Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»

Блог - aikarakoz: Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»
Ибрагимова Айгүл Тохташқызы, визажист

— Сіз қазір 7 арнада визажист боп қызмет атқарасыз. Әу бастан осы саланы көздеген ба едіңіз?
— Мен әу баста шаштараз едім. Шаш қиюды 11 жаста бастадым деп айта алмаймын, бірақ, осы жасымда алғаш рет шаш қиғанмын. Інімді түрсишең далаға отырғызып қойып, шашын алғанымнан басталған. Үйде дәу қара қайшы болатын, онымен мата да, жіп те кеседі, мен сонымен шаш қиятынмын. Солай-солай үйдегі анамның, әкемнің, інілерімнің бастарын «жаңартып» тұратын болдым.
Кейін есейгенде шашатараздың оқуын оқимын дедім, үйдегілер жібергісі келмеді. «Ой, не бар, ешқашан өспейсің, бір креслоны айналып тұра бересің ба, керек емес,» — деп, мені бұғалтырдың оқуына жібергісі келді. Ал, менің ол оқуға барғым келмеді. Неге екенін, әйтеуір тартпады. Халықпен араласқан, сөйлескен ұнайтын, «шаштараз қылмасаңдар, товаровед болам,» — дедім. Мектепті 90 жылы бітірдім, ол кезде товароведтің қолы көзір еді ғой. Қазір колледж дейді ғой, сол кезде техникум еді, сонда товароведтің оқуын оқыдым. Сол салада жұмыс істедім.

— Товароведтен қалай визажистке айналып шыға келдіңіз?
— Қазіргі 7 арна ЭраТВ кезінде 2005 жылы жұмысқа тұрғам. Арасында Қазақстан телеарнасында жұмыс істедім, көптеген концерттерге, бағдарламаларға барып жүрдім. Кейін 7 арна болған кезде қайта шақырды бізді. Бұрын бірге істес болған таныс қыз-жігіттер болған соң қайта келдім.

— Сонда қызметке орналасып алып барып, тәжірбие жинақтадыңыз, иә?
— 2005 жылы ЭраТВда конкурс боп жатыр екен. Жұмысқа орналасқысы келген қыздар журналистерді бояндырады да, оны тексеріп, «сізге хабарласамыз» деп шығарып салып жатты. Мен де біреуді бояндырып, жұмысымды көрсеттім. «Сізге хабарласамыз» деместен, «ертең жұмысқа келіңіз,» деп бірден айтты. Жұмысым ұнап қалса керек, оның үстіне сол кезде арнаға визажист өте қажет болып жатқан екен. Сонда сағат таңғы бесте басталатын бағдарлама болды, соған жұмысқа шығатын болдым. Алғашында қобалжу болды, кейін бойың да үйренеді, қолың да жаттығады. Тәжірбиемен келді бәрі.

— Сонша жылдық тәжірбиемен әлі телеарнада жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің орныңызда басқа біреу болса, ендігісі жеке бизнесін бастап кетер еді.
— Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды. Аты жақсы телеарнада жұмыс істейді деген. Табысың да тұрақты. Түбегейлі жеке кәсіпке кетсең, адамдар той-томалақ болмаса, күнде макияж істеме бермейді – табысың да бұлыңғыр болады. Ал, телеарнада күніне 4-5 адамға макияж, гримін жасап, қолымды жаттықтырамын, өзіме жақсы. Бұл жұмысымда тек үйрене беру керекпін, үйрене беру керекпін. Өзіме ұнайды, сондықтан теле арнадан шыққым келмейді.
Ал, жеке бизнеске келсек, кішігірім шаштараз ашып алғанбыз күйеуім екеуміз. Күйеуім де шаштараз, ерлердің шашын алады. Екеумізді табыстырған осы жұмыс негізі. Мен телеарнадан тыс уақытымда сонда боламын. Макияж жасатушылардан гөрі маған шашын түзетуге келетін қыздар көп. Интернет деген жақсы болды, жақында ғана Инстаграмға тіркелдім, клиенттерім сол арқылы да көбейетін шығар.

Блог - aikarakoz: Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»

— Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды дейсіз. Ең алғаш бояндырған жұлдыз кім еді?
— Роза Рымбаева. Сол телеарнаға алғаш қабылданған кез еді. Қобалжып, жүгіріп, шалынып жүріп бояндырдым. Шағым болған жоқ.

— Саясаткерлер, шоу-бизнес өкілдерінің жеке визажисті болады. Жұмысыңызды ұнатып қалып, жеке визажисті болуға ұсыныстар болмады ма?
— Болды. Той-томалаққа, концертіне бояндырып беремін көп жұлдызды. Екі күн жұмыстамын, екі күн демалыстамын, графигіме қарай туралаймын көп тапсырыстарды. Жұмысыма кедергі келтірмейді.

— Мысалы, тікелей эфирге шыққалы тұрған журналисті 2-3 сағаттап бояндырдыңыз делік. Ол макияж журналистке ұнамай қалды. Не істейсіз ?
— Жағадан жұмысқа тұрған кезде мұндай оқиғалар болды ғой. Сонда ерте келіп алатынмын жұмысқа, түсірілім басталудан 2-3 сағат бұрын бояндырып алатынмын. Сосын ұнамағанын түзейтінмін, қайта бояйтынмын. Сосын қыздарға «ешқашан телевидение саласында жұмыс істемегенімді, енді үйреніп жүргенімді, қателіктерімді көрсетуін» айтатынмын. Олар түсіністікпен қарады. Қазір әбден жаттықтым ғой, ондай тосын оқиғалар болмайды.

— Діни бағдарламаның жүргізушілерін де бояндырасыз ба?
— Беті жылтырап көрінбес үшін опа ғана жағамыз, болды.

— Макияждың өзі фотосессия, телевидение, видео-съемкаға арналған деп бөлінеді. Айырмашылықтарын айтыңызшы.
— Жарықтарына байланысты. Фотоға түсіргенде бір ғана бағыттағы камерамен жұмыс істесе, бағдарлама түсірілімінде жан-жақтан бірнеше камера болады. Жарық та көп болған соң беттегі макияжлы жеп қояды. Камераның бір құдыреті сол – түзу бетті қисық, қисық бетті түзу қылып шығарады.

— Телеарна визажисті болғанның бір жақсысы жеке косметикаңызға ақша құртпайсыз, бояудың бәрі тегін шығар, иә?
— Жоооқ, косметика тегін болсын-болмасын кез келген визажисте ауру болады: бояу-сояуды ала бересің, ала бересің. Бір нәрсе алуға дүкенге кетіп бара жатасың, косметика сататын бутиктің қасынан өтіп кете салу жоқ. Қалай кіріп, бірдеңе алып шыққаныңды білмей қаласың. Артынан ішің ашып отырады.

— Макияж әйелдің түрін өзгертіп қана қоймай, мінезіне де ықпалын тигізе ма?
— Макияж әйелдің түрін өте қатты өзгертеді, ал, өзіне сенімділік береді. Мысалы, тойға боянып барған әйел мен боянбай барған әйелді сыртынан бақылаңызшы: боянып барған әйелдің жүзі жарқын жүреді, мұрнын кере жүреді.

— Make-up үшін ең басты назар аударатын не: көз, беттің тоны, ерін?
— Менің назар аударатыным – бетті «тональный» кремнің дұрыс жауып, румянаның дұрыс жағылуы. Өкініштісі, қазір көп қыздар румянаны дұрыс жаға алмайды, тіпті жақпайды да. Көзді баттастырып бояғанда, ерінге де қанық түс жағады. Макияжы маскаға ұқсап шыға келеді.

— «Тональный» кремді жаққан соң опа жақпаймыз көбіне. Ол керек пе?
— Әрине, жағу керек. Макияждың соңында «тональный» кремнің үстінен жағу керек. Опа кремнің майын алып, құрғатады. Ал, «тональный» кремнің бетіне румяна жақсаң, жағал-жағал боп қалады.

Блог - aikarakoz: Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»

— Бетті бояудың реті бар, бірақ, оны көп қыздар біле бермейді. Үйде боянғанда көзіне сүрме (тушь) жағып алып, артынан бояуын жағып жатады.
— Дұрыс емес. Алдымен, бетке «тональный» кремді жағады. Сосын жоғарыдан төмен қарай: қас, көз, мұрын, сосын ерін. Сүрмені (тушь) жағып алып, түстінен көздің қабағын боясаң, ол кірпікке түседі де, сүрме жаққан-жақпағаның көрінбей қалады. Сүрме (тушь) соңында жағылу керек көзге. Опа (пудра) жағылған соң румяна. Румяна бетті сопайтып, формасын келтіріп алу үшін және беттегі бояудың мойын түсімен астасып кетуі үшін жағылады. Мысалы, бетіне жарық түскенде бояуы маска сияқты боп көрінетіндер бар. Ол румяна жақпағаннан.

— Көшеде көрген қыздардың макияжына назар аударып, кәсіби тұрғыдан бағалап жатасыз ба?
— Әрине қараймын. Тіпті, тоқтатып алып, қателіктерін айтқым кеп кетеді. Бірақ, сөз естіп қалғым келмейді. Көбісі, күндіз жұмысқа бара жатқан әйел кешкі макияжды жағып алады, дұрыс емес. Мезгілмен бояну керек.
Егер бет әдемі боялып тұрса, киімнің кем-кетіктерін жауып кетеді. Ал, егер қымбет, керемет киініп, бетіңдегі бояу нашар болса, бүкіл образың құриды.

— Макияж теріні қартайтады, бұзады деп жатады...
— Зияны бар. Бірақ, үнемі боянып жүрген әйел косметиканы жуып-шайып, тазалап, сосын түрлі кремдер, лосьондар жағып, барынша күтім жасайды. Ал, боянбайтын әйелдер бетін жуа салып, жүре береді. Бояусыз-ақ, теріге күннен, ауадан, шаң-топырақтан, экологиядан зиян келеді. Енді қараңыз, үнемі күтіммен жүретін әйелдің беті құри ма мұндайда, әлде бетін сумен шая салып жүретін әйелде ме? Сапалы бояуларды алу керек, зияны аз болады.

— Телеарнадағы журналистерден бөлек, жігіттер макияж жасата ма?
— Анда-санда өз тойына, қандай бір түсірілімге не Love Story түсіруге бара жатқан жігіттер беттеріндегі безеулерін жасыру үшін макияж жасатып жатады.

— Қазір визажист жігіттер өте көп. Құрбыларымнан «әйел визажисттен гөрі ер визажист жақсы бояндырады, ұқыпты,» деген сөздерді көп естимін. Рас па?
— Визажист жігіттер, бәрі емес, жұмсақ болады. Бұл — олардың ориентациясы өзгереді деген сөз емес. Жәй ғана бояндырған ұнайды. Әйелден гөрі еркектің жақсы бояндыруы жынысына емес, тәжірбиесіне байланысты. Ал, жігіттер жақсы бояндырады дегенге сенетіндердің мәселесі басқада. Біз бояндырғанда мақтау айтамыз, комплимент айтамыз. Сол комплиментті еркек айтса – әйелге майдай жағады, қуанады, қабылдау басқа болады. Ал, әйел мақтай берсе: — «е, сорлы, мынау ақша істегісі келіп, клиентін көбейткісі келіп, өтірік мақтап жатыр,» — деп ойлайды. Сондықтан мен көп мақтамауға тырысамын. Егер жұмысым ұнаса, ол қайтып келеді маған.

— Оқып отырған қыздарға қажетті ақпарат болсын, make-up пен шаш қию құнын айтыңызшы.
— Макияж 7 мыңнан басталады. Мереке кездерінде барлық жерде баға көтеріледі, менде де. Ал, шаш қию қымбат емес: 1500-3000 теңге арасы. 3000 алмаймын да көбіне.

— Сізге шаш қидыртқысы келген қыз-жігіттер қай мекен-жайға барсын?
— Астана қаласы, Күйші Дина көшесі, 28 үй.

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Әрі қарай

Ерке қыз

Бақытты бол
Сүйіктіңе адал бол,
Бұдан басқа айтар тілек сөз де жоқ
Ал ендеше ерке қыз аман бол!!!

Автор: С. Сансызбай
Әрі қарай

Ғұламаның айтқан сөзі

Баяғыда бір ғұлама болған екен. Өзі сондай сыпайы, мінезі көркем, әрі тәрбие көрген жанның бірі көрінеді. Оның әрбір ісі және де адамдарға деген әдептері мен адамдармен қарым қатынастары қоршаған айналасына әсер етпей қоймайды… Ал айналасындағы адамдар одан барынша үлгі алып ол ғұламаға деген сенімі ықыласы күннен күнге күшейе түседі. Уақыт өте күндердің күнінде әлгі ғұламаның мұндай мінез құлыққа жетудің нендей сыры бар екенін? Көптен бері білгісі келіп, сұрай алмай жүрген бір кісі, қасындағы ғұламаға көкейіндегі сұрағын жайып салады. Сонда ғұлама әлгі кісінің қойған сұрағына мынандай жауап қайырады. «Сен білесің бе? Менің білетінімнен білмейтінім көп. Ақиқатына келгенде әдепсізге қарап, әдептіні үйренген қарапайым жанның бірімін. Өкінішке орай кейбір адамдар әдептіні өзгеге үйретпекші болады. Бірақ, сөз жүзінде білген әдебін, іс жүзінде өзіне жасай алмайды. Әдепті әуелі өзіміздің амалымызға жарата білу керекпіз, ал егер әдепті сөз жүзіне әлдекімге айтып, іс жүзінде ол амалды өзімізге жарыта алмасак, сонда біздер өзгеге қандай әдепті үйретпекпіз?! Бірінші әдепті өзімізден бастау керек емес пе еді?! Сонда біздің ісімізге қарап, одан кейін өзгелер сөзімізді қабылдап өздеріне амал жасамай ма?! Мен осы күнге дейін өз өзімді зерттеумен келем, кемшілігім болса оны барынша түзеуге әрекет етем… Менің негізгі ұстанымым да сол әуелі өз кемшілігімді өзім түзеп, білмейтінімді білетіндерден үйреніп оған амал жасау, бірақ менде білетінімнен білмейтінім әлі де көп. Сондықтан да мен өзімді міне бүгінге дейін біреуге әдептіні үйретуден марқұм қалған жанның қатарынанмын!!!» — деп күрсіне отырып, әлгі кісінің сұрағына тұшымды жауап береді…
Әрі қарай

Сағындым, әке, иісіңді...

Бірінші сыныпты аяқтап, әліппемен қоштасу кешін өткізгенде қолыма нан ұстап, тықылдап тақпақ айтқаным есімде. Қандай тақпақ екенін ұмытыппын. Сонда партаға жайғасқан ата-аналар ішінде әкем жылап отырды…

Бесінші сыныпқа көшкен оқушыларға мектеп бойынша неміс тілі сабағын жүргізетін. Маман жетіспеді ме екен, немістердікінен басқа шет тілін үйретпеді сол кезде. Болашақта қиналып қалмағанымды көздегені болар, әкем ағылшын тілі сабағы жүріп жатқан көрші мектепке ауыстырды. Мектепке алып барып, мені жаңа сынып жетекшіме әбден табыстап жатқаны есімде…

Тентек оқушы болдым, ұлдарға қоқан-лоққы көрсеткенді жаным сүйетін. Староста болғанымды алға тартып, тек менің айтқаным орындалуы керек деп ойлайтынмын.

Алтыншы сынып шығар, бір партада отыратын баламен ерегісіп қалдым. Қырсықтығына күйініп, басынан кітаппен бір қойдым. Ол үндемеді. Үнсіздігі, қарсыласпауы ыза тудырса керек, жазу жазып отырған дәптерін қаламмен қырнап сыздым. Дәптері жыртылып қалды. Ашуланып кеткен сыныптасым қасында тұрған менің көкірегімнен бір тепті. Асқазан тұсқа тиген соққыдан дем жетпей, бүрісіп отырып қалдым. Үйге шағым айтып келмеуші едім. Сол күні сарафанымда қалып қойған балшық тиген аяқ киімнің ізін әкем көріп қойды. Өзім кінәлі екеніме қарамастан ертесіне мектепке келіп, парталас баламның жанын шығарды…

Блог - aikarakoz: Сағындым, әке, иісіңді...

Бірде үйден өтірік сұранып, бешірге кеткенімді біліп қойды әкем. Маған үндемеді. Балалығымдағы ең ауыр жаза – әкемнің маған ренжіп, сөйлемей қоюы болатын. Басқалар ұқсап, айқайлап ұрысып, қол көтерген емес мүлде. Ренжіткеніме жылап, енді қайталамайтынымды айтып, кешірім сұрағанымда: — «Саған өтірік айтуды үйретіп пе ем? Берген тәрбиемді жоқ қылғаның не?» — деді. Сөйтті де құшағына қысты…

Оқуға түсіп, Алматыға аттанарымда маңдайымнан сүйіп, көзіне үйірілген жасты көрсеткісі келмей, теріс бұрылып кетті…

Дипломымды әкелгенде қолына ұстап, ұзақ отырды. «Қызым, тәтті етіңе ащы таяқ тигізбей өсірдім. Тұмсықтыға шоқытпадым, қанаттыға қақтырмадым. Енді үлкен азаматсың. Ненің ақ, ненің қара екенін жақсы білесің. Байқап жүр,» — деді. Ақ батасын берді…

Сол кеткеннен Алматыдан ара-тұра ауылға барып тұрғанмен әкемнің жанында көп болғаным жоқ. Тіршілік дейміз, жұмыс дейміз, жағдайын сұрағанмен оның мені сағынатынын, қасында еркелеп жүргенімді қалайтынын ойламадым да.

Соңғы кездері көп сырқаттанды. Сонда тек мені уайымдап жылай беретін. Қан қысымы көтеріліп, инсульт алды. Дәрігерлер үміт жоқ екенін айтып, үйге жіберді. Әкем ес-түссіз қорылдап жатты. Алматыдан асыға жетіп, қасына барып: -«Әке, мен келдім,» — дегенде жұмылып жатқан көзінен жас ақты. Жүрегім езіліп кетті. Кезінде мен үшін тұлғасы алып боп көрінетін денелі әкемді сырқат дәрменсіз күйге түсіріпті. Құшақтадым, маңдайынан, бетінен сүйдім, бірақ, әкем берген тәрбие мен адамдықтың өтеуі үшін ештеңе істемеппін. Аузына су тамызып отырдым. Сонда маған бірдеңе айтқысы кеп жатқандай болды. Әкем жазылып кетеді деген сенім мол еді менде. Молда: — «Алаңсыз аттансын ана дүниеге, балалары, туыстары, ризашылықтарыңды беріңдер,» — деді. Аузыма «ӘКЕ, өсіргеніңізге, жеткізгеніңізге ризамын, менің қателіктерімді кешіріңіз, бақұл болыңыз» дегеннен басқа сөз түспеді. Ажал алдында жатқан әкемнің көзінен аққан жасты көру өте ауыр еді. Тағы да маған бірдеңе айтқысы келді…

Әкемді сағындым… тірегім бар деп, шіреніп жүруші ем… Төрт ағам болғанмен, әкенің орны үңірейіп тұрады. Енді анама Аллам ұзақ ғұмыр берсе екен. Төрт ұл үй болды, балалары өсіп келеді. Өздері өсірген қыздың аяққа тұрып, адам болғанын, тәрбиесі мен ақылының нәтижесі қандай болғанын көрсе деген ем…

Кейде адамды атақ та, ақша да, жеңіс те, жетістік те жұбата алмайтын сәт болады. Бəріне жеткен қажыр-қайраттың жылы сөзді аңсағанда таптыртпай қоятыны-ай. Əкем жұмақта жүріп, мені есінен шығарған да шығар. Неге түсіме келіп, басымнан сипап кетпейді екен...

Блог - aikarakoz: Сағындым, әке, иісіңді...

Массагеттегі блогымнан
Әрі қарай

Компьютерлік графика анатомиясы

Егер қылқалам үшінен бояу емес цифрлар төгілсе не өзгереді?
Техникалық жабдықта қайнасып біткен әр қилы өнерден цифрлы сурет шығады. Цифрлы суреттей тағамның дәмін келтіретіндей нендей құрамасы бар?
Инженерлік сызу. Сызғыш көмегімен сызық, циркуль көмегімен шеңбер сызылып жандарына өлшемдері қойылса инженерлік сызудың қарапайым түрін көреміз. Инженерлік сызу әр түзудің орнын, оның мәнділігін заңдылықпен анықтайды.
Объектінің геометриялық өлшемдері оның бүкіл бойының кез-келген жерінің параметрін анықтайды. Геометриялық объектке қима жасағанда объект өлшемдерінің бір тұтастығын көре білу компьютерлік полиномды (polynomial) модельдеудегі негізгі дағдысы.
Ең қарапайым геометриялық объект сызық. Оның ерекше түрі Базье сызығы атауымен белгілі. Түзу сызықтан қисық сызыққа оп-оңай трансформатталады. Күрделі объект контурын бір-біріне жаланған бірнеше қисық сызықтар анықталса және осы контурдың бір түзудің деформациясынан алынса онда контур қисық сызығы сплайннан (spline) тұрды деп есептелінеді.
Геометриялық объектінің сызықтарын сплайн арқылы анықтаса оны трансформаттау мүмкіншілігін ие болғанын көреміз.
Көлемді геометриялық объектіні өзгертсек онда жай ғана сплайн дегеннің орнына базис (basis) сплайн терминін қолданамыз. Трансформаттау кезінде дене бетін құрайтын әр сызық көршілес жатқан сызыққа байланысты өзгереді. Жалпы сызық өзгерістері белгілі аумақты қамтиды. Аумақ шекарасын анықтаған сызықтар трансформаттаудың қалайша жүретінін алдын-ала анықтап тұрады. Мұндай әсерді алу үшін тор көздік есептеулер жүргізіледі (NURBS беттері).
Жарық құбылысының физикасы. Жарық көзі қалайша жарықтандырады? Бөлме ішін жарықтандырған электр шамы қайсы қабырғаны қалайша жарықтандырады? Сұраққа жауап беру үшін жарық көзінің орналасуын (қабырғаға дейінгі қашықтығын), қабырға бетінің материалын (material), материал бетінің текстурасын (texture) ескеріп жауап іздейміз.
Жалпы 3D сценаны модельдеу арқылы суретті алғанда сценада: объектілер жиынтығын, жарық көздерінің жиынтығын, текстура жиынтығын, камера жиынтығын көреміз. Камера өзінің орналасуына байланысты сцена көрінісін жоба күйінде немесе дайын күйде рендеринг (rendering) жасалғаннан кейін көрсетеді.
2D графикалық редакторларда рендеринг үнемі суретке өзгеріс енгізілген сайын жүргізіліп отырады. Суретші 2D графикалық редакторда ондай рендеринг әрекеті барына мән бермейді. Векторлық 2D редакторда суретті құрайтын элементтердің реті ескеріледі. Әр элемент өзіне қатысты жазықтықта орналасады. Бірнеше жазықтықта элементтер біріктірілген соң соңғы нәтижені аламыз.
Блог - bake: Компьютерлік графика анатомиясы
3D графикада сцена көрініс камераға түседі. Көбінде 3D редакторда суретші салып жатқан суретін жоба ретінде көреді. 3D графика компьютер ресурсына талабы жоғары болғандықтан жобалауды жарықтың физикалық құбылысын, геометриялық объектілерінің текстурасы ескерусіз жүргізіледі. Тек камерадағы көрініске рендеринг жүргізген кезде сцена жобасы суретті дайын көрінісіне айналады. Бірақ та ылғи да осы жолмен 3D көрініс алына бермейді, 3D сцена жобаланып жатқанда бірден рендерингте жасалынатын кездер де бар. Компьютерлік ойындарда рендеринг суреттерді түзеп -үзілмей ауысқан кадр-кадр легі ретінде бейнекөрініс береді. Компьютерлік ойындарда жарық құбылыстарын, сұйықтық беттерінде толқындарды, оттың жануын, тұмандағы көріністерін компьютерлік модельдеусіз, яғни симуляттаусыз, имиттаттаусыз (simulation, imitation) реалистік (realist) көріністер алу мүмкін емес. Жалпы компьютерлік модельдеу сценаны тұрғызғанда автоматты түрде үнемі іске асады, 3D редакторларда компьютерлік модельдің параметрін суретші реттеп сценада түзеліп жатқан суретке қажетті әсер жасайды, әрлейді. Жарықтың түсуін модельдегенде суретші жарықтың интенсивтілігін, оның табиғаты параметрлерден таңдайды.
Қазіргі 3D графикалық редакторлардың мүмкіншіліктерін шолып өту үшін жекелей мүмкіншіліктерін қарастыру қажет, онда анатомиясын емес нақты бір редакторды қарастыру қажет. Сонымен анатомия нені көрсетті?
Үшінші Z осьі математикалық иллюзия!( illusion) Сол себепті 2D редакторларда 3D иллюзиясына бар сурет алыну әбден мүмкін.
Дайын суретке қарап оның салу жолын айыру мүмкін емес. Қылқалам, түсті қарындаш немесе қара қарындаш мүмкін сурет гравюра немесе 2D, 3D редакторларымен алынған сурет шығар. Суреттің қандай түрін жеке бөліп қарастырсақ та оның ішіне техникасы шебер суретшінің туындысы көзге бірден түседі.
Бірден 3D редакторға отыра сала нәтиже алу оңай емес. Адамды салсаң дәстүрлі суретші секілді адам анатомиясын ескересің. Машина бөлшегінің 3D моделін жасасаң оның геометриялық дәлдігіне көңіл бөлесің. Конструкторлық құжаттармен жұмыс істей білу дағдылығы да қажет.
Көбінде 3D редакторда бір –екі сурет салған соң әрі қарай сурет техникасын арттыруға құштарлық жоғалады. Өйткені сурет салу күткеніндей оңай, жылдам іске жатпайтыны туралы түсінігі тез келеді. Бірақ та, тамаша туындыны алу үшін қиындығын бойындағы талаппен, өнермен жеңгендер де баршылығын еңбектерінен көріп жүрміз.
Әрі қарай

Сен қазақсың!!!

Сен қазақсың ең бастысы қанның қазақ,
Сенімен бірге туа келген тілің қазақ.
Өз тіліңді өгейсітпей өзгеден,
Өз тіліңді құрметтей біл ей қазақ…
Діннің Ислам мұсылмансың әлимсақтан,
Шүкір ет де, дұға да қыл жаратқаннан.
Елім тыныш, жұртым аман болғанда,
Бар үмітті үзе көрме бір Алладан…
(Бәрі жақсы боларына сенші қалқам)!!!
Автор: С. Сансызбай
Әрі қарай

Қазақстан қор биржасының ашық есік күні

Ертең, 7 маусым сағат 09:30-да КИМЭП университетінде Қазақстан қор биржасының ашық есік күні өтпек. Кешкі беске дейін қор нарығы туралы түрлі тақырыпта семинарлар жоспарланған. Тәжірибелі инвесторлар мен студенттер, қор биржасының мамандары, құнды қағаздар нарығының майталмандары жиналатын осы керемет шараға керекинфолықтарды да шақырамын.
Семинарлар мен лекциялар уақыты мен атауларын мына жерден қарауларыңызға болады:
www.kase.kz/ru/events/show/2014/opendoors_2014#section-2
Қатысу тегін, алайда алдын-ала онлайн тіркеуден өту міндетті. Тіркелу үшін сілтеме:
docs.google.com/a/kimep.kz/forms/d/1Lc2M7h27jzEnF6LMqG7wQHmk3uOmwET3uTjWOQUEpNY/viewform
Әрі қарай

Айдан түскен ақша

Блог - rakisheva: Айдан түскен ақша
Бүгінде Айды көп адамдар кәсіп көзіне айналдырған. Ғарышкерлер оған ұшып барады, ғарыш станциялары арнайы зерттейтін объект ретінде қарастырады, Айдағы жерлер де сатылып жатыр. Табысын Айдан тауып жүргендер де баршылық. Соның бірі – Айдын Оқаұлы. Ол Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ақыға телескоппен Айды көрсетеді. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өскен Айдынның негізгі мамандығы қаржыгер.
Блог - rakisheva: Айдан түскен ақша
Айдан нәпақасын тауып жүрген Айдынмен біз де жолығып, кәсібінің нәсібі туралы сөйлескен едік.
☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽ ☽

Блог - rakisheva: Айдан түскен ақша — Бүгінгі күні Айдың кәсіп көзі болып отырғандығымен келісесіз бе?
— Ғарыш мәселесі, соның ішінде айға ұшуды державалардың өзара бәсекелестігі ретінде ғана қарастырған дұрыс. Өйткені ғарыш ешқашан пайда табатын нәрсе болмаған. Ол қорғаныс саласы сияқты мемлекетке тек шығын әкеледі. Осы уақыттың ішінде тек кәсіп көзі ретінде Ричард Брэнсон деген кәсіпкер Virgin Galactic деген компания құрып, туристерді ғарышқа апару мақсатында кеме жасап шығаруды қолына алды. Тіпті аспанға ұшуға кезекке тұрып қойғандар да бар. Ғарышқа барып келудің құны – 250 мың доллар. Олар Айға дейін ұшып бара алмайтындары анық, алайда стратосфераның жоғарғы бөлігіне, яғни жердің дөңгелек болып көрінетін жеріне дейін жетеді.

— Қазіргі уақытта Айдың беті сатылып жатыр. Сол арқылы ақша тауып жатқандар қаншама… Ал сізге бұл ай қалай көмектесуде?
— Астрономияға оқушы кезімнен қызығатынмын. 2010 жылдан бері сол қызығушылығымды кәсіпке айналдырдым. Мектептегі ынтызарлық болмағанда мұнда тұрмауым да мүмкін еді.

— Сонда сіз сатылған айдан ақша жасап отырсыз ғой?
— Иә, сатылған айды сатып пайда тауып жүрмін.

— Айды көруге күніне қанша адам келеді?
— Әр кезде әрқалай. Көбіне ауа-райының жағдайына байланысты. Себебі бұлтты күндері ай дұрыс көрінбейді.

— Жалпы халықта Айды көруге деген қызығушылық қаншалықты?
— Қызығатындар көп. Әсіресе, жастар жағы құмар.

— Телескопыңыз айды қанша есе жақындатады?
— 300 есе жақындатып көрсетеді.

— Күніне орта есеппен қанша пайда түсіресіз?
— Күніне ең аз дегенде 7-8 мың теңгедей табамын.

— Айға қараған қанша тұрады?
— 300 теңгеге бір рет көреді.

— Айды көріп болғаннан кейін «Осы үшін ғана 300 теңге бердім бе?» деп айтатындар бар ма?
— Иә, айтатындар бар. Ол адамның танымына байланысты нәрсе ғой. Кейбіреулер мүлдем қызықпайды.

— Төлеген ақшасын қайтаруыңызды талап еткендер болды ма?
— Жоқ, ондай әлі кездеспеді. Тегін қарайық дейтіндер болады. Бірақ төлеген ақшасын қайтарып бер деп ешкім байбалам салған емес.

— Тегін қарайыншы дегендерге тез көнесіз бе?
— Ол енді менің көңіліме байланысты (күліп)

— Ай әлемінен бейхабар адамдар сауал қойса сіз жауап бере алатын мүмкіндіктесіз бе?
— Айды көрген адамдарда әртүрлі сұрақтар болады. Кіріспе сұрақтарға жауап бере аламын.

— Көбіне қандай сұрақтар қояды?
— Көбінесе білетін адамдар айды көру қанша тұратындығын да сұрамайды жәй келеді де қарап, айтқан ақшаңды беріп кете береді. Ал танымы таяздау адамдар Айға қараған кезде бетіндегі кратерлерді «Бұл не тесіктер?» деп сұраудан бастайды.

— Сіз қазір сатып алған телескобыңыздың ақысын қайтарып алдыңыз ба?
— Бұл телескоп негізі пайда табу үшін сатып алынбаған еді. Ағам өзі ғарыш әлеміне қызыққаннан соң, ақшасын аяған жоқ.

— Телескоппен ақша тауып жатқандығыңдызды ағаңыз біле ме?
— Иә, біледі. Өзі кәсіппен айналыс деп маған пайдалануға берген болатын.

— Осы жерде тұрып кәсіп істеп тұрғаныңызға салық төлейсіз бе?
— Жоқ.

«Айды сататын» жұмысыңызға қай уақытта шығасыз?
— Айдың көрінуіне байланысты. Әркезде әрқалай болады. Кейде сегізде, кейде 11-12-де шығамын.

— Бұдан тапқан ақшаңызды қайда жұмсайсыз?
— Өзімнің жеке жоспарларым бар. Соған жинап жатырмын.

— Егер қазіргі кәсібіңізден жақсы қаражат тауып жатсаңыз толықтай осы салаға бет бұруыңыз мүмкін бе?
— Негізі жоспарлар бар. Бірақ оларды әлі терең ойластырған жоқпын.

— Айда тіршілік бар екендігіне сенесіз бе?
— Мен оған діни тұрғыдан қараймын. Сол үшін ол жақта тіршілік жоқ деп есептеймін. Айға 50-60 жыл қарап жүрген адамдар да, тіпті ол жаққа ұшып барып келгендер де осы күнге дейін ешқандай тіршілік иелерін көрген емес.
Мен Айға қарап жүрген уақытымнан бері бір-ақ ерекшелік көргенмін. Осыдан 2-3 жыл бұрын Айға қарап тұрған сәтімде халықаралық ғарыш станциясы көз алдымнан ұшып өтті. Бір-екі секундтай көрдім.

— Дін жағынан қарастырамын деп жатырсыз ғой… Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) саусағымен Айды екіге бөлген деген бар. Сол бөлінген жер байқалады ма?
— Қазақта Айға саусағыңды шошайтпа деген содан шыққан. Қазіргі уақытта америкалық ғалымдар Айдың ортасында жыраға ұқсас нәрсе тапты. Кратерлер ұңғымалы болады ғой, ал ол өзгеше. Бірақ ғалымдар оны көп жарияға шығармайды.

— Бұл телескоп арқылы жұлдыздарды көруге мүмкін бе?
— Олардың жермен арақашықтығы өте үлкен болғандықтан, телескоп арқылы да олар жәй жарық нүкте болып көрінеді. Ол қарапайым адамға қызық емес. Сондықтан жұлдыздарды емес, Айды ғана көрсетемін.

— Жақында Марс, Шолпан секілді планеталар жерге жақындады. Сол кезде бақылап көрдіңіз бе?
— Мен Марсты көрмедім. Бірақ Юпитер мен Сатурнды көргенмін. Қазір олар көкжиектен тыс жатқандықтан көріну аймағында жоқ.

— Талай ақынның қаламына сыр бітірген, әннің ең әдемі ұйқастары да осы аспан әлемімен байланыстырып жатады. Мәселен «Айға қарап түсірем сені есіме» деген тіркестің артында бір сыршылдык бардай. Осы тұрғысынан келгенде сізді романтик деп айтуға негіз бар ма?
— Мүмкін…

— Айлы түнді айшықтап, түсінген жанға түннің құбылысын түсіндіруге тырысқан талабыңыз оң болсын!
Блог - rakisheva: Айдан түскен ақша
Әрі қарай

Күріш талқанының "бароны" — Рая Хасенова

Оcылай екен...: Күріш талқанының бароны — Рая Хасенова

— Асқаржан, біз Әдекең екеуміз, бұйырса, «кофежарка» алғалы жатырмыз. Құдай қаласа, менің бизнес-жоспарым мақұлданса, үлкен бизнеске кіреміз, и-их!


Әр сөзінен кәсібінің келешегіне деген үміт, жо-жоқ, нық сенім ескен Рая апай — Шиелі кентіндегі талқан өндіру кәсібінің тәжірибелі эксперті. Апайдың еңбекқорлығы көшемізде аңызға айналғалы қашан. Сондықтан болар, күнделікті күнкөріс кәсібін конвейерлік өндіріске айналдырғысы келетіні мен үшін қуанышты жаңалық болды. Талқан өндірісі ұлттық тағамға құрмет қана емес, бабын білгенге жақсы табыс көзі де болып табылады. Оның табыстылығына қатысты Рая апайға ойда жүрген бірнеше сауалымды қоюдың реті түсті. Әрине, мен талқан бизнесіне адамдар романтика іздеп кірмейтінін сеземін. Дегенмен, басқа емес, тап осы кәсіпті игеріп кетуіне не себепші болғанын білгім келді.

Әрі қарай