Мөлдір

Блог - BakytgulSarmek: Мөлдір
Кейіпкердің атын өзгертіп жазсам, әңгімем әдемі шықпауы мүмкін. Сондықтан өзгеріссіз қалдырдым. Өзі туралы жазылған әңгімені Мөлдірдің оқымайтынына да сенімдімін… Себебі өркениеттен тым алыста жүр, мына көркем өмірге жақындауға талпынбайтын да шығар.
Мектеп бітіргенімізге он жыл толуына орай сыныптастар болып ауылда бас қосқанбыз. Ойдағы-қырдағыны түгендей келе Мөлдірге де кезек келді. "Қырда қой бағады. Бес жүз қойы, бір баласы, бір байы бар" деді қылжақбас құрдастардың бірі.
Қарабайыр тірліктен тым алшақтап, қалалық болып кеткенімді сездіргім келіп жасанды кірпіктерімді маңғаздана қағып-қағып: "Қай Мөлдір?" дедім. Менің Мөлдірді ұмытып қалуым ауылдық құрдастардың алдында беделімді, бағамды көтеріп тастардай жорта білмегенсідім.
Білемін ғой Мөлдірді. Малшының қызы. Әке-шешесі ауылға қоныс аударған кезде, тұратын үйлері болмағандықтан біздің сарайды бір қой беріп, уақытша жалдап алған. Басын қозғаса бұйра шаштары серіппедей бір созылып, бір жиналып тұратын қара қыз біздің үйге жүгіріп келіп, мамаларыммен амандасып жатты. «Біздің үйде тұрып жатсыңдар» деген үстемдік ой патшалық құрып, назар аудармауға тырыстым.
Аты Мөлдір екен, туылған кезінде-ақ көзінің әдемілігі, мөлдірлігі байқалып тұрған соң атын солай қойған шығар ойладым ішімнен. Қайқиған кірпігі қолымдағы қуыршақтыкінен де әдемі. Сығыр көздерімнің қиығымен қызғана қарадым.
«Менің қызыммен құрдас екенсіңдер, бірге ойнайсыңдар» деген мамамның сөзін іле-шала: «Көбейту кестесін білесің бе? Тоғызды беске көбейткенде неше болады?» дедім. Бұйра шаштары дір-дір етіп басын шайқады. «Білімі нашарлармен ойнамаймын» дедім де қолым жеткен жердегі қалың кітаптың біреуін ортасынан аша сала дауыстап оқуға кірістім. Жаңа таныс қыздың алдында бір артықшылығымды көрсетуге тырысып жатырмын. Ол маған қызыға қарап тұрды.
Шаруақор екен, таңертең ерте тұрып су тасиды, кілем қағады, жүгіріп келіп біздің үйдің егініндегі арамшөптерді жұлып көмектеседі. Ал мен көлеңкеде жатып алып кітап оқимын.
Қыркүйекте ол мен оқитын сыныпқа барды. Ән сабағында мұрнының үсті тершіп тұрып, ұяла қызарақтап ән айтты. Дауысы керемет, ешкім үндеместен тыңдады. Мұғалім өте сезімтал адам еді, көзі жасаурап Мөлдірдің шашынан сипады. Мөлдір біздің сарайда тұрады, сондықтан ол маған бағынышты, менен асып түсуіне болмайды. «Ағай, оның шашында бит бар, кеше көрдім» деп саңқ етіп, ән әуелеген сынып ішіндегі тыныштықты бұзып жібердім. Ертесіне кешке қарай есік алдындағы сәкіде мамасы Мөлдірдің басынан сірке сығып отырды.
Мөлдір менің меншігімдегі жанды қуыршақ сияқты. Үйге су тасу, бұзау қамау сияқты жеңіл жұмыстарға Мөлдірді жұмсап жіберемін. Қарсылық танытпастан бұйра шаштары н серпіп құлдыраңдап жүгіреді. Сыныпта оның басқа қыздармен ойнағанын көрсем, екі күн сөйлеспеймін.
Арада уақыт өте өздері үй салды да, қоныс тойын жасап көшті. Енді Мөлдірге сөзім жүрмейтінін ойлап іштей көңілім пәс болып қалды. Кешке қарай бұзау айдап келе жатсам, Мөлдір біздің қораның есігін ашып күтіп тұр екен. Бұзаулардың тұсауларын шешуге де көмектесті. «Ертең концертте ән айтамын» деді. «Айтпайсың» дедім көзімді алартып.
Ертеңгі күні әдемілеп өрілген шашына шашылған жылтыр лак күнге шағылысып, ақ туфлиімен желпіне кетіп бара жатқан Мөлдірді көрдім де, концертке бармадым.
Мөлдірлер жазғы демалыста мал бағуға жайлауға кетті. Қыркүйекте мектепке келмеді. Көп кешікпей көрші әйелдің мамама айтып жатқан әңгімесін естіп қалдым: «Дәулетбайдың әйелі қызын ертіп алып аудандағы перзентханада жүр. Жөн сұрасам ештеме айтпады. Санитаркалардан біліп алдым, қызын малшылардың көмекші жігіті зорлаған екен, аяғы ауыр көрінеді. Баланы алдыртпақшы екен». Мамамның көзі алақандай болып маған қарады, мен түсінбеген адамдай кітап оқып отыра бердім. Көз алдымда әріптер тым-тырақай қашып, ойым ойды-қырды қуып жатыр. Ұрлана оқып жүріп, «Мың бір түннің» екі томын тауысқан сұммын ғой, еркек пен әйелдің жақындығы, бала туу дегендерді тым жақсы түсініп тұрмын.
Мөлдірге келген кесапат менің қуанышыма, аздап қорқынышыма айналды. Кекіл тарап, мұрын сүртіп есейіп қалған сыныптастарыма да соңғы жаңалықты таратып үлгердім. Қыздар жағы қорықты, ұлдар болса жұмбақ жымиып таңданысты. Екінші тоқсан басталысымен Мөлдір сабаққа келді. Шашының бұйрасы тарап, әлсіз толқынданып қалғандай, көзі де көптен сүртілмей жылтырынан айырылған айнадай, бұрынғыша мөлдіремейді.
Сыртынан айтылатын сыпсың сөздерден, әр қимылын тергеп қарайтын көздерден шаршап жүргенінде түнде шарбағын баққан ересек жігіттер қосылды. Аудандық байқауға қатыстырамын деп ән сабағының ағайы да қосымша сабаққа шақырып біраз әуреледі.
Мөлдір тоғызыншы сыныпты бітіріп, мектептен шығып кетті.
"Ә, тоғызыншы сыныптан кейін мектептен шығып кеткен Мөлдірді айтасыңдар ма?" дедім құрдастардың әңгімесіне қайтадан ортақтасып. «Күйеуіне екі шөлмек арақ берсең, Мөлдірмен алаңсыз таңға дейін ән айтуға болады екен» деді тілінің уы бар тағы біреуі.
Оның осы уақытқа дейін неше көңілдесі болды екен? Мөлдірмен бақталасуға жетелейтін ескі, таныс ой мені тағы да мазалап қоя берді.
Әрі қарай

Астанада үлескерлерді қолдау орталығы жұмысын бастайды

Орталықтың жұмысы өтініштер мен шағымдарды қабылдауға, өтінімдерді, қылмыстық, əкімшілік және азаматтық істерді (оның ішінде жауаптардың көшірмесін беру) қарау туралы мәлімет беруге, тұрғын-үй құрылысында үлескерлік қатысу саласындағы қолданыстағы Заңнаманы түсіндіруге бағытталған.

-Елордада прокуратураның бастамасымен үлескерлерді қолдау орталығын құру ұсынылуда. Ол Астана қаласы, Сейфуллин көшесінің басындағы (188 көше) ХҚКО ғимаратында орналасады. Енді азаматтар мемлекеттік органдардың əкімшілік ғимараттарында кезек күтіп тұрмайды. Барлығы бір жерде — бір терезе қағидасы бойынша болады" — деп хабарлады Facebook əлеуметтік желісінде Бас прокуратура департаментінің аға прокуроры Ринат Əтембеков.

Үлескерлік құрылыс сұрақтары бойынша барлық азаматтарды Астана қаласы əкімдігінің қызметкерлері қабылдайды.
Әрі қарай

Тәртіп - тәрбие емес.

ТӘРТІБІҢІЗГЕ ҚАНДАЙ БАҒА АЛДЫҢЫЗ?

Кезінде бастауыш  сыныпта «Тәрбие сағаты» деген болатын. Апта сайын оқушының тәртібіне де күнделікке арнайы  баға түсетін: «Тәртібі: 5»-деген  сынды...Қазір біз сол тәрбие мен тәртіпті шатастырып  алмадық па??? Ылғи белгілі бір тәртіппен өмір сүріп, жоспармен әрекет ететін адамдар бар. Олар аяғын аттап басса, болжап, алды-артын байқап отырады. Олар аяқ астынан шешім қабылдамайды, кеңеспей әрекет етпейді. Көшеде сырын білмейтін қызға жақындағанша, ортақ таныс арқылы немесе жұмыста танысқан дұрыс,- дейді. Тіпті даусын шығарып, шынайы күлуді де әдепсіздік санайды. Өмір сүрудің өз тәртібі бар деп біледі. Ұйқыдан оянған соң бірден жатын орнын жинайды, сосын барып беті-қолын шайып, кешке дайындап қойған киімін киеді. Таңертең көңіл-күйі өзгеріп, сәйкесінше басқа киім киіп кету — тәртіпке бағынбаудың белгісі. Сол сынды үйдегі тұрмыстық заттардың да орны ешқашан өзгермейді,  барлық қажетті заттар да алдын-ала сатып алынған. Ештеңені лақтырмаған дұрыс, ертең керек болып қалуы әбден мүмкін. Жұмысы  тындырымды, қоғамға пайдасы болсын-болмасын, оқыған мамандығының иесі болу — әлдеқайда артығырақ. Өйткені «тәртіпке бағынған құл болмайды».  Міндетті түрде дұрыс жаста тұрмыс құрып, әулетке дұрыс қызмет ету керек. Баланың тәрбиесі де тәртіпке негізделсе, адам болады. Тәртіптен басқа таңдау жоқ!  Жақында бір танысым «енді жағдайыңды жасап тастадың, тұрмысқа шық, жаққсыыы жігітпен таныстырайын»- дегесін, келістім. Саған хабарласады деген соң, суретіне де қарамай, ештеңе сұрастырмастан, мақұл дедім. 3-4 күннен соң мырзам хабарласып (таңғы8:30-да), кешке 18:30-да жұмыс жағыңызға келемін деді. (Бәрін сұрап-біліп алған ғой). Тәртіппен жүретіні көрініп-ақ тұр. Ойбай мұнысы несі, кешке жұмысым нешеде бітеді, эфир уақыты әрқалай, шығармашылық саладамыз дегендей, — деееп ойланып, мен отырмын. Ұйқым да шала ашылған, даусым қырылдап тұр))) Сосын не де болса кешке хабарласыңыз 18:30да, жауабын берем дедім. Сонымен 18:30. Хабар жоқ… звондамағасын, келмес деп үйге жиналдым. Сөйтсем әлгі жігіттің тәртіптілігі сонша,  18:30-да  шығып, 19:00-де менің жұмысымның алдындамын деп  звондап тұр. Күннің суығында маған бола келді-ау,- деп шықтым кездесуге. Түріне қарасам,  соннндай  тәртіпті! Өзім сәл тұмаулап тұрғам, қара суықта ең болмағанда кофе ішеміз-ау деген ойым да жоқ емес. Сөйтсем, бейтаныс адамдар өздеріне аса жұрттың көзі түсе бермейтін, кең жерде тілдескен дұрыс деген «ереже» бар екен) Сол «тәртіп» бойынша дірдектеп туфлида мен келем… Ол өзінің «тәртіпті» өмірінен сыр шертуде… Жалпы өмірде өз принциптерімді өзгертпеймін,- дейді… Еее, ережесі көп екен,- деп түйіп қойдым.Құдай-ау, ананы істеуге болмайды, былай еткен бұрынғылар, ана қылық қоғамға  қарсы, мына образ қызға жараспайды дегенде, ұялтады-ау басында… соңында ішім  пысып кетті. Е қошы-ей дегің келеді. Әркімнің өз таңдауы бар ғой, санасы мен есі жеткен жерге дейін бақытты болсыншы, шаршамашы енді,- дегің келеді. Тал бойы сондай тәртіпті, кеудесінде жаны бар, «жыны» жоқ сондай адамдарды жек көрем. Бойыңды еркін ұстап, асықпай керіліііп, рахаттанып күліп алшы, -дегің келеді. Меніңше, адам өзін тәртіпке бағындырам деп, қатты қорламауы тиіс. Өзі ме, өзге ме, ойлап тапқан «образдың» құлы болудың қажеті жоқ. Қоғам бізге белгілі бір принциптерді таңып тастағаны анық. Әрине, тұрпайылық пен дөрекілікті насихаттаудан аулақпын, жалпыға ортақ рухани ұстанымдар бар. Бірақ тәлім мен тәрбиені темірдей тәртіпке, қатып қалған қағидаға ауыструдың еш қажеті жоқ-ау.
Әрі қарай

Керекринг-пикник сұрақтары - 09/07/2017

9 шілде Астана қаласындағы Жерұйық паркінде пикник-стайл ойын өтті. Командалар ерлер мен әйелдерге бөлінді. Тартысты өткен ойында 13:12 есебімен арулар жеңіске жетті.

Интеллектуалдық ойындар: Керекринг-пикник сұрақтары - 09/07/2017

1. Британ жазушысы Квентин Крисп адамның жазушы болуына үш себеп бар дейді. Бірінші себеп – адам маңызды бірнәрсе айтқысы келгендіктен, екінші – суық қыстың кешінде адам басқа ештеңемен айналысуға ниетсіз. Үшінші себепті атаңыз.

2. Журналист Джозефус Дэниелз «Бұлар дипломаттардың қателіктерін дұрыстау үшін жиналған адамдар», — деп кімдер жайлы айтқан?

3. Венесуэланың ауылдарында және кейбір қалаларында да қолға үйретілген жыландар бар. Олардың арнайы міндеттемелері де жоқ емес. Бұндай міндеттемелерді бізде қандай жануар атқарады?

4. Африкалық гелада маймылдары үлкен үйірмен өмір сүреді. Ғалымдардың зерттеуінше, африкалық қорқаулар, гелада маймылдары көп шоғырланған жерлерде антилопаларға көп шабуыл жасайды. Маймылдар қорқауларға қалай көмектеседі?

5. Бұл кішкентай шарды үлкен шардың үстіне қойып, кейін, үлкен шарға тиіп кетпейтіндей етіп кішкентай шарды арнайы нәрсемен соғып ойнайтын ойын. Осы ойындағы үлкен шарды біз қалай атаймыз?

6. Алхимиктер элемент атауларын өздерінше түрлі шифрлеген. Мысалы: темірді – «Тифон сүйектері», мысты – «ұйыған қан» деп атаған. Ал «қашқын» немесе «жұқа бұлт» қандай затты атаған?

7. Неліктен барлық делік еуропалық туристер, Делидегі Кхари Баоли базарына кірген сәттен бастап жөтеліп немесе түшкіреді?

8. Франклин де, Вашингтон да бәріне танымал президенттер. Олардың жасаған істерін саралай отырып, қайсысы көбірек пайдасын тигізгенін анықтау қиын екені сөзсіз. Алайда Франклин Вашингтонды бір көрсеткіш бойынша тура жүз есеге асып кеткен. Бұл қандай көрсеткіш?

Интеллектуалдық ойындар: Керекринг-пикник сұрақтары - 09/07/2017

9. «GeoFocus» (ГеоФокус) журналында бұл нәрсе, әлем тарихы жазылатын сия деп бейнеленген. Бұл не нәрсе?

10. Ежелгі грек ойшылы Архимед: «Сіздер ұзындығына әсер ете алмайсыздар. Бірақ тереңдігі мен кеңдігі өз қолыңызда» деген пайым айтты. Архимед осы анықтаманы неге байланысты айтқан?

11. Каратэның негізін қалаушы адам — Гитин Фунакосидің айтуынша: «Есіңде болсын: каратэ жолы бас июден басталып...» Сұрақ, немен аяқталады?

12. Қырым татарларының жұмбағын шешіңіз: Әлемді бүркеп тастайды, ал теңізді жаба алмайды.

13. Әдетте бухгалтерлер, өз кітапшаларына есеп жүргізу барысында, сатылым жағынан алғанда сәтсіз болған күндерді қызыл түспен белгілеп отырған. Ал сәтті күндерді қандай түспен белгілеген?

14. Графиня Софья Потоцкая құмар ойындарын ойнағанды жаны сүйетін. Бұл әдетін қойғызу үшін діни қызметкерлер оны тәртіпке шақырады. Графиня болса бір жыл бойына ойын орындығына отырмаймын деп уәде берді. Бұл мерзім оған ұзақ болып көрінгенімен, ол келісімді бұза алмады. Ол бұл жағдайдан қалай сытылып шықты?

15. Африканың суахили тайпасында, алғашқы адам жерге аспаннан түсті деген аңыз бар. Оған аспаннан түсуге кім көмектесті?

16. Рюноске Акутагава: «Адамның өмірі сіріңке қорабы іспетті. Оған асқан жауапкершілікпен қарау күлкілі, ал жауапкершіліксіз қарау ...» Акутагаваның сөзін аяқтаңыз.

17. Алтайлық бақсы күндізгі мейірімді аруақтармен байланысқанда бүркіттің қауырсындары бар киім киеді. Ал түнгі теріс күштермен байланысқанда қай құстың қауырсыны бар киімді киеді?
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының Астана күніне арналған арнайы жобасындағы сұрақтар (2017 жылғы 8 шілде)

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының Астана күніне арналған арнайы жобасындағы сұрақтар (2017 жылғы 8 шілде)
«Ой-Зерек» радиобағдарламасының Астана күніне арналған арнайы жобасында (2017 жылғы 8 шілде) ойыншылар мен жүргізушілердің құрамасы 12 сұраққа жауап беріп, 10:2 есебімен жеңіске жетті. Әр ойыншы өз сұрағында жүргізушінің рөлін атқарды.
Сауалдар әлем астаналары және қазақ тарихы мен дүниетанымына қатысты болды.

By asaubota :
Қай елдің халқы астаналарын қысқаша Тана деп атайды? Ақын Агостиньо Нето бұл елді сұрақ белгісінің жанындағы нүктеге теңейді.

Аралия, Қазақстания, Гумилев, Пацаев, Байқоңыр, Қырғызия, Шумерия, Ватикана, Барселона, Википедия. Мен ненің атауларын оқып шықтым?

By Meirambek :
Х-тер — осы ғимарат құрылғыларының бірі. Бұл жұмбақ ғимараттағы олардың саны 5-еу және олар 60 градуста қозғалады. Мұндай ерешке Х-тері бар ғимараттар Астанадан басқа Париж бенен Лас-Вегаста қана бар. Ерекше құрылғысы бар ғимаратты атаңыз.

1808 жылы бір елдің корольдік отбасысы қарсылас жаудың әскерінен қашып, Х атты қалаға келіп пана тапты және өз елінің астанасы ретінде жариялады. Бұл қала 1822 жылға дейін, Еуропа тарихында Еуропа континентінде орналаспаған жалғыз астана ретінде тарихта қалды. Х қаласын табыңыз.

By Basic :
ХХ ғасырдың басында Барлыбек Сырттанов "Қазақ елінің Уставы" аталатын құжатты əзірлейді. Аталған құжаттың бір бабында елдік рəмізі ретінде қазақ елінің туын сипаттап өтеді. Қазақ елінің исламға берілгенін, байтақ даласын, азаттық үшін төгілген қанды айта отырып, тудың нақты сипатын анықтайды. Осы айтылған символдық мəндерге қарай отырып қазақ елінің сол кезде белгіленген туын сипаттап беріңіз.

1924-25 жылдары Түркістан Автономиясы ыдыратылып, орнына ұлттық республикалар құру қаулысы мақұлданады. Осы жəне басқа да себептерге байланысты Қазақ автономиясының астанасын Орынбордан басқа қалаға ауыстыру қажеттілігі туындайды. Кандидат қалалардың қатарында Ақмешіт (Қызылорда), Ташкент, Түркістан жəне Х қаласы да ұсынылды. Х қаласын ұсынған Сəдуақас Смағұлдың пайымдауынша бұл қала географиялық орналасуына байланысты астана болуы тиісті еді. Х қаласын табыңыз.

By Karakyz :
Алғаш рет Парижде көрмеге қойылып, кейін Дохаға көшірілген бұл ескерткіште Х-тер арасында 2006 жылы орын алған қақтығыс бейнеленген. Париждегі көрменің ұйымдастырушысы бұл ескерткіш туралы: "Әдетте ескерткіштер жеңісті ұлықтау үшін қойылады, бірақ бұл — жеңілістің құрметіне қойылған ескерткіш" дейді.
Ал Дохадағы көрмені ұйымдастырушы «Біз Х-терге кейде құдайлар сияқты қараймыз, бірақ бұл ескерткіш Х-тердің жәй ғана адам екенін көрсетеді» дейді.
Ескерткіште бейнеленген қақтығысты табу арқылы, Х-тердің кім екенін айтыңыз.

Керекинфо.кз порталында Х туралы жазба бар. Пост авторының айтуы бойынша, Х оның ұлына қатты ұнапты. Алайда, сұрақ авторының пікірінше, Х-те қорқыту, жануарларға қатыгездік жасау, рэкет сияқты қылмыстар сипатталуы себепті, балалар ол туралы білмегені дұрыс. Аталған жазбаға пікір қалдырған Нұрғиса никті қолданушы Х-ті негізге ала отырып: «Тауар алмасымы экономикалық категория ретінде қазақ жерінде шыққан» деп тұжырымдайды. Х-ті табыңыз.

By Нұрлан Иманғалиев:
factretriever.com сайтындағы "Қазақтар туралы 55 факт" атты мақалада қызық бір жағдай орын алған. Мақала авторы Джилл Бартоломеу қазақтың бір сөзі туралы жазып, қазақтар туралы қате түсінікке жол ашқан секілді болды. Қазақтар туралы мүлдем білмейтін шетелдіктер осы фактті көріп, қазақта белгілі бірдеңеден жасалатын тамақ түрі бар деп ойлап қалуы мүмкін. Негізінде әлемнің 7 мемлекетінде ғана бар бұндай тамақ қазақтарда ешқашан болмаған. Бартоломеу қай сөз туралы жазған?

Сана, Катманду, Вильнюс, Алжир, Х.
Х-тің орнына қай қаланың аты келеді?

By MERmukhanov :
Қазақтар үшін Альфаға тиесілі ұғым — шетелдіктер, мысалы, еуропалықтар мен орыстар үшін Бетаға тиеісілі (Яки «Альфаның бірдеңесі» және «Бетаның бірдеңесі» деген бір ұғым). Ал ол ұғымға айналадағының бәрі тиесілі. Қазақ фольклоры «Альфада Бета жоқ» дейді. Оларды атаңыз.

Әлемдегі ең суық астананың атауын әлемдегі екінші суық астанасы бар халықтың өкілі қойған екен. Моңғолияның Урга қаласын Баатор хото, яғни Батыр қала атауы күн тәртібінде тұрғанда, Тұрар Рысқұлов Улаан сөзін алдына қосып, Улааан Баатор хото қылуды ұсынады. Ол сөзді қосу шаһар атын Шыңғысханнан алыстатады, әрі Рысқұловтың және айналасындағылардың заманауи көзқарастарына қатысты. Және сұрақ авторы Улаан сөзінің қосылуынан әдеби шығармамен де аллюзия, байланыс іздейді. Ол сөз қалай аударылады?

Тікелей эфир видеосы: фейсбукте тұр.
Ал аудиомұрағат мінекей.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2-айналым, 2017 жылғы 1 шілдедегі эфирінде қойылған сұрақтар

Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал ойынының 13-шығарылымына «Найза» командасы қатысып, 2-ойынын өткізді. Есеп 2:9. Команда тәжірибе жинауда.
Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 2-айналым, 2017 жылғы 1 шілдедегі эфирінде қойылған сұрақтар
«Бірінші Еуразия» арнасының қорында және Керекинфо ресурсында «Таныс болыңыз: Маралбек» атты сюжет бар. Сюжеттің пайда болуына белгілі журналистің және кәсіпкерліктің қатысы бар. Сюжеттің басты кейіпкерін атаңыз.

Әзірбайжан мақалын толықтырыңыз. «Қанша білсең, бойыңда сонша адам бар». Қандай сөзді тастап кеттік?

Мамамдық – оқуға түсерде мамасы таңдап берген мамандық; Жатракцион – жатып алып, аяғымен балаңды самолет қып ұшыру. «Жаңа сөздік» жобасы – интернетте сөздерді фонетикалық-лексикалық ұқсастықтары арқылы түрлендіру не синтез жолымен заманауи қазақша сөздер жасайтын түсіндірме сөздік. Бұл сөздік болымсыз етістік арқылы құрастырылған он әріптік жаңа сөзді «Сәтсіз жобаларға жасалған сауатсыз инвестиция» деп түсіндіреді. Сіз де құрап көріңіз.

Генерал Дуглас МакАртур Филиппиннен шегінерде бір сөз тіркесін айтады. Ал 1944 жылы айтқанын орындайды. Ал одан 40 жыл кейінгі (1984 жылғы) осы тіркес айтылатын фильмді атаңыз.

Музыкаға қатысы жоқ қазақ жұмбағын шешіңіз.
Адамға қызмет етіп тұр диірмен,
Тұрады ылғи зарлап бір бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік жіптері бар,
Тез тауып айтшы, кәне, кім иірген?

«Багси Мэлоун» фильмі – гангстерлік киноға барлық рөлін балалар ойнайтын пародия. Оқ-қару орнына – крем тортттар пайдаланылады, ал автомобильдердегі Х-тер мүлдем басқа түрде. Х-ті атаңыз.

Бір қосымша, яки бағдарлама, шыныққан, шымыр адамды көрсетеді. Жайлап-жайлап оның бұлшықеті кеміп, ақыры кейіпкер мүлдем әлжуаз болған кезде ОСЫ ӘРЕКЕТКЕ қажеттілік туындайды деген сөз. Неге?

Ескендір Зұлқарнайынның әскері шөл арқылы өтіп, өзенге жетеді. Жауынгерлер ішуге лап береді, содан кейін әскер қатары сиреп кетеді. Ал әскербасыларды ажалдан құтқарған не?

Сириялық сериалдар әдетте 30 эпизодтан тұрады. Оның себебін айтыңыз.

1903 жылы негізі қаланған ең ескі америкалық клуб «Кони-Айлендтің ақ аюлары» деп аталады. (Олардың маусымы қарашадан сәуірге дейін созылады) Ал біздер осындай клубтардың мүшелерін қалай атаймыз?

1841 жылы Аргентина мен Уругвай флоты арасындағы айқаста зеңбірек оқтары таусылғанда, уругвайлық адмирал дұшпанға берілгелі жатады. Алайда, кенет трюмда ОНЫҢ бірнеше кесегі бар екенін есіне түсіріп, зеңбірекке салып, дүркін-дүркін атқызады – аргентиналықтар шегініп қалады. Ал Эмилия-Романьеде ОНЫҢ айрықша сұрыбын несиенің кепілі ретінде алатын бірнеше банк бар. Несиені өтейтін шаққа дейін ОЛ да жақсарады. ОНЫ бір сөзбен атаңыз.


Аудиожазбасын мына жерден тыңдай аласыздар.
Әрі қарай

«Еңселі елім, байтағым» атты Астана жастары рухани байқауының ережесі

Астана жаңалықтары: «Еңселі елім, байтағым» атты Астана жастары рухани байқауының ережесі

Елорда әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы Астана күні қарсаңында «Еңселі елім, байтағым» атты Астана жастарының рухани байқауын өткізеді. Байқауға 16-30 жас аралығындағы азаматтар, шығармашылық топтар қатыса алады. Байқауға ұсынылған материалдарды арнайы құрылған қазылар алқасы қарап, жеңімпазды анықтайды. Қазылар шешімі қайта қарауға және шағымдануға жатпайды.
Байқау номинациялары:
1. «Үздік поэзия»;
2. «Үздік блог-пост»;
3. «Үздік дизайнерлік жұмыс» (сәулет, сурет, композиция);
4. «Үздік қолөнер бұйымдары» (әшекей бұйымдар, кәдесыйлар);
5. «Үздік интернет канал» (арнайы түсірілген бейне материалдар);
6. «Үздік мақала».

Жұмыстарға қойылатын негізгі талаптар:

1. Үздік поэзия
Поэзиялық туынды бұрын еш жерде жарияланбаған болуы керек. Елорданың, туған жердің көрікті де көрнекті орындарын арқау етуі тиіс және Астананың гүлденуін халқымыздың рухани жаңғыруымен байланыстыра білуі талап етіледі. Поэзиялық туынды қандай жанрда болсын қабылданады, көлеміне шектеу жоқ.

2. Үздік блог-пост
Қатысушының әлеуметтік желілердегі белсенділігінің жоғары екендігі ескеріледі. Комиссияға тапсырылатын материал әлеуметтік желі парақшасынан скриншотқа түсіріліп жолданады. Ұсынылған жұмыста Астананың рухани-мәдени орындары, тәрбие-білім ордалары, әлеуметтік-спорттық нысандар және олардың жастарды патриоттық тәрбиелеудегі маңыздылығына мән берілуі тиіс. Қатысушы ақпаратты байытып беру, алған әсерімен бөлісу арқылы оқырманды қызықтыра білуі қажет. Жарияланған пост әлеуметтік желіде like, repost (лайк, репост) санымен бағаланады.

3. Үздік дизайнерлік жұмыс (сәулет, композиция)
Негізгі талап – Астананың көрнекті орындарының үздік безендірілуі, қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше баурайтын, оларға жайлылық сыйлайтын идея болуы керек. Идеяны макет түрінде, арнайы бағдарламалар арқылы дайындалған сызбалар арқылы жолдауға болады.

4. Үздік қолөнер бұйымдары (әшекей бұйымдар, кәдесыйлар)
Байқауға ұлттық өрнек, халықтық қолтаңба, адамзаттық құндылықтарды паш ететін қолөнер бұйымдары мен туристерге Астананың қонақжай атмосферасын бере алатын кәдесый жұмыстары қабылданады.

5. Үздік интернет канал (арнайы түсірілген бейне материалдар)
Қазіргі технология мүмкіндігін пайдалана отырып, Астананың оң имиджін қалыптастыру, жастарды тарихи орындарға қызықтыру, елорданың спорттық-мәдени өміріне белсенді тарту мақсатында жұмыс жасайтын интернет канал болуы тиіс және каналға жазылушылардың саны, көрсетілімі (просмотр) ерекше ескеріледі.

6. Үздік мақала
Мақала Астана қаласының тарихы, дамуы, инвестициялық тартымдылығы, ұлттық идеологияның бастауында тұрған шаһар ретіндегі орны жайлы болуы керек. Мерзімді басылымда жарияланған материал (мақала) көшірмесі талап етіледі.

Аталған байқауға ұсынылатын материалдар 2017 жылғы 27 (қоса есептегенде) маусымға дейін қабылданады. Сарапшылар тобы 28-30 маусым аралығында жұмыстарды іріктеп, бағалайды және үздіктерді анықтайды. Жұмыстарды astanaTDB@mail.ru электронды мекенжайына жолдау қажет. Номинация шарттары жайлы мәліметтермен www.tildamytu.astana.kz cайты арқылы танысуға болады. Қосымша ақпараттарды +7 701 478 30 87, +7 702 704 88 98 байланыс нөмірі арқылы білуге болады.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2-айналым, 2017 жылғы 24 маусымдағы эфирінде қойылған сұрақтар

Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал ойынының 12-шығарылымына «Оймақ» командасы қатысып, 2-ойынын өткізді. Есеп тағы да 4:7. Тұрақтылық — класс белгісі.
Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 2-айналым, 2017 жылғы 24 маусымдағы эфирінде қойылған сұрақтар
1.Армян жұмбағы ОНЫ киімімен моншаға кіріп, киімсіз шығады дейді. Ал XIX ғасырда, кір жуу ұнтақтары әлі болмаған кезде, үй шаруасындағы әйелдер ОНЫ сабын, крахмал, ағартқыш сұйықтың орнына қолданған. Оны атаңыз/Ал қандай көлікке мінгенде біз ОНЫ жиі ала жүреміз?

2. 1975 жылы шыққан Дхарматма атты үнді фильмінің сюжеті үлкен қылмыс империясын басқарып отырған адам және бұл істі жалғастырып, жалғастырмайтынын шешуі тиіс ұлы туралы. Хинди тілінен дхарматма сөзін аударыңыз.

3. Соғыс кезінде жазылған Қайым Мұхамеджановтың өлеңі:
«Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.
Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда» деп басталады. Аңыз бойынша, Әбділда Тәжібаев пен Ғабит Мүсірепов бұл өлеңге сәл-сәл өзгеріс енгізуді ұсыныпты. Ал сіз бұл өлеңге ән жазған адамдардың кез келгенін атаңыз.

4. Невада штатының таңбасында жұлдыз және бір шөп бейнеленген. Украиндер бұл шөпті чернобыль деп атайды, немістер вермут. Семейде немесе жалпы Қазақстанда бұл өсімдік қалай аталады?

5. Олар қолдарына өткір темір ұстап, бір-біріне қарсы қозғалатын болады. Олар бір-біріне шаршаудан басқа ешқандай зиян тигізбейді. Біреуі алға еңкейгенде, екіншісі артқа шалқаяды. Леонардо да Винчи бұлай қандай процесс жайлы айтқан?

6. Мухамед Кубайси атты дубайлық діни қызметкердің пікірінше Дубайда ораза кестесіне түзету енгізу керек. Бір параметр бойынша 80 көрсеткішінен асқандар үшін 2 минуттық өзгеріс енуі тиіс екен. Бұл қандай параметр?

7. Стендапшы Нұрлан Сабыров жақында “Лексус” алғанын айта келе, онда дым ноқат, сызық болмағанын баяндайды. Бірақ бір ай өтпей-ақ жаңа автокөлігін сырып-сырып алғанын айтады. “Енді бояу керек…” дейді ол. Нені/нелерді?

8. Американ жазушысы Уилсон Мизнердің пікірінше, бір автордан ұрлау — плагиат, ал бірнеше автордан ұрлау — ИКС. Британ немесе Массачусетс университеті ғалымдарына сүйенбей-ақ ИКСті 60 секундта 4 адамдық топтарыңыздың ми еңбегі арқылы тауып көріңіз.

9. Қазақ жұмбақтарынан бір порсы:
Тұтқасыз тобатай,
Ұнатар, көп апай.
Мылжа басты,
Мың көзді.

10. 2015 жылы Мәскеуде өткен бір көрме Экспо-1520 деп аталды. Көрме тақырыбына негіз болған бұл атау егер еуропалық және жалпы әлемде танымал стандартпен өткен болса Экспо-1435 деп аталар еді. Экспо-1520 қандай бағыттағы көрме еді?

11. Бұл адамның әкесі Апулияда, Италия, туған. Айрықша спорттық жетістіктерінің жоқтығына қарамастан, бұл адам 2011 жылы Бүкіләлемдік бокс даңқы залына енгізілді. Оның фамилиясын атаңыз.

Аудиожазбасы — мінекей.
Әрі қарай

Астанада 26-30 маусым аралығында Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада 26-30 маусым аралығында Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің бекітілген кешенді бағдарламасына сәйкес, Ақтөбе облысының мәдениет күндері 2017 жылдың 26-30 маусым аралығында өтеді.

Облыстың мәдениет күндерінің ашылуы 26 маусым күні сағ.21.30 «Экспо» аумағындағы амфитеатрда Ақтөбе облысының үздік шығармашылық ұжымдарының «Ақтөбе – құтты мекен» гала-концерті өтеді.

Театрландырылған концертте құрамалы оркестр, вокалистер, алдыңғы қатардағы би ұжымдары, ақтөбелік эстрада өнер жұлдыздары, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Есенгелді Ырза, Өмірқұл Айниязов, сонымен бірге жерлесіміз Ресей Үлкен театрының /Москва қ./ опера әншісі Светлана Касьян және бірнеше дүркін халықаралық ән орындаушылар байқауының, Қытайда өткен «I am singer» байқауының жүлдегері Димаш Құдайберген қатысады. Концертте ақтөбелік композиторлардың шығармалары мен әндері орындалып, өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктері көрсетіледі.

Облыстың мәдениет күндерінің бағдарламасына сәйкес, Астана қаласы «Қазанат» ипподромының аумағында орналасатын этноауылда 26 маусым – 10 шілде аралығында облыс атынан 2 киіз үй тігіледі. Бір киіз үйде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан ұлттық этнографиялық бұйымдардан тұратын «Ақтөбе өңірінің жауһарлары» атты көрме жасақталып, «Экспо» штабы ұйымдастыру комитетінің сұрауы бойынша көрме 8 шілдеге дейін жалғасады.
Осы этноауылда орнатылған сахнада 27 маусым күні сағ.15.00-20.00 аралығында облыстың, қаланың және ауданның мәдениет мекемелері өнерпаздарының қатысуымен этноконцерт өтеді. Концерт облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі, фольклорлық ансамбльдері, дәстүрлі әншілері, «Аққу» би ансамблі, эстарадалық әншілерінің, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі және халықаралық байқаулардың лауреаты Жадыра Арыстанованың, облыстық драма театрының М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясынан, «Алақай» қуыршақ театрының «Жайна, жадыра, достар» арнайы бағдарламасынан тұрады.

26 – 30 маусым аралығында «HasSanat» көркемсурет галереясында ақтөбелік танымал суретшілердің еңбектерінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінде облыстық кітапхананың «Ақтөбе – тарих толқынында» кітап көрмесі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Дулығалы дала перзенттері» көрме экспозицияланады.

«Бәйтерек» монументі алаңында 28 маусым күні қалалық мәдениет бөлімінің, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы өтеді. 29 маусым сағ.19.00 де «Студенттік» саябағында этно-мәдени орталықтардың концерті ұйымдастырылады. 30 маусым Астана қалалық әкімдігі ғимараты алаңында облыстың өнер ұжымдарының концертімен аяқталады.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне орай өткізілетін мерекелік іс-шаралар аясында «Қазанат» қалалық ипподромының аумағындағы этноауыл жұмысына өңірлер шеберлерінің қатысу кестесі бойынша Ақтөбе облысының күндері 1-10 шілде аралығы болып белгіленді.

Астана жаңалықтары: Астанада 26-30 маусым аралығында Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді
Әрі қарай

Блицті бірді жығар. 11 - 15 шығарылымдар

Шахмат комментарийлері ағылшын және орыс сегментінде біршама таралған. Бірақ, әрине, жеке қызығушылар тобы шеңберінде ғана. Қазақ тіліндегі блиц ойынын экраннан түсіру — жай ғана әуестік, хобби.
Бастапқы ойындарда тіпті сөз орнына әсем музыка ойнап тұрды. Алайда, күннен күнге технологиялық сапа, дауыс ырғағы, комментарий шеберлігі көтерілуі тиіс. Ойын сапасы да өседі, бірақ әуесқой деңгейден ары аспайды.
Жалпы, блицті бірді жығар!




Әрі қарай