— Көзіңнің асты ісіп тұрған сияқты ғой?!
— Ұйқым қанбағаннан шығар…
— Бәлкім, азаннан іңірге дейінгі жұмыстан шаршап жүрген шығарсың, олай болса, қысылмай айта бер. Демалысқа жіберейін, тынығып кел. Мүмкін, жалақың ауыспай жүр ме? Олай болса да
Жүрегі езіліп, егіліп жылады… Кеудесін әлі де өше қоймаған қимастықтықтың шоғы күйдіріп бара жатты, оған өкініштің ап-ащы уын қосыңыз… Тамағына бір кесек өксік тығылып алып, ауа жібермей тұрғандай ышқынды, дәл қазір ғұмырының нүктесі қойылғандай, бір қимас армандары қалғандай жан-жағына алақтай берді. Жалғыз болып келген өмірге, жалғыз кете бере ме? Әділетсіздік қой, барып тұрған. Өзімен жастылар дәл қазір балаларының, одан қала берді немерелерінің атынан жаңылысып, абыр-сабыр күй кешуде. Ал, бұның кімі бар? Дүние төрт төңкерілсе де әзірге қозғала қоятын ыңғай танытпайтын, жалбыр жүнді сары мысыққа қөзі түсті. Жылу батареясының үстіне бауырлап жатып алған күйі көзін еріне ашып-жұмып, пырылдап мамыражай күйге енген. Өзінің өліара халінің бір жұрнағы болса да мамыражай күйде жатқан мысыққа әсер етпегеніне ызаланды, қолындағы телефонын бар күшімен, дәлдеп тұрып жылу батареясына қарай жіберіп қалды.
Жап-жасыл жағалауда, қармақ салған әлдекімнің жанында, қармаққа түскен күмістей жып-жылтыр шоршыған шабақтардың ортасында, неше күннен бері тоңазытқыштың астынан жылтыңдап, тырнағына ілікпей мазақ қылған әлгі бармақтай (әрине өзімен салыстырғандай «бармақтай» болмасы анық, адами тілде «бармақтай ғана») тышқанның әлсіретіп кеткен жүйкесін «тыныштық терапиясымен» емдейтін, жанына жағымды балық иісі… Бір сәтте бәрі быт-шыт болды. Көптен күтім көрмеген, балшыққа баттасқан сабалақ жүндері жер сыпырып жүретін сүйкімсіз канден ит арп ете қалып, ойша салып алған мөп-мөлдір көрінісін быт-шыт еткендей, тыжырынып, жұмылуы көздерін ажырайтып, жан-жағына қарады. Быт-шыт болған телефон, бетін басып егілген иесі. Еее, жағдай түсінікті… Келген сайын бір бума гүл, небір тәттілермен қоса бұл үйге шаттық ала келетін әлгі келбетті жігіттің бой көрсетпей қойғанына біраз болып қалыпты-ау. Кеш болса айнаны шыр айналып, гүл-гүл жайнап, құлпыратын иесінің жүзі соңғы кезде солғын тарта бастады. Кешке жақын безілдейтін есіктің қоңырауы да басылмады соңғы кездері. Асүй жақтан аңқитын тағамның тәтті иісі де бұның «танауын қытықтауды» қойды. Охо, келбетті жігіт келген күні бұл үй ханның сарайындай тамашаға толатын еді. Гүл-гүл жайнаған иесі бақыттың бал күйін кешіп, құлпырар еді… Шаттықтың шарабына масайып, бар әлемді жақсы көріп кетуші еді, әрине әлемнің ішінде өзі де бар:
-Муркам менің, тәп-тәттім. Тамағынан қызыл түске боялған тырнақтарымен қасып-қасып жіберіп, сап-сары жүндерін бетіне тақап құшақтап алатын. Иесінің өзіне бөлген ілтипатын келбетті жігітпен бөліскісі келмей қызғанып та қалатын.
-Сүп-сүйкімді екен өзі. Келбетті жігіт те құр қалмай бұны сипайтын. «Атаңның басы саған!» Тілі болса дәл осылай айтар еді, бірақ адамдар сияқты сөйлеу бақыты бұйырмаған соң, жағымсыз дауыспен «Мыыы-ййау» деп баж ете қалатын. Жақтырмаған түрі. Келбетті жігіт те өз ниетінің теріске шыққанын іштей сезсе де иесіне білдірмей:
-Тентек өзі- деп еркелетіп, арқасынан қаситын. Иесі асүйге кіріп кеткен бойда, келбетті жігіт екі көзін ажырайтып (бұндай сүйкімсіз болар ма еді):
-Брись!
Жігіттің лезде сүйкімсіз құбыжыққа айналатын, адамдар «екіжүзді» деп атайтын сортқа жататынын іштей болжап та қойған еді. Иесі мен жігіт ұзақ сөйлесетін, не айтса да иесі жымиып, күле береді. Жігіттің иесін құшақтағаны, еркелете сүйгені, шыр айналдырып көтеріп алып билейтіні бәрі көз алдында. Иесінің халатсыз қалып, әлгі жігіттің бұлшық еттері бұлаудай ойнап, жан алысып, жан берісіп, ыңырана жасайтын тірліктері де бұның көз алдында. Ентігін баса алмай, кеудесі дір-дір етіп демалып жатырған иесінің қандай рахат күйде екенін өзінің сүтке әбден тойып, күннің шуағында, маужырап жататын күйімен салыстыратын. Бірақ, иесінің бақытты күйі бұның сүтке тойған күйінен әлдеқайда артық екені көрініп тұратын.
Бақытты күндерді мазасыз күндер алмастыра бастады. Үйге жұмыстан ұнжырғасы түсіп келетін иесінің түрі аянышты еді. Келеді де телефонды қолына алады, құлағына ұзақ тосып тұрады, ар жағынан жауап болмаған соң, терең күрсініп отыра береді. Әрі-беріден соң күлімдеп тұратын мөп-мөлдір көздерінің жиегінен гауһар тамшылар құлай бастайды. Бұл жұбатқысы келіп, денесін бүрістіріп, құйрығын теріс қарап тұрған екілікке ұқсатып, жанына барып сүйкенеді. Бар жасай алатыны осы болса қайтсін енді? Иесі бұны құшақтап, кеудесіне басады да, тағы жылайды:
-Қайдасың? «Қасыңдамын ғой» дегісі келеді де, өзіне айтылмағанын ұға қояды, келбетті жігітті іздеп отыр. Мультфильмдегі етік киген мысық болса ғой, етігін киіп, қолына қылышын, басына қалпағын киіп алып, сапарға шығар еді. Келбетті жігітті ұстап әкеліп, басын игізіп кешірім сұратар еді иесінің алдында. Өмір ғой, ал өмірде ондай таңғажайып болмасы белгілі, қолдан келер қайран жоқ. Иесінің дәл қазіргі жынды адамша күбірлеп, біресе жылап, біресе талықсыған адамдай көзін жұмып ұзақ отыратын түсініксіз түрін көргісі келмей, жылу батареясының үстінен төрт тағандай секіріп түсті де, дыбысы білінбес жүрісіне басып, асүйге өтіп кетті.
Өмірін нұрға, құшағын гүлге толтырған Саянмен кездесу кездейсоқ басталған. Қырықтан аса бастаған бұның жүрегіне отызға тола қоймаған жас жігіт өмір сыйлайды ойлай қоймаған. Кеудесінен жүрек емес, әлдеқашан қан айналымын ретке келтірер бір уыс етке ғана айналған тастай қатқан кесекті ғана сезетін. Көктемі 20 жасында өтіп кеткен, содан оралмады, күз, күз артынан қыс, қайтадан күз… Өмірі осылай өтіп кете берер ме еді Саян кездеспегенде? Тар көшеден өте бере зулап келе жатқан көлік бұның көлігін оңдырмай соғып, аударып тастады. Дүние шыр айналып жүре берді. Не болғанын түсініп үлгерген жоқ, көз алдын түнек басты. Есін ауруханада жиды. Соқтығысқан көлік апатынан басынан жарақат алып, ауруханада жатыр екен. Дәрігер келіп қорқатын ешнәрсе жоқ екенін айтып кеткеннен кейін, жанына ұзын бойлы, көзінде жарқыраған оттан гөрі ұяңдық басым, жымиғанда екі бетінің ұшында ойық пайда болатын, сүйкімділігі ер адамға артықтау берілген келбетті жігіт келді:
-Қалайсыз? Бізді қорқыттыңыз ғой. Оянғаныңызға қуаныштымын.
Еңкейіп бетінен сүйді. Еріні жұп-жұмсақ, бетіне ыстық із қалдырып кетті.
-Кінәлімін, кешіріңіз! Сіз әбден жазылып кеткенше жаныңызда боламын.
Сөзінде тұрды. Күн құрғатпай келіп, жағдайын біліп жүрді, келген сайын әдемі гүл мен қызықты кітап алып келіп, оқып беріп отыратын. Кетерде маңдайынан сүйіп қоштасатын. Өмірі көрмеген, танымайтын бір жігіттің өміріндегі ең қамқор адамына айналғаны таңғалдырарлық жай еді. Мүмкін бұрын бұндай қамқорлық көрмеген суық көңіл жылт еткеннен жылу іздеді ме екен?
Тәуір болып үйіне шыққаннан кейін де Саян қонаққа келді. Хал сұрасудан басталған қамқорлық тереңдей бере сезім атты «қораға» тірелді. Енді шегіну мүмкін емес еді. Кеш болса елеңдеп, Саянды іздейді, күндіз жұмысында қолы қалт етсе Саянның сөздерін есіне түсіреді. Қоштасардағы бетінен сүйгенін есіне түсірсе кеудесі шымыр ете түседі, бұрын соңды болмаған іңкәрлік пайда болды. Айналасындағылардың бәрін жақсы көретіндей, бәрімен күлімдей сөйлесе бастады. Үнемі қатулы қабағынан ығысатын жұмыстастары оның өмірінде өзгеріс болып жатқанын сезе бастады. Жұмыстан кейін күтіп тұрған жас жігітті көрген кейбір жел сөзге жақындау әйелдер қауымы әлдеқашан түйін жасап үлгерді. Гулеген жел сөз өзінің құлағына да тиді, ешбірін елеген жоқ. Бәрі бақытын қызғанғандай көрді. Саянның жас қыздармен де жүрісі көп екен, қырыққа келген әйелдің басын айналдырып, пайда көргісі келеді екен-мыс. Бұл өсектердің күніне түрін естісе де елемеді. Саян-аппақ, ниеті тап-таза. Жай ғана жымиғанына қарап бағасын беретін айналасындағылар кім еді сонша? Әйтпесе Саянның бұны қалай еркелетінін, тіпті сәбидей әлпештеп көтеріп алып билейтінін, таңды ұзақ сырласумен атыратынын, оның алып армандары жайлы қанатты тәтті қиялдарының барын кім біліпті, өзінен басқа? Құшағы- нағыз рахаттың ордасы, бақыттың бесігі. Құшырлана сүйгені қандай? Миына сүйісу туралы сигнал барғаннан бастап, жүрек бүлк етіп, бар тамырларына ып-ыстық қан ойнатып, саусақтарының ұшына дейін ләззаттың хабары баратын. Иә, бұндай бақытты сезіп көрмеген қызғаншық, сезімсіз, сұп-сұр әйелдер қайдан білсін? Себебі әйел көп, ал Саян жалғыз! Өсекте де, ұятты да ысырып тастады. Ғұмырының жартысын ел сөзінен ығысып, одан қала бере жалғыз ұлының көңіліне қарап өз-өзін құлыптап ұстады. Жанына не керек екенін білсе де, іздемеді, табылғанын елемеді. Ұлыбританияда оқитын ұлы ағылшын қызына үйленіп, сол жақты мекендеп қалатынын жеткізгенде, өзінің жалғыздығын сезді. Ғұмырында есте қалардай тәтті күй кешпегеніне ызаланған, өкінген. Жан-жағына елеңдеп шуақ іздей бастаған. Құлпырған қызғалдақтар тұрғанда, тамыры қатайып қалған қарағайдай ағашқа кім назар аудара қойсын? Бір іңкәрлікке шөлдеген, ғажайыпты күткен… Саян кезіккенде іздегенінің, аңсағанынын барлығын содан тапқысы келген, тапты да…
Саян арманшыл еді, өз кәсібін ашқысы келетін, үлкен жоспарларымен бөлісетін:
-Қолдау жетіспейді,-деп мұңайған сәттерінде ойланбастан, көмекке ұмтылатын. Өмір бойы тынымсыз еңбегінің жемісін жалғыз өзі қайтпек, одан да жаны қалайтын адамының бақытына, қуанышына себеп болсын. Қомақты қаржыны Саянның шотына аударған. Сол күні Саянның үнемі ұяң күлімдейтін көзіндегі жайнаған отты көрсең! Ооо, жолындағының бәрін өртеп жіберуге де жететін еді от! Саянының жүзіндегі қуаныш отын көріп, бұл да есі шыға қуанған. Өмірінде айтуға тұрарлықтай бір қадам жасағанына сенімді еді.
Саян жоғалды. Телефонына жауап бермеді. Мүмкін жұмысқа кірісіп кетіп босамай жатқан шығар деді басында, содан соң алаңдай бастады. Мүмкін бір бәлеге тап болды ма, ауырып қалды ма, әлде… Мазасыз сұрақтар миын жеп, мең-зең күйге түсті. Көктемінің соңын жаз емес, бірден күз жалғай бастайды. Жапырақтарын ызғырық шалып, үсе бастады. Аспанда қалықтаған қарылғаштары, күзден қайыр жоқ екені біліп, жылы жаққа ұшып кетті. Сылдырап, сыңғырлайтын өзен бетіне мұз қата бастады. Суыққа қайта бой үйрете бастады. Көктем келіп қала ма деп көкжиекке елеңдей берді…
Саянын көрді бір күні, су жаңа машина тізгіндеп алыпты. Бағдаршамнан түйісіп қалды. Жүрегін қуаныш, лезде өкініш, үміт, тағы да күйініш оты орап, мың күйге түсті. Жанындағы еліктей лағындай, қарақат көзі мөлдіреген қызды көріп, жүрегін ып-ыстық күйінде суырып алып, мұзға лақтырғандай күй кешті. 20 жасында жап-жас күйінде жолдасынан айырылғанда дәл мынадай қайғырмаған шығар мүмкін. Мүмкін, жастықпен қымбатынан айырылғанын дұрыс сезбеді де. Аспанда қалықтап жүрген ең аяулы арманы быт-шыт болып сынып, қоқысқа лақтырылғандай күй кешті.
Үйге кіре бере егілді, жылады. Тағдырына ызаланды, өтіп кеткен көктеміне өкпеледі. Алдамшы бақытты өлердей жек көрді. Арман атаулымен өштесіп алды. Кырықтың қырқасына шығып, кемелденер шағында бойжеткеннің от күйін кешкен өзін топас санады. Арызын кімге айтарын, кімге жұбанарын білмеді. Пырылдап рахат күй кешкен мысық екеш мысықтың тыныштығын қызғанды. Оны іштей бір сыбап алды. Ең аяулы арманының айдан құлаған күні дүниенің мамыражай тыныштық кешіп жатқанына таңғалды.
Жылап іспектей болған бетін жуып болып айнаға қарады, бетін әжім торлапты, самайына шыққан бір тал ақ шашын ешкім көріп қоймады ма деген күдікпен, жан-жағына ұрлана қарады да, білдіртпей жұлып алды.
Сән үлгісі — ережесі үнемі өзгеріп тұратын ойын. Сол ойында Сіздің орныңыз қандай? Кейбіреулер қолды бәріне бір сілтеп, өзін қандай киімде ыңғайлы сезінеді, сондай киім киіп жүре береді. Егер киген киіміңіз дене бітіміңізге сай келмей тұрса,
Елдерге блогиада азық болып, пост қаптапты ғой. Мен де бірінші постымды жазып көріп отырмын. Пост болғанда сауалнама. Бірінші турдың қорытындысы бойынша ең үздік жазба қайсы? Дауыс беріңіз.
Кешті асыға күттім… Әлі де күтсін, тағатын тауыссын деді ме, күн көккжиекке тіреліп алып, батпай қойды.Сағаттың әр тілі зіл байлап алғандай алға жылжымады. Күндізгі бар тірлікті құшағына алып, қалғып кететін мынау тар қала бүгін сергек. Өтпей қойған уақыттың кербездігі есіме Оны салды. Сағынсын, зарықсын, ең соңғы шыдамы таусылып барып, аяғыма егіле жылап құласын дейтіндей Оның асқақ тұлғасы мен алға жылжымай қойған мына уақыт екеуі егіздей. Өксікке тұншығып өліп қалмаудың амалын іздей бастадым. Ең болмаса өзімді өзім жұбатайын дедім. Тұңғиыққа батып бара жатып, қолына түскенді қармап қалғысы келеді екен адам, ал, қармап қалғаныңыз қандай нәрсе екені маңызды емес. Ішкілікке салынып кеткен туыс ағамды сөккем, сөйтсем, батып бара жатып қармап қалғаны – қу арақ екен. Біреудің ішіне үңілмей жатып, сыртынан жазасын дайындап қоямыз.… Жиналған адамдар арасынан Жұбанышымды іздедім. Менің құтқарушым сол болуы керек. Бір мейірге шөлдегенде шөліңізді басатын су болмаса, у ішесіз… Әйтеуірі, жұтылатын, кеуіп қалған көмейіңізді жібітер сұйықтық болса болды.…
Жұбаныш әдеттегідей қоңыр көздері күлімдеп, ортада жүр. Мен ол үшін әншейін көптің бірі шығармын. Назарын аудартатын ерекшелігім жоқ, ерекше көрініп те әуре болғым келмеді. Бәрі биге көше бере, бойымдағы соңғы батылдығымды жинап алып, жанына жетіп бардым да, қолынан ұстап алдым. Түк түсінбей абдырап тұрды да, күліп жіберді:
— Айым, қалайсың?
Үнсіздік… Басқа уақытта томаға тұйық жүретін мені түсіне алмай қалды, мүмкін мас деп ойлады. Маған бәрібір еді. Соңымнан соттап, арымды таптап, елге күлкі етсе де бәрібір еді.
Өле алмай шалажансар болып қиналып жатқан кезде, ажалдың қалай келері маңызды емес. Теріңді тірілей сыпырып алып, отқа шыжғырса да, денеңді бөлшектеп, балталап шапса да, өңешіңді үзердей қылқындырса да — ауруы бірдей еді. Ақырымды ойлауға мұршам жоқ. Оның жерлеп кеткен сезімін өлтіріп алмай, бір назарға ілігіп кетсем дедім. Әйелді өлтіруге көп күш жұмсап керек емес, бар болғаны назар аудармасаңыз болды. Өз-өзінен солып қала береді. Әйел күн сайын не үшін таранып, боянып, әдемі киінуге тырысады? Әрине, сүйікті болу үшін, елеусіз қалмау үшін. Әйелді жалғыз өзін иесіз аралға апарып тастасаңыз осылай сыланып, таранып, әдемі болып жүрер ме екен? Жоооқ, егер өзін енді ешқашан ешкімнің көрмейтінін түсінген күні-ақ, босаңсып сала береді. Шашына қызылды-жасылды гүлдер тағып, айна алдында өз-өзіне ұзақ сүйсінуін қояр еді. Ал, мына қоғамда елеусіз қалғанының өзі соңғы үмітпен айна алдында таранады: «Тамсанар біреу...»
Менің күйіп-жанғаным, өртенгенім Оның самарқаулығын жібіте алмады… Оның алдында өзімді ұмытқам, ұят, ар деген ұғымдарды ойдан шығарылған далбаса деп сендіргем өзімді. Бәрі бекер екен. Өз-өзіме өлім жазасын кескенімді ұқтым. Көрден мені ешкімнің алып шықпасын ұқтым, өлген күні жұмаққа апарар деп ойлауға алып қойған соңғы Үмітімді пайдалануға көштім. Үмітім– Жұбаныш еді.
Қолынан ұстаған күйі көлеңкелеу бұрышқа жетектеп әкелдім. Жұбанышым да ақырын көрейін дегендей соңымнан еріп келеді. Билеген сайын қызынған адамдардан алыстай бере тоқтай қалдым да, ерініне қадалып, ыстық сүйіске көміліп кеттім. Тоқтатып, себебін сұрап алуға еркектігіне сын көрді ме, ештеме сұрамастан аймалай берді. Бірнеше күннен жиналған ыза, ашу, көрген жәбірдің есесін ащы сумен емес, сүйіспен де қайтаруға болады екен.
— Қазір, қазір...-дей берді жан-жағына қарап. Ып-ыстық сүйіске тұншыға бердім, бір сәтке тоқтап қалсам, ойымның өзгеріп кететініне, Оны осы уақытқа дейін аңсап келген бар болмысым кері өз қалпына түсіп, тағы да зарығып кететініме, алдымдағы Жұбаныштан айырылып қалып, қайтадан түбі жоқ табытқа ұқсас суық ойдың тұңғиығына батып кететініме күмәнім жоқ еді. Өзіме ойлануға мұрша бермедім, Жұбанышымды да ойлантуға уақыт жібермедім.
Ақыл-деген суық, кез-келген құбылыстың алдын алып, өзге арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Нәтижесінде өзіңнің қалауың емес, өзге біреудің өміріндей жат дүниеге тап боласың, көп ойланып-толғанған сайын болмысыңды, ішкі қалауыңды, сезіміңді, өзіңе ғана тән ерекшелікті жоғалтасың. Міне, мен осындай қорытынды ойлап таптым өзім үшін, бірақ өзгелерге бұл тәсілді тиімді деп ұсынған емеспін.
Ойланбай жасаған ақымақ қадамың өміріңдегі ең ыстық сәт болып, есіңде қалып қоюы мүмкін. Жұбаныш қолымдағы ермексаздай еді. Қандай қалыпқа түсіріп, қандай мүсін жасасам да көнуге тиіс болып көрінді. Арт жағымызда тұрған ашық есікке еніп кеттік. Кіріп бара жатқанымыз бөлме ме, көр ме белгісіз еді. Жыл сайын сырланып, қалыңдап кеткен ауыр есіктің ысырмалы темір кілтінің сыртылған дауысы шықты. Біреуіміздің ойымызға есікті кілттеу туралы ой да жетіп үлгеріпті. Мен ұят туралы ойлаудан бас тартқалы қашан, шамасы есікті кілттеген мен емес, Жұбаныш болар.
Созылмалы темір керует бір созылды, бір жиналды, қинала сықырлаған дыбысын да шығарды. Көзге түрткісіз қараңғыда бірімізді-біріміз қалай тапқанымыз белгісіз, бірақ, миға түскен хабар бойынша қолымыз қателеспей қалаған жерін тауып жатты. Ұзақ уақыт сарылтып, басымды жерге бүгіп әкелген Оның асқақтығына өшігіп алсам керек, есесін осылай қайтарғандай болдым. Ол мені дәл қазір көрмесе де, сезіп, қызғансын дедім. Тіпті бір уақытта дәл қазір жанымда қарап тұрса ғой дедім. Есікті бекер кілттеді ғой Жұбанышты сөктім іштей, бірақ, оның дәл қазір бұл қалада емес екенін жақсы білсем де, қиюы келіспейтін ойлар санамды мазалай берді.
Ілгегі жартылай шешілген оның жейдесі, сырмасы ағытылмастан қалай шешіліп қалғаны белгісіз менің көйлегім, сыңары төрден бір шыққан аяқ киімдер, жатып үлгермей-ақ жан-жаққа жайрап қалған төсек пен жастық, ентігіп, өң мен түстің ортасында ойын жинақтай алмай отырған Жұбаныш, өз қылмысыма риза болған мен… Бұл оқиғаға куәгерлер осылар еді.
Жұбаныш не үшін деп сұрамады, мен түсіндірмедім… Жапа шеккен де ешкім болмады. Бір кезде су деп ішкен удың зияны болмады. Ішімді жайлап бара жатқан уды у қайтарса керек. Ал Ол сол күйі асқақтық, биіктік атауын сақтап қалды. Қол жеткізбеді. Себебі қол жеткізген күні біз биіктікті мойындауды доғаратын едік.
Нетикет деген не? Еркіндік алаңы ғаламторда ережелер не үшін керек? Неге адамдар өздерін шектеуі керек? Бұл кім үшін керек?
Бұл қолданушылардың өздері үшін қажет және бұл ережелерді ойлап тапқан да интернет қолданушылары. Нетикетті ұстанғысы келмейтіндер, қарсы шығатындар әлбетте бар. Интернетте маскамен, никнейммен жүретіндер, аноним трольдар, ойдан шығарылған фейк кейіпкерлер бар. Ал біреулер үшін ережелер бұзылуы үшін де болуы керек. Нетикетті қолдаушылар, ұстанушылар көбейген сайын біздің онлайн ортадағы іс-әрекеттеріміз, тақырыптарымыз, диалогтарымыз, қарым-қатынастарымыз да түзеле түспек. Сондықтан виртуал өмірді де бір өмір ретінде қабылдайтын болсақ — нетикет бізге керек.
Нетикеттің 10 ережесі
1994 жылы интернетте Netiquette атты кітап пайда болды. Бұл кітапта нетикеттің негізгі 10 ережесі жинақталған. Бұл ережелер арқылы виртуалдағы өміріміз оңай және қарапайым бола түспек.
Ереже №1: Адаммен сөйлесіп отырғаныңды ұмытпа
Интернетте жиі бұзылатын ережелердің бірі. Қолданушылардың көбі компьютердің ар жағында адам отырғанын ұмытып кетеді. Ұмытпа, монитордың ар жағында компьютер емес, адам отыр. Ренжітіп алу оңай.
Ереже №2: Виртуал өмірде де шын өмірдегі стандарттарыңды ұстан
Интернет аноним орта сияқты болып көрініп, адамға сондай сезім береді. Дөрекілігіңе ешкім ештеңе демейтіндей болып көрінеді. Алайда қарсыңдағы адаммен әдеп бойынша сөйлесу керек, заңға қарсы әрекет те жасауға болмайды.
Ереже №3: Киберәлемде екеніңді ұмытпа
Әр сайттың, форумның, қауымдастықтың өз ережелері бар. Оларды аттап кетуге болмайды. Бұрыннан қалыптасып қалған виртуал топтардың өзіндік ережелері, қағидалары болады. Оларға қосылмастан бұрын алдымен сырттай бақылай тұрған дұрыс.
Ереже №4: Басқалардың уақыты мен мүмкіндіктерін сыйла
Желіде бір нәрсені бөліспестен бұрын ойланып көр, бұл шынымен бәріне қызық па, керек пе? Мүмкін бәрі көріп болған шығар жаңалығыңды? Бәлкім тек белгілі бір аудиторияға ғана арнап бөлісу керек шығар? Егер біреулер саған “бұл қызық емес” десе — демек, ол қызық емес. Ешкімді жалықтырма және бөліскен нәрсеңе басқалардан жылдам реакция күтпе.
Ереже №5: Репутацияңды сақта
Интернеттегі репутацияның маңызы реал өмірдегіден еш кем емес. Виртуалдағы барлық адамдар сені тани бермес, бірақ сенімен интернетте де бірге жүрген таныс адамдарың бар ғой. Сондықтан маска тақпай, барынша шынайы болған дұрыс.
Ереже №6: Басқаларға көмектес
Интернетте ақпарат көп. Бірақ, барлық сұрақтарға жауап табыла бермейді. Кей тар тақырыптарда көмек сұраған адамдарды айналып өтпе. Мәселелерін шешуге көмектес. Виртуал өмірде де жақсылық жасап отыруды ұмытпа.
Ереже №7: Кикілжіңге кірме
Интернет пікірталас алаңы болғандықтан барлығы сенімен бір пікірде болуы мүмкін емес. Әлбетте түрлі түсініспеушіліктер, қызу пікірталастар болады. Басқаның пікірін құрметте, кикілжіңге, дау-дамайға кірме. Тәжірибелі қолданушының жүйкесіне тие алам деп ойлама. Керісінше өз жүйкеңді құртасың, сүйкіміңді кетіресің. Игнор қоюды үйрен.
Ереже №8: Жеке бас құпиясын сақта
Басқалармен жеке хабарламаларыңды көпшілікке көрсетпе. Рұқсатсыз ешкімнің жеке фотоларын, мекенжайын, телефон номерлерін жариялама. Ешқашан!
Ереже №9: Мүмкіндіктеріңді асыра пайдаланба
Виртуал әлемде түрлі деңгейде, түрлі тақырыптар қозғалады. Өзіңнің білімің артық, деңгейің жоғары жерлерде басқаларды кемсітпе, дөрекілік танытпа. Сайттарда админ немесе модератор ретінде күш қолданба. Қолданушыларды сыйла.
Ереже №10: Қателерді кешіруді үйрен
Виртуал әлемде де жаңылмайтын тұяқ жоқ әрине. Басқалардың кемшіліктерін түсін, қателерін кешір. Өзіңнің де қателеріңді еске ал.
Футбол комментаторлары ең көп сынға ұшырайтын мамандықтардың бірі. Команда ұтса да, ұтылса да сыналады. Біреуге дауысы, біреуге сөйдеу мәнері жақпайды. Бірақ, көпшілік олардың түрлерін, қалай жұмыс істейтіндерін білгісі келеді деп ойлаймын. Өзім де солардың қатарында едім. Сондықтан комментатор досымыз Ермұхамед Мәуленге өтініш білдіріп, Қазспорт арнасындағы бір ойынды қалай жүргізетіндерін көргім келетінін айтқан едім. Жақында сондай сәт туды, комментаторлармен бірге Ордабасы — Оқжетпес матчын қарап қайттым.
Кішкентай ғана кабинаның ішінде 2 комментатор отырады. 4 монитор тұр. Олардың екі шетіндегі мониторлар комментаторлардың интернетке кіріп, ақпарат алып отыруы үшін қойылған. Ал 2-монитор Қазспорт арнасының эфирі, ал 3-сі ойын өтіп жатқан жерден келетін сигналға арналған.
Мынау негізгі сигнал қабылдаушы орталық. Бұл жерге әлемнің түрлі жерлерінде өтіп жатқан жарыстардан сигнал келеді. Керектілері жазылып алынады, ал кей біреулері бірден эфирге кетеді.
Дыбыс реттеу орталығы. Трансляцияның дыбысы осы жерде бақыланады. Стадионда жанкүйерлер төреші туралы ойларын анайы түрде жеткізіп жататын болса, эфирдегі дауысын осы жерден баса тұруға болады ;)
Қосалқы кабина. Кейде эфирге қонақтар келіп қалса 2 кабинадан қатар жүргізіледі немесе кей ойындарға бұл жерде алдын ала таспаға жазылады, кейін көрсету үшін.
Кейде осылай бой жазып алады комментаторлар.
Аппаратураға төгіліп кетпесін деп эфир кезінде сусындарды тек қақпағы жабылатын ыдыстан, бөтелкеден ішуге болады. Эфир 60 пайыз қазақ тілінде жүргізілуі тиіс, кей жағдайда 70.
Ойын алдында комментатор ақпарат, жаңалық жинап қояды.
Командалар құрамы жедел түрде Whatsapp арқылы келеді.
Ақпарат дайын. Эфирді бастауға болады.
Эфир басталды. Мен үнсіз отырмын, кейде тек ыммен «сөйлеп» қойып.
Ойын барысында статистикалық көрсеткіштер осылай шығып тұрады.
Эфир кезінде де интернеттен қосымша ақпарат алып отыруға болады.
Эфир кезінде де селфи түсе алады Ермұхамед.
Жалпы оңай шаруа емес. Кастингтер жиі болып тұрады, ал содан өтетіндер өте аз. Егер сіз де комментатор болғыңыз келсе Қазспорт арнасымен хабарласып сұрап көріңіз келесі кастинг қашан болатынын. Айтпақшы, матч басына қаламақылар өте аз, қанша екені құпия қалсын ;)