Сығандар Шәмшіні пір тұтады.

Кеше кешкісін теледидарды қарағандар болса, “Қазақтың 100 әнінде” Шәмшінің “Сыған серенадасы” әніне байланысты аз-кем мағлұмат беріп кетті. Артынша бұл тамаша әнді әнші Тоқтар Серік орындады. Ән тыңдар құлағы бар адамның бұл әнді өзінің таңдаулы әндері қатарына қосатынын сеніммен айта аламын. Ән туралы ақпараттарыңызды толықтыру мақсатында осы жазбаны іле кетуді жөн көрдім. Алдында ойланып жүргенмін, кешегі бағдарламадан соң енді “темірім қызған” секілді. Сонымен…
***
Бұл жуырда болған еді…
Келсек, фермада тірі жан жоқ. Сығандар келуі қалай тез болса, кетуі де солай ғайып болған. Ең болмаса жөн біледі деген Кустурницаның қоштаспай, еңбек ақысын алмай кеткеніне таңданып тұрмын. Бізге өкпелейтіндей себептері жоқ. Барлық жағдайын жасадық. Менің ойымды оқып тұрған Қабыл:
— Жоқ, көке, олар кеткен жоқ. Жүріңіз егістің арғы бетінe барайық, – деді.
Екеуміз атымызды желдіре жүріп келеміз. Бір кезде Қабыл маған сөнген оттың қоламтасын көрсетті.
— Олар осы жерге бір түнеген, – деді Қабыл. – Олар қазір анау тал ішіндегі бұлақ басында.
Шынымен, шамалы жүргеннен кейін тал арасынан жағылған оттың жарығын көрдік. Жақындап келгенде, құлағымызға жағымды ән шалынды. Лаулатып жағылған отты жағалай жайғасқан сығандар Шәмшінің әдемі сазына сығанның діріл аралас сарыны қосқанда, жүрегіңді еріксіз шымырлатып, қанмен бойға тарап бара жатқандай әсер аласың.
Тулаған қаны бар,
Тұлпар да табылар,
Үміт болса.
Күн туса басыңа,
Мойыма, жасыма,
Жігіт болсаң!
Ән таза қазақ тілінде айтылып жатыр. Мынаны естігенде, қалпағыммен қоса аттан өзім де құлап түсе жаздадым.
— Бұл Дундо мен Земфираның дауысы, – деді Қабыл баяу үн қатып. – Екеуі қосылып айтып жатыр.
Ән түнгі тылсым даланы тебіренте кернеп барады. Әннің қайырмасына келгенде, сығандар түгел қосылып кетті. Арасында шырылдаған балалардың нәзік дауыстары да бар.
Толқысын, шартарап,
Толқышы, тебіренші, о, гитара!
Оу, жан серігім,
Төгілсін күй тарап,
Жаның тарықпасын!
Ән шарықтасын!
Қайран басың,
Ғаріп басың,
Көзіңді жұмбай қамықпасын!..
Шәмшінің әуезді, мұңды әніне сығанның тек өздерінің көмейінен шығатын қоңыр әуені қосылғанда жүрегіңді жылытып, терең мұңға батырғандай.
Тал арасынан шыға келген бізді Кустурница құшақ жая күліп, қарсы алды.
— Бір жерде табан тіреп отыра беруге ешбір сығанның шыдамы жетпейді, – деді ол қулана көзін қысып қойып. — Жастар зеріккен соң, егіс алқабын айнала көшіп жүрміз. Ертең анау аңғарға барып қонамыз. Фермаға күз түсе ораламыз. Бір жерде бір ай жатқан сығанның қаны ұйып, қол-аяғы сал болып қалады.
— Қазақ әнін, Шәмшінің әнін қайдан үйреніп жүрсіңдер? Әрі таза қазақ тілінде шырқап отсыңдар, – дедім мен бойымды қызығушылық билеп. – Әлде оны танисыңдар ма?
— Ого-гоо, – деп күлді қарт сыған. – Шәмшінің өзін біз танымаймыз. Бірақ өзіміздің қара көз ару қызымызға арнап, жаныңды қозғайтын құдіретті ән жазған Шәмшіні біз ғана емес, біз бiлетiн барлық сығандар қауымы пір тұтады. Алғашында біз оны сыған екен деп қалғанбыз. Мұндай әнді сығанның жан дүниесін түсінетін адам ғана шығара алады. Сөзімен айтқанда, тіпті қатып кетеді. Ән сөзін бізге мына Кагул балам үйретті. Қашан таза қазақша айтқанша, тілімізді бұрады. Енді, міне, сіздің өзіңіз таңданып тұрсыз.
Сығандардың кешкі кофесін бірге ішіп отырғанымызда Кустурица әңгімесін жалғастырды.
— Бұл әннің әуенін сонау Бессарабиядағы сыған туыстар да біледі, – деді қарт мақтанғандай.
— Ән сөзін оларға да жазып жібердім. Ендігі Молдова даласында да ән қазақша шырқалып жатқан шығар. Бірақ олардың сөзді бүлдіріп айтатынын білемін. Өйткені, Молдовада бірде-бір қазақ кездестірген емеспін. Аман-есен елге жететін болсам, ол “шала қазақ” сығандардың қатесін түзетіп, сөзін қайта үйретемін.
Осы жерде менің тебіреніп кеткенім сонша, қалың түктен көзі мен мұрны ғана көрініп тұрған қарттың бетінен сүйгім келіп кетті. “Қайран, Шәмші! Жалпақ жатқан Бессарабия жеріне дейін дауысың жеткен қайран Шәмші аға, аруағың бүгін бір аунап түскен шығар. Ән қадірін білетін жат адамдарды да табындырған ән алыбы Шәмші аға, сен мәңгі жасайсың ғой” деп ойладым.
Осыны айтқан Жұмекең кәдімгідей демі дірілдеп, отырып қалды.
— Айтыңызшы, содан соң не болды. Сығандар, балаңыз Қабыл қайда қазір? – деп жігіттер жамыраса сұрастырып жатыр.
— Екі жыл жұмыс істеген сығандар Молдовасына кетті. Кустурицадан екі-үш хат алдым. Шынында, ондағы сығандар ән сөзін бүлдіріп айтып жүр екен. Өзі уәде еткендей, Кустурица олардың қатесін түзетіпті. “Сығандардың тойы Шәмшінің әнімен басталып, сол әнмен аяқталады. “Сыған серенадасы” сығандардың ортақ гимніне айналды”, – деп жазды Кустурица.
Ал, балам Қабыл ел-жұрт болып бата беріп, рұқсат етсек те, туыстарына ермей қалып қойды. Ол Дундоның қызы Земфираға үйленген. Қаладан шағын кәсіпорын ашып алған. Анда-санда балаларын ертіп, қонаққа келіп кетеді. Біз де барып тұрамыз. Оның бұйра бас кішкентай сығандары “әке-көкелеп" келіп, мойныма асылғанда бір жасап қаламын. Мұндайды көргендерің бар ма сірә?!
А. Ержан
«Сыр бойы» газеті. 2006 жыл
Бөлісу:

14 пікір

qisyq
Gamk
Қисық бырат, соны қалай істейтінін білмедім.
omarbirat
Сығандардың кешкі кофесін бірге ішіп отырғанымызда
Кустурица әңгімесін
жалғастырды.
Эмир?
Lyaila
Қазақ әндерінің ішінде Шәмші әндерінің орны ЕРЕКШЕ десек, сол әндердің ішінде «Сыған серенадасының» орны бір төбе!!!
estetika91
«Сыр бойы» газеті аудандық газет пе?
Gamk
Пәленбай жылдық тарихы бар үлкен газет.
balzaminka
77 jyl go dim katelespesem
Gamk
1929 жылдың 1 шілдесінен бастап шыққан екен.
Gamk
estetika91
Сілтемеңізге үлкееееен рахмет Нұреке!.