Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
Қазақтың интернет кеңістігінде әлдекімдер түк өсиет-өнегесі жоқ шытпақтарын тізіп, қасына сапасыз сурет қойып, күлегеш қыстырып, ойнақы бір атау тауып, әр бұрышқа сүйкей салғанды мәртебе көретін болыпты. Онысымен қоймай, журфактың табалдырығын түсінде де көрмеген бейбақтар қазақтың қасиетті қара журналистикасына сын айтатынды да шығарыпты. Еріккен сарттар интернеттің қыр-сырын кейбір дәстүрлі журналистерден бұрын меңгеріп алғанына мастанса керек. Ендеше, журналистердің де ғаламторға жазба мәтін, видео және фото материалдарын дайындауды үйреніп, кімнің кім екенін көрсететін кезі келген сияқты. Төмендегі 40 қырсық кеңесім жаңашылдықтың қиын-қыстау жолын таңдаған жас талапкерге көмекші боларына сенімдімін.




«БІССІМІЛЛӘСЫН» БІЛГЕН ЖӨН!


Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес1. Интернет-журналистикадан тренинг жүргізетіндер — алаяқтар. Бармаңыз. Тыңдамаңыз. Кітаптарын оқымаңыз. Facebook, Twitter, Instagram — осы үшеуіне тіркеліңіз, мәтін теруді білесіз, фото/видео аппаратураның «түсіру» пернесін таба аласыз, басқа не керек?

2. Сенсацияшыл болыңыз. Еңбегіңіздің тақырыбын көлденең көз шалып қалса, оның жер планетасының маңдайына бүгін-ертең қара тігілетініне немесе мәңгі жас болудың оңай, арзан, жылдам жолы табылғанына күмәні қалмау керек. Сенсация табылмаса, жастар дебат клубының төрағасының ауысқанын кенет Солтүстік Кореяда буржуазиялық революция басталғандай пафоспен жеткізіңіз.

3. Жаңа заман журналистикасында жылдамдық — бірінші орында. Әлеуметтік желіден әлдебір өсекті естісеңіз, оның рас-өтірігін тексеруге уақыт жоғалтпаңыз — бірден оқырманнан «сүйінші сұраңыз».

4. Сілтеме қою — спам таратушы алаяқтар мен көлеңкесінен қорыққан блогерлердің тірлігі. Ешқашан көшірген мақалаңызға, қолданған ресурстарыңызға сілтеме қоймаңыз. Сілтеме қойсаңыз, бас редактор: «мен мынаған не үшін айлық беріп отырмын? Өз ойынан түк жаза алмайды!» — деп, жұмыстан қуып жіберуі мүмкін.

5. Барымта мақалаңыздың нағыз авторы «қуғыншылап» кеп қалса, кешірім сұрамаңыз, сайтыңыздың бетінен алып та тастамаңыз. «Мыңдаған мақала ішінен, порталымызға қоюға сенікін таңдағанымызға рахметіңді айт!» — деп өз жағасынан алыңыз. Бейшара кенет өзіне осынша мәртебе көрсетілгеніне риза болып, қуаныштан асылып өлсін.




МӘТІНМЕН «МАМАЛАТУ»!

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес6. Материалыңызда үнемі ел тағдыры, жер тағдыры, дін мен мораль сияқты салмақты тақырыптарда ұзақ эсселерді ғана жазыңыз. Әзіл-қалжың — баланың ісі.

7. Интернетте қатемен жазудың айыбы жоқ. Қайта жазбаңыздан ештеңеге бас имейтін, қазақтың өр рухының табы есіп тұрады. Бұл қағида тек грамматикаңызға қатысты емес, келтірген географиялық атаулар, статистика мен сандарыңызға да қатысты. Мәселен, «Тайванның астанасы Бангкокта кезекті қызтекелер сайысы өтті» немесе «Жасыл ел» бағдарламасымен 44 млрд(!) ағаш отырғызылды» десеңіз, мақалаңыз қоғамда үлкен резонанс тудырып, тарихи құбылыстарға тікелей септігіңіз тиюі мүмкін.

8.  Атауымен «айдап» алыңыз. Қазір ешкім мақаланың ішін оқымайды. Тақырып атауын айқайлатып қойсаңыз болды. Мысалы: «Масқара!», «Ұят-ай!», «Дабыл, ағайын, дабыл!», «Құрыдық!», «Өлген жеріміз осы болды!» т.с.с.

9. Егер ақпаратты шынымен де қызық еткіңіз келсе, басты жаңалығын соңына дейін айтпаңыз. Шытырман детективтерден үлгі алыңыз. Оқырман әңгіменің не туралы екенін аяғына дейін білмей әлек болса — сайтыңызға жиі кіретін болады.

10. Мақалаңызды ең қызық жеріне келгенде телесериал сияқты шорт үзіп,«жалғасы бар» деп аяқтаңыз. Оқырман «аяғы не болар екен?» деп, келесі жазбаңызды зарыға күтеді.




ЕРЕКШЕ СТИЛЬ!

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
11. Егер шет тілінде бірер сөз немесе орыстың «ақылды» терминдерін білсеңіз, жазбаларыңызда оларды мейлінше жиі қолданыңыз. «Қайшылық» дегенше «контраст» деңіз, «ұлттық болмыс», «ұлттық көрініс» дегенше «ұлттық колорит» деңіз. Кейбір сөздерді қалай естіледі солай аударыңыз. Мәселен, «Silicon valley» дегенді «Кремний алқабы» дегенше, «Силикон алқабы» деп адамның азғын қиялымен ойнаңыз.

12. Сөз саптауда ұйқасты орынды-орынсыз жиі қолданыңыз. «Кемел сайтымыздың кемеңгер әкімімен келелі кездесуде келешек жайлы кеңес құрдық». Ох, әнеки! Тап осы сөздердің орындарын ауыстырып, келесі абзацты да толтыруға болады.

13. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» дегендей, факт жетіспеген жерде поэма не жыр-дастан қолдануыңызға болады. Біріншіден, бұл — ежелден келе жатқан қазақ журналистикасының дәстүрі. «Интернет екен» деп, қасиетті дәстүрге немқұрайлы қарамаңыз. Екіншіден, шумақтап айтылған ақпаратқа қазақтар күмән келтірмейді. «Тасып жатыр шетелге, тасып жатыр» немесе «парақұмар әкімдер, елдің жайын не ұқсын» деп бастасаңыз, халықтың құрметіне бөленесіз.

14. Жеңіл мағыналы мақала жазсаңыз, қызығына батып кетіп, бейресми тілді, жаргонизмдерді қолданудан аулақ болыңыз. Мақалаңызды мамаңыз оқып қалуы мүмкін екенін әсте есіңізден шығармаңыз. Бұл тұрғыда, соңғы кезде киноға түсіп жүрген қаракөз қарындастарымыздан үлгі алыңыз. Олар тіпті әкесі өлген эпизодта да «жігіттер ыңғайсыз кейпімді көріп қалмасыншы» деп, аузын қисайтпай, мұрнын тыржитпай, әдемі жылайды. Қазақтың қара сөзін «трико киген» тіркестеріңізбен былғай көрмеңіз!




ОҚЫРМАНДАР ОТТАМАСЫН!

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
15. Аудиторияның жасына, сипатына қарама-қайшы материал жасаңыз.
Әдетте оқырман өз қажеттіліктерін біле бермейді. Оны айту — сіздің борышыңыз. Айталық, ең жас сайт қолданушысы пайғамбар жасында болса, сіз ойын-сауық, танысу, «алғашқы түн» туралы мақалалар дайындасаңыз — ұтасыз. Әгәрәки, ең үлкені 10 жастағы ойын баласы болса, сәйкесінше, «денсаулық», «бала тәрбиесі» тақырыбында көсіліңіз.

16. Комментарийлерге, яғни оқырманның жазған пікірлеріне назар аудармауға да болады. Блогерлерден басқа кімге керек еріккен қаратабандардың пікірі? Сұрақ қойса, жауап бермеңіз. Пікірлер бөлігі мақаланың астына бекер орналастырылмайды. Ол жаққа шөгіп, мәртебеңізді түсірмеңіз. Қатты жауап бергіңіз келсе, келесі мақалаңызда жауап беріңіз. Оқырмандар сұрағына жауапты неғұрлым ұзақ күтсе, соғұрлым сізді сыйлай түсетіні бар.


cурет: fallon.com

SEO — «ӘДМИННІҢ» ӘУРЕСІ

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
17. Мақалаңызды Google, Yandex сияқты іздеу жүйелеріне барынша ыңғайлы ету үшін ілмектерге (тегтерге) ерекше, сирек кездесетін тұрақты тіркестерді тізіп жазыңыз. Мақала атауын мақалдап, мүмкіндігінше терең астарлап, жалпы шығармашылық адамы екеніңізді дәл осы тұста барынша көрсетуге тырысыңыз.

18. Мақалаға қойған суреттеріңіздің атауы мен түсіндірмесінің орнына кездейсоқ сандарды қолданыңыз.

19. Интернет басылымыңызды ешқандай каталогтарға тіркемеңіз. Біреудің сайтын тегін толтырып қайтесіз. Керек болса, өздері тіркеп қояды.

20. Фейсбук, твиттер секілді әлеуметтік желілерге тіркеліп алсаңыз, онда өзіңіздің мақалаларыңызбен бөлісіп жүрмеңіз — ұят болады. Ал той-томалақта, демалыста қыдырған, досыңыз туған күніңізге берген сыйлықпен түскен суретіңіз болса, олармен міндетті түрде бөлісіңіз.

21. Әріптестеріңізбен сілтеме алмаспаңыз. Тапқан екен тегін жарнама агенттігін…


сурет: www.facebook.com/satibaldi/photos_all

МАҚАЛАҒА ФОТО

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
22. Мақалаға фото қоятын болсаңыз, ешқашан оны өңдеп салушы болмаңыз. Кез келген өңдеу әрекетінен жасандылықтың мүңсігі шығып тұрады. Сондықтан, 42 мегапиксельдік фотоны сол күйінше қоюға тырысыңыз. Интернет тәуір қазақтардың барлығында талшықтық-оптикалық кабель арқылы жүргізілген. Суреттің ені 1200 пиксельден аспауы — желіге тек соткамен шығатын және жылдам байланысқа әлі қолы жетпеген кедей-кепсіктің ғана бас ауруы. Олар, әлбетте, сіздің теңіңіз емес.

23. Мақалаға қатысты иллюстрация емес, өзіңіздің суретіңізді қойыңыз. Көзілдірік тағып, жағыңызды таянып, бір қолыңызға қалам алып, терең ойға түсіп отырған суретіңізді қойыңыз. Ал тіпті ерекше көрінгіңіз келсе, кабинетіңізде компьютерге үңіліп отырған суретіңізді қойыңыз. Компьютерде тек журналистер ғана жұмыс істейтінін, кабинеттің басқа ешкімде жоқ екенін, ал мониторға шұқшиған адамның бейнесі сұмдық әрекет барысының атмосферасын тудыратынын ескерсек, мұндай суреттер ешқашан оқырманның ішін пыстырмайды.

24. Айтулы бір жиыннан фотореп жасауға бел бусаңыз, жиырма адам болып түскен суретіңізді қойыңыз. Жиырма адамның ішінде міндетті түрде біреу көзін жұмып, біреу басқа жаққа қарап, үшінші адам аузы шүртиіп түседі. Бұл, әлбетте, фоторепортажыңызға шынайылық пен тіршілік атмосферасын береді. Ал сәтсіз түсіп қалғандарының сізге деген алғысы шексіз болады.

25. Фотореп демекші, марапаттауларды түсірсеңіз адамдарды стандартты позада түсіре беріңіз. Айталық, ақшалай ұтысының чегын, сертификатын алдына алып қақиып түскен суретін ғана қоюға тырысыңыз. Мінберден түсіп келе жатқанда жолдас-жораларының арқасынан қағып құттықтауын, аспанға лақтырып қолпаштауын, жеңімпаздың қуаныштан көзіне жас алған сәттерін, жеңілсе, жақындарының жұбатқанын, жалпы, сезімдер мен әлдебір әрекет өрбіп жатқан тұстарын түсірмей-ақ қойыңыз — ешкімге қызық емес. Тамақ жеп отырса, әңгіме бөлек. Өзінің салат шайнап, аузы бұлтылдап отырған суретінің көпке жария болғанын ұнатпайтын адам жоқ шығар.
Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
26. Оқиғадағы барлық сәттерді тапжылмай бір жерде тұрып түсірген дұрыс.

27. Суретке қосымша мәтін жазып әуре болмаңыз. Фоторепортаждың видео мен жазба мәтінмен салыстырғандағы артықшылығы — фотосуреттер дербес ой жеткізу құралы болып табылады. Мейлің ол жиналыстан не дөңгелек үстелден көрініс болсын, оны көрген адам мұның не жиналыс екенін бірден ұғады.

28. Селфи, селфи, селфи. Тағы да селфи және тағы да. Сосын, тағы бір селфи…


суреттер: cmw.net, nurotan.kz

СҰХБАТ СЫРЫ

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес29. Өнер адамдарымен тек туған күнінде және өлген күнінде ғана сұхбаттас. Өлген адаммен сұхбаттасудың амалы келесі кеңесте. Иә, сосын біреумен ойнас болғаны не түнгі клубта біреуді ұрғаны туралы сыбыс болса, мүмкіндігінше қапы қалмаған дұрыс.

30. Қадірлі адам өзінің танымалдық зеңгірінен түскен сәтте оны ұмыт. Кемеңгер жалғыздықтан ұлып, жағдайсыздықтан бүгіліп жатқанда, ұрын барып сұхбаттасып қайтуға болады. Бірақ жария етпеңіз. Дүниеден өткенін күтіңіз. Өліп қалғанда, сұхбатыңызды эксклюзив ретінде телерадиоалпауыттарға сатып жібере аласыз.

31. Кездейсоқ сұхбат алу кезінде адаммен амандасу, танысып, хал сұрасу — бос әурешілік. Камераңызды қосып, диктофоныңызды кездескен адамның мұрнына тыққыштап, алдын ала үркітіп-қорқытып алыңыз. Сонда, жақсы сұхбат береді. Оған ешуақытта өзінің тұлға екенін сездірмеңіз. Бірдеңе десе, «пресса» деген көк қағазыңызды бетіне тақап, бейшараның бар болғаны сіздің кезекті материалыңызға шикізат екенін көзіне шұқып көрсетіңіз. Әйтпесе, өзін жұлдыз санап, құтырып кетеді. Сұхбат беруден бас тартып жатса, «еште жариясыз қал, камера көрмеген колхозник!» деп артынан қарғап-сілеңіз.

32. Өзіңіз білмейтін бір сала өкілінен сұхбат аларда, алдын-ала еш дайындық жасамаңыз. Парашютпен ұшақтан секірген десант секілді үстінен топ етіп түсіп, "әртіс" көйлегін киіп үлгермеген дамбалшаң бейбақты фотоға түсіріп-түсіріп алыңыз да, мәтінін қиялдан құрап-жамап басып жіберіңіз. Әлдекім жазған мақалаңыздан ол саладан мүлде хабарсыз екеніңізді байқап, қыршаңқы пікірлерімен мазаңызды алса, «мен ол саланың маманы емеспін, қалғанын «гуглдан» тауып ал!» — деп «шап» ете қалыңыз. Осынау мобильді интернет заманында, журналистің бір зат туралы үш нәрсе білгенінен, үш зат туралы ешнәрсе білмегені — артықшылығы. Осыны ұмытпаңыз.


cурет: mashable.com

ВИДЕО. ВИДЮХА. ВИДОС. ВИДЕКЕ


Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
33. Видеоның дыбысына мән бермеңіз. Иә, мұнда да интернет-журналистиканың өз ерекшеліктері бар. Көбісі онда не айтылып жатқанын тыңдамайды да. Бастысы — видео сапасы мен салмағы. «Сорлы-ай, «шүкірфонға» түсірген екен...» дейтін мүсіркеушілердің үні өшсін десеңіз — айқындығы жоғары HD камераға түсірілген видеоны кішірейтпе, ақылың болса — артық кадрларын да қиып әуре болмаңыз. Салмағы кемінде 3 ГБ (үш гигабайт) болсын. «Видюхаңызды» көрермен көре алмай қиналса, өзін қор сезініп, ал сізді, керісінше, құрметтеп, алғысын жаудыра түседі.

34. Видео өңдейтін қымбат құралдар сұраған ақысына тұрмайды. Ал интернеттен тегін уақытша нұсқасын басып алу — жарлы-жақыбай блогерлерге ғана жарасқан тірлік. «Адобтың» софты қымбат, «Пинакл» — бала-шағаныкі, «Едиус» – ми ашу, «МувиМейкер» — тым жұпыны, анандай гүлдер шашырап шығатын эффекті де жоқ. Жоламаңыз ешқайсысына. Өңделмеген таза күйінше, мүмкіндік болса, «Казтюбқа» не «Ютубқа» емес, бірден «Рутубқа» жүктеңіз.

35. Қымбат видеокамераға түсірілген ролик кез келген нашар сюжетті сүйреп шығады. Алда-жалда маңызды кадр түсіріп алудың реті келіп жатса, қалтаңызда тек қалтафон болса, оны сыртқа шығарып масқара болмаңыз. Қанша өзекті, эксклюзив материал болса да, ұялы телефонға түсірілген видео ешкімге қажет емес.

36. Видеосюжет жасағанда шабытты кинематографтың озық үлгілері мен ерекше «трюктарынан» емес, тележаңалықтардың тізесі шыққан шаблондарынан іздеңіз.

37. Видеокадрларды ролигіңізге әдемі тұсқағаз ретінде ғана қолданыңыз. Кадрлар әңгіме мазмұнынан барынша алшақ болғаны дұрыс. Онсыз да ауызша айтылып отырған дүниені көрсетіп қайтесіз?

38. Видеоны қолданудың қажетсіз кезі де болады. Айталық, спорттық сайыстарда, соғыс әрекеттері не қылмыс болған жерді, би кештерін, әлдебір күрделі механизмнің жұмыс істеу барысын көрерменге көрнекі жеткізу үшін үнхабар не қара сөз де жарай береді. Ал ғалымдарың есеп-қисаптары, саяси отырыстар мен үш сағаттық сот процесі сияқты шытырман оқиғаларды фото-видеосыз қалай өткенін елестету қиынның қиыны…




ҮНХАБАР (ПОДКАСТ) ЖАСАСАҢЫЗ

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
39. Жаңғырық эффекті. Дыбыс жазатын студияны да барлық интернет басылымдар қамтамасыз ете бермейді. Сондықтан, үнхабар жасайтын болсаңыз, іші бос, қаңырап тұрған, барынша кең бөлме таңдағаныңыз дұрыс. Тыңдармандарыңыз кір жуғышты қалай қолдану қажеттігі жайлы айтып жатсаңыз да, жаңғырып шыққан даусыңыздан рухани ләззат алатын болады.

40. Үнхабарыңызға байқаусызда «і-і-і, ә-ә-ә» деп кідіргендеріңіз, күркілдеп жөтелген, түшкірген, кекірген, кенет лоқсып жіберіп, артынан ықылық атқан дыбыстар кетіп қалып жатса, жариялау алдында қиып тастамаңыз. Қайта бұндай материал барынша шынайы естіліп, сізге тыңдарманыңызбен белгі-ишараттық деңгейде тылсым байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Авторлық айлаңыздың шарықтау шегіне жеткенін шіреніп тұрып, микрофонға жел жіберу арқылы білдірудің де еш сөкеттігі жоқ. Тыңдарман мұныңызды міндетті түрде жоғары бағалайды.



41. Бәрін айт та, бірін айт — интернет-журналистиканы көп талқылаңыз. Журналистиканың миссиясы сөз бостандығы мен әділдік идеалдары екенін үнемі қайталап, оның киелі мамандық екенін өзіңізге де, өзгеге де жиі қайталап отырыңыз. Бірақ іс жүзінде онымен ешқашан айналыспаңыз.
Бөлісу:

12 пікір

asaubota
бір циниктей циникпіз ғой, бітірдім
zholantai
таңдаулыға
Гаста, осылай адамды ұялтуға болады ма екен, 41-дің кемі 10-ынан өзімді көріп отырмын,
qonyrbai
 Пасвешаес бсем жүрнәлістам!
Gastarbaiter
Эльвираның жазбасынан кейін ойланып отырмын, редакцияға кірмей-ақ, өз блогының шеңберінде мультимедиямен жұмыс жасаудың қыр-сырын жетік меңгерген, арасынан шертіп жүріп таңдап көріп, "қой құрысын, мынау да журналист болмайды екен" деуге мүмкіндік беретіндей қазақ блогерлерінің жер қайысқан лагері қалыптасып қойғаны ма? Әлде блогының мақсатын айқындап үлгермеген, бірін-бірі жатқа танитын бірлі жарым мен сияқты дүмшелердің негізінде құрылған мәлімдеме ме екен?
aza
Гаста қыртады деп ойлаймын. Дәл осы ақылдарды, кеңестерді дәл осы күйде ала қоятын адам қалмады ма деп қорқып отырмын.
aza
Гаста қырсықпай, қыртпай жазғанда мынадан да тәуір мақала жаза алар еді-ау: zhazular.wordpress.com/2014/08/15/%D1%81%D1%96%D0%B7-%D0%B5%D1%88%D2%9B%D0%B0%D1%88%D0%B0%D0%BD-%D0%B1%D2%B1%D0%BB%D0%B0%D0%B9-%D1%96%D1%81%D1%82%D0%B5%D0%BF-%D0%B6%D2%AF%D1%80%D0%BC%D0%B5%D2%A3%D1%96%D0%B7/#more-1279ttp://bit.ly/1t71DKh
Сүйтіп, «Сіз осылай етпеңізші» деген нұсқаулық шығара салуға болар еді. Қазақша, ағылшынша
Gastarbaiter
 Жүдә серьезный болмаңызшы енді
MERmukhanov
Блогерлерден басқа кімге керек еріккен қаратабандардың пікірі?


осындайыңды сағынып қаппын
AKA
Күшті, ваще супер!  Әсіресе, «БІССІМІЛЛӘСЫН» жиі кездестіруге болады. Көптен ойымда жүрген дүниелер жарқ етті.  (31)
ushkin
Ерекше жазылған екен