Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері өтеді

Астана жаңалықтары: Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері өтеді
Алдағы демалыста Астанада Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Елордалықтар өңірлердің мәдениетімен етене танысады.

8-9 қазанда ШҚО ауыл шаруашылық жәрмеңкесі «Хан шатыр» сауда ойын сауық орталығының жанындағы тұрақ алаңында өтеді. Облыстың тауар өндірушілері 300 тонна өнім әкеледі, барлығы 57 сауда орны жасалады.

Қала әкімдігінің алдында өтетін Қарағанды облысының жәрмеңкесінде 840 тонна өнім өткізіледі, 60 сауда орны жасалады. Шара барысында облыстық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт және «Бауырсақ, қымыс фестивалі» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Шеберлер ауылы» сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашыладып, қала тұрғындары мен қонақтары зергерлік өнер, көркем тоқымашылық және қыш-құмыра шеберлігі бойынша шебер-сыныптарына қатысады.

8 қазанда сағат 12.00 — ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасында Қарағанды облысынан «Сарыарқа кітапханасы» 100 томдығын сыйға тарту салтанаты, Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер-көрмесі және Қарағанды облысы суретшілерінің «Сарыарқаның сырлы бояулары» атты көрмесі өтеді.

Сағат 18.30 Оқушылар сарайында С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклінің қойылымы көрсетіледі.

9 қазанда сағат 11.00 Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде Қарағанды облысының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері көрмесі ашылады, «Нұр Әсем» сән үйінің ұлттық киімдер жинағы көрсетіледі. Ал сағат 16.00 Қарағанды облысы өнер майталмандарының гала-концерті көпшілік назарына ұсынылады.

8 қазанда сағат 9.00 «Көрме» орталығында ШҚО археологиялық артефактілер көрмесі, сағат 10.00 ҚР Ұлттық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Үлкен жолдың кезеңі» фотокөрмесі өз жұмысын бастайды. Сонымен қатар, сағат 10.30 «Шығыс Қазақстанның суретшілері. Уақыт портреттерінің ерекшеліктері» атты бейнелеу өнері көрмесі ашылады.

Сағат 15.00 ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Тәуелсіздіктің жарқын жетістіктері: Шығыс Қазақстан» кітап көрмесі өтеді. Онда келушілер назарына тәуелсіздік жылдары экономиканың, әдебиеттің, мәдениет пен спорттың дамуына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалар туралы кітаптар ұсынылады. Көрме аясында «Біздің Абай» электронды толық мәтінді кітапхана және «Қайым Мұхамеджанов» электронды библиографиялық көрсеткіші атты екі жобаның тұсаукесері өтеді. Бұдан басқа, сағат 15.00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Өскемен қаласының драма театры К. Людвигтің «Жұлдызды сәт» спектаклін қояды. Сағат 18.30 «Жастар» театрында Семей қаласының Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық театрының Ф.М.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» спектаклі көрсетіледі. Ал жәрмеңкеге келушілер екі күн бойы Ә. Қашаубаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының «Шұғылалы Шығыс» атты концертін тамашалайды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11334

Астаналық полицейлер террористік тұрғыдан осал объектілерді тексеруде

Жыл басынан бері елордалық полиция қызметкерлері террористік тұрғыдан осал объектілерді тексеру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде, 30-дан астам террористік тұрғыдан осал объектінің жетекшілері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 149-бабы 1-тармағы бойынша (өзiне сенiп тапсырылған объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамауы және тиiсiнше орындамауы – 100-300 АЕК дейін айыппұл) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған және өндірілген айыппұл көлемі 7 млн теңгеден асады.

Тексеру нәтижелері көрсеткендей, террористік тұрғыдан осал объектілерде инженерлік-техникалық қадағалау, бейнебақылау жүйесі мен дабыл қондырғыларының, басқаруды бақылау жүйесі, сондай-ақ, мамандандырылған күзет бомлаған.

Айта кетейік, ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 876 қаулысында террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесі бекітілген. Объектілерді терроризмге қарсы қорғалуын бақылау және террористік тұрғыдан осал объектілерді ұйымдастыру міндеті ішкі істер органдарына жүктелген.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11323
Әрі қарай

«Мектепке жол» акциясы аясында 6 мыңнан аса бала әлеуметтік көмек алды

Астанада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» жыл сайынғы республикалық акциясы өтті. Биыл шара «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр. Акцияның мақсаты оқу жылы қарсаңында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық және басқалай көмек көрсету, сондай-ақ, әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылады.

Акция аясында 6 158 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 72 млн 473 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді, оның ішінде 4 632 балаға 49 млн 338 мың теңге демеушілік қаржы жұмсалды.

Шара аясында Білім басқармасының өкілдері полиция қызметкерлері мен білім мекемелерінің мамандары 165 610 пәтер және жекеменшік үй, 1972 жылыжай нысаны, сонымен қатар сауда орындарындары мен көңіл көтеру орындары және тұрғын үй жертөлелелерін аралап, тексерді. Нәтижесінде білім алумен қамтылмай қалған 22 жасөспірім анықталды.

Сондай-ақ шара барысында «Жаннұр», «Евразия» сынды ірі сауда орындары мен орталық базар аумағында киім-кешек пен мектепке қажетті жабдықтарға арналған арнайы контейнерлер орнатылды.

Акция аясында қала әкімдігі алдындағы орталық алаңда мектеп жәрмеңкесі өткізіліп, оған 10 000 астам адам қатысты. Жәрмеңкеде мектеп формасы, кеңсе тауарлары мен оқу әдебиеті сатылды.

Айта кетейік, жәрмеңкеге қатысқан компаниялардың қатарында отандық өндірушілердің саны басым болған. Сонымен қатар 200-ден аса қала тұрғыны жас жеткіншектерді мектепке орналастыру, тиісті құжаттарды даярлау мен қалпына келтіру бойынша Білім басқармасы мен «Құқық» қоғамдық қорының өкілдерінен қажетті консультациялық көмек алды.

Барлық мектептерде «Бірінші сыныпқа бірінші рет» «Отбасыдан отбасыға жәрдем: баланы мектепке жинайық» және «Балаларға бірге көмектесейік» атты іс-шаралар ұйымдастырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11328
Әрі қарай

Мадина Садуақасованың алғашқы жеке концерті

Блог - GalimzhanSankibaev: Мадина Садуақасованың алғашқы жеке концерті
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші, журналист, психолог Мадина Садуақасованың шығармашылығына биыл 20 жыл. Мерекелік кешті әнші халық алдында есеп беріп, атап өтпек.

Әншінің шығармашылық кеші қазан айының 20-шы жұлдызы күні Республика сарайында өткізіледі. “Жұлдызым”-деп аталатын шоу концерті әншінің 20 жылдағы алғашқы концерті болмақ. Концертте әншінің танымал әндерімен қатар, жаңадан шыққан әндері де шырқалмақ.

Концертте ел күтпеген бірнеше дуэттер болады, әнші осыған дейін уәде еткен дуэттерін осы концертінде алып шығады. Сонымен қатар концертте симфониялық оркестр ойнайды, бишілермен әнші жаңа қырынан танылады.
Әрі қарай

Хоккей жанкүйерлері үшін арнайы автобустар жүреді

3, 5, 7 қазанда «Барыс Арена» мұз сарайында Құрлықтық хоккей лигасының матчтары өтеді. Елордалық «Барыс» Нижнекамсктің «Нефтехимик», Қазанның «Ак Барс», Тольяттидің «Лада» командаларымен шеберлік байқасады. Бұл күндері хоккей жанкүйерлері аренаға арнайы автобустармен жеткізіледі.

Автобустар сағат 18.00 «Қазақстан» спорт сарайының (Қадымұқан к-сі) тұрағында және «Нұр Астана» мешітінің (шығыс жағындағы тұрақ) жанында тұрады.

Арнайы рейстік автобустармен жүру ақысы қоғамдық көліктердің жолақысының құнымен бірдей, жол жүру билеттері жарамсыз.

Матчтан кейін жанкүйерлер шаттлдарға «Барыс Арена» стадионының тұрағынан отыра алады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11316
Әрі қарай

Астанада Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының күндері өтіп жатыр

Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының күндері өтіп жатыр.

Бүгін «Хан шатыр» сауда ойын-сауық кешенінің алаңында Ақтөбе облысының 12 ауданы мен Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерінің қатысуымен жәрмеңке басталды. Оған Астана әкімі Әсет Исекешев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та ат басын тіреді.

Жергілікті ауыл шаруашылық өнім өндірушілер 100 тонна ет, 25 тонна балық, 100 тонна көкөніс, 24 тонна сүт өнімдерін, 17 тонна өсімдік майын және т.б. жалпы алғанда, 400 тоннадан астам өнім әкелген.

Жәрмеңкеге азық-түлік өнімін өндіретін 120-дан астам ауыл шаруашылық кәсіпорны қатысуда. Маңғыстау облысының тауарөндірушілері де өз өнімдерін көпшілікке ұсынуда.

Облыстардың мәдени бағдарламасы ертең де жалғасын табады. 2 қазанда сағат 11.00 ҚР Ұлттық академиялық кітапханада халық жазушысы, ҚР еңбек ері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен өміріне арналған «Әбіш әлемі» журналының тұсаукесері өтеді. Шара барысында облыстық кітапхананың «Аңызға айналған Абыз» атты кітап көрмесі және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Ұлы дала Абызы» жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.

Сағат 18.00 М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының ұжымы Әбіш Кекілбаевтың шығармасының желісі бойынша дайындаған «Шыңырау» спектаклі көрсетіледі. Ал Конгресс-холлда Ақтөбе облысының әкімдігінің ұйымдастырумен гала-концерт өтеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11315
Әрі қарай

Астанада жаңа көтерме-бөлшек сауда базары ашылды

Бүгін Астана әкімі Әсет Исекешев жаңа «Алай базары»көтерме-бөлшек сауда базарының ашылуына қатысты.

Сауда павильонындағы өнімдердің түр-түрін өндірушілер делдалдарсыз өткізеді.

«Алай базары» Алаш тасжолында орналасқан. Жалпы ауданы 85 га жерде бірнеше зал орналасқан, мұнда ет пен ет өнімдерін, сүт өнімдерін, көкөністер мен жемістер, тұрмыстық тауарлар, ойыншықтар және т.б. төмен бағамен сатып алуға болады.

— Біз Қазақстан Республикасының аумағындағы тауар өндірушілердің бәрін шығарамыз. Бірінші кезекте, Солтүстік Қазақстанның фирмалық дүкендерін шақырамыз, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарымен ынтымақтастық орнатамыз, — дейді «Алай базарының» директоры Айгүл Отарғалиева.

Сауда павильоны аумағында 500 астам шағын бизнес субъектісі сауда жасайды, базарға көлікпен де, автобуспен де жетуге болады. Тұрақ 2 мың көлікке арналған, ал қоғамдық көлік аялдамасы базарға жақын орналасқан.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11314
Әрі қарай

Елордада әлеуметтік тақырыптағы сурет байқауы өтеді

Байқау адамдардың шығармашылығын дамытуға, сондай-ақ, қоғам назарын әлеуметтік маңызды проблемалық мәселелерге аударуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Суреттерді қазанның 1-і мен 21-і аралығында тапсыруға болады. Астаналықтар ұлттық мәдениетті қолдау; патриотизмді насихаттау; халықтың өмір сүру деңгейі; денсаулық сақтау және білім саласындағы жағдай; ұлтаралық және конфессияаралық шыдамдылық; нашақорлықтың, ойынқұмарлықтың, темекі шегу мен маскүнемдіктің және ЖИТС-тің алдын алу; қоршаған ортаны қорғау және т.б. тақырыптардағы өз еңбектерін ұсына алады.

Сонымен қатар, конкурсқа Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған суреттер де қабылданады.

Шығармашылық байқауға елордада тұратын, оқып жүрген немесе жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Конкурста жекелеген авторлар да, ұжымдар да бағын сынайды.

Ол үшін ұйымдастырушылар ұсынған бір немесе бірнеше тақырып бойынша эскиз дайындау керек. Әр туындымен бірге белгіленген үлгідегі өтінім тіркелуі тиіс. Өтінімдерді Астана қаласының әкімдігіне 15 қазанға дейін тапсыруға болады.

Жұмыстар А3 форматында немесе графикалық нұсқада орындалуы керек.

Айта кетейік, конкурсқа қатысу тегін. Конкурстың қорытындысы 1 қарашада шығарылады және біздің сайтта жарық көреді. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады, үздік туындылар аталған тақырыптар бойынша жарнама конструкцияларын жасау кезінде пайдаланылады.

Анықтама телефондары: +7 (717 2) 55 67 14, 8 (700) 555 22 58.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11313
Әрі қарай

Ерболат Дәленов: «Адамның басты байлығы - денсаулық»

Астана қаласының Ардагерлер кеңесінде күні бүгінге дейін елорданың, жалпы еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан талантты да белсенді жандар аз емес. Аталған кеңес Президиуымы мүшелерінің бірі медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Астана» медициналық университетінің профилактикалық медицина және тамақтану кафедрасының меңгерушісі Ерболат Дәленов бүкіл өмірін медицинаға, салауатты өмір салтын насихаттауға, денсаулықты сақтау мен нығайтуға арнаған. Бүгінде ол өз тәжірибесін жастарға үйретіп, еңбектер мен оқу құралдарын жазып жүр.

Ерболат Дәленов 1969 жылы «Астана» медицина университетін тәмамдаған, ол осы ЖОО-ның алғашқы түлектерінің бірі.

— Мен математиканы ұнататынмын, инженер болғым келетін. Бірақ алтыншы сыныпта оқып жүргенде күн өтіп, көзім көрмей қалды. Сабақ үстінде отырғанда көзім қарауытып кетті. Бәрі күлді, мені алдап жатыр деп ойлады. Сонда көру орталығына қан бармай қалған екен. Ол туралы кейін білдім. Мені түрлі қалаларға апарды. 7-8 ай өткен соң инъекция салды, көзім ашылды – бұл үлкен бақыт, қуаныш. Содан кейін медициналық университетке оқуға түстім, менің өмірім тұтастай осы білім ордасымен байланысты. Адамның басты байлығы – денсаулық деп зор сеніммен айта аламын. Қазіргі кезде кафедрада салауатты өмір салтының білім, ғылыми, әлеуметтік негізін әзірлеп жатырмыз, — деді Ерболат Дәленов.

Ол алдымен 10-15 жылдай аурудың туындауының себептерін зерттеумен айналысты. Жүргізілген зерттеудің нәтижесінде «Патологиялық процестердің жалпы механизмдері» деп аталатын 2 томдық оқу құралы жарық көрді. Аурудың барлық симптомдары мен белгілері көрсетілген еңбек ТМД-да кеңінен таралды.

— Содан кейін денсаулық механизмдерін нашар білеміз деген қорытындыға келдім. Әріптестеріммен бірге Қазақстан халқының денсаулығын зерттей бастадық. Алматыда салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі Ұлттық орталық құрылды, мен оған ғылыми сүйемелдеу жүргіздім. Академик Шарманов, академик Тель, профессор Ақановпен бірге Қазақстандағы профилактикалық медицина идеологиясымен айналыстық, — дейді профессор.

Мәскеуде академик Тельмен бірге жазған «Денсаулық энциклопедиясы» басылып жатыр. Онда адам дүниеге келгеннен жүз жасқа дейінгі кезеңдегі барлық процесстер қамтылған.

Негізінен, кейіпкеріміз бар күш-жігерін салауатты өмір салтын насихаттауға, тұтастай денсаулықты, сауығу механизмдерін сақтауға және нығайтуға бағыттайды.

Ерболат Дәленов 47 жуық кітап жазған, 540 артық ғылыми мақаланың авторы, соның ішінде 49-ы АҚШ-та жарық көрген. Сондай-ақ, Нью-Йорк Ұлттық ғылыми кітапханасының мүшесі. Еліміздің барлық облыстарында профессордың шәкірттері еңбек етеді, ол 50 жуық магистр, кандидат, ғылым докторын, PhD оқытып шығарды.

Профессор 70 жасында өз денсаулығына мұқият қарайды, Астана қаласының Ардагерлер кеңесі мүшелерінің де денсаулықтарына қамқор болып жүреді.

— Таңертең кесте бойынша жаттығу жасаймын, содан кейін спорттық жүріс, қазір жүгірмеймін, денеге аз ғана салмақ түсіремін. Сондай-ақ күніне бес рет тамақтанамын, — дейді Е.Дәленов. – Ең бастысы өз ағзаңды сезу, тамақтануда да, денеге салмақ салуда да ұстамдылық қажет. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырымызда мейірімділік те таныта білу керек. Ешкімге өкпелеп, ренжудің қажеті жоқ, бұдан ағзамыз қатты зардап шегеді.

Халықаралық Қарттар күні қарсаңында Ерболат Дәленов барлық егде жастағы азаматтарды, соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтап, өз тілегін білдірді:

«Олар еңселерін түсірмей, әрқашан да жастарға үлгі болып жүреді. Баршаңызға денсаулық пен табыс тілеймін. Біздің көпұлтты еліміздің дамуы мен қалыптасуына үлес қосуды тоқтатпаңыздар».

astana.gov.kz/kk/modules/material/11312
Әрі қарай

1 қазанда Астанада жылыту маусымы басталады

Елорданың баспасөз орталығында қаланың 2016-2017 жж жылыту маусымына дайындығы бойынша брифинг өтті. Ертең, 1 қазанда қаланың әлеуметтік нысандарына жылу беріледі. Барлық тұтынушыларға жылу тұтынатын құралдардың дайындығын қамтамасыз ету, жылыту жүйелерін шаю және жылыту маусымының алдында міндетті түрде тазалау бойынша техникалық талаптар берілді.

— Барлық білім, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары толық дайын, «Астана-Теплотранзит» АҚ жылуды қосу туралы өтініш берілді. Қазіргі кезде көппәтерлі тұрғын үй қоры 2250 үйді құрайды, 30 қыркүйектегі жағдай бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталды. Тұрғын үйлер бойынша ПИК дайындық құжаттары болған жағдайда «Астана-Теплотранзит» АҚ өтінім береді, содан кейін жылу қосылады. Бұл ретте бес күн бойы ауа температурасы +10 болуы керек, — деді қалалық Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев.

Айта кетейік, жылыту маусымында орташа тариф 2589 теңгені құрайды.

Энергия көздері, инженерлік желілер және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары да алдағы жылыту маусымына толық дайын.

2016-2017 жж. жылыту маусымына дайындық кезінде «Астана-Энергия» АҚ негізгі және қосалқы жабдықтарын жөндеу бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілді.

Қазіргі кезде ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 жылыту маусымына 100% дайын, аудандық қазандықтар да жылыту маусымын бастауға әзір.

«Астана-Энергия» АҚ отын қорына тоқталсақ: көмір – 241 392 т., мазут – 7 783 т.

2016-2017 жж, жылыту маусымы басталғанша станцияларда отынның нормативтік 20 тәуліктік қоры жасалады, ЖЭО-1 бойынша – 36 140 т., ЖЭО-2 бойынша– 185 420 т.

Сонымен қатар 2016 жылы әр айда көмір жеткізу кестесі бекітілді. Аудандық қазандықтарда қажетті 19 000 т. көмір қорының 16 000 т. бар. Көмір кестеге сәйкес қазан айынан бастап жеткізіледі.

«Астана-Теплотранзит» АҚ жылыту маусымына 100% дайын. «Астана-Теплотранзит» АҚ күрделі жөндеу бағдарламасы бойынша 1,150 км магистральді желіге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 1,432 км тарату желісіне күрделі жөндеу жүргізілді, 100% орындалды. 3 698м2 құбырдың жылу оқшаулауы қайта жөнделді. 2016-2017жж арналған Астана қ. жылумен жабдықтау жүйесі жұмысының режимдік картасы әзірленіп, келісілді.

«Астана-РЭК» АҚ жылыту маусымына 100% дайын. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан қыркүйек айына дейін «Астана-РЭК» АҚ күрделі жөндеу бағдарламасы бойынша бірнеше ӘЖ күрделі жөндеу жұмыстары орындалды. «Астана-РЭК» АҚ қызмет көрсетілетін электр желілерінің жалпы ұзындығы 3 631 км құрайды. Шағын станциялар саны – 1 134 бірлік.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11310
Әрі қарай