Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады. Су тасқынын бастан өткеріп, көңілін бір демдегенімен, аусыл індетіне тап болған Батыс Қазақстан облысында енді бөкендер баудай түсіп жатыр. Мұндай оқиға бұл өңірде былтыр да болған еді. Ол жолы батыс аймақта бас-аяғы бірер аптада 12 мыңға жуық киік қырылды. Сараптама жүргізген мамандар кейін індеттің себебін пастереллез ауруынан көрді. Бұл жолғы оқиға да соған ұқсас, әзірге 500-ге тарта киіктің өлексесі табылды.
Тосын кеселдің не екені әлі белгісіз. Ал прокурорлар бір жорамалды теріске шығарып, тағы бір күдікті азайтты.
« Капустин Яр әсер етпейді. Капустин Яр әсер етер еді, егер Орданың қасында болса. Орданың қасында мамандар айтып жатыр, киіктер төлдеп жатыр деп. Онда бәрі жақсы дейді. Капустин Яр Орданың қасында ғой, ол мына жерден біраз алыста»,-дейді БҚО бойынша табиғат қорғау прокуроры Молдағали Уапов.
Денесі ісініп, аузынан қанды көбік аққан киіктің әр жерде теңкиіп өліп жатқанын көрген ауыл тұрғындары тиісті орындарға хабар берген. Кейін ауданда арнайы комиссия құрылды. Олар киіктің аналығы мен жас төлдері көптеп қырылғанын айтып отыр.
« Себеп тек қана осы жерден деп ойлаймыз. Былтыр енді, бұрын да солай есептеген пастереллез деген аурудың себебінен деген болатын. Бұдан бұрын да солай болған екен, былтыр да солай болған. Соған қарағанда осы жерде бір жағымсыз шөп жеп қойып, өлетін секілді»,-деген пікір білдірді Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов
Осыдан 10 жыл бұрын еліміздегі киіктер 1 миллион 200 мыңнан асқан еді. Қазір олардың саны 40 есеге дейін кеміген. Екі жыл қатарынан қайталанған кесапат киік басын тағы 13 мыңға азайтты. Қазір киіктер қырылған аумақтың топырағы мен суы, жануарлардың өлексесі зерттеу үшін сараптамаға жіберілді. Бұл жұмыстардың қорытындысы алдағы күндері мәлім болмақ.
40 есеге дейін — :-( сөзімніңде, болашақты бұлдырлатып болсада болжайтын сезімніңде жетпей отырғаны…
жауыздарпенделер кінәлі :-(