Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?

Өмірімнің өткен бөлігіне шолу жасасам, өз басымда да стереотиптердің сынғаны деп айта алатын оқиғалар жеткілікті екен. Бұл жерде нақты айту қиын — олар жалпыға ортақ стереотиптер ме, әлде жеке басымда қалыптасып, бұзылмас деп есептеген принцептер ме. Дегенмен, солардың бірнешеуімен бөлісіп көрейін.

Миф #1. Атырауда тудым, Атырауда тұрамын, Атырауда өлемін
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Қалада тусам да, ауылда өскен мен секілді мәмбеттің болашағы белгілі еді. Өзімнің пайымым бойынша: «Ауылдың орта мектебін бітірген, грантта оқуға шамасы жоқ, әдеби кітаптарды сүйіп оқиды, романтик. Демек, Атыраудағы бір газеттің ортаңқол редакторы болып күнін кешеді. Әйелі көрші ауылдан, немесе университетте танысқан өзі секілді бір малшының, не балықшының қарапайым қызы болады. Екі-үш баласы болады, жасы қырыққа жақындағанда әупірімдеп баспанаға қол жеткізеді. Сөйтіп жүріп елеусіз өмірден өтеді де кетеді. Мүмкін артында 1-2 кітабы қалатын шығар».
Мен бұдан артығын күткен де емеспін, қалаған да жоқпын. Біреу тіпті маған Атыраудағы өмірің 1,5 жылмен шектеледі десе, қарқылдап бетіне күліп кетер едім. Не болды, ал? Бір күні заттарымды бір рюкзакқа тықтым да, қалтамдағы 30 мың теңгемен Алматыға тайып тұрдым. Барлығы әп-сәтте болғаны сонша, есімді қалтамдағы ақша таусылғанда ғана жидым. Атырауға оралуға намысым жібермеді. Алматыда 1-2 жыл жүре тұрайын деп шештім. Ол 2007 жылдың жазы болатын.

Миф #2. Мен танымал болмаймын
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
— Саламатсыздар ма! Эфирде жаңалықтар, микрофон алдында Ернар Бекенов.
Түсінесіздер ме — мен ауылдан бірнеше ай бұрын ғана келген баламын, бойымда мәмбеттігім әлі бар. Маған біреу 1-ші курстың соңында радио-диктор боласың десе, бетіне күле қарап тұрып, жерге «харқ» еткізіп бір түкіріп тастап, бұрылып кетіп қалар едім. Радиоға қайдан тап болдым? Білмеймін, әйтеуір басында өндірістік практика дедім, одан кейін стажировка дедім, тағы бір ай — мен штаттағы радиожүргізушімін.
— Сіз Ернар Бекеновсыз ғой жаңалықтар оқитын?!
Олар мені қайдан таниды? Қызық екен, қалалық «Тандем» радиосының өз фан-клубы бар екен және олар радиодағы барлық өзгерістерді бақылап отырады. Уау! Менің де фанаттарым бар!

Миф #3. Басшылық лауазым маған бұйырмаған
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Сіз 19 жасар бас редакторды танисыз ба? Ол мен. Радиодағы 1 жылдық өмірімде бас редакторлыққа дейін көтерілдім. Екінші курста оқып жүрген кезім еді.
Әлгі газеттің ортаңқол редакторы туралы ойларым миф болып қалды. Бас редактор қайда, қарапайым газетші қайда?

Миф #4. Менің әйелім нағыз қазақ болады
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Мен тілімді сүйемін, мен ұлтымды сүйемін! Орыс тілділермен ешқашан, естисіз бе — ешқашан дос болмаймын. Астраханның бір ауыз қазақша білмейтін қызы? Ха-ха! Ондайлардан алыс жүр, сенің әйелің нағыз қазақ болуы керек.
2010 жыл 8-9 қазан. Атыраулық Ернар мен астрахандық Светаның үйлену тойларына қош келдіңіздер.
Кейде менен әйелім әзілдеп сұрайды:
— Бір ауыз орысша білмейтін, ұлтшыл, ашушаң, жағымды бір қылығы жоқ ауылбайды қалай сүйіп қалдым?
— Білмеймін, өзім де осы сұраққа жауап таба алмай талай таңды атырдым, — деп шын жауап беремін.

Миф #5. Қайын жұрт — жауың
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Өзімді бөтен адамдармен жарасып кетуі қиын адам ретінде білемін. Оның үстіне қайын жұртпен жақын араласу күшік күйеулікке алып келеді деген сенімде едім. Мүмкін тәрбиеден шығар, әкем мысалы өз қайын жұртымен әлі күнге дейін жақын араласпайды. Әкем менің болашақ әйелімнің ауылына танысу үшін, келінге сырға салып, құда түсу үшін алғаш барып келгенде ашуланып келді:
— Құда қызық адам екен, әлі көрмеген болашақ күйеуді балам деп отыр!
Мен үшін де бұл біртүрлі қылық көрінді. Кейін таныса келе көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Жыл сайын жазда Ресейге қайын жұртқа барамыз. Атам құшақ жая қарсы алып, мен үшін алып қойған сыбағасын береді, сырасын құяды (ол жақта сыра ішімдік болып есептелмейді). Енем де «Балам, қарның ашпады ма?» деп күні бойы құрақ ұшып жүреді. Өмірімде бұндай құрмет көрмеген мен үшін бұл тосын көрінсе де, кейін үйреніп кеттім. Бажам марқұм тіпті бар жұмысын тастап, шекарадан келіп күтіп алатын. Сосын қайтқанша думанды демалыс басталады.

Қарап отырсам, өзгерістердің көпшілігі қазіргі әйеліме қатысты болыпты. Бірақ жеке мен үшін ғана, көпшілігіміз үшін қалыпты емес болып есептелетін тағы бір стереотипті бұзыппын: Ешқашан күйеуі әйелінен кіші болмайды. Иә, әйелім өзімнен 3 жас үлкен.

«Ешқашан ешқашан деме», — дейді ғой орыс халқы. Принциптер мен стереотиптер талай өзгереді екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын өміріңде осындай оқиғалар болады десе сенбес едім. Әлі де талай нәрсе өзгерер, тек ең бастысы өзіңді жоғалтып алмау.
Әрі қарай

Ақсәуле Әлжан: "Балаға әкенің қатты қаталдығы керек те емес сияқты"

7 арна ұжымы 7 қыркүйек күні Астана мен Алматы қаласының тұрғындарына 7 сағаттық керемет концерт ұйымдастырып жатыр. Алматы қаласында өтетін «Аналар күні» шарасы аясында ең көп мөлшерде бауырсақ пісіруден рекорд жасалады. Рекорд орнату рәсімі енелер мен келіндер арасындағы аспаздық жарыс түрінде өтеді. Нұртас Адамбаев келіндер тобына болысса, Аша Матай енелер тобына жанкүйер болады. «Аналар күні» мейрамын бірге тойлайық, отбасыңызды ерте келіңіз!


Ақсәуле Әлжан, 7 арна журналисті, жаңалықтар жүргізушісі

— Ақсәуле, қызметіңіз сол, күнделікті 7 арнаның жаңалықтарын халыққа жеткізіп отыру керексіз. Бала мен қызметті қалай ұштастырасыз, қалай үлгересіз?
— Мен бұрынғының аналарына таң қалам, Эльвира. Біздің әжелерімізге. Мысалға, менің туған әжем, Мырзағұлова Жәми Мырзағұлқызы мен нағашы әжем Басығарина Маржан Бозайқызы екеуі де дүниеге он-оннан бала әкелген, соларды бағып-қаққан, балаларын білімді, тәрбиелі азамат қылып өсіріп, орын-орнына қондырған алтын құрсақ аналар. Солар сияқты баланы да туып, жұмысты да жасап, шалын да бағып-қағып үлгерген аналарым тұрғанда, 1 баламен жұмысқа да үлгеріп, үйді де игеріп жатырмын деп мақтанғаным дұрыс болмас

Блог - aikarakoz: Ақсәуле Әлжан: Балаға әкенің қатты қаталдығы керек те емес сияқты

— Қыз баласы үшін қай жаста ана атанған қолайлы деп ойлайсыз? Өзіңіз неше жасыңызда ана болдыңыз?
— Мен кішкентайымнан еркелеу, еркекшоралау болып өстім. Үйдегілерге де, қасымдағы құрбы-құрдастарыма да «мен ешқашан тұрмыс құрмаймын, біреудің киімін жуып отырамын ба» дейтінмін. Өсе келе, әрине, оның әбестік екенін, отау құру, ана болу – әйел адамның негізгі «жұмысы» екенін түсіндім. Өзім 26 жасымда тұрмыс құрып, 27 жасымда ана атандым. Тұңғышымыздың аты – Әлиасқар, жасы қазір 3-те. Балалы болғаннан кейін барып, баланың қызығы не екенін түсіне бастағандай болдым. Баланың басты қызығы – оның өсіп-өнгеніне куә болып, оның баласын қызықтау. Былайша айтқанда, әже болуға асығып жүрмін  Сол тұрғыдан алғанда, мүмкіндік болса, қыздарға тұрмысқа ертерек шығып, ертерек ана атануға кеңес берем. Өйткені, сонда немереңнің ғана емес, шөбереңнің де қызығын көру бұйыруы мүмкін.

— Баланы дүниеге әкелгенде анада түрлі сезім болады дейді ғой: бірі алғашында баласын жатырқайды, бірі, керісінше, елжіреп тұрады. Сізде қандай сезім болды?
— Эльвира, сұрақтарың тереңнен кетіп жатыр ғой. Бұл әр адамның жеке, жақын адамына ғана ашатын сыры ғой, сондықтан бұл сұрақты жауапсыз қалдырайын. Бір ғана сөз айта алам: Ұлымның анасы болғаныма БАҚЫТТЫМЫН.

— Түн ұйқыңызды бөліп, бөбек ауырып қалып, оны жұбата алмаған сияқты қиындықтардан қалай өттіңіз?
— Ия, баланы дүниеге әкелу – одан кейінгі қиындықтардың ең оңайы сияқты көрінеді маған. «Сенің табаныңа қадалған тікен менің маңдайыма қадалсын» деген мәтел осы жағдайды жақсы сипаттайды. Әр ана үшін солай деп айта аламын. Әсіресе, бала дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 3 ай аса қиын болады, меніңше. Сол уақытта да, содан кейінгі уақытта да маған көмектесіп жүрген енем мен анама үлкен алғысымды айтам, сол кісілердің көмегінсіз қиын болар еді.

— «Балаға қанша тәрбие берсең де, өзіңе ұқсайтын болады. Одан да өзіңді тәрбиеле,» деген бар. Сіз балаңызға қандай тәрбие беріп жатырмын деп ойлайсыз?

— Ол да дұрыс. Бала бізге қарап бой түзейді. Бірақ ауызша айтқан ақылдың да артықтығы болмайды. Кішкентайымыздан «үлкенге сәлем бер», «қартқа ізет жаса», «кішіге қамқор бол» деп, үлкендер құлағымызға құйып отыратын, солардың ақылын алғаннан кем болғанымыз жоқ. Қазақтың тәрбие беру дәстүрі баланы имандылыққа, сыпайылыққа, әдептіліккке баулиды. Осы қасиеттермен қатар үлымыздың бойына өжеттілік, ердің мінезін, өз шешімін негіздеп, өз таңдауын өзі жасай алу сияқты қасиеттерді бергіміз келеді жолдасым екеуміз.

Блог - aikarakoz: Ақсәуле Әлжан: Балаға әкенің қатты қаталдығы керек те емес сияқты

— Баланы қол көтеріп, қорқытып, ұрысып өсірген дұрыс па, сіздіңше?

Еркелеу болдым деп айтып кеттім жоғарыда, шыны керек, анамнан таяқ жеген күндерім болды. Әкем марқұм бізге, қыздарға да, інімізге де қол көтермек түгілі даусын көтеріп көрмеген адам еді. Өте сирек жағдайда, егер шынымен, еркелік бастан асып жатса, «Ш» дәруменімен «укол» жасап жіберуге қарсы емеспін  Бірақ, негізгі тәрбие, күнделікті бағыт-бағдар баламен түсіністік, сенімділік, махаббат жағдайында өту керек. Қатты қорқытқан, көп ұрысқан бала жасық болып өсуі мүмкін, оның несі жақсы?

— Әке балаға қатал болу керек пе?

— Өзге отбасыларды білмеймін, өз әкем балаға өте жұмсақ, өте мейірімді адам еді. Қазір де Әлиасқар үшін мамасы мен папасын салыстырса, «хороший коп» папасы да, «плохой коп» — мен. Өзіміз сөйтіп бөліп алғанбыз рөлімізді. Сондықтан, егер балаға «әй» деп отыратын адам болса, әкенің қатты қаталдығы керек те емес сияқты.

Қазіртанымалтұлғалардыңқайсысыналмасақ та, бәрікөпбалалы. Сіздіңжоспарда алтын, күмісалқағаталпынужоқ па?))
Алла берсе, бәрі де болады.

— Балаңыз үшін әлденеден бас тартқан, құрбан қылған жаңдай болды ма?
— Жоқ, керісінше. Балам дүниеге келмей тұрып, декреттік демалыстан бастап өз-өзімді жетілдіруге, түрлі кітаптар оқуға ұмтылдым. Қазір де ұлымның мақтанышына айналайыншы деп, өзімді жан-жақты дамытуға тырысып жүрем. Сондықтан, балам үшін ештеңені құрбан қылмағаным былай тұрсын, ол маған, керісінше, орасан зор, үлкен «сыйлықтар» жасады.

Блог - aikarakoz: Ақсәуле Әлжан: Балаға әкенің қатты қаталдығы керек те емес сияқты

— Балаңыздың күтушісі бар ма? Ол балаңызға ойдағыдай тәрбие береді деп сенесіз бе?
— Астанада қазір жақсы күтушіге сұраныск өп. Менің құрбыларымның бәрінде дерлік күтуші бар, күнде күтуші іздеп, аласұрып жатқан бір келіншек хабарласады  Соған қарағанда, жақсы күтуші табу – қиынның қиыны секілді. Сондықтан, егер, мүмкіндік болса, анаңыз немесе енеңіз келіссе, әжелерден асқан «күтуші» жоқ-ау өмірде. Құдайға шүкір, әзірге күтуші көмегіне жүгініп көрген емеспіз.

— Баласының болашағына алаңдамайтын ана жоқ. Ұлыңыздың болашақтағы таңдауы қандай болмасын қолдаймын деп ойлайсыз ба? Әлде өзіңіздің көздегеніңізді осы бастан үйретіп жатырсыз ба?
— «Қарға баласын аппағым дейді». Мен үшін де ұлымыз – асқан ақылды, талантты бала болып өсіп келе жатқан секілді, осы үмітімізді Алла бере көрсін. Болашақта немен айналысам десе де, өз еркі болады. Қазір байқасаңыз, бастауыш сыныптардағы балалар 3 тілде еркін сөйлейді, компьютер, техниканың құлағында ойнайды, спортта, өнерде жан-жақты дамыған бүлдіршіндер. Жыл өткен сайын Қазақстанда «сапалы» балалар саны көбейіп келеді. Сондай балаларға біз не ақыл айта алармыз дейсіз? Аман болсын, әйтеуір

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Алматы қаласы Горький атындағы Мәдениет және демалыс паркінде, ал, Астана қаласын Мега ОСО-да өтетін аналар күніне арналған концертке келіңіздер! Концертке Турал, Altygirls триосы, Роза Мұқатаева, Турал Рахимберлин және басқа да әншілер қатысады. Сіздерді сағат 10:00-17:00 аралығында күтеміз!
Әрі қарай

Ондай жолдас не керек?!.

Блог - ademi_alem: Ондай жолдас не керек?!.Мен бірінші рет өзіміз туралы, яғни әлсіздіктерінен сүрініп жатса да өздерін мықты санауын қоймайтын ер адамдар туралы жазып отырмын.

Бірде менің әпкем өз бөлмесінде отырып көз жасына ерік берді. Оның не үшін жылап отырғанын білу үшін қасына барған әкеме мен де мұңая қарадым. Олар бірнеше сағат әңгімелесті. Сол кешкі әңгімеде әкемнің айтқан бір сөзі әлі күнге дейін жадымда жатталып қалды. Арада сегіз жыл өтсе де әр таң сайын сол сөзді еске алып келемін. Ол сөз маған күш-жігер береді.

Әкем әпкемнің шашынан сипап отырып:
— Қызым, саған нағыз адам кездеседі, содан бастап көз жасыңды тыятын боласың, — деді. Сол кезден бастап мені өзіме «Ұсақ-түйектен жоғары бола білетін нағыз адам болудың жолы немесе нақты ережесі бар ма екен?» деген сұрақ қоя бастадым. Уақыт өте келе «Егер ер адамдардың бәрі рухы биік, жаны мен жүрегі таза болуы үшін күресе білсе, бұл әлем мүлде басқаша болар ма еді» деген ойға тоқталдым. Нағыз адам деген қалағанының бәрін сатып алуға мүмкіндігі бар адам емес екендігін түсіндім. Әкем әпкеме:
— Саған қамқор болудың орнына тек қана өзі туралы айтудан жалықпайтын, өзін өзі мақтап, жеткен жетістігін тілге тиек ете беретін адамнан аулақ бол. Кемшілігіңді үнемі бетіңе басып, бойыңдағы көп нәрсені өзгерту керек деп санайтын адаммен тағдыр жолыңды қоспа. Өзгере алмағаның үшін тастап кете баратын немесе сені өзгенің әдемі көзі мен мінсіз мүсініне айырбастай салатын жолдас саған не керек? Жан дүниеңді көзбен көріп, жүрекпен сезе алмайтын жан саған қажет пе? – деді.

Осы сөзден кейін мен нағыз адам болу – ақшаң көп, қарның тоқ, мінер көлігің мен тұрар үйің болып, сұлулардың ортасында жүру емес екендігін түсіндім. Жаны таза, мақсаты айқын, шынайы бейнесін көрсетуден жасқанбайтын, әйел бойындағы рухани құндылықты бағалай білетін адам, міне осы нағыз адам!

Блог - ademi_alem: Ондай жолдас не керек?!.
Менің әпкемнің тұрмысқа шығуы оған бақыт әкелді. Оның өмірлік серігі нағыз адам деп айта аламын. Ол адам атақты да, танымал да, мансап қуған немесе ең ауқатты да адам емес. Бар болғаны ешқашан, ешуақытта әпкемнің көңіліне кірбің түсіріп, жылауына себепші болған емес. Әпкем екеуі бірге жеткен армандары мен жетістіктері үшін қуанып, шүкір етеді. Олардың отбасылық өмірлерінің әрбір сәті қуанышқа, бақытқа, сәулелі сәтке толы. Олардың жұп жазбай келе жатқандарына көп жылдың жүзі болды, қазір олардың үш ұлдары бар.

Блог - ademi_alem: Ондай жолдас не керек?!.
Ол нағыз адам, яғни жездем, әпкемді жақсы көретіні сондай әлі күнге дейін маңдайынан иіскеп, еркелетіп отырады. Маған да сондай күндерді көру бақыты бұйыртсын деп тілеймін!
Әрі қарай

Орындалған арман немесе "Гулянкаға" көлікті жаяу іздедім

… Ол кәдімгідей арман болатын. Алғашында қалай жүзеге асыратынымды білмедім. Ол деп отырғаным – менің ойыма алғаным. Маған көмектесе алады-ау дегендерге айтып та көрдім. Басында біразы күлді – «Қайдағы, олай істей алмайсың ғой». Біразы біртүрлі қарады. Жә, көп созбай, қысқасын айтайын. Бірінші курста оқып жүргенде-ақ «осыдан үйлену тойымдағы қыдыруда тек бірыңғай көліктермен жүрмесем ба!» деп түйін жасап қойғаным бар. Бірақ, содан бері, үйленгенше бірнеше жыл өтіп кетті, оның үстіне той алдында алаңдататын көптеген түйткілдер бар дегендей, бұл арманым көмескілене бастады. Ұмытып та қалдым. Тек, оқта-текте көшеде өтіп бара жатқан жас жұбайлардың көліктер тізбесін көргенде ғана көкірегімнің түбінде қатталып жатқан ойым бас көтеретін…

Хош, жасым 27-ге келіп, Жаратқан Алла сәтін салып, үйлендім. Ауылтойды өткіздік. Содан соң үлкен тойға дайындық басталып кетті. Ата-анам, әулеттің үлкендері тойхана мен дастархан, қонақтар жағын ойласа, мен өзімнің ұмытыла бастаған арманымды жүзеге асыруға кірістім. БМВ! Тек қана БМВ. Иә, иә, «Бэха» аталып кеткен 5-ші үлгідегі осы бір көлікке сонша ынтықпын. Жастайымнан.

Менде бір керемет сюжет бар...: Орындалған арман немесе Гулянкаға көлікті жаяу іздедім

Жалпы, менің ойымша, бесінші үлгідегі БМВ — седан көліктердің ішіндегі ең бір жарасымды, ең бір мықты әрі жүйрігі саналады. Көз алдыңызға елестетіңізші: таңғы сағат 5. Бозарықтың тақтайдай тегіс тасжолы. Астыңда БМВ. Ызғытып келесің. Газдың акселераторын басқан сайын алға жұлқыған көлік сені орындықтың арқалығына жапсыра түседі. Қанша алға ұмтылсаң да бәрібір кеудеңнен басқан қарсылық күші қоймайды. Ал оның құмыға шығатын гүрілдеген даусын айтсаңшы, шіркін! Кез келген «Мен!» деген ер жігіт сүліктей қара, сыланып тұрған «Бэханы» көргенде жай тұра алмаса керек. Олай болмаса, маған кел. БМВ-ның басты қарсыласы — «отандасы» Мерседес саналады. Мерседес те жаман мәшине емес. Оны да қолы жеткен мінеді. Бірақ, дәл менің өзіме Мерседес — ақ көйлекті, ақ жағалы, кеңсенің адамдары мінетін, ресми шаралардың көлігі секілді болады да тұрады. Тек сызылып мінуге арналғандай. Ал БМВ-ның жөні мен үшін мүлде бөлек.

Хош, содан тойға деген дайындықтың шыжығы басталып кетті. Жұмыста істейтін жігіттің БМВ-сы бар. Әзірге қолда бары сол ғана. Не істеу керек? Іздеу керек! Табу керек! Біраз бауырларым құлағдар болған соң үдесінен шығу керек қой серттің? Жә, басқаларды қойғанда, өзімді қайда қоям..? Басқаларға күлкілі естілер, бірақ, менің сол кезде жағдайым онша езу тарттыра қоймайтын. Үлкендерге айтпадым бұл ойымды. Қарсы болары әу бастан белгілі. Ең алдымен көпшілікке танымал «Шара-Бара» газетіне барып жарнама бердім. Жақындарымның таң қалғаны әншейін болып қалды сол кезде. Жарнама қабылдайтын орыс қыздардың маған тіпті біртүрлі көзбен қарағанын көрсеңіз. Оларды түсінуге болады. «Гулянкаға» көлікті газет арқылы іздеген адамды алғашқы рет көріп отырған болар. Тас лақтырсаң, арнайы ақысына қалаған жеріңе баратын ақ Мерседеске тиетін ол кезде («Геленваген» деген «мода» бертінде пайда болды. Тағы да Мерседес..!) Содан, «Требуются БМВ 5-модели для гулянки» деген мазмұндағы жарнаманы екі айға беріп шықтым. Ең қызығы енді басталды. Газетті оқып, хабарласатындар аз болатынын білемін. Сондықтан көше аралауға шықтым. Иә, кәдімгідей көше араладым. Шымкенттің көшелерін. Бала кезімде ертегі оқығанда «Содан, Ер Төстік қолына темір таяғын алып, аяғына темір етік киіп, жолға шықты» дегенді оқушы едім. Сол жолдар есіме түсе берді. Дәл өйтпесем де табаны қалың кеды киіп алдым. Қолымда темір таяқ емес, қағаз, қалам және ақшам бар. Сәтін салғанда еңбек демалысымның соңғы күндері болатын. Таңертеңнен қара кешке дейін боспын. Өзіме ұнайтын көлік іздеп жүрмін. Қырсыққанда сүліктей қара БМВ-лар тоқтамайды-ау..! Барлығы да көшемен ызғытып кетіп бара жатыр. Ал тоқтап тұрғандарының түсі әр түрлі. Қызыл, жасыл, көк дегендей. Әйтеуір, түс ауа бір қара Бэханы көрдім. Қасына жайлап барып, тап бір ұрлыққа түсетін адамға ұқсап, жалтаңдап тұрсам бола ма? Енді дәл осылай боларын кім білген. Параққа «айып етпеңіз, көлігіңіз «гулянкаға» қажет болып тұр. Ақшасын төлеймін. Мүмкіндік болса, хабарласыңыз» деп, ұялы телефонымның нөмірін қосып жаздым да, көліктің есігіне қыстырып, тұра қаштым. Ұяттан қысылып барамын. Ешкім көрмей тұрғанда, «Әй, неғып жүрсің?» демей тұрғанда кетіп қалғым келді. Өстіп-өстіп, бойым үйрене бастады. Өтірік болмасын, оншақты БМВ-ны іздеп тауып, қағаз қыстырып шықтым. Алғашқыдай, бұқпантайлаған жоқпын, тұра қашпадым (езу тартып отырғаныңызды сеземін).

Содан, арада бірер күн өтпей бір жігіт хабарласты. «Шара-Бараны» оқыпты. «Бұл қалай болар екен? Бұрын тек БМВ болып, «гулянкаға» шықпаған едім» дейді. Сұрастыра келе көлігінің түсі сүлік қара екенін, салоны таза былғары, дөңгелегінің дискісі — титан, көлемі 16 екенін білдім. Нағыз керегі осы емес пе? Оған қоса үнемі бірге жүретін досы да бар екен. Оның да БМВ-сы бар, түсі қара-көк екен! Құдай берді деген осы болар! Кешке қарай тағы да екі жігіт телефоныма қоңырау шалды. Олар автотұраққа қойып кеткен көліктерін ашқан кезде жерге құлаған қағазды көріпті. Алып оқыған соң ішек-сілеміз қатып күлдік дейді. Қызық болған соң хабарласып тұр екен. Мейлі, күлсе, күле берсін. Маған БМВ түгелдесем болды. Айтқандай, о баста 5 БМВ тапсам болды деп жүргем. Екі аптадан соң ұзын-саны 11 БМВ иелерінің аттары жазулы тұрды телефонымда. Құдайға мың да бір шүкір дей беремін қайталап. Енді маған солардың арасынан 7-еуін таңдап алу ғана қалды. Ал бұл, сізге — өтірік, маған — шын, оңай таңдау емес. Оның үстіне басында «көреміз» деп, кейіннен, той болатын күні хабарласқан жігіттер де болды. Әттең-ай, ол кезде 7 жігітпен келісіп қойған едім. Осы арада Байтұрсынов көшесінің бойындағы орындыққа қаптауыш тігетін шеберге риза болдым. Ол ақ БМВ-сымен қалыңдық пен күйеуді алып жүруі керек еді. Той өтетін күні шұғыл жұмысы шығып қалып, біраз әбігерге түсіп қалдық. Дегенмен, Құдай айдап, сол күні шеберханаға басқа бір жігіт ақ түсті БМВ көлігімен келе қалыпты. Сонымен келісіп, өзінің орнына жіберді.

Менде бір керемет сюжет бар...: Орындалған арман немесе Гулянкаға көлікті жаяу іздедім

Осылайша, той күні 7 БМВ болып, барлық жастарды жинап, қыдыруға шықтық. Бір ақ БМВ-ға жас жұбайлар мінген. Жолшыбай «өңім бе, түсім бе» дей бердім қайталап. Сол күні барлық ойлағаным сәтті шыққанына әлі күнге Аллаға шүкіршілік айтамын. Тек арада уақыт өткен соң ғана жүзеге сәтті асқан арманымның маңызы арта түсуде, орны ерекше білінуде. Сол күні орындала қоймағанда мен «гулянкасыз» қалмас едім, әрине. Бірақ, бір-ақ күндік сәт енді қайтып айналып соқпас еді… Сол күні маған қол ұшын созған жігіттерге, достарыма, қасымда демеу болған бауырларыма айтар алғысым шексіз. Мүлде бейтаныс шымкенттік жігіттердің бір кісідей жұмылғанын мәңгі ұмытпаспын. Аллаға мың да бір шүкір! «Бэхалар» бұзылмасын! Бауырлар аман болсын, достар жасасын!

Әрі қарай

Ұмытуға бола ма?



От жүрегім өртеніп, маздайсың-ау түнде,
Сағынып жүр екен деп, жазбасың-ау мүлде.
Сені ақылды деуші едім, ұқсатушы ем гүлге,
Араласып бұлттармен кеттің-ау бірге.

Өз жүрегін жұбатып, өзге жанды жылатып,
Ұмытуға бола ме екен, бола ма?
Ол жақта бəрі дейді ғой,
Қысы да жылы жаздайын.
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?

Көзіңдегі қайтейін, арман тұнған көлді,
Сен аңсатқан күндердің енді.
Сен келердей таусылып атқызамын таңды,
Сағынышым өзіңе өшпейді мəңгі.

Өз жүрегін жұбатып, өзге жанды жылатып,
Ұмытуға бола ме екен, бола ма?
Ол жақта дейді ғой.
Қысы да жылы жазайын,
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?



P.S. Бұрын студент кезімде үйде отырсам бір машина өтті. Осы әнді қатты етіп қойып қойған екен. Атын да басқасын да білмеймін тек есімде қалғаны:
"… Ол жақта бəрі дейді ғой
Қысы да жылы жаздайын,
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?...", дауысы Досымжан Таңатаровтікі. Әдемііі ән, бірақ ішінде бір мұң баррр… Қалғанын тыңдап көрмек ниетпен естіп қалған сөздерімді жазып интернетті ақтардым, таба алмаймын. Бір уақыттары Досымжан Таңатаровқа звондап сұрамақ та болдым. Бірақ сәті түспеді. Алайда әрдайым ойымда жүретін. Содан араға 3-4 жыл салып әріптесім Клара жақында Досымжан Таңатаровпен сұхбаттасуға бара жатқандығын біліп, осы әнді алып келуін аманат етіп жібердім. Сөйтсеееем, әннің аты "Ұмытуға бола ма?" екен. Атын жазсам интернетте тоооолып тұр. Атын білмеу деген осы екен...



Әдемі ән, бірақ ішінде мұң бар… Неге екенін… тыңдаған сайын жылағым келеді… :"


Әрі қарай

usynys

Salem Kerekinfo. Kirip jurgenime 2 jil bolsada munda algaw jazuim ia ia munkinwlik bolmadi. Nege ekenin kaidam magan osyportal jakin. Barlygyna raxmet. Aitain degenim saitka adamdy koptep tartyp jarnana kilip aityp jureik. Aldagy uakitta kiZikty blogtarmen kuantuga uade berem
Әрі қарай

#ББББ. Миттельшпильдегі дебют: Сұмырай келсе, су құриды

Бірден байыппен баяндайын, бәріне белгілі болсын. #ББББ-ны — «Бөрібай Бекарыстан Блогиада барысы» деп білген абзал.
Ойынға ортадан қосыла салып, мәңгіп отыратын ойыншылар болады ғой. Солар секілді сегіздіктің бесінші турынан бастап шолу жасап жатырмын. Бірақ мәңгіп отырғам жоқ, отырмаймын да. Ортадан біліп қосылдым. Миттельшпильдегі дебют. Шах!
Уа, исі қоламт… бррр… исі қазақ ағайын! Келесі шолуым жарық көрсе, мұндай көбәріб болмайды, сол себепті ыждаһатпен оқи салыңдаршы.
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Миттельшпильдегі дебют: Сұмырай келсе, су құриды
Негізі, «Сұмырай келсе су құриды» деген рас екен. Бір шолу жасай қояйын деп едік, өзі сегіз түйір ойыншы, түгесілмей қалды ғой.
Жалпы алғанда, осы тур аса қатты көңілден шыға қоймады. Сандық мәселе емес тіпті… Жоқ, бұл менің өз сексуалды толғаныстарым ғой, сонда да… "Әзіл" тақырыбына бір де бір мәтіндік әзіл, құдай-ау, қарабайыр қалжың пост жазылмады. Кемі бір-екі блогер жазбақ керек еді. Әзілдің өзі жоқ, оған жету жолдары, жетіп жүрген жандар, құрылымы, оригинали сатира жазылыпты.
Бірақ жұмыстар, әдеттегідей, сапалы. Блогерлердің уақыт тапшылығы посттарынан сезіледі. Алайда өз биігінен түспей өліп тұр бәрі.

Асқар Базарбайдың жұмысы. Шарж. Визуалды қалжың технологиясы. Жұмыс барысында сайттарға сілтемесі пайдалы енді. Бірақ, мысалы, көрші Нәкөштің «айфон төрт-эс-інде» (өзімде ескі нокиа) сол функциялардың бәрі болмаса да, көбі бар бағдарлама тұр. Бір қосымшада. Күрделендіріп не керек деймін де…
Негізі, жеткізу қабілеті — оның мықты тұсы ғой. Шарждау әдісін көрсетуіңде, сатылы түрде жіліктеуінде мін жоқ. Топас Нәкөш те түсініп кетер еді (Топас болса, неге айфонды демеңіздерші тек, әкесі — ауылдың байы).
«Бейталант» деген ізетіңізден — оқырманға: «айтпақшы, мынадайлар бар ғой, білмейсің бе не?» деп, тиісе сөйлеу формасынан қашқаныңызды байқадым. Бірақ оныңыз бекер: мынауыңыз тамаша жаңалық пен мүмкіндіктер!" дейді Ерлан Оспан. Міне-міне, бейталант деп аздап сақтандыру жасап алады, кім біледі, қалай боп кетеді. Сондай-ақ өзіндік ирония бар. Басқаларың бұдан да нашарсыңдар, бұтқа!

Ернар Бекенов. Міне, мен мұны түсінемін — адам шешім қабылдады, адам асфальттағы каток секілді жапырам деді, адам жасады. Ап-адаммм! Сыны субъективті, әрине, бірақ бұл қалыпты. Критикадан қорықпайтыны зор да, яуу… Әй, онсыз да қорықпайды ғой, қанша критикадан өзінің басы шығып жүр қылтиып…
Жайдарман жайлы «Неге екенін білмеймін, тартымдылығынан гөрі, көрерменді кері итеріп тұратын бірдеңесі бар: мүмкін атмфосферасы, мүмкін басқа да көркемдік ерекшеліктер» депсің. Мен айта салайыншы, ол нәрсе — априори әртістің лажасын күту. Әртістің профи емес (болмауы да шарт) екенін білу, түйсік деңгейінде сапа күте бермеу. Сосын Физтехтің интеллектуалды әзілін өз тұжырымыңа пайдалану — орынды. Тек, объективті емес. Олар — өздері сондай стильде ойнайтын сирек команда, бәрі мұндай стильде ойнаса қызық емес. Бұлардың да кемшіліктері бар. Ән-би, артистизм, мэй би… Ой, мұның бәрі лирика. Постың ұнады.
Жюридің бірі де 10 қоймапты. Жо-жоқ, сеніңіздер маған, кемі бірі 10 қоюы тиіс пост! Иә-иә, бла-бла, олар жақсырақ біледі, бірақ Бекенов шешім тауып беруге міндеткерлігі жоқ қазақ әзілінің қапастағы жағдайына! Фи! Таза орташа тоғыз — тоғыз жарымдікі, жюри зынданға! Тек Еркімбай жақсы айтыпты орыси көзқарас жайлы.
Кейде Базарбайға инерциямен 10 қойып жібереді-ау деймін. Әйтпесе, мынаған кір іздеп не көрініпті-ей…

Тағы не дейміз? Ракишева Айнұрдың әзілі осы аптада ең омүшеенный әзіл болды. Жоқ, сегіздікке кіре отырып, лақтырып кету — сарказмның көкесі емес пе, иә???
Кемі, 6 баллға бағалауға болады ғой, иә?
Жарайды, Ерғалина жайлы еңбегің үшін саған бәрін кешірем. Хаха, менің кешіріміме қарап қалған ештеңе жоқ демеш тек… Одан басқа кешіруге тұрарлық посттарың кем де кем просто… Әзіл. Турнирлік тұрғыдан ештеңеден ұтылмадың, Айнұр! Ана артыңдағы екі бәйтөбетті жеткізіп алмасаң болды. Абзал уже сдулся, нет?  Қуанта берші айдай сұлу бейнеңмен һәм посттарыңмен!

Жандос Құсайынов… Ай, қазанатым-ай… Фильм маңыздырақ, әрине. Түсінемін. Әйтпесе, айырып алар ең мыналарды. Алдағы апта не болады, не істейсің? Бізбенсің бе, маэстро, маған сол қызық? А? А? А?

Қоя берші оны, Абзал Сариевтікі деген… Әрі заңгер, әрі шымкенттік, мұндай жағдай өмірде мүмкін емес! Жоқ, ескертетін игі мұсылман табылмаған ба? Ескертсе де, жүре берген бе? Не гәп бар? Айсұлтаннан үлгі алмадыңдар ешқайсың! Егінде жүріп, екінші күні-ақ еңкілдетіп жіберетін. Сауап! Тағдырдың әзілі… Сен жайлы пост жазып жүр ме тағдыр?
Осы аптада постсыз блогерлер! Кетпеңдерші, хей! Базарбайды Шиеліге барып электр желісінсіз қалдырып кетсек те, бір шешімін табармыз.

Маралбек. Манасбек. Қызық, әрине. Оригиналды. Ақындықтан дилетанттығы артық боп тұр. Бірақ бұл мүшәйра емес, блогиада болғасын, материал қызы-ыыық. Әрі әзіл тығыздығы да төмен емес.
«Кірмей түске қайтесің,
Жазғаны кілең төсек-жыр». Пхахах. Мен білгем, анау үш қыз — пері!
Пост. Жанр. Негізі, ұтылыссыз вариант. Егер видео болмағанда 10-ға тұрмас дер ем. Қазір тұрады. Журналистік тілден жаңашылдыққа көшуің — во! Эльвира әлі опық жейді.
Сосын жауап бер Қожабекова есімді азаматшаға: «Домбырада салбырап тұрған не?»

Әйгерім. Кхехехе. Жоқ, мен діншіл ортодоксаль болсам ше? Не мынау? Қазақ тілін білетін христиандардың сезімінде ойнайтын пост қой мынау. Хардтау әзіл.
Ана екеуі дидарласатын жерде ұзақтау ми шағып, ұстап тұруға болушы еді,ә? Диалог жасатып, бір сурет қо сондағы пайдаланатын.
Еңбегіңді бағалапты жюри. «Тек, Пайғамбарды келеке етпегенің дұрыс, осы соңғысы болсын.» дейді Тимекең. Сатыбалдыға все можно, тебе нет? Куда годится это? Бұ жерде, хард әзіл ғой, ислами қарап керек емес. Бірақ тыңдай сал айтқанын, жөн білетін кісі.

Эльвира. Журналистка болып бара жатыр Эльвира. Бірақ сүбелі шыққан сұхбат, көлемді ме, салиқалы ма… Не ғой, сосын, Рамазан комеди-актер есебінде онша емес екенін мұнда да көрсетіп қойды, ә?
Жюридікін қарадым — тура сөйдепті: Журналистика. Еу, бұл қыз кәсіби журналистикаға бет бұрды, ұрса бермеңдер, кейін Марко сияқты орнына келеді. Назгүл де претензия ұстап қойыпты. ОК.
Бәрібір еңбекқорлығың мен талантыңа тұсау жоқ. Ю а зе бест. Ай лав ю.

пы.сы.
Жалпы, блогиада сапарында деймін де… Жюри болуы қиын-ау. Кейде басқаша қарауға тура келеді. Нұрбергеннің идеясыздық жайлы посты есіме түседі. Бағалау сәтінде психологиялық аспект ойнап, тақырып таппай жазды, сосын 10 алуы мүмкін емес дерліктей… Алайда… білмеймін, гениалды болмаса да, қарабайыр адамның тірілгі емес анау.
Асқардың ондық алған жұмыстары… Алмаған жұмыстары да… Ох, шандоз, ох, шандоз! Жазбаларын айтам… Сол шандоздарын шабандоз қалай-қалай баптайды, ә?
Эльвира! Бұтыңда шалбарыңды тіреп тұрған ештеңе болмаса да, еркекке татитсың! Блогиада сыйлығын Оскар сыйлығына айналдырмауға сенде әбден мүмкіндік бар! Ойлансаңшы, енең сүйінгір-ау, осы кезге Оскар сыйлығы деген сыйлық бар бұл әлемде! Екіншісін туындатып аттың тасағына керек болып па?
Қара өзің енді!
Екінші кім Базарбайды базар аралатып жібере алуға қабілетті? Ол — Жандос Құсайын! Тура фамилияң-ақ айтып тұр: «Бар жазған-пысқаныңа...» деп. Кешір, кешір, бауыр, егер фильмнен бір ауық көңіл бөле алсаң, айыра алар ең! Енді кеш боп қалғаны өкінішті. Приоритеттер, однако.
Осымен болды дейін десем… Көз алдыма сығырая мониторға шұқшиып, ернін тәлпиткен Кеулімжай елестеп кетті. Оу, иә, балақай! Сенің тәжірибең — менің кеудемдегі түгімнен бетер. Шансыңнан айырылма, сенің қасқырлығың бәрінің түбіне жетеді.
Оскардың құны — бір вахтадағы интернетсіздік қой.
Сонсоң, келесі жылы блогиада бола ма, болса, түзеліп кеп, Димаш, Нұрберген мотивация тауып, қосылса, 1000 бөтелке шарап, 200 арзан қатын келеді жүлдеге дегенді естіп, Сатыбалды ойнаса, қыздар қайта көреміз десе, ой, жағдай қиын. Мүмкіндік биыл!

Сондай әртүрлі қатысушылар, іріктелген жүйріктер сияқты… Мұнда енді кішкене лирикалық шегіністермен аздап қоймалжың боп кетті, айыпқа бұйырмаңыздар. Кайфқа бұйырыңыздар!
Келесіге жалшылықтан қол тиіп, тірі жетіп жатсам, тек тур барысына ғана шолу жасаймын. Сол себепті қысқарақ боп, ертерек бітіріп қоятын шығармын… Енді, үнемі бірдей мезеттік, ұзақ жұмыс қайда? Өздерің де ерте бітіріп қоятын кездер болады ғой, түсіністікпен қараңыздар…

Жарайды, оның бәрін қоя беріңдерші, қатысушылар келесі турға не әзірлеп жатыр екен, ә????
Әрі қарай

Шу даласында жазылған «жыр» (Нашақордың назы)

Блог - arlandoit1986: Шу даласында жазылған «жыр»       (Нашақордың назы)
Ха-ха-ха-ха!
Мына дала қорқынышты!
Күтіп жаттым сол түн 3-ті…
Келем деген сайтан… келмей
Құсығымды бөркім «ішті...»

Ха-ха-ха-ха!
Мына дала күлкілі ме?-
Түн жетпейді бұл түніме.
… Манағы шөп сөйлеп еді-
Анау тұрган гүл тірі ме?

Ха-ха-ха-ха!
Мына дала… дарақы ма?
(Қуам мен де ара-тұра...)
Себеп – малға пішен емес
Уыс шөп ап жалақыма…

Ха-ха-ха-ха!
Мына дала тылсымды ма?
Қойды өзіне құлшындыра.
Сыбырлайын айға қарап,
Не бітірем құр шыңғыра?!..

Ха-ха-ха-ха!
Мына дала дүрмекті ме?
Келер күнді күндеп, түге!..
… Ия, солай, гүл қадірсіз
Бес жапырақ құрметті де…

Ха-ха-ха-ха!
Мына дала жылап тұр ма?
Көп әйтеуір сұрақ құлға…
Өмір – ойын, (Казино емес!)-
Мүмкіндігің бір-ақ турда!

Ха-ха-ха-ха!
Ха-ха-ха-ха!
Бұл «өлеңді» лақтырма!
… Уаааахаахаха!
Әрі қарай

Блогерлер күні

Құрметті блогерлер! Мереке құтты болсын!!!

BlogCamp: Блогерлер күні
Сіз білесіз бе? Blog сөзі 3108 деген сандарға ұқсас екен. Сондықтан, блог (блогерлер) күні 8 айдың 31 күніне белгіленген екен.

Ұсыныс:
1. Өзіңіз жақсы көретін 5 блогерді атап өтіңіз;
2. Өзіңіз жақсы көрген, осы жылдағы 5 үздік жазбаны атап өтіңіз;
3. Блогер күніне орай, 1 жазба жариялау қиын деп есепетемесіңз, 1 жазба жариялаңыз!
4. Өзіңіз үшін үздік 5 блогплатформа;
5. Жоғарыдағы пункттерге #blgoday2014, #блогкүні2014 хэштегтерін қосуды ұмытпаңыз. Іске сәт!
Әрі қарай

Қасиет Кәрім: "Әзілдің сәтті шығуы жеткізушіге байланысты"

Блог - aikarakoz: Қасиет Кәрім: Әзілдің сәтті шығуы жеткізушіге байланысты
Қасиет Кәрім, Жайдарман әзілдерінің авторы
Еңбек өтілі — 3 жыл

— Қасиет, айтыңызшы, әзіл қалай жазылады осы? Қиын ба?

— Фантазияңды іске қосасың да, екі желіні ойыңда қатар алып жүруің керек — болды. Мысалы, бір оқиға мен екінші оқиғаны қатар жүргізіп отырсаң, сол әзіл боп шығады. Әзіл жазу жаттығуды, шынығуды талап етеді. Басында қиын, үйрене келе жеңілдейді. Өзім қателіктерімнен сабақ алдым.

— Әзіл жазып жүргеніңізге неше уақыт болды?


— «Мен жиырма бірінші қыркүйектен әзіл жазуды бастап едім,» деп айта алмаймын. Бірақ, сегізінші сыныптан бері жазамын. Сосын жылдармен бірге деңгей де өсе береді. Әр түрлі оқиға болады, қызықты жағдай болады. Солардың бәрін ойда жинап, әзіл жүйесіне келтіріп, бірдеңе шығаруға машықтанып қалдым.

— Демек, осы уақытқа дейін әзіл жазған командаңыздың саны жүзге жығылып қалады екен...


— Мәәә… оны санап көрмеппін. Отыздан асатын болар. Әр түрлі деңгейдегі командалар ғой.

— Бір әзілді неше теңгеге жазатыныңызды білгім кеп отырғаны


— Ол жағын білмеймін тіпті… бір ғана әзілді сатып көрген кез болмапты. Мысалы, Жайдармандағы Сәлемдесу конкурсының регламентіне сәйкес 7-8 минутқа толтыру керек. Ол 7-8 минуттың ішінде үш әзіл болуы мүмкін, мүмкін қысқа-қысқа он бес әзіл болуы мүмкін. Әзілдің санымен емес, уақытымен өлшейміз. Бағалары әр түрлі болады.

— Қандай негізге сүйеніп бағалайсыздар?


— Әзілді халыққа өтімділігіне, маңыздылығына байланысты бағалаймыз. Мысалы, ойынның өзі өте маңызды, финал делік. Жоғары лига немесе премьер лиганың әзілдеріне қарағанда телевизиялық емес, орта ойынның әзілдері арзан. Ал, телевизиялық лиганың әзілдері қымбат. Маусымашар қатты маңызды ойын емес қой, оған ешкім әзіл сатып алмайды. Егер 1/8-ден 1/4 турға өту керек болса, міндетті түрде әзіл сатып алады. Бағасы да ойынның бағасына сай болады.
Шындығында, Жайдарманда ақша көп айналмайды. Ресейдікімен салыстырсақ, бізде дым да емес, тіпті әзіл сатылады деп ауыз толтырып айтуға да келмейді-ау. Финалға шыққанда 150 мыңға бір ғана әзілді алатын кез болады, кейде сол ақшаға бүкіл сценарийді алып жатады.

Ресейдікімен салыстырсақ, бізде дым да емес. Тіпті "әзіл сатылады" деп, ауыз толтырып айтуға да келмейді-ау.

— Өлең жазарда Муза шешейдің келгенін күтіп жүреді көп ақын, әзілді жазуда да Муза керек пе? Жалпы, әзіл неше күнде жазылады?


— Кейде бір түннің ішінде үш конкурстың сценарийін жазып шығаруға болады. Кейде бір ай жүріп, жаза алмайсың. Сондықтан шабыт бізге де келіп-кетеді. Уақыт тығыз болса, бір амалын табасың. Ертең ойын, өл-тіріл бірдеңе жазуың керек болады. Жазасың.
Тағы мынадай жағдай бар: екі адам отырып, 20 минутта дәріхана туралы әзілдің қырық-елуін шығарып тастауы мүмкін. Бірақ, оны қағазға түсіру көп уақытты алады. Соны да есептеу керек.

— Алкогольдің, одан да ауыр заттардың көмегімен әзіл шығаратындар туралы есіткенім бар еді. Ол процестің бәрі камераға жазылып, ертесіне соның арасынан тәуірлерін теріп алады екен.


— Иә, ол бар. Бірақ, ескі тәсіл. Оны қолданбай кеткелі біршама жыл өтті. Өйткені, қазір халықтың талғамы өсті, ондай жолмен шығатын әзілдерге ешкім күлмейді. Ішімдіктің не тағы да басқаның көмегімен айтылған әзіл дәл сол сәтте күлкілі болғанымен, сау баспен қарағанда дым күлкілі болмай шығатын кездер көп. Жасырмаймын, бұрын болды ол жағдай.

Қазір халықтың талғамы өсті, ондай жолмен шығатын әзілдерге ешкім күлмейді.

— Қандай тақырыптағы әзілдерді көбірек жазасыз?


— Менің ерекшелігім де, кемшілігім де сол – тақырып талғамаймын. Саяси әзілді де, «гонды» да, басқасын да жаза беремін. Әзіл туындағанда оны мәтінмен көретіндер болады, мен оның сахнада қалай болатынын, қалай қойылатынын көремін. Сол бояу жағына келгенде басқалардан бір плюсім артық деп ойлаймын.

— Пах, шіркін  Он әзіліңіздің нешеуі редактурадан өтпей қалады?


— Көбіне бәрі өтеді. Ал, өтпей қалған жағдайда… көп болса, үшеуін алып тастайды.

— Өзіңіз керемет деп санаған әзілдер редактурадан өтіп, халыққа өтпей қалып жататын кездер болатын шығар, иә?


— Кез келген сценарийді дайындағанда өзім көз алдыма елестетіп көрсем, керемет боп шығады. Одан асқан әзіл жоқтай. Халықтан соған сай реакция күтемін. Олай болмай шықса, кішкене өкініш болады енді.
Қазір мен бұрынғыдай пытырлатып 4-5 командаға әзіл жаза бермеймін, таңдаймын. Кейбірінің ұсынысын кері қайтаруға тура келеді. Әзілімді орындайтын топтың жеткізу деңгейіне баса назар аударамын. Ойында туындаған керемет дүниені сахнада алып шығады-ау деген командамен істес болғым келеді. Сосын әрбір ойыннан соң жіберген қателермен жұмыс істеймін. Кейде бәрі жақсы болады да, тек ойыншыда өз-өзіне деген сенімділік жетіспейді. Сондайда психологиялық сабақтар да өткізіп жіберемін.
Негізі «бұзылмай», көпке дейін шыдайтын әзіл – мәтіндік әзіл ғой. Оны оқып та — күле аласың, тыңдап та — күле аласың. Ол Жайдарман тілімен «сухофрукты» деп аталады. Қысқа-қысқа мәтіндік әзілдерді кез келген ойын арасында оқып та беруге болады, ойнап та беруге болады.

Блог - aikarakoz: Қасиет Кәрім: Әзілдің сәтті шығуы жеткізушіге байланысты

— Сахнаның үстінде ойнап жатып ойға жаңа әзіл кеп қалатын кез бола ма және ол әзілдер сол мезетте ойналып кете ме?


— Иә, импровизация деген бар. «Мынаны былай етсек,» деп ақылдасып жатқанда шығатын әзілдер де болады. Ол әзілдерді кейінгі ойынға алып қаламыз. Редактордың тексеруінен өтіп, ойынға шығарамыз деп тұрған әзілдерді өзгертуге моральдық тұрғыдан құқымыз жоқ. Оған қайта дайындалуға ешкімнің уақыты да жоқ, текке сахнада шатасып, құртып аламыз. Жаңағыдай кенет туған әзілдерді келесі ойынға жазып қоямыз.

— Маған мына жері қызық болып тұр: финалға екі команда шығып тұр делік. Екеуінің де әзілін сіз жаздыңыз. Сонда қай команданың ұтатыны сізге байланысты бола ма?


— Жоқ, командаға «осыны жасайсыңдар,» деп әзілді бере салмаймын. Жеке принципім сол – мен әзілді ұсынамын. Алатын-алмайтыны өздеріне байланысты. Екі топқа қатар әзіл жазғанның өзінде менің бірінікін күшті, бірінікін әлсіз қылуға кәсіби тұрғыдан да қақым жоқ. Мысалы, өзім Күлтегін командасының әзілдерін жазамын. Бір керемет әзіл туындап қалады кейде. Ол Күлтегіннің форматына келмейді. Олар ойнаса, қатты күлкілі шықпайды. Бірақ, сол әзілді Барыстар тобы ойнаса, залды айырып тастауы мүмкін — Барыстарға ұсынуға тура келеді. Сол сияқты ғой.

— Әзілдің сапасы ойыншының актерлық шеберлігі мен жеткізуіне де байланысты деңіз...


— Иә, әзілдің сәтті шығуының 70 пайызы жеткізушіге байланысты. Мысалы, Ресейдің «квнщиктерін» алайықшы, олар бір типтес, бірінің әзілін бірі ойнап бере алады. Ал, бізде ондай емес, әр команданың өзінің форматы бар. Сол форматтан ауытқымау керек. Қиындау.

— Айтпақшы, танымал тұлғаларды жиі әзілдеп жатасыздар, сіздерге келіп, «мені әзілдеңдерші» деп тапсырыс беретіндері бола ма?


— Ондай «заказдар» болған емес. бірақ, соған ұқсас азын-аулақ жағдайлар болды. Ерболат Құдайбергеновтің концертінде ойнайтын болдық. Сонда ол келіп: — «менің осындай-осындай тұстарым бар, әдеттерім бар, мен туралы осылай әзілдесеңдер болады,» деп айтты. Сол сияқты, әншілердің жеке кешінде ойнайтын болсақ, олар өздері ұсынуы мүмкін. Оған қоса, әзіл түсінбейтін, ол туралы әзілдегенін қаламайтын адамдар бар. Өзімде кездескен жоқ, естуім бойынша, өзі жайлы әзілдемеуін ескерткен тұлғалар бар екен.

Өзі жайлы әзілдемеуін ескерткен тұлғалар бар.

— Сол әзіл көтере алмайтындардың арасынан шағымданғандары да болған шығар?


— Жеке өзім кездескем жоқ, ондай жағдайлардың болғанын естуім бар. Өзім көрмеген нәрсені айтпай-ақ қояйын. Есен ағадан сұрасаңыз болады. Өйткені, арыз-шағымның бәрі сол кісіге айтылады, бізге ешкім жекелеп жолыққан емес.

— Жарайды, сұрармын. Жайдарманда авторлар командасы неше адамнан тұрады?


— Авторлар командасы болғанмен, біз тек Жайдарманмен ғана шектеліп қалып жатқан жоқпыз. Төрт адам ғанамыз, оның өзінде әрқайсымыз жан-жаққа, басқа жұмыстарға кетіп қалдық. Жайдарманмен ғана шектеліп қалуға бізге әлі ерте. Өйткені, командалар тек автормен жұмыс істеуге дайын емес, автормен қалай жұмыс істеу керек екенін түсінбейді. Ол деңгейге әлі жетпедік. Қазір Жайдарманда атормен жұмыс істей алатын бір-ақ команда бар. Ол – Демеушіміз болашақ. Қалғандары да автормен жұмыс істейді, бірақ, қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Мысалы, Ресейдің командалары автормен мықты жұмыс істейді. Жазылған сценарийді алады да, өздеріне керегін таңдап, тазалап, ары қарай қосатындарын қосып алады. Ал, бізде автордан дайын сценарий күтіп отырады. Үтір-нүктесіне дейін, тіпті, қойылатын музыкасына дейін дайындап беруің керек. Ал, өзі түсінбеген әзілді жеткізу өте қиын. Ол әзілі бір ойында өтеді, екінші ойында өтуі мүмкін. Үшіншісінде ақауы байқалады да, ұтылып қалады.
Сол себепті қазір авторлық командаға қажеттілік артып тұрған жоқ, сондықтан басқа жұмыстарға да кетіп жатырмыз. Ертең қажеттілік туындаса, қайта жұмыламыз.

— Қазір көп телебағдарламалардың басында экс-жайдарманшылар жүр. Тіпті, бірнеше әзіл-сықақ театрлары да жайдарманшылардан құралған, Нысана болсын, Базар жоқ болсын. Олармен де жұмыс істей бересіздер ме?


— Негізі олар өздері де сценарий жаза алатын адамдар ғой. Нысанада, кем дегенде, екі автор бар. Ал, Базар жоққа, иә, көмектесіп тұрамыз кейде.

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!



P.S.

Иәәәә… Әзілдің сәтті шығуы жеткізушіге байланысты екен, ендеше қызық эксперимент жасап көрелік. Бір анекдотты Жайдарман және әзіл-сықақ ойыншыларына айтқызып көрдім. Рас екен. Қызық болды

Әрі қарай