Астаналық спортшылар жыл басынан 5 мыңға жуық медальді жеңіп алды

300 мыңнан астам астаналық спортпен тұрақты түрде айналысады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

9 айда астаналық спортшылар 5 027 медаль жеңіп алды. Олардың 738-ін – халықаралық, 2704-ін – республикалық және 1585-ін – қалалық жарыстарда иеленді, деп мәлімдеді қалалық мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметінде.

Қазіргі таңда 307 841 адам жүйелі түрде дене шынықтырумен, спортпен айналысады. Бұл жалпы халықтың 29% құрайды. 2017 жылы бұл көрсеткіш 288 178 адамды немесе халықтың 28% құрады. Бүгінгі таңда Астанада 719 спорт кешені жұмыс істейді. Олардың 14-і – ірі спорт кешені.

«Осы жылы халықаралық деңгейдегі мамандандырылған Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы мен «Тарлан» мұз айдыны пайдалануға берілді. Жаттықтыру орталығында голбол, отырып ойнайтын волейбол, арба мен боччада ойналатын теннис залдары, пауэрлифтингке арналған кәсіби зона бар. Күшті қажет ететін жаттығуларға бейімделіп жасалған тренажерлердің ауданы 811 шаршы метрді құрайды. Орталықта таэквондомен айналысуға мүмкіндік беретін 423 шаршы метрді құрайтын алаң бар», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, осы жылы Астанада ауладағы ғимарат ішіне 23 спорт алаңы салынды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше