Оқып көр, ой салар...(1) " Желтоқсан жасы"

Блог - daryn: Оқып көр, ой салар...(1)  Желтоқсан жасыЖелтоқсанның бірі. Алматы. Азаттық (Республика) алаңы. Құптан кірген кез.
Күн райының көңілсіздігіне қарамастан, қанды алаңда қараша халықтың қарасы қалың. Табиғаттың тосын сыйына мінез көрсеткендері ме, кім білсін? Әйтеуір, жиналғандардың езулерінде күлкі, көздерінде қуаныш… Тәуелсіздіктен артық қос мерекенің куәгерлері болу бақыты кез келгеннің тағдыр тақтасына жазыла бермес Тәңір сыйы… Қуанбай қайтсін..?! Оның үстіне, Тәуелсіздік мерекесіне дейін әлі қайдәәәә, 2 апта..! Оған дейін, кім бар, кім жоқ… Тәуелсіздіктің өзі де болмай қалуы ғажап емес…
… Қара басқанда, «Желтоқсан желі» әнін ыңылдап айтамын деп тұрып, «қасиетті» мерекеге орай арнайы дайындалған қойылымның қалай басталып кеткенін де аңғармай қалыппын. Әй, аңғал басым-ай… Өз жерімде өзге ұлттың мерекесіне өзгелерден кем қуанғаныма қысылдым… Аңдаусызда бойыма қонақжай ұлттың ұрпағына жат қылықтың қашан кеп жабысқанын қайдам, жұрт алдында жүзімді күйдірді. Обалы не керек!
Арада ет асым уақыт өткенде Алматының бірінші адамы Ахметжан Есімов ағамыз келіп, күнұзаққа қара суық жеп қойған «киелі» шыршамызға жан бітірді. Қуанғаным сонша, алғашында ұяттан, артынша суықтан қызарған беттің есесін қайтарғандай болдым. Әй, дүние есігін ашқанда дәл бұлай қуанбаған болармын… Азаттық алған күніміз былай тұрсын.!
Кенет, көктің көңілі босап, көз жасқа ерік бермесі бар ма… Алғашында, «қасиетті» мерекеге бола Алланың жаудырған нұры деп ойладым.(Нұр патшаның мерекесінде) Бірақ, артынан жел соғып, жиылған жұртты алаңнан қуып шыққанда барып, 86 боздақтарының көз жасы екенін түсіндім. Сол сәт, желкемнен су кеткендей жанарымды жерден көтере алмадым. Көтергімд е келмеді… Қалай көтермекпін, өзге ұялған үйірлесімнің жанарына жанарым түйісіп кетіп, көңілім босап кете ма деп қорықтым… Бірақ, бір ұяласымның «жаңбырдың мезгілсіз жауғанын қарашы, мерекелік көңіл-күйді бұзып» деген сөзінен кейін, шынайы жасқа қалай ерік беріп жібергенімді өзім де аңғармай қалдым. Абырой болғанда, бетіме тамған «желтоқсан» жасы еркімнен тыс ыршып шыққан мойыншақты жұрт алдында жасырып қалды. Бірақ, осы жолы өзіміз тұрмақ, өзге алдында қызару былай тұрсын, жылаудан да ұялмас едім… Себебі, ол өлімнен оңай… Әсіресе, тірі өлімнен…
Суреттер: google.com-нан алынды
Бөлісу:

3 пікір

bake
1985 жылы ағамды мерзімді әскери борышын өтеуге шығарып салдық. Хаттар келіп тұрды. Бір жылы өтті. 1986 жылы желтоқсан айында әке-шешем маған білдіртпей ағам туралы айтып, қатты уайымдап жүргенін байқап қалдым. Жылдар өтті. Алматыда желтоқсан айында не болғанын біле бастадық. Қайтыс болғандардың туысқандарына кез -келген алыстан естіген сөз ауыр тиетіні сөзсіз. Әрі -бері саудаға салатын зат емес -қайғы. Қазір соған жанама қатысы бар адамдар зейнеткер атанып демалысқа шығып жатыр. Ешқашан істеген істерін мойындамайды. Себебі белгілі. Сыйлы адамдар санатында. Оның бәрін қазбалап отырғаным, ешкім өз өмірін қиып «батыр» атаңғысы келген жоқ. Бірақ қалыптасқан жағдай соған итермеледі. Сөз қуып, амалдарын іздейтіндердің жолын бөгеп әрі қарай ашып жазбаймын.
«Сыбырлап менің құлағыма жеткізеді, тісіңді жарма бізді ая» дегенді. «Сонда осындайды болдыртқанға кедергі болмағанымызға кешірім сұраймын, менің тіке қатысым жоқ еді, оқиға жерінен бір қадам жерде жақын жүргенім болмаса». Қазір оның баласы көз жұмған балалар жасында. Амандығын тілейді. Тістеніп «тыс!» деп өзімді тоқтатқаннан басқа амал таппадым.
P.S.: Ағам 1987 жылы әскери борышын аман -есен өтеп келді.
Соңғы түзету:
Aya
Дарын, керектегі блогың құтты болсын. Күшті жазбалар күтемін. Маған бұл жазбаң ұнаған
Соңғы түзету:
bake
«16-шы желтоқсан атаулы күні қалай пайда болды?»,-деп сұрақ қойды. Жауап бермеді. Жай уақытта сөз таластырып, мінездерінің көрсеткенге көзіліктірмейтін жастарымыз үнсіз отырып хормен «білмейміз» деді. «Ойландыратын жайт» дей бер осыны.