ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттер сату басталды

Бүгіннен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттерді онлайн-сату басталды. Билет бағдарламасы бойынша әрбір қазақстандық көрмені көру мүмкіндігіне ие болады.

Астанада өтетін халықаралық көрменің билет бағдарламасы шараны өткізудің әлемдік тәжірибесінде бірегейі. Экспозицияны Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім және 6 жасқа дейінгі балалар тамашалай алады. Зейнеткерлер, көп балалы аналар, студенттер мен оқушыларға жеңілдіктер жасалады.

ЭКСПО көрмесіне 2 миллионнан астам қонақ, бес миллионға жуық рет келеді деп күтілуде. Қазіргі кезде 89 мемлекет пен 15 халықаралық ұйым ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындарын растады.

Билеттер мен басқа да билет өнімдері сатылымға кезең-кеземен шығарылады. 10 маусым -10 шілде аралығында промокезең өткізіледі, бұл кезде билетті барынша төмен бағамен сатып алуға болады. Ал 10-20 маусымда 50%, 21-30 маусымда 30%, 1-10 шілдеде 20% жеңілдік жасалады.

Астана жаңалықтары: ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттер сату басталды

Сонымен қатар, 10 шілде–10 тамыз аралығында туроператорлар мен реселерлер үшін промокезең өткізіледі. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде барша Қазақстан бойынша офлайн-кассалар ашылады. Ұлттық мерекелерді өткізу аясында билеттерді көшпелі сатуды ұйымдастыру жоспарланған. Бұдан басқа, билет сатуға ЭКСПО-2017 серіктестері – «Казпочта» АҚ, «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «Air Astana» АҚ тартылады.

Жалпы алғанда, билеттерді алдын ала сату биылдан бастап 2017 жылдың 9 маусымына дейін жүргізіледі. Билетті www.tickets.expo2017astana.com сайтынан сатып алуға болады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астанада стритболдан әлем чемпионаты аяқталды

Осыдан бұрын Астанада стритболдан әлем чемпионаты басталғанын хабарлаған болатынбыз. Әлем чемпионатының кездесулері 3х3 форматында өтті, оған әлемнің 30 мемлекетінен 200 жуық спортшы қатысты. Бұл додалы бәйге өз мәресіне жетіп, жексенбі күні «Астана Опера» театрының жанындағы алаңда көше баскетболынан Әлем чемпионатының ақтық жарыстары өтті. Бірнеше күн бойы стритболдан Әлем біріншілігінде 20 ерлер және 20 әйелдер командасы өзара шеберлік байқасты. Ерлер арасында катарлық, әйелдер арасында француз командасы көш бастады. Осы Катар құрамасы шешуші ойында Қазақстанға ширек финалға шығуға мүмкіндік бермеген еді.

Астана жаңалықтары: Астанада стритболдан әлем чемпионаты аяқталды

Ширек финалда ерлер арасында Словения-Бразилия, Италия-Грузия, Аргентина-Катар және Жаңа Зеландия-Уругвай командалары кездесті. Жартылай финалға Бразилия, Италия, Катар және Жаңа Зеландия құрамалары өтті. Катар жаңазеландиялық команданы айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алып, ақтық сайыста турнирдің фавориттері атана алмаған, бірақ тартысты ойын көрсеткен Бразилия командасымен күш сынасты. Жартылай финалда бразилиялықтар екі айыппұл добын дөп тигізіп, Италия командасын бір ұпай басымдықпен жеңіп шықты. Шешуші кездесуде 20:12 есебімен катарлықтар топ жарды, ал Италия құрамасы чемпионаттың қола жүлдегері атанды.

Астана жаңалықтары: Астанада стритболдан әлем чемпионаты аяқталды

Әйелдер арасындағы ойындар да қызықты өтті. Ширек финалда Венгрия-Испания, Франция-Нидерланды, АҚШ-Қытай, Жаңа Зеландия-Чехия құрамалары кездесті. Жартылай финалға Испания, Франция, АҚШ және Чехия командалары өтті. АҚШ құрамасы турнирдің сөзсіз фавориттері атанып, финалға шықты. Испания-Франция командалары арасындағы жекпе-жек бір ұпай айырмашылықпен француздардың пайдасына шешілді. Франция мен АҚШ командаларының ақтық кездесуінде француз спортшылары 21-12 есебімен жеңіп шықты. Үшінші орын үшін болған ойында испандықтар Чехия командасынан басым түсті.

Астана жаңалықтары: Астанада стритболдан әлем чемпионаты аяқталды

FIBA Халықаралық баскетбол федерациясының өкілдері Қазақстанның астанасында өткен Әлем чемпионатына жоғары баға беріп, ұйымдастырушылардың да, спортшылардың да, Әлем біріншілігінің трансляциясын ғаламтордан тамашалағандардың да сенімін ақтағанын атап өтті.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астана мен Сеул дәрігерлері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Астана жаңалықтары: Астана мен Сеул дәрігерлері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Медициналық туризмді дамыту аясында Астана мен Сеул дәрігерлері денсаулық сақтау саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық орнату туралы меморандум жасасты. Кореялық дәрігерлер елордалық медицина қызметкерлеріне мемдициналық мекемелерді тиімді басқару әдістерін үйретеді. Сонымен қатар, биыл елордалық дәрігерлер Сеулдегі Корея денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтында тағылымдамадан өтеді.

Өзара іс-әрекеттің бірінші кезеңінде корейлік тарап Астананың денсаулық сақтау саласындағы ағымдағы жағдайды зерттеп, талдау жасайды. Атап айтқанда, менеджмент, медициналық және ақпараттық технологиялар, ауруханалардың, емханалардың және перинаталдық орталықтардың жабдықталуы қаралады.

Кореялық менеджерлер мен докторлардан жұмыс тобы құрылады, олар елордалық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерін оқытатын болады.

Астаналық дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істей және пациенттерді емдеу үшін №1 қалалық аурухана базасында кореялық медициналық орталық құру жоспарланған. Сонымен қатар кореялық дәрігерлер қазақстандық әріптестеріне ауыр аурулардың салдарымен күреспеу үшін профилактикалық медицинаны дамытуды ұсынды. Кореялық сарапшылардың айтуынша, денсаулық сақтауды дамыту үшін Астананың әлеуеті зор, медициналық ұйымдар жоғары деңгейде жабдықталған, тек кадрлық саясатты және менеджментті ғана жақсарту керек.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10662
Әрі қарай

Елордалық алаңдарда мерекелік концерттер өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Елордалық алаңдарда мерекелік концерттер өтіп жатыр

Бүгін Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтуде.

«Жастар» сарайының алдындағы алаңда кішкентай елордалықтар үшін түрлі конкурстар мен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. «Жастар» сарайындағы үйірмелер мен секциялардың тәрбиеленушілері сахнада өздерінің спорттық және музыкалық таланттарын паш етті. Сонымен қатар, қаланың басқа да мекемелерінен де балалар шақырылды.

Концертті ересектер де тамашалады. Елорда тұрғыны Дирия Аманбаева – зейнеткер, ол бүгінгі мерекеге немересімен бірге келген екен.

– Бүгін атаулы күн – немерем Ақмаржанның алғашқы Балаларды қорғау күні мерекесі. Ол бір жасқа толды, бұл ол үшін жаңа нәрсе, балалар көп, өте қуанышты. Менің жеті немерем бар, бәрі де талантты: бірі әнші, бірі биші. Балаларға қарап тұрып, болашақта немерем немен шұғылданады екен деп ойланып қалдым. Нақты айта алмаймын, бірақ меніңше, әнші болатын сияқты, — дейді Дирия Аманбаева.

Shami-NS білім беру және спорт орталығы шәкірттерінің өнері мереке қонақтарын тәнті етті. Олар каратэден өз машықтарын ортаға салды.

– Менің ұлым Никита 11 жаста. Ол 2015 жылдың тамыз айынан бастап жаттығады, осы уақыттың ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Оның каратэге бар деп ешкім де мәжбүрлеген жоқ. Ол осы спорт түрін ұнатады, қазір көк белбеуі бар, қалалық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинайды, – дейді қала тұрғыны Дмитрий Горбачев.

Мерекелік бағдарлама қанық болды, балалар концерт те тамашалады, интерактивті конкурстарға да қатысты.

– Бүгінгі концерттік бағдарламаға сарайдағы үйірмелерге келіп жүрген балалардан басқа, Астана қаласындағы вокалдық студиялардан, білім беру және спорт орталықтарынан, шығармаылық ұжымдардан да балалар атсалысуда. Қазіргі кезде «Жастар» сарайында 7 үйірме жұмыс істейді. Бүгін концерттік бағдарламадан басқа, көпшілікпен интерактив, асфальтқа сурет салудан конкурс өтеді, – деді «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников.

Еске салайық, «Жастар» сарайы Балаларды қорғау күні қарсаңында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерекелік шара ұйымдастырған болатын. 30 мамырда Есіл балалар үйінің тәрбиеленушілері және мүмкіндігі шектеулі 12 бала орталық парктегі аттракциондарға барды.

Бүгін қала бойынша концерттер мен ойын*сауық бағдарламалары ұйымдастырылып жатыр. Қаржы министрлігінің алдындағы алаңда кішкентай елордалықтар үшін қызықты ойындар, асфальтқа сурет салудан «Граффити» конкурсы мен флешмоб өткізілді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10661
Әрі қарай

Астанада стритболдан Әлем чемпионаты басталды

Астана жаңалықтары: Астанада стритболдан Әлем чемпионаты басталды

Астанада көше баскетболынан ерлер мен әйелдер командаларының арасында әлем біріншілігі өтіп жатыр. Стритболдан «Астана Опера» театрының алдындағы ашық алаңдағы 3x3 форматындағы кездесулер 5 маусымға дейін жалғасады.

Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) басқарушы директоры Алекс Санчестің атап өтуінше, Әлем біріншілігін өткізу үшін Қазақстанның таңдалуы кездейсоқ емес. Стритболды барша әлемде, соның ішінде біздің де елімізде дамыту көзделген. Оның айтуынша, арнайы турнир үшін доптың жаңа түрі жасалды, ол жабынымен және өлшемімен ерекшеленеді.

— 2015 жылы Қазақстан турнирді өткізу мәртебесіне ие болды. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам ойыншыны көріп отырмыз. Балалар үшін арнайы ойын алаңдарын салдық, 8-10 жастағы балалар стритболға әуес болады, біз үшін осындай көше мәдениетінің ұйымдасқан және белгілі бір бағытта дамығаны, салауатты өмір салтын ұстану маңызды, — деді Қазақстанның стритбол лигасының вице-президенті Асхат Ағыбаев.

Елордада ерлер мен әйелдер құрамалары бас жүлдені сарапқа салуда. Жарыс төрт топта өткізіледі. Бүгін ерлер командасы Румыния құрамасымен алғашқы ойынын өткізеді. Ал әйелдер Нидерланды командасымен шеберлік байқасады.

Астанада өтіп жатқан әлемдік додаға Жаңа Зеландиядан өткен жылғы үздік ойыншы Тай Виньярд та келді.

— Осында қайтып келу мен үшін үлкен құрмет, айналадағының бәрі керемет, қала жақсы дамып келеді. Шын мәнінде, барлық командалар да мықты, бірақ Австрия, испан командаларын ерекше атап өтпекпін, олар күшті, бір топты бөліп айту қиын. Осында болғаныма қуаныштымын, меніңше, бұл тамаша бірлескен жұмыс болады, — деп спортшы өз ойымен бөлісті.

Чемпионатқа келушілер қызықты ойын-сауық бағдарламасын тамашалайды. Үлкен аумақта баскетболдан және стритворкауттан шеберлік сыныптары өткізіледі, алғаш рет фристайлерлер мен ұшатын баскетболшы-акробаттар өнер көрсетеді.

Айта кетейік, осы күндері жаппай көше турнирлері, соның ішінде Астана кубогы да ұйымдастырылады, оған 10 жастан асқандар қатыса алады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10660
Әрі қарай

Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

Таңертеңнен бері қалалық парктерде балалардың сыңғырлаған күлкісі естіліп жатыр. Қала бойынша Балаларды қорғау күніне орайластырылған түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мерекеге орай бүгін автобустарда 15 жасқа дейінгі балаларға жол жүру тегін. Мерекені атап өту үшін Студенттік және Астаналық парктерге жүздеген бала келді.

Астана жаңалықтары: Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

Студенттік паркте мереке таңғы жаттығудан басталды. Содан кейін кішкентай көрермендердің назарына мерекелік концерт ұсынылды. Түрлі көлемдегі батуттар, тәтті-дәмділер, аттракциондар балаларға жақсы көңіл күй сыйлады.

Астана жаңалықтары: Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

Мерекеге орай безендірілген бесік арбалар шеруі өткізілді. Парктен жедел жәрдем көлігі сияқты немесе ұлттық нақышта безендірілген арбаларды кездестіруге болады. Енді біреулері ертегідегі перінің қанатындай арбаға қанат бітірген. Алты айдан бір жасқа дейінгі балалар еңбектеп жарысты, одан үлкендеу балалардың арасында велосипедшілер чемпионаты ұйымдастырылды.

Астана жаңалықтары: Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

– Барлық кішкентай астаналықтарды, олардың ата-аналарын мерекемен құттықтаймын! Балаларға оқуда озат болуды, бақыт пен қуанышқа толы балалық шақ тілеймін! Ал біз, ересектер олардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге тырысамыз. Меніңше, бүгінгі шара отбасылық қарым-қатынасқа өз пайдасын әкелуі керек, – деді «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Қасымхан Сенғазыев.

Студенттік паркте балалар мерекесі қуыршақ театрының спектаклімен аяқталды.

Кішкентай елордалықтарға арналған мерекелік шара Астаналық паркте де ұйымдастырылды. Балалар мен ата-аналарды ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтады. Паркте өнер көрмесі мен сурет байқауы өткізіліп, балаларға арналған шеберханалар, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылды.
Әрі қарай

Жаз бойы астаналық оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді

2016 жылғы 1 маусым – 31 тамыз аралығында 7-15 жастағы балалар қалалық және экспресс маршрутармен тегін жол жүретін болады. Қалалық әкімдік балаларға осындай тарту жасады.

Биыл мамыр айында қалалық мектеп оқушыларына атаулы көлік карталары беріле бастады. 7-15 жастағы балаларға аталған карталар оқу орындарында немесе ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен ASTRA PLAT атаулы көлік карталарын беру пунктінде тегін беріледі. 2015 жылы фототіркеуден өтпеген және көлік картасын алмаған балалар мамандандырылған ASTRA PLAT кассаларына жүгінуі керек. Мамандандырылған кассалар мен карталарды беру пункттері орналасқан орындар туралы 20 маусымнан кейін қосымша хабарланатын болады.

Астана жаңалықтары: Жаз бойы астаналық оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді

ASTRA PLAT электронды жолақы төлеу жүйесін қолданысқа енгізуге байланысты аталған акция балалардың көлік карталарын пайдалану механизміне дағдылануына ықпал етеді. Жазда балалар автобустарда көлік карталарын қолдануды (валидацияны) үйренеді, ал 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктермен 50% жеңілдікпен жүретін болады.

Атаулы көлік карталарын алмаған балалар қалалық қоғамдық көліктермен оқу орнынан берілген анықтаманы көрсетіп, тегін жүре алады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Қазақстандықтардың 64%-ы «ЭКСПО-2017» көрмесінен көп үміт күтеді

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «ЭКСПО көрмесі-2017» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Оған Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 1760 адам қатысты. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73%-ы әйел және 27%-ы ер азаматтар.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.
Зерттеу 2016 жылы 6-18 мамыр аралығында жүргізілді.
Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің максималды мөлшері 0,5%-дан аспайды.

Ел өміріндегі айтулы оқиға ЭКСПО халықаралық көрме жайлы қазақстандықтардың пікірі бір жақты. Жалпы, халықтың көзқарасы дұрыс. Бұл түйін зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 64%-ы көрмені өткізу мүмкіндігіне ие болған ел үшін
ЭКСПО-ң пайдалы тұсы – елімізде және әлемде ғылыми-техникалық прогресс дамиды, еліміздің халықаралық аренадағы беделі артады, үлкен кірістер, әрі инвестиция тартуға мүмкіндік туады және өзге елдермен тиімді байланыс орнатамыз дейді.

Астана жаңалықтары: Қазақстандықтардың 64%-ы «ЭКСПО-2017» көрмесінен көп үміт күтеді
Әрі қарай

«Мерейлі отбасы» конкурсы Астана қалалық турының қорытынды марапаттау салтанаты өтеді

Астана жаңалықтары: «Мерейлі отбасы» конкурсы Астана қалалық турының қорытынды марапаттау салтанаты өтеді

2016 жылы 3 маусымда сағат 15.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Мерейлі отбасы» конкурсы Астана қалалық турының қорытынды марапаттау салтанаты өтеді.

Аталған шараға Жүгінісовтер мен Салықовтар отбасы, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Дос, Ерболат Төлегенов («Әзіл әлемі») т.б. эстрада жұлдыздары қатысады. Келем деушілерге есік ашық.

Астана қаласының әкімдігі
Әрі қарай

Астанада халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді

Төртінші халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі — бұл бірінші кезекте озық қару-жарақ пен техниканың жеткізілуі мен шығарылуына миллиондаған келісімшарттар жасалатын іскерлік алаңы. Қазақстанның Қарулы күштері шет елдерінің жетекші қорғаныс кәсіпорындарымен бірқатар құжаттардың қол қойылуына үміттеніп отыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Биылғы жылы «KADEX-2016» көрмесінде 35 елден 200-ден аса шетелдік компания қатысатынын айта кеткен жөн.

Астана жаңалықтары: Астанада халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді

ТМД елдері «KADEX-2016» халықаралық көрмесіне белсенді түрде өздерінің қызығушылықтарын білдірді. Беларусь Республикасының «Пеленг» ААҚ компаниясы броньды техникаға арналған оптикалық-электрондық приборлар мен көздеуіш кешендерін, сондай-ақ бірқатар аэроғарыштық фотоаппаратураларды, криминалистикалық және метеорологиялық жабдықты ұсынады.

Ресей әскери техниканың ауқымды нұсқаларын ұсынады. Көрмеге қатысушылардың бірі — «Орал вагон зауыт» Ғылыми-өндірістік корпорациясы» АҚ. Көрме шеңберінде зауыт қашықтықтан басқарылатын әмбебап жауынгерлік модульмен жабдықталған «Армада» шынжыртабанды тұғырда жаяу әскердің ұрыс машинасын көрсетеді. Зауыт броньды машиналарының ерекшелігі жауынгерлік жағдайда экипажды қорғап тұратын корпустардың минаға қарсы конструкциясы. Сонымен қатар ресейлік «МиГ» ұшақ құрастыру корпорациясы МиГ-29К, МиГ-29КУБ, МиГ-29М/М2 көп функционалдық жойғыштарды ұсынады. Зауыт жауынгерлік тікұшақтарды жобалауды, өндіру мен техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.

Украиналық компаниялар да бірнеше стендтерде әскери өнімдерін көрсетеді. «АНТОНОВ» МК — көліктік, өңірлік жолаушылар ұшағы мен арнайы мақсаттағы ұшақтарды құру бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі.

«KADEX-2016» көрмесінде «АНТОНОВ» әртүрлі мақсаттағы Ан-148 және Ан-158 өңірлік ұшақтарды, Ан-178 және Ан-132 жаңа көліктік ұшақтарды ұсынады.

«KADEX-2016» көрмесі еліміздің қорғаныс-өнеркәсібі кешенін дамытуға, Қазақстан Қарулы күштерінің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету мен өрістетуге бағытталған әскери мақсаттағы отандық және шетелдік тауар өндірушілерге нәтижелі бірлескен жұмыс әкеледі деп жоспарлануда.
Әрі қарай