Оқжетпестің оғы Премьер-Лигадан аса алмағаны ма?!

Көкшеге қайта келгелі Оқжетпестің ойындарын көрмесем өзіме күнә болатындай сезіндім. Дәл жанында отырып мұрнымның астында ойнап жүргендер туралы хабардар болмасам неғып жүрм а? Оның үстіне Реалдан ұят болар, « не, испандықтар мен каталондықтардың, неміс мәшинелерінің ойынын көргенде бізді неге көрмейсің, көргіш болсаң!»- деп жергілікті командамның ойыншылары ағыл-тегіл жылай ма деп те ойладым.

Футбол, тек қана футбол!: Оқжетпестің оғы Премьер-Лигадан аса алмағаны ма?!

Сонымен, өздеріңіз білетіндей биылғы маусым біздер үшін өттеее-өөттее сәтсіз болды. Бірнеше болжамымды жазып көрейінші:
— ойынға деген құлық болмады ма?
— әлде экс тренерлердің қателігі ма?
— пиар мен қолдау һәм «внимание» жетіспеді ма?

Облыс әкімі командамен, ардагер ойыншылармен кездесу өткізгенге дейін біз таблодағы кестеде соңынан санағанда бірінші орын болдық.(одан кейін де цифрлар өзгермеді) Одан соң, тренерлерге сөгіс жарияланып, орындарын босата бастағанда бір ерекше леп есіп, команда жандана бастаған сияқты болды. Жаңа тренерлік тандем Сергей Попков пен Борис Глушков өз істеріне «Тараз» ФК-мен ойын өткізерде ғана келді. Әрине өте кеш, сонда да үміт болды. Аз уақытта жаңа тандем керемет табысқа жетпесе де барынша команданы ұжымдастыра білді.

Футбол, тек қана футбол!: Оқжетпестің оғы Премьер-Лигадан аса алмағаны ма?!

Алғашқы жеңіске жаңа стадионда, жаңа газонда жеттік. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Адамдарға лық толған стадиондағы қаншама көзді жәудіретіп, «пазоооор» болып жеңілгені «не красиво» болатын еді. Бірақ жігіттер жарады! Әсіресе Әлібек Булешовке, жартылай қорғаушы Максим Фединге және басқалары жақсы тырыса білді. Осы матчтағы басты фаворит- Тимур Досмағанбетов болды. Сол қанаттағы қорғаушы өзінің "қорқынышты" соққыларымен қарсыластың қақпасына шабуыл жасай білді. Айтпақшы, бұл чувактан көп нәрсе сұрап білуге болады. Мүмкін алдағы уақытта сұхбат алып қалуым мүмкін :m :m :m

Футбол, тек қана футбол!: Оқжетпестің оғы Премьер-Лигадан аса алмағаны ма?!

Алайда, сабаздарымыз шамалы босаңсыды ма келесі «Астана» ФК –мен болған ойында ойсырап қалды. Әрине, Астана өте тәжірибелі команда. Ойыншылары да мықты. Біздікілер де жаман болмады, тырысты. Сонда да қонақтар аса тартысты ойын көрсете алмады ма деп ойладым. Мүмкін үй иелерінің мысы басты ма, кім білсін.

Осы жеңілістен кейін бірінен соң бірі жеңілістен көз ашпады. Қайта «сухой» кетіп, жер тепкілеп қалған жоқпыз ғой) сонда да Қостанайлық «Тоболмен», Павлодарлық «Ертіспен», «Ордабасымен» болған ойындарда есеп айырмасы үлкен болмады, дей тұрғанмен Премьер лигадан ұшып, Бірінші лигаға қалған командалармен қол ұстасып кете бардық. Ееех, Оқжетпесім-ай):Y

Футбол, тек қана футбол!: Оқжетпестің оғы Премьер-Лигадан аса алмағаны ма?!

Осы жерде маусымды қорытындылаған «Ордабасымен» болған ойыннан кейін Попков: — Закончился наш неудачный и многострадальный сезон. Я хотел бы поблагодарить ребят за последний матч, в котором мы бились до конца, как и обещали. Трудно предъявить претензии к тем, кто остался, так как в силу различных причин до этой игры пятеро покинули команду. Сегодня ребята старались, но были ошибки. Более мастеровитая команда «Ордабасы» этими ошибками воспользовалась. Поздравляю команду хозяев и их болельщиков с бронзовыми медалями, так как ФК «Ордабасы» для меня тоже не чужой.
Не могу не поблагодарить за сезон кокшетауских болельщиков, которые несмотря на всю сложность ситуации были с командой и поддерживали ее.
Всех с окончанием сезона. Мы сделали все, что смогли.


Иә, ағай қолдарынан келгенше тырысты. Өзі айтқандай сәтсіз әрі жүйкені жеген маусым болды. Жігіттерге көз тиген, не сөз тиген. Ұшықтату керек. :Y

Футбол, тек қана футбол!: Оқжетпестің оғы Премьер-Лигадан аса алмағаны ма?!

Көкщеліктердің Премьер-лига чемпионы болғандарын жарты ғасырдың ішінде көре алар ма екенбіз, ә?) Клубтың құрылғанына 60 жыл, Карл! Мойындай салайын, осы уақытқа дейінгі ойындарда Оқжетпестің қанша рет ПЛ-дан ұшқанын, қанша рет жеңіске жеткенін білмеймін. Әлі архив қопарып, зерттеу жүргізетін уақытым да аз болды. Мүмкін ол туралы өздерінен, не білетіндерден сұрап көрермін деп ойлаймын…

Мораль: Оқжетпестің ойыншылары мынаны оқыса мені стадионның бағандарына асып қоятын шығар. Сонда да ішімді тесіп бара жатқан сөздерімді жазбасам болмады.



— Құрметті жігіттер, мен сендерге жақсы болсын деп айтамын! –деп өзінше болып отырған дей ма )))) *lol*

P.S: Төртінші рет чемпион атанған алтынбек «Астаналықтарды», одан соң қолабек «Ордабасылардықтарды», күмісбек «Қайраттықтарды» биылғы жылғы жеңістерімен ақ жүрек, қара ниетпен құттықтаймыз! )))))

Футбол, тек қана футбол!: Оқжетпестің оғы Премьер-Лигадан аса алмағаны ма?!
Әрі қарай

Айбек Қуатбаев: ІТ-мамандары заман талабына сай бейімделуі керек (сұхбат)

IT маманның кеңестері: Айбек Қуатбаев: ІТ-мамандары заман талабына сай бейімделуі керек (сұхбат)
Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы — жас кәсіпкер, «Бүгін Групп» компаниясының бас директоры, ІТ-маманы Айбек Қуатбаев.

— Алғашқы сауалымызды қазақ математиктерінен кімдерді айтар едіңіз деп сұрасақ және бизнеске деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
— Асқар Жұмаділдаев ағаны исі қазақ біледі. І курста еліміздің жас ғалымы, математик Дөрбетхан Сұраған, жанында Болыс Сәбитбек деген жігіттер болды. Болыс қазір АҚШ-та оқып жатыр, Дөрбетхан Нью-Йоркте оқып келді. Сосын Нұрғиса деген тағы бір жігіт болды. Империал Колледж деген Лондонның атақты университетінде білім алып жатыр. Бұлар математиканың соңына түскен таланттар. Өзім екінші курстың соңына қарай бизнеске қызыға бастадым.
— Студент кезіңізде АҚШ-қа барып қайтыпсыз. Ол жақтан түйгеніңіз қандай?
— Иә, екінші курстан соң Work and Travel бағдарламасымен АҚШ-қа барып қайттым. Ол жаққа барған соң, айналама зер сала қарай бастадым. Әлемде қатты байып, кейін кедей болып қалған, кедей болып өмір сүріп жүріп, кенет байып кеткен адамдар және әлеуеті тұрақты адамдар көп. Түсінгенім, адамдар жұмысты ақша үшін істемейді екен. Олар нарықта бар дүниені қалайша одан да жақсы, әдемі, ыңғайлы етіп жасаймын деп бас қатырады. Ақшаға қатты мұқтаж болса, аз пайызбен несие ала салады екен. Зәулім үйде тұрғысы келсе, қолжетімді ипотека рәсімдей салады. Инфляция өте төмен және 1-3% ғана.
— Бұған дейін бірнеше жыл бұрын бизнесімді IPO-ға шығарсам деген сұхбатыңыз шыққан. Қазір ол туралы не айтасыз?
— Иә, «7 күнге» (http://7kun.kz сайты — ред.) 2 жыл бұрын берген сұхбатым болатын. Шыны керек, қазір сайттан алшақ кеттік. Соңғы интернет жобаларымыздың бірі «Егемен Қазақстан» газетінің порталын жаңарту болды. Тұтынушылар өздері бізді іздеп келеді. Өзімізді жарнамалау жағына аса көңіл бөліп жатқанымыз жоқ. Алған бағытымыз қазір hard soft (құралдарды бағдарламалау) саласы. Мәселен, қазір көлік жолдарындағы жылдамдық, stop-сызықтарды анықтайтын бақылау камераларын өндіруші ірі компаниялары Қазақстан, Ресей, Венгрия, Қытайда бар. Камера құны 1 000 000 теңге тұрса, оған бағдарламасын қосып, Қазақстанға шетелдік компаниялар 5 000 000 теңгеге сатады. Біз осы жұмыстарды өз қолымызға алдық. Амал жоқ, корпусын, темір-терсектерін сырттан сатып аламыз. Себебі бізде темір-терсек өндіретін салалық компания жоқ. Өзіміз өндірейік десек, қымбатқа шығады. Негізінен кез келген құрылғыға бағдарламалық жүйе жасауға бейімделдік. Сонымен қатар, банктік жүйелердің бағдарламасын да әзірлей аламыз.
Қазіргі жобаларымыздың қаржылай айналымы 10 000 000 $ болды. Жартысынан көбі темір-терсек сатып алуға және қалғаны бағдарламалық жүйелер әзірлеуге кетеді.
— Бумеранг жобасы дегеніміз не?
— Беспилотник дрон құрастырғымыз келеді. Жұмыс істеу принципі келесідей: дронды ұшырасыз, жіберген жеріңізге барып, қайтып келеді. Ұшу бағытын Яндекс Карта, Google Карта координаталарымен белгілейсіз. Бұл — шекара қызметіне, құрылыс компанияларына, жол салушы компанияларына, ауылшаруашылық саласына қажет құрал. Әзірге дәл қай уақытта істеп бітетініміз белгісіз және келесі жылы халықаралық «Kadex» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүліктер көрмесіне прототипін көрсетпек ниетіміз бар. Жобаның әрі қарайғы тағдыры белгісіз, бұл — энтузиазммен істеліп жатқан жоба.
— Еліміздің нарығында шетелдік IT-компаниялардың келтіріп жатқан ыңғайсыздықтары бар ма?
— Иә, біздің нарықта шетелдің компаниялары көп. Біз олармен, керісінше, серіктестік орнатып жұмыс істеудеміз. Мысалы, ол компаниялар өздеріне тиесілі жұмысты істеген соң, біздің компанияға тиесілі істерді бізге тапсырады. Сәйкесінше біз істей алатын жұмысты өзіміз істеп, шамамыз жетпегенін оларға береміз. Осылай жұмыс істеу арқылы біз шетелдік компанияларға төтеп бере аламыз және өзімізге пайда әкеле аламыз. Оларды тоқтату өте қиын, себебі елімізде маманданған IT-компаниялар өте аз.
— ІТ-саласының басқа елдерде дамуы қалай?
— ЖІӨ 20% Қазақстанда мұнайға тиесілі болса, Украинада ІТ-саласына тиесілі.
Өткен жолы екі жігітіміз Украинаға барып қайтты. Ол жақта 40 жасқа келген адамдардың өзі IT-саласына бет бұрып жатыр екен. Олардың жері қазба байлыққа толы емес, шикізаттары бізбен салыстырғанда аз. Сондықтан олар үшін табыс табудың қолжетімді және ыңғайлы жолы — IT. Біз комьюнити ұйымдастыруды қолға алудамыз. Украинада комьюнитилер жақсы дамыған. Яғни, білімдері мен тәжірибелерін өзара бөлісу, көмектесу жағы жақсы жолға қойылған. Бір-біріне өте жақсы көмектеседі. Білгенін жасырып қалу, айтпай, көмектеспей қою деген оларда жоқ. Посткеңестік елдердің арасында Украина мен Белоруссияның IT-саласы қарқынды дамуда. Ал Ресейге келер болсақ, олардың ЖІӨ жоғары көрсеткішке ие, мұнай-газ, тау-кен және басқа да ауыр және жеңіл өнеркәсіптердің сұранысының арқасында жақсы дамып жатыр.
Біздің нарықтағы шетелдік компаниялар бізге кедергі келтіріп жатқан жоқ және нарығымызда әлі игерілмеген, сұранысқа ие табысты бағыттар көп, оларда бәсекелестер аз. Сондықтан әзірге шетелдік компаниялар отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті болуын шыңдайды және серіктестік мақсаттағы тәжірибе алмасу арқылы біліктіліктерін арттырады.
— Қазіргі таңда елімізде ІТ-саласын таңдаған жастар көп және көбі өз саласында жұмыс істемейді. Істейтіндердің өзі салыстырмалы түрде шетелдік ІТ-мамандарынан әлдеқайда төмен жалақы алады екен. Себебі неде деп ойлайсыз?
— Иә, өте орынды сұрақ. Еліміздегі ІТ-мамандары бізге көп сияқты көрінгенімен, салыстырмалы түрде жоғарыдағы аталған елдерден саны аз екен. Себебі оларда әрбір бесінші адам ІТ-ға қызығады. Сондықтан олардың ЖІӨ 20% ІТ саласына тиесілі. Біздің мамандар басын бастайды, толығымен тереңдеп игеретіндері аз. Сөйтіп, жұмыс жоқ деп қарап отырады. Мысалы, біздің компанияда жүйелік аналитик, жоба менеджері, аналитик, инженер сияқты ашық 3-4 жұмыс орны бар. Бұл мамандарды 3 айдан бері іздеп жатырмыз. Яғни, жұмыс берушілердің талаптары тереңдеп бара жатыр, ал жұмыс іздеушілердің көбі біліктілігін арттырмай, тоқтап тұр. Менің ойымша, жұмыс іздеушілер қазір қай компанияға қандай мамандықтар жетіспейді, соларды зерттеп, сол бағытты меңгеру керек сияқты. Өздеріңіз білесіздер, қарапайым компьютер ғана жөндеп, бірнеше редакторлық бағдарламамен жұмыс істеп көріп, «программистпін» деп айтатындар бар. Альберт деген таныс ағылшын ІТ-маманының: «ІТ-маман қандай программалау тілін меңгергені маңызды емес. Олар музыкант сияқты, бастысы есту қабілеті жақсы болса, кез келген музыкалық құралда ойнап кете алады екен». Сол сияқты, икемділік керек. Жалпы жас буынға, ІТ-саласына бет бұрып жатқан мамандарға айтарым, нарықта қандай талаптар қойылып жатыр, не нәрсеге сұраныс бар соны жылдам меңгеріп, сұранысқа ие маман болуға болады. Елімізде ІТ-компанияларының саны артып келеді, соған байланысты мамандарға да сұраныс арта түсуде.
— Big Data, әлеуметтік инженерия туралы, жасанды интеллект туралы не айта аласыз?
— Қазіргі таңда жасанды интеллект, Big Data салалары әлемдік драйвер бола алады. Мәселен, кезінде Жібек жолы, қазір мұнай салалары ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Дәл мұнай саласының орнын баспаса да, адамзат өміріне қажетті бір сала болары анық. Big Data күннен-күнге өсіп келе жатыр. Себебі адамдардың ақпарат алмасуы бұған себеп. Жиналған ақпаратты machine learning-ке салып, мәліметті адамзат игілігіне де, адамзатқа қарсы мақсатқа да іске асыруға болады.
— Елімізде ІТ-саласы бойынша қай бағыттар әлі де жетілдіру мен толықтыруларды қажет етеді деп ойлайсыз?
— Біздегі мемлекеттік органдардың өзара құжат, хат алмасу мүмкіндіктері әлі де толық дұрыс жолға қойылмай келеді. Басты себебі, меніңше, реформалардың жиі істеліп, бір үлкен жұмыстың соңына дейін аяқтала алмай қалуы себеп сияқты. Екіншіден, банк саласындағы cyber security жүйелері жақсы дамымаған, әлі де болса олқылықтары бар. Үшіншіден, жасанды интеллект саласы. Осыны көптеген кәсіпкерлер маркетинг саласында пайдаланғысы келеді.
Бізге түркі, ислам елдері арасындағы ІТ-нарықта бәсекеге шығуға болады екен. Сонымен қатар, жақында Катар мемлекетін зерттедік. Ол елдің бір қызығы, Израиль мемлекетімен жұмыс істегісі келмейді. Екіншіден, ол елде жергілікті ІТ-компаниялары өте аз. Үшіншіден, ол елдің билік тарапы жергілікті компанияларына сыртқы нарыққа жұмыс істеуге дұрыс жағдай жасай қоймаған. Көп араб елдерінің ІТ-нарығын үндістандықтар қамтамасыз етеді. Сондықтан біз де ол елдерге өз қызметімізді, өнімдерімізді шығара аламыз деп ойлаймын.
— Сөз барысында Украинаның ЖІӨ 20% ІТ-саласы қамтамасыз етеді дедіңіз. Қалай ойлайсыз, біздің елдегі ІТ-саласы осындай жетістікке жете ала ма?
— Еліміздің экономикасының 5 негізгі драйвер саласы бар. Олар: құрылыс, транспорт, агроөнім, өнеркәсіптік өндіріс, қызмет түрлері. Қазақстанда ЖІӨ 4%-дан 5%-ға өсті. Шамамен 160 млрд. доллар болса, яғни ол 9 млрд. долларға тең. Қазақстанда ІТ-саласы драйвер болуы қиын, себебі біздің ІТ-компаниялар шетелдерден қаржы әкелулері керек. Өкінішке орай, біздің ІТ-компаниялар сыртқы нарықты қойғанда, ішкі нарықтың өзін қанағаттандыра алмай келеді. Әрине, болашаққа позитивті көзқарастамын, ал қазір ЖІӨ-дегі көрсеткіштің елеулі бөлігі ІТ-саласына тиесілі болады деу қиын.
— Жоғарыда айтқан 5 драйвер салаға ІТ-саласын сүйемелдесек, ІТ-саласының қаржы айналымын қаншалықты жоғарылатуға болады?
— Әрине, бұл жағдайда ІТ-саласының қаржылай үлесі жоғарылай түседі. ІТ-саласы жалпы кез келген жұмысты оңтайландыратын, оны оптимизациялап ыңғайлы әрі жеңілдете түседі. Соның есебінен ЖІӨ өсе алады. Көлік саласына әлі де жаңа технологияны енгізіп, жүргізушілерге барынша ыңғайлы етуге болады. Ауылшаруашылық саласына жаңа технологияны енгізіп, басқаруды оңтайландырып және өнімділікті арттыруға болады. Жеріміз үлкен, оны бақылау, қадағалау, өсімдіктердің дұрыс өсуі бар, оны әрі қарай дамытуы бар, барлығына ІТ-технология қажет. Мысалы, Латвияда Big Data пайдаланатын бір ІТ-жоба бар екен. Олар әртүрлі жерлерге датчиктер орнатып, соның есебінен жер туралы түрлі мәлімет жинайды. Қай жер құнарлы, климаттық ақпарат, қай жерге қандай өсімдік өсіру қолайлы сияқты мәліметті фермерлерге сатады. Ондай мәліметті сатып алған фермерлер мол пайдаға кенеледі. Міне, осындай өнім істеуімізге болады. Кең жеріміздің егістік картасын істесек, қай өңірге не егу тиімді екені туралы мәлімет алуға болады, кәсіп істегісі келген адамдарға бағыт, еліміздің қазынасына кіріс әкелуге болады. Сөйтіп, 5 драйвер саланың жұмысын алға жылжытып, сыртқы нарыққа шығып ЖІӨ көтеруге болады.
— Еліміздің ІТ-мамандары шетелдік ІТ-компанияларда жұмыс істеуге қаншалықты лайық деңгейде?
— Қазақстаннан шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан мықты ІТ-мамандар бар. Бұған әлі де кінәлі біздің ІТ-компанияларымыз деп ойлаймын. Олармен әлі де мықты жобалар істеп шығаруға болар еді. Герман Грефше айтқанда, «миды экспорттап» жатырмыз. Әлемдік математика, физика, информатика пәндерінен олимпиада, ғылыми жобалар бойынша мектеп оқушыларымыз ТОП-30-ға кіреді. Бұл — үлкен жетістік. Яғни, елімізде ІТ-жүйесі дұрыс құрылмаған. Бұған мүмкін уақыт керек, мүмкін мемлекет тарапынан қолдау керек. Елімізден әлемге әйгілі бір компания шығатын болса, шетелдегі мамандарымыз қайтып келеді деп ойлаймын. Әлемнің 10 мықты Google, Microsoft, Amazon сияқты т.б. ІТ-компанияларын алып қарасақ, барлығында қазақ жігіттері жұмыс істейді. Бұл біздің мамандарымыз шетелдік үздік мамандармен бірігіп, бір деңгейде жұмыс істей алатындығын дәлелдейді.
— Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін. Ісіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан — Нұржол Табиғат

Қазақстан-ZAMAN газеті, №45 (1174), 9-қараша

http://kazakhstanzaman.kz/new/2017/11/09/айбек-қуатбаев-іт-мамандары-заман-тал/
Әрі қарай

Астананың 20 жылдығының логосына 8 млн теңге жүлделік байқау жарияланды

Астана жаңалықтары: Астананың 20 жылдығының логосына 8 млн теңге жүлделік байқау жарияланды

Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөнінде штабтың отырысында конкурсты өткізу туралы бірқатар ұсыныстар қарастырылып, 2017 жылдың 6 қарашасы мен 27 қараша аралығында 22 күнтізбелік күнге созылатын конкурс жариялау туралы ортақ пікір қабылданды. Конкурсқа өтінімдер жеке және заңды тұлғалардан қабылданатын болады (шығармашылық топтар, жарнама агенттіктері мен фирмалар, суретшілер, сәулетшілер, жобалық ұйымдар, авторлық ұжымдар).

Сонымен қатар, үздік брендбукті таңдайтын сараптау комиссиясы құрылуда.

Конкурстың мақсаты – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай тарихи-мәдени сабақтастықты, сонымен қатар республика астанасының болашақ дамуының тенденцияларын ескеретін, қала имиджінің жаңаруына және оның өзіндік ерекшеліктерінің бекуіне әсерін тигізетін, бренд-бук, логотип пен ұран жасау бойынша жақсы концептуалды жобаларды анықтау.

Үздік деп танылған логотип пен ұран Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өту, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда әрі қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға пайдаланылады.

Конкурстың қорытындысы бойынша комиссия үздік бренбукті таңдап, жеңімпазға 8 000 000 (сегіз миллион) теңге табыстайды.

Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай үздік брендбук (BrandBook) туралы байқау ережесі

Жалпы ережелер

1. Бұл ереже Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай үздік брендбук (BrandBook) – (фирмалық стиль), логотип пен ұран жасауға байқауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін анықтайды (бұдан әрі – Байқау).
2. Логотип – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығы оқиғасының ерекшелігін жеткізе алатын, графикалық, әріптерден тұратын, бейнелермен, әріптермен, оюлармен т.с.с. біріктірілген көрнекі немесе көлемді белгі белгіленген кез-келген қисын (эмблема, сөздер, әріптер, сандар, бейнелеу элементтері, түстер қисыны).
3. Ұран – қала тұрғындары мен қонақтарының эмоционалды үміттерін құра отырып, қаламен байланысты (ассоциацияланатын) қысқа жеңіл есте қалатын сөйлем мен сөз тіркесі.

Байқаудың мақсаты мен міндеттері

1. Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай тарихи-мәдени сабақтастықты, сонымен қатар республика астанасының болашақ дамуының тенденцияларын ескеретін, қала имиджінің жаңаруына және оның өзіндік ерекшеліктерінің бекуіне әсерін тигізетін, бренд-бук, логотип пен ұран жасау бойынша үздік концептуалды жобаларды анықтау.
2. Үздік деп танылған логотип пен ұран Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда, сонымен қатар қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға пайдаланылатын болады.
3. Байқаудың міндеттері:
Елорда брендбугін, логотипі мен ұранын әзірлеуге барынша қатысушылар санын тарту;
Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай ерекше логотип пен ұран дайындау мен құру.

Байқаудың әкімшісі

1. Байқаудың әкімшісі «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» ММ (бұдан әрі – Басқарма) болып табылады.

Байқауды өткізу орны

1. Байқауды өткізу орны – Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, 5 қабат, № 539 кабинет.

Байқауды өткізудің шарттары мен тәртібі

1. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу үшін, сондай-ақ оның нәтижелерін жариялау мақсатында Астана қаласы әкімінің өкімімен Сараптама комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) дербес және сандық құрамы жасақталады.
2. Комиссиясы жұмысының негізгі формасы отырыс болып табылады. Комиссия жұмысының айқындығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында оның отырыстарында тәуелсіз бақылаушылардың қатысуына рұқсат етіледі. Байқау комиссия отырыстарында бақылаушылар ретінде Астана қаласы мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа да мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, коммерциялық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатыса алады.
3. Комиссиясы келесі қызметтер атқарады:
Байқау талаптарына сәйкес келетін, келіп түскен материалдарды бағалайды;
Байқау жеңімпаздарын анықтайды;
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізеді.
4. Комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қатысушылардың көпшілігінің даусымен қабылданады. Қарау нәтижесі хаттамамен рәсімделеді және Комиссиясының төрағасымен бекітіледі.
5. Комиссиясының мүшелері:
нақты ұсыныстарды талқылауға, қарастыруға және сәйкестендіруге қатысады және Байқаудың жеңімпаздарын анықтау туралы шешім шығаруды қамтамасыз етеді;
Байқауға ұсынылған барлық материалдармен танысуға, сонымен қатар Комиссия отырысының хаттамасында жеке пікірін көрсетуге құқылы;
заңнама талаптарын сақтауға, Байқау ұсыныстарын әділ және бейтарап қарауға міндетті;
талаптарға сәйкес келмейтін қаланың жалпы принциптеріне қайшы келетін Байқау жұмыстарын кері қайтаруға құқылы.

Жеңімпаздарды марапаттау

1. Байқау нәтижелері бойынша жеңімпаздарға 8 000 000 (сегіз миллион) теңге көлемінде марапаттау туралы шешім қабылданады.

Байқаудың қатысушылары

1. Байқауға қатысуға шығармашылық шеберханалар, жарнама агенттіктері және фирмалар, суретшілер, архитекторлар, жобалық ұйымдар, аралық мамандықтар мамандары қатыса алады (бұдан әрі – Қатысушы).
2. Әрбір Қатысушы шексіз жұмыстар санын ұсына алады.
3. Байқауға қатысуға қаланың визуалды сәйкестігінің келесі элементтері кіретін байқау жұмыстары жіберіледі:
логотип — графикалық элементтер, кейіптер, әріптер, түрлі түсті шешімдер;
ұран — негізгі идея;
брендбук — фирмалық стильді пайдалану бойынша нұсқаулық.
4. Комиссия ұсыныстың уақытылы түспеуіне, жоғалуына немесе бүлінуіне жауап бермейді.
5. Байқау талаптарына сәйкес келмейтін, уақытынан кеш түскен немесе белгіленген талаптардың бұзылуымен жасалған байқау жұмыстары Байқауға қатысуға жіберілмейді.
6. Байқауға ұсынылған конкурстық жұмыстар қайтарылмайды және рецензияланбайды.
7. Байқаудың өткізілуі Байқау туралы ақпаратқа әділ, ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету және оны қоғамның бақылауы мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен сүйемелденеді.
8. Байқауға ұсынылатын жұмыстарда өзгенің әрленім идеясын (толығымен немесе ішінара) пайдалануға тыйым салынады. Бұл шартты орындамаған жағдайда, жұмыс байқауға қатыстырылмайды. Байқау жұмыстарының әрленімі авторлық құқықтарды, логотипке құқықтарды, тауарлық белгілерді, фирмалық атаулар немесе өзге де жарнамаға мүлкі құқығын қоса алғанда үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбауы қажет.

Байқауды өткізу және жұмыстарды ұсыну мерзімі

1. Байқау бір кезеңмен өткізіледі.
2. Байқауды өткізу мерзімі: 2017 жылдың 6 қарашасы мен 27 қараша аралығы.
3. Байқау жұмыстары қарастыруға баспа түрде келесі мекен-жай бойынша: 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, № 535 кабинет, 2017 жылдың 27 қарашасы сағат 18:00-ден кешіктірмей тапсырылуы қажет. Байланыс телефондары: +7 (7172) 556719, 556717.
4. Егер қатысушыға жазбаша түрде жұмыстың қабылданғаны туралы растау жіберілген жағдайда жұмыс қабылданған болып есептеледі.
5. Байқауға ұсынылатын материалдардың құрамы:
жобалық материалдарды дайындау кезінде қатысушыларға көркем авторлық шеберлік еркіндік мүмкіндігі беріледі;
байқау жұмысы графикалық және сипаттамалық бөлімдерден тұруы қажет және қағаз тасымалдауышта орындалуы қажет.
6. Байқау жұмысына келесілер кіруі тиіс:
1) графикалық бөлім (А4, А3 пішіндегі қағазда орындалады):
логотип пен ұранның авторлық идеясының бейнеленуі;
жобаның идеясы мен көркемдік шешімдерін көрсететін нобайлар, сызбалар мен суреттер (жоба авторларының көзқарастары бойынша таңдалады);
қалалық ортада авторлық идеяны пайдаланудың фотомонтажы немесе басқа бейнесі (визуализация).
2) суреттер .jpeg форматта ұсынылады, ажыратымдылығы 300 dpi-дан кем болмауы, электронды нұсқадағы көлемі 5 Мб-тан артық болмауы тиіс. Байқау шартының сұранысы бойынша қатысушы .cdr, .psd пішіндерінде байқаудың графикалық материалдарын ұсынуы қажет.
3) мәтіндік бөлім – қабылданған сәулеттік-көркемдік шешімдердің мәнін ашатын және негіздейтін брендбуктің рәміздерінің сипаттамасымен түсіндірме жазба.

Байқау жұмыстарына қойылатын негізгі талаптар

1. Байқау жұмыстарына техникалық талаптар:
идеяның түпнұсқалығы және Байқау мақсаттары мен міндеттерін ашатын көркемдік шешімдер кіруі;
ерекше, түпнұсқалы, заманауи, ықшам, көп қырлы графикалық элемент;
үш тілде ұран мәтіні (қазақ, орыс, ағылшын);
логотип бейнеленген графикалық файл;
түрлі-түсті шешім (түрлі-түсті және монохромды форматта басып шығару мүмкіндігі;
қала логотипін кәдесый және полиграфиялық өнімдерде пайдалану үлгілері;
кез-келген бетте (қағазда, картонда, шыныда, ағашта, металда) орналастыру мүмкіндігі;
технологиялық талаптарға сәйкестік (өлшемдері өзгерген жағдайда оқылу мүмкіндігін сақтау, түрлі-түсті және монохромды нұсқада бірдей сәтті көрініс);
Астана қаласының 20 жылдығына фирмалық стильді пайдалану бойынша жазбаша нұсқаулықты ұсыну.
2. Келесілерді дайындау және ұсыну қажет:
қала логотипі – кемінде 3 нұсқа;
қала ұраны – кемінде 4 нұсқа;
брендбук – брендтің тұжырымдамасының мәтіндік сипаттамасы, логотиптің түрлі-түсті шешімдері және оны әртүрлі беттерде пайдалану үлгілері.
3. Брендбукке келесілер кіруі қажет:
1) Логотип:

тұжырымдама (сипаттама). Фирмалық стильдің негізгі элементі ретінде фирмалық белгілінің тұжырымдамалық сипаттамасы. Белгінің идеологиясы;
логотиптің визуалды шешімі;
фирмалық белгіні басып шығарудың шарттары;
масштабтық тордың көмегімен фирмалық белгіні үлкейту/кішірейту жағдайлары;
2) логотиптің ұранмен үйлесе орналасу үлгілері:
тігінен;
көлденеңінен;
ярустық.
4. Логотиптің ұранмен үйлесе орналасу шекралары (рұқсат етілетін пропорциялары):
1) логотиптің түрлі-түсті гаммасы:
логотиптің негізгі түстерін анықтау;
рұқсат етілетін қосымша түстерді анықтау.
2) шрифт:
логотип пен ұранға шрифтті таңдау;
шрифтті пайдалану шарттары.
5. Логотип пен ұранның орналасу ережелері:
сыртқы жарнама, көше көрсеткіштері;
фирмалық киім, галстуктер, орамалдар мен шарфтар.
кәдесый өнімдері: блокнот, қалам, пакет, саптыаяқ, тәрелке, сағат, белгілер;
қалалық көлікті рәсімдеу
қоғамдық көлік аялдамалары және қаладағы навигация
қалада көрме және жарнамалық конструкциялар рәсімдеу
қаланы сыртқы брендтеу (пилондар, жарнама панельдері, қабеттік модульдер, ту конструкциялары, жол көрсеткіштер, пиктограммалар, навигациялық элементтер, кіші архитектуралық формалар). Конструкциялар саны тапсырыс берушінің келісімімен.
ғимараттар экстерьері: кіріс тобын, қасбеттерді, витриналарды, ілінетін конструкцияларды рәсімдеу.
6. Иллюстрацияларды пайдалану ережелері – графикалық кескіндер мен фотосуреттер. Суреттердің көңіл күйі, графикалық стиль, түрлі-түсті палитра.
7. Фирмалық стильмен жұмыс жасау тәртібі мен ережелері.
8. Пайдаланудың жіберілмейтін үлгілері
логотип;
шрифттер;
түрлі-түсті гамма.
9. Ұранға қойылатын негізгі талаптар:
ықшамдық, нақтылық;
шындыққа сәйкестік – сенімділік тудыруы және шындыққа сәйкес келуі қажет;
көз тартымдылық – адамдарға неге бұл қалада өмір сүргісі, бала өсіріп, оған үлес қосып, онда жұмыс жасағысы келетіндігінің жеке себептерін жеткізуі қажет;
қабылдауға қарапайымдылық;
түпнұсқалық;
ақпараттық;
есте қалушылық;
іс-әрекетке түрткі болу;
қала логотипіне сәйкес келу, логотиппен бірге тұтас образ жасауы қажет;
ұран мақсатты аудиторияның жиіркенішін тудырмайтындай жазылуы қажет: оңай оқылуы, айтуға күрделі сөздер мен абревитуралар болмауы қажет;
ұранның ешқандай саяси немесе діни себептері болмауы қажет;
коммерциялық кәсіпорынмен, брендпен, қызметпен немесе тауармен бірегейлену құқығына ие болып табылатын немесе ие болған ұран пайдаланылмауы қажет.
10. Логотипке қойылатын басты талаптар:
500х500 пиксельден кем емес, өлшемі 300 КБ кем емес графикалық файл;
қаланың логотипінің үш тілде мәтіні мен иллюстрациясы (қазақ, орыс, ағылшын);
түрлі-түсті шешім (түрлі-түсті, монохромды, рельефті басып шығару мүмкіндігі).

Авторлық құқықтар

1. Ерекше мүліктік және аралас құқықтар, дәлірек айтқанда жеңімпаздың логотипін пайдалану және жеңімпаз логотипін пайдалануға рұқсат беру немесе тыйым салу ерекше құқығы «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасына» ММ (бұдан әрі – Басқарма) беріледі.
2. Байқау жеңімпазы Басқармамен логотипке ерекше мүліктік және аралас құқықтарды беру туралы ақысыз түрде шарт жасасуы қажет.
3. Байқау нәтижелері жарияланғаннан кейін 5 күн ішінде конкурс жеңімпазы логотипке мүліктік авторлық және аралас құқықтарды беру туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда қазылар алқасы конкурс қатысушылары арасынан басқа жеңімпазды таңдайды.
4. Ұсынылған жұмысқа авторлық және аралас құқықтарды қоса алғанда үшінші тұлғалар талаптар, наразылықтар мен талаптар ұсынған жағдайда қатысушы оларды өз атына және өз есебінен шешуге міндетті.
5. Байқау ұйымдастырушылары Басқармамен жасалған келісім-шарт негізінде авторлық сыйақы төлемей ұсынылған материалдарды ақпараттық және жарнамалық-имидждік мақсатта жария түрде пайдалануға (тираждауға, материалдарды жалпыға ортақ мәліметке жеткізуге және т.б.) құқығын өзіне қалдырады.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 4 қарашасындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 4 қарашасындағы эфирінде 3-айналымның соңғы ойыны өтті. Қонаққа келген «Арулар» командасы ойынды 5:6 есебімен аяқтады.

Бұл балқан түбегінен шыққан адам балалық шағында өзінің Мачак деген мысығын сипағаннан кейін өмірі, мақсат-ұстанымы түбегейлі өзгерген деседі. Ол кім?

2012 жылғы сәуір айындағы желімді жарнамалаған бір жарнамалық плакатта ИКС Бостандық мүсінінің (ескерткішінің) жанынан өтіп бара жатады. ИКСті атаңыз.

«Менің жеңгенім жеткіліксіз, қалған жауларым да жеңілуі тиіс. Жеңістің мүмкіндігі — тек шабуылда. Адамдарды мақтансүйгіш ет, өркөкіректік оларды ақымақ етеді, Сол кезде сен оларды бағындырасың… Қалай жасау керектігін білсең, бәрі де оңай. Қарапайым тұрғындар арасында бұзаудай момын, той-думанда асау тайдай сергек болыңдар. Ал соғыста олжасына төнген аш қырандай ұрысқа атылыңдар. Тауда жоғалған нәрсені өзен түбінен іздемейді». Мына сөздің бәрі кімге тиесілі?

Франческо де Бушар 1866 жылы ОЛ өзінің атауын еріген сыр тілімдері гүлдің күлтелерін еске түсіретін болғасын алған деп жазады. Оны екі сөзбен атаңыз.

Джеральд Дарреллдің «Рози – менің туысқаным» кітабында сот талқылауы кезінде адвокат клиенті туралы «ол қайыршы емес, алаяқ емес, сыған емес, жұлым-жұлым пәлеқор емес, шарлатан емес… дейді. Сот төрағасы оны сотқа келген адамдар мұнда ИКСті құрау үшін жиналған жоқ деп тоқтатады. ИКСті бір әріптен басталатын екі сөзбен атаңыз.

Қазақ жұмбағын шешіңіз. Және бізге мәлімі — жұмбақ жауабының ең алғашқысы қара (нәсілді) болған. Жұмбақ: Қу ағаштың басында, құтырған адам айқайлайды.

1642 жылы Абель Тасман Үндістаннан Чилиге дейінгі теңіз жолын зерттеу мақсатында, сондай-ақ Оңтүстік Жерін іздеу үшін голланд колониясы Батавиядан теңізге шықты. Құрлықты айналып өтіп, ол Тасманияны, Жаңа Зеландияны, Тонга аралдарын және Фиджи аралдар тобын ашты. Содан кейін ол сәтті түрде Батавияға оралды. Сауал: ал неге онда оның: сапарын «керемет сәтсіздік» деп атаған?

Ғасыр басында Гаагадағы ірі шахмат турнирінде 84 жасар гроссмейстер Мизес 86 жастағы голланд шахматшысы Ван-Форрестке қарсы партияда жеңіске жетті. Журналистердің бірі Мизестен: «Сіздің жетістігіңіздің сыры неде?» деп сұрайды. Ол: «ИКС жеңді» деп жауап береді. ИКСтің (омонимі бар екенін ескере отырып) атаңыз.

Андрей Вознесенский әйелдік бастаудың символы БІРІНШІ мен ЕКІНШІНІҢ сүйісуі деп жазады. БІРІНШІ мен ЕКІНШІ бала күнімізде ара-тұра бейнеледік деуге болады. Ол екеуін атаңыз.

Әйгілі қазақ жазушысы кеңес кезіндегі қайта құру кезеңіндегі өз романында (романда суреттелген кезең ертерек) ОЛАР «ананың қос төсіндей» болды деп жазады. Оларды атаңыз.

XVIII ғасырдың соңында Стамбулда, сұлтан Селім III сарайында, неміс Антуан-Игнас Меллинг. те өмір сүрді. Ол түрік тілін үйреніп, сұлтанның туысы Хатиджа ханшайыммен белсенді хат алысты. Бұл хаттардан Меллинг пен Хатиджа жүзден аса жылға өз заманынан озғанын байқауға болады. Мұндай тұжырымға келуге не себеп болды?


Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай

Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтарға құлақтандыру

Астана жаңалықтары: Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтарға құлақтандыру

Астаналықтар мен қала қонақтарын 6-12 қараша аралығында болатын өте қызықты мәдени бағдарламалар күтіп тұр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында бірнеше премьера өтеді. 9 қараша күні М.Ладоның «Өте қарапайым оқиға» атты мелодрамасына баруға болады. 10 қараша күні И.Вырыпаевтың «Валентиндер күні» ирониялық драмасы, 11 қарашада В.Илюховтың «Настеньканың шытырман оқиғалары» ертегісі мен Н.Гогольдің «Ревизор» пьесасы бойынша жасалған «Мұнда бәрі өзіміз» импровизациясы, 12 қараша күні Г.Андерсеннің «Дюймовочка» ертегісі мен К.Людвигтің «Примадонна» комедиясын тамашалай аласыздар.

Бейбітшілік және келісім сарайында қарашада тұрғындар мен қонақтар бірнеше оқиғаны қатар көре алады. 6 қарашада «Медея» спектаклі, 7 қарашада «Федра», 8 қараша күні «Актриса» спектаклі болып өтеді.

Жастар сарайында 6 қараша күні «Artrainbow» халықаралық балалар фестиваль-конкурсы болады, 9 қараша «Қазақстан раушандары» ІІІ халықаралық балалар хореография өнерінің фестиваль конкурсы өтеді.

«Астана Операда» 8 қараша күні Ғазиза Жұбанованың туғанына 90 жыл толуына орай концерт болады, 12 қарашада балаларға арналған «Жануарлар карнавалы» музыкалық-поэтикалық концерті өтеді.

«АЛЖИР» музейінде 6-12 қарашада «Белоруссия әйелдерін еске алу – АЛЖИР тұтқындары» көрмесі мен лекция өтеді, 10 қарашадан «Ары да, жаны да жараланғандар» слайдымен көрме ұйымдастырылады.

«Астана» концерт залында 7 қараша күні ХХ «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты жабылу кеші өтеді.
Әрі қарай

Атаға xат немесе "анадай аялаған алтын адам"

«Мен оны қатты жақсы көремін. Мен оның мінезін, сақалын, исін, бәрін-бәрін жақсы көремін. Неге дейсіздер ғой, өйткені, атам мені сәби кезімнен бағып-қағып өсірді. Құйрығына шейін жуып, мәпелеп, еркелетіп, сұрағаныңды беріп, алғаш әріп танытып, оқу-білім үйреткен адам қалайша маған ыстық болмасын, қалайша қымбат емес, әрине, ең жақын адам сол» деп жазыппын 2007 жылы күнделігімде. Бұл кезде жасым небәрі 12-де еді. Бүгінде өткен күннің еншісінде қалған күндерді еске алып, езу тартып отырғаным бала десе жібіп тұратын жүрегінің кеңдігі, есіл еңбегі мен еңгезердей ердің ерлігі.
Мен бақыттымын, екінің бірі, егіздің сыңарына емешегі үзіліп, ертелі-кеш қорғаусыз қалдырмаған еркек атаулыны көрмедім, бар болса, бірен-сараң. Самайына ақ түскен сақалды шағында ананың орнын басқан абзал адам өзіңдей-ақ болсын! АТА!
Ананың мейірімі…
Ананың аялы алақаны…
Ана махаббаты, жан жылуы, шапағаты, ананың ақ сүті деп жатады, жалпы ана Алладан кейінгі сый-құрметке лайық екені ақиқат… Алайда, анадан артық болмаса, кем түспейтін бір жан бар… мен үшін… Ол менің қорғаным болса, мен қанатының астындағы қарлығашпын, биік тау болса, баурайында жатқан бөктерімін… Тіпті, ол теңіз болса, тамшы болуға әзірмін. Бастысы, біз біргеміз. Шіркііін, мына дүние жылжымай, бір орында тұра бергенін қалаймын… сіз барған жерге бірге барып, сіз ұйықтасаңыз бірге ұйықтап, сіз оянсаңыз бірге оянып, намаз оқығанда жайнамазында күтіп отыратын, дәретханаға шыққанда жанында тұратын Жазеркең болып қала берсем… Бұл тек бала күнгі арманым емес, ата! Әрине, менің де бой түзеп, алаштың ардақты азамты атанғым-ақ келеді. Дегенмен, менің қуанышымды сіздің көргеніңіз керек маған… Сол сәтте сіздің «менің балам» деп көкірегіңізді қуаныш кернеп, кеудеңізді көкке көртергеніңіз мен үшін мәртебе! Ал мен… ал мен есіміңізді ел аузында жаттатып, атыңызға кір келтірмей, абыройыңызды асқақтатқанда маңдайымнан искесеңіз жетеді.
Блог - zhazerke: Атаға xат немесе анадай аялаған алтын адам
Әрі қарай

Жас ақындар арасында жыр байқауын жариялаймыз

Блог - BilimAll: Жас ақындар арасында жыр байқауын жариялаймыз

2017 жылдың 01 қарашасы мен 2018 жылдың 15 қаңтар аралығында «NEXT ұрпағы» өлең-жыр байқауына шығармалар қабылдаймыз.

Мүшәйраның мақсаты: Шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өлең құдыреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру.

Сайысқа 14 — 29 жас аралығындағы ақындар қатыса алады.

Бірінші кезеңде: еркін тақырыптағы өлең-жырларды жариялау жүргізіледі.

Екінші кезеңде: өтінімдерді қарастыру мен үздік ақындардың орнын анықтау өткізіледі. Марапаттау қаңтар айының аяғында болады.

Жүлдегер ақындар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болады.

Толығырақ
Әрі қарай

Ауылда

Блог - quatadis: Ауылда
Келді күткен жаз енді,
Қамданайын жолға алыс.
Қуантайын әжемді,
Етіп оған қолғабыс.

Жатып алмай ұзақ күн,
Шаршадым деп сапардан.
Үйренейін сұрап шын,
Шаруа жайын атамнан.

Айналасы көкпеңбек,
Көз тоймайды қараса.
Ауласында шектеу жоқ,
Ауыл неткен тамаша!

Атаммен бір мінгесіп,
«Торы төбелмен» қой бақтым.
Оңашада тілдесіп,
Күшігімді ойнаттым.

Шиқылдаған ұрыншақ,
Балапанға шаштым жем.
Анау жүрген құлыншақ,
Ол да менен бас білген.

Ботақан жүр ойнақтап,
Үстінде екі түйіншек.
Ондай бота қайда аппақ?
Ол да маған үйірсек.

Арам шөптен тазартып,
Бақшаны да баптадым.
Қора-жайды жаңартып,
Тезекті де қаптадым.

Бұзауымды суардым,
Қозы-лаққа шөп бердім.
Ата-әжемді қуантып,
Жаз айын да өткердім.

Әжем берді құрт, майын,
Және атамнан бата алдым.
Біліп жер мен жұрт жайын,
Үлкен жігіт атандым.

Аңсап келсем, саялы,
Ауыл құшақ жаяды.
Қайтпас едім, әттең-ай!
Қыркүйек те таяды.

Жиғанымды даладан,
Енді есімде сақтармын.
Міне, бүгін қалаға,
Азамат боп аттандым.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 28 қазанындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 28 қазандағы эфирінде 3-айналымның кезекті ойыны өтті. Қонаққа келген «Бақсы» командасы ойынды 5:6 есебімен аяқтады.
Қазақтың әзіл-оспақ жұмбағынан: Патша өте дәмді және мінсіз етіп сорпа пісіртеді. Бірақ патша бұл сорпада бір кемшілік бар дейді. Зындандағы тұтқынға бір кесе сорпа құйдырып бір ұрттатады да «Егер осы сорпаның несі кем екенін тапсаң сені бостамын» дейді. Тұтқын патшаға сорпаның несі кем екенін айтып бостандыққа шығады. Сұрақ: сорпаның несі кем еді?

Нәсілдер арасында айырмашылық байқамайтынын меңзей отырып, Хантер Томпсон
өзін ИКСИК деп атайды. ИКС те ИКСИК болған. ИКСті атаңыз.

«Вокруг света» журналының жазуынша, жарты ғасырдай бұрын Лондондағы кей үй шаруасындағы әйелдер ОНЫ үйден шықпай-ақ қарап, қолданған екен. Жұмыртқаны суға қайнату кезінде сарыуызын былжыратып пісіру, сосын сарыуыз жартылай былжыратып пісіру және толық қайнатып пісіру секілді үш түрлі әдіспен әзірлеу үшін әйелдер НЕНІҢ көмегімен дәл уақытылы қайнатқан?

Швейцарияның тау шаңғысы курорттары туралы жарнамалық мақала «Швейцарияның АЛЬФасы» деп аталады. Орта Азия мемлекеттері АЛЬФА деп өсімдікті атайды. Сатып алушыға таныс түрді АЛЬФАға, мысалы, родий, береді. АЛЬФАны атаңыз.

Эквадордың сыртқы істер министрі 2000 ж.ж. ортасында, жазда (2006 жылғы 15 маусымда) екі сағаттай өзінің қызметтік міндетін атқармайтынын мәлімдеді. Министрді мұндай шешімге итермелегендердің қатарында басқа латынамерикалық мемлекет – Коста-Рикалық азаматтар тобы бар еді. Бұл азаматтар осы уақыт аралығында не істеген сонда?

Ресейдің Жоғарғы Бас ИКСінің сайлауында сайлау комиссиясының төрайымы болып Шончалай Ховенмей тағайындалды. Сайлауға Тува, Бурятия, Саха және Хакасия өкілдері Ал француз бапкері Филипп Труссье 1998 жылы Буркина-Фасо құрамасын жаттықтырып, Ақ ИКС деген атақ алды. ИКСті атаңыз.

Ол капитанға жай серік болайын деп, кемеге мінді. Біраз уақыттан кейін ғалым Роберт МакКормик бәсекелестікке шыдамай кемеден түсіп кетті. Ол кім?

Сәкен Сейфуллин: «Адам – АЛЬФА, өмір – жол» деген. Желідегі бірқатар мақалалар «ЭКСПО-2017-ге Тараздан АЛЬФА келеді» деп аталады. АЛЬФА сөзін гугл іздеу жүйесіне салсаң, бірінші болып кинотеатрлар шығады. АЛЬФАны атаңыз.

Флобердің романында пысық күзетшінің (жұмысында) картоп егумен де айналысқаны баяндалады. Ал эпидемия басталған кезде күзетші қап деп қапаланады. Қарауыл ненің күзетшісі сонда?

Қазақстар ИКСті екі сөзбен атайды. Бір карикатурада бір ИКС екінші ИКСке артыңнан тәрелкеңді жуып жүр дейді. Гипотеза бойынша, Эхнатон перғауын ИКС болған деп тұжырымдайтындар бар. (Сондай-ақ әйгілі аргентиналық футболшыны ИКС деп атайды). ИКС деп қандай сөзді ауыстырдық?

Бір шығармада олигархтардың мүддесін қорғап, салықтарды көтеру және халыққа арналған әлеуметтік кепілдіктерді азайту саясатын ұстанатын ДуГ атты билеуші әрекет етеді. Оның фамилиясын атаңыз.

Ойынның аудиосын ресми сайттан тыңдауға болады. Сондай-ақ фейсбукте тікелей эфир жүргізілген болатын.
Әрі қарай