Жарияланымдар

Акушер-гинеколог Гүлбану Құсайынова: «Вумбилдинг – әйел денсаулығының кепілі»

«Вумбилдинг» терминін ең алғаш тұрмысқа шығып, жас босанған құрбымның аузынан естіген болатынмын. Тіпті ол әлдебір әйелдің қынабымен ауыр темірді қысып көтеріп тұрған видео сілтемесімен бөліскенде, «сонша зерттеп, соңына түсетіндей не көрінді екен оған?» деп қалғаным рас. Босанған соң әйелдерде не түрлі мәселелер пайда болатынын мен қайдан білейін. Мәселенің төркіні жай «извращенский» қызығушылықта емес екендігін акушер-гинеколог маманмен сұхбаттасқан соң ғана түсіндім.



Вумбилдинг (орысш. ВУМ (Вагинальные Управляемые Мышцы) – «басқарылатын қынап бұлшықеттері», ағылш. building – «құру, жасау, дамыту») терминін ең алғаш енгізген В.Л. Муранивский деген орыс. Атауы айтып тұрғандай, вумбилдинг – жыныстық қатынас кезінде аталмыш бұлшықеттерді басқару дағдыларын меңгеру.



Муранивскийдің мұндай фитнес түрінің негізін қалауға ең алғаш рет өзінің қынап бұлшықеттері табиғатынан ерекше дамыған шығыс әйелін кездестіруі себеп болған екен. Әлгі қасиетінің арқасында ол әйелге онсыз да көп адам құмар болғандықтан қарым-қатынастары ұзақ болмапты. Ресейге келген соң, Муранивский бұл туралы көп ойланып, ол бұлшықеттерді жаттығу арқылы да дамытуға болады деген қорытындыға келген. Осылайша жаттығу методикасын және түрлі тренажерларды ойлап тапқан. Қазір тіпті аты дардай «В.Л. Муранивский атындағы Ресей вумбилдинг федерациясы» да бар. Федерация түрлі тренингтер өткізіп, вумбилдинг инструкторларын дайындайды және оларға сертификат береді.

Алғашында тек секс сапасын жақсартуға бағытталған фитнес түрі қазір медицинамен байланыстырылып, «көптеген сырқаттардың алдын алуға көмектеседі» деген тұжырымды қалыптастырып келеді. Федерацияда тренингтен өткен вумбилдинг инструкторларының бірі, осы салада жүрген жалғыз қазақстандық акушер-гинеколог Құсайынова Гүлбану Жоламанқызы осындай пікірде. Ол №2 босану үйінде алғашқы болып осы вумбилдинг негізінде «Босанудан кейінгі сауықтыру» бағдарламасын бастады. Ендігі сөз кезегі – заманауи дәрігерде.

«Босанған әр әйел вумфитнеспен айналысу керек»

«Бізде босанған әйелдің денсаулығымен, оның босанудан кейінгі реабилитациясымен ешкім еш жерде айналыспайды. Біздің медицинада ең бастысы – әйелді айы-күні толғанға дейін бақылап, аман-есен босандырып алу ғана. Ал босанғаннан кейін әйелде шыжың, көтеу тәрізді сырқаттар мен қынап қабырғасының төмен түсуі, қынаптың кеңеюі сынды мәселелер пайда болуы мүмкін. Әйелдер босанған соң осындай түрлі қиындықтармен жалғыз қалады.

Көптеген әйелдер оргазмды онсыз да сезінбейді, ал босанған соң тіпті сезімталдығы жоғалып кетеді. Қынап жолы кеңейгеннен секс сапасының нашарлауы екібастан. Ал бұл еркектердің әйелдеріне деген құштарлығы жойылып, көзге шөп салуға әкеліп соғады. Осылайша ажырасу көбейеді. Әйелдер бұл мәселе турасында ешкіммен кеңесе алмайды, ары кетсе акушер-гинекологынан сұрайды. Олар өз кезегінде «енді ондай-ондай болады, туған балаң ірі болды ғой» деп жұбатып, ең аяғы хирургиялық тәсілмен қынап каналын тарылтуды ұсынуы мүмкін. Ал мен келіншектерге босанған соң ешқандай хирургиялық тәсілді қолданбай-ақ жыныс бұлшықеттерін қалпына келтіруге болатындығын айтып отырамын. Ең құрығанда вумфитнеспен айналысу бастапқы қиындықтарды жояды.»

«Вумбилдинг дегеніміз...»

ОҒМ жазбалары: Акушер-гинеколог Гүлбану Құсайынова: «Вумбилдинг – әйел денсаулығының кепілі»«Вумфитнес – вумбилдингтің алғашқы сатысы болып табылады. Оған Никитина автономды жаттығу құрылғысымен Кегель жаттығуларын жасау жатады. Яғни Кегель жаттығулары жыныс бұлшықеттерін жай жиыру болса, бұл – құрылғымен жиыру, яғни бұлшықетке қосымша күш түсіру. Бұл жаттығулар зәр жіберіп қою, көтеу тәріздес ауруларды емдеп, қынап қуысын тарылтады.

Вумфитнес сатысынан соң әйел өз еркімен келесі Муранивский пневматикалық жаттығу құрылғысына көше алады. Ол құрылғының бұлшықетті жиыру күшін көрсетіп тұратын манометрі бар, және алдыңғы Никитина құрылғысы тек қынаптың төменгі бұлшықеттерін жаттықтыруға арналса, бұл қынаптың барлық бұлшықеттерін күшейтуге арналған және секс сапасын жақсартады.

Осы құрылғымен жоғары нәтижелерге жеткен соң, металдан жасалған Никитина жүк жаттығу құрылғысына көшуге болады. Бірақ жатыр мойны төмен түскен әйелдерге бұл құрылғымен жаттығуға болмайды. Одан ары қарай тағы элиталы секске жаттықтыратын құрылғылар бар. Олар туралы үйренгісі келген адамдар біле жатар...»

«Перзентханада топтық тренинг бастадым»

«Негізінен жаттығуларым индивидуалды болып келеді, неліктен екені түсінікті шығар. Бірақ екінші перзентханадан топтық «босанудан кейінгі сауықтыру» бағдарламасын бастап жатырмын. Бұл еліміздегі осы бағыттағы ең алғашқы және жалғыз бастама. Ол жерде ең алдымен тренажерсыз қарапайым Кегель жаттығуларын үйретемін. Босанған әйелдер жаттығуға жиі келе алмайды, сәбилерінің қасынан шыға алмайды. Сондықтан оларға Кегель жаттығуының әліпбиін 2 сабақта үйретіп жіберуге тырысамын. Ал вумбилдингпен тереңірек айналысқысы келгендер кейін жеке сабақтарға жазыла алады. Себебі тренажер бағалары да арзан емес. Бір ғана автономды жаттығу құрылғысы 40 мың теңге тұрады. »

«Қазақ әйелдері жаттығуға жасырынып келеді»

«Вумбилдингтегі негізгі контингентім – өзім босандырған 25-40 жас аралығындағы келіншектер. Оның ішінде қазақ қыз-келіншектері көп. Яғни оларға босанған соң шыжың, геморрой сынды ауруларды емдеу үшін және қынаптың кеңейюі, қынап қабырғаларының төмен түсуі секілді мәселелерді жою үшін жыныс бұлшықеттерін қатайтып, тартып, қалпына келтіруге көмектесемін.

Одан бөлек естігендер тренингтерге жазылып жатады. Олардың жеке өмірі, мамандықтарын білмеймін және ол маған қызық та емес. Өздері де айта бермейді, себебі менталитетке сай болмағасын ұялады. Тіпті бір әйел маған сегіз ай бойы жалған есіммен келіп жүріпті. Кейін шынын айтқанда мен ренжіген де жоқпын.»

«Вумбилдинг босанбаған әйелдерге де пайдалы»

«Вумбилдингпен айналысу әйелдердің болашақта жеңіл босануына септігін тигізеді. Сонымен қатар көптеген әйелдерде жыныстық қатынас кезінде ауыру, дискомфорт сезімдері, қуық немесе тік ішекке қысым болады. Соның әсерінен өмір бойы жыныстық қатынастан ләззат алмай өтеді. Осындай сұрақтармен келетіндер көп. Ал мұның бәрі жыныс бұлшықеттерінің әлсіздігінен. Вумбилдинг жыныс бұлшықеттеріне түсетін қысымға қарсылық көрсетуге дағдыландырады. Тағы бірде «вагинизмге» ұшыраған жас келіншек келді. «Вагинизм» — алғашқы жыныстық қатынас тым ауыр тигеннен жатыр-қынап бұлшықеттерінің жиырылып қалып, еркектің мүшесін кіргізбей қоюы. Оның бір жағынан психологиялық факторлары да бар, дегенмен физиологиялық тұрғыдан да емдеу керек. Оған да вумбилдинг көмекке келді.»



«Вумбилдинг – ең алдымен әйелдің денсаулығы, содан соң ғана ерлі-зайыптылар арасындағы гармония» дейді еңбек өтілі 14 жыл құрайтын акушер-гинеколог. Тренингтердің түрлері және олардың бағасы туралы Гүлбану Құсайынованың жеке блогынан біле аласыз.

Фото сұхбат берушінің жеке мұрағатынан

"Антоним" мақалдар

  • TOP
Мен көп жағдайда, жаманға дайын болып жүремін. Шаруаның оң аяқталатынына көзім жетіп тұрса да, аяғына дейін анық белгілі болмайынша жеңісті тойламаймын)))
Бірде жұмыс бойынша мәселелер легін ақтарып, қара аспанды төндіре жөнелгенімде, әріптесім «жақсы сөз айту керек, жақсы сөз — жарым ырыс деген» деп ренжігенде, мен: «мен жаман айтпай, жақсы жоқ деген пессимистердің мақалын ұстанам» деп құтылып кеткенім бар етін)))
Шыны керек, қазағымда бір-біріне қарама-қайшы небір мақалдар бар. Әркім өз керегін пайдалана береді. Білгендеріңізбен бөлісе отырыңыздар, ағайын!

АРПАЛЫС

ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Мамыр айының 18-19 күндері Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезовтың әңгіме желісімен қойылған «Қорғансыздың күні» драмасының премьерасын көпшілік назарына ұсынды. Режиссер — Әлімбек Оразбек, қоюшы суретші — Шынар Елембаева. Еш премьерадан қалмайтын Қаллекидің тұрақты көрермені ретінде, маған 19 мамыр күні А.Серкебаева, О. Жақыпбек, Е.Нұрымбет, Н. Ташимова, Е.Малаев, Қ. Бұғыбай, Н. Есен т.б. қатысуымен екінші құрамның ойынын көру бұйырды.

Әңгімеден ерекшелігі – оқиға желісі кейін шегініп, жұтаң да болса бақытты тірлік кешіп жатқан жанұяның өмірін суреттеуден басталады. Жақып пен оның сүйікті де ерке қызы Ғазизаның сырластық жақындығы көрсетіледі.
ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Іс Жақыптың туысы сараң Дүйсеннің малы ұрланған соң насырға шаба бастайды.
Әлімсақтан келе жатқан жамандық пен жақсылықтың, түнек пен жарықтың үздіксіз күресі басталады. Жарық өз сәулесімен адамзатты құтқарамын деп әлек, ал түнек болса «онсыз да қара пейілді пендені қайтесің» деп оны әжуалайды. ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Спектакль минимум реквизит тердің максимум қолданылуына құрылған. Бұл тұрғыда режиссердің де, қоюшы суретшінің де шығармашылық жұмысы көзге ұрып тұр.
Қойылымның музыкалық әрлеуі де оның мағынасын үстей түсіп, көрерменді үнемі толқуда ұстап отырды.
Актерлердің ойынына келетін болсам, актриса Алтынгүл Серкебаева бүлдіршіндей жас, нәзік Ғазизаның рөлін жақсы алып шықты. Бас кейіпкердің репликасы аздау көрінгенімен, оның 14-15 жасар жасөспірім екенін ескерсек, одан артықтың керегі де жоқ шығар. Олжас Жақыпбектің Түнегі ерекше есте қалды, дауыс ырғағын құбылта сөйлеп, зымияндықтың көкесін көрсетті. Ақан болыстың атқосшысын ойнаған Қасымхан Бұғыбайдың өз кейіпкері бағытында біраз ізденгені көрініп тұр. Ақан болыс әңгімеде оңбаған болса да тартымдырақ сезілетін, мұндағы бейнесін өз басым қабылдай алмадым (Е. Малаев).ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Қойылым соңы биікте шалқалаған бейкүнә құрбанның астындағы Жарық пен Түнектің мәңгілік арпалысымен аяқталады. Құдды бір «Ей, адамзат, байқа!» деп тұрғандай. Себебі өз ниетімізге өзіміз жауап бермесек, Жарықтың да құтқаруы екіталай бізді…

Фото театрдың фейсбук парақшасынан.
Әрі қарай

Инстааналар-2 немесе ғарыш балалары

Былтыр блогиада аясында инстааналар туралы жазған едім. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Dubsmash секілді қосымшалардың шығуына орай инстааналардың қарапайым аккаунтынан инстаграмның кішкентай жұлдыздары пайда бола бастады. Бәлкім біразыңыз білетін де
Әрі қарай

Дағдарыс дауасы - «Силициум-Казахстан»

Осыдан тұп-тура екі ай бұрын бір кездері елімізде салтанатты түрде Ресеймен бірлесе ашылған «Силициум-Казахстан» кремний зауытының қайта жандануы мүмкін деген сыбыс шығып, ол туралы мен де бірдеңе деген едім. Зауыт ашылғанда басшы ретінде тағайындалып, кейін істі болған Михаил Сутягинский «Ведомости» газетіндегі сұхбатында қазақстандық компаниялармен альянсқа қайта дайын екендігін айтқан болатын.

PhD мемуарлары: Дағдарыс дауасы - «Силициум-Казахстан»

Сол кездегі пікірлерге қарап мәселе дегенмен оңынан шешілетіндей көрінген. Дегенмен іс әлі де бір орыннан жылжымай тұрған секілді. Ғаламтордағы материалдарды шолсақ, «Силициум-Казахстан» кремний зауытына иелік еткісі келетіндер (Титан және БРК) әлі соттасып жатыр.
Ал бір кездері Сутягинскийге үкім шығарған қазақстандық сот өкілі енді өз шешімінен өзі айнып отырған сыңайы бар. Ресей болса өз кезегінде Сутягиннің Қазақстанда іске аспай қалған басқа да жобаларын мемлекеттік деңгейде қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл дегенің «Титанның» кремнийсіз де тұралап қалмайтынының бір мысалы.

PhD мемуарлары: Дағдарыс дауасы - «Силициум-Казахстан»

Істің ақ-қарасы әлі де бұлыңғыр. Дегенмен бір ойым былай дейді: ақыры көршілес әрі экономикалық тәуелді елдер екенбіз. Неге шынында зауытты қайта іске қоспасқа? Девальвациялы дағдарыс кезінде ең болмаса халыққа жұмыс болар еді. Кремнийдің шикізат ретіндегі зор пайдасын қайталамай-ақ қояйын…
Әрі қарай

Информатика магистрі дәрежесін қосымша алғыңыз келсе...

Егер Сіз экономист, құрылысшы немесе инженер болсаңыз бері келіңіз.

ОҒМ жазбалары: Информатика магистрі дәрежесін қосымша алғыңыз келсе...

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде Сіздің сала бойынша «Информатика магистрі» дәрежесін қосымша алуға мүмкіндік пайда болды.

Университет «Желілік магистерлік программа «Информатика – қосымша мамандық» білім бағдарламасына абитуриент қабылдауды бастады.

Бұл мамандық басқа сала мамандарына Информатика магистрі дәрежесін қосымша алуға мүмкіндік береді.

Мұндай бағдарлама Қазақстанда тұңғыш рет жасалып отыр.

Бағдарлама мақсаты – өзінің алғашқы мамандығының дағдыларын информатика облысындағы теориялық және техникалық дағдыларымен үйлестіре білетін әмбебап мамандарды даярлау.

ОҒМ жазбалары: Информатика магистрі дәрежесін қосымша алғыңыз келсе...
Жоба Евросоюздың 5 университеті (Германия, Литва, Польша, Финляндия, Франция елдерінен), Орта Азияның 10 университеті (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрменстан елдерінен) және Еуропаның үш кәсіпорнымен бірге жүзеге асырылып отыр.

Аталмыш мамандыққа: Экономика, Есеп және аудит, Менеджмент, Қаржы, Мемлекеттік және жергілікті басқару, Маркетинг, Статистика, Әлемдік экономика, Логистика (салалар бойынша), Құрылыс, Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрылғыларын өндіру, Тіршілік қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау, Стандарттау, сертификаттау және метрология (салалар бойынша) бакалаврлары құжат тапсыра алады.

Қабылдау комиссиясымен байланысу:
Қажымұқан көшесі 13, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, ОЗҒ-2 (СҚФ оқу ғимараты).
Тел.: 8(7172) 709500 (34212)
enupromis@gmail.com

Толығырақ ақпарат — http://promis.enu.kz/
Әрі қарай

«Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

Ресейлік «Титан» компаниялар тобының басшысы Михаил Сутягинский «Ведомости» газетіндегі сұхбатында топ қазақстандық компаниялармен альянсқа қайта дайын екендігін айтыпты.

Ол кім тағы дейсіз бе? Бір кездері елімізде салтанатты түрде Ресеймен бірлесе ашылған «Силициум-Казахстан» кремний зауытының басшысы. Тіпті «Силициум-Казахстан» 2010-жылы ең жоғары сапалы кремний өніміне қол жеткізген көрінеді. Бірақ аталмыш зауыт қалай салтанатты ашылса, солай тып-тыныш жабылыпты-мыс. Енді Сутягинский сол тірлікті қайта жандандырғысы келіп отырған сыңайлы. Ол жақсы ма, жаман ба, әзірге белгісіз.

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

Михаил Сутягинский «Ресей мен Қазақстан – ынтымақтас мемлекеттер, олар бірнеше мемлекетаралық бірлестіктерде бірге жұмыс істеп отыр. Кремний секілді стратегиялық өнімді бірге өндіру жай пайда немесе табыстың мәселесі емес. Бұл сонымен қоса ұлттық мүдде мен қауіпсіздік мәселесі» деген екен. Сонымен қатар Ресей әзірге кремний өндірісінен көшбасшы болып отырған «қысықкөздерге» тәуелді болғысы келмейтіні анық ;)
«Екі оттың ортасында біз отырмыз», деп әлгі жерде саясат соғып кетсем, ә))) Қой құрысын, нем бар саясатта.

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін
Қауіпсіздік мәселесі, шынында, өте маңызды мәселе. 2011 жылы Факультетімізге Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (Фримонт қ., АҚШ) профессор Т.Т.Палташев «Кристаллдардағы жүйелер» курсынан дәріс оқығанда айтқан ең басты ойы – «кез-келген мемлекет әскери және жалпы инфраструктурада пайдаланылатын электроника, цифрлық техниканы әр мемлекет өз ішінен өндіру керек деген болатын. Себебі алда-жалда қауіп төне қалса, өзге елдің цифрлық құрылғысына жай ғана «әмір» жүрмей қалуы ықтималдығы бар. Өзге елден алынған қарапайым бағдаршамның өзі ол елмен қарым-қатынас нашарласа, басқаруға көнбей кетуі мүмкін. Ал электрониканың маңызды шикізаты – кремний екені екібастан. Оны өзімізден ең болмаса өндіру — қауіпсіздікті біртабан арттыру деген сөз. Ал елдегі электроника өндірісін дамыту үнемі күн тәртібінде тұру керек деп ойлаймын.
Әрі қарай

Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Иә, шынымен, мерейтойға бергісіз өтті. Банкет, мол дастархан, табақ тарту, бас ұсыну, сыйлық сыйлау, шапан жабу… Додасы бар, доданың жеңгені бар, ән, би… Көңілді. Бірақ әңгіме онда емес.

1-күн

20-түнгі препатиден титықтап шыққан біздер, шаршағанымызға қарамастан 21 күні «Талдықорған, қайдасың» деп тартып отырдық. «Шаршағанымызға қарамастан» деп қоям өзімше, дайын автобус тұрғанда. Жол ұзақ екен. Жолай тау арасына бұрылып, Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік музейіне соға кеттік. Шоқанның көзіндей боп қалған эксклюзив экспонаттарды тамашаладық.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Сол жерден түскі ас ішіп алып, кешке облыс әкімінің атынан берілген асқа топ ете қалдық. Оркестр…

2-күн

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Таңғы асты іше сала наурыз тойлауды бастап кеттік, алаңда мерекелік шаралардың куәсі боп, концерт көрдік. Одан кейін Алматы облысы өлкетану мұражайы, Алматы облысы көркемөнер галереясы,

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

Тіл сарайы, медиаорталық
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
т.б. жерлерді аралап, жаңадан салынған спорттық кешенде волейбол, футбол ойындарына кірістік. Тіпті су жаңа формамызға дейін дайын екен.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

Жалғас пен Абылайдың бойындағы жауапкершілікке ризамын, автобуста «ертеңгі ресми бөлімнің форматына уайымдаймыз» деп отырған, кешкілік әлі де көп нәрсенің мәнісіне жете алмай жүрген жастарды жинап алып, жақсылап инструктаж өткізді. Жастармен жақынырақ таныстық. Ертеңгі мастер-кластарда жасқанбай сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісуге кеңес берілді. Тура сол отырыс дұрыс шешім болды, себебі қыз-жігіттердің кескіндерінен «уфф» деген бір жеңілдік байқағандай болдым.

3-күн

Тіркелдік. Папкідегі бұйымдарды көріп жымыңдасқан жамағат. Мына жақта додекаэдр үстел, ана жақта сессиялар. Кешегі отырыстан соң ба, Жалғастың мастер-классына қызығушылық танытқандар көп. «Жалғас ағай, Жалғас ағай» болды да қалды оЧм. Абылай «HTML шәйнектерге» тақырыбына мен аздап көмектескен болдым. Гастаның мастер-классы интервьюге ұласты.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Өзгелердікіне қатыса алмадым.
Ресми бөлімдегі сессиялар аздау секілді, бірақ бірдеңе үйренем деушілерге жеткілікті болды деп ойлаймын. Әрі қарай өз қабілеттеріне қарай көре жатар.

Ұнағаны: жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық, қонақжайлылық, жастар саясаты басқармасының кез-келген уақытта жанымыздан табылуы, әкімшіліктегілердің қарапайымдылығы, бізге көрсетілген зор құрмет.

Ұнамағаны: тағы да жастар саясаты басқармасының қыз-жігіттерінің кез-келген уақытта (тіпті, қажетсіз кезде) жанымыздан табылуы, балабақшаның балаларындай қақпайлауы, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік бермеуі. Оларды да түсінуге болады дегенмен біз де есі дұрыс адамдармыз ғой.

Осы бары. Негізі бұл формат шаршаған. Блогкемптен блогтурға қарай ауысып бара жатыр. Бір тың серпіліс керек.
Әрі қарай

Блогиадашылар әні

Блогиадаға бір ән арналмаса оғаш шығар? :) Барлық қатысушылардың атынан «Блогиадашылар әнін» қабыл алыңыздар.
Орындайтын Асқар Базарбай.

Блогиадашылар әні

Сөзі: Әйгерім Кеулімжай
Әні: Асқар Базарбай


1. Көктем қызу басталды,
Көркем көңіл, жас жанды
Отыз екі блоггер,
Сақадай-сай аттандық.

Тақырыпқа сан түрлі,
Сюжет іздеп шарқ ұрдық.
Фотореп, видеореп,
Апта бойы бар тірлік.

Қайырмасы:
Бұл – блогиада, блогшының сапары,
Бұл – блогиада, біз шынығып, ысылған!
Бұл – блогиада, контентке сапалы,
Бұл – блогиада, миллионын ұсынған!

2. «Он екіге он қалды!»
Жазбаменен байсалды,
Пікірталас туғызып,
Оқырманға ой салдық.

Жегідей жеп сан күдік,
Бағаларды аңдыдық.
Әділдіктің бес қазы
Символы ғой мәңгілік!

Қайырмасы:

Бұл – блогиада, блогшының сапары,
Бұл – блогиада, біз шынығып, ысылған!
Бұл – блогиада, контентке сапалы,
Бұл – блогиада, миллионын ұсынған!

3.Сең қозғалып, жөңкілді.
Өткір ойлы, өр тілді
Блогшылардың үнінен,
Қазнет қайта серпілді!

Қайырмасы:

Бұл – блогиада, блогшының сапары,
Бұл – блогиада, біз шынығып, ысылған!
Бұл – блогиада, контентке сапалы,
Бұл – блогиада, миллионын ұсынған!



Рахмет саған, блогиада!


Суреттер қатысушылардың блог-жазбаларынан алынды
Әрі қарай

Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Маңдай термен тапқан артық ақшаны қайда құюға болады? Табысты қалай көбейтем? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Бұл мәселеде бізге тәуекел-менеджер, құрбым Мәдина көмекке келеді.

Депозит
Қаражат сақтаудың ең кең таралған және ең түсінікті құралы – депозит. Сонымен қатар ол қаражат құюдың ең сенімді жолы болып табылады, себебі салымдардың сақталуын Қазақстаның депозиттерге кепілдік беру қоры қамтамасыз етеді. Депозитіңіз бар банк күйген жағдайда салымыңыз толықтай қайтарылады, алайда оның көлемі 5 000 000 теңгеден аспауы шарт және қор депозит сыйақысын төлемейді.
Банктер клиенттерге ақша салудың қолайлы жағдайын ұсынып отыр, төмендетілмейтін қалдықтың аз болуы, кей банктердегі депозиттен ақшаны кез-келген уақытта шешіп алу және толықтыру мүмкіндігі осыған дәлел. Қазіргі кезде максималды сыйақы мөлшері теңгедегі депозиттерде 10,5%, ал доллардағы депозиттерде 4,1%-ті құрайды:

ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Бұл жерде пайыздық мөлшердің жоғарғы деңгейін ҚР Ұлттық Банкі реттеп отыратынын айта кету керек. Өзге валютадағы депозиттер туралы ақпаратты мына жерден оңай табасыз.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Иә, депозит қазіргі кездегі ең сенімді инвестиция құралы деп айта аламын. Алайда ол пайда табудан бұрын, қаржыны инфляциядан сақтауға арналған. Сол үшін депозит иелеріне қаражаттың бір бөлігін доллар немесе еурода сақтауға кеңес берер едім.

Халықтық IPO
IPO – компанияның кішкентай үлестерін (акцияларды) жаңа иегерлерге жаппай сату болып табылады. 2012 жылы Қазақстандағы ірі мұнай құбырларының операторы «КазТрансОйл» АҚ-ның қарапайым акцияларының IPO-сы сәтті өтті. Сатылым кезіндегі бір акция құны 725 теңгені құраса, 2012 жылғы бір акцияға берілген дивиденд 75 теңгені, ал 2013 жылы 109 теңгені құрады. Екі жылдың нәтижесі бойынша «халықтық акционерлер» 25% пайдаға кенеліпті. Осы жылы «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша сатылымға «KEGOC» АҚ акциялары бір данасына 505 теңгеге шығарылмақ. 2015 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ акциялары сатылымға шығады деп күтілуде, одан әрі «ҚазақстанТеміржолы» ҰК» АҚ және «КазАтомӨнеркәсіп ҰАК» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасына қатыспақ.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Халықтық IPO бағдарламасының алғашқы компаниясы сәтті өтті. Бірақ компаниялар әртүрлі, мысалы, электр желілері – мұнай емес, кіріс көлемі сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Сондықтан акцияны сатып алмас бұрын компания туралы аз-мұз зерттеу жасап алған жөн.

ҮИҚ
ҮИҚ (үлестік инвестициялық қор) – ұжымдық инвестициялау формасы. Салымшылардан жиналған қаражатты басқарушы компания түрлі қаржылық құралдарға (акциялар, облигациялар) инвестициялайды.
2004 жылдан бастау алған бұл нарық сегменті жоғары пайдалы және тәуекелі аз саналып қарқынды дамыған болатын. Дегенмен, Қазақстанда ҮИҚ – тиімсіз болып табылады. 2008-2010 жылдардағы дағдарысқа байланысты акциялар құнсызданып, нарықтың бұл секторы соңғы жылдары едәуір қысқарды:

ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Мәдина, тәуекел-менеджер: Пайлық инвестициялық қорлардың соңғы жылдары екі есеге қысқаруын есепке алатын болсақ, оларға қаржы құюды қауіпсіз демес едім. Дағдарысты былай қойғанда, алаяқ басқарушы компанияға ұрынып қалу ықтималдығы да бар. Сондықтан ҮИҚқа ақша құярда нарықта ең құрығанда 3-4 жыл жұмыс істеп жатқан басқарушы компанияны таңдаған жөн.

Алтын
Қазір кей банктер ақшаны алтынға инвестициялау мүмкіндігін үсына алады. Ол үшін «металл есеп» ашылады, онда клиентке тиісті алтын мөлшері есепке алынып отырады. Алтын банктің өзінде сақталады. Пайда иесіздендірілген алтынды сатып алу және кейін сатудың айырмашылығынан түседі.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық банкінен инвестициялық және коллекциялық алтын тиындар сатып алуға болады. Мұндай қызметті Сбербанк және Еуразиялық банк ұсынады, бірақ мұндай алтын тиындар, оның ішінде коллекциялық түрі сізге қымбаттау түседі. Себебі алтынның өз бағасына тиынды жасау жұмысы да қосылады. Оның үстіне мұндай алтынды тек ҚР Ұлттық банкіне немесе коллекция жинаушыға сата аласыз.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Иесіздендірілген алтынның курсын банк өзі қояды, дегенмен баға жанама түрде әлемдік алтын құнына тәуелді. Сонымен қатар түрлі комиссиялық шығындары бар. Осыларға дайын болсаңыз, алтынға қаражат құйыңыз.

Автомобиль

Рубль бағасының долларға қатысты төмендеуіне байланысты біздің азаматтарға жаңа авто сатып алу түріндегі инвестиция мүмкіндігі пайда болды. Әлден-ақ кей пысық қазақстандықтар осы негізде өз бизнесін бастап та кетті. Жай ғана Астана мен шекараға жақын Омск Тойота орталықтарындағы жаңа автомобиль бағаларын салыстырып көрейік:
ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?
Ресейдегі престиж комплектациялы Тойота Камри 1 308 мың рубль, яғни 29 876 доллар тұрады, ал Қазақстандағы орталықта тура осы комплектация 38 000 доллар тұрады.
Бұл туралы тәуекел-менеджеріміз ештеңе демейді. Не десін? Қолыңыздан іс келсе, мұрныңызға бизнес исі баратын болса, алға!




Өз басым мұндағы инвестиция түрлерінен Каспий банк депозитін ғана пайдаланыппын. Ақшаны кез-келген уақытта шешіп алуға болатындығымен тартты, бірақ соның кесірінен бір жағынан қаражат жинап та қарық қылмадым. Айтпақшы, Жилстройсбербанкте жинақ бар, бірақ бұл инвестициядан гөрі қажеттілік дер едім.
Негізі Мәдинаның айтуынша, тура қазіргі жағдайда өзіңді кей нәрселерден қысып қор жинаудың қажеті жоқ. «Автокөлік, техника керек пе – несиеге алып ал, пәтер керек пе, мүмкіндігің болса, ипотека рәсімде, білім алғың келе ме — оқы, шетелге қыдырғың келе ме – алға, дауай! Тапқан ақшаңды өз рахатыңа жұмса, себебі девальвация бәрібір жалмап алады» дейді. «Кенет» жағдайларға кішкене «тықпаң» болуы керек әрине. Кеттім. Ақша жұмсауға.
Әрі қарай