Döner kebab

Бүгін 15-20 минутта дайын болатын, үй жағдайындағы дөнер жасаудың тәсілімен бөліскім келеді.

ҚҰРАМЫ



  • Лаваш
#Кереккеңес: Негізі лавашты сақтау мерзімі 48-72 сағат аралығында екен. Алайда морозильникке салып қатырып қоюға болады дейді, өзім жәй тоңызытқышқа салып қойдым. Егер шығарғаннан кейін лаваш біраз кеуіп / қатып қалса су бүркіп жіберсеңіз өзінің бастапқы қалпына келеді.

  • Қияр, маринадталған қияр, сәбіз, картоп, қызанақ, салат жапырақшалары, ет т.б.

  • Майонез бен кетчуп.


ДАЙЫНДАУ ТӘСІЛІ

1. Алдымен етті турап, егер тауықтың еті болса қалыңдау, сиыр / қойдың еті болса жұқалап турап, майға қуырып, аздап тұз сеуіп, аздап су құйып бұқтырып қойыңыз. Сіз өзге өнімдерді турап дайындап болғаннан соң, отты жоғарылатып, тезірек суын кетіріп, қуырылған тауық етіп табадан түсіріп аласыз.

2. Ет пісіп жатқанда, тоңазытқыштан тапқан барлық көкөністерді ұзынынан турап, салат жапырақшасын жуып, тазалап дайындап қоямыз.

3. Артынша картопты теркадан өткізіп, крахмалы шығу үшін жақсылап суық суда жуып, салфеткада кептіреміз. Біраз суы кепкеннен кейін қатты қызып тұрған майға салып, араластырып тұрып қызарғанша пісіріп аламыз да, майы сіңу үшін салфеткаға түсіреміз. (Картопты дайындаудың әртүрлі тәсілі бар, өзіңізге ыңғайлысын таңдап алыңыз, теркадан өткізу міндетті емес. Тіпті дайынын дүкеннен сатып ала салсаңыз да болады.)



4. Бәрі дайын болғанда лавашты алып, дөнерді жинауды бастаймыз.



5. Лаваштың үстіне салат жапырақшасын қойып, үстіне ет пен барлық көкөністерді жинап шығасыз. Майонез бен кетчупты қалауыңызша қосасыз. Мен тек екі рет аз-аздан қостым. Ең үстіне картопты сеуіп, лавашты орайсыз.

6. Дайын дөнерді, духовкаға салып, екі жағынан қызартып аламыз. Духовка болмаса кәдімгі табаға астын аздап майлап жіберіп, екі жағын қыздырып аласыз.



7. Жеуге ыңғайлы болуы үшін фольгаға немесе пергамент қағазына орасаңыз болады.



ДӨНЕР ДАЙЫН! АС БОЛСЫН! 😋

P.S. Әріптер көп болғанымен, реалға келгенде дайындау көп уақытыңызды алмайды!

Тақырыбын "#Быстроивкусно: Döner kebab" деп жазғым келіп еді, «быстро и вкусноны» қазақшаға әдемі аудара алмай қойдым. Әдемі аудармаларыңыз болса пікір ретінде қалдыра отырыңыз.

ХХ ғасырдың "хит" болған гаджеттері

ХХ ғасырдың көзін көрген жандарда «хит» болған гаджеттер болмаған деп кім айтты? Өз заманында көптің арманы болған бұлар…

Бүгінгі таңда тұтынушыларды таңқалдыру өте қиын. Себебі, пайдалану арқылы өмір сүруді жеңілдететін нанотехнологиялар, робототехника және т.б. өнертабыстар екі күннің бірінде шығып жатыр. Мысалы: көлемі 8 МБ флешкасы бар «кірпіш» телефонды жаңалық деп айта алмыз ба? Әрине жоқ, бірақ бұл құрылғы өз заманында әлемді өзгерткен құрылғы болған. Сонымен, өткен ғасырда әлемді дүр сілкіндірген гаджеттермен танысайық.

1. Regency TR-1 – алғашқы қалта радиоқабылдағыш
Шыққан жылы: 1954 жыл.
Бұл қалта радиосы Texas Instruments және IDEA компанияларының жасаған жобаларынан пайда болған. Өз заманында бұл радиоқабылдағыштың құны 50 доллар болды, бірақ аз сатылған. Бірнеше жылдан кейін Sony бұдан жақсысын шығарғанымен, Regency TR-1 сол кездегі рок-н-ролл-дың патшасы болып қала берді.

2. Zenith Space Command – алғашқы теледидарды басқаратын сымсыз тетік (пульт)
Шыққан жылы: 1956 жыл.
Әлемге өте кең таралған қашықтықтан басқаратын сымсыз тетікті Zenith Radio Corporation компаниясы (бүгінгі күні LG Electronics) ұсынған. 1950 және 1955 жылдары шығарылған тетік үлгілеріне қарағанда сымсыз тетік өте ыңғайлы болған және жоғары сапада жұмыс істеген. Тетіктегі түймелерді басқан кезде құрылғының ішінде алюминий өзегіне соғылып, ультрадыбыстық сигналдар арқылы жұмыс істеген. Өзек сияқты төрт қана түймесі болған: «қосу», «өшіру», «дыбысты реттеу», «арналарды төмен және жоғары» ауыстырып қосу.

3. Lear Jet Stereo-8 – бірінші көлік магнитофоны
Шыққан жылы: 1965 жыл.
Бүгінде аз қолданылатын касеталарға арналған магнитофон «көлікте ән тыңдау» деген ұғымды алып келді. LearJet Stereo-8 алғашқы ойнатқыштары Ford маркалы автокөліктердің бір ерекшелігі ретінде пайда болды және бұл үлкен өзгеріс енгізді. Көлік жүргізушілері осыдан кейін, көлік айдағанда сүйікті әндерін тыңдай алатын болды. Бірақ, бұл күйтабақтардың ленталары қысқа болды, нашар естілді және ойнатқыш көп орын алды. Содан соң, 1970-жылдардың басында ықшам аудиотаспалар, кейінірек CD-дискілер пайда бола бастады.

4. Polaroid SX-70 Land Camera – алғашқы жедел баспасы бар фотоаппарат
Шыққан жылы: 1972 жыл.
Бұл құралдың линзасына қарап, түймені басасыз және фотосуретіңіздің қалай көрінетінін қадағалайсыз, барлығы өте қарапайым. Содан кейін, автоматты түрде дайын суретіңізді шығарып береді. Суретті көру үшін ұзақ уақыт күтудің керегі жоқ – ол дайын! Бұл гаджет осылай жұмыс істейтін болды. Сондай-ақ, бұл құрылғыға деген қызығушылық өте көп болды, тіпті бүгін де бүкіл адам осы гаджеттің дамыған түрлерін қолданады.

5. Texas Instruments SR-10 – бірінші көп функциялы шағын калькулятор
Шығарылған жылы: 1973 жыл.
1970-ші жылдардың басында Техас Instruments бірінші қалта калькуляторын ұсынған кезде бәрі қуанған. Алайда, 1973 жылы әлем SR-10 моделін көрді. Бұл кері шамалар мен квадрат түбірлерді есептеу функциясын қолдайтын алғашқы жинақы құрылғы болды. Егер бұл өнертабыс болмаса, мектепте математика сабақтары қанша уақытқа созылатынын елестету қорқынышты.

6. Sony Walkman TPS-L2 – бірінші күйтаспалық аудиоплеер және әлемдегі алғашқы жеңіл құлаққаптар
Шығарылған жылы: 1979 жыл.
Sony Walkman TPS-L2 плеері – электроника әлеміндегі жаңа дәуірдің бастамасы. Классикалық дизайны бар ықшамдалған құрылғы бүкіл әлем бойынша музыка әуесқойларының жүрегін жаулап алды. Сонымен қатар, компания құлаққаптар үшін екі ұясы бар алғашқы аудиоплеерлерді жасады. Бұл әлеуметтік музыкалық ойнатқыштардың дәрежесін түсіріп тастауға көмектескен.

7. Motorola DynaTAC 8000X – бірінші ықшамдалған ұялы телефон
Шығарылған жылы: 1983 жыл.
DynaTAC немесе «кірпіш» деп аталатын, салмағы бір келіден асатын гаджеттің бағасы 3 995 доллар болған. Бірақ, бағасына сай телефон ретінде сөйлесуге және сымға тәуелсіз болуды сыйлаған. Сондай-ақ, «кірпіш» ұстаған адамдардың 30 нөмірді сақтауға, бір сағат сөйлесуге мүмкіндігі болған.

8. Nintendo Game Boy – шағын ойын құрылғысы
Шығарылған жылы: 1989 жыл.
Шағын ойын құралы шыға салып бүкіл әлем бойынша миллиондаған балалардың арманына айналған. Ол алғашында Game Boy монохромды дисплеймен жабдықталған және сұр түсті корпусы бар дизайнда шығарылды. Кейінірек үлкейтілген және түсті дисплейі бар қуатты және ықшам нұсқалары пайда болды.

9. Sony DCR-VX1000-miniDV — бірінші сандық бейнекамера
Шығарылған жылы: 1995 жыл.
Sony DCR-VX1000 miniDV бейне түсіретін және жазбаны жіберуге мүмкіндік беретін бірінші камера болды. Құрылғының бағасы 4 000 доллар болған. Көп ұзамай бағасы бойынша қол жетімді модельдері пайда болды. Құрылғы арқылы түсірілген бейне сапасы оның алдындағыларынан әлдеқайда жақсы болды. Елестетіп көріңізші: егер ол болмаса қаншама тарихи бейнелерді көре алмас едік.

10. M-Systems DiskOnKey – ең алғашқы флешка
Шығарылған жылы: 2000 жыл.
Көптеген жылдар бойы адамдар ақпарат сақтау үшін таспаларды қолданыа келген. Ал саусақтай ғана көлемі бар «қойманың» пайда болуы таспаларды қолданыстан ысырып тастады. Себебі, 8-ден 32 МБ-ға дейінгі жады бар USB-флеш-жинақтауышты пайдалану оңай болды. Сонымен қатар, DiskOnKey гаджеті ақпараттарды бір құрылғыдан екіншісіне көшіруге мүмкіндік сыйлады. Міне, осы өнертабыстардың арқасында бүгінгі қарыштап дамыған технологияға жетіп отырмыз.

Құрметті оқырман, ойланып қарасақ, біз білмейтін дүние көп. Сондықтан, танымыңызды кеңейтетін ақпараттарды оқып тұрыңыз!

Дайындаған: Б.Мейірханұлы ERNUR.KZ.

​Балаңызға қандай ата-ана болып жүрсіз?

«Мен қандай әкемін (анамын)?» Бұл сұрақ сізді толғандыра ма? Жауабын білгіңіз келсе,…

«Мен қандай әкемін (анамын)?» Бұл сұрақ сізді толғандыра ма? Жауабын білгіңіз келсе, алдымен өз әрекеттеріңізді, балаңызбен арада қалыптасқан қарым-қатынасты саралап көріңіз. Қосымша астрологтардың сипаттамасын да ескеруге болады.

Тоқты
Тоқты әке балаларын шексіз жақсы көреді әрі оларды мақтан тұтады. Кез келген баланың тілін оңай табады, жақсы түсініседі, досы әрі кеңесшісі бола алады. Ал, Тоқты аналар көбінде қатаң принциптерді ұстанады. Ұл-қыздарының айтқанын екі етпеуін қалайды. Оларға өзгелерді емес, өзін бақылауға алып, аздап сабырлылықты үйренген дұрыс болар еді. Оған қоса, барлық жағынан бірінші болуды қалайтын Тоқты әйелдер өзгемен сайысса да, өз баласымен бәсекелес болмағаны жөн. Көбірек еркіндік беріп, өз жолын өзіне таңдату да олардың ақсап жатқан осал тұсы.

Торпақ
Торпақ-әкелер балаларға көп көңіл бөледі, сөйте тұра, көп нәрсе талап етеді. Өздері адалдық, шыншылдық, сенімділік үлгісін көрсете отырып, перзенттерін де осы қасиеттерге тәрбиелеуді мақсат тұтады. Торпақ аналар болса қамқор, сабырлы, асығыстыққа бой алдырмайды. Олардың балаларының үнемі қарны тоқ, киімі таза жүреді. Аталған белгі аясындағылар ұл-қыздарын барынша материалист қылып өсіруге тырысады. Нәтижесінде балалары дүниеқор, есепшіл болып шығуы әбден мүмкін.

Егіздер
Егіздердің ері үшін де, әйелі үшін де ата-ана болудың жүгі ауыр. Олар өздеріне уақыт пен көңілді көп бөлетіндіктен, өзгелерге аз қалады. Есесіне, перзенттеріне еркіндік көбірек тиеді. Балаларына сенім арта алады, тең дәрежеде сөйлеседі. Алайда, бала тәрбиесіне келгенде аса ұқыпты емес. Сол себепті де балаларының тиісті құрмет көрсетпеуі оларды таң қалдырмауға тиіс.

Шаян
Әдетте, олардан жақсы ата-ана шығады. Шыдамды, баланы шексіз сүйетін, кез келген мәселесі мен қызығушылығына ортақ бола алатын ата-ана. Шаян-әкелер қыздарына өте жақын болып келеді. Дегенмен, артық махаббатпен баланы тұншықтыру қаупі де бар. Оларға шектен тыс алаңдап, соңы бала еркіндігін шектеуге жеткізуі мүмкін. Тағы бір кемшін тұсы — Шаян белгісіндегілер өмірлік серігінен баланы жоғары қояды. Бұл жеке өмірге кері әсерін тигізуі ықтимал.

Арыстан
Арыстандардың балажандығы сонша, оларды жақсы көргенде өзін ұмытады. Өсіп келе жатқан бала бойындағы еш кемшіліктерді байқамайды, салдарынан түзету де болмайды. Ұрпағын бар қажетімен қамтамасыз етуге барынша тырысады. Осының бәрінен соң ұл-қызы өзіне құрметсіздік көрсете қалса, оған төзбейді.

Бикеш
Бикештер — тумысынан жауапты, байсалды адамдар. Олар бала алдындағы ата-аналық міндеттеріне де үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе, Бикеш-аналардың балаға деген қамқорлығы ерекше. Олардың қамын ойлап, тәртіп пен пайдалы әдеттерді бойларына сіңіруге көп күш салады. Алдымен пайдалы іс, содан соң барып ойын деген қағиданы қатаң ұстануды үйретеді. Ақыл-ой қабілетін жетілдіруді басты орынға қояды. Ал, Бикеш ерлерді «жақсы әке» деп бағалау қиындау. Балалардың шуы мен еркелігін көтере алмайды, тынымсыздығына шыдамы жетпейді.

Таразы
Олар баланы қаталдау тәрбиеде ұстайды. Адамдарды құрметтеуді, олармен тығыз байланыста болуды үйретеді. «Адамның күні адаммен» дегенді жастайынан ұқтырады. Таразы белгісіндегілер — үйдегі үйлесімділікке ұмтылады және оны орната да алады. Ұл-қызының шаруасына көп араласа бермейді, алайда тәртіп пен тазалық сақтау — балаларға қояр басты талабы. Бұл белгі аясындағы ата-аналар ішінде көпбалалылар сирек кездеседі.

Сарышаян
Әдетте, Сарышаяндар үлкен отбасының отағасы не отанасы болады. Көпбалалы болғанды ұнатқанымен, оларға үлкен отбасыны басқару, отбасылық гармония орнату қиынға түседі. Билік пен мансапты ұнататын Сарышаяндар перзенттеріне қатаң талаптар қояды. Себебі біреу — сол арқылы жетістікке жеткендерін көріп, мақтан тұту. Жас өскінмен қарым-қатынаста оларға жұмсақтық пен төзімділік жетіспейді. Сарышаянның шексіз атаққұмарлығы баласына да беріледі.

Оқи отырыңыз: 2019 жыл: Қаңтар айына арналған жұлдызжорамал

Мерген
Олар — тамаша ата-аналар. Отбасы мүшелерімен достық қарым-қатынас орнатып, баламен жақсы тіл табыса алады. Сөз және іс көмегін аямайды. Ата-аналық міндетін атқару оларға түк те қиындық туғызбайды. Қонақжай Мергендердің үйінде алыстан келген туыстар ғана емес, көрші-көлемнің балалары да у-шу болып жатады.

Тауешкі
Олар үшін тиянақтылық, тұрақтылық, тәртіп пен реттілік бірінші орында. Үй-тұрмыс пен отбасылық істерге қатысты шешім қабылдауда түйсікке көп сүйенеді. Бала тәрбиесінде ескіден келе жатқан дәстүрлі тәсілдерге сенім артады. Отбасы мүшелерінің басын жиі қосып, отбасылық дәстүрлерге құрметпен қарайды. Тауешкі ата-аналарға баламен қарым-қатынаста сезімталдық жетіспей жатады. Сол себепті де жақын досына айналу, олардың мәселелері мен сырына қанығу қиынға түседі.

Суқұйғыш
Суқұйғыш белгісіндегі ата-аналар үйде шығармашыл, жылы шырайлы достық атмосферасын орната алады. Ұл-қызына еркіндік беріп, дербестікке, өз бетінше әрекет етуге баулиды. Тең дәрежеде сөйлеседі. Олардың бойындағы кең қызығушылық шеңбері балаларына да сіңеді. Мұндай ата-ананың бала алдында беделі биік, сенімге ие. Өзара түсіністік пен жылы қарым-қатынас орната біледі.

Балықтар
Балықтар — қамқор, ұқыпты ата-аналар. Балаға қаталдық таныта алмайды, асты-үстіне түсіп мәпелейді. Бала-шағаның еркелігі мен өтінішіне «жоқ» дей алмай, бар айтқанын орындаумен әлек болады. Ол үшін қандай да бір құрбандыққа бару қажет болса, барады. Баланың тұлғалық және рухани дамуына баса мән береді. Оған қоса, өзі бала кезінде қол жеткізе алмаған армандарын ұл-қызының балалық шағында жүзеге асыруға тырысады.

Оқи отырыңыз: Үй шаруасымен қатар жаттығу да жасай жүріңіз

Аударған: А.Бектұрғанова, ERNUR.KZ

Әлем халқын өзіне шақырған орындар

Кез-келген адамдар өзге елге демалысқа барғанда өмір бойы естен кетпейтін қызықты орындар мен көрікті жерлерге баруға тырысады.

Таңғажайып табиғи көріністер мен көрнекті сәулет ескерткіштерінен басқа, саяхатшылардың негізгі бөлігі елдің мәдениетін көрсететін орындарға барады, мысалы, әлемдік өнердің ұлы жауһарлары сақталған атақты мұражайлар немесе сурет галереяларына.
Бүгін біз әлемнің ең атақты галереялары туралы айтып береміз.

1.Чехиядағы Әулие Йржи галереясы – бұл мұражай-галерея Чехиядағы Бенешов қаласы, Конопиштаның керемет қамалында, Прагадан оңтүстік-шығысқа қарай елу шақырым жерде орналасқан. Осы қуатты мұнаралары бар көне қамал-бекініс ғимараттары Әулие Йржи атындағы мұражайға берілген. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған төрт мыңнан астам қызықты жәдігерлер: XV-XIX ғасыр аралығындағы ұлы суретшілердің картиналары, таңғажайып мүсіндер, ағашпен өрнектеліп, әшекейленген заттар, өзге де сәндік-қолданбалы өнер туындылары сақталған.

2. Германиядағы Дрезден галереясы – Дрезден қаласындағы ескі ауданында орналасқан. Дрезден сурет галереясы бес ғасырдан бері жұмыс істеп, жыл сайын үздік суретшілердің Ұлы әлемдік жауһарларымен толығып келе жатыр. Бірақ, 1945 жыл – осы сурет галереясы үшін қайғылы болған, өйткені ағылшын-американ авиациясының бомбамен жарғылауы кезінде ол ішінара қираған және көптеген суреттер жойылып кеткен. Бүгінде мұнда арнайы қорда сақталатын, тамаша жәдігерлерге толы елу зал және әлемдік мәдени мұраның ғажайып бөлігі болып есептелетін үш мың сурет бар.

3. Германиядағы заманауи өнер галереясы – Дюссельдорф қаласында 1967 жылы салынған «Кунстахалле» көрме орталығында орналасқан. Арт-орталық ғимаратын бастапқыда дайын бетон блоктарынан салған, ал ол қайта құру нәтижесінде өзінің бүгінгі кескініне еніп, 2002 жылы жаңа кейіппен өз есігін қайта ашқан. Мұнда ақпараттық бөлімше, билет кассалары, мейрамханалары сияқты жаңа қызмет орталықтары да пайда болды. Ең қызығы – бұл галереяда тұрақты жәдігерлер жоқ, себебі мұнда қазіргі заманның жаңа талантты суретшілерінің көрмелері үнемі өтіп тұрады.

4. Ресейдегі XIX-ХХ ғасырлардағы Еуропа және Америка елдерінің өнер галереясы – бұл 2006 жылы Мәскеуде ашылған А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының бір бөлімі. Мұнда XIX-ХХ ғасырлар суретшілерінің суреттері сақталады. Галерея залдары тақырып бойынша бөлінеді. Мұнда неміс кескіндеме мектебінің шеберлерінің, он тоғызыншы ғасырдың басындағы, Делакруа мен Энграның суреттері орналасқан залдар бар. Сонымен қатар, француз импрессионистерінің, постимпрессионистерінің, жиырмасыншы ғасырдың басындағы суретшілер: Моне, Ренуар, Дега, Сезанн, Тулуз-Лотректердің көркем туындылары орналастырылған жеке залдар бар.

5. Канададағы «Кэритон» сурет галереясы – Колумбия аймағындағы Абботсфорд қаласында орналасқан. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы Британдық Колумбияның туындыларын, жергілікті суретшілердің қызықты жұмыстарын ұсынып келеді. Осы жылдар ішінде бұл галереяда үш мыңнан астам көрме өткен. Галереяда әрдайым адам көп болады, оның үстіне кіру тегін.

6. Арменияның Ұлттық галереясы – бұл атақты мұражай Ереван қаласында орналасқан. Ол толығымен бейнелеу өнеріне арналған. Бұл көркем галерея посткеңестік аумақтағы ең үлкен ғимарат, сондықтан ол елдің ұлттық игілігі болып саналады. Галерея 1921 жылы құрылған, бүгінгі күні мұнда әлемнің ұлы суретшілерінің отыз бес мыңнан астам суреттері сақталып тұр. Армян, орыс, француз, голланд, испан, итальян және неміс мектебінің туындылары өте көп. Сондай-ақ, галереяда Айвазовский шығармаларының толық жинағы, Рубенстің тамаша жауһарлары, Ван Дейк, Руссо, Гойи еңбектері бар.

7. Ұлыбританиядағы Далвичтің сурет галереясы – бұл әлемнің ең қызықты сурет галереяларының бірі және Лондонның тамаша көркем мұражайы, 1817 жылы арнайы салынған. Сәулетші Джон Соун ғимараттың залдарын тығыз байланысын көруге болатындай етіп орналастырған. Коллекцияның негізгі бөлігі – XVII-XIX ғасырлар кезеңінің картиналары, бірақ мұнда басқа дәуірлердің жәдігерлері де бар. Келушілер Рембрандт, Антуан Ватто, Бартоломе Эстебана Мурильо, Пауля Рубенс, Рафаэль туындыларымен таныса алады.

8. Чехиядағы «Иезуит» колледжі алдындағы галерея – қызықты, тарихи сәулет өнері Кутна-тауы қаласында орналасқан. Он сегізінші ғасырдың басында ашылған галерея ғимаратының жобасын италиялық сәулетші Орси әзірлеген. Құрылысы қызықты: он екі қасиетті мүсіндермен әшекейленген, оның ішінде: Әулие Жохан Непомук, Әулие Варвара, Әулие Иосиф, Әулие Франтишек Ксаверский, Ұлы Әулие Карл мүсіндері бар. Әрбір мүсіннің астында осы тұлғалардың ерекшелігі, мүсіннің жасалған күні көрсетілген жазулар бар. Яғни, бұл галерея қаланы безендіріп қана қоймай, туристерге Чехияның тарихын баяндайтын тарихи ескерткіш болып тұр.

9. Словенияның Люблянадағы ұлттық галереясы – елдегі ең ірі, көркем, әрі әлемнің қызықты галереяларының бірі. Мұнда словениялық және еуропалық суретшілердің көптеген көне туындылары, әртүрлі стильдер мен жанрлық бағыттарда жинақталған. 1918 жылы ашылған галерея әртүрлі бағыттарға арналған бірнеше залдарға бөлінген: неоклассицизм, реализм, импрессионизм. Сонымен қатар, Қайта өрлеу дәуірінің мүсіндері де сақталған.

10. Дублиндегі Ирландияның ұлттық галереясы – әлемдегі ең ірі ирланд кескіндеме коллекциясы орналасқан сурет галереясы. Галерея ғимараты 1864 жылы қаланған және ашылған кезде 125 қана сурет болды, бірақ бұл жердің танымалдығы өсіп, көптеген қарапайым адамдар мен суретшілер осы жерге сый түрінде картиналарын берген. Бүгінгі таңда галерея он төрт мыңнан астам картинаға ие. Мұнда графика, мүсіндер, ескі жиһаз, фотосуреттер және басқа да өнер туындылары бар және кіру тегін.

Осыны оқығаннан кейін Сіз жоғарыда аталған елдердің бірінде болсаңыз, сол елдің халқын, тарихын және мәдениетін таныта алатын тарихи галереяларды бағамдай аласыз деп үміттенеміз.

Дайындаған: Б.Ерман, ERNUR.KZ.

Су болған аяқкиімді КҮРІШ пен ТҰЗ әп-сәтте кептіріп береді

Әрбір отбасының асүйінен табылатын тұз бен күріш, ас содасының тағамнан да өзге нәрселер үшін пайдасы орасан.

Биылғы ауа-райы қыстан гөрі көктем мен күздің жаңбырлы күндерін көбірек еске түсіріп тұр. Ал мұндай күндерде үстіміздегі киімнен бұрын аяқкиімнен бірінші су өтетіні сөзсіз. Сырт киімдердің су болғаны қорқыныш емес, өзгесін ауыстырып ала қоясың, ал аяқ киімнің бір маусымға екі-үш жұбын алып қоюға көпшілігіміздің шамамыз келе бермесі анық. Сондықтан су болған аяқ киімді тез арада кептіріп ала қою қажет.Ол үшін не істеу керек?
Мұның бірнеше ерекше тәсілдері бар. Соның ішінде аяқкиімді бүлдіріп алмай үй жағдайында қолда бар заттармен тез құрғатудың бірнеше құпиясын біле жүріңіздер.

Аяқ киімді дұрыс әрі тез құрғату үшін бірнеше кеңестерге назар аударған жөн.
1. Былғарыдан жасалған аяқ киімдер ылғалды көтере бермейді. Суға түсе берген соң олардың бастапқы қалпы тез өзгеріске ұшырайды. Сондықтан аяқкиім су болып, ішіне су кірген жағдайда бірден шешіп, құрғатқан жөн.

2. Аяқкиім бүлінбей ұзақ киюге жарау үшін, оны қоятын жер ауа айналатын болуы керек. Бірақ аяқкиім тұрған жердің ауасы тым жоғары болмағаны жөн. Себебі жоғары температурада аяқкиім тез бүлінеді. Бір жағы созылса екінші жағы тарылып қалады. Сондықтан ыстық пеш пен батареяның үстіне, жанына жаюға болмайды.

3. Кептіруден алдын ішіндегі ұлтарақты және бауы бар болса оны да шығарып, аузын барынша ашып қою керек. Ұлтарақ пен бауды батареяға жайып бөлек кептіріп алған жөн.

Газет пен ас содасы арқылы кептіру

1. Аяқкиімді ішінен тез кептіру үшін газет пен ас содасын пайдаланамыз. Мұндай тәсілден аяқ киім кештен таңға дейін-ақ кеуіп қалады. Ол үшін газетті түйіршіктеп аяқ киім ішіне салу керек. Мұндай газеттің беттері жылтыр болмағаны жөн. Газеттерді 3-4 сағат сайын ауыстырып отыру керек.

2. Ас содасын шұлықтың ішіне толтырып алып, аяқкиімнің ішіне салу керек және 3-4 сағат сайын ауыстыру қажет. Сондай-ақ ас содасы ішіндегі жағымсыз иісті де жояды.

Тұзбен құрғату

Ас тұзымен аяқкиім кептіру ерекше тәсілдердің бірі. Тұзды табаға салып орташа отта қыздырып капрон шұлыққа салу керек. Тұздың ыстық емес жылы болғаны дұрыс. Шұлықтың аузын жақсылап бекітіп, аяқкиімнің ішіне салып қою қажет. Егер тұз суып қалып, аяқкиім әлі де дымқыл болса, қайталап ысытып жіберу керек.

Күрішпен кептіру
Ылғалды жақсы тартатын заттардың біріне кәдімгі күріш жатады. Ол үшін қорапқа 3-4 см болатындай етіп күріш салынады. Аяқкиімнің табанын жоғары қаратып, аузын барынша ашып, күріш салынған қорапқа салу керек. Мұндай тәсілмен егер аяқкиім қатты су болмаса бөлме температурасында 3-4 сағатта-ақ құрғап қалады.
Сонымен бірге аяқкиім кептіруге арналған арнайы электр құрылғылары да бар. Олар кішкене кілемше және аяқкиімді іліп қоятын ілгіші бар ұзын түтікше түрінде болады. Бұл екеуін дүкендерден қолжетімді бағаға алуға болады. Электр тогы арқылы жұмыс істейді.

Тағы бір түрі — ультракүлгінді кептіргіш. Мұның бағасы сатылымда қымбат. Бірақ аяқкиім қандай ылғалда болса да 3-4 сағатта құрғатып береді әрі түрлі аяқ тері ауруларының болмауына септігін тигізеді.
Міне, кішігірім құпиялары осы. Аяқкиімдеріңізден су өтпесін! Әрдайым құрғақ та жылы жүргенге не жетсін?!

Дайындаған: Э.Базарбаева, ERNUR.KZ

3 күнде 5 кг-ға арықтататын Диеталар - ТОП-10

Бұл диета түрі 3 күнде жүзеге асады. Бір күн бойы тек қана 1 дана қайнатылған жұмыртқа мен 300 гр сүзбе жеу керек. Қатаң диета болғанымен, нәтиже сізді қуантады: 3 күнде 5 кг тастай аласыз.

Ежелден-ақ нәзікжандыларды, тек олар ғана емес, артық салмақпен күресіп келе жатқан барлық адамзатты ойландырып келе жатқан сауал бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол «Артық салмақтан қалай жылдам әрі тиімді жолмен арықтауға болады?» деген сұрақ.
Аз уақыттың ішінде денсаулыққа кері әсерін тигізбей, артық салмақтан арылтатын диета түрлері де көптеп жазылып жатыр.
Шындығында әркімнің ағзасының ерекшеліктеріне орай, әр түрлі диетаны ұстану маңызды. Маманмен кеңесу де өзіңіз үшін ыңғайлысы болмақ. Диетолог мамандарының айтуы бойынша ең ыңғайлы және жылдам салмақ тастауға сеп болатын зиянсыз диетаның 10 түрін ұсынамыз.

1. Голливуд таңдауы
Диетаның бұл түрі әлем жұлдыздарының арасында кең тараған. Диетаның ұзақтығы ЕКІ апта. Бұл диетада сіз тұз, қант және майдың қандай түрі болса да өте аз мөлшерде тұтынуыңыз қажет. Сонымен қатар, ұннан жасалған өнімдерден екі апта бас тартуыңызға тура келеді. Нәтижесінде 2 аптада 7 кг салмақтан арыла аласыз.

2. Қырыққабат-қорғаушы
Қырыққабаттың пайдасын тәптіштеп жату қажет емес. Қырыққабаттан жасалған майсыз тағам түрлері және қырыққабат салаты ның кез-келген түрі диетаның басты мәзірінде болуы шарт. Нәтижесі сізді қуантады. 1 аптада 5 кг-нан арыласыз!

3. Үш күнде керемет нәтиже
Бұл диетаға 9 күніңізді арнайсыз. 9 күнді 3 бөлікке бөліп, 3 саты бойынша жүзеге асырасыз. Алғашқы 3 күн: тек қана күріш тұтынасыз (салат, тағам түрі, кез-келген күріштен жасалған азық). Суды қалағаныңызша ішесіз. Бірақ, күріштен өзге майлы, ұн өнімдерін қолдануға болмайды! Екінші үштік: тек қана картоп. Қайнатылған картоптан жасалған тағам түрлері. Үшінші бөлікте: түрлі көкөністер. Кез-келген көкөністерді талғажу ету арқылы 9 күндік диетаны аяқтаймыз. Нәтиже: 7 кг-нан 9кг-ға дейін арықтауға болады.

4. Қарақұмық диетасы
Қарақұмық ағзаны шлактардан тазартып қана қоймай, артық майлармен де күресуге қауқарлы. Қарақұмық жармасын қайнату шарт емес, қайнаған суға 3-4 сағат бұқтырып қойсаңыз, тағамыңыз дайын. Ешқандай қоспасыз осы ТАҒАМДЫ тұтынсаңыз, 1 апта ішінде 5 кг-нан құтыласыз.

5. Сорпа диетасы
Өзіңіз сүйсініп ішетін сорпаның ішіне май, кеспе, картоп салмайсыз. Тұзды да аз мөлшерде салыңыз және нансыз ішу жылдам нәтижеге жетуге бастайды. 4-5 кг-нан сорпа ішіп жүріп-ақ арыла аласыз.

6. Модельдер үшін арнайы
Бұл диета түрі 3 күнде жүзеге асады. 1 күн бойы тек қана 1 дана қайнатылған жұмыртқа мен 300 гр сүзбе жеу керек. Қатаң диета болғанымен, нәтиже сізді қуантады: 3 күнде 5 кг.
7. Жемістер шырыны
Егер осы диета түрін таңдаған болсаңыз, сізден шыдамдылық талап етіледі. Өйткені, күні бойы 3 мезгіл апельсин, грейпфрут және лимон шырынын ішуіңізге ғана рұқсат. Қалған уақыттарда тек қана таза су ішуге болады. 3 күнде 5 кг.

8. Экспресс-диета
Бұл диетада азықты аз тұтынумен қоса, кешкі астан бас тарту ұсынылады. Бір күн бойы ұсынылған тағамды жей аласыз, тек кешкі ассыз. Бірақ, кешкі сағат 18:00-ге дейін: Таңғы ас: қайнатылған 1 дана жұмыртқа мен бір кесе қантсыз шәй. Таңғы ас пен түскі астың аралығындағы уақытта 200 гр сүзбе немесе майсыз айран. Түстік: буға пісірілген 150 гр тауық еті немесе балық, көкөніс салаты, жеміс. Кешкі ас: қантсыз шәй. Диета 5 күн жалғасып, 6 кг-нан арылтуға септігін тигізеді.

9. «Аштық жариялау» күндері
Ең жылдам диета түрі. Бұл диета 3 күнде 5 кг-нан арылтады. 3 күннің алғашқы және соңғы күні диетаға кіру және шығу күндері. Бірінші күн ағзаны аштыққа дайындап, соңғы күн тамақтану режиміне оралуға көмектеседі. Бұл күндері жеміс пен көкөністер жеуге ғана рұқсат етіледі. Диетаның екінші күні тек қана су ішіп, негізгі аштық күні болып есептеледі. Диетадан соң ақырындап тамақтану рационыңызды байытуыңызға болады.

10. Айран диетасы
Диетаның бұл түрі жылдам ғана емес, денсаулық үшін де пайдалы. Айранның құрамындағы дәрумендер мен микроэлементтер ағзаны тазалап, зат алмасуды реттейді. 1 апта бойы жалғасады. Күн сайын 1,5 литр айран ішу керек. Нәтижесінде 4-5 кг салмағыңызбен қоштасасыз.

Дайындаған: Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА, ERNUR.KZ

ЖАЛҒЫЗДЫҚтан құтылу үшін не істеу керек?

Ол 40 жасқа келсе де сүрбойдақ жігіт еді, жақында үйленді. Сонымен, ол бойдақтықпен қоштасып,отбасы құрғысы келетін қыз-жігіттерге былай деп кеңес береді…

2019 жылы жүрегіңіздің қалауын, екінші жартыңызды тапқыңыз келе ме? Онда ең бірінші психологияңызды өзгертіңіз! Қалай?

Психологтар қандай да сұрағыңыздың жауабын сол нәрсені бастан өткізіп, белгілі бір нәтижеге жеткен адамнан ғана таба аласыз дейді. Осы орайда мен «Жалғыздықтан қалай құтылуға болады?» деген сауалымды Нұржан есімді танысыма қойған едім. Ол 40 жасқа келсе де сүрбойдақ жігіт еді, жақында үйленді. Сонымен, ол бойдақтықпен қоштасып, отбасы құрғысы келетін қыз-жігіттерге былай деп кеңес береді:

КЕҢЕС: Бірнеше жылда қаншама әйелмен танысып, сөйлесіп олардың психологиясын бес саусақтай біліп қалдым деп айта аламын.
Әйелдер психологиясын сәл-пәл өзгертпесе, олар ешқашан жалғыздығын ұмыттырар еркекті таппайтынын айтқым келеді.
Осы тұста мен оң жақта отырып қалған қыздарға және жалғызбасты әйелдерге ой саларлық мына бір тәмсілді айтқанды жөн санап отырмын. Бұны бір отырыста естіп едім. Бұл тәмсілде былай делінеді:
Қалалардың бірінде тұрмысқа шыққысы келетін қыз-келіншектерге арналған ерекше дүкен ашылыпты. Бұл дүкенде тек еркектер сатылады. Кез келген әйелге дүкен есігі ашық. Олар өздерінің талабына сай келетін күйеуді тауып таңдап, сатып ала алады. Дүкенге кіретін есіктің маңдайшасында төмендегідей 4 ереже жазылыпты.
1. Дүкенге тек бір-ақ рет кіре аласыз және бір рет аралаған қабатқа қайта орала алмайсыз.
2. Дүкенде 6 қабат бар. Қабат жоғарылаған сайын ондағы еркектердің сапасы мен бағасы да арта береді.
3. Өзіңізге ұнаған еркекті алғаннан соң дүкеннен шығарыласыз, яғни келесі қабатқа өте алмайсыз.
4. Дүкеннен бір ғана еркек сатып аласыз.
Бір әйел осы дүкенге келіп, өзіне күйеу іздемек болады. Бірінші қабаттың есігіне «Жұмысы ғана бар, мүлде үйленбеген жігіттер» деген жазу ілініпті. Оны оқыған әйел бірінші қабатты жөн көрмей, бірден екінші қабатқа көтеріледі.
Екінші қабаттың есігінде «Жұмысы бар ажырасқан еркектер» деп жазылып тұр. Әйелдің іздегені басқа болса керек, ол үшінші қабатқа қарай бет алады. Мұнда есіктің сыртына «Қызметі бар, ажырасқан, келбетті, сымбатты еркектер» деп жазылғанды оқыған әйел іздегенін тапқандай біраз ойланып тұрып қалады. Бірақ, ол есіктен кірместен төртінші қабатқа көтеріледі.
Дүкеннің төртінші қабатында «Қызметі бар, көрікті, өте сымбатты, асүй тірлігін ұршықша иіре алатын еркектер» деп жазылып тұр екен. «Керемет қой мынау» деген әйел өз ойымен келісе алмай бірер минут кідіріп тұрады, жылдам бесінші қабатқа көтеріледі.
Ал, бесінші қабатта «Қызметі, үй тірлігіне ебі бар ажырасқан және баласы бар, аса сымбатты романтик еркектер» деген жазу тұр. Есіктің тұтқасын ұстап кірмек болады. Қайтадан атқа шегініп, қайтадан алға ұмтылып ойланып қалады. Сосын оның «Жоқ, бұдан жақсысы керек маған» деген психологиясы алтыншы қабатқа жетелейді. Ой жетегіне ерген әйелдің алтыншы қабатқа көтеріліп келе жатып, осымен дүкеннің соңғы қабаты аяқталатынын ойлайды. «Артқа жол жоқ. Қандай болса да осы қабаттан бір еркекті алуым керек» деп өзін-өзі іштей көндіріп келеді. Алтыншы қабаттың есігіне жақындағанда басын көтеріп жазуды оқуда біраз қобалжиды. Батылданып көзін жоғары көтереді.
Ал, алтыншы қабаттың есігінде былай деп жазылып тұр екен: «Сіз – бұл қабатқа көтерілген №42356072 әйелсіз. Біздің дүкенімізге келгеніңізге алғысымызды білдіреміз».
Ашуы келген әйел «Неге бесінші қабаттағы еркектер арасынан таңдай салмадым. Жо-жоқ, үшінші қабаттағы да еркектер болар еді ғой» деп өзін жазғырады. «Мейлі, бірінші қабаттан-ақ сатып алайын» дегенімен, дүкен ережесі бойынша ол алтыншы қабаттан соң сыртқа шығарылады.
Қызық болғанда, бұл дүкенге кірген әйелдің барлығы дерлік алтыншы қабатқа дейін көтеріліп, басқа қабаттардың есігіндегі сөздерді ғана оқыған екен.
Осы мысал мен танысқан әйелдерді елестетеді маған. Кейбір әйелдердің жасына, сыр-сымбатына қарамай қарапайым еркектерге мұрын шүйіргеніне ашуым келеді. Әйелдердің сұранысын қанағаттандыру мүмкін емес қой. Расында, олар өздеріне қандай еркек керек екенін де білмейтін секілді. Немесе өздеріне ешкімді тең көрмейді. Әрине, мен барлық әйелге топырақ шашудан аулақпын. Мүмкін, маған тек сондай талабы мен өзіне деген сенімі тым жоғары әйелдер жолыққан шығар?!
Ал, еркектердің қалауы әйелдердікі секілді емес. Еркекке қандай әйел керек? Тек жаны мен тәнін бірдей жылытатын әйел болса жетеді. Ол үшін еркек тауды қопарып, ол үшін бәріне дайын болады. Әйтсе де, әйелдер бұны түсіне бермейтіні өкінішті. Менің мысалым әлі аяқталған жоқ. Әлгі әйелдерге арналған дүкеннің қарама-қарсы бетінде еркектер үшінде дүкен ашылыпты. Мұндағы ереже де әйелдерге арналған дүкендегідей. Бұл дүкен де алты қабаттан тұрады.
Бірінші қабатында «Тәні сұлу әйелдер» деп жазылып тұр екен. Екінші қабатта «Тәні де, жаны да сұлу, баласы бар әйелдер» деп жазулы. Ал басқа қабаттардың есігінде қандай жазу бар екенін еркектердің ешқайсысы білмейді екен. Өйткені ешкім екінші қабаттан жоғары көтерілмеген екен.
Бұл мысал әйел мен еркек психологиясының бір-біріне мүлде ұқсамайтынын білдіреді. Олардың қажеттіліктері, қалау тілектері де түрліше
Мысалдың өмірден алынғанына шүбәм жоқ. Әйелдер мысалдағыдай, «бұдан да жақсысы жолығып қалар?!» деп, біреуіне тоқтамай танысып уақытын созып жүре береді. Ал, біздің – еркектердің талабы екінші қабаттан аспайды. Дегенмен, дүкеннің алтыншы қабатына дейін көтерілетін әйелдер сияқты жігіттер де жоқ емес. Оларға және күйеу іздеген әйелдерге «2019 жылды да жалғыздықпен өткізгілеріңіз келмесе, психологияларыңызды өзгертіп, сәл төменгі қабатқа түсіңіздер» деп айтқым келеді.
Әрине, менің психологиямда да кемшіліктер болды. Ол кемшілік – «Мінсіз қыз іздеу» еді. Бір күні танысқан жас бір қызға кемшілігін айтып едім, ашуланды. Сосын ашуын смс-пен былай деп жазып жіберді: «Ханшайымды кездестіргіңіз келсе, алдымен өзіңіз Ханзада болыңыз. Мінсіз қызды іздейсіз-ау, ал өзіңіздің мініңізді көрмейсіз. Айнаға жақсылап қарасаңызшы, көз айналасында әжім, шашыңызға ақ түскен, тісіңізден-ақ қанша жасқа келгеніңіз көрініп тұр. Талабыңызды жоғарыдан сәл түсірмесеңіз, сіз ешқашан үйленбейсіз».
Өзімнен 15 жас кіші қыз осылай жазып жіберді. Бұл маған ой салды. Шынында, талабым тым жоғары екен. Айнаға қарадым да, талабымды төмендеттім. Сол арқылы психологиям да өзгерді. Жақсы қыздар көп екен ғой. Мен бақытымды таптым. Талабы мен психологиясын өзгерткен кез келген бойдақ жігіт пен «кәрі қыз» да осы жылы міндетті түрде отбасы құратынына сенімдімін» дейді.

Иә, оқырман, суда жүріп шөлдеген балықтай болмаңыз. «Суда жүріп шөлдеген балық» деген нені білдіреді? Яғни, бақыттың ортасында жүріп, бақытты басқа планетадан іздеп шатаспаңыз.

Табиғат ҚАЛЫБЕК, ERNUR.KZ

Жұлдызнама: Сізге қай асыл тас сәттілік әкеледі?

Асыл тасты әшекей бұйым таңдарда жұлдызшылардың айтқанына құлақ асқан артық болмайды.

Асыл тастарды жай әшекей үшін тақпаңыз. Өзіңіздің жұлдыз белгіңізге сәйкес келетінін таңдаңыз. Сонда ол сізді келеңсіз жәйттен сақтап, сәттілік әкеледі, тағдырындағы оң өзгерістерге ықпал етеді дейді болжамшылар. Ендеше, асыл тасты әшекей бұйым таңдарда жұлдызшылардың айтқанына құлақ асқан артық болмайды.

Тоқты
Бойында ашушаңдық пен қызуқандылығы, өзімшілдігі басым Тоқтыларға ұстамдылық сыйлайтын тастар таққан абзал. Айталық, әйел Тоқтылар жасыл түсті гауһар, анартас, ақшыл көк түсті аметист, циркон, қызыл түсті яшма таңдағаны дұрыс. Ал, Тоқты ерлерге анартас пен аметист тастары сәйкес келеді. Сондай-ақ, Тоқтыларға бақыт әкелетін тастың бірі — гаухар. Барлық ісінің сәтті жүзеге асуына сеп болып, аурудан, келеңсіз жәйттер мен көз өтуден сақтайды.

Торпақ
Торпақтар үшін бақыт тасы — аспан түстестер. Айталық, көгілдір ақық, жақұт тастары. Олар иесін, оның басындағы бағын көз тиюден сақтайды. Отбасына береке, жанына тыныштық, өміріне мамыражайлылық сыйлайды. Алайда ақықты тек 30 жасқа толмағандардың ғана таққаны абзал.

Егіздер
Егіздер белгісінде туылғандарға ұсақ көзді гаухар, топаз, зүбаржат тасы бар, артық безендірілуілері жоқ бұйымдар таққаны жөн. Оларға дәп осы тастар сәттілік әкеледі. Әйел Егіздер зүбаржат тасынан әшекей тақса, уайымшылдықтан арылып, салқынқанды болуды үйренеді. Ай тасын тақса, шаршауы басылып, көңіл-күйі үнемі көтеріңкі жүреді. Ал, Егіздер белгісіндегі ерлерге александрит тасы сабырлылық пен үйлесімді өмір сыйлайды.

Шаян
Шаянның асыл тасы — інжу, маржан, құлпырма тас, ай тас. Аталған түрлер оларға бақыт әкеледі. Нәзік жанды Шаяндарға астрологтар маңызды шешім қабылдар алдында маржан тасты әшекей, ал мансап қуағндар аметист, агат тастарын тағуға кеңес береді. Ерлерге келетін болсақ, оникс және қара агат тастары өзіне деген сенімділігін арттыратынын білген жөн.

Арыстан
Арыстандар үшін әшекей бұйымдарға келгенде алтыннан артығы жоқ. Сонымен қатар, лағыл, топаз және гаухар тасты зергерлік бұйымдар да пайдалы. Әрдайым өз ортасында беделін көтеріп, ерекшелендіріп тұрады. Әйел Арыстандар үшін анартас, топаз және лағыл тастарының да орны бөлек болуға тиіс. Ерлер үшін жұлдызшылар сәттілік шақырып, пессимизмнен арылтатын, еркектік қуатты арттыратын қызғылт-сары ақықты ұсынады.

Бикеш
Бұл белгіде туылғандарға көкшіл түсті нефрит минералы бақыт пен сәттілік әкеледі және сырт көздердің сұғынан қорғайды. Агат тасы тартымдылығын арттырып, энергетикасын жоғалтуына тосқауыл болады. Зүбаржат Бикештің отбасылық қарым-қатынасын қызғыштай қорыса, жақұт тасы бақытын еселейді. Бұл — нәзік жанды Бикештерге қатысты. Ал, үнемі эмоциясын жасыруға тырысып жүретін Бикеш-ерлер үшін лазурит көк тасы, яшма пайдалы.

Таразы
Таразы белгісінде туылған қыз-келіншектердің өміріне гаухар тасты жаңа бұйым міндетті түрде жаңа өзгерістер әкеледі. Сондай-ақ жақұт және жасыл ақық тастары сәттілік сыйлайды. Малахит тасы тартымдылығын арттырса, аметист жаман ойлардан арылтады. Көгілдір ақық таққан Таразылардың өмірінде гармония орнап, жан-жақты қабілеттері ашыла түседі. Ерлер үшін ең тиімдісі — ішкі күш-қуатты арттырып, келеңсіз жағдайлардан сақтайтын жылтыртас, аквамарин, үнему тура жолмен жүруге сеп болатын турмалин тастары.

Сарышаян
Сарышаяндардың таңдауы жасыл ақық, маржан және анартас яғни күрең-қызыл түсті асыл тастарға тоқтаса, қателеспейді. Маржан сарышаяндардың нәзіктігін көрсетеді және жасыл ақық жұмсақ мінезін байқатады. Анартас қиындықты жеңуге септігін тигізеді дейді жұлдызшылар.

Мерген
Мерген жұлзыдында туған жандар сары түсті топаз немесе көкшіл көзді мөлдір аметист тасын таққаны дұрыс. Аталған асыл тастар махаббаты жауапсыз қалғандарға көмектеседі, тас жүректерді жібітеді. Оған қоса, Мергендерге алтын бұйым, ақ алтын және күміс пайдалы. Жалқаулығын жеңіп, сәттілік шақыру үшін жолбарыс көзі тасынан көмек сұрауына болады. Қорқыныштан арылып, тыныш өмір сүргісі келетіндерге опал тасы көмектесе алады.

Тауешкі
Тауешкілерге әшекей ретінде сирек кездесетін, шебердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көп пайдасы тиеді. Өмірін жеңілдетіп, қиындықтан тез шығуына көмектеседі. Тауешкі белгісіндегі әйелдер көбіне мансап қуушылар болып келеді. Оларды қызғаныш пен бәсекеге толы осы жолда тау хрусталі, агат, қызғылт сары түсті ақық және топаз көп нәрседен сақтайды. Ал, ер-азаматтарға шақпақтас сенімділік сыйлап, александрит күш-қуат берсе, оникс күйзелістен арылтады. Әдетте, бұл белгідегі ерлер ешқандай әшекей тағуды құп көрмейді. Сондықтан аталған тастарды сағат не кілтке салпыншақ ретінде іліп қоюға болады.

Суқұйғыш
Суқұйғыш белгісінде туылғандарға жақұт және көкшіл түсті мөлдір асыл тас — аметист маңызды. Аметист әйел Суқұйғыштарға сүйкімділік сыйлап, отбасын сақтап қалуға көмектеседі. Әйелге тән нәзіктігін үстегісі келсе, інжу моншақтарын тағуына болады. Ал, ерлер нефриттің көмегімен өзін нық сенімді сезінеді.

Балықтар
Балықтарға өзен және теңіз інжуін таққан дұрыс. Бұл белгіде туылғандарға міндетті түрде ақ алтын, күмістен жасалған бұйымдар таққан жөн. Сондай-ақ, аквамарин тасы жан тыныштығын табуға, ашушаңдықты басуға көмектеседі. Аметист тасы Балықтардың отбасына сәттілік пен береке әкеледі.

Аударған: А.Бектұрғанова, ERNUR.KZ

Бұл пицца басқасынан өзгерек: шұжықшамен дайындаудың ерекше тәсілі

Пицца — оңай дайындалатын тағамдардың бірі. Ал, оны ерекше әрі дәмді етіп пісіру қыз-келіншектердің шеберлігіне байланысты.

Әдетте, біреулер пиццаны дәмді ететін — оның түрлі салмаларының мол болуына мән берсе, енді бірі сапасын оның қамырымен өлшейді. Дәмді пицца пісіру үшін оның ерекше түрін іздейтін қыз-келіншектер көп. Ендеше, қабыл алыңыз!
Салмасы мол әрі ерекше тәсілмен, әдеттегі пиццаны дәмдірек, тойымды етіп дайындаудың түрін ұсынамыз.

Қажетті өнімдер:
1. 800 гр. ұн
2. 2 дана жұмыртқа
3. 6 ас қасық өсімдік майы
4. 10 гр. ашытқы
5. 2 ас қасық қант
6. 500 мл су
7. 1,5 шай қасық тұз
8. 5 дана шұжықша (сосиска)
9. 60 гр. ысталған шұжық
10. 30 гр. саңырауқұлақ
11. 1 дана тұздалған қияр
12. 2 дана черри қызанағы
13. 100 гр. қатты ірімшік
14. 10 гр. майонез
15. 10 мл кетчуп

Дайындалу тәсілі:

1. Қамырды илеп аламыз. Ол үшін табаққа жұмыртқа мен қантты, тұзды салып көпіршітеміз. Сосын жылы су құйып, барлығын араластырамыз.
2. Ұнды електен өткізіп, ашытқы қосамыз да, қамырды илейміз.
3. Қамырға өсімдік майын қосып, тағы бір илеп жібереміз.
4. Қамырды жақсылап илеп, майлықпен орап, 1 сағат жылы жерге қоя тұрыңыз.
5. Осы қамыр үш пицца жасауға жетеді.
6. Қамырды үш бөлікке бөліп жайып, формаға саламыз. Сонда қамыр формадан шығып тұруы тиіс. Енді қамырдың ортасына салманы салып шығамыз.
7. Шұжықшаларды ортасынан қақ бөліп кесіп, қамырдың айнала шетіне дөңгелектеп қойып шығамыз. Сосын формадан шығып тұрған қамырдың шет-шетін кесіп, шұжықшаның бетіне ораймыз.
8. Пиццаның ортасына майонез бен кетчупты жағыңыз. Оның бетіне ірімшікті үккіштен өткізіп, оның бетіне майдалап туралған шұжық пен тұздалған қиярды салыңыз. Содан соң саңырауқұлақты, қызанақты саласыз. Пиццаның бетіне жұмыртқа жағып, 220-250 градусқа қыздырылған пеште пісіріп ала беруге болады.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы, ERNUR.KZ