2020 жылға дейін елордадағы денсаулық сақтау саласын дамытуға 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

Астана қаласы маслихатының бюджеттің әлеуметтік мәдени дамуы мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармаларының 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобаларын ұсынды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы маслихатының бюджеттің әлеуметтік мәдени дамуы мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысында белгілі болғандай, алдағы үш жылдық кезеңге денсаулық сақтау басқармасына 27,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2018 жылы бұл салаға 9,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

«2018 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының жалпы көлемі шамамен 28, 9 млрд теңгені құрамақ. Дәлірек айтқанда, сала қор есебінен де қаржыландырылатын болады. Бұл қаражаттың шамамен 19,5 млрд теңгесі дәрі-дәрмекке, скринингтік зерттеулерге, жедел жәрдеммен қамту қызметіне бағытталатын болады», — деп атап өтті Астана қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді.

Оның айтуына қарағанда, ана мен баланы қорғау қызметтеріне алдағы үш жылға 1 млрд теңге, дәрі-дәрмекпен қамту шараларына 1,2 млрд теңге қарастырылып отыр. 2018 жылы аталмыш мақсаттарға 380 млн теңге бөлінеді деп күтілуде.

«2018 жылы бюджет қаражатының 320 млн теңгесі 100 орынға лайықталған мамандандырылған сәбилер үйі тәрбиеленушілерінің, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың күтіміне бағытталатын болады. 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасына сәйкес, вакцинаны сатып алу және сақтау шараларына 455 млн теңге бөлінеді. Мәселен, 2018 жылы А гепатитіне қарсы 19 мың, тұмауға қарсы 18 мың вакцина сатылып алынбақ. Бұл мақсаттағы шығындардың көлемі 141 млн теңгені құрайтын болады», — деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Ерғали Егемберді, сондай-ақ, алдағы үш жылға арналған Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының да бюджет жоспарына тоқталып өтті. Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, аталмыш басқармаға алдағы 3 жылдық кезеңге 30,7 млрд теңге қарастырылуда. Қаражат негізінен міндетті жәрдемақыларды, 18 жасқа толмаған балаларға жәрдемақыларды төлеуге, мүгедектер мен балаларды санаторлы курорттық еммен қамтуға, «Инватакси» қызметін дамытуға, қоғамдық көліктермен жеңілдік бойынша жүруге, Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға мерекелік датаға орай бірыңғай материалдық көмекпен қамтуға жұмсалмақ.
Әрі қарай

10 қазаннан бастап Қазақстанда «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа заң күшіне енді

Назарларыңызға осы жылдың 10 қазанынан бастап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы (ары қарай — Заң) қолданысқа енгенін хабарлаймыз.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу келесі тәсілдер бойынша жүзеге асырылады:

— Кепілдік беру қорынан кепілдік алу;

— екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;

— тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.

Бірінші тәсіл бойынша шешімді «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ қабылдайды.

Екінші және үшінші тәсіл бойынша шешімді сәулет және қала құрылысы басқармасы жергілікті өкілетті атқарушы органы береді.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсілдері

Жоғарыда Заңда көрсетілгендей 9 және 10-бапта тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсілдері:

— Екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы арқылы,

— Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту

Мердігер тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын салған тәжірибесі болуы міндетті, оның ішінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер). Сондай-ақ мердігер өкілетті компания құрып, өз кезегінде:

1) мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесі;

2) ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң нәтижелі қорытындысы бар тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылыс жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы;

3) Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін инжиниринг компанияның бекіткен есебі;

4) инжиниринг компаниямен және келісім-шарты болуы тиіс.

Келтірілген нормалар Заңдағы 9 және 10-бапта нақты көрсетілген.

Осы үш тәсіл бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісімшарттарды есепке алу және талап етуде шегіне тұруды жергілікті органның атынан өкілетті тұлға ретінде сәулет және қала құрылысы басқармасы жүзеге асырады.

Пәтерлерді екі рет сатылмасы үшін үлестік қатысу туралы келісім-шарттарды есепке алу пәтер сайын жүргізіледі, бұл аяқталған пәтерлер мен үлескерлер санын анықтауға мүмкіндік береді.

«Базисинвестстрой» ЖШС мердігері мен «Рим кварталы» өкілетті компаниясы Заң шеңберінде жұмыс істеп, қыркүйекте нысанды пайдалануға берді.

Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуымен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берілгендігі туралы Астана қаласы әкімдігі елдімекендер арасында түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында:

13 қазан 2017 жылы Астана қаласы әкімдігінің №120-2094 қаулысымен «Цесинстрой» ЖШС өкілетті компаниясына және «Жаға НС» ЖШС – мердігеріне, Астана қаласы, Алматы ауданы, Ақ бұлақ-2 тұрғын алабы, Шарль де Голл көшесі (№16 13.10.2017 ж) мекенжайында орналасқан 6 қабатты, алаңы 4693,9 шаршы метр тұрғын үйдің (ғимарат) құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді.

Астана қаласы әкімдігінің 13 қазан 2017 жылы № 120-2093 қаулы бойынша «Аманат Строй» ЖШС – өкілетті компания мен «Kaz industrial group» ЖШС – мердігеріне Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, №48 участокта (№17 13.10.2017ж) орналасқан 1, 2, 15, 24 қабатты алаңы 31 508,31 шаршы метр (тұрғын ғимарат) тұрғын үйдің құрылысы үшін үлескерлерден ақша тартуға рұсат берілді.

Астана қаласы әкімдігінің 16 қазан, 2017 жылғы №120-2095 қаулысымен «Идеал Инвест групп» ЖШС – өкілетті компаниясы мен «Kaz industrial group» ЖШС — мердігеріне Астана қаласы, Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, №21/5 участогы (№18 16.10.2017 ж) орналасқан 21, 24 қабатты, алаңы 22 350, 49 шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді.

Астана қаласы әкімдігінің 20 қазан 2017 жыл №120-2095 қаулысымен «Жаз құрылыс» ЖШС – өкілетті компаниясы мен «Kaz industrial group» ЖШС – мердігеріне Астана қаласы, Есіл ауданы, Сауран көшесі, 21/1 үй (№19 20.10.2017 ж) орналасқан 1, 18 қабатты, алаңы 23 779,23 шаршы метр тұрғын үй құрылысын салуға үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді.

Естеріңізге сала кетейік, мұның алдын өкілетті компаниялар мен мердігерлер қосымшаға сәйкес тұрғын үйдің (тұрғын ғимарат) құрылысы үшін үлескерлерден ақша тартуға тиісті рұқсаттама алған болатын.
Әрі қарай

Елордада сәбилерге жиі қойылатын есімдер аталды

Астана жаңалықтары: Елордада сәбилерге жиі қойылатын есімдер аталды

Осы жылдың 10 айында Астанада 25 735 сәби дүниеге келген, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

«Есіл», «Сарыарқа», «Алматы» аудандары АХАТ бөлімдерінің статистикасына сәйкес осы жылдың 10 айында Астана қаласында 25 735 сәби дүние есігін ашқан.

Қыз балаларға қойылған ең танымал есімдер София, Амира, Кәусәр, Елдана болса ұлдарға Әлихан, Айсұлтан, Алан, Арлан есімдері жиі қойылған.

Сонымен қатар, елімізде өтіп жатқан елеулі оқиғаларға қатыстыда балаларға есім қою дәстүрі жалғасуда. Халықаралық ЭКСПО көрмесі кезінде «Есіл» ауданының АХАТ бөлімі Бәйдiбэкспо есімді ұл баланы тіркеген.
Әрі қарай

Жұмыс берушілер жұмысшыны портал арқылы таба алады

Соңғы екі айда Астанада www.enbek.kz порталы арқылы 206 жұмыс беруші 1193 бос жұмыс орындарын ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласының Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың мәліметінше жұмыспен қамту қызметін жетілдіруге қатысты Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы алғаш болып қыркүйек айында жаңа форматта жұмыс істей бастады.

«Негізгі өзгесітердің бірі ол HR – қызметі тұрғысынан жұмыс берушілерге қажетті мамандарды сапалы түрде таңдау болып табылады. Яғни, егер бұрын Жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеушілерге жұмыс орындарын іздесе, ал қазір, жұмыс берушілерге мамандар іздейміз», — деді Е.Оспанов.

Сондай-ақ енді жұмыс берушілерге бос жұмыс орындар туралы мәліметті беру үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп жүрудің қажеті жоқ.

«Ол үшін www.enbek.kz порталына тіркеліп жеке кабинет ашу арқылы өзінің бос жұмыс орындарын көрсете алады, ал жұмыс іздеушілер осы порталда электрондық түйіндемелерін толтырып, бос жұмыс орындарын қарай алады», — деді басқарма басшысы. ​​​
Әрі қарай

Елордада «LAULA-2017» халықаралық балалар байқауы өтті

Астана жаңалықтары: Елордада «LAULA-2017» халықаралық балалар байқауы өтті

Астанада өткен «LAULA-2017» бірінші халықаралық байқауына 820 бала қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Биыл алғаш рет өткізілген байқауға еліміздің тоғыз аймағы мен Ресейдің бірқатар қалаларынан келген өнерпаздар қатысты. Сондай-ақ, Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері мен Астана қаласының балалар шығармашылық ұжымдары белсенділік танытты. Байқаудың ең жас қатысушылары Семей қаласындағы балабақшадан келген «Нұршашу» ансамблі.

«Конкурстың мақсаты — шығармашылық әлеуетті дамытуға жағдай жасап, балалар мен жасөспірімдер арасындағы дарынды орындаушыларды анықтау, қатысушылар бойында өзара қарым-қатынас тәжірибесін арттыру. Сонымен қатар, вокал, аспаптық музыка, хореография мен бейнелеу өнері бойынша қабілетті балаларды анықтап, олардың жетістіктерін білікті мамандарға көрсету», — деді ұйымдастырушылар.

Балалар байқауындағы түрлі аталымдарға еліміздің белгілі өнер қайраткерлері қазылық етті. Олардың қатарында ҚазМӨУ профессоры Орынбай Дүйсен, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Хамзина, Мемлекеттік «Наз» ансамблінің жетекшісі Хадиша Ағымбаева, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық көркем сыншылар қауымдастығы ұлттық секциясының мүшесі Ардақ Юсупова мен «Оқушылар сарайы» МКҚМ директоры Ұмсын Арқабаевалар бар.

«Балалардың шығармашылық деңгейі жылдан жылға артып келеді. Көптеген жаңа балалар әндері пайда болды. Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Гран-при иегері Абдрахман Ерболатты Рига қаласында өтетін халықаралық конкурсына жіберу көзделіп отыр», — деді қазылар алқасының мүшесі ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Хамзина.

Барлық қатысушылар байқаудың дипломанты атанды. 35 қатысушы бірінші орынды, 48 қатысушы екінші орынды иеленсе, 47 үміткер үшінші орынды қанжығалады. Төрт номинация бойынша төрт жасөспірім Гран-при иегері атанды.
Әрі қарай

Астананың 20 жылдығының логосына 8 млн теңге жүлделік байқау жарияланды

Астана жаңалықтары: Астананың 20 жылдығының логосына 8 млн теңге жүлделік байқау жарияланды

Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөнінде штабтың отырысында конкурсты өткізу туралы бірқатар ұсыныстар қарастырылып, 2017 жылдың 6 қарашасы мен 27 қараша аралығында 22 күнтізбелік күнге созылатын конкурс жариялау туралы ортақ пікір қабылданды. Конкурсқа өтінімдер жеке және заңды тұлғалардан қабылданатын болады (шығармашылық топтар, жарнама агенттіктері мен фирмалар, суретшілер, сәулетшілер, жобалық ұйымдар, авторлық ұжымдар).

Сонымен қатар, үздік брендбукті таңдайтын сараптау комиссиясы құрылуда.

Конкурстың мақсаты – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай тарихи-мәдени сабақтастықты, сонымен қатар республика астанасының болашақ дамуының тенденцияларын ескеретін, қала имиджінің жаңаруына және оның өзіндік ерекшеліктерінің бекуіне әсерін тигізетін, бренд-бук, логотип пен ұран жасау бойынша жақсы концептуалды жобаларды анықтау.

Үздік деп танылған логотип пен ұран Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өту, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда әрі қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға пайдаланылады.

Конкурстың қорытындысы бойынша комиссия үздік бренбукті таңдап, жеңімпазға 8 000 000 (сегіз миллион) теңге табыстайды.

Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай үздік брендбук (BrandBook) туралы байқау ережесі

Жалпы ережелер

1. Бұл ереже Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай үздік брендбук (BrandBook) – (фирмалық стиль), логотип пен ұран жасауға байқауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін анықтайды (бұдан әрі – Байқау).
2. Логотип – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығы оқиғасының ерекшелігін жеткізе алатын, графикалық, әріптерден тұратын, бейнелермен, әріптермен, оюлармен т.с.с. біріктірілген көрнекі немесе көлемді белгі белгіленген кез-келген қисын (эмблема, сөздер, әріптер, сандар, бейнелеу элементтері, түстер қисыны).
3. Ұран – қала тұрғындары мен қонақтарының эмоционалды үміттерін құра отырып, қаламен байланысты (ассоциацияланатын) қысқа жеңіл есте қалатын сөйлем мен сөз тіркесі.

Байқаудың мақсаты мен міндеттері

1. Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай тарихи-мәдени сабақтастықты, сонымен қатар республика астанасының болашақ дамуының тенденцияларын ескеретін, қала имиджінің жаңаруына және оның өзіндік ерекшеліктерінің бекуіне әсерін тигізетін, бренд-бук, логотип пен ұран жасау бойынша үздік концептуалды жобаларды анықтау.
2. Үздік деп танылған логотип пен ұран Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда, сонымен қатар қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға пайдаланылатын болады.
3. Байқаудың міндеттері:
Елорда брендбугін, логотипі мен ұранын әзірлеуге барынша қатысушылар санын тарту;
Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай ерекше логотип пен ұран дайындау мен құру.

Байқаудың әкімшісі

1. Байқаудың әкімшісі «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» ММ (бұдан әрі – Басқарма) болып табылады.

Байқауды өткізу орны

1. Байқауды өткізу орны – Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, 5 қабат, № 539 кабинет.

Байқауды өткізудің шарттары мен тәртібі

1. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу үшін, сондай-ақ оның нәтижелерін жариялау мақсатында Астана қаласы әкімінің өкімімен Сараптама комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) дербес және сандық құрамы жасақталады.
2. Комиссиясы жұмысының негізгі формасы отырыс болып табылады. Комиссия жұмысының айқындығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында оның отырыстарында тәуелсіз бақылаушылардың қатысуына рұқсат етіледі. Байқау комиссия отырыстарында бақылаушылар ретінде Астана қаласы мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа да мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, коммерциялық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатыса алады.
3. Комиссиясы келесі қызметтер атқарады:
Байқау талаптарына сәйкес келетін, келіп түскен материалдарды бағалайды;
Байқау жеңімпаздарын анықтайды;
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізеді.
4. Комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қатысушылардың көпшілігінің даусымен қабылданады. Қарау нәтижесі хаттамамен рәсімделеді және Комиссиясының төрағасымен бекітіледі.
5. Комиссиясының мүшелері:
нақты ұсыныстарды талқылауға, қарастыруға және сәйкестендіруге қатысады және Байқаудың жеңімпаздарын анықтау туралы шешім шығаруды қамтамасыз етеді;
Байқауға ұсынылған барлық материалдармен танысуға, сонымен қатар Комиссия отырысының хаттамасында жеке пікірін көрсетуге құқылы;
заңнама талаптарын сақтауға, Байқау ұсыныстарын әділ және бейтарап қарауға міндетті;
талаптарға сәйкес келмейтін қаланың жалпы принциптеріне қайшы келетін Байқау жұмыстарын кері қайтаруға құқылы.

Жеңімпаздарды марапаттау

1. Байқау нәтижелері бойынша жеңімпаздарға 8 000 000 (сегіз миллион) теңге көлемінде марапаттау туралы шешім қабылданады.

Байқаудың қатысушылары

1. Байқауға қатысуға шығармашылық шеберханалар, жарнама агенттіктері және фирмалар, суретшілер, архитекторлар, жобалық ұйымдар, аралық мамандықтар мамандары қатыса алады (бұдан әрі – Қатысушы).
2. Әрбір Қатысушы шексіз жұмыстар санын ұсына алады.
3. Байқауға қатысуға қаланың визуалды сәйкестігінің келесі элементтері кіретін байқау жұмыстары жіберіледі:
логотип — графикалық элементтер, кейіптер, әріптер, түрлі түсті шешімдер;
ұран — негізгі идея;
брендбук — фирмалық стильді пайдалану бойынша нұсқаулық.
4. Комиссия ұсыныстың уақытылы түспеуіне, жоғалуына немесе бүлінуіне жауап бермейді.
5. Байқау талаптарына сәйкес келмейтін, уақытынан кеш түскен немесе белгіленген талаптардың бұзылуымен жасалған байқау жұмыстары Байқауға қатысуға жіберілмейді.
6. Байқауға ұсынылған конкурстық жұмыстар қайтарылмайды және рецензияланбайды.
7. Байқаудың өткізілуі Байқау туралы ақпаратқа әділ, ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету және оны қоғамның бақылауы мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен сүйемелденеді.
8. Байқауға ұсынылатын жұмыстарда өзгенің әрленім идеясын (толығымен немесе ішінара) пайдалануға тыйым салынады. Бұл шартты орындамаған жағдайда, жұмыс байқауға қатыстырылмайды. Байқау жұмыстарының әрленімі авторлық құқықтарды, логотипке құқықтарды, тауарлық белгілерді, фирмалық атаулар немесе өзге де жарнамаға мүлкі құқығын қоса алғанда үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбауы қажет.

Байқауды өткізу және жұмыстарды ұсыну мерзімі

1. Байқау бір кезеңмен өткізіледі.
2. Байқауды өткізу мерзімі: 2017 жылдың 6 қарашасы мен 27 қараша аралығы.
3. Байқау жұмыстары қарастыруға баспа түрде келесі мекен-жай бойынша: 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, № 535 кабинет, 2017 жылдың 27 қарашасы сағат 18:00-ден кешіктірмей тапсырылуы қажет. Байланыс телефондары: +7 (7172) 556719, 556717.
4. Егер қатысушыға жазбаша түрде жұмыстың қабылданғаны туралы растау жіберілген жағдайда жұмыс қабылданған болып есептеледі.
5. Байқауға ұсынылатын материалдардың құрамы:
жобалық материалдарды дайындау кезінде қатысушыларға көркем авторлық шеберлік еркіндік мүмкіндігі беріледі;
байқау жұмысы графикалық және сипаттамалық бөлімдерден тұруы қажет және қағаз тасымалдауышта орындалуы қажет.
6. Байқау жұмысына келесілер кіруі тиіс:
1) графикалық бөлім (А4, А3 пішіндегі қағазда орындалады):
логотип пен ұранның авторлық идеясының бейнеленуі;
жобаның идеясы мен көркемдік шешімдерін көрсететін нобайлар, сызбалар мен суреттер (жоба авторларының көзқарастары бойынша таңдалады);
қалалық ортада авторлық идеяны пайдаланудың фотомонтажы немесе басқа бейнесі (визуализация).
2) суреттер .jpeg форматта ұсынылады, ажыратымдылығы 300 dpi-дан кем болмауы, электронды нұсқадағы көлемі 5 Мб-тан артық болмауы тиіс. Байқау шартының сұранысы бойынша қатысушы .cdr, .psd пішіндерінде байқаудың графикалық материалдарын ұсынуы қажет.
3) мәтіндік бөлім – қабылданған сәулеттік-көркемдік шешімдердің мәнін ашатын және негіздейтін брендбуктің рәміздерінің сипаттамасымен түсіндірме жазба.

Байқау жұмыстарына қойылатын негізгі талаптар

1. Байқау жұмыстарына техникалық талаптар:
идеяның түпнұсқалығы және Байқау мақсаттары мен міндеттерін ашатын көркемдік шешімдер кіруі;
ерекше, түпнұсқалы, заманауи, ықшам, көп қырлы графикалық элемент;
үш тілде ұран мәтіні (қазақ, орыс, ағылшын);
логотип бейнеленген графикалық файл;
түрлі-түсті шешім (түрлі-түсті және монохромды форматта басып шығару мүмкіндігі;
қала логотипін кәдесый және полиграфиялық өнімдерде пайдалану үлгілері;
кез-келген бетте (қағазда, картонда, шыныда, ағашта, металда) орналастыру мүмкіндігі;
технологиялық талаптарға сәйкестік (өлшемдері өзгерген жағдайда оқылу мүмкіндігін сақтау, түрлі-түсті және монохромды нұсқада бірдей сәтті көрініс);
Астана қаласының 20 жылдығына фирмалық стильді пайдалану бойынша жазбаша нұсқаулықты ұсыну.
2. Келесілерді дайындау және ұсыну қажет:
қала логотипі – кемінде 3 нұсқа;
қала ұраны – кемінде 4 нұсқа;
брендбук – брендтің тұжырымдамасының мәтіндік сипаттамасы, логотиптің түрлі-түсті шешімдері және оны әртүрлі беттерде пайдалану үлгілері.
3. Брендбукке келесілер кіруі қажет:
1) Логотип:

тұжырымдама (сипаттама). Фирмалық стильдің негізгі элементі ретінде фирмалық белгілінің тұжырымдамалық сипаттамасы. Белгінің идеологиясы;
логотиптің визуалды шешімі;
фирмалық белгіні басып шығарудың шарттары;
масштабтық тордың көмегімен фирмалық белгіні үлкейту/кішірейту жағдайлары;
2) логотиптің ұранмен үйлесе орналасу үлгілері:
тігінен;
көлденеңінен;
ярустық.
4. Логотиптің ұранмен үйлесе орналасу шекралары (рұқсат етілетін пропорциялары):
1) логотиптің түрлі-түсті гаммасы:
логотиптің негізгі түстерін анықтау;
рұқсат етілетін қосымша түстерді анықтау.
2) шрифт:
логотип пен ұранға шрифтті таңдау;
шрифтті пайдалану шарттары.
5. Логотип пен ұранның орналасу ережелері:
сыртқы жарнама, көше көрсеткіштері;
фирмалық киім, галстуктер, орамалдар мен шарфтар.
кәдесый өнімдері: блокнот, қалам, пакет, саптыаяқ, тәрелке, сағат, белгілер;
қалалық көлікті рәсімдеу
қоғамдық көлік аялдамалары және қаладағы навигация
қалада көрме және жарнамалық конструкциялар рәсімдеу
қаланы сыртқы брендтеу (пилондар, жарнама панельдері, қабеттік модульдер, ту конструкциялары, жол көрсеткіштер, пиктограммалар, навигациялық элементтер, кіші архитектуралық формалар). Конструкциялар саны тапсырыс берушінің келісімімен.
ғимараттар экстерьері: кіріс тобын, қасбеттерді, витриналарды, ілінетін конструкцияларды рәсімдеу.
6. Иллюстрацияларды пайдалану ережелері – графикалық кескіндер мен фотосуреттер. Суреттердің көңіл күйі, графикалық стиль, түрлі-түсті палитра.
7. Фирмалық стильмен жұмыс жасау тәртібі мен ережелері.
8. Пайдаланудың жіберілмейтін үлгілері
логотип;
шрифттер;
түрлі-түсті гамма.
9. Ұранға қойылатын негізгі талаптар:
ықшамдық, нақтылық;
шындыққа сәйкестік – сенімділік тудыруы және шындыққа сәйкес келуі қажет;
көз тартымдылық – адамдарға неге бұл қалада өмір сүргісі, бала өсіріп, оған үлес қосып, онда жұмыс жасағысы келетіндігінің жеке себептерін жеткізуі қажет;
қабылдауға қарапайымдылық;
түпнұсқалық;
ақпараттық;
есте қалушылық;
іс-әрекетке түрткі болу;
қала логотипіне сәйкес келу, логотиппен бірге тұтас образ жасауы қажет;
ұран мақсатты аудиторияның жиіркенішін тудырмайтындай жазылуы қажет: оңай оқылуы, айтуға күрделі сөздер мен абревитуралар болмауы қажет;
ұранның ешқандай саяси немесе діни себептері болмауы қажет;
коммерциялық кәсіпорынмен, брендпен, қызметпен немесе тауармен бірегейлену құқығына ие болып табылатын немесе ие болған ұран пайдаланылмауы қажет.
10. Логотипке қойылатын басты талаптар:
500х500 пиксельден кем емес, өлшемі 300 КБ кем емес графикалық файл;
қаланың логотипінің үш тілде мәтіні мен иллюстрациясы (қазақ, орыс, ағылшын);
түрлі-түсті шешім (түрлі-түсті, монохромды, рельефті басып шығару мүмкіндігі).

Авторлық құқықтар

1. Ерекше мүліктік және аралас құқықтар, дәлірек айтқанда жеңімпаздың логотипін пайдалану және жеңімпаз логотипін пайдалануға рұқсат беру немесе тыйым салу ерекше құқығы «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасына» ММ (бұдан әрі – Басқарма) беріледі.
2. Байқау жеңімпазы Басқармамен логотипке ерекше мүліктік және аралас құқықтарды беру туралы ақысыз түрде шарт жасасуы қажет.
3. Байқау нәтижелері жарияланғаннан кейін 5 күн ішінде конкурс жеңімпазы логотипке мүліктік авторлық және аралас құқықтарды беру туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда қазылар алқасы конкурс қатысушылары арасынан басқа жеңімпазды таңдайды.
4. Ұсынылған жұмысқа авторлық және аралас құқықтарды қоса алғанда үшінші тұлғалар талаптар, наразылықтар мен талаптар ұсынған жағдайда қатысушы оларды өз атына және өз есебінен шешуге міндетті.
5. Байқау ұйымдастырушылары Басқармамен жасалған келісім-шарт негізінде авторлық сыйақы төлемей ұсынылған материалдарды ақпараттық және жарнамалық-имидждік мақсатта жария түрде пайдалануға (тираждауға, материалдарды жалпыға ортақ мәліметке жеткізуге және т.б.) құқығын өзіне қалдырады.
Әрі қарай

Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтарға құлақтандыру

Астана жаңалықтары: Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтарға құлақтандыру

Астаналықтар мен қала қонақтарын 6-12 қараша аралығында болатын өте қызықты мәдени бағдарламалар күтіп тұр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында бірнеше премьера өтеді. 9 қараша күні М.Ладоның «Өте қарапайым оқиға» атты мелодрамасына баруға болады. 10 қараша күні И.Вырыпаевтың «Валентиндер күні» ирониялық драмасы, 11 қарашада В.Илюховтың «Настеньканың шытырман оқиғалары» ертегісі мен Н.Гогольдің «Ревизор» пьесасы бойынша жасалған «Мұнда бәрі өзіміз» импровизациясы, 12 қараша күні Г.Андерсеннің «Дюймовочка» ертегісі мен К.Людвигтің «Примадонна» комедиясын тамашалай аласыздар.

Бейбітшілік және келісім сарайында қарашада тұрғындар мен қонақтар бірнеше оқиғаны қатар көре алады. 6 қарашада «Медея» спектаклі, 7 қарашада «Федра», 8 қараша күні «Актриса» спектаклі болып өтеді.

Жастар сарайында 6 қараша күні «Artrainbow» халықаралық балалар фестиваль-конкурсы болады, 9 қараша «Қазақстан раушандары» ІІІ халықаралық балалар хореография өнерінің фестиваль конкурсы өтеді.

«Астана Операда» 8 қараша күні Ғазиза Жұбанованың туғанына 90 жыл толуына орай концерт болады, 12 қарашада балаларға арналған «Жануарлар карнавалы» музыкалық-поэтикалық концерті өтеді.

«АЛЖИР» музейінде 6-12 қарашада «Белоруссия әйелдерін еске алу – АЛЖИР тұтқындары» көрмесі мен лекция өтеді, 10 қарашадан «Ары да, жаны да жараланғандар» слайдымен көрме ұйымдастырылады.

«Астана» концерт залында 7 қараша күні ХХ «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты жабылу кеші өтеді.
Әрі қарай

Алдағы үш жылда елордадағы білім беру саласын дамытуға 129,8 млрд теңге бөлінбек

Астана жаңалықтары: Алдағы үш жылда елордадағы білім беру саласын дамытуға 129,8 млрд теңге бөлінбек

Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында білім беру, жастар саясаты және спорт салалары тұрғысындағы 2018-2020 жылдарға арналған елорда бюджетінің жобасы ұсынылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары Айжан Түгелбаеваның келтірген мәліметтеріне қарағанда, білім беру саласында ұсынылатын қызметтердің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету үшін 2018-2020 жылдарға Астана қаласының бюджетінен 129,8 млрд теңге қарастырылған. Оның 519,6 млн теңгесі – халықтың мақсатты топтарына жататын 30 мың баланың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне, 19,2 млрд теңгесі — ТжКБ алуға мемлекет кепілдігі шартымен мемлекеттік білім тапсырысын орналастыруға бөлінеді деп жоспарлануда.

«Мектептерге келетін болсақ, оқушылар саны көп 36 мектепті, оның ішінде үш ауысымда білім беретін 11 мектептің проблемаларын шешу үшін 2018 жылдың бюджетінде 9 жаңа мектеп пен 2 қосымша ғимараттың құрылысын аяқтауға, сондай-ақ, 15 мектеп пен 8 қосымша ғимараттың құрылысын жобалауға қаражат салынбақ», – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары.

Сонымен қатар, оның мәліметтерінше 2018 жылы 5 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 1,2 млрд теңге, 1-4 сыныптың шамамен 65 мың оқушысын тегін тамақпен қамтамасыз етуге – 3,8 млрд теңге қарастырылды.

Ал жастар саясаты саласында үш жылдық кезеңге 1,9 млрд теңге қарастырылды, олардың есебінен мақсатты іс-шаралармен шамамен 80 мың адамды, оның ішінде 23 аула клубы негізінде 5 мың адамды қамту болжануда.

Бұқаралық спортты дамыту үшін 72 шынықтыру пәндері шегінде 2018-2020 жылдарға 30 млрд теңге қарастырылды. Жыл сайын шамамен 250 мың адамды қамтитын спорттық 550-ден астам іс-шараны өткізу жоспарлануда.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10 спорт клубын және балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебін, «Достық» спорт комбинаты» МКҚК және «Алау» мұз сарайын ұстау шаралары жүзеге асырылатындығын атап өту керек.

Бұдан бөлек, елорданың 20 жылдығын мерекелеу және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында іс-шараларға баса назар аударылатын болады, олардың ішінде «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» деген 4 кіші бағдарлама бойынша шамамен 160 іс-шара қарастырылған.
Әрі қарай

«Шабыт» фестивалі 20-шы рет өткізіледі

Астана жаңалықтары: «Шабыт» фестивалі 20-шы рет өткізіледі

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысуға 515 өтінім берілді. Астана атынан байқауға 100 адам қатысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Астанада қарашаның 3-і мен 7-сі аралығында XX «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалі өтеді. Фестиваль «Классикалық музыка», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы», «Цирк өнері», «Үздік әдеби шығарма», «Актерлік шеберлік» аталымдары бойынша өткізіледі», — деді елордалық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Оның айтуынша, фестивальге қатысуға 515 адам өтінім берген. Жастар байқауында бас қаладан 100 үміткер қатысады. Қазақстандық қатысушылармен қатар Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан, Латвия, Армения сияқты мемлекеттерден келген үміткерлер де бақ сынайтын болады.

«Қазылар алқасының құрамына Қазақстан, Украина, Якутия, Армения, Сербия, Литва, Германия, Австрия, Мексика, Ресей, Македония, АҚШ, Иордания, Италияның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері енді», — деді Мұхамбеталина.

Айта кетейік, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі биыл жиырмасыншы рет өткізіледі. Осыған дейін фестивальге өнердің түрлі жанрлары бойынша 10 мыңнан астам адам қатысқан. Әр жылдары қазақстандық сықақшы Тұрсынбек Қабатов, ақын Қалқаман Сарин, балет артисі Әйгерім Бекетаева, опера әншісі Айгүл Ниязова, «Меломен» тобы, Аша Матай, әнші әрі композитор Қайрат Баекенов және басқа да кеңінен танымал шығармашылық тұлғалар фестиваль Гран-приін иеленген болатын.
Әрі қарай