды алып тастадық. Бұл дәрігерлердің науқасқа көп көңіл бөлуіне мүмкіндік берді», — деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Осы жоба аясында мобильді қосымша іске қосылады, ол арқылы науқас өзінің мәліметтерін және дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Одан бөлек жуықта «Жедел жәрдем үшін жасыл жол» аты пилоттық жоба іске қосылды, ол арқылы жедел жәрдем жүргізушісі шақыртуға кешігіп бара жатса көлікте орнатылған бастырма арқылы бағдаршамның жасыл түсін қоса алады.

«Мәлімет бойынша сырқат жанға жету 20-25 пайызға қысқарып жатыр, яғни адам өмірін сақтап қалудың мүмкіндігі арта түсті деген сөз», — деді Қамалжан Надыров.

«Жасыл жол» — Астана әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жобасы.

Астанада жолаушылардың 93 % жолақыны көліктік картасымен төлейді

Қалалықтардың тек 6% ғана жолақыны қолма қол төлейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қоғамдық көлікте жолақыны төлеудің электронды төлем жүйесін енгізгелі жолаушылар ағыны деңгейін анықтауға мүмкіндік туды. Бұл транспорт компаниясының талдау жасауға және алынған мәліметтер арқылы қаладағы бағдарлар желісін сапалы реттеп, автобустардың кестесін құруға мүмкіндік береді.

«Статистикаға сәйкес бүгінге дейін жұмыс күндері жолаушылар орта есеппен 712 мың сапар шексе, демалыс күндері бұл көрсеткіш 470 мыңды құраған. Тәуліктік ең жоғары жолаушылар ағынының көрсеткіші – 759 мың сапар. Бірегей картаны 605 мың адам пайдаланады, орта есеппен жеңілдікпен жүретін жолаушылар ағыны – 76,5 мың сапарды құрады. Сонымен қатар, ЖЭТЖ қолданудың үлесі — 94 % тең», — деді әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Сонымен бірге, оның айтуынша жолаушылардың 93% көліктік картаны пайдаланады, 0,4% QR-код арқылы төлейді, 0,6% СМС арқылы төлесе, 6% жолақыны қолма қол ақшамен төлейді.

ЖЭТЖ енгізу, оның бағалауынша, жолаушылар ағынын ашық етіп, оның салдарынан тасымалдау табысының 30% өскен.

«Көліктік картаны толтырудың 10 әдісі бар: RTVM терминалы, киви, теңге және касса 24, мамандандырылған кассалар, Transcart.kz, kaspi.kz. сайттары арқылы төлеуге болады. Жыл соңына дейін тағы да 100-ден астам бір мезетте толтыратын агенттік орындар пайда болады. Бұл көліктік картаны толтыруда активацияны қажет ептейтін жаңа, жылдам, сол сәтте орындалатын тәсіл», — деп хабарлады өз кезегінде «Астана LRT» ЖШС төлем жүйесі департаментінің директоры – басқарушы директор Дәурен Нұралиев.

Елордада қоғамдық көлік жүйесі қалай дамып жатыр?

Қалалық бағыттар желісін жаңғырту қалада жаңа қоғамдық бағыттарды қосуға және қала маңына екі бағыт қосуға мүмкіндік берді. Соның арқасында Софиевка мен Малотимофеевка ауылдарына қоғамдық көлікпен қатынауға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Сонымен қатар, қоғамдық көлік маршруттар схемасын оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Барлығы 13 маршрут оңтайланды: 10 қалалық, 3 қала маңы. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде «Көктал-1», «Көктал-2» ТА, Орталық мамандандырылған ХҚКО, «Барыс-арена», Оқжетпес к-сі, «Жағалау-4» ТК, Сусамыр көшесі, «Шұбар» шағын ауданы байланыс және көлік қолжетімділігімен қамтамасыз етілді.

Бұдан басқа, 9 көше (Күршім, Құсмұрын, Тарбағатай, Ақмола, Қайнар, Тұран, Арай, Ғарышкерлер, Ұлы дала) және 6 жаңа ауданға «Жағалау-4», «Алай» СО, мамандандырылған ХҚКО-да, «Көктал-2», «Барыс-Арена» МС, «Шұбар» шағын ауданына қоғамдық көліктің қатынау мәселесі шешілген.

«Қала маңын қоса алғанда 13 маршруттың қозғалмалы бөлігі жаңартылды. 6 маршрутта автобустар саны артты. Жаңа экспресс маршруттарды енгізу және қала іші автобустардың жүру жылдамдығын арттыру, аялдамаға келу уақытын қысқарту арқылы жолаушылар тасымалдау сапасын және жылдамдығы арттырылып жатыр», — деді әкімдікте өткен баспасөз конференциясында «Астана LRT» ЖШС-нің басшысы Бекмырза Игенбердинов.

«Астана Операның» балет труппасы итальяндықтарға жаңажылдық ертегі сыйлады

20 желтоқсанда «Астана Опера» театры гастрольдік сапарын Карло Феличе Театры сахнасында (Италия) П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетімен ашты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиналған жұрт қазақстандық әртістердің би өнеріне, оның кербездігі мен әсемдігіне тәнті болды. Спектакльден соң көрермен қауым жаңа жылдық керемет балет қойылымы үшін өнерпаздарға алғыстарын білдірді.

«Щелкунчик» спектаклінің 6 қойылымына да билеттер гастроль басталғанға дейін сатылып кетті. Ғажап көріністі балет сан түрлі аудиторияға арналған. Залда балет өнерінің нағыз бағалаушылары да, тамаша театр әлеміне жаңа қадам басқан жас көрермендер де болды. Итальяндықтар дуаланған ханзада туралы балетті зор сүйіспеншілікпен қабыл алды.

«Осы кеште Маридің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева керемет орындап шықты. Щелкунчик-ханзаданың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан шеберлікпен сомдады. Щелкунчик-қуыршақ – Әнел Есқалиева, Тышқан патшасы – Жәнібек Иманқұлов, Дроссельмейер – Ильдар Шакирзянов, Фриц, Маридің інісі – Әнел Есқалиева, Штальбаум – Рахметолла Науанов, Штальбаумның әйелі – Әсел Кенжебекова т.б. өз бейнелерін тамаша орындады», – делінген хабарламада.

Италияда труппа «Щелкунчик» балетінің тағы 5 спектаклін (дирижерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және Арман Оразғалиев) ұсынады. «Астана Опера» театры гастрольдік кесте бойынша енді Испания еліне жол тартады. Қазақстандық әртістер 29 желтоқсан және 5 қаңтар аралығында София Патшайымның өнер сарайы сахнасында (Валенсия) П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін қоймақ.

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтуде.

ТЖД: Балаларға пиротехниканы сатуға тыйым салынды

Интернет Решения (IR.KZ)
2 dakika

ТЖД Астана тұрғындарын көшелер мен базарларда пиротехника өнімдерін сатып алмауға шақырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мереке күндері отандық және шетелдік (Ресей, Қытай, Корея) фирмалар өндіретін пиротехникалық заттарды сатып алу еш қиындық тудырмайды.

ТЖД қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді белгіленбеген жерден сатып алу және оларды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай пайдалану көптеген өрт оқиғаларының орын алуына, адамдардың жарақат алуына, тіпті адам өліміне себеп болуы мүмкін екендігін айтады.

«Өрт қауіпсіздігі ережелеріне» сәйкес, пиротехникалық өнімдерді базарларда, сауда алаңдарында, көшелерде және осы мақсаттарда жарамсыз дүкендерде сатуға тыйым салынады. Пиротехниканы 18 жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ сертификаты мен егжей-тегжейлі нұсқаулығы жоқ өнімдерді сатуға және пайдалануға тыйым салынады», – деді Астана қаласы ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу басқармасының басшысы Орал Әбдрахманов.

Жыл басынан жолақысын төлеуден жалтарған 7 мыңға жуық жолаушыға айыппұл салынды

Астана LRT жүргізушілерді қандай бұзушылықтары үшін жазалайтынын айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жыл басынан қоғамдық көлікте жолақы төлеуден жалтарған 7 мыңға жуық жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Салынған айыппұлдың сомасы 30 млн теңге шамасында. Сонымен бірге, 900 автобус жүргізушісі ЖҚЕ мен тасымалдау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл – 12 млн теңгені құрайды.

«Жолаушының қоғамдық көлікте жолақы төлеуге міндетті екендігі туралы «Автомобильді көлік туралы» заңымен бекітіліп, талап етілген», — деп еске салды әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» компаниясының көлік қадағалау департаментінің директоры Самат Шаймерденов.

Өз кезегінде «Астана LRT» ЖШС көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс Жолбыр 7 қоғамдық көлік жүргізушісінің қарама қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткені үшін жүргізуші құқынан айырылғанын жеткізді.

«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында бір жылда 450 млн-нан астам теңге үнемделген

«Астана – адалдық алаңы» жобасының басшысы Жазира Жылқышиева қаладағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін айтарлықтай төмендетуге ықпал еткен жоба кеңсесінің қолға алған шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жобалық кеңсе енгізген жаңашылдықтардың бірі – Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесіп, «Open space» технологиясын енгізу арқылы жоба кеңсесі мен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты орнату форматын өзгерту. Бұл технология тұрғындардың кабинеттерді араламай-ақ, тез арада сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жобалық кеңсе алғашқы медициналы-санитарлық көмек көрсету орталықтарын азаматтар үшін ыңғайлы етуді қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізді.

«Жаңғырту жұмыстары барлық бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарында жүргізілді. Жаңғырту қаржы шығыстарын оңтайландыру аясында жүрді. Оның нәтижелері бойынша барлық емханаларында қосалқы қызмет аутсорсингтерге берілді, соның арқасында жылына шамамен 300 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді», — деді Жазира Жылқышиева.

Үнемделген қаражат есебінен емханаларға сандық ақпараттық дүңгіршектер, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін навигация жүйесі, балалар алаңы, бірыңғай брендбук, ресепшндер, суы бар диспенсерлер орнатылып, ең бастысы – ішкі құжаттар мен пациенттердің амбулаторлық карталары цифрландырылды.

Сонымен қатар, Жылқышиеваның айтуынша жобаның қамқорлығымен ведомстволық бағыныстағы мекемелерді оңтайландыру жүргізілді. Мысалы, балалар үйінің әкімшіліктері және № 54 мектеп-лицей шығыстарды оңтайландыру нәтижесінде 150 млн теңгені үнемдеді. Үнемделген қаржы есебінен оқушылар үшін жаңа заманауи кабинеттерді ашуға, мекеме қызметкерлеріне үстеме ақы белгілеуге мүмкіндік берді.

Оқушылар жануарлар мен құстар үшін екі жүзге жуық үйшік жасады

Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының көмегімен құстар мен мысықтар үшін үйшіктер жасады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

№79 мектеп-лицейдің «Жақсылық жаса» жобасы осымен үшінші жыл іске асырылып жатыр. Дәстүрлі түрде 1-4 сынып оқушылары жануарлар мен құстар үшін үйшіктер жасайды.

«Қазір балалар 200-ге таяу үйшік жасады. Құстарға арналған үйшіктерді Орталық саябаққа және «Жетісу» саябағына орнатамыз, ал мысықтарға арналған үйшіктерді «Ковчег» мысықтар үйіне орнатамыз. Осы жоба аясында біз қатерлі аурумен күресіп жатқан балаларға көмек көрсетеміз. Балалар олардың тез сауығып кетуін тілеп, оларға өз хаттарын жазады, сыйлықтарын дайындайды», — деді №78 мектеп-лицей директорының бастауыш сынып ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Айғонова.

Жобаның мақсаты – қайырымды, мейірімді, көмекке құштар жандарды тәрбиелеу.

Астаналық спортшылар жыл басынан 5 мыңға жуық медальді жеңіп алды

300 мыңнан астам астаналық спортпен тұрақты түрде айналысады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

9 айда астаналық спортшылар 5 027 медаль жеңіп алды. Олардың 738-ін – халықаралық, 2704-ін – республикалық және 1585-ін – қалалық жарыстарда иеленді, деп мәлімдеді қалалық мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметінде.

Қазіргі таңда 307 841 адам жүйелі түрде дене шынықтырумен, спортпен айналысады. Бұл жалпы халықтың 29% құрайды. 2017 жылы бұл көрсеткіш 288 178 адамды немесе халықтың 28% құрады. Бүгінгі таңда Астанада 719 спорт кешені жұмыс істейді. Олардың 14-і – ірі спорт кешені.

«Осы жылы халықаралық деңгейдегі мамандандырылған Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы мен «Тарлан» мұз айдыны пайдалануға берілді. Жаттықтыру орталығында голбол, отырып ойнайтын волейбол, арба мен боччада ойналатын теннис залдары, пауэрлифтингке арналған кәсіби зона бар. Күшті қажет ететін жаттығуларға бейімделіп жасалған тренажерлердің ауданы 811 шаршы метрді құрайды. Орталықта таэквондомен айналысуға мүмкіндік беретін 423 шаршы метрді құрайтын алаң бар», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, осы жылы Астанада ауладағы ғимарат ішіне 23 спорт алаңы салынды.

Астанаға 900 тонна көмір жеткізілді

Қазіргі таңда қаладағы көмірдің жалпы қоры 11 мың тоннадан асады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Елордаға жеткізілген 900 тонна қатты отынның 555 тоннасы – «Шұбаркөл», 345 тоннасы – «Қаражыра» көмірі.

Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, 20 желтоқсандағы жағдайға сәйкес көмірдің жалпы қоры 11 069,5 тоннаны құрайды.

Астанадағы көмірдің бағасы төменде көрсетілген:

«Шұбаркөл» тоннасы – 11 400 теңге,

«Қаражыра» тоннасы – 13 200 теңге,

«Майкөбе» тоннасы – 12 500 теңге,

«Богатырь көмір» тоннасы – 9 000 теңге,

«Кузнецкий» тоннасы – 12 250 теңге.

Қазіргі таңда нарықтағы көмірге қатысты жағдай тұрақты.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елорданың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы сатушылармен бағаны көтермеу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын.

Астана әкімдігі күн сайын нарықтағы көмірге қатысты жағдайға мониторинг жүргізіп, оны үнемі бақылауында ұстап отыр. «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында тұрғындар үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді.