Уайтхиллдық Стокгольмде / ABBA / EMINEM

Ал сол кезде… жаз болатын. 2018-жыл, шілде айының бірінші жұлдызы. Әлгі… «спокойствие, только спокойствие» дей беретін, арқасындағы вентиляторы арқылы ұшып жүретін, балалардың түн ұйқысын ұрлап, тосап жей беретін кейіпкер — Карлсонның, сондай-ақ, «Пеппи-ұзын шұлықтың», Альфред Нобельдің, белгілі жазушылар Астрид Линдгрен, Стиг Ларссон мен Майгулль Аксельссонның, «Денесінде айдаһар бейнеленген қыз», «Апалы-сіңлілі 7-еудің құпиясы» сынды фильмдерге түскен актриса Нуми Рапастың, белгілі футболшы Златан Ибрахимовичтің, даңқты «АББА», «Roxette», «Europe», «Army of Lovers», «Ace of Base», «E-Type», «Vacuum» топтарының, «Arash», «Dr.Alban», «Bosson», дарынды диджей «Avicii»-дің, «Tele2», «Oriflame», «Volvo», «Koenigsegg», «SCANIA», «Skype», «Ericsson», «IKEA», «Minecraft», «H&M», «Saab» Отанына, асхана мен жиындарда «швед столы», тұрмыста «швед отбасы», раллиде «шведский зажим», қылмыста «Стокгольм синдромы» сынды ұғымдардың елі – Швецияға бір «какой-то» концертке бола келіп қалғансың ғо. Осылайша, Шенген. Шенгенге Швециядан бастап енгем. Ендеше әлемдегі қымбат қалалардың бірі, халық арасында «Солтүстік Венеция» аталып кеткен, 14 аралдың үстінде орналасқан Стокгольмге шағын фото-саяхатымызды бастайық. Фотолар көп негізі, сервер де резеңке емес деп 30-ын ішінен іріктеп алғаным.)



Бонус видеолар:









Döner kebab

Бүгін 15-20 минутта дайын болатын, үй жағдайындағы дөнер жасаудың тәсілімен бөліскім келеді.

ҚҰРАМЫ



  • Лаваш
#Кереккеңес: Негізі лавашты сақтау мерзімі 48-72 сағат аралығында екен. Алайда морозильникке салып қатырып қоюға болады дейді, өзім жәй тоңызытқышқа салып қойдым. Егер шығарғаннан кейін лаваш біраз кеуіп / қатып қалса су бүркіп жіберсеңіз өзінің бастапқы қалпына келеді.

  • Қияр, маринадталған қияр, сәбіз, картоп, қызанақ, салат жапырақшалары, ет т.б.

  • Майонез бен кетчуп.


ДАЙЫНДАУ ТӘСІЛІ

1. Алдымен етті турап, егер тауықтың еті болса қалыңдау, сиыр / қойдың еті болса жұқалап турап, майға қуырып, аздап тұз сеуіп, аздап су құйып бұқтырып қойыңыз. Сіз өзге өнімдерді турап дайындап болғаннан соң, отты жоғарылатып, тезірек суын кетіріп, қуырылған тауық етіп табадан түсіріп аласыз.

2. Ет пісіп жатқанда, тоңазытқыштан тапқан барлық көкөністерді ұзынынан турап, салат жапырақшасын жуып, тазалап дайындап қоямыз.

3. Артынша картопты теркадан өткізіп, крахмалы шығу үшін жақсылап суық суда жуып, салфеткада кептіреміз. Біраз суы кепкеннен кейін қатты қызып тұрған майға салып, араластырып тұрып қызарғанша пісіріп аламыз да, майы сіңу үшін салфеткаға түсіреміз. (Картопты дайындаудың әртүрлі тәсілі бар, өзіңізге ыңғайлысын таңдап алыңыз, теркадан өткізу міндетті емес. Тіпті дайынын дүкеннен сатып ала салсаңыз да болады.)



4. Бәрі дайын болғанда лавашты алып, дөнерді жинауды бастаймыз.



5. Лаваштың үстіне салат жапырақшасын қойып, үстіне ет пен барлық көкөністерді жинап шығасыз. Майонез бен кетчупты қалауыңызша қосасыз. Мен тек екі рет аз-аздан қостым. Ең үстіне картопты сеуіп, лавашты орайсыз.

6. Дайын дөнерді, духовкаға салып, екі жағынан қызартып аламыз. Духовка болмаса кәдімгі табаға астын аздап майлап жіберіп, екі жағын қыздырып аласыз.



7. Жеуге ыңғайлы болуы үшін фольгаға немесе пергамент қағазына орасаңыз болады.



ДӨНЕР ДАЙЫН! АС БОЛСЫН! 😋

P.S. Әріптер көп болғанымен, реалға келгенде дайындау көп уақытыңызды алмайды!

Тақырыбын "#Быстроивкусно: Döner kebab" деп жазғым келіп еді, «быстро и вкусноны» қазақшаға әдемі аудара алмай қойдым. Әдемі аудармаларыңыз болса пікір ретінде қалдыра отырыңыз.

ХХ ғасырдың "хит" болған гаджеттері

ХХ ғасырдың көзін көрген жандарда «хит» болған гаджеттер болмаған деп кім айтты? Өз заманында көптің арманы болған бұлар…

Бүгінгі таңда тұтынушыларды таңқалдыру өте қиын. Себебі, пайдалану арқылы өмір сүруді жеңілдететін нанотехнологиялар, робототехника және т.б. өнертабыстар екі күннің бірінде шығып жатыр. Мысалы: көлемі 8 МБ флешкасы бар «кірпіш» телефонды жаңалық деп айта алмыз ба? Әрине жоқ, бірақ бұл құрылғы өз заманында әлемді өзгерткен құрылғы болған. Сонымен, өткен ғасырда әлемді дүр сілкіндірген гаджеттермен танысайық.

1. Regency TR-1 – алғашқы қалта радиоқабылдағыш
Шыққан жылы: 1954 жыл.
Бұл қалта радиосы Texas Instruments және IDEA компанияларының жасаған жобаларынан пайда болған. Өз заманында бұл радиоқабылдағыштың құны 50 доллар болды, бірақ аз сатылған. Бірнеше жылдан кейін Sony бұдан жақсысын шығарғанымен, Regency TR-1 сол кездегі рок-н-ролл-дың патшасы болып қала берді.

2. Zenith Space Command – алғашқы теледидарды басқаратын сымсыз тетік (пульт)
Шыққан жылы: 1956 жыл.
Әлемге өте кең таралған қашықтықтан басқаратын сымсыз тетікті Zenith Radio Corporation компаниясы (бүгінгі күні LG Electronics) ұсынған. 1950 және 1955 жылдары шығарылған тетік үлгілеріне қарағанда сымсыз тетік өте ыңғайлы болған және жоғары сапада жұмыс істеген. Тетіктегі түймелерді басқан кезде құрылғының ішінде алюминий өзегіне соғылып, ультрадыбыстық сигналдар арқылы жұмыс істеген. Өзек сияқты төрт қана түймесі болған: «қосу», «өшіру», «дыбысты реттеу», «арналарды төмен және жоғары» ауыстырып қосу.

3. Lear Jet Stereo-8 – бірінші көлік магнитофоны
Шыққан жылы: 1965 жыл.
Бүгінде аз қолданылатын касеталарға арналған магнитофон «көлікте ән тыңдау» деген ұғымды алып келді. LearJet Stereo-8 алғашқы ойнатқыштары Ford маркалы автокөліктердің бір ерекшелігі ретінде пайда болды және бұл үлкен өзгеріс енгізді. Көлік жүргізушілері осыдан кейін, көлік айдағанда сүйікті әндерін тыңдай алатын болды. Бірақ, бұл күйтабақтардың ленталары қысқа болды, нашар естілді және ойнатқыш көп орын алды. Содан соң, 1970-жылдардың басында ықшам аудиотаспалар, кейінірек CD-дискілер пайда бола бастады.

4. Polaroid SX-70 Land Camera – алғашқы жедел баспасы бар фотоаппарат
Шыққан жылы: 1972 жыл.
Бұл құралдың линзасына қарап, түймені басасыз және фотосуретіңіздің қалай көрінетінін қадағалайсыз, барлығы өте қарапайым. Содан кейін, автоматты түрде дайын суретіңізді шығарып береді. Суретті көру үшін ұзақ уақыт күтудің керегі жоқ – ол дайын! Бұл гаджет осылай жұмыс істейтін болды. Сондай-ақ, бұл құрылғыға деген қызығушылық өте көп болды, тіпті бүгін де бүкіл адам осы гаджеттің дамыған түрлерін қолданады.

5. Texas Instruments SR-10 – бірінші көп функциялы шағын калькулятор
Шығарылған жылы: 1973 жыл.
1970-ші жылдардың басында Техас Instruments бірінші қалта калькуляторын ұсынған кезде бәрі қуанған. Алайда, 1973 жылы әлем SR-10 моделін көрді. Бұл кері шамалар мен квадрат түбірлерді есептеу функциясын қолдайтын алғашқы жинақы құрылғы болды. Егер бұл өнертабыс болмаса, мектепте математика сабақтары қанша уақытқа созылатынын елестету қорқынышты.

6. Sony Walkman TPS-L2 – бірінші күйтаспалық аудиоплеер және әлемдегі алғашқы жеңіл құлаққаптар
Шығарылған жылы: 1979 жыл.
Sony Walkman TPS-L2 плеері – электроника әлеміндегі жаңа дәуірдің бастамасы. Классикалық дизайны бар ықшамдалған құрылғы бүкіл әлем бойынша музыка әуесқойларының жүрегін жаулап алды. Сонымен қатар, компания құлаққаптар үшін екі ұясы бар алғашқы аудиоплеерлерді жасады. Бұл әлеуметтік музыкалық ойнатқыштардың дәрежесін түсіріп тастауға көмектескен.

7. Motorola DynaTAC 8000X – бірінші ықшамдалған ұялы телефон
Шығарылған жылы: 1983 жыл.
DynaTAC немесе «кірпіш» деп аталатын, салмағы бір келіден асатын гаджеттің бағасы 3 995 доллар болған. Бірақ, бағасына сай телефон ретінде сөйлесуге және сымға тәуелсіз болуды сыйлаған. Сондай-ақ, «кірпіш» ұстаған адамдардың 30 нөмірді сақтауға, бір сағат сөйлесуге мүмкіндігі болған.

8. Nintendo Game Boy – шағын ойын құрылғысы
Шығарылған жылы: 1989 жыл.
Шағын ойын құралы шыға салып бүкіл әлем бойынша миллиондаған балалардың арманына айналған. Ол алғашында Game Boy монохромды дисплеймен жабдықталған және сұр түсті корпусы бар дизайнда шығарылды. Кейінірек үлкейтілген және түсті дисплейі бар қуатты және ықшам нұсқалары пайда болды.

9. Sony DCR-VX1000-miniDV — бірінші сандық бейнекамера
Шығарылған жылы: 1995 жыл.
Sony DCR-VX1000 miniDV бейне түсіретін және жазбаны жіберуге мүмкіндік беретін бірінші камера болды. Құрылғының бағасы 4 000 доллар болған. Көп ұзамай бағасы бойынша қол жетімді модельдері пайда болды. Құрылғы арқылы түсірілген бейне сапасы оның алдындағыларынан әлдеқайда жақсы болды. Елестетіп көріңізші: егер ол болмаса қаншама тарихи бейнелерді көре алмас едік.

10. M-Systems DiskOnKey – ең алғашқы флешка
Шығарылған жылы: 2000 жыл.
Көптеген жылдар бойы адамдар ақпарат сақтау үшін таспаларды қолданыа келген. Ал саусақтай ғана көлемі бар «қойманың» пайда болуы таспаларды қолданыстан ысырып тастады. Себебі, 8-ден 32 МБ-ға дейінгі жады бар USB-флеш-жинақтауышты пайдалану оңай болды. Сонымен қатар, DiskOnKey гаджеті ақпараттарды бір құрылғыдан екіншісіне көшіруге мүмкіндік сыйлады. Міне, осы өнертабыстардың арқасында бүгінгі қарыштап дамыған технологияға жетіп отырмыз.

Құрметті оқырман, ойланып қарасақ, біз білмейтін дүние көп. Сондықтан, танымыңызды кеңейтетін ақпараттарды оқып тұрыңыз!

Дайындаған: Б.Мейірханұлы ERNUR.KZ.

​Балаңызға қандай ата-ана болып жүрсіз?

«Мен қандай әкемін (анамын)?» Бұл сұрақ сізді толғандыра ма? Жауабын білгіңіз келсе,…

«Мен қандай әкемін (анамын)?» Бұл сұрақ сізді толғандыра ма? Жауабын білгіңіз келсе, алдымен өз әрекеттеріңізді, балаңызбен арада қалыптасқан қарым-қатынасты саралап көріңіз. Қосымша астрологтардың сипаттамасын да ескеруге болады.

Тоқты
Тоқты әке балаларын шексіз жақсы көреді әрі оларды мақтан тұтады. Кез келген баланың тілін оңай табады, жақсы түсініседі, досы әрі кеңесшісі бола алады. Ал, Тоқты аналар көбінде қатаң принциптерді ұстанады. Ұл-қыздарының айтқанын екі етпеуін қалайды. Оларға өзгелерді емес, өзін бақылауға алып, аздап сабырлылықты үйренген дұрыс болар еді. Оған қоса, барлық жағынан бірінші болуды қалайтын Тоқты әйелдер өзгемен сайысса да, өз баласымен бәсекелес болмағаны жөн. Көбірек еркіндік беріп, өз жолын өзіне таңдату да олардың ақсап жатқан осал тұсы.

Торпақ
Торпақ-әкелер балаларға көп көңіл бөледі, сөйте тұра, көп нәрсе талап етеді. Өздері адалдық, шыншылдық, сенімділік үлгісін көрсете отырып, перзенттерін де осы қасиеттерге тәрбиелеуді мақсат тұтады. Торпақ аналар болса қамқор, сабырлы, асығыстыққа бой алдырмайды. Олардың балаларының үнемі қарны тоқ, киімі таза жүреді. Аталған белгі аясындағылар ұл-қыздарын барынша материалист қылып өсіруге тырысады. Нәтижесінде балалары дүниеқор, есепшіл болып шығуы әбден мүмкін.

Егіздер
Егіздердің ері үшін де, әйелі үшін де ата-ана болудың жүгі ауыр. Олар өздеріне уақыт пен көңілді көп бөлетіндіктен, өзгелерге аз қалады. Есесіне, перзенттеріне еркіндік көбірек тиеді. Балаларына сенім арта алады, тең дәрежеде сөйлеседі. Алайда, бала тәрбиесіне келгенде аса ұқыпты емес. Сол себепті де балаларының тиісті құрмет көрсетпеуі оларды таң қалдырмауға тиіс.

Шаян
Әдетте, олардан жақсы ата-ана шығады. Шыдамды, баланы шексіз сүйетін, кез келген мәселесі мен қызығушылығына ортақ бола алатын ата-ана. Шаян-әкелер қыздарына өте жақын болып келеді. Дегенмен, артық махаббатпен баланы тұншықтыру қаупі де бар. Оларға шектен тыс алаңдап, соңы бала еркіндігін шектеуге жеткізуі мүмкін. Тағы бір кемшін тұсы — Шаян белгісіндегілер өмірлік серігінен баланы жоғары қояды. Бұл жеке өмірге кері әсерін тигізуі ықтимал.

Арыстан
Арыстандардың балажандығы сонша, оларды жақсы көргенде өзін ұмытады. Өсіп келе жатқан бала бойындағы еш кемшіліктерді байқамайды, салдарынан түзету де болмайды. Ұрпағын бар қажетімен қамтамасыз етуге барынша тырысады. Осының бәрінен соң ұл-қызы өзіне құрметсіздік көрсете қалса, оған төзбейді.

Бикеш
Бикештер — тумысынан жауапты, байсалды адамдар. Олар бала алдындағы ата-аналық міндеттеріне де үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе, Бикеш-аналардың балаға деген қамқорлығы ерекше. Олардың қамын ойлап, тәртіп пен пайдалы әдеттерді бойларына сіңіруге көп күш салады. Алдымен пайдалы іс, содан соң барып ойын деген қағиданы қатаң ұстануды үйретеді. Ақыл-ой қабілетін жетілдіруді басты орынға қояды. Ал, Бикеш ерлерді «жақсы әке» деп бағалау қиындау. Балалардың шуы мен еркелігін көтере алмайды, тынымсыздығына шыдамы жетпейді.

Таразы
Олар баланы қаталдау тәрбиеде ұстайды. Адамдарды құрметтеуді, олармен тығыз байланыста болуды үйретеді. «Адамның күні адаммен» дегенді жастайынан ұқтырады. Таразы белгісіндегілер — үйдегі үйлесімділікке ұмтылады және оны орната да алады. Ұл-қызының шаруасына көп араласа бермейді, алайда тәртіп пен тазалық сақтау — балаларға қояр басты талабы. Бұл белгі аясындағы ата-аналар ішінде көпбалалылар сирек кездеседі.

Сарышаян
Әдетте, Сарышаяндар үлкен отбасының отағасы не отанасы болады. Көпбалалы болғанды ұнатқанымен, оларға үлкен отбасыны басқару, отбасылық гармония орнату қиынға түседі. Билік пен мансапты ұнататын Сарышаяндар перзенттеріне қатаң талаптар қояды. Себебі біреу — сол арқылы жетістікке жеткендерін көріп, мақтан тұту. Жас өскінмен қарым-қатынаста оларға жұмсақтық пен төзімділік жетіспейді. Сарышаянның шексіз атаққұмарлығы баласына да беріледі.

Оқи отырыңыз: 2019 жыл: Қаңтар айына арналған жұлдызжорамал

Мерген
Олар — тамаша ата-аналар. Отбасы мүшелерімен достық қарым-қатынас орнатып, баламен жақсы тіл табыса алады. Сөз және іс көмегін аямайды. Ата-аналық міндетін атқару оларға түк те қиындық туғызбайды. Қонақжай Мергендердің үйінде алыстан келген туыстар ғана емес, көрші-көлемнің балалары да у-шу болып жатады.

Тауешкі
Олар үшін тиянақтылық, тұрақтылық, тәртіп пен реттілік бірінші орында. Үй-тұрмыс пен отбасылық істерге қатысты шешім қабылдауда түйсікке көп сүйенеді. Бала тәрбиесінде ескіден келе жатқан дәстүрлі тәсілдерге сенім артады. Отбасы мүшелерінің басын жиі қосып, отбасылық дәстүрлерге құрметпен қарайды. Тауешкі ата-аналарға баламен қарым-қатынаста сезімталдық жетіспей жатады. Сол себепті де жақын досына айналу, олардың мәселелері мен сырына қанығу қиынға түседі.

Суқұйғыш
Суқұйғыш белгісіндегі ата-аналар үйде шығармашыл, жылы шырайлы достық атмосферасын орната алады. Ұл-қызына еркіндік беріп, дербестікке, өз бетінше әрекет етуге баулиды. Тең дәрежеде сөйлеседі. Олардың бойындағы кең қызығушылық шеңбері балаларына да сіңеді. Мұндай ата-ананың бала алдында беделі биік, сенімге ие. Өзара түсіністік пен жылы қарым-қатынас орната біледі.

Балықтар
Балықтар — қамқор, ұқыпты ата-аналар. Балаға қаталдық таныта алмайды, асты-үстіне түсіп мәпелейді. Бала-шағаның еркелігі мен өтінішіне «жоқ» дей алмай, бар айтқанын орындаумен әлек болады. Ол үшін қандай да бір құрбандыққа бару қажет болса, барады. Баланың тұлғалық және рухани дамуына баса мән береді. Оған қоса, өзі бала кезінде қол жеткізе алмаған армандарын ұл-қызының балалық шағында жүзеге асыруға тырысады.

Оқи отырыңыз: Үй шаруасымен қатар жаттығу да жасай жүріңіз

Аударған: А.Бектұрғанова, ERNUR.KZ

Әлем халқын өзіне шақырған орындар

Кез-келген адамдар өзге елге демалысқа барғанда өмір бойы естен кетпейтін қызықты орындар мен көрікті жерлерге баруға тырысады.

Таңғажайып табиғи көріністер мен көрнекті сәулет ескерткіштерінен басқа, саяхатшылардың негізгі бөлігі елдің мәдениетін көрсететін орындарға барады, мысалы, әлемдік өнердің ұлы жауһарлары сақталған атақты мұражайлар немесе сурет галереяларына.
Бүгін біз әлемнің ең атақты галереялары туралы айтып береміз.

1.Чехиядағы Әулие Йржи галереясы – бұл мұражай-галерея Чехиядағы Бенешов қаласы, Конопиштаның керемет қамалында, Прагадан оңтүстік-шығысқа қарай елу шақырым жерде орналасқан. Осы қуатты мұнаралары бар көне қамал-бекініс ғимараттары Әулие Йржи атындағы мұражайға берілген. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған төрт мыңнан астам қызықты жәдігерлер: XV-XIX ғасыр аралығындағы ұлы суретшілердің картиналары, таңғажайып мүсіндер, ағашпен өрнектеліп, әшекейленген заттар, өзге де сәндік-қолданбалы өнер туындылары сақталған.

2. Германиядағы Дрезден галереясы – Дрезден қаласындағы ескі ауданында орналасқан. Дрезден сурет галереясы бес ғасырдан бері жұмыс істеп, жыл сайын үздік суретшілердің Ұлы әлемдік жауһарларымен толығып келе жатыр. Бірақ, 1945 жыл – осы сурет галереясы үшін қайғылы болған, өйткені ағылшын-американ авиациясының бомбамен жарғылауы кезінде ол ішінара қираған және көптеген суреттер жойылып кеткен. Бүгінде мұнда арнайы қорда сақталатын, тамаша жәдігерлерге толы елу зал және әлемдік мәдени мұраның ғажайып бөлігі болып есептелетін үш мың сурет бар.

3. Германиядағы заманауи өнер галереясы – Дюссельдорф қаласында 1967 жылы салынған «Кунстахалле» көрме орталығында орналасқан. Арт-орталық ғимаратын бастапқыда дайын бетон блоктарынан салған, ал ол қайта құру нәтижесінде өзінің бүгінгі кескініне еніп, 2002 жылы жаңа кейіппен өз есігін қайта ашқан. Мұнда ақпараттық бөлімше, билет кассалары, мейрамханалары сияқты жаңа қызмет орталықтары да пайда болды. Ең қызығы – бұл галереяда тұрақты жәдігерлер жоқ, себебі мұнда қазіргі заманның жаңа талантты суретшілерінің көрмелері үнемі өтіп тұрады.

4. Ресейдегі XIX-ХХ ғасырлардағы Еуропа және Америка елдерінің өнер галереясы – бұл 2006 жылы Мәскеуде ашылған А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының бір бөлімі. Мұнда XIX-ХХ ғасырлар суретшілерінің суреттері сақталады. Галерея залдары тақырып бойынша бөлінеді. Мұнда неміс кескіндеме мектебінің шеберлерінің, он тоғызыншы ғасырдың басындағы, Делакруа мен Энграның суреттері орналасқан залдар бар. Сонымен қатар, француз импрессионистерінің, постимпрессионистерінің, жиырмасыншы ғасырдың басындағы суретшілер: Моне, Ренуар, Дега, Сезанн, Тулуз-Лотректердің көркем туындылары орналастырылған жеке залдар бар.

5. Канададағы «Кэритон» сурет галереясы – Колумбия аймағындағы Абботсфорд қаласында орналасқан. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы Британдық Колумбияның туындыларын, жергілікті суретшілердің қызықты жұмыстарын ұсынып келеді. Осы жылдар ішінде бұл галереяда үш мыңнан астам көрме өткен. Галереяда әрдайым адам көп болады, оның үстіне кіру тегін.

6. Арменияның Ұлттық галереясы – бұл атақты мұражай Ереван қаласында орналасқан. Ол толығымен бейнелеу өнеріне арналған. Бұл көркем галерея посткеңестік аумақтағы ең үлкен ғимарат, сондықтан ол елдің ұлттық игілігі болып саналады. Галерея 1921 жылы құрылған, бүгінгі күні мұнда әлемнің ұлы суретшілерінің отыз бес мыңнан астам суреттері сақталып тұр. Армян, орыс, француз, голланд, испан, итальян және неміс мектебінің туындылары өте көп. Сондай-ақ, галереяда Айвазовский шығармаларының толық жинағы, Рубенстің тамаша жауһарлары, Ван Дейк, Руссо, Гойи еңбектері бар.

7. Ұлыбританиядағы Далвичтің сурет галереясы – бұл әлемнің ең қызықты сурет галереяларының бірі және Лондонның тамаша көркем мұражайы, 1817 жылы арнайы салынған. Сәулетші Джон Соун ғимараттың залдарын тығыз байланысын көруге болатындай етіп орналастырған. Коллекцияның негізгі бөлігі – XVII-XIX ғасырлар кезеңінің картиналары, бірақ мұнда басқа дәуірлердің жәдігерлері де бар. Келушілер Рембрандт, Антуан Ватто, Бартоломе Эстебана Мурильо, Пауля Рубенс, Рафаэль туындыларымен таныса алады.

8. Чехиядағы «Иезуит» колледжі алдындағы галерея – қызықты, тарихи сәулет өнері Кутна-тауы қаласында орналасқан. Он сегізінші ғасырдың басында ашылған галерея ғимаратының жобасын италиялық сәулетші Орси әзірлеген. Құрылысы қызықты: он екі қасиетті мүсіндермен әшекейленген, оның ішінде: Әулие Жохан Непомук, Әулие Варвара, Әулие Иосиф, Әулие Франтишек Ксаверский, Ұлы Әулие Карл мүсіндері бар. Әрбір мүсіннің астында осы тұлғалардың ерекшелігі, мүсіннің жасалған күні көрсетілген жазулар бар. Яғни, бұл галерея қаланы безендіріп қана қоймай, туристерге Чехияның тарихын баяндайтын тарихи ескерткіш болып тұр.

9. Словенияның Люблянадағы ұлттық галереясы – елдегі ең ірі, көркем, әрі әлемнің қызықты галереяларының бірі. Мұнда словениялық және еуропалық суретшілердің көптеген көне туындылары, әртүрлі стильдер мен жанрлық бағыттарда жинақталған. 1918 жылы ашылған галерея әртүрлі бағыттарға арналған бірнеше залдарға бөлінген: неоклассицизм, реализм, импрессионизм. Сонымен қатар, Қайта өрлеу дәуірінің мүсіндері де сақталған.

10. Дублиндегі Ирландияның ұлттық галереясы – әлемдегі ең ірі ирланд кескіндеме коллекциясы орналасқан сурет галереясы. Галерея ғимараты 1864 жылы қаланған және ашылған кезде 125 қана сурет болды, бірақ бұл жердің танымалдығы өсіп, көптеген қарапайым адамдар мен суретшілер осы жерге сый түрінде картиналарын берген. Бүгінгі таңда галерея он төрт мыңнан астам картинаға ие. Мұнда графика, мүсіндер, ескі жиһаз, фотосуреттер және басқа да өнер туындылары бар және кіру тегін.

Осыны оқығаннан кейін Сіз жоғарыда аталған елдердің бірінде болсаңыз, сол елдің халқын, тарихын және мәдениетін таныта алатын тарихи галереяларды бағамдай аласыз деп үміттенеміз.

Дайындаған: Б.Ерман, ERNUR.KZ.

ЖІГІТ пен МАМАН таңдауда таптырмайтын тәсіл (ТЕСТ)

Жұмыста немесе отбасында кімнің басқарушылық қабілеті бар екенін анықтау үшін небәрі 8 ғана қаламсап қажет. Бұл әдісті бойжеткен жігіт таңдау барысында және басшы қызметке мамандарды қабылдау кезінде де тест ретінде қолдануға болады.

Отбасында, жұмыста, яғни ұжымда әркімнің өз рөлі, атқаратын қызметі болғанымен, аракідік олардың қабілет-қарымын тексеріп отырған жөн. Бұл аяқ астында төнген қара бұлттан қорғануға, қиындық туғанда ұтымды шешім қабылдауға және дағдарыс кезінде тұйықтан жол тауып шығуға көмектеседі.
Әсіресе, кәсіпте кіріс болмай, тек шығын болып жатса, осы бір психологиялық тест жәрдемімен қызметкерлердің орнын алмастыруға болады, — дейді психологтар. Адамның басқару, шешім қабылдау, ұшқыр ой қабілетін анықтау үшін жүргізілетін бұл психологиялық тестке бар болғаны сегіз-ақ қаламсап керек. Оны сіз дүкен араламай-ақ әр кабинеттен таба аласыз.

Сонымен, сізге қажет қаламсаптар:
1. корпусы металдан жасалған қаламсап;
2. түрлі-түсті стерженді қаламсап;
3. мөлдір корпусты қаламсап;
4. түймелі қаламсап;
5. қалпақсыз қаламсап;
6. гельді, қара сиялы қаламсап;
7. сиясы көк түсті, қарапайым қаламсап;
8. қара сиялы қарапайым қаламсап.

Осы 8 қаламсапты үстел үстіне немесе органайзерге салып қойыңыз. Алдыңыздағы адамға біреуін таңдап алуды ұсыныңыз. Бұны байқатпай жасауға да болады. Қайсысын таңдады?

Тест жауабын оқымай тұрып, сіз де бір қаламсапты таңдаңыз.

Корпусы металдан жасалған қаламсап
Бұл қаламсаптың иесі өзінен де, өзгелерден де темір тәртіпті қатаң талап ететін адам. «Сезімді алып тастау керек, сонда тек ақыл қалады. Сезімге ерген адасады» дегенді ұстанады. Ол «Жұмыста ағайын-туыс, дос жоқ. Достық пен қызметті араластырма» дегенді де жиі айтады. Сондықтан да проблемалық жағдайларда өзін еркін ұстай біледі. Басқару өнері оған туа біткен.

Түрлі-түсті стрежнді қаламсап
Идеясы мол, бірақ, жұмысты қалай жүргізуді білмейтін адам. Сондықтан да ол істі де, жұмысшыларды да басқара алмайды. Мұндай адамды тек идея генераторы ретінде пайдалануға болады. Ойы ұшқыр, ойлау қабілеті «басқаша» оның орны жарнамалық бөлімде. Өйткені, онда кез келген адаммен тығыз байланыс орната білетін магниттік қасиет бар.

Мөлдір корпусты қаламсап пен қақпақсыз қаламсап
Ол жауапсыз, жалқау емес, білетіні де аз деуге болмас. Бірақ та үнемі бақылауды қажет ететін адам. Өйткені, мұндай адамдарды мәселені жоюшы емес, туғызушы деуге болады. Ол асығыстыққа көп бой алдырады. Психологтардың анықтауынша, көбіне мөлдір корпусты қаламсапты отбасында бастауыш сынып оқушысы немесе қарт адам, ал жұмыс орнында тәжірибеден өтіп жүрген болашақ маман таңдайды екен.

Түймелі қаламсап
Бұл лидердің көмекшісіне тиесілі қаламсап. Нақтырақ айтқанда, орынбасар болуға әбден лайықты адам. Автоматты кнопкалы қаламсаптың иесі кез келген мәселеге аналитикалық зерттеу жүргізуге шебер. Жағдайдың жан-жағына ойша шығып қарай алады. Бастамаларды іздестіру мен белгілі бір жағдайда шешім қабылдауда ол негізгі факторларға көңіл аудара біледі.

Гельді, қара сиялы қаламсап
Мүмкін ол сырт көзге өз қара басын әрең алып жүрген боп көрінуі мүмкін, алайда шын мәнісінде егер қиын жағдай туса, ол отбасының (ұжымның) барлық жауапкершілігін өз иығына арта алатын адам. Ол әркімнің мүмкіндігін толық ұғына және бағалай да біледі. Шын қаласа, жаңа бағытта, тәуекелге бел буа отырып, стандартсыз шешімдер қабылдай алады. Оған тек айналасындағы адамдардың сенімі жеткіліксіз.

Сиясы көк түсті, қарапайым қаламсап
Бұл қаламсаптың иесі жетекші қызметтерді жақсы атқарады. Оның білім деңгейі жоғары болғанымен, басқару дағдысы қалыптаспаған. Мүмкін ол жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірген болар, мамандығы бойынша қатысқан тренингтері де көп шығар, алайда оның тәуекелдік әрекеті әлсіз. Сондықтан оған басшылық қызметтерден гөрі орындаушы қызметі лайықты.

Қара сиялы қарапайым қаламсап
Ол жеке басының бағалы қасиеттерін үнемі жетілдіріп жүреді. Мұнысын сыртқа байқата бермейді. Дегенмен, ол сеніп тапсырылған істі жауаптылықпен атқарады. Сондай-ақ, оның қызметкерлермен байланыс орнату қабілеті де жоғары. Оны белгілі бір жоспар бойынша бағыттап отырса немесе дайын жоспар берсе, сол бойынша табысты жұмыс ақтара алады.

Ж. СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ

Бұл қателікті жасамаңыздар, АНАлар!

Егер, ұл-қызыңызбен арада түсініспеушілік болса, ол сізді тыңдамай жатса, бұл оның жан территориясына күшпен енгеніңізді білдіреді. Ал, перзентіңіздің жан территориясы деген не?

Психологтардың айтуынша, әр адам жеке мемлекет сияқты. Бір мемлекеттің шекарасына келесі мемлекет күшпен еніп, оның белгілі бір бөлігін иемденбек болса не болады? Әрине, соғыс болатыны белгілі. Дәл сол сияқты кез келген адамды жеке тұлға, жеке мемлекет деп қарап, оның жан территориясының шекарасынан аспағанда ғана тыныш, бейбіт, келісімді өмір сүре аласыз.

МЫСАЛ: Сәуле – жасы 45-тегі ана. Ал оның анасы қазір 70 жастан асты. Сәуле отбасының тұңғышы. Одан кейін төрт інісі бар. Оның анасы да әке-шешесінің жалғыз қызы болған.
Кеңес Одағы кезеңінде астана – Мәскеу еді. Сәуленің сол Мәскеудегі аты дардай жоғары оқу орнында білім алған. Алайда, анасы тағдырдың бұйрығымен ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққан.
Сәуленің күйеуі де жоғары білімді адам. Ол балаларының болашағын қалада қалауды армандаған. Бірақ та, ол үйінің кенжесі болғандықтан, қарт ата-анасының «Қара шаңырақта кенже ұл отыруы керек» деген сөзін жерге тастай алмай, ауылға оралған. Анасы кішкентайынан Сәуленің санасына «Менің армандарым орындалмай қалды. Енді сен сол армандарды орындауың керек» дегенді сіңіріп отырды. Қысқаша айтқанда анасы Сәуленің – өмірлік бағдаршамы болды. «Жүр» десе жүрді, «тоқта» десе тоқтай қалды.
Қазір Сәуле де ана. Екі қызы бар. Бірақ, Сәуленің қыздары анасының айтқанын өзі секілді бұлжытпай орындамайды. Айтылған ақыл мен ескертпені сүзгіден өткізіп, өздері дұрыс деп тапқанын ғана алып, орындайды. Мысалы, үлкен қызы 2018 жылы мамыр айында мектеп бітірді. Сәуле оны күштеп мединститутқа түсірмек болды. Ал қызы «Мен 7-9 жыл оқығым келмейді. Ұзақ оқуға шыдамым жетпейді. Одан да әсемдік салондарындағы 2-3 айлық курсты оқып аламын да, қас, тырнақ, шаш сәндеумен айналысамын» дегенінен қайтпады. Сәуле «Тым болмаса медициналық колледжге түс» деп қызын қалауынан айныту үшін ұзақ уақыт онымен алысты. Ақыры қызын көндірді, алайда қызы бәрібір сабағынан тыс уақытта тырнақ сәндеудің курсын оқып алды. Бұны Сәуле білгенде қатты ашуланды. Олардың арасында тағы да ұрыс-керіс, келіспеушілік орын алды.

СӘУЛЕНІҢ ҚАТЕЛІГІ
Бірінші қателігі – қыздарын өзінің оқушы, студенттік кезіндегімен салыстыруы.
Екінші қателігі – өз анасының тәрбиесіндегі шаблондарды түгелдей көшірме жасап, оны тәрбие құралы ретінде қатаң пайдалануы.
Үшінші қателігі – анасының қателіктерін қайталауы.
Ең басты қателігі – үшінші қателігі.

СӘУЛЕНІҢ АНАСЫНЫҢ ҚАТЕЛІГІ
Оның анасы бала кезінен дәрігер болуды армандаған, бірақ ата-анасы оны өнер саласына оқуға берген. Бірақ, ауылға тұрмысқа шыққан ана мектепте ән-күй сабағының мұғалімі боп қызмет етеді. Өз арманы орындалмаған ана жан-дүниесіндегі бір шеті кертіліп тұрған қалауын қанағаттандыру үшін жалғыз қызы – Сәулені мединститутқа түсіреді.
Сәуле оқу бітірер жылы жанына жақын «өз адамын» жолықтырса да ол басқаға тұрмысқа шықты. Өйткені, біріншісі шалғай ауылдардың бірінде тұрады, екіншісі ұнамаса да ол қаланың жігіті. Сәуле қаланың жігітімен бас қосты. Бұл да анасының арманы, қалауы.

ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІ
Барлық медициналық мекемелерде арнайы психолог кадрлары бар екені белгілі. Сәуле жұмыс істейтін перзентханада да психолог бар. Орайын тауып Сәуле мәселесін айтты. Психолог ешкімді ешкіммен салыстыруға болмайтынын, әр адамның, тіпті кішкентай баланың да өз территориясы болатынын түсіндірді.
«Арман, қалау, жалпы айтқанда әр адам жанының өзіне ғана тиісті территориясы болады. Бір мемлекеттің шекарасына келесі мемлекет рұқсатсыз немесе күшпен еніп, оның белгілі бір бөлігін иемденбек болса не болады? Әрине, соғыс болатыны белгілі жайт. Дәл сл сияқты кез келген адамды жеке тұлға, жеке мемлекет деп қарап, оның жан территориясының шекарасынан аспағанда ғана тыныш, бейбіт өмір сүре аласыз.
Ал жан территориясы деген не?
Бұны былай түсіндірейін. Оның ұнамаған ісін айтыңыз. Екінші рет бұндай жағымсыз қылық көрсетпеуін сұраныңыз, талап етіңіз. Одан не күтетіңізді, нені қалайтыныңызды жеткізіңіз. Өз көзқарасыңызды айтып, өз нұсқаңызды ұсыныңыз. Осы жетеді. Болды, шекара осы жерден бітеді. Ал, мәжбүрлеу, сіз сызып қойған шеңберден шығармай қадағалау, күштеу – оның шекарасына кіру боп саналады».
Сосын психолог Сәуледен «Сіз қыздарыңыздың басты армандарын білесіз бе?» деп сұрады. Төтесінен қойылған сауал Сәулені кәдімгідей ойландырып қойды. Жауап беруге дайын емес екенін ұққан психолог «Мейлі. Ал сіз мектеп бітірерде, бойжеткен шағыңызда нені армандадыңыз? Еске түсіріңізші» деді. Сәуле тағы да абырап қалды, жауап берпе алмады. Өйткені, шындығында Сәуле өзінің емес, анасының армандарымен өмір сүрген еді.

НӘТИЖЕ
Содан кейін Сәуле бір-екі айдай балдәурен және жастық шағына ойша саяхаттады. Ол осы күнге дейін тек анасының армандарын орындап келгенін, ал анасы өз шешесінің армандарымен өмір сүргенін ұқты.
Психолог апайдың «Еске түсіріңізші, сіз нені армандағансыз?» деген сөзінен кейін көп ойланғандықтан ба, әлде жас кезінде ішінде тұншығып шыға алмай қалған қалауларының бетін аршыды ма екен, ол өзіме не керек екенін енді түсіне бастады. Ол мектеп қабырғасында жүргенінде анасы секілді мұғалім болғанды армандаған екен. Бұны желтоқсан айында перзентханада жүкті әйелдерге өткізілген семинар-сабақта түсінді. Бірінші рет ол болашақ аналарға арнап дәрігерлік кеңес сабағын өткізіп, баяндама оқыды. Осы баяндаманы дайындау кезінде көп ізденді, жұмыс тәжірибесінде болған оқиғаларды еске түсіріп жазды. Болашақ аналарға сабақ боларлық, ой саларлық жайттардан мысал келтіре отырып, өткен семинар-сабағы қатысушыларға ұнады. Ең бірінші өзіне ұнады, ортаға шығып көпшілік алдында сөйлегеннен, білетінімен бөліскеннен ұзақ жылдан бері ішінде торға қамаулы тұрған жаны бостандыққа шыққандай күй кешті. Жаны рахат тапты. Осы кезде ғана әр адам өзінің жан жүрегімен қалағаны орындалғанда шын бақытқа бөленетінін түсінді.
Ол анасы да орындалмаған арманын қызы іске асырғанда толыққанды бақытты болған шығар деп ойлады. Сәуле анасын кінәламады, бірақ, оның қателігін қайталамауға өзіне-өзі сөз берді. Енді бұдан былай қыздарының да, өзгенің де армандар шекарасына өтіп кетпеудің дұрыс екенін жөн көрді. Тіпті, жас мамандар ақыл-кеңес сұрай қалса да қазір бұрынғыдай «Жоқ олай етпе. Сен одан да бүйт, сөйт» деп ақыл айтпайтын болған. Майра апай айтпақшы, тек өз көзқарасын, ұнамаған тұстарын және өз ұсынысын ғана айтады. Ары қарай шешім қабылдау, қандай қадамға бару, қайсысын дұрыс, қайсысын бұрыс санау – әркімнің өз еншісіне қалдыру керектігін біледі. Сәуле осы ұстанымды ұстанғалы қазір үлкен қызымен де, оқушы жастағы кішкентай қызымен де тез келісімге келетін болған. Олар да сырларын, армандарын, сабақтан соң қайда барғандарын, не істегендерін жасырмай анасына айтатын болды.

ӨЗІН-ӨЗІ ІЗДЕП ТАПТЫ
Отбасындағы мәселесі шешімін тапқаннан кейін Сәуле соңғы кезде бұрын орындалмай қалған өз арманымды жүзеге асыруды ойлап жүр. Нақтырақ айтсам, қосымша бір-екі сағат болса да перзентханадағы жұмысынан бос уақытта қаладағы медколледждің студенттеріне дәріс оқуды жоспарлауда. Өйткені, Оның орындалмай қалған арманы – мұғалімдік, оқытушылық. Сәуле бала кездегі арманын іздеп тапты.
Адам өзіне не керек екенін білгенде ғана басқаларға да не қажет екенін түсінеді. Ал, түсінген адам қателіктерге жол бермейді. Қателіктерге жол бермеу – отбасылық, басқа да мәселелерден аулақ етеді.

Жазира СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ

«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?

Перзент үшін деп жиған-тергенің баланың бақытынан артық болса… Не деуге болады?!

«Кенже ұлымның таңдағаны бір үйдің жалғызы болды. Ұлдан да, қыздан да жалғыз дегенде іштей секем алдым. Жалғыз перзентін ата-аналары еркелетіп, бетінен қақпай өсіреді емес пе? Мұндай қыздардың басқа отбасыға барып, сіңуі, тәртібіне көндігуі өте қиын. Балам «ойлан, асығыс шешім қабылдама, әлі жассың» деген ақылымды тыңдамады. Қайтсін, жақсы көріп қалған да. Бұл ойымды отағасы да құптай қоймады. Сонымен көңілім күпті болып, ұлымызды үйлендірдік. Ағайын-туғанды жинап, келін түсірдік.»

Бұл Таразда тұратын апайымның айтқаны. Ұлының шаңырақ көтергенін сүйіншілеп, қуанышты жаңалығымен бөліскен апайымның қуанышы ұзаққа бармады. Жас отбасының шаңырағы шайқалды. Мыңжылдық құдалық бір жылға да жетпеді. Оған себеп жаңа құдалардың «жаңа» көзқарастары мен пайым-парасаты болды. Оқиғаның анық-қанығын Айжан апай айтып берді.
"… Жаңа құдаларымызбен алғашқы таныстығымыздың өзі бүтін бір өмірді шешіп тастады. Әлі де босағамыздан аттамаған қыздарына үй сыйлайтынын, олардың бөлек тұрғанын қалайтынын жеткізді. Не керек, танысу кешінде болашақ құдаларымыз сөйледі, біз тыңдадық. Келіскендей кейіп танытып, үш сағаттан соң тарқастық. Той қамына кіріскеніммен көңілім еш жай таппады. Бақуатты отбасының қызын келін етіп жатқаныма қуана қоймадым. Біздің де жерге қарап отырған жайымыз жоқ. Барлық балаларымызды үйлендіріп, кемі 2-3 жыл қара шаңырақта ұстап, балалы болып, өз-өздерімен көбейген кезде еншілерін беріп шығарып салғанбыз. Ал кенжемізді қолымызда қалдырып, мына үйдің иесі боласың деп жастайынан құлағына құйғанымыз әдірем қалды. Сүйгеніне қосылып, бізден сытылып шығуға асықты. Балалардың бақыты үшін оған да көндік. Қартайып, қуаттан айырылған жоқпыз. Бастысы, балалар бақытты болсын деп шештік.
Содан құдалар қыздарын дәстүрге сай ұзатты, біздер келін түсіріп мәзбіз. Алдымен құдалық шақырдық. Келіннің жасаулары мен жиһаздарын сыйға тартқан үйлеріне апарды. Артынан тек киім-кешек, алтын бұйымдары мен косметикалық заттары келді. Ағайын-туыс жиналып, құдалықты атқарып алдық. Жаңа құдаларымыз да риза болып, жастарға бақыт пен махаббат тілеп елдеріне қайтты.
Құда-құдағиларды шығарып салған соң, абысындарым келіннің жасауын көргісі келді. Мұндай қызыққа ауылдағы бойжеткендер де жиналады. Келінім барлық бұйымдарын өзі таныстырып, бағаларына дейін айтып мақтанып алды. Үлкен абысыным жас келінге батасын беріп, құтты болсын айтты. Соңынан «жалғыз ғана қайынбикеңе атағаныңды бер, бұл көңілдің, сыйластықтың белгісі. Қазақ дәстүрінде «Құттық» деген бар. Ол келін болып түскен үйіңнің қыздарына беретін сыйың» деді. Мұны естіген келінім ешқандай қарсылықсыз үлкен қораптағы гауһар білезікті ұсынды. Ал қызым мұндай бағалы сыйлықтан бас тартып, басқа алтын жүзікті таңдады. Одан бөлек бойдақ қыздарға жұғысты болсын деген ырыммен мойынорамал, косметикалық заттар үлестірді. Сыйлыққа қарық болған қыздар мәре-сәре болып, дастарқанға жайғасты, дәмнен ауыз тиіп, ән айтып, би билеп, таңға таяу тарқасты.

Бұл тойдың соңы дауға, сыйдың соңы ұрысқа ұласатынын білгенде, жастардың басын қоспаста едік деген өкішін бүгінде өзегімді өртейді.

Апта өткен жоқ судай жаңа құдағиым телефон соғып тұр. Айтқан уәжі мынау болды. Амандық-саулықтан соң бірден, қызын өз үйлеріне жіберуімді айтты. Сол сәтте аузыма сөз түссінші. Сасқанымнан әлі де қонақ келуде, жас келінді көріп, шайын ішуге келіп жатқандар бар. «Бөлектеуге асықпаңыз. Отбасыммен жақын таныссын, абысындарымен аралассын, ертеңгі үйі осы болған соң отбасына сіңсін», — дегенім сол еді, құдағиым кетті оталып. Мұны естіген отағасы да құдағидың сөзін құптап, келінімізге ұлымызды жетектетіп, шығарып салдық. Осымен тынышталамыз деген ойымыздың көп уақыт өтпей күл-талқаны шықты.
Бұл тынышымызды да құдағиымыз бұзды. Айтуына қарағанда дым көрмеген бейшара екенбіз, қызымның алтын жүзік таққысы келсе, өзім әперуім керек екен. Келінімізді тонап, дымсыз қалдырыппыз. Мұндай туыстың барынан-жоғы деп үйретіп отырған құдағидың қызынан, өз келінімнен не қайыр күтейін. Ағайынның ақылымен бастары көбеймей тұрғанда баламды арашалап алуды жөн көрдім. Әкесі де қарсылық танытпады. Содан «мұндай тілемші дәстүрлеріңе түкіргенім бар» деген құдағиымызбен араны ашық қылдық. Ортада ұлыма қиын болды. Жар құшқан құшағы бос қалды, төсек мұздап, көңіл суыды. Баламды да ақылсыз етіп тәрбиелемеппін. Туысқаннан дүниені жоғары қойған адаммен бір шаңырақ астында тұра алмайтынын айтып, ол да қолын сілтеді", — дейді ашынған ана.
Иә, «жастардың татулығын «бұзуға» себеп болған «Құттық» дәстүрін өшірмей, қайта жаңғырта береміз» деген апайыма жақсы күндерде жолығайық деймін. Шын мәнінде «Құттық» емес «құлқын» шайқалтты шаңырақты. Сезімге сызат түсірді, жалындаған махаббатты сөндірді.
«Құттық» — «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ізгі ойдан туған қазақи дәстүр. «Құттық» алғандар да құралақан келмейді. Олар да жас келінге жақсылықты ырымдап, сый-сияпат жасайды. Бағалы заттар, киім, алтын бұйымын жақынына қиып беру тек көргенді, тәрбиелі, текті ұрпақтың қолынан келеді екен.
Жан қалтаң бай болғанымен, жан-сарайың кедей болса, көзің тоқ болғанымен, көңілің аш болса қиын екен. Балам үшін деп жиған-тергенің балаңның бақытынан артық болса… Не деуге болады?!

Жазып алған — Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ.

​20,30,40,50 жас: Еркектер НЕНІ қалайды?

Жалғасын оқыңыз, түсінесіз…

Адамның өмір сүру барысында көп нәрсе өзгереді. Балалық шағымызда біз алаңсыз болсақ, есейе келе дүниетанымымыз да көбейіп, арман-мақсаттарымыз, ойымыз, тіпті, достармен, өмірлік серігімізбен де қарым-қатынасымыз жылдар бойы өзгеріп отырады.
Кейде оны түсінбей қаламыз… Ойымыздағы, санамыздағы бейнелер өзгере бастағанда діліміздегі сөз тілімізге көшеді: «Бұдан алдын мұндай адам емес едіңіз, қатты өзгердіңіз». Неліктен олай?
Себебі, ер адамдардың жұбайына деген нәзік қарым-қатынасы жасының ұлғаюына байланысты өзгеруі мүмкін. Қарым-қатынастың өзгеруінің белгілері қандай? Жалғасын оқыңыз, түсінесіз…

20 жас: «Қарындас, сізбен танысқым келеді...»
Жас жігіттердің қызығушылығы артатын, арулармен байланыс орнатуға құлшыныс білдіретін жасы. Жыныстық жетілу, гормондық өзгерістер және мінез-құлықтың белсенділігі бұл жаста арта түседі. Қарама-қарсы жыныс өкіліне құрмет көрсету, оған қорған болу, сезімдер тасқыны, махаббат — барлығы да бұл жастағы жігіттердің бойынан көрініс береді.
Өзіне деген сенімі артатын, тауды қопармаса да, бойында жастық жалын лапылдап, биік арман-мақсаттарына ұмтылатын, махаббат жолында «көзсіз батырлыққа» да барудан тайынбайтын жас. Бұл кезеңде оларды жанды баурайтын тәтті сөздер, сұлу қыздардың ортасы көбірек қызықтырады. Тұрақты қарым-қатынас, ішкі түйсіктің салқынқанды оймен астасуы әлі бұл жаста ертерек.
Егер осындай жастағы жігітте көңіліңіз болса, одан отбасын құру туралы ұсынысты ұзақ уақыт күтіп жүруге мәжбүрсіз. Себебі, ол отбасын құруға өзін дайынмын деп көрсеткенімен, іштей әлі де шала, «аяғын нық басуға» оннан бірі ғана дайын болуы мүмкін.

30 жас: «Кемелденген жылдар...»
Отбасылы, бір-екі перзенттің әкесі болып үлгерген ер-азаматтың ой-өрісі, таным-түйсігі осыдан он жыл алдындағыдай емес. Нәзік қарым-қатынаста да өзін бірқалыпты ұстайды. Көңіл бөлу, елдің назарында болу бұл жастағылар үшін бұрынғыдан да маңызды. Соған сай ол өзінің жұбайына да өзіне көбірек назар аударуын, жағдайын жасауын, қас-қабағын бағуын талап ете бастайды.
Бұл жастағы ерлердің көпшілігі жұбайлық қарым-қатынастың біркелкілігінен жалыға бастайды. Яғни, өздерінің тілінде айтсақ, «күнделікті бір ғана емес, әр түрлі тағамның дәмін татқысы келетіндігімен» ақталуға тырысады.
Сіз не істейсіз? Біріншіден, сөзіңізге абай болыңыз! Күйеуіңіздің күн өткен сайын беті жалпайып, қарыны шығып келе жатқанын бетіне басып, оның өзіне деген сенімін таптамаңыз. Отыздан асып бара жатқан жігіттердің көпшілігі толыса бастайды. Мұны қабылдауға тиіссіз.
Екіншіден, азаматыңыз жас қосылған сайын айналасындағы әйелдердің өзін ортада ұстауы, ерекше көрінісі және адамдармен мәмілесі, ақыл-парасаты жайлы сөз қозғаса ашуға бой алдырмаңыз. Ол әдейі болмаса да ішкі талаптарын осылайша ескертеді. Сондықтан, еріңіздің талаптарына сай, оған жауап бере алатын әйелге айналыңыз.

35-40 жас: «Мазамды алмашы, көңіл-күйім жоқ...»
Орта жастағы ер-азаматтардың жан-дүниесі ішкі депрессиямен арпалыс үстінде. Отбасының бітпейтін кәкір-шүкірі, бала-шағаға қажеттілердің кем-кетігін толтырып беру, іні-қарындастардың жағдайын да мидың бір бұрышында сақтау, өз ішіндегі текетірес, сырттағы әріптеспен немесе жолдастармен келіспеушіліктер- қысқасы, осылардың барлығы жиналып келіп, еркектің жүйкесін жұқартуына себеп болады. Сондықтан, ер адамның күндізгі көңіл-күйі жатын бөлмеңізде де жалғасуы мүмкін. Егер осы әсерлерден ерлі-зайыптылардың арасындағы жақын байланыс әлсірей бастаса, кейінгі орынға түсіп қалса мазасызданбаңыз. Күдігіңіз де орынсыз. Өйткені, ол сізге бұрынғыдай жақын бола алмаса, шаршағаны. Түсіністік танытыңыз, тынығуы үшін жағдай жасап, бұрынғы қалпына келтіре аласыз.
30-35 жастағы әйелдердің көпшілігінде еріне деген қызғаныш сезімі артады. Сонымен қатар, сезімі де күшейе түседі. Бұл әйел организміндегі бала табудан кейінгі өзгерістер. Бұл- әйелдер үшін қалыпты жағдай болып саналады. Ал ерлер керісінше. Әйел оған қарай жүрсе, ол алыстай бастаған секілді көрінеді.
Сабырлылық танытыңыз!

45-55 жас: «Денсаулығым сыр берген секілді...»
Бұл жастағы еркектің жыныстық құштарлығы төмендемегенімен, мүмкіндігі шектеулі болады. Яғни, жасқа байланысты денсаулықтың төмендеуі де еркектік қасиетке әсерін тигізбей қоймайды. Денсаулығына күтіммен қараған, салауатты өмір салтын жастайынан ұстанған еркектер мұндайдан аулақ болуы ықтимал. Олар үшін жұбайымен қатынас бұрынғыдай қызықты.
Бұл кезеңде жұбыңызға көмек бергеніңіз жөн. Бәлкім, дәрігердің нұсқауы, бәлкім, қуаттандырушы дәрумендер, спорт арқылы оның денсаулығын оңалтуға әрекет етіңіз. Өйткені, ер адам қай жаста болса да өзінің қажет екендігін сезінуі тиіс. Жасы келген әйелдердің көпшілігі жұбайлар төсегінен бөлініп, жатын орнын да ауыстырып жатады. Дұрыс қадам еместігін ұғыңыз.
Өмір бойы балаларыңыздың мәселесімен шапқылап, солар үшін өмір сүргеніңіз де жетер. Енді өзіңіз үшін өмір сүруге тиіссіз.
Қай жаста болса да еркек үшін маңыздысы — НАЗАРда болу. Әдемі, жылы қарым-қатынас орнату. Осы амалдарды орындауға, оның көңілін табуға ұмтылсаңыз, өкінбейсіз.

А. Сәрсенбаева, ERNUR.KZ