Баріне Гүлнұр апай себеп болды

Мен мына әлеуметтік желіге тіркелмеген едім! Жаңа медиа және интернет журналистика пәнінен әлеуметтік желілерге тіркелу керек болғандықтан бүгін апай осында тіркеліңдер деді. Осылай осы әлеуметтік желіге тағы да бір пайдаланушы қосылды! Бәріңе СӘЛЕМ!!!
Әрі қарай

Екі жылға созылған екі күн

Блог - AidaMuntiyeva: Екі жылға созылған екі күн
Орыс тілі сабағы. Қоңыраудың соққанына бес минуттай болды. Кабинетке апайымыз кіріп келді(екі күндік іс-сапардан келген). Әрқашан сұлу, өзіне жарасымды киімін киіп, ерекше күтіммен, тіпті шаш үлгісін де жоғарғы талғаммен жасайтындығына үйреніп қалған біз оның бүгінгі күйіне үйренісе алмай-ақ қойдық. Апайымыз бұны байқаса керек, орнына жайғасып отырып алды да, күліп жіберді. Оқиғаның мән-жайын білмей, жалтаң-жалтаң етіп біз отырмыз. Екі-ақ күннің ішінде басымнан не өткені, үш ұйықтасаңдар да түстеріңе кірмес...-деді. Біз болсақ, не болды екен?-деп одан әрі қызыға түстік. Апайымыз сәл жымиып, әңгімесін бастап кетті.

Осыдан екі күн бұрын, ақпанның төрті. Қасымда екі әріптесім бар, үшеуміз Орал вокзалында поезд күтіп отырмыз. Ертең Астана қаласында өте маңызды семинар. Міне, поезд да келіп тоқтады. Екі әріптесім мініп кетті, билеттерімді көрсетіп мен де соңдарынан шапшаң мінейін деп жатсам, тексеруші құжаттарымды көрсетуімді сұрады. Мүлде есімнен шығып кетіпті, құдды поезға алғаш мініп отырғандаймын! Киім және тамақтар салынған үлкен сөмкеден басқа, бөлек тұрған кішкене сөмкемді ашып ішінен құжатымды іздей жөнелдім. Құжат жоқ! Киім мен тамақ салынған үлкен сөмкеде жоқ екенін білсем де, ашып тастап ақтарып жатырмын. Бұл сөмкеде де жоқ. Сенесіз бе? ЖОҚ! Енді не істемекпін?! Телефонымды алып, жұбайыма қоңырау шалдым. Құжат үйде де жоқ екен…

Проводникке барып оқиғаны баяндап бердім, не десем де көндіре алмадым, құжатсыз кіргізе алмайтындығын, тіпті кіргізген күннің өзінде ең бірінші тексеруде-ақ поездан тексерушілер түсіріп кететіндігін айтты. Кенет проводниктің алдында отырып алып жылай жөнелдім, өзге еш нәрсе ойыма келер емес(Елестетіп көріңіз жасы отызға келіп қалған әйел… Әлгі кісінің түрін көрсеңіз… ) Алғашында проводникті көндіру үшін жасағанмын, бұл әрекетімнен еш нәрсе шықпайтындығын, жағдайымның қиын екендігін түсінгеннен кейін одан әрі жылай түстім. Бұл- көзімнен парлап аққан шынайы жас еді.

Поезд жүріп кетті, сөмкелерімді құшақтап, он минуттай отырдым. Одан кейін өз-өзімді жинақтап, әріптестеріме қоңырау шалып, поездан қалып қойғанымды, бірақ ертеңге дейін міндетті түрде жететіндігімді айттым. Тұтқаны қойғаннан соң сіңіліме қоңырау шалып, өзінің құжатын әкелуді сұрадым. Құжатты салып алып, Оралдан Ақтөбеге дейін баратын автобусқа жаңағы сіңілімнің құжатымен билет алдым. Ақтөбеден түсіп, тек Қостанайға дейін апаратын такси таптым. Қостанайға жеттім, енді Қостанайдан Астанаға бару ғана қалып еді, осы кезде, қалтамдағы қырық мың теңге бітіп қалды.

Түңгі сағат екі, Қостанайдамын. Ақпанның сары аязы. Жалғыз өзім. Бейтаныс орта. Кеше үйден шыққаннан кейін тамақ ішкен емеспін. Ақтөбеге келе жатқанда, автобустың ыстығынан болса керек, барлық тамақ бұзылып, ашып кеткен, содан лақтырып тастағанмын… Іздеп жүріп Астанаға дейін баратын такси тауып алдым. Бірақ жүргізушіге ақшам жоқ екендігін айтпаған едім. Жер көк тайғақ, машина әзер дегенде жүріп келе жатыр. Құдайдан аман есен жетсем екен деп тілеп отырмын. Анам қоңырау шалды, телефонның ар жағында меннен бетер уайымдап, жылап жатыр. Өзім дірілдеп отырсам да, анамды жұбатып телефон тұтқасын қойдым. Қорыққаным сонша, ұйқыны да ұмыттым.

Кенет он жыл бұрын бірге оқыған құрбымның Астанада тұратындығы есіме түсе кетті. Түннің беу уағында, таныстарымның бәрін аяқтарынан тік тұрғызып, қоңырау шалып, әлгі құрбымның мекен-жайын іздестіріп, тауып алдым. Таңғы сағат жеті, мекен жай бойынша келіп тоқтадық. Есікті қағып, тіпті табалдырықты аттамастан “Айнұр, маған дереу жетпіс мың теңге керек,”-дедім. Елестетіп көріңіз, он жыл бұрын оқыған сыныптасыңыз, таң атпай кіріп келіп, жетпіс мың теңге сұраса берер ме едіңіз? Әй, қайдам! Айнұрдың жолдасы маған сенімсіздікпен қарады, әйеліне “Бұл кім өзі? Неге ақша сұрап тұр?”-деп сұрақтарды төндіріп жатыр. Семинардың басталуына тек қырық минут қалды. Айнұрдың қолын ұстап алып, ақша дереу керек екендігін, кейін қайтарып беретіндігімді айтып жалынып-жалбарынып сұрап алдым. Он минуттың ішінде таранып, бетімді әрлеп, көйлегімді киіп бөлмеден шықтым. Айнұрдың жұбайының көзі шарасынан шыға жаздады. Құдды күлбикенің ханшайымға айналғандына куә болғандай. Үйден тез-тез шығып, таксиге мініп сағат жетіден елу тоғыз кеткенде орнымда болдым! Сол кездегі менің ішкі сезімімді білсеңіздер, шіркін! Өмірге қайта келгендей болдым… Міне, екі жылға созылған екі күннен кейін, үйіме оралып, тоңазытқыштағы бар тамақты жеп, тіпті душ қабылдауға шамам жетпей бір тәулік бойы қозғалмастан ұйықтап, бүгін таңғы жетіде тұрып алдарыңызға келіп отырмын ,-деп шытырманға толы әңгімесін аяқтайды.

Менің бір түсінгенім, әр іске ұқыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Қандай жағдай болмасын үміт үзбеуіміз керек. Өйткені, кез-келген мәселенің шешімі бары сөзсіз. Бойымыздағы сенім мен жанарымыздағы үміт оты ғана бізді биікке жетелемек!
Әрі қарай

Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Беларусьта биатлоннан жастар және жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Кеше қыздар эстафестасында Беларусь құрамасы сапында 19 жасар қазақ қызы Динара Әлімбекова спорт карьерасында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Бұл туралы кеше Фейсбукта алғаш болып биатлон фанаты TERISKEI хабарлады, өз парақшасында.

Бүгін Динара туралы мәлімет іздеп қайттым интернетті шарлап:
Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы
05 қаңтар 1996 жылы Қазақстанда туған. Әкесі қазақ, шешесі орыс. 3 жасында отбасысымен Беларусьқа көшіп келген. 11 жасынан бастап шаңғы спортымен айналысқан, сонымен қатар музыка мектебінің фортепиано сыныбын аяқтаған. Қазақстан құрамасынан ешқандай шақыру алмаған Динара жалпы басқа ел атынан шығуды ойламайды. Қазірден бастап Дарья Домрачеваның ізбасары ретінде қаралуда. Беларусь құрамасының болашақтағы басты жұлдызы болады деп күтілуде.

Биылғы маусымдағы көрсеткіштері:

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Сұхбаттар:
15 жасындағы сұхбаты
23 ақпан 2015 күнгі сұхбаты

Спортшы профилі:
biathlon.com.ua

Әлеуметтік желілерде:
ВК
Facebook
Twitter
Instagram

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

(Суреттер әлеуметтік желідегі профилінен алынды)

Әулие Валентин күнін тойлау керек пе?

Блог - AidaMuntiyeva: Әулие Валентин күнін тойлау керек пе?14 ақпан. Қызыл раушан, шоколад, ашық хаттар. Бұл күн- саудагерлердің қалтасын қылыңдататын, түрлі тосын сыйлар мен романтикаға толы күн.
Әулие Валентиннің кім екенін білмесек те, қызылды-жасылды ашық хаттарды таратуға құмар-ақпыз. Жүрекшелерді құрбыларымызға қарағанда көбірек алсақ, мәз болып өзімізден бақытты адам жоқтай сезінеміз. Әулие Валентин кім? Бұл күннің шығу тарихы қандай біле жүргеніміз артық болмас. Валентин туралы аңыздар көп. Алайда кең тарағаны: ерте заманда, дәлірек айтқанда 469 жылы Рим императоры Геласиустың жарлығымен 14 ақпан «Әулие Валентин күні» деп жарияланады. Бұған себеп: әлгі опасыз оңбаған Валентиннің отанын қорғаудан қашып, әскерге бармау үшін үйленетіндердің некесін жасырын қиып, «қиналғандарға» «қол ұшын берген» «ерлігі» әшкереленіп, басы шабылған осы күнді әспеттеу болса керек. Қарап отырсақ, Валентиннің діннен безген арсыз екені анық аңғарылады.
Исламның қағидаларында өзге діннің әдет-ғұрыпын орындап, мейрамдарын тойлауға қатаң тыйым салынған. Ал Әулие Валентин күнін мерекелеп жүргендердің көбісі оны «ғашықтар күні» деп қана ойлайтыны рас. Расында, ол – католиктердің діни мерекесі болып табылады. Сонда, ол күнді тойлап жүрген қазағың мұсылман ба, әлде католик пе? Әрине, мен бүгінгі көпшілік жастарымызға күйе жағудан аулақпын. Сөйтсе де, нағыз қазақы махаббат мейрамы болып саналатын Қозы Көрпеш — Баян сұлу күнінің әулие-сымақ Валентин күнінен төмен тұрғандығына таң қаламын.
Бір жағынан, дәл осы күні жастар бір-біріне ыстық сезімдерін білдіріп, ара-қатынастарын нығайта түседі. Дәл осы күні кішігірім елеусіз әрекеттерге көп көңіл бөлініп, адамдар бір-біріне қуаныш нұрын сыйлайды. Махаббат- асыл қасиет, асқақ мұрат, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезім, ғажайып әлемге бастар алтын көпір. Ал бұл мейрамды тойлау тойламау өз еріктеріңізде.
Автор: Мунтиева Аида
Әрі қарай

Бақытты өмір сүрем десеңіз...

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Пенде болған соң, кейбір қадамдарымызды шалыс басып жатамыз. Достарымыздың бетін енді көрмейтіндей, оларға қатты-қатты сөздер айтып, ата-анамыздың қадірін кейін біліп, қолымызды мезгілінен кеш сермейміз. Өмір қағидалардан құралады. Ал қағидаларды жасайтын өзіміз екені рас. Мына қарапайым кеңестер шын мәнінде, өмірдің алтын кеңестері. Сондықтан, осы кеңестерді ойға түйсеңіз, бақыт бақшасына бір қадам жақындайтыныңыз сөзсіз…

Біреуге қайта қоңырау шаламын деп уәде бердіңіз бе? Ендеше соны ұмытпаңыз!
Кешігіп барасыз ба? Сізді күтіп отырған адамдарға бұл жайлы ескертудің жолын қалай да табыңыз!
Біреудің арманына күлмеңіз. Сіздің арманыңызға күлгенді қалар ма едіңіз?
Сізді сатып, опасыздық істеген адамға қайта сенбеңіз. Ол әлбетте өзгермейді.
Ата-анаңызға уақытты көбірек бөліңіз. Олардың бақилық болуы бір-ақ сәт.
Сыпайылық жүректерді жаулайды. Әдепті болуға тырысыңыз.
Теледидар қарамаңыз. Ешқашан.
Қателігіңізді мойындай біліңіз. Бұл — үлкен ерлік.
Біреуге шағымданып, өміріңіздің қиындықтарын айтып зарлай бергенді қойыңыз. Ешкімді де біреудің қиындықтары қызықтырмайды.
Өсек айтқанды доғарыңыз. Бұл әдепсіздіктің белгісі.
Қиын, түсініксіз жайтқа тап болдыңыз ба? Қиындықты шешемін деп жүгірмей, одан да… ұйықтап алыңыз.
Өмірдің бағыты жоғары болуы тиіс екенін ұмытпаңыз. Өзіңізді дамытып, әрі қарай жылжисыз ба, не бір орында бірнеше жылдап тұрып қала бересіз бе? Ойланыңыз.
Біреумен қатты ұрсысып жатсаңыз да, адамды осал тұсынан ұстап қалудан аулақ болыңыз. Жақында онымен достасып кете аласыз, алайда жүрекке тиген сөздер оңайлықпен жуыла қоймас.
Шыншыл болыңыз. Сонда айтылған өтірікті есте сақтау керек болмайды.
Басыңызға жаңа ой келді ме? Жазып алыңыз! Жарты күннен кейін бұл ойды ұмытып қалуыңыз әбден мүмкін.
Ең қиын, істегіңіз келмеген жұмыс пен істеріңізді таңмен істеп тастағаныңыз жөн. Ол істі тыңдырғаннан кейін қалған күніңізді өзіңізге арнап, жаман ойлардан арыласыз.
Ешкім ешкімге де, ештеңе қарыз емес. «Сен осыны істеуге тиіссің» деген сөздерді ұмытыңыз.
Әрі қарай

Желі мен желім

СӨЗ БАСЫ: «Кеше екі сағат бойына жарық сөніп қалды. Интернет өшіп, әбден әбігерлендік. Содан үйдегі адамдармен сөйлесіп, әңгімелесуге тура келді. Сөйтсем өздері жап-жақсы кісілер екен». Бұл – бүгінгінің қалжыңы. Заманға орай шыққан. Әзіл болса да, астарында ауыр зіл жатыр.

Блог - asaubota: Желі мен желім

Осыдан бір мүшел уақыт бұрын ғана көшеде беліне «кірпіш телефонды» байлап алып, алшаң басып ағалар кетіп бара жататын. Онысын жұрт көрсін дегендей пенжағын бір жағына қарай ысырып, әлгіні жарқыратып жүретін. Әрі-бері өткен адамдар телефонға тамсанып, мойнын бір бұрмай өтпейтін. Ұялы байланыс өмірімізге енді еніп, әркімнің қолы жетпей әжептәуір құндылыққа айналуы құбылыс еді. Ал қазір абайсызда құлап кетсе баланың басын жаратын «кірпіш телефонды» ешкім ұстамайды. Әгәрәки, ұстай қалсаңыз, мазаққа айналарыңыз кәдік. Тым құрығанда «күні кеше осындай телефонға қызыға қарайтын едік қой» деген жылы жымиыс тудырасыз.

Қарап отырсаңыз, телефон дамуының да өзіндік эволюциясы бар. Алдымен жаңа айтқан «кірпіштерге» қол жетпеді. Онан соң, мұныңыз кішірейе бастады. Кейіннен полифония деген функциясы барлар пайда болды. Оныңыз кәдімгі әуенге ұқсас музыка шығаратын-тұғын. Жұрт зыңылдаған, сыбырлаған, ысқырған дауыс­тардан запы болып жүрсе керек. Жаппай осыған ұмтылды. Бұдан кейін ән орындалатын, ішінде ойындары бар, әртүрлі ермек құралдарымен жабдықталған телефондарды ала бастадық. Интернетке кіріп, уақыт өткізуге мүмкіндік туды. Ақыр аяғы сенсорлы экраны бар телефондарға келіп табан тіреп тұрмыз ғой. Бұлардың компьютерден кемдігі жоқ. Қажетіңді заматында тауып береді. Сурет, видео қабылдап, жібере аласыз. Әлеуметтік желілер көз алдыңызда. Ойынға құмар болсаңыз, оны да өтейді. Әйтеуір осы күні мойны салбырап, көздері шұқшиып, телефонының бетін сипап отырған бір адам. Шындығында, баламыздың басынан бұлай сипамаймыз. Бар ынтамыз бен ықыласымыз осы телефондардың бетінде сияқты.

Жұрт неге телефонға шұқшияды? Бір дастарқан басында бұрынғыдай емен-жарқын, алаңсыз отырып әңгіме айт­пауы неліктен? Әркімнің өз қалтафонымен қамсыз отырғаны қалай? Тоқсанға келген апам айтпақшы: «Со бәлеңнің ішінде не бар?». Әрине, телефон ең алдымен байланыс құралы. Оның да түр-түрі бар қазір. Сосын ән тыңдайды. Кино көреді. Қызыққа толы видеоларды тамашалайды. Хат жазады. Хабарлама алады. Суретке түседі. Сайттарға кіріп, соңғы жаңалықтармен танысады. Өзіне керекті ақпараттарды іздейді. Қысқасы, бүгінгінің телефоны әмбебап. Ал шұқшиып отырғандардың басым бөлігі әлеуметтік желінің қолданушылары. Қайда барғаны, кіммен кездескені, қандай мақала оқығаны былай тұрсын, не тамақ жегеніне дейін әлеуметтік желіге жарқыратып салып жатады. Қысқасы, соңғы бірер жылдың мұғдарында адамдар тұрақты түрде желілерге желімденді. Тап бір желіге байланған құлындай. Соның әсерінен телефонға қарап күліп не қайғырып отырған адамға таңғалмайтын болдық. Біздің бұл әрекетіміз үлкендерге аса түсінікті емес. Сондықтан олардың жастарды «жын қақты» деп ойлауы бек мүмкін.

«Әлеуметтік желілер әлеуметтің әңгімесін өзгертті» деп аттан салатын жағдайда емеспіз. «М – агенттен» басталған бұл құбылыс «Фейсбук», «Твиттер», «Инстаграм», «ВКонтакте» секілділерге жалғасып, өміріміздің бір бөлшегіне айналып кетті. Және оны қоғамға зиян не пайдалы деп, екіге бөліп қараудың өзі артық. Өйткені, біз бәрібір желілерді жаппай жаба алмаймыз. Олай етсек, ондағы адамдардың қарсылығын тудырғаннан басқа пайда таппаймыз. Енді не істемек керек? Ендеше, адамдардың әлеуметтік желілерді сауатты қолдануына жол көрсетуден басқа амал кем.

Желіде жұрт неге отырады?

Жұрт әлеуметтік желілерде не үшін отырады? Оған қандай қажеттілік я болмаса мұқтаждық бар. Осы сұрақты белгілі блогер Аршат Оразға қойдық. Ол былай деді:

– Жалпы, адамдардың әлеуметтік желіні қолдану мақсаттарын үшке бөліп қарауға болады. Бірінші, байланыс. Олар маркетингтік, сараптамалық, зерттеулік немесе жай ғана дос-таныстармен хат-хабар алмасу үшін қолданады. Өзі әлеуметтік желінің басты функцияларының бірі де осы. Екінші, ақпарат. Ақпаратты алу, бөлісу, тарату, жарнама жасау, құлақтандыру, хабарландыру, қоғамдық пікір қалыптастыру, пікірталас жүргізу тұрғысын көздейтіндер бар. Әлеуметтік желіні қолданушылар саны көбейген сайын мұның да маңызы артып келе жатыр. Өйткені, желілер түрлі мақсаттағы ақпараттарды қоғамға тез жеткізудің тиімді жолы. Бұған пайдалы да, арандату мақсатындағы ақпарат та кіреді. Басты бақылауға алынуы тиіс тұсы осы. Яғни, қадағаланбаса әлеуметтік желілер түрлі мақсаттарда үлкен қару болғалы тұр, болып жатыр да. Үшінші, психология. Бұл адамның ішкі қажеттілігін, яғни эгоны қанағаттандырудың ең қолайлы әдісі. Қоғамда өз орнын таба алмай, ойларын ашық жеткізуге шамасы жетпей, тұйық күйінде қалыптасқан жандар үшін керемет құрал. Осы желілерді пайдалану арқылы олар өздерін басқаша сезіне бастайды. Лайк жинау, пікір жазу, селфи жасау немесе құнды деп санайтын ойларын бөлісу арқылы ішкі эголарын қанағаттандырады. Оффлайн өмірде жасай алмағанын онлайнда жүзеге асырғысы келеді. Бірақ тым асыра пайдалану – психологиялық дертке соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, желіге тәуелділік арқылы қоғамнан одан сайын алшақтатуы да ықтимал. Қалай дегенде де интернет және әлеуметтік желілер қазіргі қоғам тіршілігінің ажырамас бөлшегі. Тек қолдану барысында дұрыс пайдалануды және шектен шықпауды қадағалаған жөн.

IT маман Аршаттың айтқанында ақиқат бар. Әлеуметтік желілердің бас­ты міндеттерінің бірі хат-хабар алмасу екені анық. Ақмешітте отырып Америкада жүрген ағайынмен, Алматы мен Астанадағы тамырлармен ұдайы хабарласып отыруға таптырмас құрал. Осы күні бар ғой, көптен кездеспеген таныстарыңнан: «Не жаңалық?» деп сұраудың өзі біртүрлі. Себебі, сен оның өміріндегі жаңалықтың бәрін көріп-біліп отырсың. Қайда іссапармен барғаны, онда нендей мәселенің шешілгені, нәтижесінің қандай болғаны, бәрі-бәрі белгілі. Өткенде достарымен бильярдқа барғаны, ортақ танысыңның туған күнінде болғаны, тіпті, үйіндегі кішкентайының туған күнін жасағанынан да хабардарсың. Қысқасы, жаңалық сұрайтындай жағдай емес. Танысың болмақ түгілі, тек әлеуметтік желіден білетін адамдардың да өмірі көз алдыңызда өтіп жатыр. Дегенмен, ақпараттық қауіпсіздік деген дүние осы әлеуметтік желіге керек. Ешкім нақты тексермеген, дәлел-дәйектен жұрдай, біреуді қаралаған дүниелер де кездеседі. Бір жерден жылт еткен жаңалық сәлден соң сайттарда сайрап тұрады. Одан теледидар іліп әкетеді. Кейін қарасаң, газеттерден көзің шалады. Ал осы жалған ақпарат болса, онда бір ғана қате деректен қаншама адамның жапа шегетінін ойлай беріңіз. Мыңдаған оқырманның адасқанын айтпағанның өзінде, көптеген ақпарат құралдарын мұрнынан жетелеп сотқа апаруға болады. «Ақпараттың тез және көпшілікке таралуын арандатушылар да тиімді пайдаланады. Ол адамдардың мақсаты мен пиғылына байланысты. Қарапайым ғана мысал, кейбіреулер осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілген бейнероликті жариялайды. Осы аралықта ол адамның ойы өзгеруі мүмкін ғой. Бүгінде ол өз көзқарасынан қайтқан шығар. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесі үнемі назарда болуы керек. Мәселен, Қытай өзінің ақпараттық кеңістігін мықты қорғап отыр. Өздерінің іздеу жүйелері, әлеуметтік желілері бар. Шетелдік желілер ашылмайды. Ал Қазақстанда бұл жағы кемшін тартып тұр. Өйткені, шетелдік әлеуметтік желілерді жабамыз деген мәселе көтерілсе, үлкен дау туып кетуі мүмкін. Оған Түркия жақсы мысал бола алады. Сондықтан алдымен отандық әлеуметтік желі ашып, соған халықты үйрету қажет», – дейді Аршат Ораз. Бұл тарапта алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Дегенмен, біздің жұрт жаппай солай қарай ағылып, пайдаланып отыр дей алмаймыз.

Лайк деген дүние бар. Былайша айтқанда, сіздің жазбаңыз әлдекімге ұнайды да, ол көңілін бас бармақ белгіленген нүктені басып, білдіріп кетеді. Жазғаның қаншалықты оқылымды болғанын, әсерінің қандай екенін осы арқылы анықтай аласың. Мәселен, «Инстаграм» әлеуметтік желісінде әншілер лайкты қырып жинайды. Жалпы, ел алдында жүрген, атағы дардай азаматтар «бас бармаққа» мұқтаж емес. Тұншығып қала жаздайды. Не салса да, не жазса да жұрт қамыстай қопарылады. Ал енді қарапайым адамның ұлтқа, ұрпаққа, тәрбие мен салт-санаға қатысты жазғандары сүмірейіп тұрады. Осыдан-ақ бүгінгі оқырманның талғамын білуге болатын сияқты. Көбіне оқылымды дүниелердің сипаты дау-дамайдың айналасы болып келеді. Астында бір-бірімен быт-шыт болып қырылған пікірлерден көз аша алмай қаласыз. Өтірік пе, өсек пе? Оны айырып жатқан адам жоқ. Сонан соң дұрыс сөз, жөнді пікірге тоқтау болмайды. Әрқайсысы өз ойларынан қайтпайды. «Қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған» дейтін теңеу желідегі жамағатқа аса жақын емес. Нақақтан нақақ жала жауып, күйе жағушылар да тоқтайтын шығар енді. Жақында қабылданған заң бойынша ондай адамдар қылмыстық жазаға тартылады.

Оқырманды қалай көбейтуге болады?

Әлеуметтік желілерде жердегі жұл­дыздардың оқылымды екенін айттық. Неге бұлай? Өйткені, жұртқа олардың өмірі қызық. Сондықтан желіде онымен дос болуға бейіл. Ал дос дегенің – оқырман. Жарайды, әнші не әртіс емессіз. Жазушы, я ақындықтан алыссыз. Өзіңіздің ойыңыз, қалыптасқан пікіріңіз бар. Әлеуметтік желіні қолданасыз. Десек те, оқырманыңыз аз. Оқырманды қалай көбейтуге болады? Қайткен күнде сіз оқырманы көп қолданушыға айнала аласыз. Біз бұл сұрақтарды ІТ маман, сайт жасаушы Тимур Бектұрға қойдық. Өзі Маңғыстауда жатса да Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, семинарлар өткізіп, Қазнеттің дамуына үлес қосып жүрген Тимур бізге оның сегіз әдісін айтып берді.

– Әлеуметтік желіде оқырман жинаудың түрлі әдіс-тәсілдері бар. Егер де іздеу жүйесі арқылы сұрап қарайтын болсаңыз, сізге миллион түрлі тәсілдер мен амалдарды ұсынады. Олардың кейбірін қолдану ыңғайлы, кейбірін онсыз да пайдаланып жүресіз. Ал кейбірі сіздің жағдайға сәйкес келмеуі мүмкін. Технология күн сайын дамып жатыр. Сонымен бірге, адамдардың ақпарат қабылдау, оны қорыту, өзгелермен бөлісу мүмкіндігі де қиындап барады. Ақпарат көп болған соң оқырмандарды таңғалдыру, жүрек түкпіріндегі сезімін ояту, болмаса тұтынушылық аранын ашу оңай шаруа емес. Үйдегі теледидар, жұмыстағы газет-журнал, көліктегі радио, компьютермен интернетке кіргендегі электронды поштадан бастап әлеуметтік желілер мен сайттардың барлығын жаулап алған жарнама ағыны біздің есімізді жинатпастан өз ұсыныстарымен үстімізден төпелеп жатыр. Осыншалықты ақпарат тасқынының астында отырған оқырманды таңғалдыру, өзіңіз жазған әрбір ақпаратқа еліту – тыңғылықты ойластыруды қажет ететін шаруа. Сондықтан әлеуметтік желіде оқырман жинаудың дәстүрлі жолы деп айтуға болатындай, әдетте ең бірінші кезекте жасалуы қажет сегіз әдісті айтқым келеді.

Бірінші. Өте сапалы ақпарат жариялау. Яғни, «ол ақпаратты тек сіз ғана беріп отырсыз» деген сөз. Өзгелерден дәл сол тектес материалды күту мүмкін емес жағдай. Айталық, ІТ саласындағы трендтер мен жаңалықтарды, түрлі ақыл-кеңестерді тек мен ғана салып отырамын. Халықаралық тұсаукесерлерде жаңа технологиялар таныстырылып жатса, сол туралы қазақша ұғынықты түрде тек мен ғана жариялаймын. Сондықтан, адамдар мені осы салада маман деп есептейді. Тиісінше, оқырмандарым әр материал сайын арта түседі.

Екінші. Сіздің оқырмандарыңызға қызық болса, сіміріп оқыса, онда өзгелердің сапалы және пайдалы ақпаратын бөлісу. Әдетте, адамдар бірінші әдісті түйсікпен білсе де, осы екіншісіне келгенде сараңдық танытады. Өзгенің ақпараты тамаша болса да бөліскісі келмейді. Бұл – үлкен қате.

Үшінші. Сіз әдетте қандай ақпарат тарататыныңызды біліп алыңыз, сосын достарыңыз бен таныстарыңызды, әріптестеріңіз бен группаластарыңызды өзіңізге оқырман болуын сұраңыз. Әдетте, сізге қолдау білдіретін, әрбір жазбаңызға ықылас танытатын осылар.

Төртінші. Қызықты, пайдалы, танымдық ақпарат жазатын басқа адамдарға оқырман болыңыз. Соларды әлеуметтік желідегі достыққа қосыңыз, олардың әрбір жазбасына «лайк» басып тұрыңыз. Тамаша жазбаларына пікір қалдырыңыз. Былай қарағанда қарапайым нәрсе көрінеді. Алайда, тағы да сол сараңдықтың кесірінен «networking», яки қарым-қатынастың жақсаруына тікелей әсер ететін әдістерді қолданбай кетеді. Оның үстіне, әдетте сіз «лайк» бассаңыз немесе пікір қалдырсаңыз, ол әлгі адамның әлеуметтік желідегі өзге достарына да, сіздің достарыңызға көрініп тұрады. Тиісінше, өзгелер сізді көреді және пікіріңізді оқиды. Жақсы пікір қалдырсаңыз, сізбен әлеуметтік желіде дос болуға ынта білдіреді.

Бесінші. Барлығымыз әлеуметтік желілерде жазба жазамыз. Алайда, соңына «Егер менің осы жазбам ұнаса лайк басыңыздар, достарыңызбен бөлісіңіздер, маған фоллоу жасаңыздар» демейміз. Сырттай қараған адамға бұл бір мақтаншақтық немесе сұраншақтық көрінеді. Дей тұрғанмен, төртінші тәсілде айтып өткенімдей, кез келген адамның сізге пікір жазғаны, лайк басқаны оның өзге де достарына көрініп тұрады. Ал егер ол сіздің жазбаңызды бөлісер болса, онда тіпті, екі есе жылдамдықпен тарайды да сіздің оқырманыңыз одан сайын арта түседі.

Алтыншы. Өмірден алынған, сіздің басыңыздан өткен, әсіресе, өзгелерге өте жақсы таныс уақиғалар туралы жазу. Ең қызығы, адам дегеніміз әлеумет. Ал әлеумет бәрібір өзіне ұқсайтын жандарды жақсы көреді. Сондықтан өзінің басынан өткен оқиғаға ұқсас жайтты сізден оқитын болса, сізді жақын тарта түседі. Жақсы «лайктайды», пікір қалдырады, өзгелерге оқуға ұсынады. Тиісінше, сіздің оқырманыңыздың артуына септігін тигізеді.

Жетінші. Трендтен қалмау. Әрине, әлемде болып жатқан күнбе-күнгі жаңалықтардың барлығын талқылай беру мақсат емес. Алайда, сіздің оқырмандарыңызға тікелей әсер ететін, соқпай өтпейтін қоғамдық өзгерістер мен жаңалықтарды талқылап отырыңыз. Өз көзқарасыңызды білдіріңіз. «Темірді қызған кезде соқ» деп осындай жағдайға орай айтылса керек.

Сегізінші. Егер сіз туған күн кешінде, маңызды шарада, үлкен жиындарда танымал адамдармен бірге болсаңыз, олармен суретке түссеңіз, сосын әлеуметтік желіде әлгі адамдарды тэг жасау, яғни ілмек жасау арқылы жариялаңыз. Тек тым жиі әуестенбеңіз. Кейбір адамдар мұндай жиі ілмектерді жақсы көрмейді. Сізді блоктап тастауы мүмкін.

Оқырман жинаудың оңай емес екенін білеміз. Десек те, Тимур Бектұр айтқан осы тәсілдерді қолдансаңыз, онда достарыңыздың саны арта түсетіні анық. Әлеуметтік желіні қолдамайтын адамдар «мынау не деп отыр?» деуі мүмкін. Бірақ желілер өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткеннен кейін оның қыр-сырын білген абзал.

Пайдасы не, зияны қандай?

«Ақыры бас жарылды, енді аянатын ештеңе қалмады», депті ғой баяғыда бір ағамыз. Сол айтқандай, әлеуметтік желі туралы біраз әңгіме айттық. Енді оның пайдасы мен зиянына да тоқтала кетейік. Ол жайында «Baikadam Media Group» компаниясының директоры Нұрлан Жанайдың пікіріне сүйендік.

– Әлеуметтік желілердің ең басты екі пайдасын айта кетейін. Бірінші, тасада жүрген таланттарды халыққа танытты. Бұрын өзіңді көрсету үшін газет-журналға сұхбат беріп, телеарналарға шығу керек болса, қазір әлеуметтік желіде ойыңды тиянақты жеткізе алсаң болды. Қазір керісінше ақпарат құралдары өз кейіпкерлерін әлеуметтік желілерден тау­ып жатады. Екінші, нақты мәселелерді тиісті орындарға жеткізуді тездетті. Бұрын қоғамдағы бір мәселені көтеру үшін оны хат қылып жазу машақат болса, қазір бір жазба арқылы журналистердің назарын соған бұрып, бүкіл әлемге таратып жіберуге зор мүмкіндік туды.

Әлеуметтік желілердің екі пайдалы жағын айттық қой. Енді екі зиянды тұсына тоқталайық. Ең алдымен, адамдар уақыттарын бекерге құртады. Сосын желіде отырған жұрт өзі білсін-білмесін, не болса соны жаза беретін болды. XXI ғасырда ақпарат көп, оның бәрін оқу үшін қанша уақыт керек. Ал әлеуметтік желідегі жазбалардың бірін қалдырмай оқып, оларға пікір жазып отыру адам үшін ең қымбат уақытын құртудың бірден-бір себебі. Сондай-ақ, кім көрінген білмейтін саласына араласып, пікір таластыра беретін деңгейге жетті. «Әркім өз саласының маманы болсын» деген түсінікті әлеуметтік желілер түбегейлі жоққа шығарды деп ойлаймын.

Осылай деген SMM маман әлеуметтік желіні қалай пайдаланады екен? «Өз басым әлеуметтік желілерді жұмыс үшін пайдалануға тырысамын. Осы жерде клиенттер базасын жинап, іскер адамдармен қарым-қатынасымды нығайтып, танысып жүрмін. Өзіміздің және өзгенің қаншама өнімдері мен қызмет түрлерін жарнамаладық және жарнамалап жатырмыз. Әлеуметтік желілерде адамдармен жақсы байланыс орнатып, көңілін табудың ең тиімді түрі – туған күндерімен құттықтау және мерекелерде бір сурет немесе видео жасап, сол жазбаға қарым-қатынасыңды нығайта алмай жүрген достарыңызды белгілеп жіберу. Фейсбуктағы өзім кірген топтарды жылына екі рет тексеріп тұрамын. Басы жақсы бас­талып, кейін тақырыптан ауытқып кеткен топтар болса, дереу шығып кетемін. «Лайк» басқан парақшаларымды да жиі тексеремін. «Фейсбуктағы» дос­тарымды 2-3 айда бір түгендеп, олардың қал-жағдайын онлайнда біліп отырамын. Бұл ертеңгі күні одан бір «онлайн көмек» сұрағанда да керек. Жалпы, адамгершілік үшін де құптарлық іс. «Фейсбукта» тағы бір профилактиканың түрі – достарыңның, өзіңнің «мақсатты аудиторияңның» тұрғылықты жерін біліп отыру. Мысалы, кейінгі кезде алматылық достарым азайып кеткен. Есесіне, өңірлерде оқырманым жетерлік. Негізі жұмысты Алматы қаласында істейтін болғандықтан бұл мен үшін бірінші шешілуі керек мәселе. Сондай-ақ, достардың жас ерекшелігі мен олардың немен айналысатыны да қажетті ақпарат болып есептеледі. Бұның бәрін неге айтып отырмын? Сіздің кіммен достасқаныңыз, қай парақшаға жазылғаныңыз психологияңызға қатты әсер етеді. Осы элементтер сіздің ойлау жүйеңізді, жүріс-тұрысыңызды, сөйлеу мәнеріңізді де өзгертіп жібереді. Неше түрлі топтардың парақшасына жазылып, зомби болып жүрген жастарымыз қаншама? Сондықтан бір ізділіктен сақтанған жөн»,– дейді Нұрлан.

Айтпақшы, желі деген жекелеген адам­дардың пікір алаңы ғана емес. Ол жерде талай адам жарнама жасап, пайда тауып жүр. Бұл туралы Нұрлан Жанай былай дейді. «Кейінгі кезде бір байқағаным – жеке аккаунттар заңды тұлғаларға ауысып жатыр. Мысалы, басында «Андреев» болып танысқан кісілер біраз дос жинап, жеке аккаунтын компанияның, кафе-ресторанның немесе сайттың атына ауыстырған. Бұл қадам – олар үшін пайдалы, ал біз сияқты әр «достан» монетизация көріп тұратын адамдар үшін жақсы емес»,– деген пікірде. Осы тұрғыда Аршат Ораз «Әлеуметтік желілер жақсы жарнама алаңы болғандықтан бұл арқылы пайда да табуға болады. Танымал қолданушылар өз жазбаларының арасына жарнамалық сипаттағы дүниелерді жариялап отыратыны да жасырын емес. Сондай-ақ, түрлі мекеме, кәсіпорын, ұйымдардың блог-турлары да блогерлер үшін табыс көзі. Өз өнімін, қызметтерін жарнамалаушылар үшін де тиімді алаң», – деген ойын айтты.

Қазақ тілінің халі қандай?

Қазақ тілінің тағдыры туралы толғанып сөйлегенді жақсы көреміз ғой. Алаңдаймыз. Қауіптенген тұсымызды айтамыз. Әйтеуір, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері қазақ тілі жайында жазу – тренд. Ал әлеуметтік желілерде ана тіліміз қалай қолданылып жүр? Көп жұрт тілдің бұзылып жазылатынын айтады. Бұл орайда біз бүгінде қазақ тілінің интернет кеңістікте кеңінен қолданылып, бұрынғыдай емес қоғамдық ой-пікірді жеткізудің үлкен құралы болғанына назар аударар едік.

Әлеуметтік желіде қыңыр-қисық пікірлерімен, тұрақты сөз тіркестерін бұзып жазуымен есте қалған блогер бар. Ол – Асқар Базарбай. Өзі былтыр тұңғыш рет өткен «Блогиада-2014» жарысының жеңімпазы. Біз Асқардан желідегі қазақ тілінің жағдайы туралы пікір алдық.

– Осыдан он жыл бұрын интернеттегі қазақ тілі туралы менде мемлекеттік немесе коммерциялық сайттардың қазақша нұсқасы деген түсінік қана болатын. Одан бері қазақ аудиториясы да, Қазнеттің контент жасаушы белсенділері де біраз көбейді. Әлеуметтік желі өмірдің айнасы болғандықтан, қазақ тілі де өмірдегідей түрліше қолданылады. Жалпы, қарым-қатынас виртуалға көшкелі бері қазақ тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болуда. Жасанды болсын, табиғи болсын, күнделікті қолданысымызға жаңа сөздер мен ұғымдар қосылып жатыр. Ол жаңа ұғымдарды лингвисттер жүйелеп отыр ма? Әңгіме сонда. Қазақ тілінің қандай бұзылған кейіпте болмасын, әлеуметтік желіде кеңінен қолдануына қуануымыз керек деп ойлаймын. Өйткені, өз басым тілді түсінікті болуымен өлшеймін. Сосын әлеуметтік желіні қонаққа келіп отырғандай кейіпте қолданатын адамдар болады. Құдды, қазақ тілі тек театралды пафос пен асханалық әңгіме үшін жаралғандай. Жоқ, олай емес. Қазақ тілі кез келген ортада өзін еркін сезінуі тиіс. Мейлі, көше тілі болсын, мейлі, ғылыми не әдеби болсын. Оған ана тіліміздің барлық мүмкіндігі бар. Тілдік тазалықты көксеушілердің басым бөлігі тіл білімі жөнінде, жалпы, тілдің даму заңдары туралы нақты хабары бар мамандар емес. Одан гөрі өздерінше тілге жаны ашып, патриот болуды көксейтіндер көп. Тіл туралы айтқанда, алдымен әлеуметтік желідегі хабарламаның мазмұнына көз салу керек. Егер ол ресми бір мәлімдеме немесе жарнама болса, әлбетте барлық заңдарды бұлжытпай орындауы қажет. Бірақ көпшілік арасында тілді дамыту үшін, өрісін кеңейту үшін әрбір қолданушыны жан-жақтан ережемен қыспақтап, әжуалап немесе даттап отырса, одан қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Әдеби тіл, ресми тіл әрқашан ауызекі тілден өзгеше болады ғой. Сынамас бұрын, осыны ескерген дұрыс. Ресми құжатта эксперименттерге жол жоқ. Ал ауызекі қолданыста «пажалыстаң». Биологиядан есіңізде болса, жануарлар дамуының екі қозғаушы күші бар. Бірінші – ол табиғи сұрыпталу. Екіншісі, мутация. Осыны тілдік жазықтыққа жатқызып көрсек. Табиғатта ең икемді жануар аман қалады. Демек, қоршаған ортаға ең жылдам икемделе білетін тіл де аман қалады деген сөз. Мысал керек пе? Латын тілін алайық. Жазба тілі өзгеріссіз қалды. Ал диалекттерінен бірнеше өз алдына бөлек тіл дамыды. Жазба тіл ақыры ауызекі тілден алшақтағаны соншалық, латын тілі өлі тілдер санатында. Мутация дедік ғой. Ол енді жаңағы өзіңіз айтқан тілді бұзып сөйлеулер. Егер ол құлаққа қонымды, айтуға ыңғайлы болмаса, ол жай ғана қате болып қала қояды,– дейді блогер. Шындығында, әлеуметтік желіде, түрлі хат алмасу құралдарында қазақ тілін танымай қалып жатасыз. Дегенмен, әдеби шығармаларда, газет-журналдар мен кітаптарда сол күйі қолданылып кетеді деген қате пікір. Өйткені, шығармашылық орта ондайды бәрібір қабылдай алмайды. «Әлеуметтік желіні тілдің базарына айналуға кедергі келтірсек, тіліміз дамымайды. Тіл жанашырларының басты міндеті, тілдің табиғи дамуына кедергі келтірмеу. Егер тіліміз шұбарланбасын десек, цензор болуды емес, бар сөзді, тірі тілді жүйелеп, тіркеп, жас баланың әр жаңа қылығына тамсанған ата-анадай жанашырлық танытқаны жөн. Әйтпесе, үркек, жасқаншақ, қолданыс аясы тар тіл болып қаламыз. Тағы бір айтарым, шет тілдердің барлығы қазір басынан тілдік өзгерістерді кешіп жатыр. Әлеуметтік желілер мен қарым-қатынастың интернеттенуіне байланысты. Ағылшын лингвисттері сонау бағзы, сым телефоны заманында-ақ, ол тілді «диджиспик» деп атап кеткен. Яғни, уақыт үнемдеу үшін, тілдік нормаларды бұзып жазу. Бұзып жазу қолданушыға ыңғайлы болса, демек, бұл бейресми қарым-қатынастың талабы сол деген сөз. Бізде де «кеатрм», «цүндім», «кәкелем» деген сияқты ауызекі тілден көшіп келген жазу стилі дамып келеді. Ол тілді бұзу емес, қарым-қатынастың «сандық технологияларға көшуіне» байланысты ауызекі тілге ыңғайлануы. Қазақ тілі атамыз тасқа жазып кеткен руналар деген түсініктен құтылу керек»
,– деген Асқардың ойы да миға қонымды сияқты.
СӨЗ СОҢЫ: Қаласаңыз да, қаламасаңыз да қоғам әлеуметтік желілерге желімденді. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын салып, виртуалды өмірден алшақтамайтындар саны күн өткен сайын артып келеді. Енді бізге осы құбылысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мемлекетке пайдалы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті барынша сезінуге тиіс. Мәселенки, өткенде 500 мың оқырманы бар бір қолданушы өзінің жартылай жалаңаш суретін жария­лады. Осында не тәлім, не тәрбие бар? Оны оқып отырған жас бала қандай ой түйеді? Нендей үлгі-өнеге алады? Міне, жауапкершілік дегенді айтқандағы ойымыз осы. Жастардың санасын улайтын, жұртты адастыратын, бүлік шығарып, арандатуға итермелейтін дүниелерден іргемізді аулақ салғанымыз жөн. Әйтпесе, «ойыннан от шығып кетуі» бек мүмкін.

Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.
Әрі қарай

Геннадий Головкиннің жеңісі құтты болсын!

Геннадий Головкин британдық Мартин Мюррейді жеңіп, бізді бір марқайтып қойды! 32 жасында өзінде тең келетін мықтының жоғын тағы бір рет мойындатқан Генаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ!


Міне, нокдаун мен нокаут кезін тағы бір көрелік!

Әрі қарай

Дырдупедия. Челубей мен Пересветтің төбелесі

Менде бір керемет сюжет бар...: Дырдупедия. Челубей мен Пересветтің төбелесі

Челубей мен Пересветтің төбелесі — 1380 жылдың 8 қырхуегінде Куликово даласында болған ұлы шайқас. Бұл охуйға моңғол-татарларды — игосымен қоса наққа жіберіп, Ұлы Орыс мемлекетінің қалыптасуындағы тасты охуйғалардың бірі болды. Шешесстің.

Тувлесстің артқышарттары


Алтын Орда — орыс кінәздерінен алым-салық алып тұратын, және кейде қыздарын да құда түспей алып кетуді еш сөлекет көрмейтін. Жылнамашы Олъг Тощий мынадай мәліметтер келтіреді: «Царыца моя, да у бовсурманов она бвуә-ә-ә».
Бұдан әрі қарай — рухани күйзелісі мен ит-шошқа өміріне налитынын айтады, что как бэ — охуйрманға дымқызық. Нақтың.

Күндердің түнінде Мамай коганъ қазынада тиын азайып кеткенін байқайды. Алтын Орданың Жалпы Ішкі Өнімі күрт азайғаны — Мамайдың күндес бауырларының тасына маза бермейді. Тіпті көзінше сыбайлас жемқорлық туралы әнектер айтып, Мамайдың жеке баю жолына түсіп кеткеніне меңзейді. Ашулы Мамай салықтың неге күрт азайып кеткенін орыстардан сұрауға жорыққа аттанады.

Салық Инспекциясы — Куликово жазығында


1380 жылдың 8 қырхуегінде қазіргі Тула облысының маңындағы Куликово жазығына 60 мың аудиторы бар Мамай келеді. Оған жауап ретінде Орыс кінәздері атынан Дмитрий Донской 200 мыңдай әскермен шығады.
Жылнамалар Мамайдың о баста меймандос көңілмен келгенін айтады. Жылнамашы Софоний былай жейді:
«Да настр у коганъ не бъла погана, вот Димон какой то золъ».

Мамай Дмитрийге — камералды тексеру нәтижесі көңіл көншітпей тұрғанын, «Мәскеу Кінәздері» ЖШС 1380 жылдың III тоқсаны бойынша 55 993 теңге 12 тиын кері сальдомен шыққанын айтып (XXI ғ. курсымен — 12 млн БҚШ доллары), түсіндіруін өтінеді. Дмитрий өз кезегінде — ендігәрі ешқандай салық төлемейтінін, және дәл қазір наққа жіберуге келіп тұрғанын айтады.

Жылнамашылар осы оқиғаны сан-саққа жүгіртіп, діңкені құртады. Дегенмен барлық жылнамашылардың бір сипаты бар: Мамай ақтық шайқасқа емес, тек түсінік талап етіп келгені анық байқалады.

Тувлес

Үлкен қантөгіс болдырмай-ақ, соғысты жекпе-жек арқылы шешу — хертеден қалған дәстүр. Куликово жазығында да мәселені о баста осы әдіспен шешпек болады. Себебі жаухершілік заманда екі жақта да адам ресурстары қат еді.
Мамай жақтан Челубей батыр(жылнамалардағы вариациялар — Челеби, Шалабай, Шалбай Құлмаханов) шығарылады. Орыстар жағынан Пересвет батыр шығады.

Менде бір керемет сюжет бар...: Дырдупедия. Челубей мен Пересветтің төбелесі

Екеуі аттыкінің үстінде найзаласуды таңдайды (бір жылнамада — Пересветтің қолтығының астында «Дегтярев» автоматы қылаң беріп қалғанын айтылған). Хереже бойынша — аттыкінен бірінші ауып түскен немесе жақындап қалған кезде қаймығып, аттыкін кері бұрған жақ жеңіледі.

Челубей мен Пересвет бірі-біріне найзаларын кезеніп, шаба жөнеледі де, екі жақта найзасын сұғып үлгіреді. Шайқастан кейін Медеу аудандық сот-сараптамалық комиссиясы жүргізген тексеру бойынша, Челубей Пересветтің нақ тас тұсынан қадаса, Пересвет те Челбуейді шап тұсынан орып кеткен; бұл — Пересветтің де о баста тас тұсын көздегенін растайды. Соңғы сәтте найзасы қалқаннан тайып кеткен.
Жекпе-жек нәтижесінде екеуі де қаза болады. Сондықтан кім жеңгені белгісіз боп қалып, әскери қақтығыс басталып кетеді. Оның нәтижесінде Мамай жеңіледі.

Тарихи маңызы


Ұлы Орыс Халқынан тұратын Ұлы Орыс Мемлекеті қалыптасты.
Әрі қарай

"Оскар-2015". Менің болжамдарым.

Киностан: Оскар-2015. Менің болжамдарым.
22 ақпанда кино әлеміндегі ең беделді сыйлық — «Оскар» табыс етіледі. Биыл «Оскарды» кімдер алады? Осындай ой жалғыз мені толғандырмайтын шығар?
Өмірімде алғаш рет (сәтсіз болып жатса, мүмкін — соңғы рет) «Оскар» иегерлеріне болжам жасап көрмекпін. Әрине барлық номинацияларына емес, тек бірнешеуіне ғана. Бәс тігетіндерің болса, кейін өкініп қалмайтындай аз сомалар қоюларыңызды сұраймын.

Үздік фильм

Номинанттар:
— «Америкалық снайпер» («American Sniper»)
— "Бёрдмэн" («Birdman»)
— «Балдәурен» («Boyhood»)
— "Гранд Будапешт қонақүйі" («The Grand Budapest Hotel»)
— "Имитация ойыны" («The Imitation Game»)
— «Сельма» («Selma»)
— «Барлығының теориясы» («The Theory of Everything»)
— «Таяқтың күшімен» («Whiplash»)

Өзім «Америкалық снайперді», «Бердманды», «Гранд Будапешт қонақүйін», «Имитация ойынын» көріппін. Физик Стивен Хокингтің өміріне арналған «Барлығының теориясын» көре бастап едім, тым қызықсыз көрінді.

Әдетте, «Алтын глобус» — «Оскардың» репетициясы деп жатады. Қазақша айтсақ: «Алтын глобусты» көріп «Оскарын» ал. Шынымен, көп лауреаттар бір-бірінде қайталанып жатады. Осы талдауымда да биылғы «Алтын глобус» иегерлерін ескеретін боламын.

Сонымен, 2015 жылдың «Алтын глобусында» «Балдәурен» («Boyhood») үздік фильм атанды. Фильмнің сюжетін оқып шықтым, актерлер мен түсіру тобын қарап шықтым. Өзім үшін іліп алатын ештеңе таппадым. Менің ойымша: оның жеңісі «Алтын глобуспен» шектеледі, «Оскар» ала алмайды. Менің фавориттерім мүлдем басқа. Неге? Түсіндірейін.

Америкалықтар өз елдерінің даңқын асқақтата түсетін, ерлігін жырлайтын әскери киноны өте жақсы көреді. Оған 2010 жылдың жеңімпазы "Өлім қорабы" («The Hurt Locker») және 2013 жылдың жеңімпазы "Арго" («Argo») фильмдері мысал. Биыл осы тематикаға сәйкес келетін «Америкалық снайпер» бар. Сосын осы номинациядағы «Имитация ойынын» да естен шығармау керек. Фильм соғыс жайлы, анау-мынау емес Екінші Дүниежүзіліктің нәтижесіне америкалық математикатің ықпал еткені баяндалады, оның үстіне басты кейіпкер (Бенедикт Камбербэтч) — гомосексуалист. Бұл ахуал да қазіргі толеранттылық пен демократияның заманында, адам құқығына көңіл бөлініп жатқан кезеңде ерекше мәнге ие. Сондықтан, академиктердің көңілін осы екі картинаның біреуі жаулап алады деп есептеймін.

Үздік актер

Номинанттар:
Стив Карелл — «Түлкі аулаушы» («Foxcatcher»)
Брэдли Купер — «Америкалық снайпер» («American Sniper»)
Бенедикт Камбербэтч — «Имитация ойыны» («The Imitation Game»)
Майкл Китон — «Бёрдмэн» («Birdman»)
Эдди Редмэйн — «Барлығының теориясы» («The Theory of Everything»)

Жоғарыда атаған себептерге байланысты, Брэдли Купер мен Бенедикт Камбербэтчтің «Оскар» алу мүмкіндігі жоғары. Бірақ мен үшін Майкл Китон фаворит. Майкл Китон — кезінде Бэтменді сомдап атақты болса да, қазір көп жұлдыздардың көлеңкесінде қалып қойып, екінші дәрежелі рөлдерімен ғана шектеліп жүрген ортаңқол актер болып қалды. Алехандро Гонсалес Иньярриту өзінің соңғы жобасына дәл осы актерді алуы да негізсіз емес сияқты. Сюжетте, жастау кезінде Бердмэн (Құс-адам) деген суперқаһарманды сомдап, атағы жер жарған, бірақ қазір жолы онша болмай жүрген кәрі актер туралы баяндалады. Символично, иә? Шынымен де, көп сыншылар Майкл Китон бұл картинада өзін сомдады деп айтып жатыр. Оның үстіне, Майкл Китон осы рөлі үшін биыл «Алтын глобус» алды. Осылардың барлығын ескере отырып, "Үздік актер" номинациясында Майкл Китонның бағы жанады деп есептеймін.

Үздік актриса

Номинанттар:
Марион Котийяр — «Екі күн, бір түн» («Deux jours, une nuit»)
— Фелисити Джонс — «Барлығының теориясы» («The Theory of Everything»)
Джулианна Мур — "Әлі де сол Элис" («Still Alice»)
Розамунд Пайк — «Жоғалған әйел» («Gone Girl»)
— Риз Уизерспун — «Жабайы» («Wild»)

Финчердің "Жоғалған әйелін" көргенмін, мықты фильм. Әрине Розамунд Пайктың шеберлігіне күмән жоқ, бірақ «Уау» дегізген ештеңе көрмедім. «Алтын глобуста» жүлдені Джулианна Мур алды. Академиктердің таңдауы да ерекшелене қоймас деген ойдамын. Шынымды айтсам, бұл категорияда болжам жасау аса қиындық туғызып тұр.

«Екінші пландағы үздік актер», «Екінші пландағы үздік актриса» номинацияларын да өткізіп жіберейік, бұл категориялардың шешімі біз ойлағаннан мұлдем бөлек болып шығуы әбден мүмкін. Егер қызық болса айтайын, «Алтын глобуста» биылғы жеңімпаздар мыналар:

Үздік режиссер

Номинанттар:
Алехандро Гонсалес Иньярриту — «Бёрдмэн» («Birdman»)
Ричард Линклейтер — «Балдәурен» («Boyhood»)
Беннетт Миллер — «Түлкі аулаушы» («Foxcatcher»)
Уэс Андерсон — «Гранд Будапешт қонақүйі» («The Grand Budapest Hotel»)
Мортен Тильдум — «Имитация ойыны» («The Imitation Game»)

«Алтын глобуста» Ричард Линклейтер үздік режиссер атанды. Бірақ академиктердің арасында есі дұрыс адам қалған болса Алехандро Гонсалес Иньярритуға немесе Уэс Андерсонға дауыс берілулері керек деп есептеймін. Екеуі де биыл «Оскарға» лайықты. Менің түйсігім — Алехандро Гонсалес Иньяррит үздік шығады-ау деп тұр.

Шет тіліндегі үздік фильм

Номинанттар:
— «Ида» («Ida») — Польша
— "Левиафан" — Ресей
— «Мандариндер» («Mandariinid») — Эстония
— «Тимбукту» («Timbuktu») — Мавритания
— "Ерсі оқиғалар" — Аргентина

Мен тек «Лефиафанды» ғана көрдім. Ол картина биыл «Оскар» алып жатса, «Түһ, несіне беріп жүр» деп өкініш білдіретіндер саны аз болатынына сенімдімін. «Левиафан» биыл жеңіп алуға боларлық сыйлықтар мен жүлделердің біршамасын алды. Жаңа Ресей тарихында алғаш болып «Алтын глобусқа» да ие болды. Америка Ресей билігінің шамына тию үшін осы картинаға «Оскарды» ұстатып жіберуі әбден мүмкін.

Үздік визуал эффектілер

Номинанттар:
— "Капитан Америка: Қысқы жауынгер"
— "Маймылдар ғаламшарының таңы"
— "Галактика сақшылары"
— "Интерстеллар"
— "Х-адамдар: Өткен болашақтың күндері"

Былтыр техникалық жетістіктеріне беретін (монтаж, эффектілер, т.б.) «Оскарлардың» барлығын дерлік "Гравитация" жеңіп алған болатын. Биыл техникалық жағынан өте керемет жасалған фильм бар болса, ол — «Интерстеллар». Ғалымдар тіпті «Интерстеллар» үшін теорияларды визуализациялау кезінде байқаусызда жаңалық та ашып алыпты. Киноның құдіретін көрдіңіз бе?! Биыл визуал эффектілерден «Оскар» алуға бәрінен бұрын «Интерстеллардың» мүмкіндігі жоғары деп есептеймін.

Бар болжамым осы. Қалған номинацияларды өздеріңіз нетіп аларсыздар. Америка киноакадемиясының 87-ші марапаттау шарасы 2015 жылы 22 ақпанда таңда өтеді.

Қосымша:
«Алтын глобус-2015» жеңімпаздары
«Оскар-2015» номинанттары
Әрі қарай

Өнер адамдары Қазақ Хандығының 550 жылдығына дайындалуда

Қазақ Хандығының 550 жылдығын тойлауға дайындық басталып кетті. Еліміздің, ұлтымыздың мерейін асқақ ететін дүбірлі мерекеге өзін патриот санайтын азаматтар қолынан келгенше ат салысуда. Мысалы, интернет желілерінде танымал болған суретші Аңсаған Мұстафа әзірден-ақ атаулы мерекенің жақсы өтуіне ықпал етуді бастап кетті.
Сондай-ақ, басқа да қолынан іс келетін азаматтар өз үлестерін қосып жатыр.

Айтар болсақ, жақында ғана Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл кітапта сонау тарихтың қойнауынан шыққан талай ақпараттар бар.


Өнер адамдарының біразы дүбірлі мерекеге дайындығын бастағаны жайлы хабарлауда. Суретші Қалиолла Ахметжан да Қазақ Хандығының 550 жылдығына қандай дайындықты бастағаны туралы ақпарат айтты. Тарих тақырыбында әдемі картиналардың дүниеге келетініне сеніміміз мол!

Әрі қарай