«Титандардың қаһары»? Жоқ, естімеппін



«Грек мифтері мен аңыздары» дейтін қалың кітапты әлі күнге жата-жастана оқимын. Әлі есімде, алтыншы әлде бесінші сынып, түні бойы Трояға болысқан Гефест пен Аресті ойлап, уайымдап шыққанмын. Қысқасы, жартылай жалаңаш грек құдайлары мен қаһармандары туралы кез келген дүние көңілімді өзіне тез аудартып ала алады. Күні кеше қазақстандық прокатқа жол тартқан «Титандардың қаһары» да назардан тыс қалмады.

«Титандар шайқасының» (шатаспаңыз) сиквелі болған бұл фильм бізге түсіру командасын толықтай өзгертіп келіпті. Тек толқынданған бұйра шашын жіберген Персей бастаған негізгі актерлар тобы ғана сол қалпы (Андромеданы бұл жолы Розамунд Пайк ойнайды).



Алғашқы фильмде Кракенді құрдымға жіберген Персейдің осы жолғы шабысы бөлек: ағаш тақтаймен Химераның отын қайтарады, қанатты атымен бірге «атасы» Кроностың лавалы жауынының астында қалады, лабиринтта адасады, Минотаврдың мүйізінен оңбай таяқ жейді, бір сөзбен айтқанда, көрмеген құқайы қалмайды. Бірақ, бейнеттің де зейнеті бар, ақыр соңында… ә, жоқ, оны өздеріңіз көріп аларсыздар.



«Титандар қаһарының» кемшілігі 3D-эффектілер де, актерлер ойыны да (туынды оны қажет етпейтін де сияқты), сюжеттік желісінің қарабайырлығы да емес. Фильмді құртқан топас диалогтар мен осыған дейін жүздеген, мыңдаған фильмде кездескен қисын мен көркемдіктен жұрдай «адами» көріністер.

Кроносқа еркінен тыс күшін беру үшін Аид пен Арес қол-аяғын керіп тастағанда, «а-ля Иса Мәсіх» стиліндегі Зевстың «Аид, кешір мені» дейтіні бар (қорс-қорс жыладым). Ағасының «Не үшін кешірім сұрайсың?» деп шыжбалақтағанына, найзағайлы құдай «Мен де сені кешірдім» деп жауап береді. Немесе Гефестің кім екенін сіз бен бізге түсіндіру үшін Андромеда міндетті түрде «Гефест деген кім?» деп сұрайды. Немесе Арес «әкем», «бауырым» дегенді сөз арасында Зевс пен Персейге қатысты міндетті түрде айтып отырады. Дұрыс қой, попкорн жеп ауыз-басы малжаңдап отырған көрермен қайдан білсін кімнің кім екенін…

Түсінемін, баз біреулер грек мифологиясы туралы мүлде мәлімет қарастырмаған шығар. Біреуге ол керек те емес шығар. Бірақ сеніңіз, бір айтылған деректің мың қайтара айтылуы миды тоздырады-ақ.



Ми демекші, «Титандар қаһарының» әсері көзіңіздің қарашығынан ары аса қоймайды. Әлгіндей сәттерде аздап ашу импульcтерін жібергеніңіз болмаса, жалпы алғанда экранға еш мағынасыз көзбен қарап-ақ не болып жатқанын түсініп отырасыз.

Жаңа режиссер Джонатан Либесманда кінә жоқ деп ойлаймын, «Лос-Анджелес үшін шайқасты» түсірген маман жаңа туындысын әрлеп-сырлауға тырысқан-ақ сияқты. Көрермен ретінде менің көңілімді қалдырған сценаристер Дэн Мазо, Дэвид Джонсон, Грег Берланти болды. Әйтпегенде, әжептеуір дүние шыққандай-ақ екен.



«Титандар қаһары» «Фавн лабиринті» емес, қайбір актердің кәсіби шеберлігін бөле-жара атау ауырлау. Қабақты түйіп, кіжіне жүгіріп, қылышпен оңды-солды сермеу кинода қиын іс емес. Бірінші бөлімнен кейін балықшы болып безіп кеткен, бірақ, кейін тірі тұрғанда әкемді тентіретпеймін деп Тартарға тартатын Персей (Сэм Уорингтон), «ақсақалды қария, ақылы көп дария» бас кейіпкердің әкесі Зевс (Лиам Нисон), таяғына сүйеніп, әуелі жауыз, артынан мейірімді баба бола қалған Аид (Рэйф Файнс), Посейдонның әрі қу, әрі бұзақы бел баласы Агенор (Тоби Кеббел), ақсары шашын жайып, алқызыл еріндерін бас қаһарманға өпкізген Андромеда (Розамунд Пайк) – бұл кейіпкерлердің барлығын кино саласында көпшілікке танымал деген актерлер ойнайды. Бірақ, сіз, ең болмағанда «Аватардағы» Уорингтонның (Джек Салли) рөлінен алғандай әсерді бұл фильмнен ала алмайсыз.



Жобаны құтқарып қалған 3D-эффектілер, түсініксіз тілде сөйлесетін циклоптар, екі басты химера, алып отты Кронос, мүйізді Минотавр, шым-шытырық лабиринт, арқалары бір-біріне жабысып қалған қу сүйек қаңқа жауынгерлер, әдемі табиғи көріністер. Бас қаһарманның үлкенді-кішілі түрлі құбыжықтармен қырылысқаны қызық, әйтеуір, қазіргі технология кітапта оқып, көзіңе елестеткеніңді алдыңа әкеліп көрсете алатын болды ғой. Оған да шүкір.

P.S. Грек мифологиясы бойынша Уран (аспан) мен Геядан (жер) туған еркегі-әйелі аралас 12 титанды бұл фильмнен ырымға таппайсыз…

Киностан.кз
Бөлісу:

23 пікір

patick
Киноға барар-бармасыңды дәл қазір анықтап ал
satibaldi
Ойлайм да, Киностанның жігіттері киноклуб ашып, кино басталарда каммент беріп, біткесін тағы да каммент беріп, халық сыра ішіп, писташкі жеп тарасса деп.
qisyq
patick , Сатыбалды ойымызды оқиды, ә?))
satibaldi
Жақсы болар ед те. Gazizkizi бармаған күндердің барлығында тұрақты барып тұрар едім. Абоненттік ақы, айталық — айына 2 000 теңге десеңдер де артық емес.
qisyq
Қырымның көп шамы көрінгенше кино көріп сосын…
patick
Ішкен сайын еске түсіріп жүрген идея еді негізі
salta
10 балдың қаншасын бересіз? әдетте жазып қоятын едіңіздер ғой
qisyq
Ол міндетті атрибут емес мен үшін. Бұл фильмге жазғым келмеді. Қарама-қайшы пікір менде. Арнайы эффектілеріне 8, басқа тұстарына 3. Нақ.
salta
бүгін керектің жігіттері ашулы ма,қалай өзі? «нақты» қоспай-ақ, жауап бере салуға болады ғой. киноға берген сипаттамаңды үнемі оқып, соңына қойған балыңа қарап, ориентировка жасайтынмын. сосын сұрадым, бауырым. кешірім өтінемін, егер балға бола уақытыңызды алсам…
kokbori
мүмкін нақтырақ айтсам дегені болар
salta
солай деп үміттенем
qisyq
Нақ саған бағытталмаған. Әшейін, сөздің сірағасы. Қоспай-ақ жауап бере салуға болады ғой. Бірақ, қосқан дұрыс па дедім. Оны жүрегіңе жақын қабылдамағын, әпке. Саған деген ниет түзу Ауыр тисе, кешір.
patick
Нақ саған бағытталмаған. Әшейін, сөздің сірағасы. Қоспай-ақ жауап бере салуға болады ғой. Бірақ, қосқан дұрыс па дедім. Оны жүрегіңе жақын қабылдамағын, әпке. Саған деген ниет түзу Ауыр тисе, кешір.
деп құтылмасам, шешесс, әр сөзіңе ілік іздеген salta да осы жынға тиіп, нақ © qisyq
salta
мен Алдекеңнің үйіндегі енем секілді ұл балаларды жақсы көрем, сендерге тиісіп нем бар…
e_zhalgas
менен де күтіңдер, кешке жазамын. оһ, оңдырмаймын
qisyq
Оппа мұнда да ерегіс, партизандықжарнамаңдыссс… Поп-корнға кеттім.
Serzha
титан квестте де сондай сюжет
patick
сен қызсың ба не?
qisyq
Бұл Сержа бұрынғы Сержадан өзгерек…