«Жас қанат» байқауы басталды

Астанада еліміздің басты музыкалық байқауларының бірі «Жас қанат» 25-рет өз шымылдығын ашты. Бейбітшілік және келісім сарайында ерекше музыкалық атмосфера орнап, қонақтар назарына әдемі декорациялар ұсынылды.

Байқау 2001 жылдан бері Астанада ұйымдастырылуда. Шараның ашылу салтанатына алғаш болып отандық эстрада жұлдыздары – бұрынғы байқаулардың жеңімпаздары Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Бақыт Шадаева, Нұрлан Абдуллин, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Доғалова, Маржан Арапбаева, сондай-ақ, конкурстың негізін қалаушы Мұрат Ерғалиев келді. Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Астана жаңалықтары: «Жас қанат» байқауы басталды

– Биыл «Жас қанатқа» 25 жыл болады. «Жас қанат» зор мүмкіндіктерге жол ашады – бұл болашақ жұлдыздар үшін мобильді, креативті, жеңіл алаң, аталған байқау тәуелсіздігіміздің құрдасы. Осы жылдар ішінде телекөрермендермен, ұйымдастырушылармен бірге «Жас қанат» дамып, өсіп келеді, – деді Ермек Аманшаев.

Астана жаңалықтары: «Жас қанат» байқауы басталды

Биыл байқауда Ақтөбе, Орал, Семей, Өскемен, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Жезқазған және Қарағанды қалаларынан келген 14 қатысушы бағын сынайды. Үш орындаушы елорда намысын қорғайды.

Конкурсқа қатысушылар ән айту шеберліктерін, хореографиялық дайындығын және әдемі костюмдерін көрсетті. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері мен бұрынғы «Жас қанат» жеңімпаздарынан құрылған қазылар алқасы орындаушыларды сүйсіне тыңдады.

Айта кетейік, жас орындаушылардың «Жас қанат» байқауы 22 мамырға дейін өтеді. Бұл күні қазылар алқасы жеңімпаздың есімін жария етеді.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.

Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

Елордада түнде музейлерге кіру тегін болды. Келушілер экспонаттармен танысып, қазақстандық жұлдыздардың композицияларын тыңдады, сиқыршылар мен иллюзионистердің өнерін, театрландырылған қойылымдар тамашалады. «Музейдегі түн» акциясына мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары қатысты, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

Акция барысында Ұлттық музей қонақтары үшін көне және қазіргі Қазақстан тарихы мен мәдениетін таныстыратын барлық залдарға тегін экскурсиялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Атап айтсақ, Майра Мұхамедқызы, Досымжан Таңатаров, Димаш Құдайберген, Ерлан Рысқали, Тамара Асар, Индира Расылхан секілді өнер иелері әннен шашу шашып, жиналған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Астана жаңалықтары: Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

ҚР Ұлттық музейінде қонақтар үшін қызықты бағдарлама әзірленді. Келушілер назарына қолөнершілердің жәрмеңкесі, музей туралы кітап ұсынылды. Бұл түні он экспозициялық залдың бәрінде экскурсиялар өткізіліп, LED-экрандардан роликтер көрсетілді. Музейде зергерлік бұйымдар, фарфор, ат әбзелдері, қару-жарақтар коллекциясы мен кілемдер қойылған.
— ҚР Ұлттық музейі Халықаралық музейлер күніне алдын ала дайындалды. Мысалы, кеше балалар арасындағы «Музей әлеміне саяхат» сурет көрмесі ашылды. Аталған шара көркемсурет және графика үйірмесіне баратын балалар шығармашылығының жемісі болмақ. Бүгін музей ісіне арналған көрме ашылды — бұл музейлік экспонаттарды консервациялау, реставрациялау. Осындай мереке жылына бір рет өтеді, адамдар тұтастай отбасыларымен келіп, жаңалықтармен, тарихпен танысады, — дейді ҚР Ұлттық музейінің мәдени-білім беру жұмыстары қызметінің жетекшісі Жанар Бейісова.

Астана жаңалықтары: Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

Қала тұрғындары музейде отандық шоу-бизнес өкілдерінің өнерін тамашалады. Қонақтардың көбі музейге алғаш рет келген екен.

Ал, «Музейдегі түн-2016» акциясы ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай жалпы музей саласы туралы айта келе, әлемнің әр елінде өтіп жатқан «Музейдегі түн» акциясына тоқталып өтті.
«Музейдегі түн» акциясының басты мақсаты – сақталып тұрған жәдігерлерді бұқараға мейлінше көбірек насихаттау. Сол арқылы мәдениет пен тарихтың өркендеуіне үлес қосу. Ал, Ұлттық музей аталмыш акцияны осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Өткен жылы бұл шараға астаналықтар мен қала қонақтарының ерекше қызығушылық танытқанын көрдік. 23 мыңнан астам адам қатысты. Биыл мерекелік бағдарламаға көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, барынша көрермендер көңілінен шығатындай жобалар ұсынып отырмыз. Сондықтан да музейде өткізген уақыттарыңыз мәнді, мағыналы әрі көңілді болады деген сенімдемін. Барлық музей қызметкерлерін, әріптестерді және музей меймандарын Халықаралық музей күнімен құттықтаймын», — деді Д.Мыңбай.

Келушілер «Атамекен» этномемориалдық кешенінде бір түнде барша республикамызды аралап өтті. Олар еліміздің өңірлерін толықтыра түскен жаңа макеттерді тамашалады.
— «Атамекен» Қазақстан картасы биыл 15-ші маусымын өткізеді. Ол өз жұмысын 1 мамырда бастады. Биыл жаңадан 30 астам макет жасалды, сондай-ақ көбі қайта жөнделді. Астана бойынша 20 артық макет жаңартылды, соның ішінде Министрліктер үйі, Қаржы министрлігі, қала әкімдігі, бұрынғы ҚР Парламенті ғимараты, «Отан Ана» және т.б., — деді «Атамекен» этномемориалдық кешеннің директоры Алма Алтыбаева.

Астана жаңалықтары: Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

Музей экскурсоводтары мен шақырылған шығармашылық ұжымдар көрермендер үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Сонымен қатар, әдеттегідей лотерея билеттерінің ұтысы өткізілді.
Әрі қарай

Астанада жол жөндеуге байланысты бірнеше көшеде көлік қозғалысы шектеледі

21 мамырдан бастап Кенесары көшесінде Республика даңғылынан Иманбаева көшесіне дейінгі аралықта асфальтобетон жамылғысын төсеу жұмыстарын жүргізуге байланысты көлік құралдарының қозғалысы тоқтатылады.

Сонымен қатар, 22 мамырда Қабанбай батыр даңғылында Қорғалжын тасжолынан Республика даңғылына («Рамстор» дүкені жанындағы көпір) дейін жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты көшенің аталған бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі.

Еске салайық, 5 маусымға дейін Өзбекәлі Жәнібек көшесінің Айнакөл көшесінен Қошқарбаев көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы толығымен тоқтатылады.

Сонымен қатар, 23 мамырға дейін Бөкейхан көшесінің Кенесары көшесінен Ағыбай батыр көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. 25 мамырға дейін Қошқарбаев көшесінің Момышұлы даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейінгі бөлігі жартылай жабылады.

Астана жаңалықтары: Астанада жол жөндеуге байланысты бірнеше көшеде көлік қозғалысы шектеледі

Елордада жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты жүргізушілерден жол бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астаналық кардиохирургтер кәсіби шеберліктерін дәлелдеді

№ 2 қалалық аурухананың кардиохирургтары жүрегі екі рет тоқтаған 64 жастағы науқасқа ота жасады. Ерекше операция табысты өтті.

Қазіргі кезде елордада медициналық көмектің қолжетімділігі мен қауіпсіздігі, сондай-ақ, қан айналымы жүйесі ауруларымен, соның ішінде коронарлық синдроммен қалыптасқан жағдай ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Елордалық дәрігерлердің тиімді және кәсіби жұмысының арқасында қан айналымы жүйесі ауруларынан өлу көрсеткіші 41,8%-ға төмендеді. Жіті коронарлық синдром кезінде көмек көрсетудегі маңызды кезеңдердің бірі жедел кардиологиялық көмек көрсету болып табылады.

Астана жаңалықтары: Астаналық кардиохирургтер кәсіби шеберліктерін дәлелдеді

Осылайша, жүрегі ауыратын пациенттердің 93%-на стационарлық көмек нақ осы №2 қалалық ауруханада көрсетіледі. Дәрігерлер Астана мен барша республика тұрғындарын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдейді.

Айта кетейік, қалалық ауруханадағы стационар 2010 жылғы маусымнан бастап жұмыс істеп келеді. Өткен жылы 10 866 адамға ота жасалды. Аурухана дәрігерлерінің айтуынша, жүрек аурулары бар науқастарды емдеу кезінде ерте оңалту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Осы мақсатта мекемеде арнайы блок ашылды. Сонымен қатар, кардиологтар науқастардың жағдайын операциядан кейін және ауруханадан шығарылған соң бақылайды.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

«Астана» әйелдер футбол клубы Еврокубоктарда ойнауға ниетті

Футбол ойыны тек ер азаматтарды ғана емес, әйелдерді де қызықтырады. Тіпті осы спортты тамашалауды ғана емес, онымен айналысатын нәзік жанды, өр рухты қыздар аз емес. Осындай жігерлі қыздардан құралған «Астана» әйелдер командасы алдына биік мақсаттар қойып отыр. Бұл клуб шеберлері кішкентайынан жаттығады. Қыздар №8 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде оқытылады, ең кішкентай футболшылар сегіз-ақ жаста.

Астана жаңалықтары: «Астана» әйелдер футбол клубы Еврокубоктарда ойнауға ниетті

Елордада жоғары лигада өнер көрсететін кәсіптік әйелдер клубын құру ұзаққа созылды. Команда құрамы биыл қаңтар айында бекітілді. Командаға мектептің үздік шәкірттері енді. Олар күн сайын «Астана Арена» стадионында жаттығады.

Футболшылар тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен шеберліктерін шыңдайды, дене шынықтыру машықтарын дамытады. Ел біріншілігінің бірінші туры аясында ертең олар Қазақстанның бес дүркін чемпионы — Шымкенттің «БИІК-Қазығұрт» ӘФК алаңға шығады.

– Биылғы басты мақсатымыз – команданы жинақтау. Әзірге, теңгерім жоқ, сондықтан басты міндетіміз – бәсекелес команда құру, өйткені, біз Еврокубоктарда ойнауға ниеттіміз, ал ондай мүмкіндік болса, ондағы командалар мықты болады. Ал «БИІК-Қазығұрт» осы жолда кездесетін командаларымыздың бірі, – дейді «Астана» әйелдер футбол клубының бас бапкері Виктор Сеник.

Астана жаңалықтары: «Астана» әйелдер футбол клубы Еврокубоктарда ойнауға ниетті

Команда сапында әр жастағы спортшылар бар. Ең кішісі – Ұлпан Пазыл – 21 жаста. Ол футболды ұнататынын айтып, елордалық команда құрамына енгенін мақтан ететінін жеткізді.

– Мен кішкентай кезімде аулада ойнайтынмын. Сол кезде көзге түсіп, шақыру алдым. Үйдегілер ерлер спорты деп футболға қарсы болды, бірақ әкем рұқсатын берді, футболмен кәсіби айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Футбол – менің өмірім. Осында команда құрамында ойнау мен үшін зор мақтаныш,- деді Ұлпан Пазыл.

Астана жаңалықтары: «Астана» әйелдер футбол клубы Еврокубоктарда ойнауға ниетті

Әрине, клубта команда капитанына үлкен жауапкершілік жүктеледі.

«Астана» әйелдер командасының көшбасшысы — Мария Ялова.

– Спортпен бала кезімнен шұғылданамын. Футбол, хоккей, теннис ойнағам, тіпті дзюдоға да барғам. Футбол бәрінен де ыстық, әрі қызықты. Бұл командалық спорт түрі, жалғыз өзіңді ғана ойламайсың – командамен жұмыс істеу керек. Алдымызға үлкен міндеттер қойылды, әр ойында әр ұпай үшін күресеміз, бар күш-жігерімізді саламыз, — дейді «Астана» ӘФК капитаны.

«Астана» әйелдер футбол командасы Қазақстан кубогының финалисті болып табылады, ертең сағат 12.00 команда шымкенттік футболшылармен кездеседі.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Темекі шегуге қарсы күрес айлығы өтуде

Астана салауатты қала екенін әртүрлі шаралармен дәлелдеп келеді. Спорттық шаралар, денсаулықты сақтауға бағытталған акциялар, түрлі семинар-тренингтер көптеп өткізілуде. Сондай салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралардың бірі — темекі шегуге қарсы күре айлығы. Бұл шара 31 мамырда аталып өтетін Дүниежүзілік темекі шегуге қарсы күрес күніне орай өткізіледі. Құқық қорғау органдары, білім, денсаулық сақтау және басқа да мүдделі ведомстволар бірлесіп, қоғам назарын балалар мен жасөспірімдердің темекі шегуі мәселесіне аудармақ, сондай-ақ, жас ұрпақтың денсаулығына қатер төндіретін темекі шегуге қарсы күрес бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізеді.

Бүгін Дүниежүзілік темекі шегуге қарсы күрес күніне орайластырылған дөңгелек үстел аясында балалар мен жасөспірімдердің темекі шегуі мәселесі қаралды.

Астана қаласы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Ақмарал Құрманбаева темекі шегудің барша әлемде адамдардың өлімінің басты себептерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Сондықтан бұл мәселе аса өзекті, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің темекі шегуі мәселесі қатты алаңдатады, — деді ол.

Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гауһар Бектаеваның айтуынша, жыл сайын темекі шегетін адамдар саны ұлғаяды, олар негізінен дәрігердің көмегіне жүгінбейді.

– 2015 жылы Астана бойынша никотинге үйір болған кәмелетке толмаған 70 бала тіркелді, соның ішінде 11 жуығы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл аса күрделі мәселе. Қазіргі кезде жастар арасында темекі тарту сәнге айналды. Әсіресе, жасөспірім қыздардың арасында. Әрине, никотин – бұл заңды психоактивті зат, оны кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Қоғамдық жерлерде темекі шегуге тыйым салынып, нақты шаралар қабылдануда, мысалы, кәмелетке толмаған балаларға темекі сатқаны үшін әкімшілік айыппұлдар салынады, ал шындығында бәрі басқаша, адамдардың барлығы темекі шегеді, құрамына табак пен басқа да заттар кіретін насыбай атады, осының барлығы жас ағзаның дамуына әсер етеді. Бұл темекіге тәуелділікке апарады, сондықтан онымен күресу керек, – деді Гауһар Бектаева.

Өз кезегінде Астана қаласы Ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің басшысы полиция подполковнигі Сергей Ильиных электронды кальян шегетін жастардың көбейгенін, оған да синтетикалық заттардың қосылатынын, адамдар тәуелділікке салынатынын жеткізді.

– Біз темекі қоспаларын тексеру бойынша жұмыстарды қолға алып, рейдтер өткіземіз. Қазіргі кезде тамақ ішетін орындар аумағында темекі шегуге тыйым салатын заң да қолдау тапты. Осыған орай, сауда орындарында және жастар демалатын орындарда да рейдтер жүргізіледі. Насыбай да тәркіленеді, – деді Сергей Ильиных.

Сонымен қатар, темекі шегуге қарсы күрес бойынша басқа да шаралар қабылдануда. Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы түрлі сауықтыру акцияларын, үздік спорттық отбасы конкурсын, жүгірулер, қалалық парктер мен саябақтарда гимнастика жаттығуларын жасауды және т.б. ұйымдастырады. Аталған шаралар түрлі жастағы адамдарға арналған, өйткені темекі шегетін балалар санын азайту үшін бірінші кезекте, ересектектердің өздері бұл зиянды әдеттен арылуы керек.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Есілде отандық катерлер жүзеді

Астанадада жыл сайын көрікті жерлер, ойын-сауық орталықтары көбейіп келеді. Есіл өзенінде катермен жүзу қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті серуеніне айналған.

Тамаша жаңалық, осы маусымнан бастап елімізде шығарылған «Kazboat-47» патрульдік катері қолданысқа беріледі деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz. Отандық катерлер қала ішінде Есіл өзенінің акваториясын патрульдейтін болады. Катер күн сайын сағат 14.00-21.00 қыркүйек айына дейін толыққанды полиция пункті қызметін атқарады.

Астана жаңалықтары: Есілде отандық катерлер жүзеді

Биыл Астанада ауа райының жылдағыдан ерте жылуына байланысты кеме жүзу маусымы 18-25 мамырда басталады. Қазіргі кезде алты жолаушылар кемесі жасақталып, көліктік бақылау органдарында аттестациядан өткізілді. 17 мамырда кемелер сынақтан өткізіледі.

Кемеде жүзу тарифтері өзгермейді. Ересектер үшін билеттің құны — 1000 теңге, балалар үшін – 500 теңге. Жолаушыларды отырғызу және түсіру «Кенесары» ескерткішінің жанындағы айлақта жүзеге асырылады. Катер «Кенесары» ескерткішінен Radisson қонақ үйі, Шұбар шағын ауданы, «Жыл мезгілдері» паркі және ескерткішке дейін айналып жүреді, маршруттың ұзындығы – 18,8 км. Кемелер қызметі күн сайын сағат 12.00-ден 21.00 дейін ұсынылады.
Әрі қарай

«Мерейлі отбасы» конкурсына қатысуға 94 өтінім келіп түсті

Астана жаңалықтары: «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысуға 94 өтінім келіп түсті

30 сәуірде еңбек, спорт, шығармашылық, интеллектуалдық және ғылым салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген отбасылар арасындағы конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдау аяқталды. Қала тұрғындары бір ай бойы конкурсқа қатысуға өтінімдерді жазбаша түрдк тиісті құжаттармен бірге арнайы нысан бойынша аудандық әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдері мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасына тапсырды.

2014 жылы конкурсқа қатысуға 44 өтінім, өткен жылы 51 өтінім келіп түскен.

Өтінімдерді қарау барысында комиссия өкілдері отбасы мүшелерінің жетістіктерінің маңыздылығы мен санына, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, рухани-адамгершілік құндылақтарға, арғы тектерін білуіне және т.б. назар аударатын болады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 3 кезеңмен өтеді: бірінші кезең – аудандық (қалалық); екінші кезең – облыстық; үшінші кезең – республикалық.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10509
Әрі қарай

Астанада 7 мамырда бұқаралық велошеру өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада 7 мамырда бұқаралық велошеру өтеді

Астанада 7 мамырда велоспорт маусымы ашылады. Осы күні Жеңіс күніне арналған бұқаралық велошеру өткізіледі.

Шеру сағат 9.00 «Салтанат Сарайы» аумағынан басталып, Қабанбай батыр даңғылының бойымен «Астана-Арена» алаңына дейін жалғасады және «Сарыарқа» республикалық велотрегі аумағында мәресіне жетеді.

Шара барысында велопрокат пунктері ұйымдастырылып, адамдар «Астана Bike» велосипедін пайдалана алады, ең жақын үш станция толық жасақталмақ. Қатысушыларды тіркеу сағат 8.00 басталады.

Шараға белгілі қазақстандық спортшылар да қатыспақ. Велоспортшылар болса, астаналықтарды шараға қатысуға шақырады:

«Құрметті достар, 7 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай өткізілетін велошеруге қатысуға шақырамын. Маусымның ашылуын атап өтіп, ардагерлерге тағзым етейік. Қатысушылар 7 мамырда сағат 9.00 «Салтанат Сарайының» жанына жиналады, — деді Astana Pro Team велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров. Айта кетейік, Astana Pro Team велокомандасы 6 мамырда «Джиро д'Италия» маусымның бірінші Гран турына қатысады.

«Елімізде велоспорттың жыл өткен сайын кеңінен танымал бола түсетіні қуантарлық жайт. Осындай бұқаралық велошерулер соның дәлелі. Астаналықтарды 7 мамырда өтетін Жеңіс күніне арналған велошеруге қатысуға шақырамын», — деді Astana Pro Team кәсіпқой спортшысы, Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Луценко, ол Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық үстінде.

Аталған шара адамдарды спорт пен салауатты өмір салтын белсенді ұстануға тартуға, экологиялық таза көлік ретінде велосипедті және жол қауіпсіздігін насихаттауға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тағзым етуге, сондай-ақ велоспорт маусымының ашылуына бағытталмақ. Шараны ұйымдастырушылар — Қазақстан велоспорт федерациясы және Астана қаласының әкімдігі.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10459
Әрі қарай

Бірлік пен достық мерекесі

Елордада Қазақстан халқының бірлігі күні кеңінен тойланды. Ең негізгі халықтық серуен «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары достық дастарқанынан дәм татып, 500-ге жуық әртістің өнерін тамашалады.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, қолданбалы өнер көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Мерекенің мұндай форматы астаналықтар мен қала қонақтарына ұнаған сыңайлы.

— Біз, Астана қаласындағы қазақстандық дүнген қоғамы, баршаңызды бірлік күнімен құттықтаймыз! Барлық ұлттар өздерінің бірдей екендігін сезінетіндіктен елімізде бейбітшілік пен келісім орнаған, — дейді Зүлфия Муханзаева.

Астана жаңалықтары: Бірлік пен достық мерекесі

Астаналық шығармашылық ұжымдар да жиналған қауымға керемет көңіл күй сыйлады. Елордалық өзбек этномәдени орталығының «Пойтахт» вокалдық ұжымы әр түрлі тілдерде әндер орындады.

— Біздің топ «Пойтахт» деп аталады, ол Қазақстанның елордасы – Астана деп аударылады. Астанада шығармашылықпен айналысып жүргенімізге сегіз жыл болды. Түрлі іс-шараларға қатысамыз. Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз, бақыт, денсаулық тілейміз,- деді Ойбек Палванов.

Астана жаңалықтары: Бірлік пен достық мерекесі

Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өту үшін елордаға өзге мемлекеттерден де қонақтар келген екен.

— Мен, Армениядан 1 мамыр мерекесіне арнайы келіп отырмын. Өте қуаныштымын, мұнда қонақтарды осылай қарсы алады деп ойламағам, бәрі қызық. Қазақстанды құттықтаймын, бейбітшілік тілеймін, — деді Анна Саркисян.

Қала тұрғындары мен қонақтары күні бойы Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайысқа түсті.

Астана жаңалықтары: Бірлік пен достық мерекесі

Материал Астана қаласы әкімдігінің astana.gov.kz ресми сайты деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай