Алматы облысының әкімі белсенді жастармен кездесті
Талғар ауданы «Лесная сказка» туристік кешені аумағында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қоғамдық өмірге етене араласып жүрген жастармен бейресми түрде кездесті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, «Көшбасшы» жастар сыйлығының иегерлері, «VIP» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары, жас ғалымдар, жас депутаттар, «Жас отау» байқауының жеңімпаздары, жас кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Облыс әкімі белсенді жастар арасында тығыз байланыс орната отырып, жер жәннаты Жетісу өңірінің өнерлі де өрелі жастарымен емін-еркін пікір алмасып, жастар қауымы өздерін барынша еркін ұстап, облыс Әкіміне ұсыныс-тілектерін жеткізді.
«Асқаралы Алатаудың баурайында өңіріміздің өздеріңіздей жалындаған жастарымен кездесіп отырғаныма зор қуаныштымын. Осындай сұлу табиғаттың төрінде отырып, ой-пікір бөлісуге келген әрбіріңіз бақыттысыздар. Себебі, біз табиғаты көркем, топырағы бай, жасыл желекті өңірде дүниеге келіп, еңбек етіп жатырмыз. Бұл – бізге бұйырған бақыт», — деді Амандық Ғаббасұлы.
Басқосуда «VIP» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ғылымның өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын арнаған жас ғалымдар Мағжан Ысқақов, Ксения Мерешкова, Шыңғыс Нұрғожаев, Гүлім Асхатқызы, Жігер Берліқожаның ғылыми еңбектері облыс әкімінің қаржылай қолдауына ие болды.
Көздерінен от лапылдап тұрған жастардың облыс әкімі Амандық Ғаббасұлымен кездескен қуаныштарында шек болмады. Сондықтан да олар еш тосылмастан сан алуан сұрақтар қойды. Бойынан қарапайымдылықтың жылы лебі ескен парасатты басшы жастардың әр сауалына аса байыппен жауап қайырды.Шара соңында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы жастардың сұрауы бойынша бірге ән шырқап, естелік суретке түсті.
Пікір жоқ әзірше