Керек-Ринг 24/07/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/07/2016

24 шілде күні өткен ойында қойылған сұрақтар.

1-тур сұрақтары by asaubota

1. 5 құрлықтан келетін қонақтардың құрметіне салынған мына түрлі-түсті, алып граффити қай қалада?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/07/2016
2. Мұзды Солтүстіктегі Шпицберген архипелагында 120 метр тереңдікте үлкен бір қойма бар. Әлемнің түкпір-түкпірінен жіберілген нәрселерді қоймада 3 қабатты фольгаға орап, -18 градустық мұздатқыштарда сақтайды. Әлемде болуы мүмкін үлкен апаттарға қарсы ойластырылған бұл қойма 2006 жылы Скандинав елдерінің бастамасымен жасалды. Бүкіләлемдік қоймада не сақталады?

3. Гарвард университеті шығарған адам қатынастары туралы кітапта Релфи деп аталатын селфи түрі желі қолданушыларына басқа фото түрлеріне қарағанда анағұрлым көп ұнамайтындығы айтылады. Соншалықты аз лайк жинайтындай Релфиді кіммен бірге түседі?

4. 2012 жылдан бері Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы жарыстарға қатысушы спортшылар допинг тестінен басқа тағы бір тест тапсырады. Бастапқыда жәй ғана гинекологиялық тексеру арқылы жүзеге асқан бұл тексеріс түрі кейін хромосом тестімен жалғасқан еді. Алайда бұл тестті хромосом ауытқуларына байланысты дұрыс емес деп шешкен Халықаралық Олимпиада Комитеті бұдан былай ненің мөлшеріне қарап спортшылардың әйелдер жарысына қатысып, қатыспауын анықтайтын болды?

5. Суретте 20-ғасыр басындағы темекі фабрикасындағы жұмысшылар бейнеленген. Ортадағы мінберде Лектор деп аталатын қызметкер отыр. Лектор жұмысшылар монотон жұмыстан жалықпасын деп күнделікті жаңалықтарды оқиды. Алайда фабрика басшыларына лекторлардың солшыл бағыттағы саяси мәтіндерді жиі оқуы ұнамайтын. Сондықтан лектор мамандығы біржолата жойылды. Осылайша 20-жылдары лекторлардың орнына не келді?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/07/2016
6. “Әлеуметтік желілер — достықтың альтернативі емес. Ол — достықтың … “
Марк Цукербергтің желі туралы ойын жалғастырыңыз.

7. Қазіргі PR-дың атасы болып саналатын журналист Айви Ли 1906 жылдың 30 қазанында БҰНЫ алғаш рет жариялады. БҰЛ Пенсильваниядағы пойыз апаты туралы еді. БҰНЫ дефис қолданып атауға тырысыңыз.

8. 1959 жылы Қаратаудағы ванадий кенінен табылған, қазақ ғалымының 60 жас мерейтойының құрметіне аталған сары-жасыл түсті минералдың атын нақты атаңыз.

9. 2016 жылдың басында жасақталған мына картада аудандар бойынша ненің пайыздық өлшемі көрсетілген?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/07/2016

2 тур сұрақтары by MERmukhanov :

1. «NaХO3, КХO3 арқасында, немесе жалпы MeХO3-тің арқасында соңғы бірнеше аптада мен баспасөзден бұған дейінгі барлық жылдардан да көбірек сұхбат жөнінде өтініш және ауызша келісімдер алдым».
Елші Ерлан Ыдырысовтың «Таймс» газетіндегі мақаласында біз бір сөзді формуламен аустырдық. Х-ті атаңыз.

2. Аз ғана серпіліс жасайық. Логикалық тапсырманы орындаңыз. Аталған фигуралардың қайсысы артық?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/07/2016

3. Ненец халқының ұлттық ою-өрнегі басқа халықтың ою-өрнегімен бірге беріліп отыр. Әлбетте, бір минут ішінде ненец халқының оюының атауын атау қажет.
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/07/2016

4. Владимир Нидергаус — Қазақстан құрамасында ойнаған шабуылшы, оның тұңғыш голын салушы, Ресей құрамасында да ойнап көрді. «Манчестер Юнайтедтің» қақпасына гол салған ойыншы, қазір «Шахтер» клубында қызмет істейді. Бастысы – бұл емес.
Ойыншы жас кезінде өз командасының бастығымен үнемі қалжыңдасатын. Нидергаус ол кісіге күтпеген уақытта телефон шалатын.
Шабуылшының мұндай тосын әрекетінің нақты мерзімі мен уақытын атаңыз.

5. Суретте қызық ребус берілген. Жауабын дефис арқылы жазылатын екі сөзбен беріңіз.
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/07/2016

6. «Оны іске қоспадым. Бұрын-ақ байқаған болатынмын: саған жаман болып тұрған кезде, бұл сұмырай одан нашарлатады».
Чарльз Буковскидің бұл цитатасы не туралы?

7. Қазақ жұмбағын шешіңіз.
Бір құдықтың екі алуан суы бар-ды,
Қайнатса оның суы мұз болады.

8. Рейхстаг үстінде ту көтерген солдатты бейнелейтін фотографияда кеңестік цензура ОНЫ ретуштеп, көрсетпей тастауды бұйырды.
1809 жылы Наполеон Бонапарттың жұбайы Жозефинаға париждік зергер Нитоннан ОЛ қымбат әшекей сыйлық ретінде жолданды.
Си Эл Баркер ОЛ машинаның жүрген жолы, негізі, автомобильдер мен ұшақтардың жүрген жолынан да ұзақ дейді.

10. 1960 жылдары терезелерді әйнектеумен айналысатын бір миландық фирманың мерейтойы болды. Осыған орай, компания кварталдағы кей адамдарға «Тұрақты әріптестік үшін алғыс ретінде» деген жазуы визиткалы сыйлықтар жолдады.
Ол қандай адамдар және не сыйлықтар?
Әрі қарай

Жаңбырлы маусым

Жаңбырлы маусым.

Мен осы сәтті жоғалтқым келмеді. Ертеңгі күнді ойласам, оның ең қымбат елесін жоғалтып алатындай болдым. Сондықтан, бұл уақытта ең бақытты ән тыңдап, ең бақытты жыр жазғым келді. Тіпті, алдымда тұрған ұсақ кедергілер жайында ойлағым да келмеді. Себебі, ерте ме, кеш пе олардың шешілетіні белгілі еді. Ал, қазіргі алдамшы болса да, бақытты, тыныш, теңіздей тұнық уақыт ендігі қайтып келмеуі мүмкін еді. Иә, ендігі мен үшін әлемнің бәрі әдемі, әділетті, әуре-сарсаңсыз екеніне сенуге дайын едім, уақытша болса да! Тәтті қиял, сәтті арман… әдемі әуен, уәделі сөз. Өмір ғажап! Сезім бар! Сенім өлген жоқ! Бақыт қонды! Уақыт көнді! Болды, енді ештеңеге күмәнданғым келмейді! Өтірік пе, шын ба, маңызсыз! Көзімді жұмған күйі жартас па, құз ба, жапан дала ма, мейлі! Қайда болса да, оған сенген күйі соңынан еріп жүре бергім келді!

...Әуен аяқталды. Мен мұның бәрі түсімдегі қиялым ғана екенін түсіндім. Онымен бір сағат бұрын сөйлесіппін… және бір сағат қиял әлемінде…
Тағы да мардымсыз, мәні кеткен күрең әлем. Ашуым келді! Олар менің тап-таза әлемімді кірлетпек… Сыртта, жердің жүрегі қажалған пенделері әлденеге керісіп жатыр. Түн. Жаздың жып-жылы, мөп-мөлдір түні. Адамдарға осы да аз! Бұған да қанағаттанбайды! Сыртқы лас әлемнен бөлінгім келгендей, терезені жаптым да, қиял әлеміне қайта аттандым. Келесі ән-«Сен маған сүюді үйреттің!»… Ән басталды. Ол маған сенуді де үйретті! Сол себепті мен бұл әнді тыңдауға тиіспін. Жаңбыр жауды…
Дәл осы сәтте оған арнап жазған өлең жолдары жадыма қайта оралды:

Жаңбыр, жаңбыр, қызығамын саған шын,
Ол да сені жақсы көред(і) себебі.
Сен де оған тамшы болып тамарсың,
Мен де сонда жаңбыр болғым келеді.

Кірпігінде мөлдір шық боп тұрарсың,
Көздерінен оқып арман, үмітті.
Ол мұңайса, сен де бірге жыларсың,
Жұбатумен сол бір жұмбақ жігітті.

Мұңданатын оны ойласам жанарым,
Мендік арман мезгілсіздеу солар ма ед?
Жаңбыр, жаңбыр тереземнен қарадым,
Ол да сені көріп тұрған болар деп…

Түнгі көшеде ешкім қалмағанына көзім жетті. Аспан да жердегілерден жалықты. Қарбалас қаланы тазартқысы келгені анық. Терезені қайта аштым… таза ауа, жаңбыр иісі, тамшылар дауысы, отшашуға ұқсаған аспандағы найзағай көрінісі, айдың жарығына астасқан жердің жұлдыздары. Өмірге сенемін! Өмірді сүйемін! Бұл менің маусымым! Мені қабылдаудан қорықпаған маусым!

… Төрт күннен кейін туған күнім! Аспан, туған күніме жаңбырды сыйға тартамын деп уәде берді!
Кірпіктерімді қиял түсімнің теңізіне малып, қарашығымды қара түнге қосақтап, қалың ұйқыға кеттім.
-Мен оған сенемін!-дедім, аспанға.
-Қайырлы түн!-деп, күлімдеді Ай.
-Қайырлы түн! Қайырлы…

P.S. Аспан уәдесін орындады!)
Блог - aizok: Жаңбырлы маусым
Әрі қарай

Android смартфондағы суреттерді Prismaландырғыңыз келсе

Блог - asaubota: Android смартфондағы суреттерді Prismaландырғыңыз келсе

Android-қа арналған нұсқасы әлі ресми шықпаса да танымал болып үлгерген Prisma Android қолданушыларына бета-нұсқа үшін шақырулар жібере бастады. Бетаның өзінде 35 фильтр бар екен әзірше. Ал, ресми нұсқасы жақында шығады. Play Market-тің жаңа хит қосымшасы болады деп күтілуде.

Prisma-дан шақыру алу үшін қосымшаның ресми сайтына өтіңіз: prisma-ai.com/
Төмендегі Sign up for news түймесін басып, атыңыз бен email адресіңізді жазыңыз.
Поштаңызға шақыру келгеннен кейін сілтеме арқылы смартфоныңызға түсіріп алуыңызға болады.
Әрі қарай

Қыздар арасында актуалді!)

Блог - aizok: Қыздар арасында актуалді!)
Жазу үстеліне келіп, сурет салуға жинақталдым. Қылқаламымды, бояуымды, ақ парағымды дайындап… не салсам екен деп, ұзақ ойландым.
Бір кезде үстел шетінде тұрған журналға көзім түсті. Ішін біраз ақтардым. «Такая разная любовь» тақырыбымен Лия Жанның мақаласын көріп: -пффф, тағы да сол жоқ сезімді жырлап… осы ел шаршамайды екен-деп, енді болмағанда журналдың бетін жаппақ болып оқталғанымда, мақаланың ішінде көргің келмесе де, көретіндей үлкеен шрифтпен жазылған: «не лучше ли, когда у вас есть парень без цветов, чем цветы без парня?» деген сөзді оқығаным сол екен, көмейіме тұрды да қалды.
… Жоқ, мен сурет салмаймын. Дәл қазір мен, ішімде сілкініс жасаған осы сөзге қатысты ішкі толғанысымды жазамын деп түйдім. Ішім алай-дүлей. Айтарым көп. Батылым бір жетсе, бір жетпейді. Неге бұлай екенін, жазған дүниемді оқу барысында түсінерсіздер…
Биыл 23-ке келемін. Жиырманың белесін аттай бергеннен «тұрмысқа қашан шығасың?», " жігітің бар ма?" деген сыңайлы, сындарлы сұрақтар көп қойылып жүр. Мені жиырмадан асқан қыздар түсінері анық!)
Өз-өзім болып, бүгінгі күнге дейін тұрмысқа шығуды, ақ көйлек киюуді армандап, болмаса, мақсат тұтып көрмеппін. Адам, анық танымаған нәрсені қалай армандауы мүмкін? Мен түсінбейді екенмін.
Әлгінде айтқан сұраққа кездескен сайын, не айтарымды білмеймін. Айтарым жоқ болғандықтан емес, көп болғандықтан. Ұзын сонар себебіңді кім тыңдап тұрсын? Бәрінің мақсаты, әйтеуір сол сұрақты қою. Әрі қарай адам қандай ойда қалатынында шаруалары бар ма, жоқ па?.. "Өз адамым жолыққан жоқ" дейсің сосын, бар айта алатының. «Ол неге жолыққан жоқ? Ол қандай адам соншама, сен таппай жүрген?? Кәрі қыз болып қаласың! Тәкәппарланба! Көп таңдайсың! Таңдай берсең, тазға жолығасың!...»)))
Не демейді біздің жұрт!?)) Шіркіндер-ай! " Жаны ашығаннан, алаңдағандықтан" айтады да… Басқа не дейсің?)
Осы тектес сауалдар әбден титығыма тиді ме екен? Әлде, осындай сұрақпен мазасын кетіріп жүрген қыздарға болысқым келді ме екен?.. Әлде, жаңада айтылған сөздің «не лучше ли, когда у вас есть парень без цветов, чем цветы без парня?» дегені, өз көзқарасыма кереғар болғандықтан ашуландым ба екен?.. Осыны жазуға мені бір күш жетеледі. Олай болса, жиырмадан асса да, жар таңдап жүрген сияқтанып, шын туайтында жай ғана өз өмірлерін сүріп жүрген қыздардың атынан жауап берейін. Құрдастарым айып көрмес!
Ұнату-бәрімізге тән дүние. Дегенмен, қазіргіге қарағанда, бұрындары бұл дүниеге көбірек сенген сияқтымын. Бәріне арман, он сегіз жасымда, сондай бір көктем менің де көңіліме келіп тұрақтады. Бойжеткендіктен бе, бойжеткенім жайында ой жеткендіктен бе, сол бір азаматтың адамгершілігіне, ер мінезіне, ақжарқын көңіліне ешкімді ұқсатпай, ұнату легімен өлең жазып, содан кейін ешбір жанды ұнатпастай, ендігі дәл сол сияқты жан жолықпастай болған. Бірақ, «нәзіктік көңілден биік пе ең? сезімді білдіру жат маған...» демекші, өлеңіме сыйған сезім, өмірімде айтылмай, сол қалғаннан, мол қалды… Бірнеше жыл өтті. Кейіннен "әр құпияның ашылар күні бар" деп, текке айтылмағанындай, мен өлең арнап жүрген сол уақыттарда, сол жанның да жүрек кейіпкері өзім болып жүргенімді білмеппін. Алайда, ендігі кеш. Аз да болсын есейіп, ес кірген соң, өткенді қазбалап жату, тағы ерсі. Бұл оқиға солай аяқталды. Мүмкін, сол кезеңдерде сол адам батылдау болғанында, мен жиырмадан кейінгі қойылатын сұрақтарға ұшырамас па едім? Кім білсін… Ойлаудың өзі күлкілі..) Ол жылдардан бері талай адам жолықты. Талай адам көңілін білдірді. Біразының батылы жетпеді. Батылы жетіп, өз ойларын білдіре алғандар, жақсы досқа айналып, о баста түсіңнің суықтығынан, сыр білдірмейтін болмысыңнан сескеніп, бетімді қайтара ма деп бір ауыз сөз айта алмай жүргендерін, шындығында, ақжарқын, қарапайым екендігіңді айтып, кейіннен ақтарылған жандар қаншама… Не істейін енді? Болмыс та осы, бояу да осы! Суық көрінеді екенмін деп, елдің бәрінің бетіне қарап күле бермейсің ғой.
Мұны айтудағы мақсатым өз өмірімді жарнамалау емес. О баста айтқанымдай, көп қыздардың, қызғалдақтардың көңіл түкпірінде жатқан ойларын жеткізу.
Сыртқы кейіп көбінде алдамшы келеді. Адам өзінің келбетін таңдап алмасы бәрімізге аян.
Сол себептен, жанын білмей, бағалауға асықпайық. Бақыт үшін күресіңіздер! Бүгінде біреуді ұнатқан болсаңыз, мейлінше ішкі сезіміңізді айтып қалуға асығыңыз. Өкініште қалмай, тәуекелге барыңыз. Алайда, мұны қаракөз қазақтың қыздарына айтпаймын! Жан оты өшіп, жүрек тоқтап қалса да, қыз балаға әуелгі болып, сезімін білдіру-мүлдем жарасымсыз дүние! Қазақ қызы қашан да нәзіктігін, абыройын жоғалтпауы тиіс! Мен мұны ер-азаматтарға айтқым келеді! Жүрегің қалаған дүниені жасамай, батылдыққа бармай, екі есе өкініште қалғанша, тәуекелге барып, бір рет өкініште қалған артық!
«Ақылды адам-ақылынан адаса ғашық болса да, ақымақтарша ғашық болмайды» дейді ғой. Сондықтан, ақылды-батыл болыңыздар! Олай дейтінім, күнделікті өмірде де, әсіресе ғаламтор желісінде, арзан қызығушылықтың артына еріп, танымаған бойжеткенге ағынан жарылып, жоқ сезімді бар қылып, танысуға ниеттенген жігіттер легі көп көрінеді. Батыл болу сол екен деп, бей-берекет кететін жандар бүгінде жиі кездеседі. Сол себептен, алысқа бармай-ақ, өмірімде кездескен шағын жағдайлардан мысал келтірейін (бір бейтаныс жігіттің жазғаны):

Бірінші жағдай:
-Сәлем, сұлу ханшайым!
-Сәлем (ой, жағымпазым-ай...)
-Қалайсың?
-Жақсы. Өзің? (Бұрыннан таныс адамша… мәдениетті адам, бейтаныс адаммен амандасқанда «сіз» деп бастамаушы ма еді?! Мейлі, сен деген екен, сен дейік!)
-Жақсы.
-…
-Танысуға қалай қарайсың?
-Айып етпе, жоқ.
-Өкініп қалмайсың ба? Ойлан?
-… (О Құдай! Өкінетіндей өмірімді арнап қойыппын ба?)) Қатырады ә!?)))
-Аууу…
-Орманда емессің. (Оның үстіне дөрекі!)
-Мүмкін танысармыз?
-… (Не деген намыссыз еді! Өзіңнен көр! Мазалап қоймады ғой! =»Заблокировать=» Удалить из друзей! Парақшаңнан кері қайтқан лайктар)))

Екінші жағдай:
-Сәлем
-Сәлем
-Қалың қалай?
-Жақсы. Өз қалыңыз қалай? (Бұл ла сондай...(( Ал, «сіз» деп көрейік, түсінер..)
-Жақсы.
Не істеп жатсын?
-Ештеңе. (А жоқ, ұқпайды екен.)
-Не жаңалық?
-))) Еш. (Менің өзім жаңалық болып тұрмын ғой қазір))) Танымайтын адам да осындай сұрақ қояды екен-ау))
-Ммм
Таныс болайық?
-… (Бағанадан бері не бастап отырмыз сонда?))
-(Есіміңді 2-3 қайтара жазып жібереееді)
-(Несіне сөйтеді екен?? Оқыған болсам, жауап беремін. Жауап бергім келмесе, жүз рет жазса да, жауап бермеймін.)

Үшінші жағдай:
-Сәлем
-Сәлем
-Қалыңыз қалай?
-Жақсы, рақмет.
Өз қалыңыз қалай?
-Жақсы, шүкір.
Не істеудесіз?
-Кітап оқып, тв көріп, муз. тыңдап т.б. (Не істеп жатсаң да, осылардың біреуін жазасың, әйтеуір))
-Ммм.
-Сіз?
-Мен де.
-Қайда оқисың?
Қайда жұмыс істейсің?
Қай жақтансың?
Осы тектес сұрақтар легі кетееді сосын. Отырасың сауалнама толтырғандай болып...)) Кейде, көңілге қарап, достықтарын қабылдап аласың да, осылай келе беретін беймаза, бір сарынды сұрақтардан жалығатыным соншалық, ееең қысқа биографиямды көшіріп, жібере саламын.
Ал шындығында, айтпағым, мүмкін ғаламтор арқылы кездесіп, отбасын құрып, өз сыңарына жолыққандар бар шығар. Дегенмен, шын сезімді ғаламтордан іздеу-бұл мен үшін барып тұрған ақымақтық! Отбасын құру-өте жауапты қадам екенін ескерсек, жолыққан жан сенімен өмір бойы ғұмыр кешетінін ескерсек, және сол адам болашақ балаларыңның әкесі, болмаса, анасы екенін ескерсек, бұл жағдайға қалай болса, солай қарай алмайтынымызды да ескерген жөн!
Мейлі көп таңдайсың десін! Таңдау керек! Өйткені, бұл сенің өмірің! Сенің өзім деп тапқан адамың-болашақ балаларыңның әкесі! Оларға берілетін тәрбие! Сенің ең жақын болуы тиісті адам! Сенің тірегің! Сенің келешегіңнің сапасы! Түптеп келгенде-сенің жан жолдасың! Сен тек ол адамға тұрмысқа шығып қоймай, түбегейлі өміріңді өзгертесің!
Таңдау деген сол екен деп, біреуден-екіншісіне, екіншісінен-үшіншісіне, гүлге қонған көбелектей ұшып-қонып жүрген қыздар қаншалық! Шындығында, мына жарық әлемде бізге тиесілі-Ар ғана! Егер ардан айырылсақ-бардан айырыламыз! Онда біздің ешкім болмағанымыз!
Жанға талғампаздық-жүрек тазалығының биік сатысы!

Аяулы қыздар, қай уақытта да, қандай жағдайда да, болашақ ана екендеріңізді ұмытпаңыздар! Ойлаған адамның жолықпауы-жолыққанның бәріне жол беру емес! Бүгінгі жасалған әрекеттер үшін, ертеңгі күндері жауап беретіндеріңізді жадыларыңызда сақтаңыздар! Шынайы баққа сеніңіздер! Сол сенімдеріңізге лайық болыңыздар!

Ардақты азаматтар, ұлттық мүддені қорғаңыздар! Қыздардың қылығы-тікелей сіздерге байланысты! Сіздер нені бағаласаңыздар, қыздар соны жағалайды! Түрлі-түстінің бәрі гүл емес! Түнергеннің бәрі-түн емес! Тани біліңіздер! Бәрі де өз қолдарыңызда! Ақылды-батылдық тілеймін!

Құрметтілерім, жандарыңызда жүрген адамға «барлап» қараңыздар! Бақытыңызды көресіз бе? Көрсеңіз, қуаныштымын! Сөзбен абай болыңыздар! «Кәрі қыз, сұр бойдақ» болып қалу қорқынышы-ентелеп, ерте келген кемшіліктердің бастауы болмасын! Байқағыш болыңыздар! Ұмытпаңыздар, Құдай ешкімді ұмытпайды! Тағдырды асықтырмаңыздар! Жоқ іздеп, қапаланып, барды көрмей-көр соқырлыққа бой ұрмаңыз! Әркімге бұйырған бақ бар! Сабырлы болу-ең ұлы бақыт!

Бүгінде ойымызды сан-саққа жүгіртіп, әр нәрсеге бір елтіп кететіндей менмұндалап тұрған жылтырақтар көп. Сәл аяңдап, айналаңызға қараңыз. Ой жүгіртіңіз. Қайғырмаңыз!
«Жап-жас пессимисттің түрінен асқан қайғылы көрініс жоқ» дейді. Онсыз да, толғандырар, ойға батырар жайы көп жалғанда, жарқын жүзімізді мұң шалмасын!
Адамдардың ішінен адамды, сол адамнан ғаламды көрсеңіз, өз адамыңызды жоғалтпаңыз! Күресіңіз! Кеш қалмаңыз! Ақиқатында, бәріміз де ет пен сүйектен жаратылған, қарапайым адамдар екеніміз анық. Артық айтылған сөздер болса, айып етпеңіздер! Жауапкершілігін өзіме алдым, жеткізер жан болсын деп! Ертеңіме сенемін!
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Сыйлық

Джоэл Эдгертонның «The Gift» фильмінен шабыт алдым.
Автор.


Блог - patick: #QazzaqDepression. Сыйлық
Мейрамовтар отбасының жаңа үйге көшіп келгеніне көп бола қойған жоқ. Алғашқыда үйренісіп кету қиын болатын шығар деп қобалжығандары рас. Жаңа қала, жаңа мекен. Бірақ бұлардың жаңа ортаға бейімделу кезеңін күтпеген таныстық жеңілдете түсті. Дүкеннен жиһаз қарап жүр еді екеуі.
— Бәуке! — деген әлдекімнің дауысына алдымен күйеуі, сосын әйелі де жалт қарасты.
— Бәуке, қалайсың? Неғып жүрсің? Танымадың ба, мен сыныптасың Мұратпын ғой.
Күйеуі де есіне түсіре бастады:
— А-а-а, иә-иә! Мұрат, не істеп жүрсің бұл қалада? Танысымды кездестіремін деп ойламаппын!

Күтпеген кездесу бір-бірін қонаққа шақырумен аяқталды. Бір-бірінен байланыс үзбеуге уәде берісіп тарқасты.

Бірде Сәуле жұмыстан ерте келіп еді, есік алдынан шағын қорапшаны көрді. Сырты жылтыр, лентамен ортадан әдемілеп байланған шағын сыйлық. Бастапқыда абдырап қалды, тек қасындағы қағазды оқыған соң түсінді. Өткендегі Мұрат екен. Жандарынан өтіп бара жатып, сәлем беріп шықпақшы болыпты, алайда үйде ешкім болмаған. Жаңа баспанаға құтты болсын айтып, сувинир қалдырып кетіпті. Сәуленің іші жылып қалды. «Жақсы адам екен» деп түйді ол.

Әлбетте, бұндай лебізден кейін оны қонаққа шақырмау ұят болар еді. Сенбіге шақырылған кешкі асқа Мұрат та күттірмей келе қалды. Сыйлығы бар тағы. Дәл өткендегідей қызыл түсті жылтыр қорап, тек сопақтау. Бір шөлмек қызыл шарап екен. Жаңа достың мырзалығына риза болысты екеуі.

Арада бір апта өткен соң есік алдынан тағы бір сыйлық табылды. Тағы да Мұрат келіп кетіпті. Үлкен қораптан теледидар шықты. «Сендерге керегірек деп шештім, өзім үйде көп болмаймын. Үйде теледидар қарайтын ешкім жоқ. Ренжітсем кешіре гөріңдер, Мұрат» делінген қалдырылған қағазда. Сыйлық қымбат болғанымен Бәуке мен Сәулені ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны рас. Ақкөңілділігі шығар деп сыйлықты қабылдауға мәжбүр болды.

Уақыт өте келе Мұраттың өзі де "ұсталды". Сол күні Бәуке жұмысқа бармай қалып еді. Аулада әлдекімнің дауысы шықты. Ауланың қақпасын ашып жатқан жерінен Мұраттың үстінен түсті. Жеткізу қызметі арқылы үйге тағы бір үлкен қорап кіргізіп жатыр. Дәу тоңазытқыш болып шықты. Қызыл қаптамасын кигізіп үлгермепті әлі. Екеуі сөзге келіп қалды. Бірақ ең қатты ренжігені Мұрат болды. «Жаңа дос таптым ғой деп қуанып, сендердің қым-қуыт тірліктеріңе қуаныш сыйлау ғана еді ойым. Достарыма сыйлық сыйлағанның несі бар?», — деп кейіді ол сонда. Тіпті Бәуке тым артық кеттім бе деп те өкінді.

«Тағы да келем», — деді Мұрат бұрылмастан. Бәукеңе әлбетте бұл ұнаған жоқ. Мұраттың есі дұрыс екеніне күмән келтіре бастауы да осы сәттен басталып еді. Учаскелік полицейді де ескертіп қоюды шешті.

***

Демалыс күн болған соң ұйқы қандырып, асықпай тұрды екеуі. Терезеден түскен қара көлеңке жарыққа қарап, күн бұлтты деп шешті. Есік алдына шығып, таза ауа жұтып қайтайын деп Бәуке есік ашпақ болды. Бірақ, есік сыртқа ашылмайды. Сосын терезеге жақындап, пердені түрді. О, тоба, дала көрінбейді. Басқа терезелерді де қарап шықты. Түгелімен жабық. Біреу сыртынан тас қылып бітеп тастаған. Дереу телефонды алып, полицияға хабарласты. Біраз уақыттан кейін келген полицей де ештеңе түсіне алмады. Үй жоқ. Оның орнында көлемі үймен бірдей, қызыл түсті алып қорап тұр. Сыртында «Сыйлық» деген жазу бар.
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Марғұлан Мэнсон. "Балапандар"

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Марғұлан Мэнсон. Балапандар

Хабарландырумен тауып алдым. Интернет емес, "қолдан қолға өтетін" арзанқол қалалық газеттердің бірі арқылы.

Мамандарды интернет арқылы да жиі іздеймін негізі. Бірақ интернет арқылы үнемі — респектабельді болмаса да, «интернеттен табылғанын» міндетситін, ендеше қызметі әдеттегіден елу-алпыс мыңға қымбат шығатын, және қолынан түк келмейтін мамандар кездеседі. Ал газет арқылы көбіне күн қаққан қарасирақ, «шықпа жаным, шықпа!» деп қалт-құлт күнелткен, жүрек жалғайтын нәпақа ғана сұрайтын мүсәпірлер табылады. Олардың қолдарынан түк келмесе де, берген жұмыстың қыр-сырын жанын салып жүріп үйреніп алады.
Әрі қарай

Астанада 20 шілдеде қайырымдылық концерті өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада 20 шілдеде қайырымдылық концерті өтеді

20 шілде күні Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда «Орда», «Ринго», «Ninety one», «Renzo», «Аюми» топтары және Ернар Садырбаевтың қатысуымен қайырымдылық концерті өтеді. Билет құны 2000 теңге. Басталуы 20.00

Билеттер ticketon-да.
Әрі қарай

“Жаңару кубогы”: “Павлодар қыздары жеңімпаз” (фото)

Блог - jaidarman: “Жаңару кубогы”: “Павлодар қыздары жеңімпаз” (фото)Шілденің 3 күні Қазмедиа орталығының киноконцерт залында Жайдарман ойындарынан «Жаңару кубогы» республикалық арнайы жоба болып өтті. 200-ден астам жайдарманшы қатысқан ойынды мың қаралы көрермен тамашалады.

Еліміздің барлық аймағынан түрлі лигаларда үздік өнер көрсетіп жүрген топтардың басын қосқан жоба жоғары деңгейде өтті деуге әбден негіз бар. Кешті Қазақстан КВН Одағының президенті Есен Елеукен жүргізді. Сонымен қатар сайысқа Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсеткен болатын.

Өзара бақ сынасқан 20 топтың арасынан үздіктерді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, НұрОтан партиясының төрағасы орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Ернат Мұхамадиев, Қазақстан ҰТА жүргізушісі Мейіржан Әлібекұлы, Ұлттық музейдің баспасөз жетекшісі Олжас Сыдықбек және қазақ эстрадасының жұлдызы Серік Ибрагимов секілді танымал тұлғалардан құралған қазылар алқасы анықтады.

Сонымен, үздік үштікке ілінген Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының «Мұнай тамшылары» командасы 200 000 теңгенің сертификатын иеленсе, екінші орын алған Атырау облысы, Құрманғазы ауданынан келген «Құрманғазы жастары» командасы 300 000 теңге ұтып алды.

Ал сайыстың жеңімпазы болып, Павлодар қаласынан келген «Чехов аялдамасы» тобы атанып, 400 000 мың теңгелік сертификат пен қоса, «Жаңару кубогын» төбесіне көтерді.

Орын иеленген топтардың барлығы арнайы жүлде сертификаттарымен қатар, дипломдармен және кубокпен марапатталды.

Ойыннан кейін жайдарманшылар үшін боулингтен де жарыс ұйымдастырылып, жаңаөзендік «Мұнай тамшылары» жеңімпаз атанды. Ал екінші-үшінші орынды астаналық «Энерго» мен атыраулық «Бейбарыс» командалары бөлісті.
Блог - jaidarman: “Жаңару кубогы”: “Павлодар қыздары жеңімпаз” (фото)
Блог - jaidarman: “Жаңару кубогы”: “Павлодар қыздары жеңімпаз” (фото)
Блог - jaidarman: “Жаңару кубогы”: “Павлодар қыздары жеңімпаз” (фото)
Блог - jaidarman: “Жаңару кубогы”: “Павлодар қыздары жеңімпаз” (фото)
Әрі қарай