Ел тілегі - елу миллион

Кеңес заманында шаруашылықты көтеру үшін түрлі ұрандар қабылданып, социалистік жарыстар өткізіліп жататын. Соның бірі шопандар арасындағы: «Ел тілегі- елу миллион» бәсекесі. Бұл туралы қазір көп айтыла бермейді. Тіпті ешкім білмейді деуге де болады. Бірақ, бұл бағдарлама елдің экономикасын көтеру мен республикадағы азайып кеткен малдың санын қайта қалпына келтіруде үлкен рөл атқарған еді.

«Ел тілегі- елу миллион» қайдан шықты?

Блогиада: Ел тілегі - елу миллион1928 жылы Ф.И.Голощекин бастаған «Кіші Қазан» реформасының салдарынан Республикадағы мал басы саны 45 миллионнан 4,5 миллионға азайып кетті. «Асыра сілтеу болмасын! Аша тұяқ қалмасын!» ұранын бетке ұстаған шолақ белсенділер қазақ шаруаларының қолындағы малдың бәрін етке өткізген болатын. Оларды орталыққа тасымалдайтын көлік болмағандықтан, үйілген етті өртеп отырған. Бұл біріншіден адамдардың ашығуына алып келсе, екіншіден, мал басы санының азаюуына соқтырды. 1928-1932 жылдары Қазақстанда адам мен мал ресурстары адам сенгісіз дәрежеде азайып кеткен. Оның орнын толтыруға ұзақ жылдар қажет болды. Тек соғыстан кейінгі жылымық дәуірінде ғана республика бойынша мал шаруашылығында өсім байқалған болатын. Бірақ, ол ұзаққа бармады. 1954 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылды. Оны да шолақ белсенділер көтеріп әкетіп, мал шауашылығына пайдаланылып келген шабындық және жайылымдық жерлерді жыртып, егін салды. Көптеген агрономдардың қарсы болған пікірлері ескерілмеді. Нәтижесінде мал азығына қажетті жер ресурсының болмауынан бұл сала кенжелеп қалды.
Мал шаруашылығының азаюы салдарынан республикада ет пен жүн тәрізді өмірлік қажеттілігі жоғары шикізат көздерінің тапшылығы сезіле бастады. Осы тұста жоғары жақтағылар, мал шаруашылығын көтерудің жаңа бағдарламасы ретінде, «Ел тілегі-елу миллион!» ұранын бекітті.

Ұранның орындалуы

Блогиада: Ел тілегі - елу миллионРасында бұл бағдарлама дер кезінде қабылданған болатын. Сонау тың игеру басталған жылдары дүрмекке ілесіп, егін салумен айналысып кеткен совхоздар біртіндеп мал шаруашылығына қайта бет бұра бастады. Неге? Себебі агроном мырзалардың болжағаны келіп, бей-берекет жыртылған жерлер бір-екі жылдан соң түсім беруді қойды.
Егін салып, қарық боламыз деп ауыздары күйген шаруашылықтың бірі менің туған ауылым Томар совхозы. Дүрмек кезінде дәл ауылдың іргесіне дейін егін салынған. Ал біраз жылдан соң нәрінен айырылған жер түсім беруді қояды. Амалсыз егін салу тоқтатылды. Бос атыраптарды қодыра (жусанның түрі) басып кетті. Ол жарықтықты қойдан басқа ешкім жемейді. Сондықтан, совхоз башылығы ұранға үн қосып қой шаруашылығы болып қайта құрылуды қолға алған. Нәтижесі жаман болған жоқ. Аздаған жылдың ішінде ауданды былай қойып облысқа дейін аты кеңінен танылған үлкен шаруашылыққа айналып шыға келеді.
Блогиада: Ел тілегі - елу миллион«Ел тілегі — елу миллион» ұраны шын мәнінде шопандар арасында бәскененің басты нысанына айналды. Жақсы нәтиже көрсетіп, төлді көп алғандары мақтау мен мадақтаудың астында қалған. Кейбір кісілерге «Социалистік еңбек ері» атақтары беріледі. Бұдан бөлек озат шопандар үнемі түрлі бағалы сыйлықтармен марапатталып отыратын. Төл алуда жақсы нәтиже көрсеткені үшін менің атам екі рет мәшине алған.
Аға буын өкілдерінің айтуынша сол жылдары шопанның баласы болу қазіргі министірдің баласымен тең болыпты.
Совхозға қарасты 28 қыстаудың әр қайсын иеленіп алған шопандар төл алудан бірінен-бірі асып кетуге тырысып жататын. Жүз саулықтан жүз жетпіс, екі жүз қозы алған шопандар да болыпты. Ешқандай технологияның көмегінсіз, табиғи жолмен. Расында қолда бар қойдың бәріне егіз таптыру ақылға қонымсыз жағдай. Сонда бұл қалай?
Шопандар төл алу барысында өздерінің жекеменшік қойларының төлінде санаққа қосып жіберіп отырған. Осылай ша көктемгі санақ кезінде «Бәлен қойдан түген төл алдық» деп көрсетеді. Бұлай жасаса құрмет пен қошеметтің астында қалады. Ал егер төл алуда көрсеткіші төмен болса сөгіс етіп, жоғарыдан таяқ жейді. Осыған байланысты ел арасында мынадай бір әзіл әңгіме бар:

Қой фермаларын тексеріп жүрген аудандық өкіл бір шопанға ұрсып жатыр дейді:
— Ана саулық неге екіз тапқан да мына қой негі жалқы тапқан? Малға алалап қарағанды қашан қоясыңдар? Екеуін де егіз тапқызбағаныңыз үшін сізге сөгіс беремін!
Сөйтсе шопан әлгі өкілге қарап тұрап:
— Қарағым қалағаныңа егіз тапқызатын қасиетің болса үйдегі келінге неге жылда егіз тапқызбайсың? — депті. (Өкілдің ұзақ жылдар бойына баласы болмай жүрсе керек.). Шопанның бұл бір ауыз сөзі елірген өкілді сабасына түсіріп, кешірім сұрап жөніне кеткен еткен.

Қарт шопанның өкініші

Блогиада: Ел тілегі - елу миллионМал шаруашылығы қазақ халқының ежелден маманданған саласы болатын әрі жеріміз де қой өсіруге оңтайлы еді. Алайда жобаның жетпей жатып желкесі үзілді. Одақтың шаңырағы шайқалып, Горбочевтің басынан бақ таяған соң нұсқаумен жүріп үйренген софхоздар әрі қарай не істерін білмей дағдарысқа түсті. «Бармақ түгіл бас қайғы» болған тұса, оларға нұсқау беріп жөн сілтеген жан болмады. Совхоз мүлкін әркім өз ыңғайына қарай талан-таражыға салған. Пысықай шопандардың бір бөлігі малдың бәрін басып қалып, өз алдына жеке шаруашылық құрып алады. Ал енді бір бөлігі үкіметтің қаржыландыруынсыз қалған совхоз қажеттілігін өтеу (жанар-жағар май, техника бөлшектері, айлық) мақсатында арзан бағаға сатылымға қойылады. Бұдан аман қалғанын кезінде комсомолдық жолдамамен қойға қуылған жастар араққа айырбастап құртады. Сол малды өсіріп-өнідірген шопандардың кеудесінде салдыраған темір мен қолдарында жарамсыз алғыс хаттан өңге дым қалмаған. Бұған наразы болған қариялар біраз жерге шапқылап, малды аман алып қалуды сұрап басшылыққа жалбарынады. Бірақ, олардың сөзін елеп-ескерген жан болмаған. Айтар ақылын тыңдар құлақ таппай сабылған ақсақалдардың жайы күйі туралы "Қой мен гүл" әңгімесінен оқысаңыз болады. Біздің ауылдағы қариялардың да күйініші сол, миллионға жетеміз деп жиған малдың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі.

Сілтеме:

Қой мен гүл (Деректі әңгімесі): kazgazeta.kz/?p=5483

Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар

«Журналистер сәлем! Жігіттер, жақсылап жазыңдар!» Бұл – облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің сот залынан шығып бара жатқанда айтқан сөзі. «Маған әділ бағаны халық береді», – деген экс-әкім өзінің ісі туралы барлық мәліметтің халыққа дұрыс жеткізілуін қалайды. Мұнысы өзінің ары таза екенін елі білсін дегені болар. Расында Б.Әбдішевтің қылмысқа қатысы бар екендігі үлкен күмән туғызады. Сот барысында қорғаушылар мен күдіктілер тарапы тергеу амалдарында заңбұзушылықтың болғанын айтқан болатын.

Блог - tomarlik: Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар
Экс-шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары заңға сай жүргізілмеген. Тергеушілер айып тағу үшін заң бұзудан еш тайсалмапты. Бұл туралы сот тыңдалымының бірінші отырысында қорғаушы М.Шаймерденов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Б.Әбдішев пен С.Ахметовтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі «Сталь Цинк» бойынша тергеу екі рет жүргізілген. Әуелі облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, «бұл істе қылмыстық сипат жоқ» деген қаулы шығарған. Ал екінші рет тексеру барысында тергеушілер прокуратура шығарған қаулының күшін жоймаған. Оны тек іс қозғалып, тергеу қорытындысы шығарылған соң барып бір-ақ ескереді. Бірақ өздерінің заңды белшеден басқанын ескермей, қаулының күшін өтіп кеткен күнмен жойған.

«Сталь Цинк» эпизоды бойынша жүргізілген тергеу амалдарындағы заңбұзушылық тек бұл ғана емес. Сот барысында Б.Әбдішев өзіне тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын, сондықтан осы іске байланысты Серік Ахметовке жала жапқанын айтты. Тергеушілер экс- әкімді көшедегі жарық бағаналарын ауыстыру мен құрылыс үшін жер телімдерін С.Ахметовтің туыстарына ол кісінің айтуы бойынша алып бергенін айтуға мәжбүрлеген. Тіпті, бейнежазбаға мойындауды жазғызу барысында оған айтар сөзін жаттатқызыпты. Бас тартқандай жағдай болса, үстінен ҚР ҚК 235-бабы бойынша қосымша іс қозғалатынын айтып қорқытады. Егер Б.Әбдішев тергеушілердің айтқанына көніп, жалған мәлімдеме бермеген болса, оған «Қылмыстық топтың басшысы» деген айып тағылатын еді. Экс-әкімнің мәлімдемесін Серік Ахметов толығымен қолдап шықты.

Ал Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин болса, қысымның тек Б.Әбдішевке ғана емес, өзіне де жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеушілер оны Б.Әбдішев пен С.Ахметовке жала жабуға мәжбүрлейді. Тергеушілер А.Телғаринды айтқандарына көндіру үшін оған моральдық қысым көрсеткен. Бас тартып, айтқандарына көнбесе, үлкен ағасы мен қайын атасының үстінен қылмыстық іс қозғайтынын, ал өзіне ҚР ҚК 235- бабы бойынша айып тағатынын айтып қорқытады. Оған қоса жала жабатын түсінік бергенше жеті сағат бойы ешқайда шығармай, департаментте қамап ұстаған.

Осы жерде назарларыңызға тағы бір қызық фактіні ұсынғым келіп отыр. Осыдан бір апта бұрын Солтүстік Қазақстан облысында Мұрат Кушубаев есімді қаржы полициясының беделді әрі мықты маманы құрықталды. Оған ірі көлемді пара алды, айыпталушылардың пара беруге мәжбүрледі деген айып тағылып отыр. Ол СҚО жүріп заңсыз жолмен алькоголді өнімдерді саудалаумен айналысқан “АлкоПремиюм” ЖШС басшысы А.Заргарянның ісін қарайды. Бұл азаматтың қоймасында расымен де заңсыз әкелінген спирттік өнімдердің бары дәлелденеді. Заң орындары оны тұтқындап, мүлкін тәркілеуі керек еді. Бірақ, М.Кушубаев олай істемейді. Ол кәсіпкерді өзіне шақырып алып, он мың доллар көлемінде сыйақы берсе іске көз жұма қарайтынын айтқан. Тіпті саудаласа келе параның көлемін сегіз мың долларға дейін түсіреді. Ақшаны алған соң, кәсіпкердің заңсыз тауарын қоймасынан алып кетуге жағдай туғызады. Алайда әріптестері оның бұл әрекетін байқап қалып дереу шара қолданған. Заң құрығынан сытылып кетуге тырысқан әрекетінен түк шықпай, ақыр соңында М.Кушубаев тұтқынға алынды.

С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің ісіне бұл адамның не қатысы бар деп ойлап отырған боларсыз? Айтайын. Қарағандылықтарға қатысты аты шулы қылмыстық іс қозғап, экс-премьер мен экс-әкімге айып таққан осы адам. Сол үшін екі бірдей мемлекеттік награда алған. Енді келіп өзі қылмысты болып отыр. Бұл күдік туғызбай ма? Парақор адам жүргізген тергеу амалдарының әділ болуы мүмкін бе? Бәлкім оған Қарағанды билігіндегі шенеуніктерге күйе жағу үшін тапсырыс берілген болар?

С.Ахметов пен Б.Әбдішев бастаған бір топ адамның қылмыстық ісіне қатысты өткен алдын ала тыңдау сот отырысында экс-әкімнің қорғаушылары оны тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыруды сұраған болатын. Бірақ олардың шағымын сот төрағасы ескерусіз қалдырды. Айыптаушы тарап, қылмысы ауыр болғандықтан, облыстың бұрынғы басшысын үйқамаққа шығаруға қарсылық танытты. Алайда Б.Әбдішев пен оның қорғаушылары соттың бұл шешімімен келіспейді. Себебі осы іске қатысы бар, бірақ қазіргі таңда үйқамақта немесе кепілге ақша қою арқылы бостандықта жүрген кейбір шенеунікке тағылған айып экс- әкімдікінен анағұрлым ауыр. Әйтсе де оларды тергеу изоляторында қамауға алуды сот пен айыптаушы тарап қажет деп санамайды. Сонда бұл қалай болғаны?

Бауыржан босатылуы керек

Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Бауыржан Әбдішевтің қылмыстық ісі бойынша алдын-ала тыңдау сот отырысы басталды. Негізгі сот процесі келер аптада болады деп күтілуде. Бүгінгі отырыстың бірінші ауысымында экс-әкімнің адвокаттары оны тергеу изоляторынан босату мәселесін көтерді.

Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек

Бауыржан Әбдішев Қарағандының тізгінін не бәрі екі-үш жылдай ғана ұстаған әкім. Алайда, осы аз уақыттың ішінде ел арасында үлкен абыройға ие болды. «Әкім ұсталыпты» деген хабар тарағанда Қарағанды жұртшылығының көпшілігі наразылық танытқан болатын. Ол билікте отырған кезінде тек жақсы жағымен ғана танылды. Бірнеше мемлекеттік марапатқа ұсынылып, ел ертеңі үшін еңбек етушілер қатарына қосылды. Бірақ, басына қара бұлт үйірілген сәтте оны жақтаушылардың біразы сырт айналып шыға келді. Әкім тағын босатқан сәтте, БАҚ беттерінде экс-әкімді даттаған материалдар көбейе бастады. Неге? Кеше ғана жақсы болған адам бүгін жаман болып шыға келгені ме?
Мәселенің бәрі оған жағылған күйеде болып тұр. Қара күйе шоқ тәрізді күйдірмейді, бірақ, кетпейтін қара дақ қалдырады. Бүгін адвокаттары мәлімдегендей экс-әкімге тек бір ғана нақты айып тағылып отыр. Ол «қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану». Бірақ, оның өзі дәлелдеуді қажет етеді.
Экс-әкімнің өзі де оның жақтастары да оған тағылып отырған айыппен келіспейді. Бұл жерде қасақана жала жабуға тырысу байқалады. Мәселен, Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі болып табылатын «Стал Цинк» төңірегіндегі шуды алып қарайық. Тағылған айыпта, экс-шенеуніктер қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, қаланы жарықтандыру бағаналарын орнатуды осы фирмаға алып берген-міс. Бірақ, осы айыпты таға отырып, прокуратураның өзі заңды белшеден басқан болып шықты. Адвокат Шаяхметовтың айтуына қарағанда қарағандылық шенеуніктерге қарсы аты шулы іс қозғалардан бұрын облыстық прокуратура «Сталь Цинк» эпизодына байланысты С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің үстінен іс қозғайды. Алайда олардың әрекетінен қылмыстық сипат байқалмағандықтан арнайы қаулы шығарып, істі тоқтатқан. Ал бертін келе, экс-шенеуніктердің үстінен жаппай іс қозғап, іздерінен шам алып түскен шақта тергеушілер «Сталь Цинк» эпизодына байланысты істі тағы қозғайды. Алайда, бұрынғы шығарылған қаулының күшін жоймаған. Демек, олардың жүргізген тергеу амалдары заңсыз болып табылады. Рас-өтірігін кім білсін, тергеушілер облыстық прокуратура шығарған қаулының күшін жойған істі сотқа берерден біраз уақыт бұрын ғана жойған. Ал құжатқа іс басталардан бұрын күші жойылды деп көрсетіпті. Яғни заңды бұзып қана қоймай, алдауға дейін барған. Осыдан соң, тергеу амалдары әділ өтті дегенге кім сенеді?
Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек
Облыстың бұрынғы басшысының қорғаушылары сот процесі аяқталғанша Әбдішевті тергеу изоляторынан босату керектігін айтуда.
-Ешкімге зорлық жасамаған адамды он ай бойына тергеу абақтысына қамап қою әділдікке жатпайды. Оның кәмелет жасына толмаған екі баласы мен сексендегі қарт анасы бар. Әрі менің қорғалушым қоғам алдында үлкен абыройға ие адам. Бірнеше мемлекеттік марапатқа да ұсынылған. Әрі қылмысы толық дәлелденген жоқ. Рас, тағылып отырған айып ауыр. Бірақ, заңнамада күдіктіні тергеу изоляторынан бөлек үй қамаққа алу және кепілге ақша қою арқылы қолхатпен босату шараларының барын да ескеру қажет. Б. Әбдішевті әрі қарай да тергеу изоляторында ұстап отыру адамгершілікке жатпайды. Ол бостандықта болса тергеу амалдарына кесірін тигізеді деп қорқудың да қажеті жоқ. Себебі, біреуге ықпал етерліктей оның қолында өкілетті билік те бұрынғыдай күште жоқ,- дейді адвокат Нұрлан Бекбергенов.
Сот алдында сөз алған Б.Әбдішев өзінің тергеу изоляторында отырғанына наразылық танытты. Әрі өзінің қылмысқа қатысы жоқ, арының таза екенін тағы бір мәрте айтып өтті.
Расында қылмысқа қатысы бар деп күдік келтірілген 21 адамның тек бесеуі ғана қамауда отырғаны күдік туғызады. Олардың барлығына тағылып отырған айыптың ара салмағы бір-біріне жақын емес пе? Сонда біреуінің қамауда болуы мен келесі бірінің бостандықта жүруі әділдікке жата ма? Күдіктілерді бұлайша алалау неге және кімге керек?

Қазақ қара металлургиясының отаны

Адамзат үшін темірдің орны ерекше. Темірдің пайда болуына байланысты тұтас бір тарихи дәуір бастау алған. Себебі темір адам баласының өмірін қазіргі өркениетке біртабан жақындатты. Темір күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын металға айналды. Кәдімгі инеден бастап сырттағы көлік, құрылыс бәрі темірден жасалады. Үй салғанда берік болу үшін қаңқасы мен іргетасы темірден өріледі. Оның бәрі отқұрсауланып жүрген металлургтердің арқасында. Бүгінгі тақырыбым кәсіби мерекелеріне байланысты қара металлургияға арналып отыр. Олай болса, қазақ қара металлургиясының отаны Теміртау мен ондағы алғашқы магнитка жайлы айтып берейін. Оқи отырыңыз.

Құрыш қала

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны

Теміртау мен алғашқы қазақ магниткасының тарихы туралы толық айтып бастарыңызда қатырмайын. Қажет деп тапсаңыздар ғаламтордан оқып аларсыздар. Маңыздыларына тоқталып өтейін. Ағымдағы жылдың күзінде Теміртауға 70 жыл толады. Тарих үшін тым аз уақыт, әйтсе де жаман-жақсы адамның ғұмыры. Қаланың жер көлемі тым шағын. Бір шетінен келесі шетіне дейін жаяу-ақ жетуге болады. Дегенмен, атағымыз алты құрылыққа болмаса да біраз елге жақсы таныс. Республикалық маңызы да жоғары. Әуелі экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, мұндай толық цикілді металлургиялық кешен әлі еш қалада жоқ. Ел қазынасына жыл сайын миллион тіпті миллиарттаған пайда әкеліп отыр. Екінші тарихи маңызы. Теміртау тарихта «тұңғыштарымен» қалады. Тұңғыш Қазақстан магниткасы, тұңғыш индустриялық кешен, тұңғыш шойын, тұңғыш болат, тұңғыш президент. Осыдан тұп-тура 55 жыл бұрын, яғни 1960 жылдың 3-шілдесі сағат 15:07-де №3 Домна пешінен тұңғыш қазақстандық шойын алынған болатын. Сол сәттен бастап, зауыт өз жемісін беріп, қазақ қара металлургиясының тарихы бастау алды.

Қала ішіндегі қала

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны

КСРО-ның арнайы жобасымен салынған зауыттың аумағы тым үлкен. Шамамен 5 000 га-дай болады. Мұнда топырақтан дайын металл таптамасы алынғанға дейінгі барлық металлургиялық үдерістер жүреді. Сондықтан әр цех бір-біріне кедергі келтірмейтін бірақ тасымалдауғы ыңғайлы болатындай қашықтықта орналасқан. Бір цехтан шыққан өнім келесі цехқа теміржол арқылы жеткізіледі. Ал металлургтер, техқызметкерлер, басшылар болса арнайы автобустармен немесе трамвайлармен қатынайды. Зауыт ішінде әр көшенің өзіндік атаулары бар. Олар орналасқан жеріне, цехтарға байланысты қойылған. Мәселен Домна пешіне апаратын даңғыл жол «Доменная» көшесі деп аталады, одан әрі де Елбасымыз Н.Әбішұлының сүйікті көшесі санатындағы «Мостовая» көшесі. Бұл көшенің не ерекшелігі бар дейсіз бе? Көшенің ерекшелігі, осы жердегі көпір басқаларға қарағанда биік орналасқан, және соларада тұрып домна пешінің, зауыттың толық көрінісін тамашалауға болады. Автобустар мен жүк көліктеріне арналған жолдың жиегінде жаяу жүргіншілердің де жолы бар. Кей жерлерге гүл егіліп, кәдімгіндей көркейтіп қойған. Егер өндірістің шуы болмаса зауытта жүргеніңізді ұмытып кетесіз. Мұнда бөгде адамдардың кіруіне қатаң тиым салынған. Арнайы рұқсат қағазыңыз болмаса жолатпайды. Рұқсат қағаз алу үшін өмір қауіпсіздік ережесін жақсы білуіңіз керек. Себебі кез-келген шалыс басқан қадамыңыз өміріңізге қатер төндіруі мүмкін.

Өнім қайда жұмсалады?

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны
Зауыттың қазіргі қожасы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. Бұл компанияға еліміздегі бірқатар кен орындары мен Қарағанды көмір бассейнінің біраз бөлігі кіреді. Яғни кәсіпорын қажетті шикізатты сырттан әкелмей өздері өндіреді. Мұнда ең әуелі шойын және болат құймалар дайындалады. Ал дайын өнімнен қаңылтыр таптамалары, профлистер, арматуралар шығарылады. Олар құрылыс, машина жасау салаларында қолданылады. Зауыт өнімдерінің бір бөлігі алыс-жақын шет елдерге импортталса, келесі бір бөлігі ел ішінде саудаға салынады. Бейресми мәліметтерге сенер болсақ, Астана құрылысына жұмсалған металдың (арматура, қаңылтыр, металл блогтар) басым бөлігі Теміртауда өндірілген.

Болашақ металлургтер қайда оқиды?

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны
Зауытта жұмыс істейтіндердің көпшілігі бұл кәсіпті атадан балаға мұра есебінде алған. Әрі шағын қалада зауыттан басқа жерде жақсы айлыққа жұмыс табу қиын. Жыл сайын мектеп бітірген түлектердің бір бөлігі басқа қалаға оқуға кетсе, көпшілігі Теміртау қаласындағы ҚМИУ-не (Қарағанды мемлекеттік индустриалық университеті) оқуға түседі. Бұл да университет күллі Орта Азиядағы тек металлург мамандарды ғана дайындайтын жалғыз оқу орны. Бұдан бөлек Теміртау политехникалық колледжінде де металлург мамандығын алып шығуға болады. Оқу орны мен зауыттың арасында өзара келісімшарт жасалған. Яғни студенттер теориядан оқыған білімдерін зауытқа барып пысықтап, практика жүзінде қолданып көреді. Бұл олардың білім деңгейлерінің арттыруына үлкен септігін тигізеді. Бұдан бөлек оқытушылар құрамы да жыл сайын шет елдерге барып, арнайы біліктілікті арттыру курстарында оқып келеді. Қысқаша айтқанда оқимын, білемін деген адамға білім алуға барлық жағдай жасалған (өзімнің басымнан өткен, көзіммен көргенмін). Тек бір әттеген-айы бар. Оқу материялдарының (сапалы оқулықтар) көпшілігі орыс тілінде және ескіріп қалған. Шам алып іздесеңіз де В.Г. Воскобойников, В.А. Кудрин, А.М. Якушевтер жазған «Общая металлургия» кітабынан артық оқулық таппайсыз. Рас бұл кітаптың ішіндегі біраз дүниелер ескіріп қалған және қазіргі өндірісте қолданылмайды. Дегенмен, жалпы түсінік қалыптастыру үшін таптырмас оқулық. Қазақ тілді оқулықтардың сапасы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ішіндегін не өзің түсінбейсің не ұстазың түсінбейді. Жалпы айтқанда екі жыл "қазақ тобында" орысша білім алып шыққан ем…

Дін және металлургия

Бұл жерде дінді тықпалап отырған жоқпын. Тек зауытта жүріп естіген әңгімемді айтсам деймін. Мен жұмыс істеп жүргенде біздің ауысымда Мұхтар деген ардагер металлург болды. Зейнетке шығуға дайындалып жүрген болатын. Сол бірде шай үстінде мына бір әңгімені айтқан болатын:
— Біз сәбет үкіметінің тұсында туып өстікқой. Дін туралы дым білмейміз. Жас кезде оқымадық, кәртайған соң миға кірмейді. Діни ілімім жоқ. Бірақ, өмірде көргенім бар. Мұсылманшылықта айтадығой, адам бір уыс топырақтан жаралды деп. Сол рас. Оның куәсі мынау зауыт. Өздерің қараңдаршы. Сонау Қарқаралы даласынан қазып әкелінген кен құрамында темір минералдары бар жәй ғана топырақ емес пе? Оны біздер жуып, үгіп, иелеп тазартамыз, артығын алып байытамыз. Осыдан соң кокспен араластырып шихта даярлаймыз. Оны домна пешіне жөнелтеді, сол жерде балқытылып, шойын өндіріледі. Шойынды конветер пешіне апарып болат қорытады. Дайын болған ерітінді «Болатты үздіксіз құю машинасында» қалыпқа құйылып құймаға айналады. Ол таптамадан өтіп, арматура, профлист, қаңылтыр тәрізді таптамаға айналып шыға келеді. Енді бір қарасаң басқа зауытта әлгі таптамадан машина жасалып шығуы мүмкін. Оны ешкім топырақтан жасалды деп айтпайды. Тіпті естеріне де алмайды. Ал енді өздерің ойлап көріңдерші. Топырақ әуелгі қалпын толық жоғалтып, машина бөлшегіне айналды. Егер біздер, яғни адамдар араласпасақ, білім жинамасақ ол өздігінен жасалмайтын еді. Демек, адамды құдай топырақтан жаратты дегені рас қой. Біз топыраққа ұқсамаймыз. Бірақ, уақыты келгенде топыраққа айналамыз. Ішкі ағзаларымыздың бәрі керемет үйлесімділікпен орналасқан. Құдды машина бөлшектері тәрізді. Егер біреуі дұрыс болмаса, деніміз сау болмайды.

Қара металлургтен қадір қашты

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаныЖалпы қай халықтың болмасын дәстүр-салтына көз жүгіртсеңіз барлығы қара түсті жақтырмайды. Бұл түс туралы тек негативті пікірлер ғана айтылады. Не бір жамандық атаулыны, абройсыз дүниені осымен байланыстырады. Неге? Себебі қара түнектің түсі. Қорқыныш. Адамзат әуелден бастап қараңғылықпен алысып келді. Оны жек көрді. Сондықтан да ол туралы тек негативті көзқарасты ұстанады. Ұнамсыз дүниелерінің алдына қара сөзі жалғайды. Қара түске байланысты позитивті ойлар айтушылардың қатары сирек. Дегенмен, қараның бәрі абройсыздық емес. Мәселен біз әңгіме қылған "Қара металлургияны" жаман деп айта алмайсыз. Иә, рас жұмысы ауыр бірақ, беделі жоғары. Олар металды балқытады. Кәдімгі қара теміріңіз домна, конвертер пештерінен лава тәрізді атқылап ағып жатады. Көз алдыңызға ол цехтардағы ауа температурасының қай шамада болатынын бағамдай беріңіз. Металлургтер ыстықтан қорғану үшін үстеріне суконка киіп алады. Теріден тігілген ауыр әрі қалың киім, бірінші ұшқындаған металға күйуден сақтаса, екіншіден денеге ыстық өткізбей сақтайды.
Әр үйде кездесетін ине мен шанышқыдан бастап, қалада жол бермей ағылып жатқан автокөліктердің бөлшегіне дейін, тіпті баспанамызға дейін темірден дайындалған. Ендеше осы дүниелерді өндіріп отырған адамдардың беделі неге төмен болуы керек? Бірақ, соңғы уақытта қара металлургтерден маза мен қадір қаша бастағаны жасырын емес. Жиырма жылдай Теміртаудағы зауытқа иелік етіп, байлығын еселеп тойынған Лакшми Миттал бүгінде еркелікке басып жүр. Қыс ішінде айлықты қысқартамын, жұмысшылар санын азайтамын деп бір шықты, айлық бермейтін боп екі шықты. Одан қалды осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстандағы актифтерінен құтылмақшы деген өсек таратты. Онысы өзінің талаптарын орындамай, «тәйт» деп орнына қойып қойған қазақстан билігіне көрсеткен қоқан лоққысы болуы керек. Егер ол Теміртаудан дәл қазір кете қалса жағдайдың қиындайтыны өтірік емес. Жаңа қожайын келіп, орналасып, жұмыс барысын түсінгенше талай уақыт өтіп кетеді. Ол кезге дейін елдің ахуалы төмендеп кетуі мүмкін. Осының бәрін шетелдіктер жақсы біледі. Сондықтан жаман қ… н тәрізді кетемін деп қорқытып отырған болуы бек мүмкін. Ресми ақпарат бұл өсекті жоққа шығарды. Бірақ, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды емес пе?

P/S: Бүгін металлургтердің кәсіби мерекесі. От құрсауында жүрген бұрынғы әріптестерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

Блогкемп - 2014. Блогиада. Қарағанды.

Блог - kaztube: Блогкемп - 2014. Блогиада. Қарағанды.
Биыл Қарағанды қаласында өткен IV Блогқұрылтайдан блогер Эльвира Ерғалина видео дайындап әкелген болатын. Өткен посттарымызда атап өткендей, Эльвира түсіріп келген видеоларды үшке топтастырдық: Блогқұрылтай, Блогиада және Қарағандыға саяхат.
Бүгін Блогиада жайында түсірілген видеоны ұсынамыз.
Бұл видеода Блогиаданың келесі турына өткен 32 қатысушы өз әсерлерімен бөліседі және Блогиаданың алдағы уақыттағы ережелері мен тәртіптері түсіндіоіледі.
Кімнің 32 қатысушы арасында бар екенін көріңіз.
Сіздер үшін :)

Эльвира Ерғалина. Блогқұрылтай - 2014. Қарағанды (1-бөлім)

Блог - kaztube: Эльвира Ерғалина. Блогқұрылтай - 2014. Қарағанды (1-бөлім)
Биыл Қарағанды қаласында өткен IV Блогқұрылтайдан блогер Эльвира Ерғалина видео дайындап әкелген болатын. Эльвира түсіріп келген видеоларды үшке топтастырып отырмыз: Блогқұрылтай, Блогиада және Қарағандыға саяхат.
Қазір Блогқұрылтайдың ресми ашылуы, блогерлардың жиналуы сияқты шаралардан тұратын алғашқы видеоны көріңіздер.
Арнайы сіздер үшін! :)

Қарағанды - жүрегімнің дүрсілі

Қарағанды қаласына 80 жыл.

Қарағанды қаласы, еліміздің Сарыарқа даласы арқылы жайғасып, Алтай таулары мен Жайық өзенінің аралығының, қақ ортасында орналасқан ғажайып аймақ. Еліміздің адам қоныстануы бойынша ең көп шоғырланған қалалардың бірі деп айтсам қателеспеймін. Тарихы да терең, әрі Қазақстан дамуындағы орны ерекше болып саналады.
Еліміздің ауыр өнеркәсіп саласында алатын орны ерекше. Әлемдегі бірнеше елде ғана қолданылатын, ашық әдіспен алынатын көмір кешендері де осы аймақта. Айтарлықтай артықшылықтары мен жақсы қасиеттері жетерлік.
Шамалы тарихқа үңілсек, сонау 1934 жылы қала қаланып, сол кездегі Совет Одағы үшін көптеген пайдалы қазбаларын және дайын өнімдерін берген еді. Сан алуан, ауыр өнеркәсіпке байланысты зауыттар мен фабрикалар салынып, экономикаға түсіретін пайдасы мол болды деп айтуға болады. Халық саны жылдан жылға өсіп, алдыңғы қатарлы қалалардың қатарына қосыла бастады. Уақыт өте келе, қала көркейіп, өзінің белгілі бір заңдылықтары мен дәстүрлері пайда болды. Өзіне ғана тән мінезі болып, қалаға келген әрбір қонақ үшін өзін белгілі бір жағынан таңытып отырды. Әрине, тарихта болған оқиғалар мен жағдайлар көп деп, білемін, олардың әрқайсысын жеке дара қарастыруға уақыт та жетпес. Дегенмен, аталмыш 80 жылдық мерей тойға байланысты, көптеген тарихи оқиғалар аталып өтетініне сенімдімін.
Негізінен, өзім Астана қаласының тұрғылықты тұрғыны болып саналғанымен, бірақ Қарағанды қаласы, менің жүрегімнің бір бөлігін алып, орны ерекше болып келеді. Бала кездегі өмірімнің, оқушы мен студент болған кездегі белгілі бір бөлігін осы әсем де, қонақжай қаласында өткізген едім. Әрбір келген сәтте, Қарағанды қаласы маған жаңа қырыннан көрініп, сәт сайын өзіне сүйсіндіріп, тек жақсы жақтарын көрсетті деп айта аламын. Әрине, нағыз тымтырыс өмір болғандықтан, кейбір кемшіліктер де байқалған болатын. Бірақ келесі келген сәтте, жақсы қырларын көргеннен кейін барлығы да ұмыттылады.
Менің негізгі айтайын деп отырған ойым, кез келген адам үшін, ыстық, әрі жақын жерлер, мекендер, қалалар болады. Мен үшін, Астанадан бөлек, әрине – Қарағанды. Кейбір азаматтар бұл қаланы сұр, қызықсыз деп санайды, бірақ олардың осы тұжырымдамалары қате деп ойлаймын. Себебі, мүмкін сырт жағынан немесе бірінші көз қарастан солай болар, дегенмен оның ішкі өмірін біліп, дүниесі мен рухын сезсек, жүрегі әрі үлкен, әрі жылы…

Қарағандының ерекше сәулет өнері

Бүгінде сәулеті мен дәулеті жарасып тұрған, белді қаламыз, беделді қаламыз Қарағандыға 80 жыл. Сонау 1934 жылы қала атанған Қарағанды, әуелі кенді орындарымен, қара көмір шахталарымен мәшһүр болды. Сондан соң, Алладан кейінгі адам жанының арашасы болатын дәрігерлерді тәрбиелейтін медициналық академиямен атағымыз одан әрі асқақтап қалды. Одан беріде академик Бөкетовтың ерен еңбегі сіңген Қарағанды мемлекеттік университетінің бүгінгі дәрежесі неге тұрады. Бірақ, менің айтпағым Қарағанды облысының бейнелеу және қолданбалы сән өнері жайлы болмақ. Қаламызда бой көтерген белгілі тұлғалардың ескерткіштеріне тоқталсақ.
Жезқазған бағытынан келе жатқан күре жол бойында тума дарын иесі, Қасым ақын ескерткіші қарсы алады, қала әкімдігінің жанында Бұқар жырау бабамыздың ескерткіші қойлған. «Шалқыма» концерт залы жанында Абай ескерткіші, облыс әкімдігінің қарсысында Қаздауысты Қазыбек бидің мүсіні асқақтап тұр. қаламызға қай бағыттан келсеңіз де бәрібір, алдымен сізді қарсы алатын теміржол вогзалы маңына қойлған Қаныш Сәтбаев ескерткіші.
Сонымен, тарихқа біраз көз жүгіртсек. Көмірді алғаш тапқан Аппақ Байжановқа арналған есерткіш 1999 жылдың тамыз айнда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жанындағы алаңда ашылды.
Академик Е.А. Бөкетов ескерткіші 2006 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимаратының кіре берісінде орнатылған. Ескерткіштің авторлары – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Достық» орденінің иегері А. Билык және Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты С. Мордвинцев. Бөкетовтың мүсіні қызыл граниттен жасалған тұғырда орналасқан. Мүсін қоладан құйылған. Тұғыры қызыл граниттен жасалған. Е. Бөкетов ескерткішін тұрғызу туралы шешімді көрнекті ғалымның 80-жылдығына байланысты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен республиканың ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы қабылдаған болатын. Е.А. Бөкетов ескерткішінің құрылысы азаматтардың рухани-білімділік және интеллектуалдық-мәдени деңгейін арттыруға; өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге жәрдемдеседі.
Бұқар жырау ақын, жырау, қазақтың көрнекті өкілі, Абылай ханның бас кеңесшісі. Көптеген туындылары толғау жанрына жатады. Поэзиялық мұрасын Ж. Көпеев, Г. Потанин, Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, С. Сейфуллин және т.б. зерттеген. Ұлы ақынның бейнесі ұлылық пен ішкі күш-жігердің дұрыс берілуімен ерекшеленеді.
Социалистік Еңбек Ері, Балқаш мыс қорыту зауытының алғашқы салушысы, Қарағанды құрылысшысы В.И. Язев бюсті – мүсінші батырдың мінез-құлқын сәтті көрсете білген. Мүсінші, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі А.П. Билык. Ескерткіш қола құймадан құйылып, тұғыры қызыл түсті тақталармен қойылған.
Ғабиден Мұстафин бюсті, көрнекті қазақ жазушысы, туғанын 100-жыл толуына орай орындалған. Бюст шынайылық мәнерде орындалған, мүсіншілер жазушының ой үстіндегі сәтін бейнелеуге бар күштерін жұмсаған. Мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Т.Т. Ермеков, М.О. Сыдықов. Сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі В.А. Троценко.
Мәрмәрден құйылған мүсін Бюст бетон — материалды ескере отырып, классикалық мәнерде жасалған. Ұлы ақынның бейнесі ұлылық пен ішкі қуаттың дұрыс берілуімен ерекшеленеді. Мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ж.И. Қалиев.
Ал, Қ.Сәтбаевтң ескерткіші жайлы не білеміз?! Ескерткіш салтанатты түрде қазақтың көрнекті геолог-ғалымы, Кеңестің Шығыстың тұңғыш Академигі, Республикалық ғылым академиясының негізін салушы және алғашқы президенті, геология ғылымдарын және Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанымыздың қорғаныс қабілеттілігін арттыруда үлкен роль атқарған Үлкен Жезқазған кен орындарындағы мыс кенін өндірістік игеруді ұйымдастырушы Қ.И. Сәтбаевтың 100-жылдық мерейтойына орай ашылған. Бюст қоладан құйылған, тұғыры мәрмәр тақтаданжасалған.
Әбдіров ескерткіші, Қарағандының Н. Әбдіров даңғылда 1958 ж. орнатылған. Мүсіншілер: А.П. Билык, Ю.В. Гуммель, архитектор Л.Е. Воробьев. Монументтің жалпы биіктігі 9 м. Шойыннан кұйылған мүсіннің түғыры мәрмәр. Ескерткіш Кеңес Одағының Батыры Н. Әбдіровтің мүсіндік бейнесін мәңгі есте қалдыруға арналған. Өлім мен өмір арпалысы, бостандық үшін өлімге бас тіккен мәрт шешім, жауына қыранша сорғалаған қазақтың батыр ұлының қаһарлы қабағынан айқын аңғарылады. Ескерткіштің өн бойы ширыққан куат, шалт қимылға толы. Н. Әбдіров ескерткіші калаға көрікті сипат берумен бірге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарды.
Сәндік композиция қазақ халқының жанының, оның туған жеріне деген махаббатының белгісі ретіндегі стильденген музыкалық аспап «Қобыздан» тұрады. Сәулетші ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі В.А. Троценко, мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.А. Қалқабаев. Ескерткіш қоладан дайындалған, тұғыры сұр гранит.
«Сүйінші» атты фигуралық композициядан, тұғырға орнатылған, шеңбер құрайтын және стеланың тұғырын жиектейтін жұлдызнамалық белгілерден тұрады, алаңның қақ ортасында гранит бағана орналасқан, оған Жер Кіндігі белгісі қойылған. Авторлық ұжым – сәулетшілер ҚР Сәулетшілер одағының мүшелері Г. Баймырза, Е. Шахиев, К. Жанәбілов. Мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Комсомол Ленині сыйлығының лауреаты Ж. Молдабаев, мүсінші А. Молдабаев. Фигура – салт атты, ат – құйма, қола, 12 жұлдызнама белгісі бейнеленген. Міне біздің әсем қаламыздың сәулет өнеріне аз ғана шолу жасап өттім. Одан өзге де ерекше әсем жерлеріміз жетерлік. 80 жасың құтты болсын Қарағандым!