Оқушылар жануарлар мен құстар үшін екі жүзге жуық үйшік жасады

Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының көмегімен құстар мен мысықтар үшін үйшіктер жасады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

№79 мектеп-лицейдің «Жақсылық жаса» жобасы осымен үшінші жыл іске асырылып жатыр. Дәстүрлі түрде 1-4 сынып оқушылары жануарлар мен құстар үшін үйшіктер жасайды.

«Қазір балалар 200-ге таяу үйшік жасады. Құстарға арналған үйшіктерді Орталық саябаққа және «Жетісу» саябағына орнатамыз, ал мысықтарға арналған үйшіктерді «Ковчег» мысықтар үйіне орнатамыз. Осы жоба аясында біз қатерлі аурумен күресіп жатқан балаларға көмек көрсетеміз. Балалар олардың тез сауығып кетуін тілеп, оларға өз хаттарын жазады, сыйлықтарын дайындайды», — деді №78 мектеп-лицей директорының бастауыш сынып ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Айғонова.

Жобаның мақсаты – қайырымды, мейірімді, көмекке құштар жандарды тәрбиелеу.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше