Қызды болдым, ағайын!

Отызға келген жасымда күтпеген жерден шеше болып жатқан жайым бар.
Әне босанады, міне босанады деп, түнде дәретханаға жалғыз жібермей, күндіз үйде жалғыз қалдырмай, аңдып отырған сіңлімнің толғағы 6 шілдеге қараған түні сағат 12-30 басталмасы бар ма. Ақыры жүрді ғой, тұңғышының туған күні, жетісіне дейін бір-ақ барсын деп жүр едік. Болмады. Жедел жәрдем шақырып, пакеттерін көтеріп кеттік.
Алматыдағы жаңа перинаталдық орталыққа апарды.
Соңғы екі жылда әйел босандырудың да заңдары өзгеріпті. Толғатқан әйелдің қасына патрнер болып кіру үшін, жеке куәлігіңнің көшірмесін өткізуің керек екен. Біз перзентханаға жеткен мен осы хабарды білгенімнің арасында бір жарым сағат өткен. Түнгі екіде атамның басының ксероксы ма? «Твои проблемы, көшірмесің бермесең, кірмейсің». Үйге ініме қоңырау шалып, үйде жатқан бір көшірмені таксилетіп алдырдым.Одан бір кезде «памперс для взрослых киіп алсын, су кетіп жатыр» дейді. Гагариннің бойында түнгі сағат үште, қиғаштай асып алған сумкамның іші толған ақша, памперс іздеп қаңғыдым.
ТОлғатқан әйелдің қасында партнер болғанның не қиындығы бар екенін енді түсіндім. Дәрігерлер «толғақ — физиологиялық процесс» деп, араласпай, тек қадағалап, белгілі бір уақыт аралығында бір қарап кетеді. Жаны қысылған әйел дәрігерлер қасымнан шықпай отырса дейді.Сөйтіп, қасындағы адамға «дәрігерді шақыршы, дәрігерді шақыршы» дей береді. Ол дәрігер келмейтінін, келсе де, толғақ әлі піспегенін айтып, кетіп қалатынын біліп тұрсаң да, амал жоқ, постқа барып, акушерканы шақырасың. Олар келмейді, әрине. ТОлғатқан әйел ренжиді.
Осы жолы сіңлімнің жолы болды. Толғағы жиілей бастағанда босандыратын акушерка келді. Бірден таныдым. Менің үлкен ұлым мен қызымды туғызып алып, кіндігін кескен Айнаш деген акушерка. Мінезі жақсы, сабырлы, босанған әйелдің асты-үстіне түсіп, бір дауыс көтеріп, жекімейтін адам екенін жақсы білем. Ішімнен жақсыға жорыдым. Ол келгенге дейін «кімнің қалтасына ақша салып, аузын алып, қолын майлап қойсам екен» деп жүргем, содан кейін көңілім орнына түсті. Оған алдын ала берудің қажеті жоқ. былай да жақсы қарайды. Тек босандырғаннан кейін, "қолыңыз жеңіл болсын" деп, қалтасына сүйіншісін салдым. Сөйтіп, әлдеқандай күн болады деп, 60 мың ақша алып щыққан мен, 10 мыңмен құтылдым.
Толғатқан әйелдің қасында біреу болса, толғақ бөлінеді дегенді бірнеше рет естігем. Рас екен. Сіздерге өтірік, маған шын, ана қыздың толғағы пісе бастаған кезде, менің де белім ашып, шымырлап ауыра бастады. Толғақтың не екенін ұмытып қалған екем, біраз есіме түсірдім.
Сөйтіп, әйтеуір босандық. Ағыл-тегіл жылап тұрсам, дәрігерлер маған күледі. Бірге туған бауырыңның жаны қиналғаны батады екен, жаны аман қалып, бөпесін қолына алғанына қуанғаннан өзімді тежей алмадым.
Бөпені өлшеп, жөргектеп, төсегіне жатқызып кеткен соң, «бісміллә» деп қолыма алдым. Іші-бауырым езіліп, біртүрлі болдым да қалдым. Өз балаларымды ұстағанда дәл солай болған шығармын. Сол сәтте қажет болса, омырауымнан сүт шығар ма еді… Шешім де сол сәтте келді. Ол енді менің қызым болады.
Күйеу балаға қоңырау шалып, сүйінші сұрадым. «Атын кім қоймақшысың?» «Зерделі» «Келіншегіңнің белін ұстаған еңбегім бар ғой, маған бір әрпін бер». «Мақұл».
Сөйтіп, енді менің Зерделім деген қызым бар.
Үлкен қызы апасыныкі, кішісі менікі, сіңлім енді, амал жоқ, толғақ қысқанда «енді тумайм» деп қанша айқайласа да, өздерін тағы бір бала туатын болды.
Бөлісу:

31 пікір

araika
Бауы берік болсын! Зерделім! Қандай әдемі есім!
asaubota
бүгін біз де бір Зерделіммен таныстық, Нұрбергеннің қызы.
dark_nazgul
Иә, Нұрбергеннен қызының есімі кім екенін естігенде қатты қызыққам, әдемі ат екен, менің ойыма үш ұйықтасам келмес еді мұндай есім деп.
Мынау енді күтпеген жерден болды.
VKM
Назгүл, бауы берік болсын! Қорқынышты сияқты бала дүниеге әкелген( Аты ұнап тұр, менің қызым да осы есімді болса деп армандап кеттім)))
kokbori
Қорқынышты сияқты бала дүниеге әкелген
bazuka
Бауы берік болсын!
MickThatsMyNick
Бауы берік болсын!!!
Abilakim
Ғұмыр жасы ұзақ болсын, бақытты өмір кешсін!
dark_nazgul
Айтсын! Рахмет бәріңе.
AKA
Қуаныштарыңызға ортақпын!  Аллаһ тіл-көзден сақтасын, ата-анасының абыройын асқақтатар жақсы қыз болып бой жетті.
Korkem
Зерделім — ыстық естіледі ә? ))))
mercedes
Мен сіз туған шығар десем
dark_nazgul
Біз өз фабрикамызды жауып қойып, осылай басқа біреулерге туғызып алуға көшкенбіз.
satibaldi
 Жу! «Дүниеге бір лама келсе, бір түп папайя артық шығад» деуші еді Кастанеда амиго, құтты болсын!
dark_nazgul
Жуам. Шілдеханаға келіңіз.
qisyq
Бауы берік болсын!
sammita
үлкен азамат болсын!
Мен де сіңлімнің партнеры болғам ойда жоқта. Астанада Ана мен бала орталығы. Ксерокс дым құжат сұратқан жоқ, тапочка мен халат киіп, қолды зарарсыздандырып кіргізді тек.
alisha
Қолыңыз құтты болсын!
Zhan
Менің әріптесім ұлын босанып, қырқынан шығарар кезде «кел, өкіл мамасы боласың» дегенге мәз боп жүргем. Бір жағдайлармен Ерейменге бара алмай қалдым. Так что ешкімнің «мамасы» емеспін әзірге.
dark_nazgul
Әумин. АЙтқандарың келсін!
a63a1
Бауы берік болсын! Неше келі болып туды?
dark_nazgul
Айтсын. Кішкентай ғана. 3,200. 50 см. Бұған дейінгі үш балам 54 см, 3,600 — 3,700 болып туып еді, мынау қолдың басындай ғана, кіп-кішкентай, қолға ұстаған да қиын екен.
salta
Құтты болсын!!! Баланың көп болғаны дұрыс! Үлкен азамат болып өссін!
saken
Бауы берік болсын!
Aldeken
Шай құярдың бауы берік болсын! Атынай заты сай болсын!
dark_nazgul
Аумин, тілектерің қабыл болсын!
Korkem
БАуы берік болғай, қуанышыңыз, көзайымыңыз, қолқанатыңыз болсын! ИНШ, бақытты болғай. адамды сонша тебірентіп жібереді екен)))
GulnuraPazylova
Меним кызым нын аты да зерделим улкени жангулим
Anar70
 оқып отырып өзім туғандай болдым ғой, су кеткенде памперс кигізетін болған ба
ken
сені босанған екен десем, сіңілің екен ғой
dark_nazgul
сол жолы тумасам да туғандай болдым, шындап толғаттым ғо.