Астанада 26-30 маусым аралығында Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада 26-30 маусым аралығында Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің бекітілген кешенді бағдарламасына сәйкес, Ақтөбе облысының мәдениет күндері 2017 жылдың 26-30 маусым аралығында өтеді.

Облыстың мәдениет күндерінің ашылуы 26 маусым күні сағ.21.30 «Экспо» аумағындағы амфитеатрда Ақтөбе облысының үздік шығармашылық ұжымдарының «Ақтөбе – құтты мекен» гала-концерті өтеді.

Театрландырылған концертте құрамалы оркестр, вокалистер, алдыңғы қатардағы би ұжымдары, ақтөбелік эстрада өнер жұлдыздары, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Есенгелді Ырза, Өмірқұл Айниязов, сонымен бірге жерлесіміз Ресей Үлкен театрының /Москва қ./ опера әншісі Светлана Касьян және бірнеше дүркін халықаралық ән орындаушылар байқауының, Қытайда өткен «I am singer» байқауының жүлдегері Димаш Құдайберген қатысады. Концертте ақтөбелік композиторлардың шығармалары мен әндері орындалып, өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктері көрсетіледі.

Облыстың мәдениет күндерінің бағдарламасына сәйкес, Астана қаласы «Қазанат» ипподромының аумағында орналасатын этноауылда 26 маусым – 10 шілде аралығында облыс атынан 2 киіз үй тігіледі. Бір киіз үйде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан ұлттық этнографиялық бұйымдардан тұратын «Ақтөбе өңірінің жауһарлары» атты көрме жасақталып, «Экспо» штабы ұйымдастыру комитетінің сұрауы бойынша көрме 8 шілдеге дейін жалғасады.
Осы этноауылда орнатылған сахнада 27 маусым күні сағ.15.00-20.00 аралығында облыстың, қаланың және ауданның мәдениет мекемелері өнерпаздарының қатысуымен этноконцерт өтеді. Концерт облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі, фольклорлық ансамбльдері, дәстүрлі әншілері, «Аққу» би ансамблі, эстарадалық әншілерінің, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі және халықаралық байқаулардың лауреаты Жадыра Арыстанованың, облыстық драма театрының М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясынан, «Алақай» қуыршақ театрының «Жайна, жадыра, достар» арнайы бағдарламасынан тұрады.

26 – 30 маусым аралығында «HasSanat» көркемсурет галереясында ақтөбелік танымал суретшілердің еңбектерінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінде облыстық кітапхананың «Ақтөбе – тарих толқынында» кітап көрмесі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Дулығалы дала перзенттері» көрме экспозицияланады.

«Бәйтерек» монументі алаңында 28 маусым күні қалалық мәдениет бөлімінің, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы өтеді. 29 маусым сағ.19.00 де «Студенттік» саябағында этно-мәдени орталықтардың концерті ұйымдастырылады. 30 маусым Астана қалалық әкімдігі ғимараты алаңында облыстың өнер ұжымдарының концертімен аяқталады.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне орай өткізілетін мерекелік іс-шаралар аясында «Қазанат» қалалық ипподромының аумағындағы этноауыл жұмысына өңірлер шеберлерінің қатысу кестесі бойынша Ақтөбе облысының күндері 1-10 шілде аралығы болып белгіленді.

Астана жаңалықтары: Астанада 26-30 маусым аралығында Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді
Бөлісу:

1 пікір