Гераклдың бесінші ерлігі: Эриманф қабаны және кентаврлармен айқас.

Грек мифологиясы: Гераклдың бесінші ерлігі: Эриманф қабаны және кентаврлармен айқас.Бір жылға созылған жез аяқты бұғы аңшылығынан кейін Геракл ұзақ демалған жоқ.

Қаншалықты қиын болса да, Геракл үшін оңай орындалатындығына ашулы Эврисфей Гераклге сол Аркадиядағы Эриманф тауында өмір сүретін қабанды тірілей алып келуді бұйырды.

Бұл қабан аса күшті болатын, ол Псофис қаласының төңірегін жалмап түк қалдырмады. Қабан адамдарға да күн көрсетпеді, өзінің алып азуымен өлтіретін. Геракл қабанның апанына аттанды.



Жолшыбай ол дана кентавр Фолға соқты. Фол Зевстың ұлын сый-құрметпен қарсы алып, айран-асыр той жасады. Той үстінде кентавр арнайы батыр досы үшін шарап құйылған үлкен ыдысты ашты. Бұл шараптың естен тандырар жұпар иісі кеңге жайылады. Бұны өзге де кентаврлар сезді. Олар ыдысты ашқаны үшін Фолға қатты ашуланды. Өйткені шарап тек Фолға ғана тиесілі емес еді, ол бүкіл кентаврлардың игілігі болатын. Геракл мен Фол шырмауықтан тоқылған шеңберді бастарына киіп, екеуі көңілді тойлап жатқан кезде кентаврлар Фолдың үйіне аңдаусызда шабуыл жасайды.

Геракл кентаврлардан қорықпады. Ол өз орнынан жылдам тұрып, шабуылшыларға түтіндеп жатқан үлкен шоқтарды лақтыра бастады. Кентаврлар кері қашты, ал Геракл оларды өзінің улы жебелерімен жаралап, Малеяға дейін қуып барды. Ол жерде кентаврлар Гераклдың досы – ең ақылды кентаврлардың бірі Хиронның үйіне тығылады. Олардың ізімен үңгірге Геракл да кіреді. Ашулы батыр садағын тартып жіберді, жебенің ұшы ауада жарқы етіп кентаврлардың біріне қадалады.

Гераклдың оғы жауға емес, өзінің досы Хиронға тиген екен. Батыр бұны көргенде қатты қайғырып кетеді. Геракл досының жарасын жуып, таңып тастамақ болады, бірақ бұл көмектесе алмады. Батыр Лерней гидрасының өтімен уланған жебеден жараланса, ол ешқашан жазылмайтынын білетін. Хирон да өзін азапты өлім күтіп тұрғанын ұқты. Жарақатынан қорлық көрмеу үшін ол қараңғы Аид патшалығына өз еркімен аттанды.

Терең қайғымен Геракл Хироннан кетті және көп кешікпей Эриманф тауына жетті. Азу тістерінің ағаштарға түскен іздері арқылы батыр қабанның апанын қалың орман ішінен тауып алды. Ол қабанды қатты айқаймен бытқыл орманнан қуып шықты. Шоқпармен қаруланған Гераклдың түрі қабанға үрей туғызып, ол беті ауған жаққа қаша жөнелді. Батыр қабанды биік таудың басындағы терең қарға апарып тірегенше ұзақ қуды. Қабан қарда жүре алмай, омбылап қалғанда, Геракл қабанның үстіне бір секіріп шығып, оны байлап алды да арқасына салып төменге түсті. Микенаға қабанды тірілей алып келе жатқан Гераклды көріп, жол-жөнекей кездескен адамдар оны қуана қарсы алып, Пелопоннесті қатерден құтқарған батырға қошемет көрсетіп жатты.

Қабанмен аман-есен қайтып оралған Гераклды көрген Эврисфей қорыққанынан жерге тереңдеп көмілген қола құмыраға жасырыныпты…

Дерек көзі: greekmith.wordpress.com/
Бөлісу:

4 пікір

asaubota
Қабанмен аман-есен қайтып оралған Гераклды көрген Эврисфей қорыққанынан жерге тереңдеп көмілген қола құмыраға жасырыпты

осы жерін түсінбей қалдым
gerakl
Эврисфей Гераклдан тікелей кездесуге қорыққан ғой. Сол себепті жер астына алып құмыра көмгізіпті. Гераклмен сол құмырада жасырынып, ортаға кісі салып сөйлескен деседі.
asaubota
жасырыныпты деп түзетіп қой онда :)
gerakl
Бірінші ерлігінің соңында жазылған