«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды

Астана жаңалықтары: «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды
Отбасы күні қарсаңында әр өңірдің ең мерейлі әулеттері Астанаға жиналды. «Қазақстан» концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары анықталды. Интернет арқылы дауыс беру қорытындысы бойынша 25 мың 751 дауыс жинаған маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы бас жүлдеге ие болды.

Отбасы құндылығын ұлықтаған ұлттық байқаудың қатысушыларын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мерекелерімен құттықтап, жеңімпаз Құлсариевтер шаңырағына Қазақстанда шығарылған «IVECO» шағын автобусының кілтін табыс етті.
Бас жүлдеге үміткер қалған 16 отбасы да құр алақан қалмады. Оларға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның байқау дипломымен қатар, «LG» компаниясының теледидаралыр тарту етілді.
– Құрметті отандастар! Осыншама жасқа келіп осы байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Елбасымыздың саясаты арқасында қазір жағдайымыз түзелді. Менің 18 балам, 46 немерем және 43 шөберем бар, — деді Құлсариевтер үйінің иесі Орын Құлсариев.
Маңғыстау облысы Жетібай ауылынан келген бұл отбасының отағасы – облыстың құрметті азаматы, елге белгілі «Маңғыстау маржандары» ансамблінің негізін қалаушы. Жасы 83-ке келген Орын ақсақал 77 жасында институтқа түсіп, жоғары білім туралы диплом алған екен.
Марапаттау салтанаты соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Әрі қарай

Астана мектептерінде сабақтың 7:40-та басталуын дұрыс деп есептейсіз бе?

Астана көшелеріндегі таңғы кептелісті азайту мақсатында мектептердегі сабақтың басталуын 07:40-та бастау ұсынылды. Сіз бұл ұсынысты қолдайсыз ба?
Әрі қарай

Бауырлас елдің басшылары Астанада бас қосты

Астана жаңалықтары: Бауырлас елдің басшылары Астанада бас қосты
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен құттықтады.

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
– Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр, — деді Елбасы.
Қазақстан Президенті 2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылатынын мәлімдеді.
– Тағы да қайталап айтайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын! – деп Нұрсұлтан Назарбаев сөзін қорытындалады.
Әрі қарай

Бұқараға бет бұрғызған Бұқа тартыс

Астана жаңалықтары: Бұқараға бет бұрғызған Бұқа тартыс
Ұлы дала елінің Сарыарқа төсіндегі ұлан-асыр тойында жұдырықтай жұмылған әр өңірдің жұртшылығы ауыл-ауыл болып, Қазақ елі монументінің қос қапталын жағалай қонды. Аймақтардың қаймақтары – таңдайына жыр тұнған ақын да, күміс көмей әнші де, дәулескер күйші де, апайтөс балуан да осында. Қазақтың дәстүрлі думаны қашанда ат шаптырып, күш сынастырмай өтпейтін. Үйреншікті үрдістен айнымай, осынау дүбірлі тойымызда ұлттық ойындарымыз төрден орын алды.

Бүгінге дейін Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Астана іргесіндегі ауылдарда жүйрік жарыстырып, асау үйреттік, теңге ілуден бауырлас елдердің басын қосып тұңғыш Азия чемпионатын өткіздік.
Ал, кеше елорда төрінде күшсайыстар тойдың көркін қыздырды. Жиналған көпшіліктің назары – әр облыстан сайдың сақпан тасындай сұрыпталып келген жігіттерде. «Күш атасын танымас» дегендей, салмағы атан түйеге татиын қайраты тасыған жігіттер алдымен «Бұқа тартыс» сайысында бақ сынады. Бұл тартысқа 22 балуан қатысты. Мықтылығы ептілігімен үндескен кілең күштілерден 4 жігіт іріктеліп, ширек финалда кездесті. Сонымен, «Бұқа тартыс» сайысында алматылық Евгений Шамрай бәрінен басым түсті. Финалда сүрінген Солтүстік Қазақстан облысының өрені Ілияс Елеусінов екінші орынды алса, Алматының тағы бір сырттаны Аманжол Нұрсұлтанов үшінші орынды місе тұтты.
Күш сайыстар осымен түгесілмей, «Бұқа тартыста» өзі үшін барын салған жігіттер «Арқан тартыс» сынында енді өз өңірі үшін жанын салды. Ширек финалға бәрін жығып жеткен 4 облыстың ішінен алдыңғы сайыста оқ бойы озық болған Евгений Шамрай бастаған Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Астана қаласының тобына бұйырса, үшінді орынға Солтүстік Қазақстан облысың оғландары жайғасты.
Бұл байқаулардың жеңімпаздары ертең Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған гала-концертте марапатталады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Әрі қарай

Астаналықтардың асығы алшысынан түсті

Астана жаңалықтары: Астаналықтардың асығы алшысынан түсті
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дүбірлі тойда ұлттық ойындарымызды асқақтатып, атымызды оздырдық, балуанымызды белдестірдік, асығымыз алшысынан түсті. Қайнаған тіршіліктің ортасы даладан қалаға ауған қазіргі заманда асық сияқты асылдарымыз назардан таса қалуда. Дәстүрлі думандарда осындай құндылықтарымыздың қадірі арта түсетіні баршаға аян. Бүгін көптен күткен Ұлы тойға жиналған еліміздің аймақтары асық ататын сұрмергендерін де сайлап келіпті.

Барлық облыстың басы қосылған тойда ұйымдастырылған әрбір сайыс республикалық деп сипатталатыны белгілі. Ендеше, асық атудан өткен республикалық турнирде шеберліктерін сынға салған 16 өңірдің өрендері ел чемпионы болуға ұмтылды.
Алғашқы кезеңде облыстар Қазақ елі монументінің екі жағында сегіз-сегізден бөлініп, бақ сынады. Нәтижесінде оң қапталдың жеңімпаздары – Ақмола облысынан келген Самат Аукенов, Қайрат Шаймерденов және астаналықтар Мырзамұрат Қайыпбеков, Әділхан Жұмағұлов ширек финалға өтті. Ал, сол қапталдан Оңтүстік Қазақстанның оғландары Оралхан Айдархан мен Шерхан Кенеханов және маңғыстаулық Дабыл Наурызов пен Руслан Асанов суырылып шықты.
Ширек финалда Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстары арасында өткен ойынды көрермендер «финалға бергісіз өте тартысты кездесу болды» деп бағалады. Бұл кезеңде маңғыстаулықтарды қапы қалдырған оңтүстіктер ақтық сайыста Астананың асық атушыларымен бас жүлдені сарапқа салды.
Сонымен, финалда жеті асықты жұлып түсірген астаналықтар, өздерінің жеңіске лайықты екендерін дәлелдеді.
«Жеңіс оңай келмеді. Ширек финалда ойнағандардың бәрі осал қарсылас емес, кілең республикалық турнирде жүлдегер болып жүргендер. Астананың төрінде өтіп жатқан жарыста, яғни өз жерімізде намысты қолдан бермедік. Бірлігіміз нығайып, ауызбіршілікте тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін?! Тәуелсіздігіміз жасай берсін!» деді елордалық қатысушы Мырзамұрат Қайыпбеков.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Әрі қарай

Астанада Қазақстанның барлық облыстарының қатысуымен мерекелік шеру өтті

Барша қазақстандықтар үшін тарихи маңызға ие мерекеге арналған негізгі іс-шаралардың бірі бүгін таңертең Астанадағы «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда барлық облыстардың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі өтті. Аталмыш шара үш күнге созылған мерекенің көркін келтірді.

Ашылу салтанатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге жиналған барша қауымды бүгінгі айтулы күнмен құттықтады.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев:

Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі мереке ең алдымен батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым етіп, ата тарихтан тағылым алу үшін өткізіліп отыр.

Мерекелік шараны тойлау үшін елордаға еліміздің өңірлерінен 1,5 мыңға жуық адам келді. Бүгін республиканың барлық өңірлерінен келген үздік ұжымдар, әртістер, шеберлер және т.б. қала тұрғындары мен қонақтары үшін өнер көрсетуде. Республикамыздың әр өңірі елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына театрландырылған көрініс, үздік хореографиялық ұжымдардың, этнографиялық ансамбльдердің, эстрада әртістерінің қатысуымен мәдени бағдарламалар ұсынылуда. Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнердің көрме-жәрмеңкесі, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері ұйымдастырылды.

Еске салайық, бүгін сағат 19.00 гала-концерт өтеді

Мерекелік шараның соңында көрермендер назарына «Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу» атты сән фестивалі, «Бірлігіміз жарасқан» атты Қазақстан халқы достығы концерті, «Ғасырлар үні» этно-концерті ұсынылады.

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақстанның барлық облыстарының қатысуымен мерекелік шеру өтті

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақстанның барлық облыстарының қатысуымен мерекелік шеру өтті

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақстанның барлық облыстарының қатысуымен мерекелік шеру өтті

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақстанның барлық облыстарының қатысуымен мерекелік шеру өтті

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақстанның барлық облыстарының қатысуымен мерекелік шеру өтті
Әрі қарай

Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде

Бүгін таңертеңнен бері Астана қаласында «Мега» СОО алдындағы алаңда Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Дәстүрлі жәрмеңкеге Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары 680 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімін әкелді.

Ауа райының жауын-шашынды, қолайсыз болғанына қарамастан, сауда қызу жүруде. Елордалықтарды тауар бағасы ерекше қуантты. Қала тұрғындарына жәрмеңкеде әлеуметтік маңызы бар тағам түрлері, атап айтқанда, картоп, пияз, қызанақ, қияр және т.б. көкөніс түрлері, ет, балық, кондитерлік өнімдер ұсынылды. Тауарлар нарықтық бағадан 15-20 пайызға арзан сатылады. Жәрмеңке екі күнге созылады.

Келесі аптада, 19-20 қыркүйекте, елорда тұрғындары мен қонақтары өзге азық-түлік өнімдерінен бөлек қызыл балық түрлерін арзан бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. «Астаналық» саябақта Атырау облысының жәрмеңкесі өтеді. «Мега» СОО алдындағы алаңда Павлодар облысының ауыл шаруашылық өнімдері сатылуда.

Астана жаңалықтары: Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде

Астана жаңалықтары: Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде

Астана жаңалықтары: Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде
Әрі қарай