ЕКЕУДІҢ ХАТЫ

Ол кезде біз алтыншы не жетінші сыныпта оқитынбыз. Нақты есімде болмай тұр. Балалық шақтың тәтті кәмпитін жеп жүрген кезіміз. Жігіт, сүю, махаббат деген нәрселердің ойға кіріп те шықпайтын кезі болатын. Бірақ бәрі де бір күнде өзгеріп шыға келді…
Көктемнің шуақты күні болатын. Күн шығып тұрғанымен, қыстың сызы кете қоймаған шақ. Мамамның «қалың киін» дегенін тыңдамай, көктемнің алдамшы күніне сеніп, ауру «сатып алдым». Сабақта мазам болмай, ыстығым көтерілген соң үйге сұранып, мектептен шығып бара жатқанмын. Артымнан «Әсел, тоқтай тұршы» деген дауысқа жалт қарасам, сыныптастарым Нұрсұлтан мен Үсен екен. Не айтар екен деп ойлап тұрғанымда олар да жаныма келді. Ананы айтып, мынаны айтып, соңымнан қалар емес. Сабақтың басталып қалғаны қашан, ал олар әлі менің арқамнан қалар емес.
— Сендер қайда бара жатырсыңдар? Сабаққа бармайсыңдар ма?
— Біз сені шығарып салайын деп едік.
— Жайша ма?
— Жай.
Әңгімеміз осылай өрбіген-ді. Бір кезде мектептің ауласынан шығатын қақпаға жақындағанымыз сол еді, Үсен барды да есіктің аузына тұрып алды. Шығайын десем шығармайды.
— Мұның не? Негі тұрып алдың есікке?
— Сені шығармаймыз.
— Не үшін?
— Саған айтатын әңгімеміз бар?
— Ал, тыңдап тұрмын.
— Біз сені жақсы көреміз! (Дәл сол кездегі жай-күйімді айтып жеткізе алмаймын. Ең алғаш рет «махаббат жырын» естіп тұрмын, оның үстіне сыныптастарымнан!!!).
— Құршы бар, ойнамай!
— Шынымен айтамын. Осы күнге дейін айта алмай жүрген едік.
— Мейлі, бірақ екеуің бірдей жақсы көрмейтін шығарсыңдар?
— Екеуміз де жақсы көреміз. Сенің жауабыңды күтеміз!
— Далбасаламай былай тұршы!
Сол кезде сөзге араласқан Нұрсұлтан қолыма кішкентай қалташаға оралған бірдеңені ұсынды да, Үсен екеуі мектепке жүгіріп кете барды. Өзім онсыз да дене қызуым көтеріліп тұрған мен, үйге денем бір ысып, бір суып әрең жеттім. Үйге келе салып, қалташаны ашып қалсам хат пен кішкентай ғана әдемі алқа екен. Хатта не жазылғанын өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар. Ал содан жатып кеп ашуланайын. Қырсыққанда төсекке таңылып, 1 апта сабаққа бармадым. Мектепке баратын күні екеуіне де әдемілеп хат жаздым ( Нұрсұлтанның алқасын қайтарып бердім) да, сумкама салып алып бардым. Сыныпқа кіргенім сол еді, мені көрген сыныптастарым шулап кетті. Қып-қызыл ӨСЕК жүріп жатыр екен. Ол кезде анкета деген нәрсені толтырушы едік қой, мен жоқта соны толтырған Үсекең бар сырын жариялап қойған. Бәрі хабардар. Жынымның шыққаны-ай! Содан сабақтың ортасында екеуіне хатты бердім де, олармен сөйлеспей қойдым. Бұрын Үсенге ешқандай дұшпандығым жоқ болса да содан кейін оны жек көріп кеттім. Тіптен араласпай, амандаспай кеттім. Ал Нұрсұлтанның маған хат жазғанын ешкім білмейді. Сондықтан онымен бұрынғыдай болмаса да, сөйлесіп жүрдім. Сөйтіп жүріп тоғызыншы сыныпты бітірдік. Нұрсұлтан колледжге оқуға түсті де, Үсен мектепте қалды. Бірақ әлі де араласпаймыз. Уақыт зымырап жүргенде мектепті бітіретін уақыт келді. Үсенмен әлі де араласпаймын. Бір күні сыныптағы жігіттер екеумізді татуластырды. Ең болмағанда мектепті бітіретін кезде достасып кетіңдер деп, амандасып, сөйлесетіндей дәрежеге жеткізді.
Мен бітті деп ойлап жүрген махаббат хикаясы мұнымен аяқталмапты. Бір күні Үсекең келді де қолыма бір дәптерді ұстата салды. «Қазір емес, үйіңе барған соң оқышы» деді. Жарайды деп сөмкеме салып қойдым. Сырты ақ қағазбен оралған, 12 парақтық, кәдімгі дәптер. Үйге барып ашып қалсам, іші толған өлең. Бейшара ғашық жырларын соған тізе берген. Ал Нұрекең болса мектепті бітірген соң сырға салып қоятын, Үйленетін болып шыға келді. Менің пікірімді сұрап жатқан ешкім жоқ. «Қой, қой» деп жүріпт тоқтаттық…
Қазір Нұрсұлтан үйленген. Үсен әлі күнге дейін «Менің алғашқы махаббатым» деп отырады. Кейіннен екеуінің айтуынша, мен екеуіне жауап хат жазған соң бір қырдың басына шығып алып оқыпты. Әлбетте ол жерде қуанатын хабар жоқ, екеуі әбден ашуланған. Мектеп бітірген соң күлген. Қателеспесем, Үсеннің сол дәптері үйде сақтаулы тұрған болуы керек.
Әрі қарай

ЖЕТІМ ҚОЗЫ

Қазақта баласын «қошақаным», «құлыншағым», «ботақаным», «лағым», «балапаным», «күшігім» т.б. аттармен еркелетету әдеті барын кім де болса мойындары сөзсіз. Халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовті де атасы «Қоңыр қозы» деп еркелеткенін білеміз.
Бірақ мұнымен ешкім де баласын малға теңеп жатырмын деп ойламайды, керісінше кез келген төлдің сүп-сүйкімді, адамды өзіне баурап алатын қасиеті барын мойындайды. Сондай әппақ, сүйкімді қозының бірі біздің үйде де болды. Қозы кімде жоқ дейсің, ауылдағы әр үйден табуға болады деп ойласаңыз қателесесіз. Біздің қозымыз жетім еді.
Бірде қыс ортасында үйдегілер әлдеқандай шаруамен Шардара жаққа кеткен. Шаруаларын бітіріп, түнде үйге қайтып келе жатқан кезде жолдың жиегіндегі қарайып жатқан бірдеңені байқайды. «Бұл не екен» деген қызығушылықпен тоқтап қараса, кіп-кішкентай, жаңа туған қошақан екен. Өзінің түрі аянышты. Тегінде, қой сыртта жүріп қозылап, оны қойшы көрмей қалған болуы керек. Қарны ашып, жаурағаннан мәңіреп, шарасыз халде тұр. Ағаларым біреудің отарынан адасып кеткен болар деп жан-жағына қарайды, бірақ түн ортасында атыраптан оны іздеп жүрген ешкім байқалмайды. Не істемек керек? Көлікке салып алып кетейін десе, ұрлық жасаған болып шығады. Тастап кетейін десе, қошақан таңға дейін суық пен қарны аштықтан өліп қалуы мүмкін. Әлгі қозы да «Мені тастап кетпей, өзіңмен ала кет» дегендей арттарынан қалмайды дейді. Содан, не де болса тәуекел деп әппақ қошақанды көлікке салып үйге алып келеді.
Үйге келген соң оны жылы үйге кіргізіп, пештің жанына орналастырдық. Өзі сондай кішкентай, сүйкімді. Бөтелкеге сүт құйып, емізікпен тамақтандырдық. Алғашында мынауың не дегендей жатырқағанмен, артынша үйреніп алды. Солайша сол қошақанды бір аптадай үйдің ішінде асырадық. Күнде белгілі уақытта емізікпен сүт береміз. Жағдайы жақсарған қозымыз аз-ақ күнде ет жинап, қойларға қосуға жарап қалды. Сонда ғана оны қыста сыртқа шығарылмай, қорада қолдан шөп беріп отырған отардың арасына қостық. Бірақ әлгі қошақанымыз адам көрсе артына еріп кете баратын. Оны құдды бір қой емес, адам туғандай еді. Қойлардың арасына барып дауысыңды шығарсаң болды, жүгіріп жетіп келеді. Оны жұрттың бәрі танып алды. Тіпті, бір күндері қойларға ілеспей қалып, сиырлармен бірге өріске шығатын болды. Ол аз десеңіз, тауықтарға ұқсап, үйдің айналасына келіп, итпен достасып, екеуі күннің астында жатады. Төбетіміз де оны көргенде «е, сен бе?» дегендей, үріп, қуып мазасын алмайтын. Оны бірінші рет көрген кімде болса таң қалып, күлуші еді.
Уақыт деген жүгенсіз ат емес пе?! Оны ұстап тұруға ешкімнің құдіреті жетпеген. Жетпейді де. Біздің баладай өбектеп, қолдан тамақтандырып, кішкентайларымыз қызық көріп ойнап жүрген сол қошақанымыз өсіп, тоқтыға айналды. Енді ол балаларға да бұрынғыша қызық емес. Ешкім де оны ермек қылмайды. Бірақ ол бәрібір адамға жақын болды. Осынау дүниеге келген сәтінде алғашқы жылулықты, мейірімді адамнан көргеннен болар, «мені жатсынбаңдаршы» дегендей көзі жәудірей, кешірім сұрағандай, үйдің алдынан кетпейді. Дегенмен, өмірдің жазып қойған заңы бар. Оны өзгерту ешкімнің қолынан келмесі анық. Күндердің күнінде әлгі тоқтымыз қозылап, саулыққа айналды. Өзі де ана болды. Қозысын туғаннан бастап жалап, өбектеп, үстіне түсіп кете жаздады. Өзі анасынан көрмеген мейірімді баласынан аямайын дегені болар. Бір кездері қорғансыз, айдалада қалған қозы екенін ұмытып, бүгін өз баласына қамқор болып, оның қорғанына айналды. Қошақаны маңыраса болды, жетіп барады. Осылайша өмір жалғасын тауып, жануарлар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы өз ретімен жүріп жатты.
Бұл жалғанда мәңгілік кештеңе жоғы тағы ақиқат. Егер біздің өміріміз мәңгілік болса, онда мән-мағына қалмас еді. Әр өмірдің соңы бар. Баяғы бір замандарда анасынан ажырап айдалада қалып, Алланың қалауымен адамдардың мейірімділігінің арқасында өмірін жалғап, қозысын емізіп, еміренген қой өзінің бір күндері қонақтың арнайы сыбағасы ретінде емес, арам өлуден сақтап пышаққа ілініп кете барарын көз алдына елестетіп те көрмеп еді…
Әрі қарай

ӨМІР ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ - 2

Өмір дейміз. Өмірім қиын, Құдай маған бақ бермеген шығар деп айтатын адамдарды көп кездестіремін. Иә, өмір қиын екені рас. Ол сонысымен де өмір емес пе. Кімнің тіршілігі оп-оңай дейсіз?! Әркімнің өзіне жараса проблемасы, тауқіметі бар.
Өзіңіз ойлап көріңізші, өмірді сынақ дедік. Ендеше, не үшін ол оп-оңай болуы керек. Оқу орнында сессия уақытында тапсыратын емтихандарыңызға да дайындалып барасыз емес пе? Әрбір сұрақты қайталап, жаттайсыз. Ал сынақ тапсыру уақытында қанша жерден біліп тұрсаңыз да қобалжу болатыны өтірік емес қой. Сонда адамдардың қолымен жасалған сынақ соншалықты қиын болғанда, Жаратушы дайындаған сын не үшін оңай болуы тиіс?! Ақылымның кіре бастағаны ма, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастағаным ба, білмеймін, осындай ой түйдім.
Жоғарыда өмір-сынақ пен білім-сынақты мысал ретінде салыстырдық. Бірақ екеуінің айырмашылығы да аз емес. Себебі сіз оқуда сізге түсуі мүмкін сауалдарды нақты белесіз. Қолыңыздағы 25 билеттің бірі келеді. Ал өмір-сынақта алдыңыздағы емтиханды болжап та біле алмайсыз. Алдағы 1 минуттың ішінде не болатынын білмейтін адам оны қайдан білсін. Сондай-ақ, адамдар дайындаған сынақтан адамды паралау арқылы түк болмағандай өте шығасыз. Ал өмірде жалғанды жалпағынан басқан миллионер, президент, әкім болсаңыз да, кімге «аға-көкелеп» жалынсаңыз да сізге ЕШКІМ көмектесе алмайды. ЕШКІМ! Тек өзіңіздің сабырлылығыңыздың, төзімділігіңіздің арқасында ғана қиналмай өтуіңіз мүмкін.
Өмірге кінә артуға ешкімнің де хақысы жоқ! Себебі миллиондаған ұрықтың ішінде жеңіске жетіп, жалғанды көру мүмкіндігін ие болдыңыз. Біз, адамдар, бұл пәниге мақсатсыз, ешбір себепсіз келген жоқпыз. Ендеше «Мен кіммін? Қайда барам? Не жасауым керек» деген секілді сауалдарға іштей жауап іздеп көрейікші.
ӨМІР… қиын, ауыр, қызықсыз болса да ТАМАША!
Барлық достарма айтарым: «Бұл жалғанда қанша сыналсаңыздар да, жапа шексеңіздер де, Мәңгілік өмірде Алланың нұрына шомылуды жазсын!
Бақытты болыңыздар! Өмірді мәнді өткізіңіздер. Ол енді қайтып келмейді. Дәл қазір өткен секундымыздың өзі артқа шегінбейді.
Әрі қарай

ӨМІР ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Өмір… Өмірді бес күндік жалған дейміз. сынақ дейміз. Әйтеуір өмір жайлы толғанып, ойланарымыз хақ. Адам өмірінің әр кезеңінде өмірді әр қырынан көреді екен. «Жап-жас болып мынаның басына не күн туды» деп ойлап отырған боларсыз. Иә, мен бар жоғы өмірімнің 22-інші жылын сүріп келемін. Алда қанша өмірім барын бір Алла біледі. Біз оны тіпті болжап көруге де қауқарсызбыз. Осы өмір-майданда Алланың маған дайындап қойған сын-емтихандарын көріп, бірінен оңай, бірінен сүріне-қабына өтіп келемін. Менің түсінген бір нәрсем — кез келген адамның өмірінің қандай болуы оны қоршаған адамдарына байланысты болып жатады екен. Мүмкін, мен қателесіп отырған болармын. Бірақ мен солай түсінемін. Өзіңіз жан-жағыңызға қарап, байқап көріңізші. Біреулермен тілдессеңіз еңсеңіз көтеріліп, өмірге деген құштарлығыңыз артып, кез келген қиындықты жеңіп шығуға қауқарлы екеніңізді сезінесіз. Ал басқа бір топтағы адамдармен сөйлессеңіз керісінше, өмірден түңіліп, бас кешіп кеткіңіз келеді. Аллаға мың тәубе деймін, өмірде жақсы адамдар бар, өте көп! Адам анадан туылғанда жақсы, жаман болып бөлінбейді. Тек өсіп, өмірге деген көзқарастары қалыптасқан шақты нәпсінің жетегіне беріліп, шайтанның арбауына түскен жандар нашар адам болып шыға келеді де, жүрегіндегі иманын толықтырып, жетілдіріп отыратын адамдардың жүзінде нұр ойнап, ізгі жанға айналады. Мен адамдардың бәрін жақсы көремін. Тек кейбіреулерінің ниеттерін ұнатпаймын. «Біреуге жақсылық жасамасаң да, жамандық жасама» деген қағидаға сүйене отырып, ешкімді ренжіткім келмейді. бірақ адамның бәріне бірдей жағу қиын екен. Сондықтан кейбіреулерді ренжітіп алған болуым да әбден мүмкін. Ондай жандар осы жазбаны оқып отырса басымды иіп кешірім сұраймын. Өз басым өз кінәсін мойындап, қателігін түсініп кешірім сұраған адамды кешіруге дайын тұрамын. "Қолда бар алтынның қадіріне жетпейтін" пендеміз ғой. Өзіме де, басқаларға да қолдағы, басымызда барымызды бағалауды үйренуді тілеймін. Адам баласы 5 минуттан кейін не боларын білмейді. Оған көзім толық жетті. Сол себептен де барынша қазіргі сәтті пайдалануға тырысамын. Адамдардан тек жақсы қасиетті, ізгілікті көруге талпынамын. Өзімнің де бойымнан тек әдемі қасиеттерді көрсетуді қалаймын. Кейде ол ниетіме жетіп жатамын. Мақтанғаным емес, өткенде бір досым «Неге сіздің жан-дүниеңіз кіршіксіз, тап-таза» дейді. Олай емес екенін мен де, ол да жақсы біледі. Ондағысы тек мені жақсы көріп, құрметтегеннен туған сөз. Бірақ осы бір ауыз сөзі арқылы менің өзіме деген сеніміді оятып, сол сөзге лайықты болуға тырысуыма себеп болды. Осы орайда бір досымның өлеңі есіме түседі.
Адамды жақсы көрем арманы үшін,
Жандарды биік тұтам талғамы үшін.
Аллаһқа сан мәрте шүкір етем,
Сендей жанның өмірде болғаны үшін",- деп көңіл-күйімді тағы бір көтеріп еді. Жақсысы мен жаманы, қуанышы мен қайғысы, күлкісі мен көз жасы қатар жүретін өмірде маған қолдау көрсетіп, жаныма сәуле шашатын жандарға алғыс айтамын. Мен сіздерді жақсы көремін! Алла жүректеріңіздегі иманнан, адамға жақсылық жасағыларыңыз келіп тұратын пәк сезімнен айырмасын. Жанымызда жүр жақсы адам. Тек бағалай білейік!
Әрі қарай

ШҰБАЙҚЫЗЫЛ немесе жетім тағдыр

Ол пойыздан сыртқа көз тастап келе жатыр. Шыны терезенің ар жағында көзтартарлық заңғар таулар, көк өзендер, жасыл желекке оранып келе жатқан балғын көктемі ерекше табиғат менмұндалап көз тартады. Ол өзінің туған жеріне, отанына келе жатқанын әлі білген жоқ. Тек көктемнің жұпар ауасымен құшарлана демалып, ләззат алып келеді…
… Айқыз жастайынан тағдыр тауқіметін бастан кешірді. Олай демегенде ше. Есін білер-білместен ата-анадан айырылды. Әке-шешесі қызын әдейі тастап кеткен жоқ. «Ажал» деп аталатын сұм ерлі-зайыпты қос жанды бір-ақ күнде өзіне ілестіріп кете барды. Көзі жәутеңдеп, жетімдердің қатарын толықтырған бүлдіршін қыз түкке түсінбей аңырып қала берді. Ата-анасын арулап жер қойнына тапсырған ағайын-туыстары алғашында Айқызға жамандық көрсете қойған жоқ. Бірақ бұл өмір дегенді қойсаңшы. Адамның жүрегіндегі мейірімнің азайғаны ма, нарықтық заманның шалығы ма, әйтеуір, жетім қызға қарасар жандардың саны күн санап азайып бара жатты.
Өздері тұратын ауылда келбетіне көз тоймайтын әдемі де заңғар тау бар болатын. Бірде өзімен қатарлас қыздармен тау аңғарында жарыса ойнап жүрген. Бір кезде өзі тұрып жүрген ағасының үйіндегі жеңгесі шақырды. Айтқанды екі етсін бе! Ұшып барды. Үйіне келсе бөтен адамдар бар екен. Бұл олармен жай салқын ғана амандасты да қойды. Қонақ болып отырған ерлі-зайыпты жандардың әйелі тал шыбықтай бұрала өсіп келе жатқан қыздан көзін алар емес. Мейіріммен қарайтындай ма. Әуелгіде қыз түкке түсінбеді. Бірақ өзіне жылы қарап, тәтті беріп, басынан сипап еркелетіп отырған әйелдің қамқорлығы жетім қыздың көңілін босатып, оның құшағына еріксіз құлата берді.
Бұл ерлі-зайыптылар отасқандарына жиырма жыл болса да, перзент көру бақытына ие бола алмай жүрген шетелдік бейбақ жандар еді. Ажырасып кетейін десе араларындағы сезім оларды ажыратпайды. Осылай жүргенде, олардың басына бала асырап алу жайлы ой келді. Бұл ойды екеуі де бірауыздан қостай кетті. Өз елінде бала асырап алу оңайға түспейді. Сондықтан оны шетелде іске асыруды ойлады. Мың ойланып, толғанып, қазақ ұлтының қаны таза болатынын ескеріп, баланы осы елден асырап алуды ұйғарды. Ғаламтор арқылы біршама мәліметтер жинап, әлеуметтік желілер арқылы бірнеше адаммен достасты. Оларға өздерінің жағдайын түсіндіріп, көмек берулерін сұрады. Нәтижесінде Тимур есімді азамат оларға көмектесетіндіктерін жеткізді. Содан кейін екеуі артынан жау қуғандай асығыс-үсігіс жиналып, Қазақстанға жол тартты. Келе сала Тимурды тауып алды. Қазақстандық азамат шетелдік қонақтарды жылыұшырай қарсы алды. Алғашында оларға үлкен ақша үшін қызмет жасамақ болған. Бірақ ерлі-зайыптылар өз бастарындағы жағдайды етегін көлдете айтып берген соң шын ниетімен қол ұшын беруге ниет етті.
Тимур негізінен қалада тұрғанымен, түбі Айқыз тұратын ауылдың жігіті еді. Күнкөрістің қамымен үлкен қалалардың бірінде тіл үйрету курсында голланд тілінен сабақ беріп жүрген. Сондықтан Голландия елінен келген қонақтармен тіл табысу қиынға соқпады. Олар өз тілектерін білдіргенде де бір оқпен екі қоянды атып алуды көздеген-ді. Біріншісі- табыс табу болса, екіншісі – жат қолында жетімдіктің күйін кешкен Айқызды, мейлі, шетел асса да жағдайы жақсы, өзіне қамқор болатын жандардың қолына тапсыру болды. Олай ойлайтын жөні де бар. Себебі, Айқызды алыс туыс ағасы да, жеңгесі де өз баласындай көрген емес. Қаршадай қызды үйдің ауыр тірлігіне жегіп қойғанын да талай көрген. Өздерінің шиеттей алты бала-шағасы тұрғанда оларға жетім қыздың қажеті де шамалы еді. Жетім деп есіркеп, басынан сипайын десе, басына жетсе, аяғына жетпейтін қу дүние мүмкіндік бергендей де болмаған екен.
Тимур голландиялықтарды бірден өз ауылына ертіп әкелді де, Айқыздың аға-жеңгесінің үйіне жол алды.Түрлері бейтаныс, ұлты бөлек жандарды көргенде үй иелерінің түсінбей қалғаны да рас. Сондықтан Тимур оларды оңашаға шығарып алып, бәрін бастан-аяқ түсіндірді. Сөз арасында қомақты қаржы беретінін де қыстыра кетті. Үй иелері алғашында не деп жауап берерлерін білмей қалды. Дегенмен, ақша туралы естігенде жоқ дей алмады. Осылайша Айқыз тау асып, көл асып Голландияға кете барды.
Шетелдік ата-анасы қызды өбектеп, айналып-толғанып, бар жағдайын жасап өсірді. Кішкентай кезінде дауысының кең екендігін байқап бірден вокал үйірмесіне берді. Ай артынан айлар, жыл артынан жылдар сырғып өтіп жатты. Уақыт өте келе Айқыз әлемге танымал әнші болды. Түрлі шетелдерге шығып, миллиондаған көрерменнің қошеметіне ие болды.
… Қазір пойызда келе жатқан Айқыз Қазақстан еліндегі өзінің туып-өскен мекеніне арнайы шақыртумен келеді. Бірақ ол бұрын-соңды болмаған еліме келе жатырмын деп, әсем табиғат пен кәусар ауаға тамсанып келеді. Онымен бір купеде отырған шетелдік ата-анасы да өзгеше толқыныс үстінде. Себебі олар осыдан бірнеше жыл бұрын осы даладан өз бақыттарын тапқан болатын. Бірақ ол жайлы қыздарына тіс жарған емес. Орайы келгенде өз елінде айтармыз деп келе жатыр.
Әнші қызды мұнда табанын жерге тигізбей мол сый-құрметпен күтіп алды. Айқыз мұншама ыстық ықыласқа дән риза. Бірақ неге екенін қайдам, өзінің баяғыдан іздеген сағынышын тапқандай, адамдардың жүздері жылыұшырап, бұрын-соңды болмаған күй кешуде. Мұндағы әрбір ағаш, әрбір гүл, өзен, тау таныс секілді, бұрын көргендей ме қалай. Оның себебін өзі де түсінер емес.
Кешке тау бөктеріндегі концерт өтетін ашық алаңға халық лық толы жиналды. Әнші қыз мұнда ерекше дайындықпен келген. Кешті жүргізуші оны хабарлап, сахнаға шақырғанда қол-аяғы дірілдеп, буыны босап өзгеше сезімді басынан өткізді. Сахнаға шығып әнін бастай бергенде көзінен бір тамшы жас еріксіз ыршып түсті. Ол сонда да тоқтамай, әнін жалғастыра берді. Қазаққа тән қоңыр дауысты, қаракөз қызды көрген халық бір сәтке демдерін іштеріне тарта қалды. Әнші қыз бір сәт тауға қарағанда көз алды тұманданып, балалық шағы санасында қайта жаңғырды. Өзінің Отанын шын таныды. Бүкіл әнді елін сағынаған шерменде көңілдің даусымен, сағыныш толы әуенмен айтып, бір сәтке де көзінен жас, көңілінен толқыныс арылмады. Оның мәнісін көрермендер түсінбесе де, жүректен шыққан әнді тебірене тыңдап, олар да көздеріне жас алды.
Айқыз бәрін де есіне түсірді. Иә, бұл оның кіндік қаны тамған жері, ата-анасынан көз жазып, тағдыр талайына ұшыраған жері, жалаң аяқ жер басып, асыр салған жері, соңында ағайынға сыймай шетелге сатылған жері. Әнді аяқтағаннан кейін ол көрермендерге қайта-қайта тағзым етіп, қара топырақты сүйе өкіре жылады. Бұл – оның өз қанын тапқан, өз Отанын тапқан, өзінің балалық шағын тапқан қуаныш көз жасы еді. Осы сәтте ата-анасы оңтайлы сәттің келгенін түсінді. Өздерімен бірге жүрген тілмаш арқылы, Айқыздың тағдырын көрерменге қысқаша ғана жеткізді. Жетім қыздың өз ата-анасын көрген көнекөз қариялар мен олардың қатарластары «Бейбақ қызым-ай», «Шетелге сатылған шермендем-ай» деп, оған мүсіркей қарап, күрсініп, жылап жатты.
Барлық шындыққа көзі жеткен Айқыз шетелдік ата-анасына ешқандай кіна таға алмады. Әлдеқашан топырағы тапталып кеткен туған ата-анасының басына барып, құран бағыштап, тағзым етті. Бірнеше күн өз ауылында болып, табиғатынан нәр алғандай болды. Бірақ, өзінің өскен, жетілген, азаматтығын алған отанына оралуы керек. Себебі, мұны бәрі де сол елдің азаматы, әншісі ретінде қабылдап, мойындап кеткен.
… Содан бері бірнеше жыл өтті. Әр жылдың көктемінде Айқыз туған жерге оралып, ата-анасының басына зиярат жасап кететін болды.

P.S: Айқыз да Шұбайқызыл қызғалдағындай шетел асып кетті. Әр көктемде ол да қызғалдақтай туған жерге келіп кетеді. Ол да қызғалдақтай Голландияның азаматтығын алып, әлемге солай танылып кетті. Қызғалдақ секілді оның да отаны Қазақстан екенін дәлелдеуге дәрмен жоқ…
Әрі қарай

ШАЙҚАЛҒАН ТАҒДЫР

Сұлужан атына заты сай әсем де көрікті бойжетті. Оған көз салушы жігіттер өте көп-тұғын. Бірақ өзінің сүйгені бар болғандықтан ешқайсысына алаңдамаған. Өмір – теңіз болса, адамның тағдыры толқын сынды екен-ау. Сұлужанның бейбіт аққан тағдыры бір күнде шайқалды да кетті.
...Құрбысы мұны серуендеп қайтуға шақырды. Сырлас қызбен біраз жүріп, көңіл көтергенде тұрған не бар? Сонда да болса әлденеден секем ала берді. Екеуі құрбысы жалдаған таксиге отырды. Біраздан соң қасындағы қыз:
— Мұнда туысқан әпкем тұратын еді. Соған кіріп, бір нәрсе бере кетуім керек еді,
деп көлікті жолдағы бір үйге бұрғызды. Зорлағандай етіп Сұлужанды да ертіп алды. Бұл аулада жүрген көп әйелді көріп тісініп қалды. Сонда да құрбысының соңынан еріп, оңашалау бөлмеге енді. Дастархан жайылып, шәй келген тұста құрбысы бірдеңені сылтауратып сыртқа шығып кетті де, артынша гүр етіп оталған жеңіл машинаның дауысы естілді. «Ол мені осында әкеліп, өзі қашып бара жатыр ма?» деген оймен орнынан көтеріле бергенде, қолдарына ақ жаулық ұстаған бір топ әйел кіріп келді. Олар есікті жапты да, аңырайып тұрып қалған Сұлужанның басына орамал салуға кірісті. Бұл шамасы келгенше қарсыласқанын ғана біледі, арғы жағы түс көргендей болып кетті. Есінен танып қалған қыз өзіне-өзі келгенде төсекте жалғыз жатыр екен. Бөлмеде ешкім жоқ. Есікті сыртынан құлыптап кетіпті. Бұл түктің мәніне түсінбей есікті ұрғылап, айқайға көшті. Сол кезде біреудің бері қарай жүрген аяқ дыбысы естілді. Бейтаныс жігіт есікті ашып ішке енді де бұған жымия қарап, өзіне үйленгісі келетінін айтты. Сұлужан оны өмірінде көрмеген. Бірақ арам ойлы құрбысының арқасында амалсыз тұтқынға түсіп отырғанын сезді де, жалына бастады. Сүйген жігіті бар екнін де жасырмады. Ал анау ештеңені тыңдар емес. Сөзге құлақ аспады, жалынғанына да көнбеді. Бұл сол үйге келін болып қалып кетті…
Түндерде дөңбекшіп ұйықтай алмай шығады. Көз алдына мұны өсектеп жүрген адамдар, кінәлай қараған өзінің ата-анасы, бұдан көңілі суыған сүйген жігітінің түрлері елестеп, тек соларды ғана ойлаумен болады. Ақыры ауырып тынды. Халі нашарлап бара жатқан келіндерінің дәрігерге көрініп қайтамын деген сөзіне иланған ата-енесі көне салды. Зорлықпен келін болып түскен үйге Сұлужан қайта оралмады. Олар да соңынан іздеп келмеді. Ал ауылда гу-гу сөз, әрине. Әркім әр нәрсе айтады, жап-жас өмірі тас-талқан болып, тағдыры талапайға ұшыраған қыздың жағдайын ешкім де анық білмейді. Жиырмадан енді ғана асқанда, болашаққа деп көптеген жоспарлар сызып қойғанда, сүйгеніммен ғұмыр бойы бірге боламын деп армандап жүргенде, тосыннан соққан дауылдан бәрі де быт-шыт болды. Үміті үзілді, сенімі жоғалды, атына кір келді, енді бұдан былай не істерін де білмейді. Адамдар мұны сыртынан саусағымен көрсетіп, табалап жүргендей түйіле берді. «Өз еркімен кеткен қыз неге қайтып келеді, бір қайнауы ішінде ғой» дегендей Сұлужанға күдікпен қарайды. Кейде жаны қатты қиналғанда өзіне-өзі қол жұмсағысы да келеді.
Үйден шыға алмай, еш кінәсі жоқ болса да жұртқа көріне алмай, іштей қуыстанып жүрген бақытсыз бойжеткеннің түпкі ойын сезіп қойды ма, әйтеуір бауырлары басқан ізін аңдып, он екіде бір гүлі ашылмаған жауқазынның ерте солып қалуына жол бермеді. Бірте-бірте осынау тірлігіне де, жайсыз жағдайына да көндіге бастады. Осынау сәтсіздіктің бақытсыздық еместігін түсініп жетіп, келешегіне қамданды. Бар жақсылықты алдағы күндерден күтті. Уақыттың емші екені рас. Әйтсе де жүрегінде бір ауыр тас бардай, сол тастың зілтабан салмағы кеудесін тік көтеріп жүруіне, көпшілікке тайсалмай қарауына мүмкіндік бермейтін сияқты. Іштей өзін алдап ертіп барып, бейтаныс жігітке жолықтырған құрбысын кінәлады. Өзі сүймейтін, тіпті бұрын-соңды көрмесе де қыздың болашақ тағдырын ойламай зорлықпен алып қалған күйеуін жазғырды. Сондағы әлсіздігіне, шарасыздығына қатты күйінді. Өмір дауылынан шайқалған тағдыры енді қайтып тіктеле ме екен? Қыздың нәзік жанын түсінетіндер табыла қояр ма екен?
Әрі қарай

СТУДЕНТ КЕЗДЕГІ ҒАШЫҚТЫҚ немесе ғашық болғым келеді...

Біз алғаш танысқан кез қыстың шыңылтыр аязды күні болатын. Менен 2 курс жоғары оқитын Шолпан екеуміз әлдебір іспен бір жерге баратын болып, автобусқа отырдық. Соңындагы 2 орын бос болғандықтан, сонда барып жайғастық. Онда бізден бөлек 2 бозбала отырды. Оның бірі сен едің. Шолпан екеуміз үндемей отырсақ та сендер танысайық деп коймадыңдар. Біз жай ғана атымызды айттық та, межелі жерден түсіп калдык. Сенің бет-бейнең есімде де қалмады.
Ертесіне сабақ уақытында аудиториядан шығып, далізде кетіп бара жатқам, артымнан 3-4 баланың дауысы шыкты. Бұлар кімдер деп қарап едім, сұңғақ бойлы, талдырмаш, келбетті жігіт «Салем » деді. Алғашында танымай, түріне қарап тұрып қалдым. Сен де соны байқап «танымадың ба? мен ғой » деп есіміңді айттың. Сонда барып мен сені есиме тусіріп, амандастым. Бірақ дәл сол мезетте саған ғашық болып қалғанымды сезбеген де едім…
Содан бастап мен университетте елеңдеп, өзіңді іздеп жүретін халге жеттім. Менің бұл жағдайымды группадағы қыздардың бәрі білетін еді. Солардың көмегімен сенің бізбен бір корпуста оқитыныңды, бізден 2 курс жоғары екеніңді білдім.
Бірде кешкісін сабақтан шығып аялдамаға бара жатсам, бір топ баламен тұр екенсің. Мені көрдің де "Қалайсың, досым? " деп айқайладың. Мен сені көргендегі қуанышымды білдірмеуге тырысып, барынша сыпайы жағдай сұрастым. Оқу корпусында өзіңді аңдумен болатынмын. Құрбыларым да сені көріп қалса жерден жеті қоян тапқандай жетіп келіп, маған айтатын. Аңғалдық-ай десеңші. Неткен ғашықтық деймін қазір ойласам. Э
Солайша сезімге толы күндерім өте берді. Есімдеқалған бір оқиға, кешке сабақ бітіп, 2-ші қабаттан төментүсіп келе жатқанбыз. 1-ші қабаттың фойесінде бір топ жігіт тұр екен. Мен мән бермеп ем, құрбыларым сенің де бар екеніңді айтып, түртпектей бастады. Дұрыстап қарасам, о тоба (!) менің арманыма айналған сен тұрсың. Сол кездегі жайымды сөзбен айтып жеткізк мүмкін емес. Көзім қарауытып, аяқтарымды дұрыс баса алмай қалдым. Қыздардың көмегімен есімді жиып, бірінші қабатқа да жеттім-ау. Сен мені көрдің де, күлімсіреп амандық сұрастың. Барынша салқынқанды болуға тырыстым сонда. Біз жандарыңнан өтіп кеткеннен кейін қасыңдағы балалар менің кім екенімді сұрап жатты сенен. Ал сен « Сен мени кордин де кулимсиреп, амандык сурастын. Барынша салкынканды болуга тырыстым сонда. Биз кастарыннан отип кеткенмен кейин касындагы балалар менин ким екенимди сурап жатты сенен. Ал сен «3 курста оқитын қыз ғой. Өзін көрсем балапан көргендей боламын» дедің. Ал біз сол сөздеріңе күліп баражатқанымызды сезбеген де едің…
Мен 3-ші курсты бітіргенде сен 5-шіні тәмамдап, диплом алып кеттің. Содан кейін мен сені университетте кездестірген жоқпын. Есесіне, сол кездегі сәнге айналған агент желісінде достарымның әлемін шарлап отыр едім, „Таныс болуыңыз мүмкін“ деп сенің суретің шыға келді. ойлануға уақыт жоқ, жалма-жан сенің әлеміңе сүңгіп кеттім. Әр суретіңді көрген сайын тамсанып, ерекше қуанышқа бөленіп отырғанымды бүгін мойындамасқа лажым жоқ. Бірақ оны ешкімге де білдірген жоқпын. Ал ертесіне сенің маған достыққа сұраныс жібергеніңді көргенімде төбем көкке екі елі жетпей қалғандай-ақ болды. Бірден достастым. Солай біз виртуалды әлемде дос болып, хат алмасып тұратынбыз. Сен менің шағын денеме, аңқау түріме қарап па, әлде менен өзіңнің үлкендігіңді сездіргің келе ме, білмеймін, үнемі „балапан, ботақан“ деп атайтынсың. Мен сол сөзіңе еркелеп жүре беруші едім. Бірде сен менің ұялы телефонымның нөмірін сұрадың. Бердім. Хабарласып тұрдық. Кездесуге шақырсаң, неге екенін білмеймін, үнемі келіспейтінмін.
Біздің арамызда ештеңе болған жоқ. Менің саған деген іңкәр көңілімнен басқа ештеңе де бізді жалғамайтын. бірақ мен ешқашан да саған сезімімді білдірмейтінмін. Барынша сездірмеуге тырыстым. Оның үдесінен шықтым деп те ойлаймын. Сенің менімен қандай оймен араласқаның бір Аллаға, сосын өзің аян.
Сен өте келбетті едің. Сені көрген кез келген қыз „мына жігіттің әдемісін-ай“ деп қарап өтетін. Сонымен қоса сыртыңнан көрген жан сені көкірек, адам менсінбейтін деп ойлаушы еді. Бірақ ешқайсысы сенің бойыңдағы мейірімділікті, еркелікті, сезімталдылықты көргісі келмейтін. Саған ғашық қыздар өте көп еді. Тіпті маған келіп саған ынтық екендігін айтқан қыздар да болды. Мен ләм-лим деп тіл қатпайтынмын. Сенімен араласатыным түгіл, танитынымды да айтпаушы едім. себебі, оның көңілін су сепкендей басқым келмейтін…
Бірде сенің нөміріңнен маған түсініксіз хат келіп жетті. Ашып оқыдым да, қолым дірілдеп, жүрегім дүрсілдеп, сол заматта-ақ сенің нөміріңді жойып, агентте елеусіз достардың қатарына қостым. Содан кейін біздің байланысымыз үзілді.
… Мен төртінші курсты бітіретін жазда әпкемнің үйінде жүретінмін. Бір күні әдеттегідей жездем, әпкем, жиендерім — бәріміз ауладағы шағын дәмханаға бардық. Үй ыстық болғандықтан біраз сергіп қайтқымыз келген. Үлкендер жағы сыра ішіп отыр, ал балалар соларға жақын жерде қыдырып жүрміз. Біз күнде азық-түлік алатын дүкен болатын. Ондағы сатушы ерлі-зайыптылармен жақсы сөйлесетінбіз. Сіңлім балмұздақ жеймін деген соң сонда кіріп, балмұздақ таңдап тұрғам… Бір қарасам есіктен жүзің нұр шашып сен кіріп келе жатырсың! Адам мен адам кездеседі деген сол екен ғой! кірдің де сатушымен жақын амандаса бастадың. Мені көрдің де, сен де таңғалып тұрып қалдың. Сосын амандық сұрасып, немен шұғылданып жатырсың деп жөн сұрастық. шамалы сөйлескеннен кейін мен сыртқа шығып кеттім. Бардым да үлкендердің қасына отырдым. Бірақ көңілім алай-дүлей… Екі көзім дүкеннің есігінде. Көп күттірмей сен де шықтың-ау. бардың да бір топ ксінің қасына барып жайғастың. Ал мен байқатпай ғана саған қарап қойып отырмын. Сол кезде жездемнің темекі шеккіштігі ұстап, маған әкеліп беруді өтінді. Жарайды деп, қайтадан дүкенге кеттім. Сол екі арада сен маған „үйдегілер кеткен соң қалшы. Өзім шығарып саламын. Сөйлесейік“ дедің. Ал мен ештеңе деп жауап бермей, жымидым да кетіп қалдым. Солай отырғанда түнгі 12-ден де асып кетті. Кішкентайлар шаршай бастағаннан кейін, үйге барып ұйықтайық деп біз де орнымыздан көтерілдік. Бірақ мен сенің өтінішіңді орындамадым. Түннің бір уағында сенімен жалғыз қалу да ақымақтық болар еді. Біздің тілдесуіміздің алды-арты сол болды…
Содан бастап дүкендегі аға маған қулана қарап, мені көрсе күлетін болды. Оның себебін іздеп жатқан мен жоқпын. Бірде әдеттегідей қажетті затымды алып, шығуға ыңғайланып тұрсам, сенің атыңды айтып „Хабарласып тұрасыңдар ма?“ деді. Мен „жоқ“ деп жауап бердім. Сөйтсем, ол сенің туған ағаң екен!
Осылайша біздің арамыздағы бас-аяғы жоқ байланыс мүлде үзілді…
Айтпақшы, жақында мен сені сыртыңнан көріп қалдым. Бұрынғыдай жүрегім тулап, көзім қарауытқан жоқ. Бірақ өткен күннің тәтті естеліктері санамда қайта жаңғырды. Жүдеп кетіпсің. Қалың ойдың құшағында бара жаттың. Басыңда бір қиындық болды-ау, шамасы. Ол жағы маған қараңғы…
Сен дәл қазір сыртыңнан осындай естеліктің жазылып отырғанын білмек түгіл, сезбейсің де ғой. Саған ғашық болған қияли қызды ұмытып та кеткен боларсың. Бірақ саған бақыт тілеймін. Кездесіп қалған күнде сенің көзіңнен мұң емес, қуаныш, Сенің бақытты жанұяның отағасы болып жүргеніңді көргім келеді. Одан артық ештеңе де тілемеймін.
Ал мен өзіңдей жанға ғашық болғаным үшін өкінбеймін. Ең бастысы біздің арамызда жаман естеліктер қалған жоқ. Тек таза, шынайы оқиғалар ғана болды. менің Сені жек көріп кететін тірлік жасамағаның үшін бақыттымын…
Пысы: Әңгіменің бас жағы ұялы телефонмен терілгендіктен қазақша әріптер жоқ. Жазғыра көрмеңіздер!
Тағы да тура солай ғашық болғым келеді…
Әрі қарай

ПОЙЫЗДАҒЫ МАХАББАТ

Біз Нұрболмен Қызылорда-Көкшетау бағытындағы пойызда таныстық. Маусым айының соңында бір туысымыздың тойы болды. Сол тойдың ертесіне таңғы 6.30-да (уақыты нақты есімде жоқ. Тек таңертең ерте екені белгілі) арман қуып Астанға жол тартуымыз керек болған. Сонымен тойдан кеш шыққанбыз, ұйқы қанбаған күйде теміржол вокзалына бет алдық. Әлі пойыз келмеген екен. Айтпақшы, біз төрт адамбыз. олар: мен, мамам, құрбым, бөлем. көптен күткен пойызымыз да келіп тоқтады. Ұят та болса айтайын, сол жолы билет болмай, жолсерікпен келісіп "қоян" болып мінгенбіз. Біз кіргенде вагондағылардың бәрі тәтті ұйқыда жатқан болатын. Тек шет жақта бір жігіт ояу екен. Қасындағы орындар да бос екен. Содан уақытша сол жерге жайғасып, шай ішіп алайық дедік. Туыстарымыз жолда жейсіңдер деп қазы-қарта дейсіз бе, ет дейсіз бе, тәтті-пәттілерді үйіп-төгіп салып берген. Пойыздағы шай ішуге арналған столдың айналасына 5 адам жайғастық. Мамаларды білесіздер ғой, әлгі жігітпен сөйлесіп, шүйіркілесіп кетті. Сондағы олардың әңгімесінен ұққаным: мынау қасымызда отырған ақ мәйкі киген жігіттің есімі Нұрбол. 1987 жылы туылған. Өзі Лугавой (қазақшы Жуалы ма, білмеймін) деген жердің баласы. Қызылордада теміржолдың оқуын тәмамдап, диплом алып еліне қайтып келе жатыр. Бар білгенім сол болды. Оның маған қызығы да шамалы еді. Бар ойым тезірек қарын тойғызып алып, ұйықтау. Мамам студент екенсің ғой, ата-анаңнан жырақта жүр екенсің деп ана баланың аузына барын тығып жатыр. Онда да шаруам болмады. Өйтіп-бүйтіп қарынға ел қондырып алдым да, бос орынға жатуғы кеттім. Мамам да, бөлем де ұйқыға кірісіп кетті. Тек құрбым ғана онымен сөйлесіп отырған болатын. Мен ұйықтаймын деп жатқаныммен, оңдырғаным шамалы. Ары-бері аунап жатыр едім, құрбымнан «біз жаққа келсей, ұйықтай алмай жатырмын» деген смс келді. жарайды деп бардым. Екеуі әңгімені жіберіп отыр. шамалы отырғаннан кейін әңгімелері қызық болмай, қайта кетіп қалдым да, ұйықтадым.
… Пойыздың тоқтаған дауысынан оянып кеттім. Лугавой стансасына келіп жетіппіз. Орнымнан тұрып, беті-қолымды жуайын деп кетіп бара жатсам, әлгі «студент» бала түсіп барады екен. «Жақсы. Оқуға түсіп кетіңіздер» деп тілек айтып бара жатты. мен де ұйқымды дұрыстап аша алмаған күйде сау болыңыз дедім де алдынан өтіп кеттім.
Сол жолы Астанаға аман-есен жетіп алдық. Ол жақта не істегеніміз жайлы бөлек әңгіме қылармын.
… Тәңірдің жазуымен Астанаға емес, Шымкент қаласына оқуға түстім. 1 курстың қазан немесе қараша айы болатын. Түн болып, төсек салып жатқам, телефоным шырылдады. қарасам, бейтаныс нөмір. Алдым. Ар жағынан бір жігіттің даусы шығады.
— Қалайсың?
— Жақсы, шүкір.
— Не істеп жатырсың?
— Ұйықтайын деп жатырмын.
— Не жаңалық?
— Ешқандай. Кешіріңіз, мен сізді танымадым. Кімсіз?
— Кім екенімді айтардан бұрын бір сұрақ қоямын. Жауап бересіз бе?
— Кім екеніңізді айтыңыз. Сұрақты сосын қоясыз.
— Әсел, жігітің бар ма? осы сұрағыма жауап берші.
— Жоқ, жігітім жоқ. Енді айтыңыз, кімсіз?
— Сіз мені ұмытып кеткен шығарсыз. Мен сені бір көріп ғашық болған адаммын.
— Жұмбақтамай кім екеніңізді дұрыстап айтпасаңыз, қазір телефонымды өшіре саламын.
— Жоқ, өшірмеңіз. Мен жазда пойыздағы баламын ғой. Сендер мамаң, құрбың бәрің мініп едіңдер ғой. Есіңде ме?
— Иә, есімде. Қызылордадан қайтқан жігітсіз бе?
— Иә, солмын. Қалайсың өзің?
— Жақсы. сіздің есіміңіз кім еді?
— Нұрбол…
Осылай екеуміз сөйлесіп кеттік. Ол бірінші рет сөйлескен кезде-ақ барын жайып салды. «Сені бірінші рет көргенде-ақ саған ғашық болып қалдым. Сол кезде сен ұйықтап жатқан кезде сенің құрбың Малика маған сенің өлеңдеріңді, әңгімелеріңді көрсетті. Саған деген құмарлығым одан сайын арта түсті. Сосын құрбыңнан сенің телефон нөміріңді сұрап алып қалдым. Содан бері батылым бармай, енді ғана қоңырау соғып тұрмын. Пойыздан түскеннен кейін, сені қимай, пойызда жүрегім кетіп бара жатқандай әсерде қалдым… Бүгін сенімен сөйлесіп тұрғаныма қуанып тұрмын» деп ағынан жарылды. Мен тіпті не дерімді де білмей қалдым. Себебі, бұрын-соңды маған үлкен жігіттер сезімін білдірмеген еді. Не керек, содан кейін ол күнде қоңырау соғып тұратын болды. Үйінің жалғыз баласы, бір қарындасы бар екен. Оқуды бітіргеннен кейін үйіндегілер үйлен деп жатыр екен. айтпақшы, ол сол кезде Алматыда жұмыс жасап жүрген болатын. Солай жүргенде қыс келді. Шымкентке барсам, маған жақсы жауап бере аласың ба деп сұрайтынды шығарды. Бірде маған оқуыңды Таразға ауыстышы? деді. Мен олай жасай алмайтынымды айттым. Біздің байланыс тек телефон арқылы жүзеге асатын. Оны жақсы көрмесем де, күнде хабарласып жүрген соң бауыр басып бара жаттым. Күндердің күнінде ол хабарласпай қойды. Алғашында алаңдасам да, іздеген жоқпын. 1 апта уақыт өткеннен кейін бейтаныс нөмірмен қоңырау соғып тұр. Ұялы телефонын жоғалтып алыпты. Маған ренжіп қалды ма деп қорқып хабарласып тұр екен. Содан ол менімен аған емес, мамаммен де сөйлесуді шығарды. Ал мамам ол жігіт жақсы болғанымен алыста тұрады, оның үстіне сен әлі кішкентайсың дейтін. Қойшы, не керек солай сағызша созып жүргенде көктем де келді. Сәуір айында телефон нөмірімді ауыстырдым. Оған айтқан жоқпын. Сөйтсем ол құрбым арқылы үйдің нөмірін алып, мамама қоңырау соғыпты. Мамам «балам, менің қызым әлі кішкентай. Қазір тұрмысқа бере алмаймын. Ал сен үйленетін жігітсің. Өз теңіңді тап» дегендей әңгімелерді айтыпты. Соның артынша біздің үйдің де, құрбымның да телефон нөмірі ауысып кетті.
Осылайша бір жігіттің махаббат дастаны аяқталды. Қазір кей кезде есіме түссе сағынышпен еске аламын. Ол иманды, намаз оқитын, мейірімді жігіт болатын. Бүгін қайда жүр, не істеп жүр, білмеймін. Үйленіп, балалы-шағалы болып, отбасына имандылықтың үлгісін көрсетіп жүрген азамат болғанына сенемін.
Әрі қарай