Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Уақыт қалай зымырайды, ә? 8 ай да зу ете қалыпты. Міне, отызыншы постымды жазып, Блогиададағы бәйгеме нүкте қоймақпын. Дүбірлі блогжарыс мені ізденуге, шыдамдылыққа, сынды дұрыс қабылдауға, қатені мойындауға үйретті. «Блогермін» деп сенімді, нық айта алатын дәрежеге жеттім.
Сапалы контентке қосқан 29 «үлесімнің» мониторға дейінгі жағдайы қалай болғаны; постты жазу барысында қандай қызық, нендей қиындық кездескені айна-қатесіз көз алдымда. Енді ше, әр постым ішімнен шыққан балам сияқты: әрбірін толғанып, толғатып, қиналып, жылап-сықтап дүниеге әкелдім. Әр жазбаның жазылуы — ауыз толтырып айтарлықтай әңгіме)))


Ең алғашқы пост


Блогиадаға қатысуға шешім қабылдағаныммен артынан қатты қорықтым. Адуынды ақсақал-блогерлері бар, мықтылары бар, олармен жарысамын деп сайыстың ортасына жетпей масқара болудан, елдің күлкісіне қалудан шошыдым. Алайда, шегінуге жол жоқ, барынша жақсы жазба жазуға тура келді. Берілген «Көктем» тақырыбы былай қарасаң, тым оңай сияқты, екінші жағынан тым қиын. Креативімді іске қоспасам, постым 8 сыныптың шығармасынан аумай қалғалы тұр. Ойыма бизнес сап ете қалсын!
«Жезөкшені жазам» — дедім бірден. Одан кейін сатушылар, кондуктор, таксист, жалғаса берді.
Жұмыстың фотоаппаратын қолыма алып, Астананың орталық базарына шықтым. Базарда жай адам томардай құрылғы ұстап жүрмесі анық, бәрі маған бұрылып тұрып қарайды. Сатушылардан ақпарат алу да, суретке түсіру де оңайға соқпады. «Айқын газетінің тілшісімін, жақсы материал дайындағалы жатырмын,» деп алдауға тура келді (Айқын ұжымынан кешірім сұраймын).
Кешкісін жезөкшені «аулауға» шыққанда басталды қызық. Қасымда таныс жігіт бар. Алдымен сутенерлерге соқтық, бәрі ат-тонын ала қашты. Одан кейін әлгі сылқымдарды аңдыдық. Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта пәтерді жалға берушілерден ақпарат алдым.
Тура мағынасында маңдай тер, табан ақымен туындаған жазбамды бәрі мақтай жөнелгенде төбем көкке екі елі ғана жетпеді-ау. Қазылар мен оқырмандардың оң пікірі маған дем берді, бойымда сенімділік пайда болды. Тағы да жақсы жазба жазуға шабыттандырды.

Түңілдірген пост


«Сүт» тақырыбы берілген сәттен-ақ интернетті ақтарып отырып, сүттің сапасын анықтайтын неше түрлі тәжірибелерді жасап көрмек болдым. Дәл сол сәтте құрбым Әйгерім Кеулімжай видеоларымның операторы боп жүрген еді. Сүттің сапасын анықтап тұрғандағы видеомды түсіруге де келісе кетті. Бірақ, тәжірибе сәтсіз шығып, жоспар күлге ұшты. Не істеймін? Видео түсіріп болған соң сүтке шомылу поцедурасы туралы ақпарат алуға бармақ болған Әйгерімге де сұлулық салонынан «отказ» келді. Екеуміз де «енді қайтеміздің» астында қалдық. Бірден Астанадан 70 шақырым алшақта жатқан Родина ауылындағы «Родина» сүт зауытына барамын деп шештім. Әйгерімге бірге баруды ұсындым. Ол қарсы болмады.
Бардық. Көрдік. Суретке түсірдік, ақпаратын алдық. Үйге қайтарда кімнің не жазатынын бөліп алар сәтте «Мен мынаны жазамын» деудің орнына, дос көңілін қимай, «Сен мынаны жаза ғой, мен қалғанын жазайын,» дедім. Сонда… жарыста достықты ысыра тұру керегін, өзің және өзіңді ғана ойлау керегін есіме алсамшы)))
Қазылар алқасы Әйгерімге жоғары балл қойып, маған төмен ұпай бергенде түңіліп кеттім. Екеумізге бірдей баға қояды деп күткем. Жыладым. Өзімді әділетсіздік құрбаны сезіндім. Саммитамен шәй ішуге барып отырып, жылап қайтып кеткенім есіме түссе, сұмдық ұялам. Саммита күліп кеткен шығар)))
Жаңа басталған жарыстың тұғырынан «түсіп қалатын болдым» деп байбалам салғаным-ай! Сайыс аяқталғанша сондай паникамен келдім)))

Ең қауіпті пост


Арнайы Блогиада үшін, «Фоторепортаж» тақырыбы үшін профи фотоаппарат сатып алдым. Ала сала, постымды дайындауға кірістім. Сонда жаңа Nikonның функцияларын қарап та алмаппын.
Шымкенттен туыс әпкем келіп, апталап жатып, «емделіп» жүрген космотерапевтке аттандым. Дым қорқыныш болмады, қала сыртындағы беймәлім ортаға жалғыз-ақ бардым.
Су жаңа құрылғымды түк түсінбеймін, суретке түсірсем, сонадайда тұрған адам көз алдымда, кадрге сыймайды. Ары шұқимын, бері шұқимын. Болмаған соң соткамды шығарып, соған түсіре бастадым. Емделуге келген адамдардың емес, космотерапевт Евгенияның рұқсатын алған соң көзін жұмып алып, теңселіп тұрған адамдардың арасында емін-еркін ғычық-ғычық еткізіп қойып жүрмін. Есесіне, олар сеанс аяқталған соң «жанымды шығарды». «Бізді неге рұқсатсыз суретке түсіресің» деп, құрылғыма жармаспасы бар ма?! Жаңа ғана сатып алған фотигімді сындырып қоя ма деп қорықтым. Ойбу, сонша тыраштанған суреттерімді сол жерде қимастан өшіріп тастауға тура келді. Ұялы телефонымдағы суреттерді білмегені жақсы болды.
Қайтайын десем, дала қап-қараңғы. Қаланың сырты болған соң көлік те аз. Жолдың бойында үрпиіп, такси тоқтатып тұрмын. Бір машина өтіп барып тоқтады да, жүргізуші «Эльвира?» деді таңырқаған дауыспен. Танымадым. Сөйтсем, осы Керектегі Торғай екен. Жақсы болғанда, үйге апарып тастады.

Ең нашар пост (меніңше)


«Сусын» тақырыбына асыққаныммен, дым идея болмай шықты. Ары-бері ойланып, инфографика жасамақ болдым. «Несі бар, Нұрберген Мақымның сүтке жасаған инфографикасы жап-жақсы баға алды ғой, сен де қатырасың,» деп қояды бір ойым. Таңертеңнен түннің ортасына дейін тапжылмастан жасаған инфографикаға ұқсас бір дүнием сол сәтте мен үшін ғажап боп көрінген. Қазір сол шимай-шатпақты жарияласам, 2 не 3 ұпай алар еді))). Нұрбергеннің инфографикасы қайда, менің шимайым қайда, әхәхә.

Өкіндіретін пост


«Сұхбат» тақырыбы. Нысана айқын. Бірден визажистке қояр сұрақтарымды жинап, оған жауап беретін жақсы маманды іздей бастадым. Жұлдыздардың бетін әрлеп жүрген Сандуғаш Бексырға Алматыда, сұхбатымды телефон, интернетсіз тікелей өзінен алу керек. 7 арнаның визажистін тауып, келісіп, сұхбатты алып келдім. Үйге келіп, диктофондағы диалогты жазбы қылып түсіріп отырып, кенет бәрі ұнамай кетті. «Қазылар алқасының 80 пайызы жігіттерден тұрады, олар онсыз да боянған қыздарды жақтырмайды. Демек, менің жазбам оларға қызық болмайды да, төмен балл қоя салады.» Осы бір ой маза бермей қойды. Мерей Ермұхановпен(Мереймен көп ақылдасатынмын) ары-бері ақылдасып отырып, қолжетімсіз мамандық иесінен сұхбат аламын деп шештім. «Неге Мерей» дейсіз бе? Жәй, ол – менің құрдасым ғой)).
Сонымен не керек, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін, рэкэт деуге аузым бармайды, таптым. Досым арқылы оларды әңгімелесуге келістірдім. Аяқ-қолым дір-дір етіп сұхбатымды алдым. Алдын ала сұрақтарымды қағазға түсіріп алмаппын, «бұзықтардың» гүр-гүр еткен дауысынан ойымдағының бәрін ұмытып қалдым))) Ол постыммен бәрін «жыртып тастаймын» деп ойлап едім, БАЦ! Ерлан Оспан 6 ұпай қойып, ұрысып кетіпті. Тағы көңіл-күй түсіп, тостағаным жуылып қалды. Өкіндім. Ішкі дауысымды тыңдап, визажисттің сұхбатын жарияламағаныма өкіндім. Жігіттерге боянып-сылану жұмбақ боп көрінеді деп ойламаппын…

Ең ыңғайсыз сәт


Маралбекті таныстырар кезде өзі Астанада болмай, жампозы Самалды біраз мазалауға тура келді. Сағат түнгі 1-2-ге дейін отырып, Марконы біраз зерттегенім бар-тын. Ертесіне кейіпкерімнің сыныптасы, досы, ата-ана, ауырының телефон номерлерін алып, бір-бірден хабарласа бастадым. Келесі күні бір ақпар керек боп, тағы телефон шаламын. Келесі күні тағы звондадым. Қайта-қайта қылқылдай берсем керек, соңында менің қоңырауыма жауап бермейтін болды біразы. Mail.ruдағы аккаунттарына кіріп, суреттерін іздедім. Таңдағаным жарамай, тағы барып, фото қараймын. Соның бәрін басқаша түсініп қалған-ау, біреуінің әйелі хабарласып тұр. «Сен неге менің күйеуіме хабарласа бересің? Неге тыныштық бермейсің бізге?», қысқасы, «материалыңмен қоса құры» деді.
Не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Ана апайға ақталып та үлгергем жоқ. Жыпылық-жыпылық еткен күйі біраз отырғам))). Кейіннен звондап, кешірім сұрағым келді де, тағы бірдеңе бүлдіріп жүрермін дедім.

Ең көңілді дайындалған пост

«Садақа» тақырыбында, бетін аулақ қылсын, көшеге шығып садақа сұрап көрдім. Сонда біреудің алдына жетіп барып, алақан жаюға сонша ұялғаным-ай! Өзімді «дайындап» біраз тұрдым. Алдыма бас киім қойып, ән айтарда 30 минуттан аса «дайындалдым». Айналамның бәрі мені танитындай, ұялып барам. Әнді бастайын десем, дауысым шықпайтын сияқты. Бәрі маған қарап тұрғандай әсерде отырдым. Күле берем, күле берем. Маған көмектесуге келген Абылай да бір бұрышта тырқ-тырқ етеді. Ақыры, қолыма жиған ақшамды алып, мәз боп жүргенімді бір танысым көріп тынды мені))) Ұялғаным-ай!

Ең жылдам дайындалған пост


Мәскеуден келіп, Шымкентке бөлемнің тойына кеттім. Бір апта бойы «Жыныстық сауаттылық» тақырыбына мойын бұруға еш уақыт болмады. Уайымдаған да жоқпын, «ары кетсе, шығып кетермін сайыстан» деп жүрдім. Сондай немқұрайдылық пайда бола бастағандай, бәлкім, сайыстың ұзақтығы жалықтырып жіберген шығар. Сенбі күні той болды, жексенбі Астанаға жолға шығамын. Ойыма Айқаракөздегі «күлкілі» пікірлер сарт етті де, соларды топтастыруды жоспарладым. Бірақ, оның өзіне уақыт жоқ. Жолға 2 сағат қалғанда компқа отырдым да, пікірлерді іріктеп, скриндерін алып алдым. Пойызға отырғанда жазбаны бастадым да, зуылдаған тальго Таразға жеткенше үлгеруге тырыстым. Тараздан өтсем, интернет ұстайтын келесі станцияға жеткенше сағат тілі түнгі 12-ден асып кететін еді. Зыпылдатып отырып, ойымды соткама түсіріп, Таразда жариялап жібердім.
Айтпақшы, үйдегі компьютерде сақтаған скриндерді өшіруді ұмытыппын, кейіннен жеңгем: — «Анау бүйтіп қалдым, сөйтіп қалдым деген суреттер не пәле? Сенікі ма, Бахоштың (баласы) істеп жүргені ма?» — дейді. Ой, ұялғаным-ай)))) «Хорошо что» ағам көрген жоқ)))
Осы атүсті дайындалған постым 10 ұпайға бағаланғанда таң қалдым.
Бір заңдылықты байқадым, мен барынша «тыраштанып» жазған постым төмен бағаланып, қалай болсын солай жазған жазбам жоғары бағаға ие болады екен.
Айтпақшы, «Инвестицияның» жазбасын да 2-3 сағат ішінде жазып шыққанмын)))).

Мені жылатқан, күлдірген, қуантқан, өкіндірген, сабақ болған Блогиадаға қатысқаныма қуанамын. Блогиада — нағыз блогерді тәрбиелейтін мектеп. Алда талай дүлдүлді баптайтынына сенімдімін. Сондықтан жалғасқанын қалаймын.

Көңілі көтеріңкі болса, бағаны үйіп-төгетін, мазасы болмаса, ұрысып тастайтын Ерлан Оспанға;
Қатені тізіп жазып, түзеу керек жерді бетіме басып тұрып көрсететін Асхат Еркімбайға;
Қанша қатал боп көрінсе де, ең жұмсақ, жекеде «Блогиададан кетем» деп жылағанымды сабырға шақыратын Тимур Бектұрға;
Қолы ашық, ең мейірімді жюриіміз Нұрғиса Асылбековке;
Менен 6-сы мен 7-сін аямаған, жазбам жәй ғана ұнамай қалатын Назгүл Қожабековаға АЛҒЫС АЙТАМЫН! Сіздердегі қаталдық менің блогерлік тұлғамды қалыптастырды, ізденімпаздыққа әкелді.

Ұйымдастырушы Аршат Оразға, демеуші Азаматхан Әміртайға рахмет!

Рахмет саған, Блогиада!


И мә, мына постым мерейтойда айтатын тост па, бірдеңе боп кетті ғой))). Соңғы тур ғой, жыл бойына қысылып-қымтырылып, артық сөз жазуға қорқып келіп едім. Бүгін бір еркінсиінші))))

Үстімнен ауыр жүк түсіп, тау қопарып тастағандай күйде отырмын. Алақай, Блогиада аяқталды! Енді апта сайын сары уайымға салынып, стресте жүрмеймін ;)

Ихууууу!

Блог - aikarakoz: Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Сайысқа бірге аттанған замандастарым, сіздерге де рахмет!



Маржан Сұлтанбай оқитын «Жас түлек» өлеңі тіліме басқаша орала бергені несі…

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Блогиадашы, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді жанкүйерлер,
Бұрынғыдай күтілмес ұпай, балдар.

Сайыс қайта есігін ашпас енді,
Блогиада — ұстаз ақылды, ақ шаш өңді.
Басқаша енді өтеді әр жексенбі,
Сағат тілі соғылар басқаша енді.

Даусыз бұл жыл есіңде сақталары,
Әр қазының он балдық мақтаулары.
Оқырманың күтеді жазуыңды,
Күтпейді тек әр турдың тақталары.

Былтырғыдан басқаша биыл, демек,
Блогерлік тәжірибе, күйің бөлек.
Енді бізге тағы бір жиын керек,
Жюрилердің бетінен сүю керек)).

Блогиадашы, шығармашылығың өрлей берсін!

Бөлісу:

30 пікір

merekeee
Айдар тағып, жиырма тоғыздың әрқайсысына тоқталғанда да ғой. Сілтемелерімен.
Мүмкіндік, уақыт болмай қалған кездерден басқасында дедлайнға тақап жариялау — нар тәуекелге бел буумен тең. Пойызда отырып жазу деген енді… Нап-нағыз блогер.
Жалпы, қатысушылардың барлығы — ер! ) Енді, үлгі болыңдар!
ademi_alem
Эксперименттің түр-түрін жасадыңыз, иә? ))))) Сізден батылдықты үйренуге болады екен.
yerlanospan
Болары болып, бояуы сіңген соң айта берейін: Сіздей аруды жеке танып тұрып, ұрысу мүмкін емес))) Құттықтаймын, сұлуым! )))
Arys_arlany
Төһ, мына сұлулықтан мен ғана ма «көріп» тұрған. Неге екенін білмеймін Түркістан, Кентаудың жолында Төрткөл дейтін ауыл бар. Іс сапармен жолда осы ауылдан өтіп бара жатып, Элвираның посттары еске түсіп, еріксіз бір жымиып қоясың. Әсіресе
«Жезөкшені жазам» — дедім бірден.
осылардың «бизнесі» туралы келтірген статистикасына))
Жалпы, мен блогиаданы әділ болды деп есептеймін. Гендерлік саясатты да ескеріп, финалға 2 ұл, 2 баланы шығарғанын айтамын да :)) Алар асуың алда болсын Эльвира
aikarakoz
Төһ, мына сұлулықтан мен ғана ма «көріп» тұрған.
«Көріп» сөзі неге тырнақшада?))
Marco
біреуінің әйелі хабарласып тұр.
Кластасының әйелі деп ашық айтсай, біреу апалары или жеңгелері екен деп ойлап қалар.
Әке-шешемнің трубка алмауының себебі, жалғыз нағашымның жылына кеткен еді. Соған тап болғансың ғой
aikarakoz
иғайдан білейін, ашып айтқаным ыңғайсыз ба дедім дачы)))
Marco
Қиындықтар туралы айтсақ, Әйгерім туралы жазатында ауырып қалып, мини-операция жасатуға тура келген. Өзім Ырғызда жатырмын. Уақыт өтіп бара жатқан соң 400 шақырым жердегі Ақтөбеге келіп, одан 40 шақырым жердегі Алғадан фотоаппарат алып келіп, қайта Ақтөбеге келіп, 20 шақырым Қурайлыға баруға тура келді.
aikarakoz
Өлең қосып қойдым, хихихих. Бүгін кенет шабытым ашылып кетті ғо :)
Gastarbaiter
Жарайсың, кедергілерге, қиыншылықтарға, көз жасың мен уайымыңа, уақыт тапшылығы мен қарбалас жұмысыңа қарамай ақырына дейін шыдадың.
Erkekyz
Эльви, мен сені көріп, оқып ылғи шабыттанамын. Респект саған! :))
asaubota
мен жамандаған пост жоғары ұпай алып, мақтағаным төмен алатын. сосын енді сұрамаш дейтінмін :)
Gastarbaiter
Үйге қайтарда кімнің не жазатынын бөліп алар сәтте «Мен мынаны жазамын» деудің орнына, дос көңілін қимай, «Сен мынаны жаза ғой, мен қалғанын жазайын,» дедім. Сонда… жарыста достықты ысыра тұру керегін, өзің және өзіңді ғана ойлау керегін есіме алсамшы)))
Қазылар алқасы Әйгерімге жоғары балл қойып, маған төмен ұпай бергенде түңіліп кеттім.

Что символизирует дейсің ғо. )))))) Меніңше, «ең ыңғайсыз сәт» Маралбектың танысынан кейіс естігенің емес, осы абзацты жазғаның сияқты, да простит меня Будда, конечно.
aikarakoz
Түсінбедім сізді?
Рас қо, дəл сол уақытта бірге барған соң екі пост та бірдей баға алу керек деп байбалам салдым. Ал, қазір қарасам, сонша көз жасыма тұрмайтын əрекет, менің постымның алып бара жатқан түгі жоқ екен.
Неменеге пензес бов отқаныңызды түсіне алмадым, бырат :v Əəə, қойдым-қойдым, сіз жеңімпаз екес қо, айтпақЧ)))
Gastarbaiter
Құдай бере салған, Ифон, мәселе постта емес. Мәселе, өз көмегіңді бәлсініп, «көтергенің құрысын, көтіме қолыңды тыққасынның „керін жасап отырғаныңда және оны өзің де сезбей отырғаныңда. Дәл бұндай деп ойламаппын сені.
aikarakoz
О, тоба! Мен көмектестім дедім бе?) Бірге барғанымыз болмаса, шығын-пығынның бəрін тең бөлгенбіз а так. Мүмкін мəселе сіздің дұрыс түсінбеуіңізде шығар?
Не ойласаңыз да, кезінде дардай проблема боп көрінген нəрсені қазір тырқылдап еске аламын. Солармен бөліскенде тұрған не бар екен?
Мен Əйгерімге дұрыс көмектесе алмаған шығармын, бірақ, Əйгерімнің маған өте-өте көп көмегі тигені рас. Оны ұмытпаймын.
Мақсатыңыз басқа ма əлде?
Gastarbaiter
Міне, бұл уже мүлде басқа операның әңгімесі. Әңгімені осыдан бастасаң, жұртты шағыстырып бізді не түлен түртіпті. Сайыстас досыңа көмек беру әрқашан да риск, сол рискқа басыңды тіктің бе, бір сөз айтып бәлсінбеген дұрыс. Сол менің айтпағым. Егер көмегің шынайы болса, оның жоғары бал алғанына титтей септігің тигеніне, расымен де бір жақсылық қолыңнан келгеніне іштей де сырттай да қуануың керек. Сыртың жылап, дау шығарсаң да, ішіңнен шынымен қуанғаныңа сену қалды енді маған тек.
aikarakoz
Пхаха! Сену-сенбеу — өзіңіздің проблемаңыз ғо. Сендіруге тырыспаймын да. Шағыстырмай жөніңізге жүріңізші, өзіміздің де басымыз бар шағысқымыз кеп бара жатса)
Gastarbaiter
Айгерім бір бас жоғары мынандай бықсықтардан. Өзін қорғап бірдеңе айтатынына күмәндымын.
aikarakoz
Оныңыз рас, ол жұрттың жазбасынан ілік іздемейді, оның бықсық-шмықсықта жұмысы жоқ, бірді бірге айдап салып, адвокат болмайды)))
Gastarbaiter
Сенен жұқпағанына ризамын.))
asaubota
Сіз жеңдіңіз!

пікірталас тілінен қазақшаға аударайын ба?
Gastarbaiter
Бұқатірестің келесі сатысы: «БЗБ, кетнақ»)))
Madi
Мәәә Эльвира мәләдессіз ше. Жарайсыз.
bizbike
Бір телеарнадан көріп мəз болғанмын сізді!
zholantai
мәз болған сованың, ой, қайдағы сова, bizbike нің фотосын студияға :)