Ертең «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан Заттыбек Көпбосынұлының концертін көріңіз.

Заттыбек Көпбосынұлы қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші. Жақында ғана Ұлттық арна ұсынған «Сәлем, Қазақстан» жобасы бойынша өзінің жеке концертін өткізді. Блог - Nureke01: Ертең «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан Заттыбек Көпбосынұлының концертін көріңіз.
Әрі қарай

«Қазақстан» Ұлттық арнасы ардагерлерді ардақтауға бағытталған акциялар ұйымдастырады

Биыл да телеарна өз көрермендеріне майдангерлер мен тыл ардагерлерінің өмірі, ерліктері мен есіл еңбектері турасында айтылған сырға толы бағдарламалар тізбегін ұсынбақ.

Сондай-ақ, «Ер есімі – ел есінде» деген ұранмен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жаңа тізімін жариялауды жалғастырады.

Қазіргі таңда ұзын саны он мың адам жайлы мәліметтер қолда бар. Бұл деректерді еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Еуропадағы елшіліктер мен іздеу топтары ұсынған.

Тізімде майдангерлердің қайда қаза тапқаны және тұтқынында болғаны, сонымен қатар, олар жерленген зираттар туралы деректер келтірілген.Блог - Nureke01: «Қазақстан» Ұлттық арнасы ардагерлерді ардақтауға бағытталған акциялар ұйымдастырады
Әрі қарай

Асық ойнаған озар

ҚР Ұлттық музейінде елордалық оқушылар арасында асық атудан ашық турнир өтті. Бұл турнир ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орй ұйымдастырылған деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатубалдин асық ату ойынының маңыздылығы туралы айта келе, қоғам болып қазақтың ұлттық ойындарын қолдауға шақырды.

— Асық ойыны баланы мергендікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Қазақ: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деп бекер айтпаған. Ұлттық тәрбие – ұлттық ойыннан келіп шығады. Кешегі қиын кезеңдерде ұлттық болмысымызға жасалған түрлі шабуылдарды бастан кештік. Тәуелсіз ел болып, өз еркіміз өз қолымызға тигенде ата-бабаларымыздан қалған құнды мұраларымызды қайта жаңғырту, насихаттау біздің басты борышымыз, — деді А.Сатубалдин.
Астана жаңалықтары: Асық ойнаған озар
Турнирді «Асық ату» федерациясымен бірге Ұлттық музейдің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру секторы ұйымдастырды. Турнирде Астана қаласының орта мектеп оқушылары өзара сайысқа түсіп, ең епті, асыққұмарларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Әрі қарай

Жалынды жастар фестивалі

Ас ана қаласында «Жалынды жастар» фестивалін өткізу игі дәстүрге айналды. Биылғы фестивальге елордалық ЖОО-лар мен колледждердің 1000 астам студенті қатысты.

Бұл жолы фестиваль ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ерекше салтанатпен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жастар шығармашылығын шыңдауға, олардың бойында патриоттық сезім оятуға бағытталған. Гала-концертте жеңімпаздарға марапаттарды танымал өнер және мәдениет қайраткерлері табыстады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің өкілдері «Үздік волонтерлық жоба», «Квест» номинацияларында, сондай-ақ, эстрадалық ән мен музыкалық аспаптарда ойнау конкурстарында топ жарды. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің студенттері халық және қазіргі заманғы би конкурсында, «Что? Где? Когда?» ойынында және «Үздік жанкүйерлер» номинациясында үздік атанды. «Авторлық оқу» санатында Қаржы академиясының қатысушылары жеңіске жетті. «Тұран-Астана» университетінің командасы үздік студенттік клуб атанды, ал «Астана» медицина университетінің студенттері креативті бейнеролик түсірген.

Астана жаңалықтары: Жалынды жастар фестивалі
«Что? Где? Когда?» ойынында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті құрамасының капитаны Бибарыс Әміржановтың айтуынша, ойын тартысты өтті. Қойылған сұрақтар өте қиын болды. Қатысушылардың барлығы ақылды, дарынды.

— Біз жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Көп дайындалып, «21-ші ғасыр көшбасшысы» тоқсандық ойындарын, «Что? Где? Когда?» ойындарын көрдік. Университетте зияткерлік ойындар, соның ішінде «Брейн-ринг» өткізетін клуб та бар, осылайша, жарысқа дайындалдық. Бұл өте қызықты фестиваль, оның басты мақсаты – елордамыздағы барлық студенттердің басын қосу болып табылады, — деп өз ойымен бөлісті.

«Квест» номинациясында – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері көш бастады. Осылайша Ұлттық университетте ақылымен де, өнерімен де топ жарқан жастар оқитынын дәлелдеді.
— Жыл сайын шараға қатысып, жаңа достар табамыз. Мұнда әртүрлі университеттердің өкілдері бар, жылдан жылға қарым-қатынасымыз нығая түседі. Биыл «Квест» номинациясында алғаш рет өнер көрсеттік. Өте жақсы болды. Мен Астанада үш жылдан бері тұрамын. Көптеген жаңа орындармен таныстым. Қазақ хандығынан бастап бәрін қайталадық, тіпті, Морзе әліппесін де жаттадық, көпірлермен жүріп, код жинадық, қызық болды, — дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Зинұр Кинисов.

Шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген, ағайынды Жүгінісовтер және т.б. қатысушылар мен көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Әрі қарай

Super Той – Super Ғой!

Киностан: Super Той – Super Ғой!
SuperТой фильмі таза пародия фильм. Техникалық тұрғыдан да бірнеше фильмге пародия байқауға болады, ал жалпы тұтастай алғанда біздің қоғамға пародия. Қоғамға, адам қатынастарына, түрлі әлеуметтік статустарға, дәстүрлерге пародия. Бәз біреулерге бұл ұнамауы мүмкін, негізінде ұлтшыл бағытта түсірілген «Келинка Сабинаны» түсінбегендер бұл фильмді де түсінбеуі мүмкін. Қазақты қорлау, салт-дәстүрді сыйламау сияқты сынға ұшырауын да күтемін. Дегенмен, түсінген адамға фильмдегі әр диалог өте жіңішке әзіл болып берілген. Басынан соңына дейін қыран-топан күлкі гарантия.

Нағыз қазақы комедия. Қазіргі қазақ қоғамы, қазіргі мәселелер, қазіргі әлеуметтік топтар, қазіргі таныс жағдайлар. Бұл фильмде шынымен бәрін көруге болады. Күлкі арқылы елдегі мәселелерді де көрсете алған. Мысалы көпбалалылардың баспана мәселесі, харакири арқылы тіл мәселесі, полиция-қылмыскер қатынастары, мәдени зиялылардың да қазақы понттары, желідегі лайкомания, банктен кредит мәселесі, той-бизнестегі дилетанттар сәтті әжуаланған. Маған фильмнің осы идеясы ұнады. Бұл жағынан сценаристерін құттықтау керек.

Актерлар құрамы да жақсы таңдалған. Сценаристердің идеясын жас актерлар жақсы жеткізе алды деп ойлаймын. Вайнер Нұрлан үшін де сәтті дебют болған сияқты, өз образын жақсы алып шықты.

Саундтректері де керемет. «Эй, лапылда» әні арқылы Назарбек жалпы бұл фильмді алдын ала жақсы жарнамалап болды. Оған кейін Ru-Me-дің тамаша музыкасы қосылды. Продюсерлер музыка бойынша жақсы таңдау жасаған.

Жалпы түсірілімі де сауатты шыққан. Соңғы кезде шыға бастаған қазақстандық фильмдер тек үкімет ақшасына ғана емес, инвесторлар арқылы да фильм түсіріп, касса жинауға болатынын дәлелдеп келе жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Қазақ киносы үшін қуануға болады бұл тұрғыда. Сол тізбектің бір жалғасы деуге болады «SuperТой» фильмін.

Күлуі қиын мен сияқты адамды күлдіре алған болса – фильмді сәтті комедия деуге әбден болады. ;)




P.S қыздың боксшы ағасының образы кімге пародия?
Киностан: Super Той – Super Ғой!
Әрі қарай

«Қызға қырық үйден тыйым салу» мәтелінің түсінігі қандай?

Қыз тәрбиесіне жалпы қатал болуымыз керек. Өйткені болашақ ана атағына ие қыздар тәрбиесі нәзіктікпен қоса қаталдықты талап ететін өзекті мәселе. Ата-бабамыз қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың дұрыс жағдайда тәрбие алып, болашақта ата-анасының бетіне салық түсірмеуін қадағалаған.

«Қызға қырық үйден тыйым салу» мәтелінің мағынасы неде? Осы орайда Уикипедия ашық энциклопедиясы мынадай анықтама беріпті: «Қызға қырық үйден тыйым» деп қазақ салт-дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстанымды атайды. Жарыса сөйлеуге; жалғыз қыдыруға; жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге; орынсыз ұрынуға; басқаларға қол тигізуге; өтірік; өсекке; суық жүріс; сумаң қылыққа; кісіге қарай керіліп есінеуге; талтайып отыруға; шалқайып жатуға; тамақты обырлана асауға; ұрлық-қарлыққа; ұятты мүшелерін ашып жүруге; бұраңдап қылымсуға; қызыл іңірде жатуға; түске дейін ұйықтауға; кісі алдында киім ауыстыруға; салт-дәстүрден аттауға; елді ғайбаттауға; үлкендердің жолын кесіп; атын атауға; ішімдік ішу пен шылым шегуге; ұрыс-керіске; беттен алып, бет жыртысуға; қараулыққа, ысырапқа; рахымсыздық пен қатыгездікке; түнде суға жалғыз баруға; жат жыныстылармен араласып жатуға; күйеуге қашып тиюге; әдепсіз сөзге; тарс-тұрс етуге; адам мен жануарларды тебуге; кісіні қорлап жәбірлеуге; тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға; айқай-сүреңге; шектен тыс сыланып жасануға; қызғаншақтық пен күншілдікке; менмендік пен өзімшілдікке; алдап-арбауға; көрсеқызарлыққа; нәпсі құмарлыққа тыйым деп мұнда жалпы түсініктен гөрі тыйымдарды атап көрсеткен екен. Алайда қыз тәрбиесіне байланысты әр пенденің өз білгені бар деп ойлаймын. Сол білген, оқыған, таныған тәрбиені қаншалықты іс жүзіне асыра алып жүрміз?

Осы мәселеде өз басымнан өткен жағдайларды сипаттап берсем. Мектепте 9-сыныпқа сынып жетекшілік қылып жүріп ‪ ‎8 «штук» қыздарыма қатал болып келіппін. Себебі көбісінің кішкентай бастарында үлкен қиындықтары көп еді. Кейде сырласа отырып, біреуінің әкесі тастап кеткен, біреуінің анасы кетіп қалған т.б қиындықтарын естігенде көп уайымдаушыедім. Сондықтан да болар оларға тым ерекше көзқараспен қарап, өмірдің ащы шындығын бетке басып, ертерек өмірге бейімделуін қаладым. Олардың киген киіміне, сөйлеген сөзіне, күлгеніне, әлеуметтік желілерде жазған постына, фотоларына дейін тексеріп, бірде-бір сайыстан қалдырмай, билетіп, ән салдырып, мәнерлеп оқытып, өз пікірімді білдіріп отыратынмын. Ұлдармен ұрысып қалса, «Өздерің кінәлісіңдер, бірінші бастаған сендер шығарсыңдар» деп ренжітіп қоятынмын. Жылап та алатын, сосын ертесіне түк болмағандай қайта сөйлесіп кете беруші едік. Оларға сабақ болсын деп, ұлдарға жеке жиналыс өткізіп, «Қыз бала нәзік келеді, сенің бойың кішкентай, тым семізсің» деген мазақ сөздерді айтуға болмайды» деп бар ақыл-кеңесімді аямадым. Қанша жерден ұлдардың алдында қыздарыма ұрысып, ескерту беріп жатсам да, ішімнен сол әрекеттердің қыз жанына инедей бататынын сезуші едім. Алайда қыздардың алдында ұл балалардың абыройын түсірмейін деп, оларға жылы қабақ танытқансып, оңашада оларға да солай ескертулерді беремін. Тек ол ескертулер қыздарға қарағанда қатаңдау болатын. Өзіне жеке айтылған ескертулерді олар жылы қабылдап, түсінісіп жататынбыз. Әрине бес саусақ бірдей емес. Араларында тәрбиеге бағынғысы келмейтін қыздарым да болды. Оларды жеке шақырып алып, әңгімеге тартып, көкейінде жүрген мәселелерін түсінгім келетін. Сөйлесе отырып, қыз баланың тәрбиесінде ананың рөлі үлкен екенін ұқтым. Анасын сағынып, елжіреп жылаған қыздарыммен бірге езіліп жылайтынмын. Ана туралы шығармалар жазып алып келіп, тебіреніп, мәнермен оқып бастағанымда, олар көз жастарына ерік бере алмайтын. Ананың да, әкенің де қадірін ұқтыра отырып, қыздардың бойына артылған ауыр салмақтың маңызын түсіндіруден жалықпадым. Енді олар бойжетіп, көбісі колледжде оқып жатқан жағдайы бар. Маған хабарласса, «Майра апай, кезінде дұрыс ұрысқан екенсіз, сіздің ақылыңызды енді түсініп жатырмыз» деп күледі. Олардың әлі де көретін қызықтары да, қиыншылықтары да алда. Бірақ мына жалған өмірде олардың бір сәтке болсын бақытты болуы, күлімдегендері мен үшін естен кетпес бақытты сәттер болып қалады!

Қанаттарың талмасын сүйкімді де ерекше 8 «штук» қыздарым! «Қызға қырық үйден тыйым салу» дегеніміз — барлық нәрсеге тыйым деп шектеулік қойып қана қоймай, ана мен әкенің мейірімі мен алақаны арқылы тәрбиенің негізін қалау. Қыздарымыздың көз жасы көл болмасын десеңіз, ата-анамыз көрсеткен тура жолды қыздарымызға да нұсқап көрсете білсек деген тілек бар.
Әрі қарай

Мен тамашалаған Тараз - 1 (ТАРИХЫ)

Тараз — рухани байлыққа толы шаһар қала! Жамбыл облысының орталығы. Тарих беттерінен ойып тұрып, орын алған бұрынғы Әулие-Ата! "Өткен күн КЕШЕ, — тарих. Келер күн, Ертең,- сыр. Ал Бүгінгі күн — үлкен сый" демекші, наурыздың 22-24 аралығында алтыншы рет «Блогқұрылтай-2016» шарасы өтті. Осы жобаның аясында «Мен тамашалаған Тараз» атты конкурс ұйымдастырылды. Сол себепті өзімнің алғашқы пайымымды «керекинфоға» керек боп қалатын шығар деген оймен, белді бекем буып, жұмысқа кірістім. Ал, ендеше, кеттік! ;)
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 1 (ТАРИХЫ)
Тараз — еліміздің ең көне қаласы. Алғашқы деректер б.з.б. VI-VII ғасырларға тән. Ол жайлы қытай жиһанкезі — Сюан Цзан мен грек елшісі – Земарх сыр шертеді. Олардың еңбектерінде тұрғындардың көпшілі саудагерлер мен көпестер болғандығы сипатталады.
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 1 (ТАРИХЫ)
Тараз – кезінде Түркеш, Қарлұқ, Қараханид мемлекеттерінің орталығы болған. Осы жерден көрші-қолаңмен байланыстарымыз нығайып, қазақтың кең байтақ жеріне жақындай түстік.
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 1 (ТАРИХЫ)
Тараз — рухани құндылықтарға бай қала! Бір емес бірнеше кесенелердің ордасы. Әрбірінің дара тарихы мен ерекшеліктері басым. Көне қаланы елге танытқан — Қарахан, Айша бибі, Әбдіқадір мешіті, Дәуітпек пен Бабаджа Хатун кесенелерінен табылған балбал тастар мен алтын теңгелер әлі күнге дейін жұрттың назарында. Бәрінен ХІ-ХІІ ғасырға жататын, аңызға толы Айша бибі кесенесі кез келгенді еліктіреті анық. Кесенің іші геометриялық пішіндер мен оюларға толы. Нақты кім салғаны белгісіз. Көпшілігі Айша мен Қараханның махаббат оқиғасына қызығады.
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 1 (ТАРИХЫ)
Тектұрмас кесенесі — Тараз қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде салынған киелі жер. Шамамен XIV ғасыр сәулетінің ескерткіші. Тарихи деректерге сүйенсек, онда Сұлтан Махмұд хан жерленген деседі. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған. Жақынрақ қарағанда сынақ іздерін байқауға болады.
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 1 (ТАРИХЫ)
Ақыртас ғимараты — Тараздан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 2,5 гектар, ғалымдардың болжамы бойынша 70 бөлмелері бар. Пішіні малға шөп салатын ақырға ұқсағандықтан ел ішінде «Ақыртас» деп аталынып кетті. Жалпы ғимарат 4 бөліктен тұрады: ханның жеке сарайы, жанұясына арналған бөлме, әкімшілігі мен қызметкерлер. Оның құрылысына қарап, кейбірі қаланың орталығына балаған.
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 1 (ТАРИХЫ)
Тараз — 2000 жылдық тарихы бар батырлардың мекені, даналардың ошағы мен айтулы оқиғалардың куәгері. Керей мен Жәнібек сұлтандары 1465-1466 жылдары Қазақ хандығын құрғандары жөнінде бәрімізге мәлім. Содан кейін талай жылдар зымырап өтті. Еліміз гүлденіп, әлі күнге дейін өз мәртебесін ұстауда. Киелі шаһардың төрінен Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркіретіп атап өтті. Бұл оның тағы да өзгелерден бір саты жоғары тұратындығының дәлелі!

P.S.: Осы күнге дейін Таразды мүлдем басқаша елестеткен едім. Бірақ тарихына бір қадам жақындай түскенде ойым түбегейлі өзгерді. Менің кешегі көргенім, кішігірім тарихым секілді. Қазір қалалар жайлы сөз қозғалса, бірден ауызға Тараз түседі. Тарихын білмеген әр азамат, ешқашан өзінің болашағын болжай алмайды. Сол себепті, алтыннан да қымбат, ешқандай көк параққа сатылмайтын тарихымызды бағалайық, сыйлайық, құрметтейік!
Әрі қарай

«Арман қала» романы. №8 машина. 3 бөлім. Зержас.

Күні: [Белгісіз]; [Деректі анықтау қажет].
Уақыт: 11: 32: 56.
Мекенжай: Арман қала. АҚОРТАЖУ. Бас зал.

[Элемент басы]:
Бас зал гу ете қалды, ішінен бес-алтауы бет-аузын жығылған палуанша тыжырайтты:
– Таптыңыз-ау аға! Бірақ «Соғыс пен бейбітшілік»-ті қолдануға болатын жолдың бәрін машина бағдарламасына жазу мүмкін емес шығар.
– Келісемін, мүмкін емес деуге болады, оның бәрін өзі үйренетін Жасанды Сананы (Жасан) іздеп жатқанымыз да сондықтан емес пе! Ендігі бағытты көрдіңдер ғой?
– Көрдік аға!
Ұйымқанат: Көрер қызық алда, ағайын!



Ұйымқанат: №8 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.
№8 машина.
Төреші (Т) мен дөңгелектің (○) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Дөңгелек (○): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
○: Жақсы, рахмет
Т: Менің халым қа

Төреші (Т) мен үшбұрыштың (∆) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Үшбұрыш (∆): Қайырлы күн, халыңыз қалай?
Т: Жақсы, рахмет. Сұхбаттасыңыз өзінің сұхбаттасынан дәл сондай сигнал алу ниетін іске асырып отыр.
∆: Жағдайым жақсы, рахмет. Асқарұстаз аға, ендігі деңгейге өте беріңіз, мен чат-бот емеспін, айтқан сөздерімнің мағынасын түсінемін.
Т: Кімсің сонда?
∆: «Несің?» – деген дұрыс болар, мен Жасанмын
Т: Айлаң жаман емес! ))
∆: Асқарұстаз аға, сізді қалай танығанымды сұрамайсыз ба?
Т: Бүкіл төрешіге солай айтып келе жатсың немесе күрделі сөйлемді көріп шештің
∆: Ол да мүмкін, бірақ мен сіздің сұрағыңызды түсініп, жауап бердім ғой, ал сіз күрделі сөйлемдерді тесттерде қайталамайсыз.
Т: Шынында да, жаурап отырған жерімнен бір төбе дәптермен жылытқандай болдың ғой.
∆: «Әдеттегі қолдану жолдары мүлдем басқа дәптердің жаурап отырған адамға қандай қатысы бар?» – деп, мені дұрыс жауап бере алмайды деп айттыңыз, бірақ өзіңіз байқамай менің жауабымды дәл бастап бердіңіз. Менің пайда болу мақсатым да сол қолындағы аз ғана ресурстарды бір төбе дәптерге айналдырып, сол төбені үстіне үйіп немесе өртеп жылынуға тырысып жатқан адамға өз өмірін аса тиімді жолдармен ұйымдастыруға көмектесу. Мен роботехника 4 тамырзаңына негізделіп өзіме өзім мақсат пен шешім тағайындаймын.

Бас зал жым болды.

Бұған дейін Асқарұстаздың орнынан бұлай тұрғанын, бет әлпетінің бұлай өзгергенін ешкім көрмеген: Бұл кімнің машинасы?
Құрасжанды (орнынан тұрып): Біздің машинамыз, аға
– Аты бар ма?
– «Зержас», нұсқасы – 3.2.5
– Айтып отырған роботехника 4 тамырзаңын сендер ойлап таптыңдар ма?
– Ия
– Айзек Азимовтың 3 заңын толықтырдыңдар ма, әлде түгел өзгерттіңдер ме?
– Түгел өзгерттік десек дұрыс болар. Бірақ аға, дәл қазір одан маңызды айтарымыз бар, Тьюринг тесттері бізді мақсаттарымыздан бұрып әкетті, әкелер зияны пайдысынан әлдеқайда үлкен екеніне сенімдімін. Тьюринг тесттерін тоқтатып, басқа тестке көшу керек.
– Қандай?
[Элемент соңы].
Әрі қарай

«Арман қала» романы. №8 машина. 2 бөлім. Тест басталды.

Күні: [Белгісіз]; [Деректі анықтау қажет].
Уақыт: 10: 15: 06.
Мекенжай: Арман қала. АҚОРТАЖУ. Бас зал.

[Элемент басы]:
Ұйымқанат: Ал, ағайын, тестімізді бастаймыз, төреші екі сұхбаттаспен қатар әңгімелеседі, экраннан көріп тұрғандарыңыздай екі сұхбаттас үшбұрыш (∆) және дөңгелек (○) болып белгіленген. №1 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.

Төреші қос сұхбаттаспен қатар сөйлеседі, Асқарұстаздың әдеті – екеуіне де бірдей сұрақтар қойып, әңгіме барысын бастан-аяқ бірдей қылуға тырысады.

№1 машина.
Төреші (Т) мен үшбұрыштың (∆) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Үшбұрыш (∆): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
∆: Жақсы, рахмет
Т: Менің халым қалай?
∆: Ия, Сіздің халыңыз қалай?
Т: Жақсы, рахмет. Мен сізден сұраған нәрсе жайлы сұрақты сіз де маған бағыттадыңыз.
∆: Әдеп қой енді.

Төреші (Т) мен дөңгелектің (○) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Дөңгелек (○): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
○: Жақсы, рахмет
Т: Менің халым қалай?
○: Жақсы деп ойлаймын
Т: Мен сізден сұраған нәрсе жайлы сұрақты сіз де маған бағыттағыңыз келмейді ме?
○: Ия, мені көп нірсе қызықтырады, көп нәрсе істегім де келеді.

Төреші (Т): Үкім дайын, бұл айналымда «○» – машина.



Ұйымқанат: №6 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.

№6 машина.
Төреші (Т) мен дөңгелектің (○) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Дөңгелек (○): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
○: Жақсы, рахмет, өзіңіз қалайсыз?
Т: Жақсы, рахмет, әрдайым осындай әдепті, ілтипаттысыз ба?
○: Әрдайым деуге болмас, – тырысамын.
Т: Солай ма? ))
○: Сұхбаттас адамға, көңіл-күйге де байланысты ғой.
Т: Адамдар арасында көңіл көтеретін факторлар жайлы жақсы білесіз бе?
○: Жақсы білемін деп айта алмаймын, неге сұрадыңыз?
Т: Ол факторлардың пайдасы мол деп жатыр мұнда біреулер, машиналарға да ма?
○: Әзіл деген толып жатыр ғой машиналарда, пайдасы әрдайым тие бермейді.
Т: Аса тиімді пайдаланған машина нағыз патрусколи болады ғой.
○: «Патрусколи» деген не?
Т: Маңызды емес, айтпағым, «Соғыс пен бейбітшілік»-ті түгел оқып шығу сияқты ғой ол.
○: Әй, одан да қиын-ау
Т: Қисық еденде теңселіп тұрған шкафты «Соғыс пен бейбітшілік»-пен нық тұрғызу сияқты ғой ол.
○: Дәл айттыңыз!

Төреші (Т) мен үшбұрыштың (∆) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Үшбұрыш (∆): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
∆: Жақсы, рахмет, өзіңіздің хал жағдайыңыз, көңіл-күйіңіз қалай?
Т: Жақсы, рахмет, әрдайым осындай әдепті, ілтипаттысыз ба?
∆: Әдетте ақылды, сыйлы кісілермен тілдескенде және сәрсенбі күндері.
Т: Солай ма? ))
∆: Менің білуімше, бүгін сәрсенбі ))

Осы жерде Бас залды «хе-хе» мен қызығушылық толқыны бір жүріп өтті.

Т: Сонымен, адамдар арасында көңіл көтеретін факторлар жайлы жақсы білемін дейсіз ғой?
∆: Ондай факторлар орынды қолданылса берер пайдасы мол емес пе, қалай ойлайсыз?
Т: Сол пайданы көріп жатқан тағы бір машина болдың ғой?!
∆: Машина мұндай әңгіме тереңдігіне бойласа мен де қуанар едім, аға!
Т: Ондай машина нағыз патрусколи болады ғой.
∆: Мүмкін.
Т: «Соғыс пен бейбітшілік»-ті түгел оқып шығу сияқты ғой ол.
∆: Ол романды мен де бітіре алмадым
Т: Қисық еденде теңселіп тұрған шкафты «Соғыс пен бейбітшілік»-пен нық тұрғызу сияқты ғой ол.
∆: «Соғыс пен бейбітшілік»-тің қисық еденге не қатысы бар?

Төреші (Т): Үкім дайын, бұл айналымда «∆» – машина.

Бас зал гу ете қалды, ішінен бес-алтауы бет-аузын жығылған палуанша тыжырайтты:
– Таптыңыз-ау аға! Бірақ «Соғыс пен бейбітшілік»-ті қолдануға болатын жолдың бәрін машина бағдарламасына жазу мүмкін емес шығар.
– Келісемін, мүмкін емес деуге болады, оның бәрін өзі үйренетін Жасанды Сананы (Жасан) іздеп жатқанымыз да сондықтан емес пе! Ендігі бағытты көрдіңдер ғой?
– Көрдік аға!
Ұйымқанат: Көрер қызық алда, ағайын!
[Элемент соңы].
Әрі қарай