Галатасарайдың жаңа стадионындағы матчтан кейін....
Түрік футболы десе алдымен еске түсетін Галатасарай клубы өздеріне 47 жылдан бері қызмет етіп, жеңіліс пен жеңістің талай көз жасы сіңген, Еуропада «Жаһаннам» деген атпен танымал Али Сами Йен стадионымен қоштасқанын бұдан бұрынғы жазбамызда жазғанбыз. Қала орталығындағы сыйымдылығы 24 мың көрермендік Сами Йеннен қала шетіндегі 52 мың адамдық жаңа стадионға көшкенінде Галатасарайлықтар бұл аумақты стадионды толтыра алар ма екен деп күдіктенгендердің қарасы мол еді. Олары бекер болып шықты. Ашылу салтанатында Аякспен ойналған матчқа билет табылмауы заңды. Онан кейінгі Сивасспорға қарсы ойналатын матчтың билеттері де сатылымға шыққан күннің ертеңінде-ақ барсақ, бітіп қалыпты. Сонымен жаңа стадионнан матч тамашалауға деген үміт үзіле бастаған шақта клуб тауарларын сататын дүкендер акция жариялап жібермесі бар ма?! Команда формасын алсаң, Галатасарай-Ескішехірспор матчының билеті тегін беріледі деп. Ести сала алғашқылардың бірі боп алдық. Ендііііііі, билет қалтадааааа, пойыз, ой кешіріңіз, матч қайда қашсын деп ақпанның жетісін күттік. Осылайша, 51999 көрерменмен бірге Галатасарайдың жаңа стадионы Түрік Телеком Аренада ойын тамашалау нәсіп болды әйтеуір. Матч басталмас бұрын стадион айналасын адақтап шықтық. Құрылысында мін жоқ. Еуропа-2016 талаптарына сай жалғыз стадион дегендері рас болды. Айтпақшы, біздің трибунамыз VIP-тің үсті болғандықтан, көтеріліп бара жатқанда Түркия ұлттық құрамасының бас бапкері Гусс Хиддинк, көмекшісі Оғыз Четин және ел чемпионы Бурсаспордың бапкері Ертұғрыл Сағламды жыға таныдық. «Соқыр көргенінен танбас» дейтін, түрік футболынан бар танитымыз солар ғана болса, қайтеміз енді?:-)
Сиясы, дәлірегі сыры кеуіп үлгермеген жаңа стадионның іші де көңілімізден шықты. Ашылғалы бері үш матч ойналса да, көріп үлгермеген жалғыз біз емес екен, талайлар аңтарылып жан-жағына қарасып жатты. Матчтың басталуына әлі бір сағат бар, суретке түсіп үлгерудеміз. Айналамыздың бәрі сары-қызыл. Галатасарайдың осы уақытқа дейінгі марштары кезекпе-кезек ойналып жатыр. Барлығының қолында бір-бір шарф, ішінара ту да кездеседі. Сермеп қойып әнге қосылып жатыр. Ысқырықтан құлақ тұнады. Жағымды, рух беретін матч атмосферасы! Айтпақшы, дүниедегі ең ұзын плакат та дәл осы ойында ілінді стадионға. 315 метрлік плакатта: «106 жылдық тарихы, әлі ешкім қайталай алмаған сансыз табысы (Түркияда әлбетте), музейінде қарсыластарынан екі есе көп медалі бар, құрылғалы түрік емес командаларды ең көп жеңген түрік клубы, елінің абырой, мақтанышы, УЕФА және Супер Кубок иесі, 1481-ден бері мәдениеттің символы, 1905-тен бері спорттың бесігі Галатасарай » деп жазылған. Иә, Галатасарайға қалай мақтанса да жарасады. Айта кету керек, бұған дейін ең ұзын плакатты Барселона жанкүйерлері ілген. Оның ұзындығы 290 метр-тұғын.
Сонымен, матч басталды.Ескішехірспор Галатасарай матчы. Аты бізде көп естілмеді демесеңіз, Ескішехірспор да оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Соңғы сегіз матч бойы жеңілмей, 4 матч бойы қақпасына гол кіргізбей тәп-тәуір келе жатқан беті бар еді. Бірақ арыстандар (Галатасарай символы) оған қарасын ба, «перформансының» быт-шытын шығарды. Ойын басталғаннан-ақ қарсылас қорғанысының көбесін сөгіп, алға ұмтылған Галатасарайлықтар алғашқы таймда-ақ басымдықтарын танытып, Лорик Цана (10-минут), Богдан Станку (14-минут) және Херри Кэюльдің (45-минут) голымен үзіліске кетті. Екінші таймда ширығып алған Ескішехірспорлықтар үсті-үстіне екі гол соғып (Бурхан 75-минутта, Үміт Каран 77-минутта), алаң иелерін біраз састырғанымен қуаныштары ұзаққа созылмады. 81-минутта ұлты чех Милан Барош төртінші голды соғып һәм жанкүйерді, һәм футболшыларды, һәм Хаджиді қуантты. Дәл осы күні бас бапкердің туған күні көрінеді. Осылайша аяқдопшылары Георге Хаджиге үлкен сыйлық жасады. Бір қызығы төрт голдың авторы да шеттен келген футбошылар (Лорик Цана – Албаниялық, Хэрри Кэюль – Австралиялық, Богдан Станку – Румыниялық, Милан Барош – Чехиялық). Команда капитаны Арда Тұран жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпады. Көпшілік голды Сервет Четиннен күткен еді, болмады. Бірақ өкінетін түк те жоқ, өз сөздерімен айтсақ, «хайырлысы»…
Осылайша, тағы бір жеңіспен жаңа стадиондағы үшінші ойын да тарихқа енді. Түзету енгізейін, бұл екінші жеңіс. Ең алғашқы ойында Аякспен тең ойнаған-тұғын. Осы стадионға байланысты реклама ролиги де бар еді: Мекен ойнатар деген. Тарата а йтсақ, мағынасы – футбол ойнай алмайтын кез-келген бұл жерге келсе, еріксіз доп теуіп кетеді дегенге саяды.Рас екен. Әзірге арыстандар жаңа мекенде жеңілістің ащы дәмін тата қойған жоқ. Не дейік, ұзағынан болсын дейміз да…
ал мынау соңғы ойынның басталар алдындағы видеосы, Чаршы тобының (Бешикташ) лидері Ален Маркарян шығарған "үштікті" қазір бәрі қолданады:
осы матчта Эсэске бүйрегім бұрып еді, жеңіліп қалды :( Галатасарайға биыл чемпионатта ештеңе керек емес, Кубокты ойлаулары керек тек.