Балалардың "асабасы"

Қазір балалардың да мерекелеріне «асаба» шақыртатын заман болды. Тіпті үйлену тойына да басты асабадан бөлек балалардың көңілін аулайтын арнайы аниматор жалдайтындар бар. Мақсат, әрине, белгілі –әке-шешесінен қалмай еріп келген келген бала-шағаның шараға кедергі келтірмеуіне жағдай жасау.
Аниматорлардың міндеті — шоу-бағдарламаны жүргізіп, балаларды ойнатып, қызықтырып, көңілдерін көтеріп, олардың асып-тасып бойларына сыймай тұрған энергиясын сығып алу.


ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
Сондай аниматорлардың бірі — Ринат Жетібаев, 25 жаста.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Ринат, сіздің негізгі мамандығыңыз қандай? Бұл кәсіппен айналысуыңызға не себеп болды?
— Менің мамандығым – архитектор. Мамандық бойынша жұмыс жасап көрген жоқпын, 5 жыл оқып алған дипломым сандық түбінде жатыр. Оған себеп — мен бір орында отыра алмаймын, ылғи қозғалыста жүргенді жақсы көремін. Студент кезімде «Coza -Nostra» компаниясында аниматор болып жұмыс істейтін достарым мені өз ұжымдарына тартты. Ол кезде небәрі 2-курс студенті едім, «қосымша ақша артық етпейді» деген оймен келістім. Алдымен «Шрек» секілді жабық костюмдермен «үндемейтін» рөлдерде шығып, кейін «сөйлейтін» кейіпкерлерді сомдадым. Жүре-жүре костюм-шалбар киіп, «бабочка» тағып шоу-бағдарлама жүргізетін дәрежеге жеттім. Негізі өзім де оқушы кезімнен өнерге жақын едім, түрлі шараларға белсене қатысатынмын. Соның да септігі тиген болуы керек.

— Әлі де сол компанияда жұмыс жасайсыз ба?
Жоқ, қазір Ратмир атты досым екеуміз фриланс режимде жұмыс жасаймыз. Өзіміздің фото, видео, дизайн қызметін ұсынатын достарымыз бар, араласатын түрлі цирк әртістері, актерлер тобы бар. Солармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Тапсырыс болса қажет қызметке хабарласып, шақыра қоямыз.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Тапсырыс көп түсе ме? Клиенттеріңіздің контингенті қандай?
— Осы маусым айын алатын болсақ, менде қазір 8 шараға тапсырыс бар. Ал мамыр айында 5 шара өткіздім, оның ішінде туған күндер, бастауышпен қоштасу сынды шаралар болды.
Өзіміздің тұрақты клиенттік қорымыз бар. Арнайы ивент-агенттіктерден де тапсырыс болып жатады. Сонымен қатар шаралардан көріп ұнатқандар хабарласады. Ең мықты жарнама — ол біздің ұйымдастыратын шараларымыз.
Жалпы бұрын, айталық, 2008-де мұндай қызметті негізінен «қалтатылар» ғана пайдаланатын болса, қазір халықтың басым бөлігіне қолжетімді. Қызметіміздің ең арзаны 20 мың теңгеден басталады, ал қымбатына енді шек жоқ. Мысалы бір дөкейдің баласының 1 жасқа толу туған күнін бас-аяғы 5 миллион теңгеге ұйымдастырдым. Ал туған күн иесі тіпті ол шараға қатыспады десе де болады.

— Құпия болмаса айлық табысыңыз қанша?
— Әрқалай, мамыр айындағы жеке табысым шамамен 400 мың теңгені құрады. Бәлендей қиналып жұмыс істедім деп айта алмаймын, бос уақытым көп болды. Оның үстіне өзім жақсы көретін іспен айналысамын.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Қазір балалар арасында қандай кейіпкерлер сұранысқа ие?
— Ол енді балалардың жасына байланысты. Кішкентай бүлдіршіндерге ресейлік «Фиксиктер» мультсериалының кейіпкерлері жақсы өтеді. Ал 7-8 жасқа дейінгі балаларға өрмекші адам, Бен Тен, Капитан Америка сынды супер қаһармандар керек. Одан үлкендеулері тіпті ешқандай кейіпкерлерді қабылдамауы мүмкін. Тіпті кейбір еркетотайлар аниматорларды тепкілеп, келеке етеді. Оларды таңқалдыру қиын. Сол үшін кейбір ата-аналар небір әрекеттерге барады. Мысалы біреу ұлының 10 жасқа толу туған күнін әскери тақырыпта өткізіп, арнайы міндетті әскер өкілдерін шақыртты. Олар шара болып жатқан жерге шынайы түрде басып кіріп, баланы туған күнімен құттықтады.

— Сонда қазақша кейіпкерлерге сұраныс жоқ па?
— Сұраныс бар. Алдыңғы жылы жаңа жылдық бағдарламаны толығымен қазақша кейіпкерлердің қатысуымен жасадық. Бағдарламада Алдар көсе, Аққу қыз, Бауырсақ секілді кейіпкерлер болды. Балалар жақсы қабылдады, бізге де тәуір пайда түсті. Мектеп, балабақшалардан бастап жеке жанұялар шақырды.

— Балалардың сіздің қойылымды қабылдамайтын кез жиі болып тұра ма? Ондайда тығырықтан қалай шығасыздар?
— Жиі болады. Әсіресе жасөспірімдер түрлі әнші-биші, цирк әртістерінің қатысуымен дайындаған шоу-бағдарламаға мұрын шүйіріп, гаджеттеріне үңіліп отырады. Ондай кезде, сіз сенбеуіңіз мүмкін, бізді өзіміздің бала кезде ойнаған ойындарымыз құтқарады. Балалар арнайы бағдарламаны былай ысырып қойып, қарапайым доппен атуды (выбивало) рақаттана ойнайды. Бала ол қашан да бала.

— Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасап көрдіңіздер бе? Оларды қалай ойнатасыздар?
— Иә, бірде Алматыдағы онкологиялық емханада рак ауруымен ауыратын балалардың көңілін көтеруге бардық. Біраз қиын тиді, себебі олар белсенді ойын түрлерін ойнай алмайды, көбіне бір орында отырады. Ондайда проектормен ойнататын интеллектуалды ойын түрлерін пайдаланамыз. Түрлі жұмбақтар жасырып, балаларға барымызша жақсы көңіл-күй сыйлауға тырыстық.
Одан бөлек, үйде ауырып жатқан балаға сүйікті кейіпкерін шақыру жағдайы жиі кездеседі. Ол жай баланың бөлмесіне кіріп сөйлесіп, көңілін аулап шығады.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы — Қайырымдылық шараларына қатысып тұрасыздар ма?
— Иә, міндетті түрде. Соңғы рет Талғардағы балалар үйіне бардық. Ол шараға аниматорлардан бөлек еліміздің бірқатар эстрада жұлдыздары да қатысты.

— Қазір өнерлі жастар көп, оларға осындай кәсіп бастау үшін не керек?
— Бастысы бірге үнемі ізденісте жүретін команда, креативті серіктестер керек. Қазір құдайға шүкір интернет бар, шетелде өзгелердің не істеп жатқанын көріп, үйренуге болады. Шетел демекші, өзім АҚШ-қа кетуге ақша жинап жатырмын. Майамиге барып орыстілді туристерге бағытталған аниматорлық компанияда жұмыс жасап көргім келеді.

— Сәттілік!
— Рахмет!

2-5 суреттер Ринаттың жеке инстаграм парақшасынан алынды.
Әрі қарай

Кәсіптің көзін тапсаң...

Блог - abzalsariyev: Кәсіптің көзін тапсаң...Ел Үкіметі орта және шағын кәсіпкерлікті барынша дамытуға ден қойғалы бері — қолы мен тілінің икемі бар, бойында қажырлы қайраты мен еңбекқорлық қасиеті бар, ақылы жетік, жаңалықты меңгеру мен игеруден талмаған, кәсіптің тілін түсіне білген біраз азаматтардың тасы өрге домаланып келеді.
Әрі қарай

Серікғани Көшеров: "Тума таланттарды тегін жаттықтырамын"

Ал сол кезде...: Серікғани Көшеров: Тума таланттарды тегін жаттықтырамынсуретте: ортада — Серікғани Көшеров

Серікғани Көшеров - үлкен теннистен 
ұлттық санаттағы бапкер, 
кәсіби теннисші.


Бізде тенниске мамандық ретінде қарау жоқ. Кәсіби деңгейде дайындалу ғана үлкен жетістіктерге жеткізеді. Ал теннисте кәсіби әзірлік үшін көп ақша қажет.

Теннисте бәрі қымбат. Ракеткадан бастап кортқа дейін… Жай ракетка бағасының өзі 50 доллардан басталып, 300 долларға дейін барады. Красовканың өзі қымбат. Жаттығудың әр түріне, корттың түріне арналған жеке-жеке красовкалар болады. Кортты жалға алу бар. Шетелге барғанда да мұның барлығын ешкім тегін бермейді.

Теннис — қымбат спорт түрі. Кәсіби деңгейде айналысу үшін теннисшінің қалтасынан мол шығын жұмсалады. Бәлкім, осы себепті де үлкен теннис — бұқаралық спорт түріне айналып кете қойған жоқ.

Теннисте үш түрлі бағыт бойынша жағдай жасап алуға болады. Біреулер теннис арқылы мол қаражат тауып, карьера құрғысы келеді. Енді біреулер сол теннис ойыны арқылы шетелде білім алғысы келеді. Тағы біреулері осында тенниске жаттықтыратын спорт академиясын ашып, балаларды жинап, сабақ береді.

Қаламыздағы (Шымкент қаласы) халықаралық теннис орталығында жылына 11 халықаралық турнир өтеді. Бұл өз балаларымыздың ұпай жинауы үшін өте жақсы мүмкіндік. Жүлде қоры 10 мың долларлық турнирде 1-орын алған теннисшіге 1500 АҚШ долларын береді. Ұтса, 1500 доллар. Сондай 11 турнир болады, бізде. Ұту үшін соған сәйкес дайындық болуы керек.

Ата-аналар тарапынан бұл спортқа өз балаларын алып келетіндері аз. Бұған насихаттау жұмыстарының әлсіздігі де себеп.

Қазақ теннисінде жеті түйткіл бар. Осы минустарды жойса, кәсіби деңгейдегі дайындық та болады.
Біріншіден, ата-ананың үлкен теннис жөнінде таным-түсінігі нашар. Баланың іс-қимылдарына сәйкес келмейтінді айтып, соны талап етеді. Аз шығынмен көп нәрсе алуды қалайды.
Екіншіден, спортшының денсаулығын қадағалаудың дұрыс жолға қойылмауы.
Үшіншіден, жеке бапкерден бөлек теннис бапкерін де жалдау керек.
Төртіншіден, жеке дене дайындығына жауапты бапкері болу қажет. Бізде ол жоқ. Жеке дене дайындығы бойынша мамандары тенниске жеңіл атлетика, күрес сияқты басқа спорт түрлерінен келеді. Теннисшінің дене дайындығына маманданған бапкердің болмауы.
Бесіншіден, жеке спарринг партнер болуы қажет. Спортшы деңгейін көтеру үшін әр күні бір сағаттай спарринг-партнермен ойнайды.
Алтыншыдан, турнирлік жоспарлар орындалуы керек. Қазақстан ішіндегі, шет елдердегі жарыстарға барып тұру үшін де әрдайым қаражат болу қажет. Бұл шеберлікті шыңдайды, ұпай жинайды.
Жетіншіден, бапкерлердің арасында ауызбіршіліктің жоқтығы. Әркім өз бетінше жұмыс істегісі келеді.

Бір теннисшіні кәсіби тұрғыдан дайындауға кететін шығын жас мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады. 13 жасқа дейінгі бала үшін бір жылға 50-60 мың доллар, 14-18 жастан асса одан да екі-үш есе көп қаржы керек. 5-10 жаста 20-25 мың доллар жетеді. Қазіргі үлкен теннис өте агрессивті. Барлық ойыншылар 3-4 бапкерден жалдап алған.

Тума талантты анықтауда арнайы қабылданған сынақтар бар. 5 — 8 жас аралығындағы балалар түрлі сынақтар тапсырады. Мысалы, бір орыннан алға ыршып секіру; 18 метрді жүгіріп өту уақыт көрсеткіші; Бір орыннан жоғары секіру;
Жаттығудың түрлері бар: сегіздік; икемділікке арналған жаттығу. шыдамдылыққа арналған жаттығу; сезімталдығын дамытуға арналған жаттығу;

Тума таланттарды тегін жаттықтырамын. Орта дәрежедегі спортшы ақысын төлеп жаттығады. Сағатына 2 мың теңге. Дәрежесі орта теннисшіні талантқа апарып қосып қоюға әсте болмайды. Өйткені, ол талантты төмен қарай тартып кетеді.
Әрі қарай

Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты»

Бұл кейіпкер екеуміз бір кездері өзіміз оқыған университет жанындағы пікірсайыс клубының мүшесі болдық. Кейін, пікір сайыс машығына баулып, мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне тегін семинар-тренингтер өткізіп жүрдік. Одан соң, жазған құлдарыңыз Астана аттанып, мінберлік пікірсайысты да, қоғам үшін қызмет қылуды да қойған еді. Ал, менің әріптесім – «оппозиция лидері» (пікір сайыс форматтарының біріндегі тараптар позициясы) Нұрлан Азаматов хоббиін тап-тамаша кәсіпке айналдырып алыпты.

Блог - nurbergen_makym: Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты»

— Нұрлан, сен осы жасқа келгенше, берісі – Атырау облысының жастар қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы, арысы – республикалық маңыздағы бірнеше ұйымға басшылық жасадың. Жасыратыны жоқ, «Атыраудағы жастар саясаты» десе, сен, «Нұрлан Азаматов» десе, Атырау облысының жастар саясаты ойға келетіндей белсенді де беделді адамның бірі болдың бір кезі. Шыны керек, сені болашақта кексе шенеунік кейпінде елестетінмін. Сен болсаң, бәріне қолыңды бір сілтеп, бизнеске кеттің. Өзің «бизнес» деген соң, бизнес деп отырғаным. Әйтпесе, бұл бизнеске де ұқсамайтын сияқты… Қысқасы, неге?
— Менімен келіспеу – сенің баяғы әдетің ғой. Бірақ, менде білімім мен тәжірибем ретіндегі «тауар» бар, халықта оған сұраныс бар. Өз қызметімді оңтайлы бағамен нарыққа шығарып отырмын. Классикалық түсініктегі бизнес қой…

— Жұрт бизнестен билікке қарай жылыстай бастаса, сен неге бизнеске кеттің?
— Білесің ғой, Нұрберген, мен жастар саясатымен айналысқан уақыт ішінде мыңдаған адамдармен жүздеген жобалар жасадым. Сәттісі бар, сәтсізі бар, ол – басқа әңгіме. Мен сол уақытта жинаған тәжірибемнен бір нәрсені анық ұқтым. Адам сүйікті ісімен айналысуы керек. Жұмысың ұнамай ма, өз болмысыңа келмейтінін сезіне бастадың ба, таста ол жұмысты. «Ат басындай алтын берем» десе де, таста. Өзіңді тұлға ретінде жоғалтатының өз алдына, сен қоғамға да зияныңды келтіруің мүмкін. Күлкіңнен көріп отырмын, мұнымды «популизм» деп отырсың ғой. Бірақ, шыны сол, мен саналы түрде осы жолды таңдадым.

— Табысың қалай?
— Жалпы, қазір, инфобизнестің даму қарқыны жақсы ғой. Табысым жаман емес.

— Нақты айтпайсың ба?
— Айтпай-ақ қояйын…

— Тренингтеріңнің хабарландыруларын көргем. Курс бір айлық болса да, бағасы қымбат көрінді. Қатысушылар көп пе?
— Сен тренингтің бағасын білсең, менен дәріс алып жүргендер санына көбейтіп, бәрібір орташа табысымды біліп алғың келіп отыр ғой?! Біріншіден, адам өз-өзін жетілдіруге, соның ішінде, білім алуға ешқашан ақшасын аямауы керек деп, сенің жыныңа тиіп алайын. Екіншіден, онша қымбат демес едім қызметімнің құнын. Курстан өтетіндер күзетші не даяшы емес қой.

— Сұраққа оралсақ. Қатысушылар көп пе?
— 2012 жылдың мамыр айында алғашқы топты қабылдаған едім. Содан бері 70-80 адам өтті курстан.

— Осы 70-80 адамның ішінде, тым құрыса, бір даяшы не күзетші де болмады ма?
— Жоқ. Менің клиенттерім негізінен желілік маркетингпен, сауда-саттықпен айналысатын адамдар. Оқушылар мен студенттер де бар, әрине.

Блог - nurbergen_makym: Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты»

— Сен оларға не үйретесің, сонда?
— Шынымен, білмейсің бе?

— Мәселе мынада ғой, Нұрлан. Сұхбатты қағазға түсіргеннен кейін, тағы бір-екі адамға оқытсам ба деп ем. Солар үшін қызық болар деген ой ғой, менікі...
— Бір сөзбен айтқанда, көпшілік алдында сөз сөйлеген кезде алдыңа қойған қандайма мақсатыңа жету үшін қолданылатын амал-тәсілдер тізімін үйретемін. Бірақ, алдымен, осы тәсілдерді еркін қолдану үшін көпшілік алдында сөз сөйлеу үрейінен арылуды әртүрлі тәжірибелік жаттығулар арқылы үйренеміз. Тренингтің 70% – тәжірибе, 30% – теория.

— Сенің алдыңа келгенде сөйлеу былай тұрсын, көптің алдына шығуға жасқанатын адамның, курсыңды тәмамдағанда «құдды аузын ашса, ақылмандықтың қамшы салдырмас ақбозатындай ағыла төгілткен ақтаңгер парфенондықтар секілді аузын айға білеп, сөйлесе, жел өтіндегі жарлының жамаулы үйіндегі жетімнің жыларман көңілін жұбатардай жылылық есетін афиндық шешендердей қабілетке ие» болып кеткендер болды ма?
— Әрине, бәрі бірдей бір айдың ішінде үлкен жетістікке жете бермейді. Бірақ алдағы уақытта сол парфенондықтар мен афиндықтар секілді сөйлеу үшін өзін қай бағытта дамыту керектігін және оған қалай қолжеткізу керек екенің толық біліп шығады. Негізі, көп алдында сөйлеуге дағдылану кей кезде уақыт пен еңбекті талап етеді. Бірақ, әрине, курстан соң әр қатысушыдан айтарлықтай өзгеріс байқауға болады.

— Сенің де сөз саптауыңның өзгергенін байқап отырмын. Өзің де шеберлік сыныптарына қатысып жүрсің бе?
— Әрине. Онсыз бола ма?! Биыл Астрахань және Мәскеу қалаларындағы сөз өнері мектептерінің тренингтеріне қатыстым. Сосын, осы бағыттағы әдебиеттерді кеміру ғой…

Блог - nurbergen_makym: Нұрлан АЗАМАТОВ: «Жұмысың ұнамай ма, таста ол жұмысты» — Неге, Ресей? Қазақстанда жоқ па?
— Бар. Бірақ, қазақстандық тренерлер де курстарын сол Мәскеу қаласының «Риторика және ораторлық өнер» Университетінің бағдарламасымен жүргізеді.

— Олар да өзім сияқты дегің келеді ғой?
— Солай деуге де болатын шығар…

-Қасыңдағы тренерлер де солай ма?
— Ия, оларды да мүмкіндігінше шеберліктерін шыңдау, кәсібилігін арттыру курстарына жіберіп отырамын. Әзірше, өзімді қосқанда, үш тренерміз.

— Әзірше?! Демек, алға қарай кәсібіңді кеңейту ойың бар ма?
— Ия, алға қарай жастарға арналған арнайы оқу орталығын ашуды жоспарлап жүрмін. Оның ерекшелігі – мектеп бағдарламасымен қамтылмаған машықтарға баулитын боламыз. Сен «қандай?» деп сұрама, мен айтпайын. Құпия болсын.

— Жарайды. Жұмысыңа, сәттілік! Сұхбат беруге келіскеніңе рахмет!
— Саған да!

(Cұхбат барысында «күледі», «есінейді», «жылайды» деген секілді жақша ішіндегі түсіндірмелер қолданылмады...)
Әрі қарай

Суретші электрик

«Пингвиндерді тұрғызушы» туралы естіген шығарсыз. Етікші мен суретші, инженер мен механик туралы да талай айтылды. Мені қызықтыратыны басқа. Кәсіп иелерінің қайсысы шығармашылықпен айналысып жүр, ал қайсысы техникалық мамандықты игерген? Етікшіні механик емес, ал инженерді суретші емес деп айтып көріңізші. Міне-міне. Әйтеуір техниканың да, шығармашылықтың да үлесі бар екенін байқаймыз.
Әрі қарай

"Қазіргінің рэкеті": "Қоятын уақыт болады мұны да..."

Қаланың қым-қуыт тірлігі таңертең жұмысқа барып, кешке үйге қайтумен, демалыста үйге азық-түлік тасумен аяқталатын сияқты, біздіңше. Жооқ, түнде жорыққа шығатын, тіршілігін түскен қараңғымен бірге бастайтындар да бар. Соның бірі — «түрлі мәселелердің түйінін шешуші», қазіргінің рэкеті.

Қолыңның екі мағынасында да ұзын болғаны қандай жақсы, досымның көмегімен осынау қауіпті кәсіп иесінен сұхбат алудың орайы түсті.



Баха. Жасы отыз бірде. Бойдақ.

Блог - aikarakoz: Қазіргінің рэкеті: Қоятын уақыт болады мұны да...

— Кәсібіңіздің нақты және қазақша атауын білмей отырғаным...
— Қылмыскер (күліп). Қылмыскерден басқа атау айта алмайсың.

— Мафия дейміз бе?
— Қазір мафия деген жоқ. ОПГ дейді. Организованная преступная группа. Қазақшасы — ұйымдасқан қылмыстық топ. «Рэкеті» бар, «отморозогы» бар, «решаласы» бар, бәрі сол ОПГ-ның ішінде. Топтың «старшийы» болады. Жылдан жылға бұл саланың сөздері өзгеріп келеді. Бұрын рэкет деген сәнде еді, қазір ОПГ.

— Бұл салаға келуіңізге не себеп болды? Ақшаның жетіспеуі ме, әлде жұмыстың табыла кетпеуі ме?
— Себеп болғанда… Ауылдың баласымыз. Мектепті «5»-ке бітіргенбіз. Тілді біраз білеміз. Спортта жүргесін сыртыңнан байқайды. Сосын тартады өздеріне. Жастық дейсің, желігесің, алып-ұшып тұрасың. Басында жәй араласып жүресің тірліктерге, одан кейін қалай кіріп кеткеніңді байқамай қаласың. Ақыры, ол сенің кәсібіңе айналады. Жұмыс іздеу дегенде… Мұны жеңіл кәсіп деуге де келмейді. Үнемі денсаулығың қауіпте, өзің қауіптесің, өмірің қауіпте. Тұрақты график жоқ, белгілі бір уақытта алаңдайтын жұмысың жоқ болған соң өзіңе ұнап кетеді. Бұл салада жүргеніме он шақты жыл болды.

— Демек, ақша табудың ең оңай жолы...
— Ақша табу ешқашан оңай болған емес. Әр саланың өзіндік қиындықтары болады. Біздің саланың да нюанстары мен нонсенстары көп, қиындықтары көп. Әзірге ең қолайлы кәсіп осы болып тұр.

— Ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне не кіреді?
— Мысалы, мейрамхана, клубтарды алайық. Ондай жерлерде тұратын күзетшілер екіге бөлінеді. Бірі – «Күзет» деген сияқты ресми агенттіктердің қызметкерлері, екіншісі – біздің жігіттер. Көп төбелес болмайтын жерлерде заңды түрде жұмыс істейтін күзетшілер тұрады. Адам тамағын ішуге ғана келетін не келіссөздер жүргізетін мейрамхана сияқты орындарда төбелес болмайды. Ал, клуб, «забегаловка» сияқты жерлерде жиі жанжал шығады. Ондайда иелері өздері-ақ біледі: агенттіктің күзетшілерінен гөрі, жұмысқа «шешетін адамды» алған дұрыс. Былай айтқанда, жігіттері бар топты, бандиттерді алған дұрыс. Өйткені, олар «по-черному» шешеді. Барады, төбелесу керек па – төбелеседі, төбелеспейтін жер болса – желкелеп алып шығады да далаға: «давай, бауырым, саламалейкум, қош бол» дейді. Сол сияқты, точкалар болады, түрлі бизнестер болады. Көп қызметі.

— Әр істі шешкеніңіз үшін клубтың иесі шамамен қанша ақша төлейді?
— Жағдайға байланысты. Адам басына 85-90 мың, 100 мыңға дейін кете береді. Қандай орын және қай жер екеніне де, графигіне де байланысты. Негізгі уақыт түнгі оннан таңға дейін жалғасады.

— Қарамағыңызда неше нысан бар?
— Айтпай-ақ қойса бола ма?

— Жарайды. Жоқ дегендегі айлық табыстарыңыз қанша?
(күліп) Адам басына ма? Адам басына 300 мың деп айта берейікші. Теңге.

— Адамды жарақаттап жатқанда «өлтіріп алам» деп қорықпайсыз ба?
— Кез келген пенде қорқады. Өзіңді жарақаттап алудан да қорқасың, ұрып жатқанда қолың басқа жеріне тиіп кетсе, дұрыс тимей қалса да қорқасың. Адамның талып қалуы 5 секундтық нәрсе ғой.Төбелесте талып жатқан адамның пульстарын тексеріп отыратын уақыт жоқ. Төбелесесің – құлатасың – жүре бересің. Артынан ойланасың.

— Оқыстан адам өлтіріп алған жағдай бола қалса, клуб сияқты демалыс орнының иесі ала ма жауапкершілікті?
— Жоқ, Құдай сақтасын, адам өлімі әлі болмады. Адам өлімі болса, жасаған адамның ізі білінбей қалмайды. Топан төбелес болып жатқан жерде "өлтіріп алмаймын" деп өзіңе «гарантия» бере де алмайсың. Ондай жағдай болса… кинодағыдай ғо. Ондай оқиға болған жоқ деп, барынша жасыруға тырысасың. Істеген адамды басқа қалаға жібересің. «В бега» дейді ғой, былай айтқанда, в бега кетеді. «Дело» тынышталмайынша жүреді қашып. Бірақ, ол басылмайды. Іздеу жариялайды. «Розыскта» «дело» жабылмай қалады. Сондықтан қатты зақым келтірмеуге тырысасың. Аяқ-қолын сындырып алсаң, ізіңді білдіртпей кетуге тырысасың.

Блог - aikarakoz: Қазіргінің рэкеті: Қоятын уақыт болады мұны да...

— Жасаған қылмыстарыңыздың артын жуып-шаю үшін қандай шара жасайсыздар? Тапқан ақшаларыңызды жетімдер үйіне бөліп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып дегендей… Ең болмаса, ақыреттен қорқу деген бар ма сіздерде?
— Жоқ. Ондай шаралар істемейміз. Ниет. Күнәсіз адам жоқ қой жалпы. Жұма намазға барып тұрамыз.

— Сұмдық қорқынышпен өткен оқиғаңызды айта аласыз ба?
— Әр тірліктен кейін қорқасың ғой. Үйде анаң бар, әкең бар, оларға кесірі тиіп кете ме деп қорқасың. Мысалы, бір жерде үлкен тірлік болды делік. Сөзге келіспей қаласың да, төбелес те, атыс та басталады. Біреуді қатты зақымдап қоясың. Ол реанимациядан шығады. Зақым алған адамның да артында біреулер тұр. Олар біз жайлы сұрастыра бастайды. Қайдан келдің, кімсің, қай мекен-жайда тұрасың дегендей. Сондайда ата-анаң үшін қатты қорқасың. Өзің балалардың арасында жүргесін қатты қорқа бермейсің.

— Ата-анаңыздың хабары бар ма кәсібіңізден?
— Жоқ, білмейді. Бірақ, сезеді ғой.

— «Жұмыстарыңыз» түнде басталады. Ата-анаңызбен бірге тұрады екенсіз, күн сайын түнде шығып кететініңізді қалай түсіндіресіз оларға?
— Енді… ондай жастан өттік қой. Үйге қомақты ақша алып келіп жатқанда да «қайдан алдың» демейді. Үйренді. Іштей сезетін де шығар немен айналысатынымды.

— Ал, махаббат жағы қалай? Өмірде сұсты көрінесіз. Даусыңызда зіл бар. Сөйлесуге қорқатын қыздар бола ма?
— Қорқады. Түрімізге қарайды да:-«сен бандитке ұқсайды екенсің,»-деп бастайды әңгімені. Бірақ, қыз ұнағасын оныңды жасырасың. Ұнауға тырысасың. «Жжжоқ, мүлде ондай емеспін, сүттен ақ, судан тазамын,» -деп айта алмайсың оларға. Шет жағасын жеткізесің бәрібір. Кәсібімізді біліп қойып, аулақ жүрген қыздар көп болды.

— Үйленуіңізге кедергі келтіреді деп қорықпайсыз ба?
— Қоятын уақыт келеді ғой мұны да. "Қашанғы бұлай жүре берем" деп ойлайсың. Бұдан шығатын уақыт болады өзі. Сана-сезімі бар адам ерте болсын, кеш болсын түсінеді де, қояды. Сосын намаз бастап кететіндер бар. Бірақ, түрмеге отырмағанша тынбайды. Түрмеге отырғаннан кейін барып түсінеді, отырмайынша — жалғастыра береді. Негізі бұл тірліктің бәрін қойғаннан кейін үйлену жоспарда. Ер жігітке үйлену ешқашан кеш емес. Қырыққа жақын үйленсең де балаң болады.

— Мейлі, қойдыңыз делік. Үйлендіңіз. Ұмытылды. Бірақ, бірнеше уақыттан соң өткеннің қателігі қайта оралып, отбасыңызға зарар келтіреді деген қорқыныш ше?
— Қазір оны ойлауға кеш. Қайтуға жол жоқ.

— Болашақ жарыңызға қойылар ең басты талап қандай болмақ? Осы тірлігіңізге келісу ме?
— Жақсы әйел болса, болды. Әке-шешемді дұрыстап бақса.

— Сізге тұрмысқа шығар қыз да жүрек жұтқан болу керек шығар. Ыдыс-аяқ сылдырлай қалса, үйреніп қалған қол сарт ете қалып жүрсе оған қарай...
— Жоқ, бізде әйел адамға қол жұмсау деген болмайды.

— Сіз басқа тәрбие бергенмен балаңыз осы жолға кетіп қалса, таңдауын өзгертуге тырысасыз ба?
— Кетіп қалса, ештеңе өзгерте алмайсың. Өзіміз сияқты мұндай жерге басын бір сұғып алса, шыға алмайды: кірді – кетті. Сондықтан баланың тәрбиесін осы бастан ойлау керек. Кез келген ата-ана өз баласының жақсы болғанын көздейді.

— Қарапайым адамдар сияқты көшеде уайымсыз, қорқынышсыз, үрейсіз жүре аласыздар ма? Әлде алақ-жұлақ етіп, барған жерден тез кетіп қалуға тырысасыздар ма?
— Жалғыз жүрмеуге тырысамыз. Мысалы, мен досымды ертіп жүремін әрдайым. Маған тигізер зиян болса, ол – өлтіріп кету. Бірақ, адам көп жерде, көшеде жайдан-жай өлтіре салмайды ешкім. Олар да қорқады.

— Дене бітімдеріңіздің өзі-ақ үздіксіз спортпен айналысатындарыңызды айтып тұр. Неге жарыстарға қатысып, елдің намысын қорғамасқа?
— Бұл салаға спортта жолы болмай қалғандар келеді. Демеуші таба алмай қалған, сәтсіздікке ұшыраған спортшылар келеді.

Қаруларыңызға рұқсат берілген бе?
— Жоқ. Ұсталып қалған жағдайда «разводить» етесің ғой. Ақшамен болсын, басқалай болсын.

— «Крышалардың» да «крышасы» бар дейді, рас па?
— Бар.

— Осы салада жұмыс істейтін қыздар бар ма араларыңызда?
— Жоқ. Ондай қыздар жоқ. Қажеттілігі туып жатса, қыз табылады. Өздері осындай тірліктерге жақын қыздар көп қазір. Солардың біреуін ұстап аласың. Болмаса, таныс жігіттерге өтініш жасаймыз сондай қыздарды тауып береді.

— Сіздерге келіп, қатарларыңызға қосылам деген адамдарға қойылар талап қалай болады?
— Қаладағы кез келген адамды қабылдай бермейсің. Ол адамға әбден қарайсың, психоанализ жасайсың, қандай адам ол, қайдан келді, не істей алады. Әр жерден ала салып, «бізбен бірге жүресің, біздің айтқанды істейсің, біздің адам боласың» деп, қасыңа бір лохты отырғызып қоймайсың.

— Мысалы, қандай сынақ болуы мүмкін?
— Жеңілдеуінен бастайды. «Анадан ақша ал, мынадан ақша ал, ана точкаға бар, мына точкаға» бар деген сияқты.

— Осы салаға келсем бе деп жүрген жігіттер болса, не айтар едіңіз? «Жоламаңдар» дейсіз бе?
— Бастысы — спортты тастамау керек. Кез келген жағдайға дайын боп жүру керек. Кез келген. Ішпеу керек. Өзіміз де жоқпыз ондайға. Денсаулық қымбат, денсаулық.
Бұл салаға кеткенімізге өкінеміз дей алмаймыз. Ойланып қалатын тұстар болады. Бірақ, ендігісі тым кеш. Нанымыз осы. Әзірше. Бұдан ары қарай қалай болатынын Құдай біледі. Кімнің тірі болатыны да, кімнің өліп қалатыны да белгісіз. Алда болатын нәрсенің бәріне дайынбыз.

— Сұхбаттасуға келісім бергеніңізге, сұрақтарға ашылып жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Эльвира Ерғалина
Әрі қарай

Блогиада #9. Санжар Сұлтанов: "Жақсы сценарий болса - кез-келген актерді келістіруге болады"

Блог - patick: Блогиада #9. Санжар Сұлтанов: Жақсы сценарий болса - кез-келген актерді келістіруге болады
Санжар Сұлтанов — Канадалық қазақ режиссері, сценарийші, продюсер, актер. 1988 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келген. 9 жасында Англияға оқуға кетті. Кейін білімін Канадада жалғастырды. 2009 жылы ағасы Саидпен бірге Reverson Entertainment кинокомпаниясын құрып, киножобалар өндірумен айналысады.
Әрі қарай

Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер

Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер«Адамның күні адаммен, жануарлардың күні мал дәрігерімен» деген қағиданы қос қолдап ұстап алып, мал дәрігерінен сұхбат алуды жөн санадым. Көп іздеп әуре болғаным да жоқ. Көптен бері ойымда жүрген бір адам бар еді…
Қаладан мал дәрігерлерін тауып алу сұхбаттасу қатты қиын шаруа емес. Бірақ бұл кісіге бүйрегімнің бұруын екі себеппен түсіндіре кетейін. Біріншісі, бұл кісінің ұлтының қазақ болуы, екінші себебім, ол кісі екеуміз фамилияласпыз. Сонымен, Жақыпов Жұмабай Қаппасұлының жұмыс орнына келдім. Сыртта итін, мысығын құшақтаған екі-үш адам кезек күтіп тұр. Ішке ендім. Кіре беріс бөлмеде жеңгеміз отыр екен.
-Сәлеметсіз бе? Жұмекең өзінде ме?
-Өзінде, бір итті тексеріп жатыр.
Әрі қарай

Алаш арыстары қай жастан билікке араласа бастады?

Бүгінде 25 жастағы жігітке билік тисе, жұрт «жап-жас болып қалай басқарады? бір дөкейдің бірдеңесі шығар, әйтпесе қалай басшы болып келе қалды?» деп шулап, сынап-мінеп жатады. Ал бұрынғы батыр бабаларымыз жаугершілік заманда жиырмаға жетпей қол бастаса, кешегі Алаш арыстары отызға жетпей-ақ дүйім ел таныған қайраткер болған. Ақыл жастан шығады, айқын болса мұраты дегендей, тізбелеп шықтық оларды. Көз тастаңыз.

Тұрар Рысқұлов (1894-1938) – 23 жасында, яғни 1917 жылы Әулие ата уезінде жастар ұйымын құрады және Әулие ата Кеңесімен тығыз байланыс орнатты. 1917 жылдың қараша айынан 1918 жылдың қарашасына дейін Әулиеата уезінің Кеңестік департаментінің төрағасы болады. 1918 жылдың шілдесінен желтоқсанына дейін – Түркістан АССР ұлттық комиссары. 1918 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың қаңтарына дейін Республикалық Ұлттық Комиссарлар Кеңесі (ҰКК) төрағасының орынбасары болып жұмыс істейді.1921 жылы Т. Рысқұловты ұлттық мәселелер бойынша ұлттық комиссариаттың құзыретті өкілі ретінде Әзербайжанға жібереді. 1922 жылы РСФСР ұлттық ісі бойынша ұлттық комитеттің орынбасары болып тағайындалады. 1922-1924 жж аралығында Түркістан АССР СКО төрағасы болып жұмыс істейді. 1924 жылдың сәуірінен 1926 жылдың маусымына дейін – Коминтерндегі Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1925-1926 жж. – Монғолия Коминтернінің құзыретті өкілі. 1926 жылдың наурыз-маусымында партияның қазақ аймағының баспа бөлімінің басқарады. 1926 жылдың шілдесінен 1937 жылдың шілдесіне дейін РСФСР ҰКК төрағасының орынбасары.

Бірімжанов Ахмет (1871-1927) – 24 жасында (1895 ж) Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірісімен Орынбор округтық соттың кандидаты, онан кейін Торғай уезінің бітімші соты болып істеп жүргенде 1906-1907 жылдары Ресейдің 1-2 мемлекеттік Думасының мүшелігіне қатарынан екі рет Торғай облысы қазақтары атынан сайланады.

Мағжан Жұмабаев Бекенұлы (1893–1938) – 24 жасында, яғни 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Сол жылы “Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.

Мұхаметжан Тынышбайұлы (1879-1937) – 26 жасында институттың соңғы курсында жүргенде төңкеріске (1905 жылғы) қатысады. 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды. 28 жасында, яғни 1907 жылы Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. 1917 жылы Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. 1918 жылы бүкілтүркістандық ІV-ші мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков (1891- 1970) – 26 жасында (1917 жылы) Семей облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болады.

Тиесов Елдес Омарұлы (1892-1937) — 26 жасында Азамат соғысы жылдары (1918-20) Қостанай уезi бойынша «Алаш Орданың» комиссары және Қостанайдағы бөлiмшесiнiң төрағасы дәрежесiнде қызмет еттi.

Халел Ғаббасов (1888-1931) — 29 жасында (1917ж) Семей облыстық қазақ комитеті төрағасының орынбасары

Мәметов Базарбай (1888-1946) – 29 жасында, яғни 1917 жылы желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне облыстардан тысқары, яғни жалпы қазақ атынан кіреді. Осының өзінен-ақ Б.Мәметовтің абыройының қаншалықты екенін аңғаруға болады. 1918 жылы Семейде 1 Алаш полкін жасақтауға және Жетісу жерінде қазақ жігіттерінен алаш сарбаздарын ұйымдастыруға ат салысады.

Халел Досмұхамедов (1883-1939) — 1905 жылы Орал қаласында бес облыстың делегаттары жиналған съезде кадеттер партиясының жергілікті бөлімшесі құрылған. Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының 9 адамнан тұратын Орталық комитетіне Б.Қаратаев, М.Бақыткереевтермен бірге сайланды. Бұл кезде ол 22 жаста. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі құрамына сайланды. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер — халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салды. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізеді. Ол кезде 34-те.

Жанша Досмұхамедов (Жаһанша) (1886- 1937) – 31 жасында, яғни 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін округтық соттың прокурорының орынбасары міндетін атқарған. 1917 жылы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман сиезіне қатысып, мұсылман істерін басқаратын «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланады. Сол жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Жалпықазақтық сиезде Орал облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. 1917 жылы желтоқсан айында өткен Жалпықазақтық съезде Ж.Досмұхамедов Алашорда үкіметінің мүшелігіне облыстардан тысқары делегат ретінде кіреді. 1918 жылдың наурыз айында Жанша және Халел Досмұхамедовтер Мәскеуге келіп, Ленин және Сталинмен келіссөз жүргізіп, Кеңес үкіметін Алашорданың желтоқсандағы съезінің қаулыларымен таныстырып, сондағы 11 шартты қояды. Кеңес үкіметінің жанынан Қазақ комиссариатының ашылуына қол жеткізеді. Бұл кезде Жаһанша 32-де болатын.

Құлманов Бақтыгерей (1859-1919) – алғашқы ғылым кандидаты (1888), бұл кезде ол 29 жаста болатын. 30 жасында (1889 жылдан бастап) Астрахань губернаторының қарамағындағы Қамыш-Самар қисымының әкімі қызметінде болады. Әкім болып тұрғанда мектептер ашып, әр түрлі емдеу пунктерін көбейтуге күш салады.

Жақып Ақбаев (1876-1934) 29 жасында, яғни 1905 жылғы тамызда Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітімші соты болады. 1917 жылы Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық комитетінің мүшелігіне де сайланады, сол жылғы 24 қыркүйекте өткен кеңесіне де қатысады.1917 жылғы шілде айында болған Жалпы қазақтық съезде Құрылтай жиналысқа депутаттыққа ұсынылып, ал Желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді.

Садық Аюкеұлы Аманжолов (1885-1941) – 32 жасында (1917ж) Үржар уезінде қазақ комитетінің төрағасы болады.

Байтұрсынұлы Ахмет (1872–1937) – 33 жасынан, яғни 1905 жылдан саяси жұмыстарға араласа бастаған. Ол кездері (1895–1909 жылдар аралығында) Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарып жүрген болатын.

Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров (1884– 1929) – 34 жасында (1918 жылы) Ақмола облысының соты болып тағайындалды.

Жақыпбаев Нүсіпбек (1890 — 1932) – 34 жасында (1924-26 жылдары) Жетісу губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, губерниялық атқару комитетінің мүшесі қызметтерін атқарған.

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин (1884-1938) – 36 жасынан билікке араласа бастайды. 1920-1936 жылдары Ақмола атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасы Орталы Атқару Комитеті Президиумының мүшесі, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, ҚазКАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарды.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866—1937) — 39 жасында (1905 жылы) 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды.

Ел басқару үшін әрине ең алдымен ақыл керек. Білім, мінез дегендерді ақылдан ажырату қиын. Сана мен ақыл Тәңірдің сыйы болғандықтан, оның кемелденуі жаспен ғана өлшенбесе керек-ті. Бүгінде ел алдында жүріп мойындала бастаған жастардан кімдерді атар едіңіздер?
Әрі қарай