«Ұлттық ғашықтар күні» VS Валентиннің күні

«Әулие Валентин күні» деп католиктер 14 ақпанда атап өтетін ғашықтар күнін алматылықтар 15 сәуірге шегерді. Бұл туралы Алматы қалалық білім беру басқармасының жанындағы тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімнің бастығы Қатипа Молдабаева мәлімдеді.

Қаңтар айында Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет, жастар саясаты мәселелері жөніндегі және баспасөз қызметі алда жасалатын шаралардың жоспарын бекітті. Осы құжаттың 7 бөліміне сәйкес, «Ұлттық ғашықтар күні» 15 сәуірде кең көлемде аталып өтілетін болды. Осы құжатқа және жасөспірімдерді бұрыс тәрбиеге бағыттайтын бұл мерекеге қарсылық білдірген ата-аналардан келіп түскен көптеген шағымдарға байланысты биыл Әулие Валентин күні қала мектептерінде ескерусіз қалды. Сонымен қатар «Болашақ» қозғалысы 11 ақпан күні «Валентин күні» атап өтуге қарсы шаралар ұйымдастырды.
Расында, Батыс елдерінен бастау алған бұл мереке жастар арасына тез жайылды. Жастары кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өздері іліп әкетіп, бір-біріне ғашықтық сезімдерін ашық айтатын күнге айналдырды. Мектеп оқушылары арасында таратылатын «валентинкаларда» жазылған сөздерді оқып отырсаңыз жағаңызды ұстайсыз. Мәселен, Әулие Валентин күні «Бүгін біз алғаш рет сүйісеміз», «Мен бүгін сенікімін» немесе «Біздің алғашқы түніміз» деген жазуы бар үшбұрыш открыткаларды мектеп оқушылары бір-біріне ешкімнен қымсынбай, жасқанбай ашық таратады. Өйткені мерекені олар тура мағынасында, «осылай екен» деп түсінеді. Содан келіп «кәмелетке толмаған қыздар түсік тастап жатыр» деп дабыл қағамыз.

Қазақстандық дәрігерлердің берген мәліметтеріне қарасақ, республикадағы қыздардың 70 пайызы үйлену тойына дейін жыныстық қатынасқа түседі, ал 60 пайызы үй болмай жатып балалы болады екен. Жасөспірімдер арасында аяғы ауырлау мәселесі – бүгінгі күні үлкен проблемалардың бірі. Жылына әлем бойынша 1 млн кәмелетке толмаған қыздар екіқабат болады екен. Қазақстанда жыл сайын 100 мыңнан астам аборт жасалады екен. Аборт жасау кезінде көптеген жастар қаза табады. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының жасөспірімдер бойынша бас гинекологы Элеонора Шакаралиеваның айтуынша, операциядан кейін әйелдердің 30 пайызынан астамы ауыр жағдайға душар болады екен. Ал жас қыздар арасында бұл көрсеткіш ересек әйелдерге қарағанда 2,5 есеге көп.
Осының бәрі моралдік қалыпты бұзатын «Валентин күні» сияқты біздің менталитетімізге жат мерекелерден басталады. Сондықтан қазақстандық ата-аналардың басым көпшілігі, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, ұстаздар бұл мерекені жастар арасында өткізуге тыйым салу жағын қарастыру керектігін айтады. «Бұл мәселеге халық қалаулылары араласса!» дейді. Егер жастарды бұзуға бағытталған мерекені біз ұлттық мәдениетімізге жат деп тапсақ, бұл жерде «жасөспірімдердің құқы бұзылды» деп айтудың өзі ерсі болар.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6300&Itemid=2
Бөлісу:

5 пікір

Malimetter
«Батыр білгенін істейді, көтек көргенін істейді» деген мақал айтушы едік бала кезде. Сол сияқты қазекем Валентиннің мерекесін көтектеніп қайталап жатыр екен. Қазақ бірегей идея, жоба болады?!

"Ұлттық" сөзінің мәні кетіп барады. Біреу сайт ашса да "Ұлттық сайт", газет ашса да "Ұлттық газет", енді Валентин күніне еліктеп мереке ойлап тапса да "ұлттық мереке".

Жалған намысшылдық әрекет. Көтектенбейік.
sigma
«Ия...»-деп, күрсінуден басқа ештеңе келіп тұрған жоқ.
Осы біздің қазақта ешқандай идея жоқ па деп қалам кейде. Жақсы мүмкін ДҰРЫС та болар, аман болсақ көреміз ол 15 сәуірдегі ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ мерекені. Біреу саусағын кесіп алса да «Оған ұлттық нақыш беру керек,» — деп шауып шығарлар шаршатады. Бір таңсық нәрсені тауып таратса, ол басқа елде мүлдем болмаса өз-өзінен ұлттық болып шықпайды ма?
Жоқ, бізде керсінше. Бірінші көшіріп алу керек, сосын ұлттық нақыш беру керек.
14 ақпан ба қалсын солай. Кімнен келсе де бұрмаланбай таза қалпында қалу керек. Мысалға ол мерекенің өзіндік тарихы бар, сан жылдық тарихы. Ал 15 сәуір ше? қайдан шықты ол дата? Мәдени, тәрбиелік мәні неде? Меніңше сол қалыптасқан нәрсеге белгілі бір канон беру керек сияқты, сол ақпанның өзін артық жерлерін алып тастап дегендей. Бірақ мен открыткаға көңілін жазып бергеннен еш өрескел көріп отырған жоқпын. Неге осы МЕН деп шыққандар көре қалады? Неге бір нәрсені екіншісіне теліп қояды? Мен дым түсініп отырған жоқпын. Мысалға автор моральдік қалыпты қалай бұзатынын ашып жазбаған, «менталитетімізге жат,»- дейді. Менталитет деген не, ол қалай қалыптасады, белгілі бір қатып қалған нәрсе ме? Жауап жоқ. Меніңше бұл тек әдемі болу үшін жазылғандар. Медицинадан КЕРЕМЕТ статистика жасапты, рахмет біраз нәрсе білдім. Ал мәселеге қандай қатысы бар? Осы открыткаларға қатысты болған оқиғалар статистикасы қандай? Меніңше жасөспірімдердің жыныстық қатынасқа ерте баруы — олардың тез қарқынмен дамуынан (Қазіргі жастар мен балалардың тез қарқынды дамуы туралы бірнеше еңбектер де бар), ал жоғарыдағыдай жағдайдың белең алуы — жастардың сауатсыздығы.
Жыныстық тәрбиенің жоқтығы (тәрбилейтән ата-аналар кем де кем), бұны 14 ақпанға телмей-ақ қояйықшы.
Zere
14-ақпанда Кореяда қыздар сүйген жігіттеріне үйде пісіріп әкелген тәттілерін береді екен. Ал достарына, әріптестеріне дүкеннен сатып ала салса да болады. Ал 14-наурызда керісінше ұлдар қыздарға конфет береді. Әулие Валентин күнін өз нақыштарына аударып алған. Бізде де болсын, тек жақсы жақтарын насихаттап үйрену керек. Мысалы, неге осы өзің жасаған тәттіні беру үрдісін дамытпасқа? Сонда қыздар да біраз ас үй тірлігіне мотивация болатын еді. ))
Malimetter
Сонда кім көшеге шығып "Әлие Валентин күні жойылсын!" деп айқай-шу шығарады? :) Оңайы, екіншісі емес пе.
bazuka
жәй ғашықтар күні дей салуға болмай ма)))