#Жақсықыз - "тең - теңімен". #10

Өткенде бір іс-шара болып, көптен бері көрмеген бір құрбыммен кездесіп қалдым. Өзі негізі өте #жақсықыз. Кеш бойы жақын отырып, әбден сырластық. Бұрын менімен жерлес бір жігітті ұнататын еді. Қазір аралары суып кетіпті. Сөз салып, қырындап жүргендер көп, дей тұра бәрі мен ойлағандай, менің арманым мен қиялымдағыдай емес дейді.
— Сенің арманың мен қиялыңдағы азамат қандай болу керек?- деймін ғой, мен де бой бермей.
— Біріншіден ол білімді адам болу керек. Екіншіден, маған кешіріммен қарау керек. Үшіншіден, әлеуметтік жағдайы менен төмен болмау керек.
Тақылдатып айтып берді. Сірә, бұл сұраққа бірнеше рет жауап беріп отыр-ау деп ойлап қалдым. Айтқан талаптарының бәрі орынды.

Бірақ, жоғары білім — міндетті түрде — ақыл мен даналықтың, парасаттылық пен терең ойдың айғағы емес. Университет бітірмесе де, жоғары білімі барлардан әлде қайда жоғары тұратын жігіттерді өз басым талай көрдім. Жақсы, мейлі.

Біздің дана қазақ, «біреуін ашу айтқанда, біреуін басу айтындар» дейді. Кешірім жасай алу — үлкен қасиет. Алайда, "қойш, ол мені кешіреді" деп, ер азаматты жүнжітіп, басына мініп алған ұрғашы да жеткілікті. Кешірім қашан да екіжақты болу керек. Кешіретін іс бар, кешіргенді емес, түзелгенді, өзгергенді талап ететін қылық та бар.

Ал әлеуметтік жағдай туралы айта бастағанда, екеуміз мүлдем келіспей қалдық.
— «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз бар қазақта. Егер оның жағдайы менен төмен болса, ең құрығанда астына мініп жүрген машинасы болмаса, оған қоса, отыздан асқанында, бір жиған- терген тиыны болмаса, онда ол жігіттен ертеңгі күні не қайыр?" деп құрбым кесіп тастады.
Айтқым келсе де, тілімді тістей қойдым. "Әркімнің өз шындығы бар". Үйді жалдап отырса да, астына машина мінбесе де, бір шаңырақта сыйлы отағасы болып отырған талай жақсы жігітті білемін. Бәрі отыздан асқан. Олардан ертеңгі күні үміт жоқ деп айтпақ түгілі, олай ойлағым да келмейді.
Ал «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз 100 теңгесі бар адам, 99 теңгесі бар жанмен қосылмасын деген сөз емес. Ойы, ақыл-парасаты, тәрбиесі сенімен тең болып тұрса, сенің ортаңа ол, оның ортасына сен сіңісіп кете алсаң, тең-теңімен деген осы.

— Арманыңдағы, қиялыңдағы жігіт саған кездессің!- дедім сөз соңында.
Бірақ сөздің шыны керек, мен оған да, жалпы басқа құрбыларыма да жай ғана жігіт кездессің деп тілеймін. Ал оны арман мен қиялдың кейіпкеріне айналдырып, өмір бойы сол дәрежеде сыйлап өту — әркімнің өз қолында.
Әрі қарай

Шықпасаң шықпа алдымнан...

Студент кезде каникулда үйге оралған күшті еді ғой. Қазіргідей күй талғамайсың. Қандай поез, қандай вагон, тіпті орның маңызды емес. Неге екенін қайдам, мен мінген пойыздардың барлығы таң алакеуімде жететін. Мамам мен папама айтпай сюрприз жасағанды жақсы көретін едім. Ұйықтап жатқанда сып-суық боп жетіп барам. Олар ұйқысынан оянбаған, аң-таң. Бірақ келетінімді, вагонымды міндетті түрде ағама айтам. Ол қарсы алады ғой. Сол кезде үйге таксимен келмеппін ғой бір де бір рет.
Ал Алматыға оралғанда такси түгіл троллейбуспен жеткен кездер де болған. Поездан түскенде, аш биттей жабысқан таксилерге жыным ұстайтын. Неге екенін қайдан білейін))
Келген қалаңда ешкім қарсы алмаса вокзалдан, әуежайдан, бірден бөтен қала режимі қосылады. Еркінсімейсің. Қабағыңмен қоса, ішіңдегі дүниеңді де қатайтып аласың. Сол режиммен бөтен қалада өмір сүресің.
Тіпті студенттің кезең өткеннен кейін де есеймедім)). Іссапардан, демалыстан оралғанда да біреу күтіп тұруы керек. Егер күтіп алмаса, өзімді бір жетім қыздай сезінетінмін. Ал сырттай білдірмейсің ғой әрине. Тіпті қол жүгіңді ұстап алып, алдыңа түсіп құнжыңдаған таксистке де үйренгендей боласың.
Блог - Basic: Шықпасаң шықпа алдымнан...
Еркектерде ондай сезім болмайтын шығар. Бастысы үйге келгенде үй жайнап, тамағы дайын тұрса болғаны. Бұрынғы күйеуімнің еркелігімді түсінбегені де сол шығар. Бірде ұзаққа іссапарға шықтым. Бір айға жуық болмадым-ау деймін. Келетін уақытымды айттым. Бірақ ол шаруалар барын, қарсы ала алмайтынын айтты. «Таксимен келе сал, ақшаң бітіп қалса айт, аударып жіберем» деп қояды. Жарайды, шаруалары тығыз шығар дедім ішімнен. Әріптестерімнің күйеулері қарсы алыпты, үйге жетікізіп салды. Есікті ашып, үйге кірсем… жо-жоқ, нақсүйері емес))) күйеуім пырылдап ұйықтап жатыр. Ішімде бірдеңе үзіліп кетті. Алдымда шашы ұйпа-тұйпа боп, көзі ісіңкіреген, ебедейсіз жымиып тұрған күйеуім бөтен адамға айналды. Әрине, оның жұмыстан кеш келгенін де естідім, бірнеше күн бойы ұйықтамай жұмысын түнде ғана тапсырғанын да білдім. Бірақ бәрібір іштей түсіне де, кешіре де алар емеспін. Мәселе таксиге төленген мың теңгеде де, мықшыңдап көтерген сөмкеде де емес. Айтпақшы сол зілдей сөмкеде оның екі қорап бәтеңкесі мен бір пакет су-жаңа киімдері болатын. Білсем, еш ойланбастан вокзалда ақ лақтырып жіберер едім.
Блог - Basic: Шықпасаң шықпа алдымнан...
Қазір әрине барлық проблемаларымды өзім шешуге, жүгімді өзім көтеруге, тек өзіме сенуді үйрендім. Бұрынғыдай орындықты көтеру үшін ешкімді шақырмаймын)))
Әуежайдан да, вокзалдан да ешкімді іздемеймін. Суқаным сүймейтін таксистермен де достастым. Тіпті өз үйіме де таксимен баратын болыппын. Ағам да үйреніп қалған сияқты қарсы алмауға. Үйді білесің ғой деп күледі. Білем әрине)))
Жақында Астанама тағы оралдым сапардан. Бірақ бұл жолы құрбымның жігіті қарсы алды. Құрбыма қарсы алайын деп өзі айтыпты. Сөмкем де ауыр еместін. Балаларымның рюзактары да жеп-жеңіл. Машинада келе жатып «не деген түсінігі мол жан едің» деп келемін. Мәселе үнемделген тиын-тебенде, иә, көтеретін жүгіңде де емес. Мен енді бөтен қалада емеспін! Өз үйіме келе жатырмын!!!
Әрі қарай

Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар /2/

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар /2/

Кешегі түннің суперматчтарын көріп тамашаладық, алайда бүгінгі түнде матчтарға толы екенін ұмытпаңыз. Бұл түнде ең атақты клуб Реал Мадрид, екі шейхтің клубы ойнайды. Толығырақ төменде:

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар /2/
ВОЛЬФСБУРГ — РЕАЛ МАДРИД

Өткен Класикода Камп Ноуда Барселонаны жеңген Мадридтіктер кең серпіліп қалғаны анық, осы қазіргі қарқынмен маусымды құтқарар жалғыз жол ЧЛ-дан нәтиже шығарамыз деп отыр. Ал неміс клубы өз тарихын қайта жазу үстінде, кішкене сенсация жасап өз тарихында алғаш рет ЧЛ-дің ширекфиналына жетті және мұнымен тоқтамаймыз деген ниетте.
Төменде УЕФА сайты матчқа ұсынған болжам құрамы:

ВОЛЬФСБУРГ Бенальо; Треш, Данте, Кнохе, Родригес; Гилявоги, Густаво; Шюррле, Арнольд (Виейринья), Дракслер; Крузе

РЕАЛ МАДРИД Навас, Карвахаль, Пепе, Памос, Марсело; Кроос, Каземиро, Модрич; Бейл, Бензема, Роналду.

Вольфсбург құрамында Калиджури, Юнг матчқа жарақатына байланысты қатыса алмайды, ал капитан Нальдоның қатысуы әлі сұрақ күйінде тұр. Мадридтіктер сапында Варан ғана жарақатына байланысты алаңға шықпайды.

Матчтың бас қазысы итальяндық Джанлука Рокки, көмекшілері: Эленито Ди Либераторе, Джанлука Карьолато, Антонио Дамато, Кармине Руссо

Неміс клубының бас бапкері Дитер Хекинг матчқа оптимисттік көзқараспен қарап отыр:
Біз матчқа тас-түйін дайынбыз және тек қана жеңгіміз келеді. Біз аздаған сенсация жасадық және мұнымен тоқтағымыз келмейді. Бұл мәні бар ең үлкен турнир, Реал Мадрид әлемдегі ең мықты клубтың бірі және оларға өарсы тұруға дайынбыз. Біздің клуб тарихында бұдан да маңызды ойындар болған, алайда бұл матч олардан өзгеше болатынына сенемін. Жалғыз Роналдуды қарауылдау дұрыс болмас, құрамындағы кез келген ойыншыны танисыз. Нальдоның алаңға шығуы медперсоналдың шешіміне байланысты болмақ. Біз бұл жерге дейін бекер жетпегенімізді көрсеткімізкеледі

Абыройын біршама көтеріп алған Мадридтіктердің бас бапкері Зинедин Зидан:
"Қасқырлардың" осы жерге дейін жетуі кездейсоқтық емес, олар бізге біраз проблема жасап бере алатын қарсылас. Біз толық дайынбыз, жігіттер «Барселонамен» өткен ойынды ұмытты, тек алдағы матчтарды ойлау қажет. Олардың шабуылы өте жылдам, біз соған дайынбыз. Біз бұл титулды бағындырғымыз келеді

Неміс клубы бұл турнирдің ширекфиналында алғаш рет ойнамақшы, ал испандықтар 6-шы рет қатарынан ойнағалы тұр. Реал жалпы 26 ойында келесі турға өтіп, алты рет жеңіліс тапқан.

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар /2/

ПСЖ — МАНЧЕСТЕР СИТИ
Бұл матчты қарапайым глордың тілімен айтсақ, «тарихы жоқ екі мешок ойнағалы» жатыр. ПСЖ бұрыннан аты бар клуб болса, Ман Сити шейхтің келуімен адам танымастай өзгерді. Алайда бұл жерде клубтың, бапкерлердің және ойыншылардың айқасы екенін ұмытпайық. Клубтың қаржысы екінші және көрінбейтін планға кетуі керек.
УЕФА сайты матчқа мынадай болжамқұрам ұсынып отыр:

ПСЖ: Трапп; Маркиньос, Тьяго Силва, Давид Луис, Максвелл; Матюйди, Рабьо, Тьяго Мотта; Ди Мария, Ибрагимович, Кавани.

Манчестер Сити: Харт (Кабальеро); Санья, Мангаля, Отаменди, Клиши; Фернандиньо, Туре, Фернандо; Навас, Сильва; Агуэро.

ПСЖ сапында орны байқалатын Верратти мен ПСЖ жарақатына байланысты қатыса алмайды, ал манчестерлік клуб Стерлинг пен Компани алаңға шықпайды, ал Делф, Харт пен Яя Туренің алаңға шығуы әлі белгісіз. Екі клуб сапында да бұларды алмастыра алатын ойыншылар жетерлік.

Матчтың бас қазысы серб Милорад Мажич, көмекшілері: Милован Ристич, Далибор Джурджевич, Данило Груич.

Париждік клуб бапкері Лоран Блан:
Мен өз уақытында Манчестер Юнайтед сапында ойнадым және бұл қала жайында тек жақсы естеліктер қалды. Қазір Сити сол кездегі МЮ-дің дәрежесіне жетіп қалдық десе де болады. Көп адам жеребе біздерді жолықтырғанда бізге жолдарың болды деген сыңайдағы әңгіме айтып жатты. Мен өз ойыншыларыма мұндай сөздерге мән бермеуіміз керегін айттым, Ман Сити бізден әлдеқайда мықты екенін мойындағым келеді, бізді қиын да тартысты екі матч күтіп тұр

Манчестерлік клуб сапында соңғы маусымын өткізіп жатқан Пеллегрини бапкер:
Матч оңай болмасы анық, бірақ мен сенемін. ПСЖ біздің проектімізге ұқсас клуб және өз біріншілігінде керемет нәтиже көрсетіп жүр. Бұл жұпта нақты фаворит дей алмаймын. Біз осы жылы ЧЛ-да біраз жетістікке жеттік және тоқтау ойда жоқ. Харт соңғы дайындықты бізбен толық құрамда өткізді, алайда қауіп қай кезде де бар. Барлығы матч алдында шешілетін болады


Мына дерек қызықтыруы тиіс: ПСЖ осымен ширекфиналға төртінші рет жолдама алып отыр, 2013 жылы Барселона, 2014 жылы Челси, 2015 жылы Барселона клубтарынан сүрінді. Ал Манчестер Сити өз тарихында алғашқы рет ширекфиналға шығып отыр.

Әдеттегідей, HALA MADRID!!!
Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар /2/
Әрі қарай

Екі тағдыр – бір сезім

— Қалайсың жаным, жақсы барып қайттың ба? — деп күйеуім мені есіктен күлімдей қарсы алды. Көңіл-күйім төмен болса да, мен оны білдіртпеуге тырыстым. Алғашқы жүктілігім болғасын ба, кейде тез шаршап, кейде өзімнен өзім жылағым келіп тұратыны бар. Бүгін де көңілім құлазып, жүрегім әлденені сезгендей шаншып, мазамды ала бергені. Мен аяқ киімімді шешіп, күйеуіме қарап, езу тарттым.
— Бәрі жақсы! Дәрігер «папасына айтыңыз, балапаны бұзық болмасын» деп ескерту жасады.
Бұны естіген отағасы мәз, ішімді алақанымен сипап, «біздің бала бұзақы емес, әшейін маған тартқан белсенді жігіт қой» деп, мені қолымнан ұстап, асүйге қарай жүрді.
— Үйде қонақ бар! Дастархан басында отырып, біраз нәрселерді талқылап тастадық. Жүр, мен сені таныстырайын! – деді.
Мен ас үйдің табалдырығын аттай беріп, талып қалуға шақ қалдым. Үстел басына жайғасқан қонақ маған жат адам емес. Енді өмірімде оны жолықтырамын деп ойламаппын. Қонақтың да түрі бірден өзгерді. Сірә, оның да мені көретіні жоспарда болмаса керек.
— Танысып қойыңыз, Жәке, Перизат келініңіз осы кісі! Жомарт — менің көмекшім, менің бизнес жолымдағы алғашқы демеушім, қолдаушым, Жалғас Маратұлының кенжесі. Енді менімен бірге жұмыс атқарады, — деп отағасы біздің кейпімізді аңдымай бір бірімізді таныстырып әлек.
Таныстық ишаратын жасап, қолын созса да, Жомарт орынан тұрмады. Енді ғана байқадым, ол үстелді бойлай қойған орындықта емес, мүгедектерге арналған креслода отыр екен. Жүрегім біртүрлі болып шаншып кетті. Мен жауап ретінде басымды изеп, киімімді ауыстырып келейін деп, ас үйден шығып кеттім. Көз алдым бұлдырап барады. Шағын дәліз ұзақ болып, мен жатын бөлмеге әрең жеттім.
Біліп болмайтын жұмбағың көп, тағдыр, неткен сұм едің?! Бір болуды жазбапсың, не үшін жолықтырдың?
— Сенсіз өмір — мәнсіз екенін түсіндім, жаным! Маған мәңгі жар болуға келісесің бе? — деп әдемі сақинасы бар қобдишаны ұсынған Жомарт күлімдей қарады. Әрине, оған жар болу арманым еді, бірақ бір жағынан кешқұрым саябақта машина ішінде мұндай ұсыныс жасайды деп ойламағандықтан сасып қалсам да, қуанышымды жасыра алмай басымды шұлғи бердім.
— Әрине, әрине келісемін!
Ол мені құшақтай алды.
— Мен ертең ата-анама жетіп, саған құда түсірткіземін, сосын сені өзіммен Алматыға алып кетемін, деп ол мені ұзақ сүйді. Сол кеш өмірімдегі ерекше кештердің бірі болатын.
Жомарт алматылық жігіт еді. Екеуіміздің таныстығымыз да қызық — вокзалда Алматы — Астана пойызын күтіп отырғанда, «танысайық» деп жанымнан айналышықтап кетпей қойған еді, одан кейін жолсеріктермен келісіп, пойызға отырып алыпты. Бейтаныс қыз үшін осыншама әбігерге түскен жігіттің әрекеттері тұрпайы көрінгенімен, сол таныстық үлкен махаббатқа ұласқан болатын. Ол Алматыдан әдейілеп, апта сайынғы демалыстарда көлігімен Астанаға келіп тұратын. «Шаршайсың ғой осы апта келмей-ақ қойсаңшы» деген кездерімде, «сен мені сағынбаймысың?» деп жас балаша ренжіп қалатын.
Таңалакеуімде ол Алматыға жол жүріп кетті. Оның хабарын тағатсыздана күтіп мен қалдым. Бірақ ол хабарласпады. Шыдамым таусылып, телефон шалып едім, абонент байланыс аясынан тыс жерде дегеннен басқа жауап алмадым. Дей тұра, үмітімді үзбей телефонды бір сәтке де жанымнан алыстатпай ұзақ тосып жүрдім. Бірақ, арада бір ай өтсе де, Жомартымнан хабар ала алмадым. Тәуекелге бел буып, Алматыға өзім аттандым. Бір-бірімізді бір жылдан бері білсек те, ата-анасын, достарын танымағаныма өкіндім. Үйінің мекен-жайын арадағы әңгімеміз арқылы білетін едім, ұшақтан түскен бетте тұспалдап сол жерге бардым.
Жомарттың тұрмысы жақсы, бай-қуатты жанұяның перзенті болатын. Дарбаза алдында мені күзетші күтіп алды. Келген жайымды, аты-жөнімді сұрап алғаннан кейін «күте тұрыңыз» деп өзі ішке хабар берді. Жарты сағаттай уақыт өткен соң күтуші әйел келіп, соңымнан ер деген ишарамен мені үйге кіргізді де, өзі қайта шығып кетті. Екі қабатты үлкен үйдің кіреберіс дәлізінің ортасына аппақ диван қойылған екен. Мен зарығып күтіп жүрген Жомарт сонда отыр. Осыдан бір ай бұрын ғана бәрінен де ыстық, жаныма жақын жанның бүгінде түсі суық. Мені көріп, ол қабағын түйді. Мен әрі қарай аттай алмай орнымда тұрып қалдым.
— Айта бер! — деді ол бейне күнде көріп жүрген адамындай.
Аузыма сөз түспей, мен ұзақ тұрып қалдым. Үнсіздікті Жомарттың өзі бұзды.
— Перизат, сен мені текке іздеп келдің! Хабарласқым келсе, өзім ақ хабарласар едім… Яғни зауқым соқпағаны. Уақытыңды босқа кетірудің қажеті жоқ еді.
Көңілімде, жүрегімде орын алған үміт пен үрей аралас сол бір сезімді сөзбен жеткізу тіптен қиын болатын. Аман-есен көргеніме бір қуансам, мына сөзіне, әрекетіне ызаландым. Мен не дерімді білмей, оң қолымдағы сақинаны шешіп, жанына бардым да, диван алдында тұрған кішкентай үстелдің үстіне қойып, бар болғаны «мынаның қажеті қанша еді?» дедім.
Ол күлді. Бұрын оның күлкісін ұнататын едім, қазір мына орынсыз күлкі бетіме түкіргенмен бірдей көрінді.
— Мен айныдым. Қателік жасаппын! — деп ол мырс етті. — Бар айтарың осы болса, Қалима сені шығарып салсын,- деді ол бұрынғысынша суық қалпында.
— Қажеті жоқ. Өзім кете беремін, -деп кілт бұрылып, артыма қарамай шығып кеттім. Ол да орнынан тұрмады. Қош та демеді. Мен құсалықпен күн кешіп, ұзақ қайғырдым. Кейде екеуміздің кездескен күнімізге лағынет айтқан кездерім де болды. Кейіннен Медетті кездестірдім. Мен оны Жомартты сүйгендей сүйе алмадым, бірақ ол мені құлай сүйетін еді. Екеуміз шаңырақ көтердік. Екі айдан соң тұңғышымыз өмірге келмек. Бақытты едік, тағдыр тағы оны не үшін жолықтырды? Мен көзімнің жасын сүртіп, төсектің шетіне енді отырған едім, бөлмеге Медет кірді.
— Жаным, саған не болды? — деп, ол мені құшақтай алды.
— Ештеме! Әшейін, көңілім біртүрлі құлазып тұрғаны, — деп мен күйеуімді қатты құшақтадым. Оның шексіз махаббаты үшін құрметтейтін едім. — Айтпақшы қонағың қайда?
— А, Жомарт па? Асығыс бір істері шығып қалып, сонымен кетті. Негізі ол өте жақсы жігіт! — деп жолдасым арқама көрпе жапты.
— Жақсы?!
— Ия, өте тамаша жігіт! Папасы да алтын адам. Кейін таныстырамын ғой, — деді де күйеуім менің жаныма отырды, қолымды алды.
— Бұл жігіттің де кешпегені жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл бір қызға ғашық болған екен. Айтпақшы, сенің жерлесің, астаналық. Сөйтіп екеуі үйленбекші болады.
Күйеуім маған таныс әңгімені бастай жөнелді.
— Жаңағы қызға сақинасын сыйлап, құда түсемін деп кеткен кезінде, бұл бейбақ жол апатына ұрынады. Содан осылай екі аяқтан қалады, — деп Медет бір тоқтады. Жүрегім зу ете қалды. Басында басты кейіпкері мен ұқсаған әңгіме, енді мен білмейтін арнаға бұрылған тәрізді.
— Ал қыз ше? — дедім мен жолдасымның көзіне тіке қарай алмай.
— Қызда да, әрине, кінә жоқ. Ол сорлы бұны Астанадан іздеп келсе керек. Бірақ бұл қыздың тағдырын байлағысы келмей, мүгедек екенін білдіртпейді. Ебін тауып, қызды қуып шыққан көрінеді.
Тамағыма бірдеңке келіп, тіреліп қалғандай болды, көзімнен аққан жасты жолдасыма түсіндіре алмасымды біліп, мен оның құшағына тығылдым.
— Жаным, жаным сол! Көңілің онсызда құлазып тұрғанда бекер айттым ғой саған. Уайымдамашы, жақында сол қыздың тұрмыс құрғанын естіп, бұл да ес жинаған көрінеді. Әйтуір сол бақытты болып кетсе, мен де өмірімді өз өзіме кінә артпай жалғастыра беремін, деп шешіпті. Содан міне жұмысқа тұрды. Мен де оған барынша көмектесуге тырысамын, — деп ол алақанымен менің көз жасымды сүртті.
— Сен одан да айтшы, дәрігер біздің балапан туралы тағы не айтты?
Мен үндей алмадым.
Өйткені, енді ештеңе айта алмастай күйге түскен едім…
20.05.2014
Әрі қарай

National Geographic журналы қазақ тілінде

Блог - asaubota: National Geographic журналы қазақ тілінде

128 жылдық тарихы бар осы бір танымдық журналдың қазақша нұсқасының шығуы — үлкен жаңалық. Журналдың бас редакторы Сюзан Голдбергтің айтуынша бұл журнал шығатын 38-ші тіл екен. Қуанарлық жайт. Ақпан айында шыққан журналдың алғашқы саны қолыма тек кеше тиді.

Қолға ұстаған кезде ең алдымен сапалы қағазы ерекшеленеді. Иісі де байқалады, журнал иісі. Мұқабасы, ішкі дизайны да бөлек екені, нағыз бренд журнал екені білінеді. Айына 15 мың данамен шығатын журнал Литвадағы баспаханада басылады екен.

Негізгі тақырыптары: география, аңдар, құстар, экология, табиғат мәселелері. Журналдың басты ерекшелігі — ақпаратты жеткізу тәсілі болса керек. Мақалалардың орналастырылуы, безендірілуі ұнады. Инфографикалары керемет, анық, түсінікті. Натгео фотографтарының еңбектерін де атап өту керек. Бір тәулікте 2000-3000 кадр түсіріп, кейін солардан құрастырылған панорамалары өте тартымды. Репортаждардан Арал туралы кең репортажды ерекше бөлер едім: мәтін де, сурет те, инфографика да бар.

Жалпы, балалар үшін де, ересектер үшін де жақсы бір танымдық журнал. Келесі сандарын асыға күтетін боламын.

Журналдың сатылу орындарын сайттарынан қарай аласыз — nationalgeographic.kz/satylu-oryndary
Қазпошта арқылы жазылу индексі — 74886
Редакциядан тікелей жазылу үшін +7 7172 680078
Әрі қарай

Мен тамашалаған Тараз-2(тараздықтар)

Қай халықтың болмасын салт- дәстүрі, әдет-ғұрпы ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сол секілді әр аймақтың, әр қаланың өзіне тән ерекшелігі, қалыптасқан қағидалары мен ережелері, халқының өзгешеліктері мен қасиеттері болады. Мен тамашалаған Тараз халқының қонақжайлығын, сыпайылығын, басқа аймақтардағы халықтардан өзгешелігін тізіп жатпай, бір оқиға жайлы айтып берейін. Блог - abilbekova_inabat: Мен тамашалаған Тараз-2(тараздықтар)
Біз Тараз жеріне барған күні «Аңшылық» атты жарыс өтіп, блогқұрылтай тамаша екпінмен басталды әрі блогшылардың қызығушылығын арттырып, олардың біраз жылдамдықтары сыналды. Ережесі: ұйымдастырушылар жұмбақ жасырады, ол жұмбақ Тараз қаласында орналасқан белгілі бір ескерткіштер жайлы болады. Ал блогшылар сол ескерткіштерді тауып, фотоға түсіріп, инстаграмм желісіне салу керектұғын. Сол сәтте ескерткіш іздейміз деп, әркім өз бетімен кетті. Менде жерлестерімнен, таныстарымнан жырақтадым. «Аңшылық» бітіп, бәрі үй -үйіне тарағанда, адастым да қалдым. Такси ұстап барайын десем, жалдаған пәтердің мекенжайын білмеймін. Бұл маған сабақ болды, енді барған жерімнің адресін қарап жүретін болдым. Әйтеуір пәтердің әкімшілік ғимараты жақта екенін білемін, қалғаны есімде жоқ. Ойым — әкімшілікті көрсем болды. Өзімше талпынып, іздеп көріп едім, болмады. Мүлде алыстап кеткен сияқтымын, көше жаққа емес, үйлердің арасына кіріп кеткем. Енді қайттім?.. Жасыратын түгі жоқ, біздің қоғамда оңтүстіктің адамдары қызба, қызуқанды деген стереотип қалыптасып қалған. Мен Таразға барам дегенде, үй-іші, таныс-туыстар «масқара, байқа, басқа қаладан келгенінді айтпа, олар дереу алып қашады»(күлдім) деп, қара аспанды төндірген. Бұл болмайды, алып қашпақ түгілі мені жасырып қойса да, көшедегі кез келген адамнан жол сұрауға тиіспін. Сөйтіп, 28-35 жас шамасындағы бір ағай кетіп бара жатыр екен, неде болса бар батылдығымды жинап, әкімшілік қайда екенін сұрадым. Ағай сол маңайда тұрады екен. Үйіне кірмей, маған «міне, былай жүреміз» деп соңынан ерітті. Менің ойым сан-саққа жүгірді, шытырман оқиғалы фильмдерді көп көргенмін бе, өз бетіммен қобалжып, қара терге түстім. Бірақ білдіртпеуге тырысып-ақ келем. Екеуміз әңгіме айтып келе жатырмыз, менің түрімнен көрініп тұр ма, білмеймін, қай қаладан екенімді сұрады. Қаламды айттым, болашақ журналист екенімді 3-4 рет айтыппын ғой, бірдене болса, жазып жіберемін дегендей))) Көзді ашып-жұмғанша ағайым әкімшіліктің дәл алдына әкелді. Әрі қарай жалдаған пәтерді таба алатыныма көзін анық жеткізіп, күлімсіреді де, жөнімен кете барды. Ағайдың жылы жүзі есімде қалды, ең бастысы таза қазақша сөйлегені құлағыма майдай жақты. Ең қызығы, бейтаныс ағайдың есімін де сұрамаппын. Бірақ, Тараз жайлы естеліктердің ең қызықты, мейірімді бөлігі болып қала бермек. Сонымен қатар, қоғамдағы стереотиптің қате екенін айтқым келеді. Тараз халқы — сондай қонақжай, мейірімді, сыпайы және салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік ұстанған аймақтардың бірі. Кез келген қала тұрғынының көбісі жол немесе жөн сұрасқанда орыс тілінде жауап беретіні — ащы болса да шындық. Ал мен кездестірген бейтаныс жан қазақша таза, әдемі, сыпайы жауап берді. Сол үшін бе, бір жанның сөзінен, қылығынан барлық тараздықтарды көргендей болдым. "Әйтеуір жүздерінде жылылық бар, тараздықтардың қайсысымен кездессем де".
Әрі қарай

Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар

Бүгін түнде нағыз футбол жанкүйерлерінің үшін ұйқысын бұзатын, көп күттірген Чемпиондар Лигасының 1/4 финал (ширекфинал) ойындары басталады. Осы қысқаша шолудан соң сіз қай мачты қарау керегін біліп жүресіз деп ойлаймын:

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар

БАРСЕЛОНА — АТЛЕТИКО МАДРИД
Каталониялық клуб үшін өте маңызды ойын, кейбір глорлардың айтуынша өткен апта да ғана ел Эль Класикосында Мадридтің екінші клубынан ұтылыпты. Тіпті Жерар Пике де Атлетиконың Реалдан мықты екенін, олар қазір Испан еліндегі №2 клуб деп отыр. ЧЛ-дың 2013/2014 жылғы маусымында жартылай финалда осы Атлетикоға кеткен есені қайтарудың сәті түсіп отыр. Төменде УЕФА сайты ұсынған болжам құрам:

БАРСЕЛОНА: тер Стеген; Алвес, Пике, Маскерано, Альба; Бускетс; Ракитич, Иниеста; Месси, Суарес, Неймар
АТЛЕТИКО МАДРИД Облак; Хуанфран, Савич, Годин, Филипе Луис; Габи, Ньигес, Аугусто, Коке; Гризманн, Торрес

Каталониялық клуб сапында қорғаушы Матье ойнамайды десек, қалған жігіттер сақадай сай. Ал астаналық клуб сапында португалиялық Тиягу жарақатына байланысты ойнай алмайды, ал негізгі құрам ойыншылары Хименес, Оливер Торрес және капитан Габидің матчқа қатысып-қатыспауы белгісіз.

Матчтың бас қазысы неміс Феликс Брих, көмекшілері: Марк Борш, Штефан Лупп, Бастиан Данкерт и Марко Фриц.

Барселона бапкері Луис Энрике өз сөзінде:
Біз соңғы уақытта Атлетикомен бірнеше рет кездестік, олардың қандай жоғары деңгейлі клуб екенін және құрамында жекелеген шеберліктерінің арасында ойын тағдырын шешуге тұрарлық ойыншылары бар екенін де білеміз. Атлетико қорғаныста және контршабуылға мықты. Өткен аптадағы жеңілістің дәмі менің жігіттеріме үлкен мотивация болатынына сенемін. Бүгінгі ойында өз алаңымызда гол жібермей, жеңіске жеткім келер еді


Атлетиконың бапкері Диего Симеоне:
Бүгінгі матч тосын сыйға толы болады деп ойламаймын, себебі біздер бір-бірімізді жақсы білеміз. СОнымен қатар Энрикенің жігіттері қандай футбол көрсетіп жүргенін де білесіздер, олар қай кезде де мықты және МСН үштігінің қолынан не келетінін де білеміз. Мен жігіттерімнің шеберліктеріне және алаңда барын салатынына сенемін

Барсаның бас жұлдызы Месси осы уақытқа дейін Атлетикоға қарсы 28 ойын өткізіпті, барлығы 25 гол соғып, үш мәрте хет трик авторы атанды. Бұл қызықты статистика өз жалғасын табар ма екен, оны білу үшін бүгін сағат 00-45 матчты тамашалауды ұмытпаңыз.

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар

БАВАРИЯ — БЕНФИКА
Сырт көзге бұл матчтың айқын фавориті кім екені байқалып тұр, бірақ-бірақ дей келе… өткен жылдың ЧЛ-дағы Порту — Бавария матчын еске алыңыз. Кейбір глорлардың түсінуі қиын тіркес: «ЧЛ-да ешқандай әлсіз команда болмайды». Міне осы тіркестің дәлелі португалиялық клуб және соңғы ел біріншілігіндегі ойындары да жақсы деңгейде. Мұны Баварияның бас бапкері Гвардиола да атап өтті.
Төменде УЕФА сайты ұсынған болжам құрам:

БАВАРИЯ: Нойер; Лам, Киммих, Алаба, Бернат; Алонсо, Видаль; Коман, Рибери (Коста); Мюллер, Левандовски
БЕНФИКА: Эдерсон; Андре Алмейда, Линделеф, Жардел, Элизеу; Фейса, Ренату Саншеш, Гайтан, Пицци; Жонас, Митроглу

Мюнхендік клуб сапында Боетанг, Бадштубер жарақатына байланысты ойынға қатыспайды. Роббен, Бенатия да жарақаттарынан толық айықпады және матчта көруіміз әлі де белгісіз. Роббен негізгі құрам ойыншысы екені белгілі, сондықтан ендігі үміт Коман мен Костаға артылып отыр. Ал Бенфика сапында негізгі құрамның қос ойыншысы алаңға шықпайды, бұл қақпашы Эдерсон мен капитан Луизао. Жығылғанға жұдырық дегені қазақтың осыларға келетін сияқты.

Матчтағы бас арбитр поляк Шимоном Марчиняк, көмекшілері: Павел Сокольницки, Томаш Листкевич, Павел Рачковски и Томаш Мусял.

Хосеп Гвардиола матч алды сөзінде:
Біз Бенфиканы сыйлаймыз және өз басым олардың соңғы ойындары мен статистикасын жоғары бағалаймын. Құрамында Митроглу, Жонас секілді ойыншылары бар. Мен өзім Баварияны бұл тартыста фаворит санамаймын және Портумен өткен матчты ұмытқан жоқпыз, бірақ Бавария үлкен клуб екенін ұмытпайық, бізді қай кезде де фаворит қатарынадамыз.

Бенфика бапкері Руй Витория өз сөзінде:
Біз Баварияның басқа деңгейдегі команда екенін білеміз, бірақ бұл біз олардан қорқамыз деген сөз емес. Біз алдағы матчқа дайынбыз және бізге бастысы концентрация мен өз ойынымызды жоғалтпауымыз керек. Ең бастысы осы, жігіттеріме сенемін

Қызықты дерек: соңғы өткен үш екіматчтық тартыс та тек қана Бавария жеңіске жеткен және неміс клубы минимум ЧЛ финалында ойнаған.

Мына сөзді ұмытып барамын: HALA MADRID!
Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. 1/4 финал. Алғашқы ойындар
Әрі қарай

Бапкер Зидан және алғашқы Эль Класико

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Бапкер Зидан және алғашқы Эль Класико

Ла Лиганың 31-ші туры көпшіліктің пікірінше әлемдегі № 1 матч саналатын Барселона мен Реал Мадрид командаларының кездесуімен есте қалды, бұл матчты біз бен сіз Эль Класико деп білеміз. «Бұл Класико басқа Класикодан өзгерек» деп мақалдатуға да өзіндік себебі бар, соның бір-екеуіне тоқтала кетсем:

  • Бұл Класикоға апта қалған әлемдік аңыз ойыншы және кезінде Эль Класиконың дәмін де татқан голландиялық Йохан Кройфф дүниеден өтті. Камп Ноуда әдемі баннермен бұл аңыз адамды шығарып салды
  • Тағы бір аңыз ойыншы, мадридтік клуб тізгінін ұстағанына көп бола қоймаған Зиданның да бұл алғашқы Класикосы болатын
  • Осыған дейінгі ойында каталониялық клуб өздерінің басты қаруы МСН арқылы қатарынан 39 ойын ұтылмай келді және бұл матчта да сөзсіз фаворит қатарында болды

Сонымен, ойын сіз бен біз, немесе алдын ала күтілген сценарий бойынша өрбімегенін бәріміздің көз көрді. Осы матч қарсаңында Зидан өзінің бапкер ретіндегі беделін біраз көтеріп алды, себебі мұның алды французға сенгендерден сенбегендердің қарасы көп еді, әлгі эксперт саналатын глорлар шеттерінен «физрук» атағын беріп жатты. Ал Роналду болса өзін сынағандардың аузына біразға дейін құм құйды десем болады. Менің айтпағым, корольдік клубтың жанкүйері ретінде біз қалай жеңдік және не әсер етті, міне осы сұраққа өзімше жауап іздеп көрдім.

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Бапкер Зидан және алғашқы Эль Класико
1. Реал бұл ойында қараша айындағы (0:4) үлкен қателікті қайталамауға тырысты.
Тики таканың негізін салған және допты бақылауды басты назарға алатын каталониялық клубқа қарсы бірінші нөмірмен ойнауға тырысу отпен ойнаумен тең дер едім, Реал бұл ойында сөзсіз екінші нөмірмен ойнады және ешқайда асықпады. Біздің қару контршабуыл екенін бәрі біледі және соған сену қажет болды. Алғашқы минуттардан тым қатты прессингке де берілмеді, мұның бәрі Зиданның тактикасы екені анық.

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Бапкер Зидан және алғашқы Эль Класико
2. Таза опорник қызметін атқарған бразилиялық Каземиро
Сол қараша айында да жеңіліске ұшыраудың басты себебі таза номинальды опорниктің болмауы, Кроос пен Модричтің қосындысы да бұл қызметті атқара алмас еді. Сол галактикос заманынан белгілі Макелелені аздап көз алдымызға келтірген Каземироның еңбегі орасан зор, Барселонаның басты шабуылына дем беретін орталық зонасын ойдағыдай қарауылдай алды. Және мені таң қалдырғаны көбіне тәртіп бұзып, ескерту қағазына көп түсетін Каземиро бұл жолы аса сақ ойнай алды. Зидан енді білгенінен жаңылмаса бұл жігітті негізгі құрамға қосуға тиісті. Тек артылған үмітті ақтаса игі, тек Хедираның тағдырын қайталамас деп тілейік.

Бұдан басқа Кройфф үшін жеңуі керек болған Барселона алғашқы голдан соң аздап қарқынын жоғалтып алғаны да бар. Және жап жас Варанның Пепеден әлі де үйренер тұстар көп, бәрін оңай алдайтын Неймарды португалиялық уысында ұстай білді. Ал арбитр мәселесі қай Класико болмасын, екінші талқыланатын тақырып қатарында. Екі жаққа да ойнауға мүмкіндік бергені қуантады, және уақытында ысқырық жасап, сары-қызылды қағазды да аямады. Бәрі шулап жатқан Рамостың Мессиге жасаған фолы(??) туралы айтсам, сырт көзге фол болған анық, және ол пенальти емес айып алаңның сыртында еді. Ал кейбір бейнеқайталауларда Рамостың аяғы допқа тигенін көруге болады. Ал, арбитрдің Бейлдің таза голын неге санамай тастағанын түсіну қиындау болар, оны сіздерге қалдырдым.

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Бапкер Зидан және алғашқы Эль Класико
Статистика былай дейді: бұл екі клуб арасындағы 192 матч, Реалдың пайдасында 82 жеңіс, 37 тең ойын. Барлығы 318 гол соғып, 300 гол жіберген, кешегі өткен матчта Реал Класико аясындағы Ноу Кампта 100 және 101-ші голын соқты. Бенземаның Реал тарихына мықтап енерлік аты бар, ал Криштиану жаңа бастаманың бастауына себепкер боп отыр. Сонымне бірге соңғы өткен он Класикода екі команда бір біріне гол соққан және 14 жыл бойы Класико 0-0 есебін таблодан көре алмай келеді.

Енді Реалдықтар осы қалыппен Чемпиондар Лигасынан бір жақсы нәтиже шығарады деп сенемін және Hala Madrid!
Әрі қарай