Қазақстан бокс құрамасы көңіліңізден шықтыма?!

Блог - ZakenovDaniyar: Қазақстан бокс құрамасы көңіліңізден шықтыма?!

Міне Риодағы байрақты бәсеке көзді ашып жұмғанша өз мәресіне жетті. Енді ТОКИО-2020 жарысын асыға күтетініміз айдан анық. Ал, сұрағыма жауап берер болсам… Жеке өзімнің көңілімнен шықты… Неге дейсіздер ғой?! Ең алдымен бұл жігіттерге айтар алғысым шексіз, барын салды, өзім бокспен айналысатын болғандықтан, қандай қиын спорт түрі екенін тек рингте бокстатсып қана түсінуге болады. Сырт көзге оңай көрінеді әрине… Бұл жігіттерден маған ұнағаны, барлығы нағыз ерге тән мінез көрсете білді. Алтыннан медаль тағынбасада бұл жігіттер мен үшін нағыз жеңімпаздар. Қазақстанда бокс мықты дамығанын дәлелдеді. Өзімнің жазған соңғы постымда Қазақстан құрамасы бокстан төрт алтын алады деп пайымдаған болатынмын, өкінішке орай олай болмады. Осы олимпиададағы төрешілердің біздің боксшыларымызға жасаған қиянаттарын айтпай-ақ, өздеріңіз не болғанын білесіздер. Ал енді әр боксшымыздың РИО төрінде көрсеткен өнерлеріне жеке-жеке тоқтала кетсем…

49 келі- Біржан Жақыпов (ең тәжірибелі боксшымыз, екі олимпиададан жолын қытайлық Цзоу Шиминь кескен, ол кәсіби боксқа ауысқан болатын. Сол жаңалықты естіген кезде шын қуандым, енді Біржан ағамыз Риодан алтын әкеледі деп нық сеніммен айтқан болатынмын, бірақ амал не? Өзбек боксшысынан екінші айналымда таза жеңілді.

52 келі- Олжас Сәттібаев- бұл боксшымызда екінші айналымда Әзірбайжандық боксшыдан ұтылды «төрешілердің ойынша», ал мен олармен келіспеймін, Олжас ағамыз үш раунд бойы, бірінші нөмір болып істеді, жеңіске жеткісі келетінін көрсетті. Алар асуы алда деп ойлаймын.

56 келі- Қайрат Ералиев- өзінің техникасымен көрермен көзайымы болды десем артық болмас… Тіпті «аңыз адам» Мохамед Алимен салыстырды Қайрат ағамызды. Бірінші айналымда, мықты әзірбайжан боксшысын жеңген болатын, екінші айналымда тағы да өзбек боксшысы алдымызды орап кетті. Бұл жолы да төрешілермен келіспедім 1 мен 2 раундты Қазақстандық боксшы алды деп есептедім.

60 келі- Берік Әбдірахманов- бірінші айналымда америкалық жас боксшыдан жеңіліс тапты…

64 келі- Абылайхан Жүсіпов- (ең жас боксшымыз) өкінішке орай Абылайхан бірінші айналымда Ұлыбританиялық Пэт МакКормактан жеңіліс тапты, бұл жігіт бар өнерін көрсете алмады, жас қой қанша дегенмен, 19 жасында олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік. Абылайханның әр кезде жеңіске жетіп жүргеніне көз үйреніп қалғандықтан ба, шамалы өз-өзіме сене алмай тұрдым… Токиода өтетін олимпиадаға барын салатынына күмәнім жоқ. Өте еңбекқор боксшы.

69 келі- Данияр Елеусінов- Қазақстанның салмағы екенін тағы бір дәлелдеп, көптен күткен алтынды алып барша қазақ жұртшылығын қуантты. Бұл боксшымыздың өнеріне бар әлем болып таң қалды. Тіпті кәсіби рингте бірде-бір жеңіліс таппаған Флойд Мейвезердің өзі Данияр ағамызға тәнті болды.

75 келі- Жәнібек Әлімханұлы- не күтсемде осы боксшымыздан күткен едім, бірінші кездесуінде қалай бокстасты… Тамаша өнер көрсетті. Әлемнің мықты газеттеріне шықты, тек ширек финалда Ақтөбенің тумасы Әзірбайжандық Камран есімді боксшыдан жеңіліс тапты. Бұл жолы да АИБА төрешілерінің салғырттығынан… Өте өкінішті әрине…

81 келі- Әділбек Ниязымбетов- өте жақсы өнер көрсетті, алтынға татитын күміс медаль сыйлады еліне. Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Тек финалда кубалық Хулио Сезар Ла Крузға есе жіберді. Ер кезегі үшке дейін демекші Токиода бағың жансын деп тілейміз (әрине ол үшін ел ішілік жарыстарды ұту керек).

91 келі- Василий Левит- осы РИО олимпиадасындағы ең әділетсіз шешім деп ойлаймын… Финалға дейін барлық қарсыласын соққының астына алып, айқын жеңіп келген болатын, финалда да дәл солай бокстасты… Ресейлік боксшы Алексей Тищенко рингтің бесінші бұрышын іздеп кетті десем артық айтқаным емес, көзімізді бақырайтып тұрып бірінші орынды сыйға тартты. ВАСИЛИЙ- сен біз үшін жеңімпазсың…

+91 келі- Иван Дычко- Жартылай финалда Джозеф Джойстан жеңіліс тапты. Бұл боксшыныда алтын алады деп ойлап едім, бірақ олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Рақмет саған ВАНЯ!

Жеңісті күндеріміз көп болсын! Жаса Қазақстан!
Әрі қарай

2017-ден бастап орыс мектептерінде қазақ тілі жаңа технологиямен оқытылады

Білім және ғылым: 2017-ден бастап орыс мектептерінде қазақ тілі жаңа технологиямен оқытылады

Алдағы жылдан бастап орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін меңгерудің жаңа әдістемесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Мемлекеттік тілді одан әрі қарай дамыту және жаңа әдістемені енгізуге тоқталатын болсақ, бізде жыл сайын қазақ тілінде оқитын оқушылар саны өсуде. Бүгінде жетпіс пайыз мектеп оқушылары қазақша білім алуда. Биыл балалардың 72 пайызы қазақ тілінде ҰБТ тапсырды. 2016 жылы жоғары оқу орындарына бөлінген гранттардың 80 пайызы мемлекеттік тілдегі мамандықтар. Бірақ, әлі де шешілмеген маңызды мәселені айтатын болсақ, орыс мектептерінде қазақ тілі оқытылса да, олар мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданбайды. Сол мектептерде жаңа әдістеме керек болып тұр және оны барлығымыз түсінеміз», — деді министр.

Осы ретте Е. Сағадиев жаңа әдістемені бірлесіп дайындауға отандық ғалымдар мен әдіскерлер жұмылдырылғанын айта келе: «Әдістеменің негізгі жобасы дайын және ол кешегі сессияда таныстырылып, талқыланды. 2017 жылғы оқу жылынан бастап орыс тілінде оқитын балаларға қазақ тілін үйрететін сол жаңа коммуникативтік технологияларды енгізе бастаймыз. Дариға Нұрсұлтанқызы (Премьер-Министрдің орынбасары), Сіздің берген тапсырмаңызға сәйкес, әдістеме әрі қарай оқушылармен бірге ересек адамдарға да ұсынылады», — деді.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Инновациялық жобаларға 180-220 млн теңгенің гранты беріледі

Білім және ғылым: Инновациялық жобаларға 180-220 млн теңгенің гранты беріледі

«Өнімді инновацияларды ынталандыру» атты жобаның негізгі мақсаты – озық ғылыми технологияларды өз елімізде қолға алып, өндіріске енгізу. Осыған орай, әрбір жобаға қыруар қаржы бөліп, оны идеядан бастап бизнес жобаға дейін дамыту жоспарланған. Сөйтіп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты барынша күшейту көзделіп отыр. Конкурстың алғашқы кезеңі тамыздың аяғына дейін жалғасады. Сол уақытқа дейін нақты идеяны ұсыну қажет. Ал бизнес-жоспар мен жобаны іске асыру тәртібін кәсіби мамандармен бірлесіп әзірлеуге болады. Ол жұмысқа Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атсалысуға даяр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өткен айдың соңында ғылыми топтарға арналған гранттық бағдарлама жарияланды. Оның басты мақсаты – өз ғылыми зерттеулерін өндіріске, я болмаса, нарыққа шығарғысы келетін ғалымдарға қаржылай көмек көрсету. Грант екітүрлі топқа арналған. Біріншісі тәжірибесі мол беделді қазақстандық ғалымдарға арналса, екіншісі жас ғылыми қызметкерлерге беріледі. Іріктеу екі кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезең өтіп жатыр. Ол осы айдың аяғына дейін жалғасады. Гранттың көлеміне келер болса, аға ғылыми қызметкерлер тобына 230 млн. теңге берілсе, кіші ғылыми қызметкерлер тобына 180 млн. теңге қарастырылған», — «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы басқарушы тобы директорының орынбасары Алау Ахметжанов.

Оның айтуынша, топ басшысы міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс. Бұдан басқа, топтың құрамына бір коммерцияландыру маманы, яғни бір кәсіпкер мен бір технолог кіруі керек. Барлық мүшелердің санын жетіге жеткізуге болады. Грант 3 жылға беріледі. Осы уақыттың ішінде ғалым өз технологиясы негізінде өнім өндіріп, оны нарыққа шығаруы тиіс. Сондай-ақ жобаға қосымша қаржы тартып, лицензиясын басқа елдерге сатқан жөн.

Жобаның жалпы құны – 110 млн. АҚШ доллары. Бұл ақшаны Дүниежүзілік банк заем ретінде беріп отыр. Сондықтан қаржының қайтарымына баса назар аударылады. Ал әрбір ғылыми жобаның тиімділігін тексеріп отыру үшін Ғылым мен коммерциализация бойынша халықаралық кеңес құрылады. Кеңес мүшелері жобаларды іріктеп, мониторинг жасайтын болады. Әзірше жобаның нақты бір бағытына шектеу жоқ. Ең бастысы, бизнес идея отандық өндірістің өнімділігін көтеруі шарт.

Толық ақпарат:fpip.kz
Әрі қарай

Үш тілде оқыту қалай жүзеге асады?

Білім және ғылым: Үш тілде оқыту қалай жүзеге асады?

Үш тілде оқыту биылғы жылы, тіпті 2017, 2018 жылы да емес, тек қана 2019 жылдан басталады және тек қана 10-11 сыныптарда жүргізіледі. Алдағы үш жылда кадрларды даярлау жоспарлары іске асырылады.

Инварианттық бөліктегі пәндерді оқыту тілі мынадай болып анықталды:

— қазақ тілінде оқытатын мектептердің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарында 2019 жылдан бастап барлық пәндер қазақ тілінде, тек қана физика, химия, биология, информатика – ағылшын тілінде, дүние жүзі тарихы, орыс тілі мен әдебиеті – орыс тілінде жүргізілмек. Вариативтік компонентті оқыту тілі – мектептің өз еркінде болады. 2019 жылға дейін мектептер жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқыту тілі ретінде ағылшын тілін таңдауға құқылы.

— орыс тілінде оқытатын мектептердің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарында 2019 жылдан бастап, барлық пәндер – орыс тілінде, тек қана физика, химия, биология, информатика – ағылышын тілінде, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті – қазақ тілінде жүргізіледі. Вариативтік компонентті оқыту тілін таңдау мектептің өз еркінде болады. 2019 жылға дейін мектептер жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқыту тілі ретінде қазақ және ағылшын тілдерін таңдауға құқылы.

2019 жылға дейін жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға өз еркімен көшкен мектептер үшін Министрлік қорытынды аттестаттауды пәндер бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дайындайды.

2017 жылы көктемде 9-11 сыныптарға арналған үш тілдегі емтихан материалдары әр мектепке жеткізілетін болады. Мектеп бітіруші қорытынды аттестаттау кезінде тілді таңдауға құқылы болады.

Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлек қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша міндетті емтихан тапсыратын болады.

bilimnews.kz
Әрі қарай

Астанада қайырымдылық білім беру форумы өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада қайырымдылық білім беру форумы өтеді
Астанаға алғашқы рет аңызға айналған Канаданың және Ресейдің спикерлері, және ұлттық желі жұлдыздар келеді.

2016 жылдың 14 тамызында Астанада қазақстандық және шетелдік спикерлер қатысатын жеке даму үшін білім беру форумы өтеді. Бұл қайырымдылық форум балалар үйіндегі балалардың әлеуметтік бейімдеуіне, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетуге, оларға тең мүмкіндіктер беруге және олардың қоғамға интеграциялануын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоба бастамашысы — француз қайырымдылық бірлестігі “StopLazy” (Жалқаулыққа күрес). Бұл бірлестігінің негізін қалаушылар — Қазақстан Республикасының азаматы Вадим Костерев пен қазақстандық қоғамдық қорлар «Best for kids», «Үнсіз әлем».

Форум Астана қаласындағы түрлі санаттағы адамдарды біріктіруге және балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін баға жетпес үлес қосып, әр қатысушыға тең мүмкіндік беруге бағытталған. Қатысушылардың балалар үйінде тәрбиеленуші балаларға қайырымдылық көмек көрсетуіне мүмкіндік бар.

Гил Петерсил (Канада), Филипп Богачёв (Ресей), Мерей Мұстафина, Болат Башеев және басқа бизнес-жаттықтырушылар Динара Сәтжанмен бірге өз дәрістерін беруге жиналады.

“Бұл форум арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға, соның ішінде есту мүмкіндігі шектеулі жандарға есік ашқымыз келеді, себебі әлеуметтік теңдік принципі біздің ұйымның негізінде жатыр." дейді — StopLazy Ассоциациясының Вадим негізін қалаушы Вадим Костерев. Форумда сурдоаудармашылар және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау үшін арнайы қызметкерлер болады.

Форумға қатысушылар жеке даму тақырыбы бойынша Ресей және Канаданың үздік спикерлері мен сарапшыларымен кездеседі.

Форум туралы ақпарат алу үшін www.stoplazyforum.com сайтына кіріңіз.

БАҚ аккредиттациясы: partners@stoplazyforum.com
Телефон анықтамалары: +7 701 553 75 70
Әрі қарай

Керек-Ринг 07/08/2016

07 тамызда өткен ойында өткен турда 2-орын алған "Әйел бақыты" командасы 7 ұпаймен 1-орын алды. Бақсы командасы 6 ұпаймен 2-орында қалды. Тартысты өткен ойында Фортуна, Brainstorm және Шымкенттен онлайн қатысқан Тәтті шәй командасы 5 ұпаймен 3-орын алды.

2-тур сұрақтары by asaubota

1. Жазғы Олимпиада бағдарламасынан шығып қалған бір спорт түрі АҚШтан басқа жақтарда кеңінен танымал емес. Ал, Қысқы ойындардағы бір спорт түрі бойынша АҚШ мықтылар қатарында. Бұл екі спорт түрін анаграмма ретінде жазыңыз. Яғни, тек әріптердің орындарын ауыстырып.

2. Жергілікті әкімдіктің Шаңырақты ұсынуларына қарамастан Тәңіршілік белгісін символ қылған мына суреттегі байқаудың атын атаңыз.
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 07/08/2016

3. 1965 жылы Германияда пайда болған танымал бұл бренд арқылы әлемнің 100-ден астам елінде адамдар бір біріне ризашылықтарын білдіреді. Ал, қазақтарда бұл бренд өнімі алғыстан бөлек, сыйлық түрі сипатында да. Көлеміне қарай алғыс дәрежесін де шамалауға болатын бұл брендті атаңыз.

4. Әлеуметтік плакаттардың бірінде қабырғаға ілінген 4 портрет бейнеленген. Портреттердің үшеуінің жоғарғы бұрыштарында қара жолақ бар, ал 4-ші портретте қара жолақ ортада тұр. Әлеуметтік плакат нені жарнамалайды?

5. Байланыстың бұл түрін кезінде ағайынды жігіттер өзара қауіпсіз байланыс үшін ойлап тапқан екен. Ал қазір Жер бетінде 100 млн көп адам осылай байланысады. Иран және Қытайдың кей аймақтары бұл санаққа кірмейді әлбетте.

6. Танымал автомобиль маркасының логотипінің шығу тарихы туралы компания тарихында эмблеманың бір қонақүй бөлмесіндегі түсқағаздағы суреттен алынғаны туралы жазылады. Алайда, екінші бір нұсқа ретінде компания басшысының өз қолымен салған сурет нұсқаларынан көбелек-галстук бейнесі таңдалғаны да айтылады. Қай автомобиль маркасының логосы көбелек-галстукқа ұқсайды?

7. 1987 жылы Бирмада 35 және 75 кьяттық (кьят — Бирма валютасы) банкноттар айналымға ене бастады. Кейін ел басшысы У Не Вин айналымнан 25, 35, 75 кьяттық банконттарды алғызып тастады да, оның орнына 45 және 90 кьяттық банкноттарды енгізді. Өйткені бұл сандар 9-ға бөлінеді екен. Экономикалық жағдайдың нашарлауы және түрлі реформалардан жалыққан халық жиі бас көтере бастады. Кейін тарихта “8888 көтерілісі” деген атпен қалған үлкен көтеріліс болды. Бұл оқиға неліктен 8888 деп аталды?

8. Google компаниясы қызметкерлеріне логотиптеріндегідей түрлі-түсті презервативтер таратады. Презервативтердің сыртындағы жазуды ағылшынша білмесеңіз қазақша немесе орысша баламасын жазып көріңіз.

9. Гондурас — 26, Ирландия — 77, Кувейт — 0, Түркия — 103, Қазақстан — 104, Ресей — 282, АҚШ — 554. Картада ненің саны көрсетілген?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 07/08/2016

2-тур сұрақтары by MERmukhanov

1. Cәтпаев астероиды жөнінде білесіздер. Одан бөлек, Қазақстанға қатысты тағы кемі 8 жұлдыз бар. Негізгі белдеудің астероидтарының бірі, 1906 жылы 4 наурызда Макс Вольф ашқан, # 590 астероид шартты түрде қазақ әйел адамның атына берілген. Танымал қазақ сайттарының бірін еске түсіре отырып, ол астероидты атаңыз.

2. Кельн карнавалы кезінде әйелдер көшеде пышақ, қайшы іспеттес өткір құралдармен жүріп, еркектердің ИКСтеріне шабуыл жасайды.
Қазіргі шетелдік облыс басшыларының бірі ИКСті мақсатқа сай пайдаланбағандығымен есте қалды.
Хорват азаматы ТомИслав ЗвонАрич түсін өзгертетін ИКС ойлап тапты. Жалпы, көп тілде ол сөз «Хорват» сөзінен шыққан деседі.
Иксті атаңыз.

3. Қазақтарың жер дүниенің шығуы мен түрлі атауларға байланысты өз аңыздары бар деп жазады «Экспресс К». Бір әзіл аңызды оқиық. Баяғыда бір замандарда жер дүние екі баһадүрдің тең бөлінісінде болыпты. Олардың әрқайсысы бұл әлемнің жеке дара қожайыны болғысы келіпті. Ақыры екеуі қатаң айқаста кездесіпті, сөйтіп, қартайып өлгенше алысыпты. :) Содан бері олар шайқасқан орын да екі қаһарманның құрметіне аталып кетіпті.
Ал бүкіл әлем ол жерді қалай атайды?

4. Махаббат, дем, Рим, билік, дөңгелек, сезім, арна,…

5. Фаина Раневскаяның цитатасын спорт түрімен толықтырыңыз.
Лесби, мазохизм, садизм — бұл шектен шығып бұзылғандық емес. Шектен шығып бұрмалаушылық тек екеу ғана: мұздағы балет және……

6. Швециядағы Стурш, Якутиядағы Лыбынкыр көлі, Қытайдағы Ханас көлі, аустарлиядағы Вайторен, Чилидегі Ақ көл, Қазақстандағы Көккөл, Канададағы Манилого көлі. Бұлардың қатарында тұруы тиіс ең танымалын атап көріңіз.

7. Қызық жұмбақты шешіңіз.
Дөңгелек болсам – қаттымын,
Төрт бұрыш болсам – бүктелем.
Мені жасаған – айтпайды,
Мені білмейтін – қабылдайды,
Ал білетін – жолатпайды.

8. Әлемде көп адамдар олимпиада медальдарын және естелік белгілерін жинайды. Алайда коллекционерлер үшін, айталық, ХІІ Олимпиада ойындарының медалдары ерекше құндылыққа ие. Неліктен?

9. Тарихта халықтардың қандай да бір ашылған жаңалықтар мен өнертабыстарды өздеріне теліп, дауласу фактілері жиі кездеседі.
Ал енді Тейлор деген кісінің ойлап тауып, Томпсон деген кісінің арқасында әйгілі болған, екі держава бірі-біріне телитін «ойын-сауық» өнертабысын атаңыз.
Әрі қарай

Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Биыл білім саласында біраз өзгерістер болғалы тұр. Үш тілде оқыту туралы жазбай-ақ қояйын. Өзім ұстап, оқып, тексеріп көрген «жаңалықпен» бөлісейін. Балалары мектепке баратын ата-аналар жақсы түсінеді. Баланы мектепке жинау тек қалтаға ғана емес, жүйкеге де, қимыл-тірек аппаратына да салмақ салады. Киім-кешегін, портфелін, дәптер-қаламын сатып аласың ау, әупірімдеп. Содан соң кітап жыры басталады. Математиканы «Атамұрамен», орыс тілін «Алматыкітаппен», ағылшын тілін «Просвещениемен», ән «Мектеппен» кете береді осылай… Жүргенің сосын қаланың бүкіл кітап дүкенін жағалап…
Биылғы оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары бірыңғай оқулықтармен оқитын болады. Яғни, барлық мектептің бірінші сынып оқушылары бір кітаппен оқиды. Мейлі Nazarbayev зияткерлік мектебі болсын, Дарын мектебі болсын, Созақ ауданының Иманов атындағы орта мектебі болсын. Қателеспесем 2019 жылғы мектеп оқушыларының барлық сыныптары осындай бірыңғай оқулықтарымен қамтылады ғой деймін.

Кітаптардың авторлық құқықғы БҒМ тиесілі болады. Баспалар әртүрлі. Мысалы, «Сауат ашу» оқулығын «Атамұра» баспасы, орыс тілін «Алматыкітап» баспасы шығарады. Неге дәл осы оқулықтар десеңіз, бұл министрліктің еркелігі емес. Былтыр 30 мектепте өткізілген, 9 баспа үйінің оқулықтары сараланып, ата-аналар, оқушылар, педагогтар, сарапшылар қатысқан эксперменттің нәтижесі. Ең үздік кіаптарды Білім және ғылым министрлігі бекітіп, енді барлық білім беру мекемелеріне ұсынып отыр.

Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Қызым биыл бірінші сыныпқа барады. Сондықтан бұл кітаптарды өзім сынап көрдім. Енді артықшылығы мен кемшіліктерін айтайын.
Артықшылықтары:
1. Енді әр баспаның есігін сығалап, дүкен аралаудың қажеті жоқ. Барлық кітаптарды мектептен аламыз.
2. Бір оқулық, бір бағдарламамен дайындалғандықтан, біріңғай ұлттық тестілеуде жауаптардың әр алуандығы болмайды. Былтыр мектеп оқушылары ҰБТның 289 сұрағына шағымданған болатын. Мысалы, Ұлы Отан соғысының басталуы бір оқулықта 22 маусым түнгі сағат 3-30 десе, енді бір оқулықта таңғы сағат 4-01 минут, енді бірінде 3-50 минут деп беріледі.
3. Оқулықтардың авторлық құқықтары ҚР Білім және ғылым минстрлігіне тиесілі. Енді кітаптан қателік кетіп жатса, бұрынғыдай баспаға ысыра салмайды. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Соған қарағанда оқулықтардың сапасына да сенімді болар.
4. Тең мүмкіндіктер. Маған білім және ғылым министрі Е. Сағадиев бір сұхбатында «элита мектептер немесе әлсіз мектептер болмауы тиіс! Қазақстан мектептерінің деңгейі әртүрлі. Қайсібірінің айырмасы жер мен көктей. Біздің барлық мектептердің деңгейі жоғары болуы қажет.» деген еді. Ауыл баласы қашанғы ауылдық квотасына алға тарта береді. Ауылдағы білім нашар деген стереотипті бұзатын уақыт жетті. Мақсат ауыл баласын квотадан айыру емес, тең мүмкіндіктер беру. Барлығы бір оқулықпен оқиды, қосымша білім алам десе, бәрекелді. Мұғалімдер оны да бере қояды.
5. Жемқорлыққа жол жоқ. Бұрын мейілінше көп мектептің бір баспа кітаптарын алғаны «біреулерге» жақсы болатын. Мысалы, бір мектеппен келіссеңіз, онда кемінде 5-6 мың бала білім алады. Оқулықтың ең арзаны 500 теңге. Бір ғана оқулықтан 25 000 000 теңге. Ал аудандық білім беру басқармасымен сөйлессеңіз, құдай жарылқады дей беріңіз. Тегін емес, әрине… Ал енді бірегей кітап болған жағдайда, кітабыңыз не тізімге енеді, не ешбір пара көмектеспейді. Сіздің кітабыңыз бекітілуі үшін еш конверт көмектеспейді, тек кітап сапасы маңызды.

Кемшілігі.
1. Бағдарлама бірдей. Сенде бар оқулық барлық мектептерде бар. Ал енді бәйгеден озып келер жүйріктерді дайындай ғой. Бұл жерде бар салмақ мұғалімге түсетін сияқты. Сондықтан енді элита мектептерге емес, білікті мұғалімге сұраныс арта түседі. Хм, мұны енді кемшлік деуге келе ме екен… Бірақ жақсы ұстаздар әрқашан аз ғой.
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Енді оқулықтардың өзін сынап көрейік. «Сауат ашу» оқулығы. 1-сынып оқушыларына арналған.
Артықшылықтары
1. Оқулық атауын байқадыңыздар ма? Әліппе де емес, Ана тілі де емес, Сауат ашу. Бұл оқу мен жазу оқулығының интеграциясы депті жасақтаушылар. Бұрын бірінші сыныпта мен өмірі естімеген ақын-жазушылар жүретін еді. Бұл оқулық мазмұнынан мін таба алмадым. Жарасқан Әбдірашев, Мариям Хакімханова, Бауыржан Жақып сияқты ақындардың өлеңдерін көріп қуанып қалдым.
2. Қате жоқ!!! Шынымды айтсам оқулықты ежіктеп екі күн оқыдым. Дәлірек айтсам қате іздедім. Таппадым)) Айтпақшы, екі томдық кітаптан түсінбегенім тек бір жұмбақ қана болды. Бір күн бойы бас қатырған жұмбақтың жауабын Аршат Ораз бірден тапты.
3. Кітап көлемі, бұрынғыдай кішкентай Б5 емес, Б4 форматы. Мәтін мен суреттер кеңінен орналастырылған. Дизайны көзді талдырмайды.
4. Бет көлемімен қоса, шрифті де үлкейген.
5. Суреттерінің сапасы тым жақсы. Түстер тым қанық емес, көзді шаршатпайды. Пастель тондар қолданылған. Бұл психикалық жағынан да балаға жағымды сияқты.
6. Кітапта топтық жұмыс, жұппен жұмыс, өз бетімен іздену, ойнау, ойлау, күрделі тапсырма, тыңдау, жазу, тағы басқа командалар белгіленген.
7. Авторлар. Беделді әрі білікті. Педагогика ғылымдарының докторы Әзия Елеупанқызы Жұмабаева, Абай атындағы ҚазҰПИ бастауыш сыныптарға білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры Гүлнар Инаматқызы Уаисова. Кітап сапасына, мазмұнына қатысты күмәнім қалмады. Сізде ше?
8. Жеңіл. Қағаз сапасы жоғары. Бір оқулық салмағы 100 грамнан аспайды.

Кемшіліктері
1. Мұқабасы жұқа. Ойлана келе кітап жеңіл болуы үшін мұқабасы жұқа болды ма дедім. Қалың мұқабалы кітаптарды рюкзаңына салып мықшыңдаған қызымды елестетіп, бұл пункт кемшілік емес, артықшылығы шығар дедім.
2. Ағылшын тілі оқулығының ғана электронды нұсқасы бар екен. Басқа кітаптардың электронды нұсқасы жасалса ше? Әй бірақ баланы онсыз да планшеттен айыра алмай отырғанда бұл дұрыс емес шығар. Оның үстіне ватсапта баланың есебіне жабылып шығаратын ата-аналар елестеп, мұның да болмағанына шүкір дедім.
Әзірше осы. Баланың да менің де болашағым олардың алған біліміне байланысты. Қартайғанда зейнетін көру үшін балаңыздың біліміне зер салыңыз. Айтпақшы, бала білім мен тәрбиені тек мектепте ғана емес, үйде де алады. Ертең балаңыз ержеткенде мұғалімін емес, сізді асырайды ғой иә? Сондықтан бала тәрбиесін мектепке, мұғалімге ысыра салмаңыз. Бірақ, бала үшін сабақ оқып, тапсырма орындаудың да қажеті жоқ.

Айтпақшы, қызық жұмбақтың жауабын тауып көріңіз ;)
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері
Әрі қарай

Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері

Қазіргі Олимпиада ойындарына жазғы түрлерден 28, қысқыдан 7 спорт түрі кіреді. Кірмейтін спорт түрлері көп. Олардың біразынан қазақстандық спортшылар мықты болып саналады. Егер бұл спорт түрлері Олимпиада бағдарламасына кіретін болса, қоржынымызға біраз медаль қосылар еді.

Самбо
Олимпиадалар: Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері
Самбо — елімізде кең тараған спорт түрлерінің бірі. Бірталай Әлем және Азия чемпиондарымыз бар. Бірақ, бұл спорт түрі дзюдоның көлеңкесінде қалып қойды.

Армрестлинг
Олимпиадалар: Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері
Қол күресінен Әлем бойынша алдыңғы орындардамыз. Еркектерден де, қыздардан да Әлем чемпиондары көп. Ең көп алтын әкелетін спортымыз болар еді.

Шахмат
Олимпиадалар: Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері
Шахматтан мақтанатын спортшыларымыз көп. Әсіресе қыздар командамыз мықты. Шахмат спорт болып саналса да, Олимпиадаға қосылмайтыны өкінішті.

Бильярд
Олимпиадалар: Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері
Бильярдың орысша түрінен Әлем чемпиондарымыз көп. Жалпы, бұл жағынан мықтымыз. Бірақ, орыс бильярдын Олимпиадаға қосуы екіталай. Оның орнына снукер қосылатын болса біздің жігіттер снукерге де икемделер еді-ау?

Су асты жүзуі
Олимпиадалар: Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері
Судың астында жүзуден Қазақстан бұрын мықты еді. Қазір де көрсеткіштері жаман емес. Әлем, Еуропа, Азия кубоктарынан медаль әкеліп жүр спортшыларымыз. Олимпиадаға қосылу ықтималдығы ең жоғары спорт түрлерінің бірі. Егер бұл спорт түрі жүзу федерациясы FINA-ға кіретін болса, алдағы жылдардағы Олимпиада бағдарламасына кіретін болады.

Допты хоккей
Олимпиадалар: Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері
Қысқы Олимпиадаға кіре алмай жүрген спорт түрі. Қазақстан Ресей, Швеция, Финляндиямен бірге Әлем Чемпионаттарында жыл сайын үздік төрттікке кіреді. Талай рет қола медальді де алдық. Егер қатысушы ел саны көбейе беретін болса, бір күні Олимпиада құрамына кіріп те қалар?

Футзал
Олимпиадалар: Олимпиада бағдарламасына қосылса, Қазақстанға медаль әкелетін спорт түрлері
Үлкен қарқынмен дамып келе жатқан спорт түрі. Ұлттық Құрамамыз Еуропаның қола жүлдегері. Олимпиадада нағыз атой салатын спорт түріміз болар еді.
Әрі қарай