БЛОГ – білгенге бұл да бір «оқ»

(Бірақ – бұл кімнің оғы, қандай оқ?! )
Әңгіменің әлқиссасы былай ғой:

Қол қалт еткенде, блоггер деген «біліп» сөйлейтін (талай тіркес теріліп жатса, оны сөздік қорыңа «іліп» жатсаң, қалай мақтамайсың авторын?!) жамағаттың жазғандарын оқып тұратын әдет бар бізде. Бірі айғыздалған бүгінгі өмірді айтады, бірі Ай қызын айтады. Бірі «ай қызық-ай» деп, көрген-естігенін қағазға түсіріп, күлдіріп жатады. Таптаурын болған, тізесі шыққан тақырып-тіркестердің де шұбап жүретін жері бұл. Мәселен «мысығым туды», «қыз бен жігіт достығы», т.б. (бәлкім мұны да ұнатар ағайын бар шығар арамызда?!) Әйтеуір ерінбесең болды. Тінтуірмен түрте бер. Өзіңе ұнайтын бір қисса қисалаң етіп алдыңнан шығады. Шүбәм жоқ оған.

Ыңғайы келгесін айтып отырмын ғой мұның бәрін. Сонымен, бірде интернеттен іліп алар әңгіме таппай, жолай блог біткенді қарап отырғам. Бірталайымен таныстым-ау шамасы. Біреуінің атауы ұнайды, бірінің мақаласы мықты дегендей. Жағалай жүріп, жақсы-жаманын елеп-екшедік-ау шамасы. Солай бір блогке тап болдым. Тақырыбы тартты. Былай басталады екен. «Киім сауыт, ал оның ішіндегісі ше?!». Бір қарасаң дені дұрыс әңгіме сияқты. Ақырын жазу жолымен төмендей бердім. Дұрысы төпелей берді. Басы, қазіргі шұбар тілді түрткілеп келеді де, – «неге осы намазхандар «сестра», «брат», – дейді, бірін-бірі» – деп шала бүлінеді. Ортада осылай одыраң мінез көрсетеді де, сосын, созбалақтап келіп, «күн ыстықта неге қалың маталы орамал тағады, неге екі елі етіп маңдайынан шығара жауып алады» – деп бірақ тоқтайды. Сайқал сын иә?! Әрі жалғайды ғой жаңағы. Жауап іздегені: -«Одан да кепка я вандамка тағынса дұрыс болар еді»-деп. Тарпаң талап дейміз бе мұны?! Сосын жауыр болған жырын оқиды. – «Қазақтың өзінің орамалы бар ғой, мойыны ашық, жай басқа былай тарта салар. Әурет деген жердің тізімін кім жасапты?! Қалай қорықпайсыңдар, шашты, мойын-құлақты әурет деуге» – деп бізді әуреге салып қояды. (Қайдан білсін, айтып тұрғаны: – бай-бағланның бөрік астынан бастыра тағар, жігіттің көкпарда байлар орамалы екенін. Қазақтың қызы былай тұрсын, ері жалаңбас жүрмегенін блогиесі біле ме екен?!әй қайдам?!…)

Асылы ақыл сұрағаны да деп, жауап жазасың ғой жаңағы. Жаның ашып. Брат, сестра десе, бәлкім эйфорияның екпінімен сөйлеп қойғаны шығар. Бірақ, кәдімгі қазақы тіліңді тәрк еткен, түсінбейтін біреудің де айтуы мүмкін – деп жауап бересің! Содан тарқатқым келіп, біразға тоқталам ғой; – Иә, орысша осыған дейін сөйлеп келген браттың – «бастысы мұсылмансың, тілдің, ділдің қажеті жоқ» деген кейбіреудің сөзіне сенген болуы да мүмкін. Расында, өзін ресми тілдің өкілі санайтын жұрт, рухани азап көрмеудің төте жолы деп, жаңағы шалыс естігенін шындай көруге тырысады… Қысқасы мүмин болғанға дейінгі «мәселесін», мұсылмандықпен ақтап алмақ әдісі -деп тоқтағам. ( баяғы жартас – сол жартас) Иә, ең бастысы мұсылмансың… бірақ ұлтыңды да ұмытуға болмайды ғой?!

ҚҰРАНДА: «Әй адам баласы! Шүбасыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» делінеді («Хұжрат» сүресі 49/13). Яғни біздер ұлт болып бірімізді біріміз тану үшін жаратылдық. Құран айтып тұрса, АЛЛАҺ қалауымен бәлкім ақіретке дейін қазақ қауымы сақталуы керек шығар?!
Әрі өзіңде білесің! Тағдырдың екі түрі бар. Бірі өзгермелі. Яғни белгілі кезеңде алдыңа таңдау түседі де, өз еркіңмен өзгертесің өмірлік бағытыңды. Мәселен жұмысыңды я оқу орныңды дегендей. Ал екінші түрі – тек АЛЛАҺ-қа ғана мәлім, өзгермейтін тағдыр. Оған сенің жынысың. Оған сенің әкең мен шешең жатады. Оларды таңдай алмайсың ғой?! Сол тізімге сенің ұлтың да жатады! Осы арада сәл тоқтайықшы: – Біреу ұл болып жаратылды делік. (Тайланд елестей берсін) бірақ өзін қыз сезінгісі келеді?! Жынысын өзгертсе күнә ма?!? Әрине, ең ауыр күнә! (Лұт қауымына қандай қарғыс түскенін есіңе түсір) Себебі ол – АЛЛАҺтың аманатына қиянат, әрі өзгермейтін тағдырды өзгертем,- деп әуреге салынып жатыр! Кешірілмес күнә, қысқа қайырғанда.

Ал енді…Сен – қазақ болып туылдың?!.. Бірақ, сен басқа ұлт болуды аңсауды қайда сыйдырамыз?!?! Ол да күнә шығар?! Себебі сен туылғанда ұлтыңды таңдағаның жоқ. АЛЛАҺ таңдап қойып еді. Ал сен қарсы шығып жатырсың! Солай ма?

Осы арада орысша шүлдірлейтіндері: «біз кінәлі емес ек, ата-анамыз тілімізді солай шығарды» – деуі мүмкін. Бірақ тағы сұрақ. – Сен ер бала ең, ата-анаң сенің қыз болуыңды қалап, құлағыңа сырға салған еді, юбка кигізетін еді…. Бірақ жасың өсті. Жан-жағыңа қарадың. Таныдың өзіңді. Өзіңді ер сезіндің! Сосын?! Солай юбка киіп жүре бермейсің ғой, мамам-папам солай істеп еді деп… – деп тақырыпты тарқатқандай күй кешкем. Енді айтары аз шығар, түсінген болар деп түйгем.

Қайтадан сол, сұмырай сөз суырылып алға шықты. Қарымта жауабы ғой!

— Жазған пікіріңізге қосыламын, бірақ осы пікір жазғанда таза қазақша жазуға не кедергі? Хиджап киген қыздар бір-біріне сестра дейді дегеннен шығады әңгіме, өзіңізде ұлтқа, тілге деген құрмет жоқ екен.

Сондағы менің қателігім, кей спецификалық ғаріптерді қалдырып кетіп жазғаным. Сайттың талайын көргенбіз, «ә» орнына «\*/» деп таңбаны төбеңе ұратын. Содан қорыққан ем, десем сене ме?! Әй қайдам?! Сосын түсінуге тырысып, түсіндіруге ұмтылғам. Қазақ пен дінді қарсы қоюға болмайтынын. Қазақтың бар болмысы Исламмен бітісіп, бір болып кеткенін, ең соңғысы ұлттың атауы дінге барып тірелетіндігін айтқам. Қалай дегенге кішігірім қисыны бар қиссаны келтіргем:

Жәнібек пен Керей кеңесіп, біраз елді алып, Хан Әбілхайырдың ордасынан ойылып түсіп, Оңтүстікке қарай ойысуға ұйғарады. Ұлы Моғол империясының бір шетінен, (шамасы ШУ алқабынан болса керек) мекен алады сөйтіп. Қашып келгенге (кей тарихшы қазақ атауын «қашақ» сөзінен шыққан дейді. Осы әңгіменің ауанына құлай айтқанымыз ғой! Бірақ бұл нақты дерек деуге келмейді) қарасудың да жөні барды. Ол кез, Моғолдың шеті сөгіліп, Жоңғары жағадан жұлқылап, Мәуренахрдың мың сан қолы батысын бүріп жатқан-тын. Қазаққа, «осы екі ортаға жайыла қон» – деді. Ат табанына қағылар таға секілді, иіле иін болып отырды сол кез алаш рулары. Яғни қазақтан қалқан жасалды. Бізше буфер мемлекет. Жау жақта отыр. Соғыс я қақтығыс болса қағынатында бірінші қазақ. Авангард былайша айтсақ. Бұл бір. Ал екі. Қазақтың міндеті қонған қонысқа қарай «қылыш ұстағанды» қалай да болсын өткізбеу. Яғни мақсат – отан қорғау. Шайқаста шейіт кеткендер көп болады. Осы арада «қазасы ақ» деген діни ұғым ұлықтала бастады. ҚАЗАҚ ұғымының түсіндірмесі тілге осы кезде қонды. Тірі қалсақ «ҚАЗИмыз.» Ажал құшсақ «Қазамыз АҚ». ҚАЗАҚ осылай қазақ аталды. Түсіндірем деп сендім… Қол қарысып, саусақ сықылдап отыр.

— Ай есіл уақыт-ай! Босқа ауаға ұшқан сөздер-ай…

Анау блогиесі дымбілместің кейпіне еніп алды. Соңыра сөзден ұтыла бастағасын, мені фанат, ұлтқа қарсы, сектант етіп шығарғаны бар. Не дейсің мұндайға?!

Соңғы ой! Блог – білгенге бір оқ екен. Бірақ қандай оқ!? Былғанышқа малынған, тисе терекке, тимесе «шүберекке» деп босатыла да береді екен ғой дүмбіден?! Дүмпуі болса болды! Айтпақшы, блогтың ныпсысы «Қалға» қатысты. Есімі – Қалы бар қыз. Суретіне қарап көргенбіз. Меңсіз. Кейін түсіндім ғой. Қал жүрегінде екенін. Қапаландыратыны жүрегінде меңі бар, Қалдыбайлар мен Қарындастар көбірек екен әлі де. Сол сайтсымағын майдан алаңы етіп алғаны. Өз ата дініне қарсы.

P.S: Сұхбат жауабымды қайта қарап отырмын… Сосын есіл уақыт заяға кетпесін, бәлкім бұл әңгімеде де бір түртіп алар дүние берер іздегенге деп «Намысқа» қойғаным ғой баяғы!

Нұрбек Бекбау
Бөлісу:

3 пікір

konvict
Мынаны оқыдыңдар ма?
VKM
@Zilola, мәссаған) Мынаны қара
konvict
Біреу осыған қатысты пост жазып еді ғой? Кім екенін есіме түсіре алар емеспін