Жарияланымдар

Түркия Супер лигасында жағдай нешік?

Түркияда елдің басты бәсекесі Супер Лига үшін тартыс қызып тұр. Кезеңнің алғашқы жартысында қарсылас шақ келтірмей, басқаларынан қара үзіп кеткен «Қаратеңіз дауылы» Трабзонспор екінші жарты басталғалы алғашқы қарқынын жоғалтып алған секілді көрінді. Ол дәл қазір «үш дәудің» бірі Фенербахчемен алғашқы орынды бөлісіп тұр. Екеуінде де 54 ұпайдан бар. Үшінші орында ел чемпионы Бурсаспор. Сырттағы ойыны ел көңілін көншітпегенімен, «қолтырауындар» алғашқы үштіктен әлі де түспей келеді. Төртінші орынға Кайсериспор жайғасса, бесінші орында – Газиантепспор. Түркия кубогында да Галатасарайды тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алған Газиантепспор супер лигада да жұлдызды команда атанып тұр. Екінші жарты басталғалы жеңілістің ащы дәмін татпаған командадағы аяқдопшы Дженк Тосынның аты гол королі Фенербахчелік Алекстен кейінгі баспасөзде ең көп жарияланатын есімдер сапында. Үш дәудің бірі Бешікташ алтыншы сатыны қанағат тұтса, Галатасарай он біріншіде келеді. Шетелден қанша мықты алғызғанымен Бешікташ пен Галатасарайдың бұл сезонда жағдайы оңалмай тұр. Галатасарай сырт алаңда ылғи жеңіліске ұшырап жүрсе, Бешікташтың екі жақта да жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Бір қызығы, Галатасарайдың 15-інші қаңтарда үлкен даумен тұсауы кесілген жаңа мекені Түрік Телеком Арена әзірге «арыстандарға» жеңілістің ащы дәмін татқызбады.

Төрешілер де күн тәртібінде. Галатасарай мен Буджаспор матчында «арыстандарға» екі айқын пенальтидің берілмеуі, Трабзонспор-Бешікташ матчында Бешікташ қақпашысының өрескел қимылына қызыл карточка көрсетілмеуі, Фенербахче-Генчлербірлігі матчында орынсыз жерде Фенерліктерге пенальти берілуі секілді шешімдер жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің наразылығын туғызуда.

Анадолының бүкіл футболсүйер қауымы келесі аптаның жұмасы Галатасарай алаңында ойналатын Галатасарай-Фенербахче матчын асыға күтуде. Бешікташты 4-2-мен тізерлеткен канарейкалардың арыстандарға қалай қауқар көрсететіні 18-наурызда белгілі болады.
Әрі қарай

Бешікташтың нәзік жынысты жанкүйері Трабзонспор жаттықтырушысына бәтіңке лақтырды


Бәтіңкені тек жорналшылар емес, фотомодельдер де лақтыра алады. Тек Бушқа емес… Шенол Гүнешке. Өткен аптаның жексенбісінде Бешікташтың стадионында ойналған Бешікташ-Трабзонспор матчында Менекще Гүнгор атты фотомодельдің лақтырған аяқкиімі Шенол Гүнешті «адаспай тапты». Трабзонспорлық жанкүйерлердің 88-минутта соғылған Бурак Йылмаздың голынан кейін қатты қуанғанына шыдамаған Бешікташ жанкүйері Менекще Гүнгор аяқкиімін лақтырып кеп жібереді. Қызық қылғанда онысы төреші шешімімен трибунадан орын алған басқа емес, Трабзонспор жаттықтырушысы Шенол Гүнешке барып тиеді. Аяқкиімді лақтырған өзі екенін мойындаған модель оны әдейілеп Шенол Гүнешке бағыттамағанын айтып ант су ішті. Түркияның әлем чемпионатында үшінші орын алуына еңбегі өлшеусіз сіңген, түрік футболындағы қадірлі есім Шенол Гүнешке деген құрметінің өлшеусіз екенін, сондықтан ол кісіге аяқкиім лақтыру дегенің таза ақымақтық болатынын, алайда екінші голға қатты қуанған жанкүйердің айқайынан соң өз-өзіне есеп бере алмай қалғанын, сосын осындай әрекетке барғанын жайып салды.
Әрі қарай

................

Бүгін бізде сабақ басталды. «Жаһандану және медиядан» сабақ беретін ұстаз айтады, бір студент, соңғы курстың студенті, бакалавр, сынақ сұрағында Кеңес Одағы туралы айтыпты. Жауабына қарағанда оның құлағанынан бейхабар сиқяты. Сонда да болса жауаптарды талқылағанда тамырын басайын деп: Кеңес Одағының жағдайы туралы не ойлайсың?-деп сұраған едім: Қиын жағдайда, шытынап сынайын деп тұр дейді,-деді.
Осы сайтта бір кинодағы білместігім үшін мені біраз жерге апарып тастаған еді, мынадай жағдай болса, сразу ату жазатына кететін шығармын,ә?
П.С. Жыным ұстайды кейде. Түріктер біз туралы дым білмейді, дым. Біз құрығанда сол мемлекеттің астанасын білеміз ғо.
Бір күні маған бір түрік: Лорик Цана (Кана) сіздің жақтікі емес па осы, да?-дейді. Қой, ол дейтін албан ғо,-десем: Енді, сол, соны айтам дейді. Албания қайда, Қазақстан қайда?!
Әрі қарай

Әзірбайжанды танытым күнінен

Өткен сенбі біз Sefire-i alem дейтұғын ұйымда "Әзербайжанды танытым күні" өткен-тұғын. Әзербайжан қыздар жоғары демегенмен, көңіл тоғайтарлық деңгейде дайындалыпты. Мынау соның суреттері. Жасыратын несі бар, бұрын бұл мемлекет туралы үш-ақ нәрсе білетінмін. Мұнай көп ел, астанасы — Баку және президенті Ильхам Әлиев. Бекер обалы не, ұйымдастырушылардың слайд шоуының арқасында көп нәрсеге қанықтық.
Енді Қазақстанды танытым күні сәуірдің ортасында. Мынауский жоба жасаймыз деп біздің қыздар білекті сыбанып отыр. Арық айтып, семіз шыға алсақ игі.
Мынау содан суреттер:
Әрі қарай

Кім мықты, бөріктілер ме, әлде көріктілер ме?

Тура сегізінші март тақағанда мен қыздар жайлы емес, бүйректен сирақ шығарып, ұлдар жайлы сөз қозғағым келіп отырғаны. Себеп… Анау айтқандай себебі жоқ. Тек осы сайттағы "Әйелдің орнында болып көру" атты пост(видеосын көргем жоқ бірақ. дұрысы, көрілмеді) пен осы жақында masa.kz-дан оқыған "Әйелдер еркек болуды армандай ма?" деген сыңайдағы жазбаны оқыған соң ойды ой түрткілегені.
Әрі қарай

Бір сериалға түскенімді айтайын деп жатырмын...

Ақыры ашылдым ғой, соңына дейін ашылайын деген ба?:-) Бір сериалға түскенімді айтайын деп жатырмын. Бір күні Әзім деген таныс бар еді (Азим ғой шын аты, қазақшалағандағым), сол звондап, сериалға түсесің бе?-дейді. Өзі Мимар Синан Көркем Өнер университетінің түлегі, ТРТ-да бір қызметкер, нақты қандай қызмет екенін итім білсін. Сол, қасыңа бір қыз, екі жігіт алып, келші ертең пробаға дейді. Содан, жаныма бір қазақ қыз, екі қырғыз жігіт алып бардым ертесіне. Қандай рөл деп сұрамай жатып келісім бергенсің ғой, келсек, босқынның рөлін ойнайсыңдар дейді. Бірақ, әлгі үшеуінің бағы бар екен, пробадан өтпей қалды. Тым сұлусыңдар дейді, босқын рөлі үшін. Мені алып қалды, кішкене лайығырақсың деп. Босқын рөліне лайықсың деп. Күлесің бе, жылайсың ба?:-)
Мен алғашында біраз нетіп едім, артынан келістім. Сериалға да бір көрейік түсіп дегенім ғо. Журналистік қызығушылық-тағы. Сонымен, ертесіне сағат он бірде осы жерде бол деді. Қала сыртындағы Тұзла деген жерде түсіреді-мыс. Шашыңды жума, тарама, макияж жасама, мүмкіндігіңше мыстан кемпірге ұқсап кел деді. Кешкісін звондап, көнетоз, кір, қыртыс көйлегің бар болса киіп келші, саған көйлек таба алмай жатырмыз деді. Ондай көйлек қайдан болсын. Сонда да бір Мангодан атам заманда алған, кезінде өзім жақсы көретін көйлек бар еді, бір күні шаш бояғанда бояу жағылып, кияюге келмей қалған-тұғын. Уборщицаларға берермін деп бір жерге тастағам, сол әжетке жарады. Тауып алып он бүктеп қойдым. Қыртыстансын деп. Таңертең тұрып байқамай шашымды жуып қойыппын. Шартсыз рефлекс. Болмайтын болды. Енді не істеймін. Тым құрыса формасы бұзылып, он бірге дейін жапырайсын деп орамал тағып алдым. Макияж жасау әуелден күнделікті графигімде жоқ-тұғын. Бірақ басыма бір идея келді. Көзімді боядым, сосын сүрттім. Сүрткенде ол жағылып, көзімді біреу қолмен ұрып ісіргендей болды да шықты. Сөйтіп, онда жатақханадан шықтым. Таныстар маған не болғанын сұрайды. Ештеңе, кеше есіктің тұтқасына екі көзімді ұрып алдым дей салдым. Қалжың әрине. Ештеңе деп жауап беруден қашқақтадым. Автобуста да бәрі маған аянышпен қарайды. Түріме. Қайта көйлекті көрген жоқ. Ұзын куртканың ішінде еді-тін. Ойларын көздерінен оқып тұрмын. Он бірде межелеген жерге жеттім. Азим мені көріп бас бармағын көрсетті. Рөлге дәл келіп тұрсың дегені.
Жан-жағыма қарасам өңшең сақалы өсіп кеткен, шашы өсіп кеткен, нағыз «босқындар» тұр. Менің түрім ойыншық болып қалды. Айтпақшы, әлгі екі қырғызды сақалдарың жоқ деп қайтарған-тұғын. Дұрыс бопты. Және бір-екі негр қыз, бес-алты негр бала, бір араб бар. Ал жаңағы сақалдылар Түркияда жұмыс істейтін өзбектер екен. Жұмыс істейтін өзбектер дегенге құрылысшылар екен деп ойлап қалмаңдар,әжептәуір қызметтері бар көрінеді. Тек сақалды сүннет болғасын өсіріпті, намаз оқиды екен да. Негрлер мен сияқты студенттер екен. Бірақ ішінде біреуі ғана түрікше біледі екен.
Сонымен, түсірілім алаңына келдік. Полисайлар толып кетіпті. Мыналар не қаптап жүр десем, олар полисай болып ойнап жүргендер екен. Сценарий бойынша біз суық контейнердің ішінде бір-бір одеало жамылып отырамыз бүкіл босқындар. Бетіміз де жабық. Сосын біздің контейнерге бір байдың әйелін шешесімен, баласымен әкеп кіргізеді. Адам сатуға апара жата ма, сондай. Олардың даусын естіп біз одеалды бетімізден түсіреміз. Негрлерді көріп олар шошып кетеді (Осы жері қатты күлкілі еді, қайта-қайта түсірді). Олар бізді турист деп ойлайды, ішіміздегі араб босқын екенімізді айтады. Олар жылайды. Бір кезде бай әйелдің анасы ауырып қалады. Ауа жетпей. Барлығымыз аяқкиім, қол, жанымызда не бар, соның бәрімен контейнер қабырғасын ұрамыз. Тоқтасын деп. Бір жерге келгенде ол контейнер тоқтайды, біз екі метр биіктіктен жерге секіреміз. Ұстай алғанын полиция ұстайды, ұсталмағаны секіріп қашады. Бар болғаны осы. Бірақ не керек, осыны түскі екіден түнгі екіге дейін түсірдік. Әсірелеген жоқпын, рас айтам.
Түріктер сериалдың бір апталық сериасын түсіріп эфирге шыға береді. Бұл сериялары да келесі аптада жарияланды. Өкініштісі мен өзімді көре алмадым. Дәл сол сағатта маңызды бір матч бар еді. Матч пен сериал дегенде таңдау қайсысына түсетіні белгілі ғо.
Жазғанға қызық болмағанымен түсірілімнің тұла бойы қызыққа толы болды. Міне, менің ең алғашқы әртістік экспериментім.
Әрі қарай

Юсуф Мироғлына қалай кезіктім?...

Блог - aktobe88: Юсуф Мироғлына қалай кезіктім?...Ол кезде біз орта мектептің жетіншіііі, жоқ сегізіншііііі… әлде тоғызыншы сыныбында ма, оқитын едік. Ауылдағы мал жайлау мен қонаққа барудан басқа шаруасы жоқ кемпір-сампыр, шал-шауқанын қойып, жалғыз көзі ашық жұрт саналатын мұғалімдерін де телебізірдің алдына телмірткен «Асау жүрек» бәріңіздің естеріңізде шығар. Біз сияқты ши борбайлар мен жалбыр шаштар екі бастан… Кешкі алты болса «Юсуф» көреміз деп экзаменнің консультациясына бармай қоятынбыз. Бәрінің аузында «Юсуф», «Юсуф» емес-ау, «Есуф». Үлкендер жағы «Жүсіп» десетін. Сосын «Торғай».
Әрі қарай

Галатасарайдың жаңа стадионындағы матчтан кейін....

Футбол, тек қана футбол!: Галатасарайдың жаңа стадионындағы матчтан кейін....
Түрік футболы десе алдымен еске түсетін Галатасарай клубы өздеріне 47 жылдан бері қызмет етіп, жеңіліс пен жеңістің талай көз жасы сіңген, Еуропада «Жаһаннам» деген атпен танымал Али Сами Йен стадионымен қоштасқанын бұдан бұрынғы жазбамызда жазғанбыз. Қала орталығындағы сыйымдылығы 24 мың көрермендік Сами Йеннен қала шетіндегі 52 мың адамдық жаңа стадионға көшкенінде Галатасарайлықтар бұл аумақты стадионды толтыра алар ма екен деп күдіктенгендердің қарасы мол еді. Олары бекер болып шықты. Ашылу салтанатында Аякспен ойналған матчқа билет табылмауы заңды. Онан кейінгі Сивасспорға қарсы ойналатын матчтың билеттері де сатылымға шыққан күннің ертеңінде-ақ барсақ, бітіп қалыпты. Сонымен жаңа стадионнан матч тамашалауға деген үміт үзіле бастаған шақта клуб тауарларын сататын дүкендер акция жариялап жібермесі бар ма?! Команда формасын алсаң, Галатасарай-Ескішехірспор матчының билеті тегін беріледі деп. Ести сала алғашқылардың бірі боп алдық. Ендііііііі, билет қалтадааааа, пойыз, ой кешіріңіз, матч қайда қашсын деп ақпанның жетісін күттік. Осылайша, 51999 көрерменмен бірге Галатасарайдың жаңа стадионы Түрік Телеком Аренада ойын тамашалау нәсіп болды әйтеуір. Матч басталмас бұрын стадион айналасын адақтап шықтық. Құрылысында мін жоқ. Еуропа-2016 талаптарына сай жалғыз стадион дегендері рас болды. Айтпақшы, біздің трибунамыз VIP-тің үсті болғандықтан, көтеріліп бара жатқанда Түркия ұлттық құрамасының бас бапкері Гусс Хиддинк, көмекшісі Оғыз Четин және ел чемпионы Бурсаспордың бапкері Ертұғрыл Сағламды жыға таныдық. «Соқыр көргенінен танбас» дейтін, түрік футболынан бар танитымыз солар ғана болса, қайтеміз енді?:-)
Сиясы, дәлірегі сыры кеуіп үлгермеген жаңа стадионның іші де көңілімізден шықты. Ашылғалы бері үш матч ойналса да, көріп үлгермеген жалғыз біз емес екен, талайлар аңтарылып жан-жағына қарасып жатты. Матчтың басталуына әлі бір сағат бар, суретке түсіп үлгерудеміз. Айналамыздың бәрі сары-қызыл. Галатасарайдың осы уақытқа дейінгі марштары кезекпе-кезек ойналып жатыр. Барлығының қолында бір-бір шарф, ішінара ту да кездеседі. Сермеп қойып әнге қосылып жатыр. Ысқырықтан құлақ тұнады. Жағымды, рух беретін матч атмосферасы! Айтпақшы, дүниедегі ең ұзын плакат та дәл осы ойында ілінді стадионға. 315 метрлік плакатта: «106 жылдық тарихы, әлі ешкім қайталай алмаған сансыз табысы (Түркияда әлбетте), музейінде қарсыластарынан екі есе көп медалі бар, құрылғалы түрік емес командаларды ең көп жеңген түрік клубы, елінің абырой, мақтанышы, УЕФА және Супер Кубок иесі, 1481-ден бері мәдениеттің символы, 1905-тен бері спорттың бесігі Галатасарай » деп жазылған. Иә, Галатасарайға қалай мақтанса да жарасады. Айта кету керек, бұған дейін ең ұзын плакатты Барселона жанкүйерлері ілген. Оның ұзындығы 290 метр-тұғын.
Сонымен, матч басталды.Ескішехірспор Галатасарай матчы. Аты бізде көп естілмеді демесеңіз, Ескішехірспор да оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Соңғы сегіз матч бойы жеңілмей, 4 матч бойы қақпасына гол кіргізбей тәп-тәуір келе жатқан беті бар еді. Бірақ арыстандар (Галатасарай символы) оған қарасын ба, «перформансының» быт-шытын шығарды. Ойын басталғаннан-ақ қарсылас қорғанысының көбесін сөгіп, алға ұмтылған Галатасарайлықтар алғашқы таймда-ақ басымдықтарын танытып, Лорик Цана (10-минут), Богдан Станку (14-минут) және Херри Кэюльдің (45-минут) голымен үзіліске кетті. Екінші таймда ширығып алған Ескішехірспорлықтар үсті-үстіне екі гол соғып (Бурхан 75-минутта, Үміт Каран 77-минутта), алаң иелерін біраз састырғанымен қуаныштары ұзаққа созылмады. 81-минутта ұлты чех Милан Барош төртінші голды соғып һәм жанкүйерді, һәм футболшыларды, һәм Хаджиді қуантты. Дәл осы күні бас бапкердің туған күні көрінеді. Осылайша аяқдопшылары Георге Хаджиге үлкен сыйлық жасады. Бір қызығы төрт голдың авторы да шеттен келген футбошылар (Лорик Цана – Албаниялық, Хэрри Кэюль – Австралиялық, Богдан Станку – Румыниялық, Милан Барош – Чехиялық). Команда капитаны Арда Тұран жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпады. Көпшілік голды Сервет Четиннен күткен еді, болмады. Бірақ өкінетін түк те жоқ, өз сөздерімен айтсақ, «хайырлысы»…
Осылайша, тағы бір жеңіспен жаңа стадиондағы үшінші ойын да тарихқа енді. Түзету енгізейін, бұл екінші жеңіс. Ең алғашқы ойында Аякспен тең ойнаған-тұғын. Осы стадионға байланысты реклама ролиги де бар еді: Мекен ойнатар деген. Тарата а йтсақ, мағынасы – футбол ойнай алмайтын кез-келген бұл жерге келсе, еріксіз доп теуіп кетеді дегенге саяды.Рас екен. Әзірге арыстандар жаңа мекенде жеңілістің ащы дәмін тата қойған жоқ. Не дейік, ұзағынан болсын дейміз да…
Әрі қарай

Қазақшада, түрікшеде хәм испаншада бар мәтелдер

Блог - aktobe88: Қазақшада, түрікшеде хәм испаншада бар мәтелдерOjos que no ven, corazon que no siente — Gözden ırak olan gönülden de ırak olur — Көзден кетсе, көңілден де кетеді
Mas vale tarde, que nunca — Geç olması hiç olmamasından iyidir — Ештен кеш жақсы
Mas vale enemigo cuerdo, que amigo loco — Akılsız dostum olacağına akıllı düşmanım olsun — Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық
Los dedos de la mano no son iguales — Beş parmağın beşi bir değildir — Бес саусақ бірдей емес
Haga lo que yo mando, no lo que yo hago — Dediğimi yap yaptığımı değil — Молданың істегенін істеме, айтқанын істе
El que se rie del mal del vecino el mal le viene en su camino — Gülme komşuna gelir başına — Күлме досқа, келер басқа
El que no llora, no mama — Ağlamayana meme vermezler — Жыламаған балаға емшек бермес
Cual es el padre, asi los hijos salen — Kenara bak bezini al anasına bak kızını al — Аяғына қарап асын іш, анасына қарап қызын ал
Caminito comenzado, es medio andado — Başlamak bitirmenin yarısıdır — Көз қорқақ, қол батыр.
Cada dia un grano pon, y haras un monton — Damlaya damlaya göl olur — Тамшыдан теңіз құралар
A caballo regalado, no se le miran los dientes — Hediye atın dişine bakılmaz — Сыйға келген аттың
Тісіне қарама.
Әрі қарай

Қош бол, "Али Сами Йен"!



Қазақта «Мың рет естігенше бір рет көр» деген сөз бар. Оның үстіне Түркияда өмір бақи оқымаймыз, елге оралғанға дейін сол елде аты аңызға айналған Галатасарай клубының стадионын бір көрмесек футбол жанкүйері деген атымызға сын. Міне осы ой көптен бері маза бермей жүрген еді, әйтеуір қаңтардың он бірінші жұлдызында жиырма төрт мың жанкүйермен бірге матчты Али Сами Йен стадионынан көру бақыты бұйырды. Көру бақыты бұйырды деп екпін түсіріп айтуыма негіз де жоқ емес, өйткені дәл осы күні мен түгілі, Галатасарайдың бағзыдан бері келе жатқан бірталай жанкүйерінің өзі билет таба алмай, жер сипап қалған-ды. Енді ше, Али Сами Йендегі соң матч, әр әркімнің-ақ куә болғысы келеді.
Әрі қарай