Алматы облысындағы судағы қауіпсіздік

Алматы облысындағы судағы қауіпсіздік

Шомылу маусымы басталғалы суда 72 төтенше жағдай тіркеліп, оның 111 адам зардап шегіп, 83 адам құтқарылды. Осы жайлы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ішкі істер министрлігінің облыстық төтенше жағдай департаменті баспасөз-конференциясын өткізді.
«Судағы төтенше жағдайлардың басты себептері, азаматтардың су айдындарында құтқарушылармен бақыланбайтын жерлерде демалуларынан, мас күйінде шомылуы, судағы қауіпсіздік ережесін сақтамау, суда балаларды үлкендердің қараусыз қалдыруынан және басқа да себептердің туындауы мүмкін», — деді Ішкі істер министрлігінің Алматы облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің басшысы Байсариев Дарынбек.
Суда адамдардың өлімі мен қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында жасақпен су қоймаларындағы төтенше жағдайдың алдын алу профилактикалық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, облыс бойынша «Шомылуға тиым салынады» белгісі бар 200 тиым салу белгілері орнатылды, судағы демалыс орындарында 5 медициналық пунктер құрылды, жергілікті полиция қызметімен бірлесе 70 рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр. Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы — суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.
Оқыс жағдайларға келер болсақ облыс аумағында 2017 жылдың 17 шілдесіне облыстың су қоймаларында 81 төтенше жағдайлар тіркеліп, онда 136 адам зардап шекті. Батып кеткен адам саны 36, оның 11-і балалар, жедел-құтқару жасағымен 100 адам құтқарылды. Бұл жағжайлардың көбісі шомылуға тыйым салынған жерлерге азаматтардың салғырт қарауынан туындайды.

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
Әрі қарай

Тақтар ойыны. 7-маусым, 1-серия. Қыс түсті

Блог - asaubota: Тақтар ойыны. 7-маусым, 1-серия. Қыс түсті

Көптен күткен GOT маусымының 7-сі де келді. НВО арнасы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіпті — 16 млн адам қарапты. Биыл тек 7 серия ғана шығатын маусымның алғашқы сериясы көңілден шықты ма? Әдеттегідей таныстыру, превью сериясы болды деп ойладым. Сонымен не есте қалды?

"Қыс түсті" — маусымның жаңа ұраны. Бірнеше рет айтылады. Қыс Винтерфельге келіп болды. Шайқас алда.

«Солтүстік ұмытпайды» деп айт. Фрей Үйіне қыс түсті © Арья Старк
Уолдер Фрей ұйымдастырған Қызыл той қырғынына қатысқандардың бәрін қырып кетті Арья. Арья Старк — қатігез, жауыз, кекшіл. Ал бір көріністе әскерлермен тым жақсы әңгіме айтып, қонақ болып отырады. Әскерлердің қарапайым адам екендері, біреуге ұл, біреуге күйеу, әке екені көрсетіледі. Еш жамандық жоқ сияқты болып көрінеді. Әзірше тыныш. Бірақ бұлар да жауыз болып шығады немесе өледі-ау?

Мейстер болғысы келетін Сэм білім-жұмыс-нәжіс үшбұрышында айналып жүр. Бірақ құпия кітаптарға оңай қол жеткізіп алды да, Ақ жүргіншілерге қарсы қару жасауға болатын кен орнының қайда екенін біліп алды.

Ал кен орналасқан Айдаһар Тасына Дейенерис ханым жетіп үлгерді.

Дейенеристің қасындағы Тирион Ланнистер бір ауыз сөз айтпады. Әдемі ойларын алдағы серияларға сақтаған болар?

Джон Сноу ағай әдеттегідей қабағы қатулы, үнемі ойланып жүреді. Санса қарындасымен сөзге келіп қалды. Бұл жақсы емес. Болашақта осы жақтан мәселелер туындауы мүмкін.

— Сенің неге көңіл-күйің үнемі нашар?
— Өмір сондай… © Сандор Клиган aka Төбет

Прагматик Төбет ағай да от тақырыбына кіреді. Бұл кісіде де бір өзгерістер болатыны анық енді.

Сериалдың жаңа жаман адамы Эурон Грейджой бола ма? Серсеяны басып жібере ме? Неге болмасын? Біраз нәрсе күтуге болатын сияқты бұл кейіпкерден. Рокер стиліндегі киімі де мықты. Джейме Ланнистердің біраз қанын ішетін сияқты.

Бран да аман-сау жетті Түнгі Күзет Қабырғасына. Ойыншылар түгенделе басталды. Шахмат фигуралары тізілді сапқа. Түн Патшасы да әскерлерімен жақындап қалды. Арасында дәу Вун-Вун да бар. Шайқасқа бәрі дайын.

Айтпақшы, Серсеяның Үйіндегі карта керемет! Әлбетте Серсеяның өзі де ;)
Блог - asaubota: Тақтар ойыны. 7-маусым, 1-серия. Қыс түсті
Әрі қарай

22 шілдеден бастап жолаушыларды қалааралық тасымалдау көліктерінің қозғалыс бағыттары өзгертіледі

Астана қаласының әкімдігінде қалааралық бағдарлар схемасын өзгерту және Алай-Astra» мен «КенМарт- Astra» (автобекеттер) көлік орталықтарының жұмысы мәселелері бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Елорданың көлік кешенін жаңарту мақсатында «Алай-Astra» және «КенМарт-Astra» жолаушыларды қалааралықлық тасымалдаудың екі көлік орталығы ашылды. «Алай-Astra» және «КенМарт-Astra» көлік орталықтарының аумағы жолаушыларды мінгізіп түсіру аймақтарымен, билет кассаларымен, күту залдарымен, сақтау камераларымен жабдықталған. 800 тұрақ орнын ескерген ыңғайлы орынтұрақ кеңістігі ұйымдастырылған.

Жаңа «Алай-Astra» және «КенМарт-Astra» көлік орталықтарын пайдалану көше-жол желісіне түсетін жүктемені және «Астана» темір жол вокзалы мен «Сапаржай» автовокзалы жанындағы көлік кептелістерінің санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Сапаржай» автовокзалында және жаңа «Алай-Astra» және «КенМарт-Astra» көлік орталықтарында бар ағымдарды үлестіру арқылы қалааралық бағдарлардың бағыттарын шектеу елорда тұрғындары мен қонақтары ТЖ вокзалы аймағынан қалалық бағдарлар бойынша орын ауыстыруға жұмсайтын уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Қалааралық бағдарлар жүрісінің жаңа схемасы қала орталығына кірмей, айналма жолдары бойынша өтетін болады. «Алай-Astra» көлік орталығы С 316 көшесі, 5 (Астана қ. Орталық базарынан кейін) және «КенМарт- Astra» көлік орталығы Астана-Қарағанды тас жолы, 45-ғимарат мекенжайы бойынша орналасқан.

2017 жылғы 22 шілдеден бастап «Алай-Astra» көлік орталығынан павлодарлық бағыт бойынша жүретін қалааралық автобустар жөнелетін болады. Ресми қалааралық тасымалдаушы күн сайын 23 рейске қызмет көрсететін 9 бағдар бойынша тасымалды жүзеге асыратын болады.

2017 жылғы 22 шілдеден бастап «Алай-Astra» көлік орталығынан павлодарлық бағыт бойынша жүретін қалааралық автобустар жөнелетін болады. Ресми қалааралық тасымалдаушы күн сайын 41 рейске қызмет көрсететін 8 бағдар бойынша тасымалды жүзеге асыратын болады.
Астана жаңалықтары: 22 шілдеден бастап жолаушыларды қалааралық тасымалдау көліктерінің қозғалыс бағыттары өзгертіледі

«Сапаржай» автовокзалы келесі бағыттар бойынша 30 бағдарға қызмет көрсететін болады:

Астана жаңалықтары: 22 шілдеден бастап жолаушыларды қалааралық тасымалдау көліктерінің қозғалыс бағыттары өзгертіледі

«Алай-Astra» көлік орталығын қамтамасыз ету үшін №№ 7, 11, 34, 38, 39, 41, 307, 503 – 7 қалалық және 1 қала маңы бағдарлары жұмыс істейді, оған
61 автобус іске тартылған.

«КенМарт- Astra» көлік орталығын қамтамасыз ету үшін №№ 9, 29, 80, 304, 315, 506 – 4 қалалық және 2 қала маңы бағдарлары жұмыс істейді, оған
65 автобус іске тартылған.

Қосымша ретінде, қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Нұрлы жол» темір жолы мен «Алай-Astra» көлік орталығын байланыстыратын жаңа №201 түнгі экспресс-бағдар іске қосылады, одан түнгі қалааралық тасымалдар жүзеге асырылатын болады.

— 7 сәуірден 8 сәуірге қараған түні біз бірінші маршрутты іске қостық, соған байланысты елордада көптен күткен маршрут пайда болды деген пікір айтылды. Тұрғындар мен қала қонақтары маршрутты өз игіліктеріне белсенді түрде қолдана бастады. Бұл маршрут қаланың орталығы мен ескі теміржол вокзалын және әуежай аралығындағы бағытты қосады. Жол ақысы – 150 теңге. Тұрғындардың сұрайы бойынша біз басқа да аудардармен жүретін, түрлі алыс аялдамалар мен тұрғын нысандар аралағын қамтитын жаңа маршрутты іске қостық. Жол ақысы – 150 теңге, жүрі жиілігі – 25-30 минут, деді Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов.

«Алай-Astra» және «КенМарт-Astra» автобекеттерінен жөнелтілетін қалааралық рейстерге билеттерді көлік орталықтарының өзінен, сондай-ақ «Сапаржай» автовокзалынан сатып алуға болады. Алдын ала сатып алынған қалааралық жол билеттері түгел автобекеттерде жарамды болып табылады. Жоспарланған сапар алдында жолаушылар алдын ала сатып алынған билет бойынша қай автобекеттен жөнелету жүзеге асырылатындығын нақтылау қажет. Мұны Астана қаласы әкімдігінің astana.gov.kz және Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасының upt.astana.kz сайттарында, сонымен қатар 8 (7172) 574-777 call-center телефоны бойынша жасауға болады.

Алматы облысындағы туризмді дамытудың жаңа жолы

Алматы облысындағы туризмді дамытудың жаңа жолы

Жетісу өлкесінің тамаша табиғатын бір суретке сыйғызу мүмкін емес. Алайда оны әрлеп, мағынасын ашатындай сөз қолдану «Molooqo» журналының қызметі. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды.
Әлеуметтік желідегі «Molooqo» журналы 2015 жылдан бастап белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Оның негізін қалағандар Ян Серкин мен Дастан Еркінұлы.Журналда арнайы фотосуреттерге афоризмдер таңдалып алынған. Ондағы суреттер кез келген адамға күш-жігер сыйлап, рухын көтереді. Аталмыш журналдың аудиториясы 18-37 жас аралығындағы азаматтар. Күніне «Molooqo» журналын 50 000-нан астам шетелдік және отандық оқырмандар оқиды. «Molooqo» парақшасының бір ерекшелігі әрбір салынған суреттері сапалы әрі сәнді болып келеді.
Қазіргі таңда «Molooqo» парақшасы өз оқырмандарын Жетісу өлкесінің тамаша табиғатымен таныстырмақ. Жетісу жеріндегі Іле-Алатау, Алтын Емел, Шарын, Көлсай көлдері және Жоңғар Алатау бойында жасалған түсірілімдерді енді түрлі газет-журналдар мен сайттарда қолданылатыны айтылды. Осы арқылы елімізге туристердің көп келу мүмкіндігі артады.
««Molooqo» журналын дамыту барысында біз Жетісу жеріндегі таңғажайып жерлерді аралап, 50 ерекше түскен суреттерді жинадық. Жалпы Жетісу жері – шабыт мекені әрі туризмнің өркендеуіне таптырмас өлке болғандықтан біз туризм мен журналымыздың өрлеуіне үлкен үлес қостық», — деді «Molooqo» журналының арт-директоры Ян Серкин.

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
Әрі қарай

Мөлдір

Блог - BakytgulSarmek: Мөлдір
Кейіпкердің атын өзгертіп жазсам, әңгімем әдемі шықпауы мүмкін. Сондықтан өзгеріссіз қалдырдым. Өзі туралы жазылған әңгімені Мөлдірдің оқымайтынына да сенімдімін… Себебі өркениеттен тым алыста жүр, мына көркем өмірге жақындауға талпынбайтын да шығар.
Мектеп бітіргенімізге он жыл толуына орай сыныптастар болып ауылда бас қосқанбыз. Ойдағы-қырдағыны түгендей келе Мөлдірге де кезек келді. "Қырда қой бағады. Бес жүз қойы, бір баласы, бір байы бар" деді қылжақбас құрдастардың бірі.
Қарабайыр тірліктен тым алшақтап, қалалық болып кеткенімді сездіргім келіп жасанды кірпіктерімді маңғаздана қағып-қағып: "Қай Мөлдір?" дедім. Менің Мөлдірді ұмытып қалуым ауылдық құрдастардың алдында беделімді, бағамды көтеріп тастардай жорта білмегенсідім.
Білемін ғой Мөлдірді. Малшының қызы. Әке-шешесі ауылға қоныс аударған кезде, тұратын үйлері болмағандықтан біздің сарайды бір қой беріп, уақытша жалдап алған. Басын қозғаса бұйра шаштары серіппедей бір созылып, бір жиналып тұратын қара қыз біздің үйге жүгіріп келіп, мамаларыммен амандасып жатты. «Біздің үйде тұрып жатсыңдар» деген үстемдік ой патшалық құрып, назар аудармауға тырыстым.
Аты Мөлдір екен, туылған кезінде-ақ көзінің әдемілігі, мөлдірлігі байқалып тұрған соң атын солай қойған шығар ойладым ішімнен. Қайқиған кірпігі қолымдағы қуыршақтыкінен де әдемі. Сығыр көздерімнің қиығымен қызғана қарадым.
«Менің қызыммен құрдас екенсіңдер, бірге ойнайсыңдар» деген мамамның сөзін іле-шала: «Көбейту кестесін білесің бе? Тоғызды беске көбейткенде неше болады?» дедім. Бұйра шаштары дір-дір етіп басын шайқады. «Білімі нашарлармен ойнамаймын» дедім де қолым жеткен жердегі қалың кітаптың біреуін ортасынан аша сала дауыстап оқуға кірістім. Жаңа таныс қыздың алдында бір артықшылығымды көрсетуге тырысып жатырмын. Ол маған қызыға қарап тұрды.
Шаруақор екен, таңертең ерте тұрып су тасиды, кілем қағады, жүгіріп келіп біздің үйдің егініндегі арамшөптерді жұлып көмектеседі. Ал мен көлеңкеде жатып алып кітап оқимын.
Қыркүйекте ол мен оқитын сыныпқа барды. Ән сабағында мұрнының үсті тершіп тұрып, ұяла қызарақтап ән айтты. Дауысы керемет, ешкім үндеместен тыңдады. Мұғалім өте сезімтал адам еді, көзі жасаурап Мөлдірдің шашынан сипады. Мөлдір біздің сарайда тұрады, сондықтан ол маған бағынышты, менен асып түсуіне болмайды. «Ағай, оның шашында бит бар, кеше көрдім» деп саңқ етіп, ән әуелеген сынып ішіндегі тыныштықты бұзып жібердім. Ертесіне кешке қарай есік алдындағы сәкіде мамасы Мөлдірдің басынан сірке сығып отырды.
Мөлдір менің меншігімдегі жанды қуыршақ сияқты. Үйге су тасу, бұзау қамау сияқты жеңіл жұмыстарға Мөлдірді жұмсап жіберемін. Қарсылық танытпастан бұйра шаштары н серпіп құлдыраңдап жүгіреді. Сыныпта оның басқа қыздармен ойнағанын көрсем, екі күн сөйлеспеймін.
Арада уақыт өте өздері үй салды да, қоныс тойын жасап көшті. Енді Мөлдірге сөзім жүрмейтінін ойлап іштей көңілім пәс болып қалды. Кешке қарай бұзау айдап келе жатсам, Мөлдір біздің қораның есігін ашып күтіп тұр екен. Бұзаулардың тұсауларын шешуге де көмектесті. «Ертең концертте ән айтамын» деді. «Айтпайсың» дедім көзімді алартып.
Ертеңгі күні әдемілеп өрілген шашына шашылған жылтыр лак күнге шағылысып, ақ туфлиімен желпіне кетіп бара жатқан Мөлдірді көрдім де, концертке бармадым.
Мөлдірлер жазғы демалыста мал бағуға жайлауға кетті. Қыркүйекте мектепке келмеді. Көп кешікпей көрші әйелдің мамама айтып жатқан әңгімесін естіп қалдым: «Дәулетбайдың әйелі қызын ертіп алып аудандағы перзентханада жүр. Жөн сұрасам ештеме айтпады. Санитаркалардан біліп алдым, қызын малшылардың көмекші жігіті зорлаған екен, аяғы ауыр көрінеді. Баланы алдыртпақшы екен». Мамамның көзі алақандай болып маған қарады, мен түсінбеген адамдай кітап оқып отыра бердім. Көз алдымда әріптер тым-тырақай қашып, ойым ойды-қырды қуып жатыр. Ұрлана оқып жүріп, «Мың бір түннің» екі томын тауысқан сұммын ғой, еркек пен әйелдің жақындығы, бала туу дегендерді тым жақсы түсініп тұрмын.
Мөлдірге келген кесапат менің қуанышыма, аздап қорқынышыма айналды. Кекіл тарап, мұрын сүртіп есейіп қалған сыныптастарыма да соңғы жаңалықты таратып үлгердім. Қыздар жағы қорықты, ұлдар болса жұмбақ жымиып таңданысты. Екінші тоқсан басталысымен Мөлдір сабаққа келді. Шашының бұйрасы тарап, әлсіз толқынданып қалғандай, көзі де көптен сүртілмей жылтырынан айырылған айнадай, бұрынғыша мөлдіремейді.
Сыртынан айтылатын сыпсың сөздерден, әр қимылын тергеп қарайтын көздерден шаршап жүргенінде түнде шарбағын баққан ересек жігіттер қосылды. Аудандық байқауға қатыстырамын деп ән сабағының ағайы да қосымша сабаққа шақырып біраз әуреледі.
Мөлдір тоғызыншы сыныпты бітіріп, мектептен шығып кетті.
"Ә, тоғызыншы сыныптан кейін мектептен шығып кеткен Мөлдірді айтасыңдар ма?" дедім құрдастардың әңгімесіне қайтадан ортақтасып. «Күйеуіне екі шөлмек арақ берсең, Мөлдірмен алаңсыз таңға дейін ән айтуға болады екен» деді тілінің уы бар тағы біреуі.
Оның осы уақытқа дейін неше көңілдесі болды екен? Мөлдірмен бақталасуға жетелейтін ескі, таныс ой мені тағы да мазалап қоя берді.
Әрі қарай

Астанада «Электронды хаттама» жобасы іске қосылды

Бас прокуратура және ҚР ІІМ қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылатын «Электронды хаттама» жобасын таныстырды.

Құқықтық статистика және арнайы есеп бойынша комитет электронды хаттама толтыру бойынша пилоттық жобаны іске қосуда. Оның мақсаты — әкімшілік өндірісін электронды форматқа көшіру.

«Әкімшілік өндірістердің бірыңғай реестрі» — бұл сандық ақпаратты – әкімшілік іс материалдарын сақтауға арналған, қағаз нұсқасын толығымен алмастырады және жоғары деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл орайда аталған жүйеде әкімшілікті құру бойынша функция болуы керек. Онда әкімшілік өндірісті қозғаудан бастап әкімшілік өндіріп алуды орындауға дейін, барлық салынған үкімнің шектеулерін алып тастау оның ішінде алынған куәләндірудің барлық мәліметтерін тіркеуге мүмкіндік беретін фото, аудио жазба, видеобейне, сонымен қатар өзге де файлдар мен бағдарламалық мәліметтер секілді ары қарайғы алгаритм болады.

Енді жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін хаттама толтыруға адамның ЖИН болса жеткілікті, қалғанын жүйе өзі шығарады. Жыл сайын елімізде 4 млн. жуық әкімшілік іс қозғалады. Олар бойынша хаттаманы 64 мемлекеттік орган жазады. Соттардан бөлек бұл істерді 50 өкілетті орган қарайды. Тиісінше бұл салаға барлық мемлекеттік ақпарат және еліміздің әрбір төртінші тұрғыны жұмылдырылған.

Анықтама үшін, 2016 жылы 64 млрд. теңгені құрайтын 3 млн. айыппұл жазылған. Бұл әкімшілік істердің 75%-ын құрайды.

-Менің ойымша, бұл Президенттің «Астана-ақылды қала» бағдарламасы бойынша тапсырмасына сай келеді. Көріп тұрғандарыңыздай, «Ақылды қала» бағдарламасы – бұл жайлылықты арттыратын, тұрғындардың қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін нақты жобалар. Сіздер көрген жоба бір реттік жәй жоба емес, бұл азаматтардың өмірін қауіпсіз әрі жайлы ететін бүтін бір жобалар кешенінің топтамасы. Біз айыппұлдарды төлеу және хаттамаларды толтыру барысында бюрократиялық процедуралар шетке ысырылып ашықтық артады және тұрғындарға аз қатынауға мүмкіндік жасалады деп сенеміз. Біз бас прокурормен және Ішкі істер министрімен көптеген әкімшілік өндірістерді бірнеше есеге қысқартып, тұрғындардың өмірін ыңғайлы ету бойынша талқыладық. Сондықтан біз бұл жобаны планшеттермен және термопринтерлермен толық қамтамасыз етеміз. Мен барлық әріптестерге әлі де көптеген мемлекеттік қызмет және мемлекеттік органдар мен тұрғындарды мазалайтын сұрақтардың жеткілікті екенін айтқым келеді. Сол себепті, біз құрылысқа рұқсаттама беру, жер қатынастары, ПИК пен тұрғандар қарым-қатынасы, білім, денсаулық сақтау салаларына қатысты 20 жобаны жүзеге асыруды көздейміз. Олардың барлығы мемлекеттік қызмет сапасын қамтамасыз етуге осы қызметтерге уақытты қысқартуға арналған, — деді әкім.

Салтанатты шарада Әсет Исекешев жол полициясы қызметкерлеріне планшеттерді сыйға тартты. Бүгінгі күнен бастап 50 планшет және 50 терминал жұмыс істейді. Елордалық полицейлер жұмысының толыққанды жұмыс істеуі үшін 283 планшет пен терминал қажет.

Жобаны республика көлемінде іске асыру үшін 2971 планшет қажет. Бұл міндет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешіледі.
Әрі қарай

Елорда əкімдігі азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда

Астана жаңалықтары: Елорда əкімдігі азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда

Бағаны тұрақтандыру мақсатында Астана қаласының əкімдігі күн сайын азық-түлік тауарлары бағасына бақылау жүргізеді. Алғашқы қажеттіліктегі тамақ бағасы ерекше назарда.

Атап айтқанда, ұн, нан, макарон өнімдері, ет, жұмыртқа, қант, тұз, көкөністер.

Үлгі ретінде қаланың ірі сауда орындарында, мәселен, Магнум, Астықжан сауда орталықтары мен Шапағат базары сөрелерінде азық-түліктің орта бағасы жазылған.

Астана тұрғындары мен қонақтары азық-түлік бағасы туралы толық ақпаратпен төменде таныса алады.

Мына жерден қараңыз
Әрі қарай

"Сен барсың тек менде"...

Өміріңде кездескен кез-келген адам өзіндік бір із қалдырмаса да, сені бір нəрсеге үйретеді, — деп жатады. Мына бес күндік ғұмырда қанша адамды бір-бірімен жолықтырады Жаратқан. Соның əрбірінің қылығын, ойын, пікірін, көзқарасын елеп-ескеру мүмкін емес те шығар. Бірақ адамның болмысы, қасиеті, рухани танымы қандай болса, əрқайсымен тілдесіп, пікір алмасқан кезде, тура сол таным-түсінікті ұғыну үшін дəл сол деңгейге түсіп немесе өресі жеткенше сол биікке бойлайды. Адам мен адам жолыққанда ең алдымен антиптия, содан соң симпатия орнайды дейді араларында. Кім болса да, бір жолыққанда сынай қарап, келіспейтін қырлары мен ұнамайтын тұстары көзге оттай басылып, оғаш көрінетіні содан. Ал содан соң, тіл табысып, жөн біліскен соң ғана, ол кісінің ниетін, басқасын біліп жатамыз. Осы кезде симпатия оянып, пікірлестік, ортақ көзқарас қалыптасуы мүмкін. Ал одан соңғы эмпатия деңгейіне айлар, жылдар бойы жете алмай жүрген талай дос, бауыр, тіпті сүйем деген ғашықтар да бар көрінеді. Сана мен сананың, адамгершіліктің, танымның, ниеттестіктің, түйсіктің тоғысуы, шын ұғынысудың белгісі осы!

Зымыраған өмір ағынында мұндай адам сен үшін уақытты тоқтатып қоя алады. Əбден көңілің қалып, жан баласына сенбейтін қатал жүрегіңді жібіте алады. Бей-жай тірліктің қамында, өзгені елемейтін, ешкімті ойламайтын тар пейіліңді кеңейтіп, қамсыз, өзімшіл, тəкəппар кеудеңді де иілтетін осы адам.  Біреуге шын жанашыр болсаң, шын ниетіңмен тілекші болсаң,   ішкі сырыңды еш бүкпесіз төге алсаң, ол саған жақсылық жасауды үйретсе, міне, нағыз еркіндік, батырлық, ашықтық — осы! Бұл нəрсеге тек жанымыздағы нағыз жанашыр адам үйретеді.
Әрі қарай

Астанада «Сақ мәдениеті» көрмесі ашылады

Астана жаңалықтары: Астанада «Сақ мәдениеті» көрмесі ашылады

17 шілдеде ЕХРО-2017 Халықаралық көрме аясында Тәуелсіздік сарайының көрме залында «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің «Сақ мәдениеті» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

Көрменің мақсаты — сақ мәдениеті мен мұрасын музейлік көрме мен қазіргі заманғы көркем интрепретация арқылы көрсету болып табылады. «Сақ мәдениеті» көрмесі «Алтын адамның құпиялары», «Пазырық кілемі», «Өрнек қорымдары» атты үш бөліктен тұратын болады.

«Сақ мәдениеті» атауымен өтетін аталмыш көрмеде келушілер «Алтын адамның» құпиясымен, Жетісу сақтарының жаңа табылған археологиялық олжаларымен, дүниедегі ең көне кілем болып табылатын «Пазырық кілемімен» және «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі, әйгілі археолог Б.Нұрмұханбетовке арналған фотокөрмемен таныса алады, дейді ұйымдастырушылар.

Сақ мәдениеті дегенде біздің есімізге қазіргі Қазақ жерінің Алтайы мен Жетісу түседі. Ә.Ақышевтің айтуынша бұл туыстас сақ мәдениетінің кең жайылған, ру ароалық байланыстар берік орнаған «таулар белдеуі» болып табылады. Жалпы, сақ мәдениеті, мұрасы, тіпті «Алтын адамның» ашылу тарихы да толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз. Керісінше, жыл өткен сайын олар жаңа ғылыми деректермен толыға түсуде.

Алтайдан Қара теңізге, Жетісудан Арқаға дейінгі аралықты мекен еткен сақ-скифтер арттарына аса бай мұра қалдырды. Соның бірі Алтай тауындағы Пазырық қорымының бесінші қорғанынан шыққан кілем (Ресей федерациясы, Алтай Респбуликасы, Ұлаған ауданы) 1949 жылы ғалым-археолог С.И. Руденконың жетекшілігімен жүргізіліген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды. Кілем өлшемі 4,5х6,5 м. Кілем негізінен қалыңдығы 3 мм құрайтын орташа деңгейде басылған ақ киізден жасалған.

«Есік» қорық-музейінің археологтары да соңғы жылдары Жетісу жерінде біршама жаңа археологиялық зерттеулер жүргізіп, жаңа олжаларға кез болды. Солардың бір парасы «Өрнек қорымдары» олжалары да көрме қонақтарының назарына ұсынылатын болады.
Әрі қарай

EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Әдемілік бізге көптік етпейді немесе Астанада қазақстандық дизайнерлердің алғашқы EXPO Fashion fest сән фестивалі қалай өтті?

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Астанадағы алғашқы сән фестивалі болғандықтан, толқыныс, қобалжу болғаны түсінікті. Дегенмен, сән мен сұлулық мерекесі болғандықтан, көркемдік пен кербез сипат басым түсті. Астана әкімдігі медиа орталығының тілшілері елорда билігінің ұйымдастыруымен өткен алғашқы сән фестиваліне қатысып қайтты.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

EXPO Fashion fest сән фестивалі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында арнайы ұйымдастырылды. Мақсаты – қазақстандық дизайнерлердің жұмыстарын халыққа кеңінен насихаттап, отандық сән индустриясының ахуалын паш ету. Қазақ елінің сән әлемінде қол жеткізген табыстарымен таныстырып қана қоймай, дизайнерлердің бір-бірімен танысып, өзара ынтымағын нығайтуды көздеді.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Фестиваль барысында қазақстандық 36 дизайнер топтамалары көрме
сатылымға шығарып, шоу-рум өткізді. Олардың арасында сән әлемінің тісқаққан
Аида Кауменова бастаған майталмандарымен қатар бұл салаға енді аяқ басқан жас
дизайнерлер бар.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Астана
тұрғындары мен қонақтары үшін бұл фестиваль жаңалыққа толы болды. Соның бірі — белгілі қазақстандық имиджмейкер Жанна Ахметова өткізген шеберлік сыныбы.
Ахметова қыз-келіншектерге киім киюдің әдебі мен сауаттылығы жөнінде білгенін үйретіп бақты.
Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Ұйымдастырушылар тұрғындарға тағы бір тосын сый жасады.
Мэйкап шеберлері жиналғандардың шашын сәндеп мен тегін макияж жасайды деп ешкім
күтпеген-ді. «Артист» сұлулық салонының шеберлері 40-қа жуық қыз-келіншекті сәндеп,
айымдардың ажарын әрлей түсті.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Сән әлемінің мамандары адамға әдемі болып көріну үшін тек сәнді киім кию жеткіліксіз дейді. «Адам көркі шүберек» деген қағиданы естен шығармаған жөн. Алайда, сұлулық тек киім-кешекпен өлшенбейді. Әйелдер сәнді киініп, бет әлпетін әрлеп қана қоймай, сондай-ақ әдемі сөйлеп, әдемі жүре білуі де тиіс. Мамандардың елорда тұрғындары мен қонақтарына берген кеңесі осыған саяды.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Сән фестивальі болғандықтан, сән көрсетілімісіз өтуі мүмкін емес қой. Ашық аспан астында қазақстандық алты дизайнердің жаңа топтамаларының таныстырылымы өтті. Жинағандар көрсетілім арасында жас орындаушылардың концертін тамашалады.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Сонымен бірге Ayana style брендімен танылған еліміздің ең жас дизайнері Аяна Мұратованың жаңа топтамасы да Астана жұртшылығына таныстырылды. Дизайнердің өзі Миланда өтіп жатқан сән конкурсына қатысып, бас жүлдені иеленгені де сол жерде белгілі болды. Дизайнердің киім үлгілерін киіп подиумға шыққан кішкентай сәнгерлер Ақтөбеден арнайы келген екен. 

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

«Астанада мұндай сән фестивалі алғаш рет өткізіліп отыр.
Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен фэшн фестивальді жыл сайын өткізіп
отырамыз деген жоспарымыз бар. ЭКСПО көрмесі Қазақстан үшін зор әрі ұмытылмас
жетістік болып қалмақ. Сәйкесінше, аталған көрме аясында өткізіліп отырған
біздің фестивальіміз де отандық сән тарихында өз ізін қалдырады деп ойлаймыз»,
— деді EXPO Fashion fest ұйымдастырушысы 
Айгерім Сүйіндікова медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында.

Мәтіні: Айнұр ШОШАЕВА
Фотосы: Әділхан ІЛИЯСОВ
Әрі қарай