Астанада «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» байқауының жеңімпаздары анықталды

Қазақ ұлттық өнер университетінде «Бәріміз бірдейміз — кемсітуді білмейміз» атты қалалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқаудың басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және олардың қоғамға араласуына қолдау көрсету.

«Кәсібінің үздігі» аталымында Камалиден Оспанов — 1-ші, Сәуле Айдарханова 2-ші, Қорған Конкулов 3-ші орын алды.

«Үздік студент» аталымы бойынша Алтыншаш Мұқатаева 1-ші орыннан көрінсе, Мейрамкүл Батырханова 2-ші, Рузи Шихов 3-ші орынға табан тіреді.

Жанмұхаммед Серіктің отбасы «Ең тату отбасы» аталымында жеңімпаз атанса, осы номинацияда 2-ші орыннан Дәмелі Загитованың отбасы, 3-ші орыннан Дос Төлегеновтың отбасы көрінді.

«Үздік жасампаз» аталымы бойынша 1-ші орын алғандар Елизавета Данилова және Александр Фролов болса, Сәуле Сыздықова — 2-ші, Фархат Катренов 3-ші орын иеленді.

«Біз бұл байқауға балалардың психоневрологиялық мекемесінің атынан қатыстық. Менің сегіз жасар ұлым Жанмұхамед би билеп, өнер көрсетті. Оған билеген ұнайды. Сондықтан бәріміз оған қолдау көрсетіп, байқауға дайындадық, сөйтіп, міне, он конкурсанттың ішінен бірінші орын алып отырмыз», деп мәлім етті біздің тілшімізге «Үздік отбасы» аталымында жеңімпаз атанған Гүлнәр Дайырбекова.

Ұйымдастырушылар байқауға қатысушылар саны жыл санап артып келе жатқанын айтады. Биыл шығармашылық байқау төртінші рет өтіп отыр.
Әрі қарай

Астанада конькимен жүгіруден Әлем кубогының ІІІ кезеңі өтеді

2016 жылдың 2-4 желтоқсанында «Алау» мұз айдын сарайында Әлем кубогының ІІІ кезеңі өтеді. Шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр.

Шараны ұйымдастырушылар – Астана қаласының әкімдігі, ҚР мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ «Ұлттық конькимен жүгірушілер федерациясы» РҚБ.

Спорттық журналисттер мен фотокорреспонденттерді аккредитациялау басталды, ол үшін белгіленген үлгідегі нысанды толтырып, nfk_pr@mail.ru электронды поштасына жолдау керек.

Өтінімдер 4 қарашаға дейін қабылданады.

Айта кетейік, жақында Астанада конькимен жүгіруден ҚР Кубогы өткен болатын. Жарыстың қорытындысы бойынша Әлем кубогының кезеңдеріне қатысатын ел құрамасына кіретін спортшылар анықталды.
Әрі қарай

Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Ауа температурасының күрт төмендеуі мен жауын-шашынның түсуіне байланысты Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Астана Тазалық» ЖШС-інің ақпаратына сәйкес, бүгінгі күннің өзінде қала аумақтарын тазалап, жолдарға құм-тұз қоспасын себу үшін 139 арнаулы техника мен 250-ден аса адам жұмылдырылды.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы үш күнде елордада күн бұлттанып, оқтын-оқтын қар жауады, сырма боран соғып, көктайғақ болады. Ертең, 20 қазанда ауа температурасы түнде 4...6° С, күндіз -1 -ден +1°С-ге дейін. 21 қазанда ауа температурасы түнде 6...8°С дейін төмендеп, күндіз 1 — 3°С нөлден төмен. 22 қазанда көшпелі бұлт шығады, оқтын-оқтын қар жауады, сырма боран соғады. Солтүстіктен 914 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде7...9°С, күндіз 2 4°С.
Әрі қарай

Астанада Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды

Бүгін Астанада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылуы өтті. Қазақ жауынгері 1945 жылдың 30 сәуірінде Қызыл әскер сарбазы Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг ғимаратына Жеңіс туын тіккен.

Ескерткіш Б. Момышұлы және Р. Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Жобаға сәйкес, мүсіндік композицияның биіктігі — 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі 4,5 метр. Ескерткіштің авторы «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов.

«Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек, сол себепті Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елордада аты аңызға айналған нағыз жауынгерімізге арнап ескерткіш орнатылды», — деп атап өтті салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Салтанатты шараға Рақымжан Қошқарбаевтың қызы — Әлия, оның немерелері, сондай-ақ, лейтенант Қошқарбаев туралы кітаптың авторы — Қасым Аппасұлы қатысты.

Монументті орнатуға елорда әкімдігі бастамашы болды, ескерткішті дайындаған және орнатқан — «BI-Group».

Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін көп жылдар бойы кеңестік тарихшылар мойындамай келді. 2007 жылы ғана Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинде Рейхстагты басып алу кезінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың бірінші болып ту тіккендері туралы ресми түрде мәлімдеме жасалды. Осы ерлікті жасаған кезде Қошқарбаев небәрі 21 жаста болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Әрі қарай

Елордада тұрғын үйлер мен құрылыс нысандарының саны артып келеді

Астана қ. Статистика департаментінің ресми мәліметтеріне сәйкес, елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, құрылыс нысандарының саны ұлғайды.

2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 99 081,4 млн теңгені құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 101,1% құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттар үлесі — 18,3%.

Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 14 903 пәтерге арналған тұрғын үйлер пайдалануға берілді, тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 1 644 497 шаршы метрді құрады, бұл 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіштен 29%-ға көп.

Жеке салушылар жалпы ауданы 124 791 шаршы метр тұрғын үй салған. Бұл 2015 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіштен 3,8 есе көп. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы көлемінде жеке тұрғын үй құрылысының үлесі 7,6%-ды құрады, 2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2,6% болған.

Елордада 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метрін салудың орташа нақты шығыны 128,9 мың теңгені, оның ішінде жеке салушылардың тұрғызылғаны 105,2 мың теңгені құрады.

Сондай-ақ, нысандардың құрылысында да өсім байқалып отыр.

Ведомствоның мәліметінше, 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте Астана қаласының кәсіпорындары мен ұйымдары 399 775,5 млн теңге сомасына құрылыс жұмыстарын орындады. Орындалған құрылыс жұмыстары көлемінің ең жоғары үлестік салмағы 54,6%-ы жеке меншік мердігерлік ұйымдарға, 45,3%-ы шетелдік мердігерлік ұйымдарға тиесілі, мемлекеттік мердігерлер жалпы көлемнің 0,1%-ын орындады.
Әрі қарай

Астана Италия балетінің жұлдыздарын қабылдайды

2016 жылдың 29 қазанында елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» театрының артистері мен неаполитандық Сан-Карло театрының белгілі артистерінің қатысуымен Гала-балет ұсынылады. Концерт «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижері Арман Оразғалиев.

Сан-Карло театры атынан 6 солист келеді, олардың арасында Антонелла Альбано, Маурицио Личитра және Сальваторе Мандзо сияқты балет жұлдыздары бар.

«Біз Сан-Карло театрындағы достарымызды көретінімізге қуаныштымыз, олар бұған дейін театрымызға бүкіл кордебалет құрамымен келіп, «Жизель» балетін қойған. Артистер үшін мұндай кездесулер өте маңызды, өйткені өзара тәжірибе алмасып, жағымды сезімнен қуат аламыз, ал, оның бәрі кейін біздің көрерменге беріледі, — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов.

«Астана Опера» әртістері де елорда тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар тосын сый дайындап қойған. Гала-балет бағдарламасы аясында таяуда ғана Балет әртістерінің ІІІ халықаралық байқауының жеңімпазы атанған Бақтияр Адамжан мен Серік Нақыспеков өнер көрсетеді. «Астана Опера» театры балетінің жаңа солисті Олжас Тарланов П. Чайковскийдің «Аққулы көл» балетінде алғаш рет Зигфридтің рөлін сомдайды, онымен бірге балеттің жетекші солисі Әйгерім Бекетаева сахнаға шығады.
Әрі қарай

Астанада қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш ашылды

19 қазанда қазақстандық құтқарушылар кәсіби мерекелерін атап өтуде. Осыған орай Астанада қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқандардың құрметіне ескерткіштің ашылуы өтті. Олар үшін үлкен қауіп-қатермен байланысты жұмыс өздерінің жеке тыныштығы мен амандығынан жоғары тұрды. 1996 және 2010 жылдардың ақпан айы қала тұрғындарының есінен әлі күнге кеткен емес, ол кезде тілсіз жау өтпен күрес қызметінің бес қызметкерінің өмірін қиған еді. 1996 жылы Мичурин атындағы совхозда көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі өртті сөндіру кезінде Александр Величкин және Геннадий Винокуров қаза тапты, ал 2010 жылдың 17 ақпанында елордадағы ғимараттардың бірінде шыққан өртпен күресте Валерий Зайцев, Саят Абеев және Руслан Кәкішевтер көз жұмды.

«Өткенді білмей, болашақ болмас. Біздің батырларымыз туралы жылы естелік біздің жүректерімізді мәңгілік сақталады. Олар кәсіби парыздарын бәрінен де жоғары қойып, жанкештілік танытты», — деп атап өтті өз сөзінде Астана қ. ТЖ Департаментінің бастығы Барат Дұзақбаев.

Осы күні батырлардың есімдерін еске алу үшін олардың туған-туыстары мен достары келді. Кәсіби салқынқандылық, қаймықпас рух құтқарушылардың ең басты айрықша қасиеттері осы. Олар өте қарапайым, олардың ерліктері көпшілікке белгісіз, бірақ еңбектері құрметке лайық, өткені олардың бірінші кезектегі парызы — адам өмірін құтқару.
Әрі қарай

«Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы несие қаржысын мақсатты пайдалану мәселелері бойынша рейд өткізді

Қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері еңбек жағдайларымен танысу үшін және «Даму» қоры бөлген несие қаржысының мақсатты пайдаланылуын тексеру үшін Астананың екі өндірістік кәсіпорнында болды.

Комиссия мүшелері «Нұр Саба» ЖШС-іне барды, ондағы жұмыскерлер металл және ағаш өнімдерін өндіреді. Осыдан үш жыл бұрын кәсіпорын басшысы құрал-жабдықтар сатып алуға және өндірістік ғимаратты жөндеуге 24 млн теңге көлемінде несие алған.

«Несие алғаннан кейін біз жұмыскерлер санын арттырып, өндіріс көлемін алдымен 20, одан кейін 50%-ға ұлғайта алдық», — дейді кәсіпорынның бірінші басшысы Қайрат Исімбеков.

«Проект Монтаж» кәсіпорны желдеткіш ауа өткізгіштерінің өндірістік желісін сатып алуға 130 млн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл өндіріс орны елорданың тұтынушылық нарығын мырышпен қапталған материалдан жасалған өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

«Жұмыскерлерге жалақыны уақытында төлеп тұруға тырысамыз. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алудың арқасында өндіріс көлемін 10 есеге ұлғайттық»,- деп атап көрсетті зауыт директоры Ұлан Арынбеков.

«Біз бөлінген қаржының мақсатына сай жұмсалғанын көріп тұрмыз. Екі кәсіпорынның жеткен жетістіктері бар», — деп қорытындылады комиссия төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Саят Батпенов.

Сондай-ақ, ол «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы осындай рейд шараларын ай сайын өткізіп тұратынын және депутаттардың басты міндеті жұмыскерлер үшін жақсы еңбек жағдайларын жасау «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын кәсіпорын жетекшілерінің естеріне салып отыру екенін жеткізді.
Әрі қарай

Астана қаласының әкімдігі МЖӘ жобалары бойынша жеке әріптестерді таңдау бойынша конкурс жариялады

2016 жылғы 18 қазанда Астана қаласының әкімдігі, 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 мекен-жайында орналасқан «Астана қаласының Білім басқармасы» ММ атынан келесі жобалар бойынша:

1. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Жұмабаев көшесінен батысқа, Сарайшық көшесінен оңтүстікке қарай 240 орынға арналған балабақша»;

2. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Қорғалжын тас жолынан оңтүстікке қарай 240 орынға арналған балабақша»;

3. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Е51 және Е49 көшелері арасындағы Е70 көшесінің бойында орналасатын 240 орынға арналған балабақша»;

4. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Сығанақ және Бейсекова көшелеріндегі ауданда «Е33, Е34 және Е18 көшелеріндегі қиылысындағы ауданда орналасқан 240 орынға арналған балабақша»;

5. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Сығанақ және Бейсекова көшелеріндегі ауданда «Е33, Е44 және Е20 көшелеріндегі қиылысындағы ауданында 240 орынға арналған балабақша»;

6. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Е51, Е54, Е77, Е79 жобалық атауларымен көшелер квадратындағы 240 орынға арналған балабақша»;

7. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Сауран және Қабанбай батыр көшелері арасындағы 240 орынға арналған балабақша»;

8. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, №200 және №312 көшелеріндегі ауданда 240 орынға арналған балабақша»;

9. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, № 29 және ю 36 жобалық атауларымен көшелер қиылысы ауданда 360 орынға арналған балабақша»;

10. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Хусеин бен Талал және № 36 көше қиылысындағы ауданындағы 360 орынға арналған балабақша» құрылысы мен пайдалануға беру жөніндегі жеке әріптестерді таңдау бойынша конкурс жариялайды.

МЖӘ жобасының объектілері: Астана қаласының аумағында орналасқан жер учаскелері және салынуы тиіс балабақшалар.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» Заңының 32-бабында көрсетілген біліктілік талаптарына және концессионерді таңдау жөніндегі конкурстық құжаттамаға сай келетін барлық әлеуетті жеке әріптестер жіберіледі.

Конкурсқа қатысу үшін конкурсты ұйымдастырушыға ұсынылатын қажетті құжаттар тізімдемесі және әлеуетті жеке әріптестерге қойылатын талаптар конкурстық құжаттамада көрсетілген.

Төменде көрсетілеген мекен-жайлар бойынша: конкурс өткізу туралы осы хабарландыру жарияланған кезден бастап, сағат 8.30-дан 13.00-ге және 14.30-ден 18.00-ге дейін Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 үй, № 717 кабинет мекен-жайы, немесе Достық көшесі 13, «Нұрсая-2» ТК, «Астана Innovations» АҚ (бірінші 5 нысан бойынша), № 215 кабинет мекен-жайы немесе Темірқазық көшесі 65, «Астана» АҚ НК ӘКК № 11 кабинеттерден (соңғы 5 нысандар бойынша) конкурстық құжаттама көшірмесінің пакетін алуға болады.

Конкурстық құжаттама көшірмесінің пакеті тегін беріледі.

Жеке әріптестер конкурсқа қатысуға арналған конвертке жапсырылған конкурстық өтінімді Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 үй, №407 кабинет «Астана қаласының Білім басқармасы» ММ мекен-жайына қолма-қол тапсырады.

Біліктілік талаптарына сай жеке әріптестің әлеуетті сай екендігін растайтын құжаттарды ұсынудың ақырғы мерзімі 2016 жылдың 28 қараша, Астана қаласының уақыты бойынша 13.00-ге дейін.

Конкурсқа қатысуға арналған конкурстық өтінімдерді ұсынудың ақырғы мерзімі 2016 жылдың 20 желтоқсан, Астана қаласының уақыты бойынша 13.00-ге дейін.

Конкурстық өтінім салынған конверттерді ашу Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 үй, 702-кабинет мекен-жайы бойынша 2016 жылғы 20 желтоқсанда Астана қаласының уақыты бойынша 15.00-де жүзеге асырылады.

Анықтамалық ақпаратты «Астана Innovations» АҚ Әлия Бикеевадан 8 (7172) 578952, +77015545251 телефондары, «Астана» ӘКК ҰК»АҚ Әлия Масаковадан 8 (7172) 278544, +77054008756 телефондары бойынша алуға болады.
Әрі қарай

Кейбір қоғамдық көліктердің бағыты өзгертіледі

Ағымдағы жылдың 19-қазанынан бастап, Ш. Айтматов пен Сарайшық көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылатындықтан № 17, 44, 61, 101 қоғамдық көліктерінің бағыты өзгертіледі.

Осылайша, № 17, 44 бағдарлар «Қазақ технология және бизнес университеті» аялдамасына дейін өзгеріссіз, одан әрі келесі сызба бойынша жүреді: Сарайшық көшесі – І. Омаров көшесі, Сығанақ көшесі — Ш. Айтматов.

№ 61, 101 бағдарлар «№ 81 мектеп-лицейі» соңғы аялдамасына дейін өзгеріссіз, ал одан әрі І. Омаров көшесі – Сарайшық көшесі – Ш. Айтматов көшесі – Сығанақ көшесі сызбасымен жүреді.

Қосымша ақпаратты 574 – 777 телефоны арқылы байланыс орталығынан алуға болады.
Әрі қарай