Ескекшілер мен каноистер Есіл өзенінде көрнекі өнер көрсетті

Астана жаңалықтары: Ескекшілер мен каноистер Есіл өзенінде көрнекі өнер көрсетті

Астана қаласының №4 олимпиадалық резервтегі балалалар мен жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебінің спортшылары аз қамтылған отбасылардың және жетім балаларға байдарка және каноэ мен академиялық ескек есуден көрнекі өнер көрсетті.

Шараны ескек есу спорт түрлері бойынша «Қайық» федерациясы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бірлесіп ұйымдастырды. Мақсаты – балаларды салауатты өмір салтын ұстануға баулу және ескек есу спорт түрлеріне қызығушылығын ояту. Шара шымылдығын №4 олимпиадалық резервтегі балалалар мен жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебінің директоры Қали Саит Мейрамұлы ашты.

Салтанатты бөлімнен кейін байдарка мен каноэда, академиялық ескек есу жаттықтырушылары балаларға қайықпен жарыс және жаттығу түрінде өнер көрсетіп, бұл спорттың ерекшеліктерін айтып берді. Одан кейін спортшылар шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ балаларға спорт кешені ішінде экскурсия ұйымдастырылды.

Жаттығу залында жас қонақтар спортшылардың арнайы жаттығу құралдарын тамашалады. Тіпті, балалар академиялық ескек есу спортшыларына арналған кәдімгі ортаға лайықталған ескек есу ваннасында өздері жұмыс істеп көрді.

Шара аяқталған соң «Қайық» федерациясыныңвице-президенті Жасұлан Тайтенов пен байдарка мен каноэ бойынша ескек есуден мемлекеттік жаттықтырушы Қайсар Нұрмағамбетовтың атынан балаларға естелік сый-сияпат берілді.
Әрі қарай

Елордалық баскетболшылар ҚР чемпионы атанды

Астана жаңалықтары: Елордалық баскетболшылар ҚР чемпионы атанды

Балқаш қаласында қыздар арасында өткен баскетболдан ҚР чемпионатында Астананың намысын №5 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиленушілері қорғады.

Жарысқа 2003-2004 және 2005-2006 жылдары туылған ойыншылар қатысты. 2005-2006 ж.т. баскетболшыларымыз ерекше ойын үлгісін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Олармен бірге Астана атынан барған 2003-2005 ж.т. ойыншылар 7 команда ішінде 5-ші орыннан көрінді.

2003-2004 жылдары туылғандар категориясы бойынша Астана, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Батыс-Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шымкент қалаларының командалары қатысты.

Бұл жас категориясы бойынша қортынды мынадай:

1 орын – Қарағанды облысы

2 орын – ОҚО

3 орын – Ақмола облысы

4 орын – Ақтөбе облысы

5 орын – Астана қаласы

6 орын – БҚО

7 орын – Шымкент қаласы

2005-2006 жылдары туылғандар категориясы бойынша Астана, Қарағанды облысынан 1 және 2 команда, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Челябинск қалаларының командалары өзара мықтыны анықтады. Финалда Астана мен Қарағанды облсының 1 командасы кездесіп, 57-46 есебімен аяқталды. Осылайша, елорда командасы екінші рет осы жас категориясы бойынша Қазақстан Республикасының чемпиондары атанды.

Бұл жас категориясы бойынша қортынды мынадай:

1 орын – Астана қаласы

2 орын – Қарағанды облысы – 1

3 орын – БҚО

4 орын – ОҚО

5 орын – Қарағанды облысы – 2

6 орын – Челябинск қаласы

Чемпионат қорытындысы бойынша әр жас категориясы бойынша жаттықтырушылардың дауыс беруі арқылы турнирдің ең үздік ойыншылары анықталады. Бұл жолы елорда командасы атынан 5 үздік спортшы қатарына №5 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебінің 3 оқушысы енді.

2003-2004 жылдары туылғандар категориясы бойынша Дарья Богданец үздік ойыншы атанды.

2005-2006 жылдары туылғандар категориясы бойынша үздік ойыншылар қатарынан Дарья Головина мен Тамила Солсанова көрінді.

ЭКСПО -2017 көрмесіне оқушылардың алғашқы делегациясы Ақтөбе облысынан жетті

Астана жаңалықтары: ЭКСПО -2017 көрмесіне оқушылардың алғашқы делегациясы Ақтөбе облысынан жетті

Бүгін елордалық «Нұрлы жол» вокзалына Ақтөбе облысының жас қонақтары келіп жетті. Облыстың әр мектебінен жиналған дарынды оқушыларды, балалар үйінің тірбиеленушілерін, әлеуметтік-мұқтаж отбасы баларын, Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қарсы алды.

— Біз өңірлердің алғашқы оқушылар тобын қарсы алып жатырмыз. Жалпы ЭКСПО кезеңінде, яғни, 3 айда Қазақстанның барлық өңірлерінен оқушылар көрмені тамашалайды. Жазғы каникул басталысымен осындай сапарлардың оқушылар үшін маңызы зор деп есептейміз. Бағдарлама аясында балалар ЭКСПО-ны ғана аралап қоймай, Елорданың көрікті жерлеріне де саяхат жасайды. Оларды нарыққа қажетті мамандық түрлерімен таныстыру мақсатында мұражайлар мен заманауи зауыт, фабрикаларды аралатамыз. Екі-үш күндік бағдарламаның көлемі ауқымды әрі республикалық деңгейді қамтитын жоба болғандықтан оған бәріміз ортақ ат салысуымыз қажет, — деді Малика Бектұрова.

Алғашқы делегация медициналық колледжге орналастырылып, барлық тараптан жағдай жасалды. Қала әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы санатындағы және дарынды 40 мың оқушыға көрмені аралап-көру мүмкіндігін ұйымдастырып отыр.

Жас қонақтар үшін екі күндік арнайы бағдарлама қарастырылған: бірінші күні – ЭКСПО-2017 көрмесін аралап, келесі күні – Елорданың әсем жерлеріне саяхат жасайды. Жалпы 1600 адам бойынша 25 жол қатынасы жоспарланып отыр – бір жолғы қатынаста 40 баладан 40 топ.

Әр өңірдің делегациясына Астананың білім беру басқармасы мен оқу орындарының директорларынан құрылған жауапты тұлғалар бекітілді. Әр аймақ тарапынан балаларға жауапты мұғалімдер мен медициналық кызметкерлер карастырылған.

Балалардың келуінен бастап, оларды орналастырылу, көрмеге апару, қаланың ішіндегі саяхат және шығарып салу қатынасының бағыты түзілді. Оқушыларды «Astana LRT» ЖШС ұсынған қолайлы жаңа автобустармен тасымалдау жоспарлануда. Оқушылардың барлығы қаладағы білім беру ұйымдарының жатақханаларына орналастырылады.

Барлық ғимарат төтенше жағдайлар, тұтынушылардың қорғау департаменті және ювенал полициясының ЖПҚ бөлімі мамандарының тексерісінен өтті. Тұратын жерлері, тамақтанулары мен қауіпсіздіктері қадағаланды. Елордада бірыңғай 109 нөмірі бойынша қоңырауларды қабылдайтын ахуал орталығы жұмыс жасауда. Жас қонақтардың саяхаты кезінде ІІД ЖПҚ қызметкерлері тәулік бойы күзетте болады.
Әрі қарай

Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған xалықаралық көрмесінің алғашқы күні басталды

Астана жаңалықтары: Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған xалықаралық көрмесінің алғашқы күні басталды

ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарына таңертеңгі сағат 9-дан бастап есігін айқара ашты. Шараның алғашқы күнінде, түске дейін көрмеге 10 мыңнан астам адам келді.

Келушілер көрмеге қатысушы елдердің павильондарымен емін-еркін танысу мүмкіндіне ие болды. «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтың айтуынша бірінші күні 87 қатысушы ел өз павильондарының есігін ашты.

Бүгіннен бастап кез-келген адам үздік тәжірибе алаңдарын көріп, таныса алады. Мұнда баламалы энергия көздері бойынша әлемнің үздік жетістіктері қойылған. Жұмыстарды арнайы халықаралық комиссия іріктеді. Шығармашылық энергия аумағы да іске кіріскен. Тағы бір бірегей нысан – 2000 көрерменге арналған конгресс орталығы. Бұл жерде зал түрленіп, жаңа кеңістік пайда болады. ЭКСПО аумағында 700 ш.метрден қабылдауға арналған 4 аймақ бар. Тап осы жерде кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік қонақтарға арнап қабылдау өткізді.

Көрме конақтары 1100 орынға арналған киноконцерт залын энергия холын көре алады. 12 мың көрермен сыятын амфитеатр 9 маусымда көрменің салтанатты ашылуына арналған концерттік бағдарламаның сахнасына айналды. Бірлескен павильонда бес ірі шетелдік және бес ұлттық компаниялардың жұмыстары қойылды.

Бүгіннен бастап ЭКСПО аумағында орналасқан барлық мейрамхана, дәмханалар толық жұмыс істеп жатыр.

Осы күні сфераның 8-қабатында орналасқан Қазақстан павильоны да көпшілікке таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ елі павильонымен тыңғылықты танысып шығу үшін 3-3,5 сағат уақыт қажет. Ал барлық көрме аумағын танып-білуге 3-4 күн кетеді.

Ғимараттың тақырыптық концепциясы болашақ энергиясының мұражайы іспетті және 8 деңгейден тұрады – «Болашақтағы Астана», «Ғарыш энергиясы», «Күн энергиясы», «Жел энергиясы», «Биомасса энергиясы», «Кинетикалық энергия», «Су энергиясы» және «Ұлттық павильон». «Нұр Әлем» негізінде 5000 ш.м. алаңында Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасады, ол негізгі екі аймаққа бөлінеді: Қазақстанмен танысу және «Жасампаз қуат» аймағы.

«Сфера болашақтың мұражайы ретінде қалады. Бұл жерде атақты әлемдік компаниялар жұмыс істеді. Сол себептен нысанға болашақта қызығушылық танытатындардың қатары қалың болып, «Нұр Әлем» танымал орынға айналады. Құрылымдық жағынан диаметрі 80, биіктігі 100 метр құрылыс осыған дейін болған емес. Мұнда соңғы заманауи технологиялар ғана қолданылды, — деді «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов.

Бұдан бөлек, 10 маусымда АҚШ, Швейцария, Польша, ҚХР, Түркіменстан, Ресей т.б. елдердің ресми таныстырылымы өтті. Халықаралық ұйымдар арасында БҰҰ павильоны таныстырылды.

Көрме 10 маусымнан 10 қыркүйек аралығына дейін 3 ай бойы жұмыс істейді. Ашылу салтанаты кеше, 9-маусым күні конгресс орталықта 17 мемлекет пен үкімет басшыларының қатысуымен өтті. Мамандандырылған көрменің ашылуында немесе жабылу сәтінде бұрын соңды осыншама көлемде басшылар қатысқан емес.
Әрі қарай

Қала тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуы туралы әсерлерімен бөлісті

Астана жаңалықтары: Қала тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуы туралы әсерлерімен бөлісті

Мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары елдегі елеулі оқиға -ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінің куәгері болды.

Тарихи оқиғадан қарапайым халықтың алған әсері қандай? Тұрғындар мен қонақтар өз ой-пікірлерімен бөлісті.

— Мен кешегі шараны теледидар арқылы көрдім, өте жоғары деңгейде өтті! ТМД елдері арасында мұндай оқиға болған емес. Жоғары лауазымды қонақтардың келуі де үлкен жайтты аңғартады. Керемет!, — деді Астана тұрғыны Рамиль Хусеев.

Астаналық Анастасия балаларымен бірге көрмені шілдеде барып көрмекші. Шараның алғашқы күндері шетелдік туристер мен басқа өңірлерден келетін отандастарымыз тамашалап болған соң міндетті түрде баратынын айтты.

— Біз әзірге теледидардан көрдік, тыңғылықты дайындықтың нәтижесі бірден байқалды. Жан-жақтан қонақтар келіп, Елордамызға тамсанып жатыр. Мен де балаларымды маңызды шараға алып барамын, — деді Анастасия.

— Кеше бізге төрткүл дүние көз тікті. Маңызды шара алдағы үш айда жалғасады. Бүкіл Қазақстан кешегі айтулы оқиғаны тамашалады деп ойлаймын. Қаншама елдің көшбасшылары келді, біз Елбасымызбен мақтанамыз. Ел мәртебесі одан әрі асқақтап жатыр, — деген ойымен бөлісті қала тұрғыны Мұрат.

Ал оның он жастағы ұлы Әлімжан ЭКСПО қонақтарына көрсетілетін мәдени-ойын сауық шарасына қатыспақ.

— Көптеген әртістер өнер көрсетеді. Мен де солармен бірге осындай шараға қатысатыныма мақтанамын. ЭКСПО-ның арқасында Қазақстанды бүкіл әлем танып жатыр, — деді астаналық жас тұрғын.

ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің алғашқы күні таңертең ертемен көрме ғимаратының алдына адамдар көптеп жиналды. Келушілердің арасынан қала тұрғындарынан бөлек, Қазақстанның әр түкпірінен жиналған қонақтарды да көруге болады. Шетелдік туристер де ашылған павильондарды үлкен қызығушылықпен тамашалап жүр.

— Салтанатты шараның ашылу рәсімін көру мүмкіндігіне ие болдық. Ғаламдық деңгейдегі, мәнді-мағыналы оқиға деп айтар едім. Елдегі осындай жетістіктермен мақтанамыз, біздің балаларымыздың болашағын ойлап көңілімізді қуаныш кернейді. Танымдық, тәрбиелік маңызы зор шарамен таныссын деген мақсатта Павлодардан арнайы балаларыммен келдім. Германия мен Монаконың павильондарын тамашалап үлгердік. Баламалы энергия көздері туралы тақырып расымен өзекті, — дейді бүгін таңертен Павлодардан келген балалар дәрігері Гаухар.

Елорда тұрғыны Назымбек шараның әрбір сәтін қалт жібермеу үшін әйелімен таңертеңгі сағат 9-да көрмеге арнайы келіпті.

— Кеше біз отбасымызбен бірге ЭКСПО маңында отшашуды тамашаладық. Отшашу БАӘ деңгейінде өтті деп жатыр. Расымен, солай. Ал қазір көрмені аралап, танысып жатырмыз. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Павильон өкілдерінің ыстық қабылдаулары ерекше. Енді алдағы концертке билет алуды жоспарлап отырмыз, — дейді Назымбек.

Бір сағат бұрын Италиядан энергияның баламалы көздері туралы зерттеп жүрген ғалымдардың бір тобы келді.

— Мен Италиядан келдім. Келгенімізге көп болмағандықтан, әлі толық танысып үлгермей жатырмыз. Дегенмен, алғашқы әсеріміз жаман емес. Көптеген елдердің жұмыстарын көріп тұрмыз, әзірге адамдардың қатары қалың емес, оның себебі де түсінікті, бүгін шараның алғашқы күні әрі таңертеңгі уақыт. Болашақта қуат көзін алмастыратын баламалы энергияға қатысты жобалармен танысу үшін арнайы келдім. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын дамыта отырып, көп жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Өйткені, әлемде осы бағытта өте көп бастамалар қолға алынуда, — деді Италиядан келген турист Матиа.

Семей тұрғыны Жандос — темір ұстасы. Көрменің алғашқы күніндегі шараларды көріп-тамашалау мақсатында отбасымен арнайы келіпті.

— Кешегі салтанатты шараға жолда болғандықтан үлгермедік. Елордаға бес күнге келдік, осы аралықта барлық павильондармен танысып шыққымыз келеді. Күн сайын көркейіп келе жатқан бас қаламыздың көрікті жерлерін де аралағымыз келеді, — деді Жандос.

— Шара өте қызықты, ауқымды, жарқын, әдемі әрі қайталанбас деңгейде басталды. Бүкіл әлем көз тіккен шараны өз көзімізбен көріп жатырмыз, инновациялық жобалармен жақын танысқым келеді, — дейді Арайлым Ысқақова.

Қоғамдық ұйым өкілдері де өз ой-пікірлерімен бөлісті.

— ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің ашылуы – ғаламат шоуға айналды. Өзім осы тарихи сәттің куәгері болғаныма қуанамын. Кеудемді қуаныш кернеді, Еліммен мақтандым. Елбасымыз 17 елдің көшбасшыларын қалай қарсы алғанын онлайн тамашаладық. Ал отшашудан алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын, — деді BestForKids қайырымдылық қорының өкілі Әйгерім Қарбаева.

— Бұл маңызды шараны әрбір қазақстандық тағатсыздана күткені рас. Еліммен, Елбасыммен мақтандым. Мен өзім әуесқой фотографпын. Сол себептен онлайн көрсетілімде әрбір кадр, әрбір сәт, әрбір қозғалыс есепке алынғанын бірден аңғардым. Ұйымдастырушылардың еңбектері орасан. Еліміз одан әрі өсіп, өркендей берсін. Осындай мазмұндағы маңызды шараны екінің бірі өткізе алмайтыны ақиқат, — деді «Астана-Арена» стадионының «Достық» спорткомбинатының бөлім басшысы Шыңғыс Қабылов.
Әрі қарай

ЭКСПО-2017 ашылу салтанаты өтті

Астана жаңалықтары: ЭКСПО-2017 ашылу салтанаты өтті

Жылдың басты оқиғасына Елбасы және 17 мемлекеттің үкімет басшылары мен Президенттері қатысты. Салтанатты ашылуына көрменің аумағына РФ Президенті Владимир Путин, Чехия Президенті Земан Милош, Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Қытай коммунистік партиясының ОК бас хатшысы Си Цзиньпин және өзге де мәртебелі меймандар келді.

-2012 жылдың қарашасында Парижде 100-ден астам халықаралық көрме бюросына мүше мемлекеттер бізге осы көрмені өткізуге үлкен құрмет пен сенім танытты. Мен барлық мемлекеттерге біздің өтінішіміз бен тақырыбымызды қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Осындай ауқымдағы көрме – ол тек бір мемлекеттің ғана күші емес, бұл осы көрмеде өз жетістіктерін ұсынатын халықаралық қауымдастықтың еңбегі. Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесі – біздің мемлекетіміздің дамуындағы, жаһандық кеңістіктегі Қазақстан ұлттық брендін қалыптастырудағы жаңа белес, — деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы біздің мемлекетімізді әлемдік аренада танымал еткен бұл оқиғаның маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

— «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынып, біз ғылыми прогресстің бел ортасында болуды көздейміз. Лондондағы дүниежүзілік көрмеден бері бір жарым ғасыр ішінде адамзат ауқымды технологиялық өзгерістерді өткерді. Біз бүгін тиімді, қауіпсіз энергия саласындағы жаңалықтардың босағасында тұрмыз. Біздің көрмеміз осы ғаламдық процесске өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қазіргі заманның парасат пайымы жоғары адамдарының қатысуымен өтетін шара адамзаттың жаңа даму жолын айқындап береді, — деді Президент.

-Миллиондаған қазақстандықтар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100 мыңдаған қонақтар әлемдік ғылыми инженерлік ойлардың үздік жетістіктерімен танысады. ЭКСПО бағдарламасында 600 әртүрлі шара жоспарланған. Олар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді, Қазақстан мәдениетімен тек Астанада ғана емес, ел бойынша танысады. Біз барлық қонақтарды біздің аймақтарымызды көруге, ерекше табиғатпен, тарихи мұралармен танысуға шақырамыз. Қайда барсаңыз да барлық жерде сізді қонақжай халық қарсы алады,- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы 2050 Стратегиясында жасыл экономика тұжырымдамасына көшу мақсаты қойылғанын айтты. Онда Қазақстан қайта қалыпқа келетін көздер арқылы 2050 жылға дейін электр қуатының жалпы көлемінің жартысын өндіруге қауқарлы болу керек деген мақсат қойылған. Сонымен бірге экономиканың энергиялықсыйымдылығы азаяды. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде екі есеге кеміген. 2025 жылға дейін осы көрсеткіштерді тағы 30% төмендету жоспарланған.

Ашылу салтанатында музыкалық шоу жасау үшін командасында дүниежүзілік белгілі шараларда, оның ішінде Олимпиада ойындары мен Евровидениеде жұмыс істеген Еуропа мен Ресейдің үлкен тәжірибелі, жоғары білікті мамандары бар StarProject продюсерлік компания шақырылған. Ауқымды шоудың бағдарламасы энергия тарихына негізделген. Ғаламның пайда болуынан заманауи уақытқа дейінгі және оның болашақта іске асыратын жаңалықтары көрсетілді. Басында шоуды ойлап тапқандар күн энергиясының пайдаланылуын көрсетті. Одан кейін жер шарына айналып, әлемде құбылыстардың пайда болу кезеңдерін қамтыды. Қызықты көрсетілім ақырындап заманауи Қазақстанды көрсетумен аяқталды. Қойылымға 300 жоғары деңгейлі бишілер мен әртістер қатысты. Қазақстандық белгілі опера әншісі Мария Мудряк халық әні «Япурайды» орындады.

Ашылу салтанатының соңында лазерлік шоу қойылып, отшашулармен аяқталды.

Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысады. Бұдан бөлек өз жобаларын алып компаниялар: Shell, Samsung, CityGroup, Siemens, Казатомпром тағы да басқалары ұсынады.

3 ай бойы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейін қалаған адамдар халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалай алады. Тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» әлемдік қауымдастықтың назарын энергия тұтыну және ұқыпты тұтынуға аудару болып табылады.

Астанада көрме кезінде 6000 мәдени-бұқаралық шаралар өтеді.
Әрі қарай

Астанада тегін дәретханалардың желісі кеңейтіледі


Елордада бірден алты модульді дәретхана орнатылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің медиа-орталығы.«Бүгінгі күні Астанада алты модульді дәретхана орнатылды: «Арай», «Ғашықтар» саябақтары, теннис алаңының аумағы, орталық саябақ, «Көрме» орталығы мен «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағына жақын Ұлы дала даңғылы», — деп хабарлады «CLC Company» ЖШС мердігер мекеменің директоры Евгений Чирьев, медиаорталық тілшісіне.

Жаңа қоғамдық дәретханалар шағын әрі заманауи келбетте, ал ең бастысы — экологиялық стандарттарға сай. Қондырғы екі шағын кабинадан тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы пандустар орнатылған, сұйық сабын мен қағаз орамалдарға арналған диспенсерлер де бар.

Қоғамдық дәретханалар келушілер үші тегін, деп сендірді Елорда әкімдігі.

«Өндіруші ел – Ресей. Мұндай үлгідегі қондырғылар Мәскеу, Санкт-Петербург сынды Ресейдің көптеген қалаларында бұрыннан қолданылады. Сыртқы келбеті мен құрылғысы қарапайым болғанымен қолайлы әрі берік, — деді мердігер мекеменің өкілі.

Аталған үлгідегі қондырғылардың ерекшелігі сонда, оларды жыл бойы қолдануға беруге болады әрі Астана қаласының климаттық жағдайына бейімделген. Дәретхана кабиналары сағат сайын тазартылады.
Әрі қарай

Астанада қайырымдылық «Спорттық уик-энд» өтті

Астана жаңалықтары: Астанада қайырымдылық «Спорттық уик-энд» өтті

10 маусым күні «Астана Арена» стадионында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар арасында шағын футбол мен үстел теннисінен жарыс өтіп, экскурсиялық серуен ұйымдастырылды.

Бүгін таңертең Ақмола облысының Ақкөл қаласы, Урюпинка ауылы және Целиноград ауданы Малотимофеевка ауылындағы балалар үйінің 60 тәрбиеленушісі нағыз «спорттық демалыс» күтіп тұрған Елордаға келді.

— Біздің қоғамдық қор облысымыздағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін қолдау мақсатындағы шараларға 2003 жылдан бері белсенді ат салысуда. Бүгін біз оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, спорттық таланттарын байқататын пайдалы әрі қызықты шаралар ұйымдастырдық. Ұлдар арасында шағын футболдан, қыздар арасында үстел теннисінен турнирлер өткізіледі. Сосын «Алау» мұз сарайын аралаймыз және «Хан Керей» мейрамханасында түстенеді, — деді «Bestforkids» қоғамдық қорының кәсіби бағдарлау бағытындағы үйлестіруші Әйгерім Қарбаева.

Сағат 10-да балалар «Астана Арена» стадионына келді. Бұл жерде оларды президент ложасын аралау тосынсыйы күтіп тұрды.

— Қайырымдылық шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы ауқымын кеңейтуді әрі форматын өзгертуді шештік. «BestForKids» қоғамдық қоры мен «Алау» мұз сарайына бастамамызды айтып хабарластық, олар бұл идеямызды қуана қабылдады. Балалар алаңда ылғы ойнайды, сондықтан бұл жер оларға таңсық емес. Сондықтан, жасөспірімдерді басқаша таңқалдыру қажет деп шештік. Олар бұрын соңды болмаған президент ложасын, скайбокс вип-ложаларын көрсеткіміз келді. Матчтан соң коньки мен ролик тебетін «Алауға» апарамыз. Мұндағы балалар негізінен футбол ойнайды, ал біз оларға спорттың басқа қырларымен танысуға мүмкіндік жасадық. Айтпақшы, «Астана» ФК «12-ші ойыншылар» фан-клубы да жас футболшыларды қолдауға арнайы келді. Болашақта бәлкім балалардың арасынан танымал ойыншылар шығар, — дейді «Астана арена» стадионы «Достық» спорткомбинатының бөлім басшысы Шыңғыс Қабылов.

— Футбол – менің хоббиім. Әзірге спорттың бұл саласымен кәсіби тұрғыда айналысуға шешім қабылдаған жоқпын, дегенмен футбол қатты ұнайды, — дейді Ақмола облысы Тимофеевка ауданының «Светоч» балалар үйінің тәрбиеленушісі Татьяна.

Ұйымдастырушылардың айтуынша «спорттық уик-энд» шарасының негізгі мақсаты – балаларды әлеуметтік бейімдеуге әрі өзін-өзі танытуға жәрдемдесу.

Спорттық шараны Астана қаласы әкімдігі және серіктестердің қолдауымен «Астана Арена» стадионы мен Bestforkids қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Әрі қарай

Астанада аптап ыстық маусымның соңына дейін созылады


Астаналық жұмыскерлер артық су қоры мен күннен қорғайтын қалпақ дайындап, төзімділік танытуларына тура келеді. Елордада бір жарым жұма бойы аспап ыстық болады, — деп хабарлады Елорда әкімдігінің медиа-орталығы.

Салқын күндер маусымның 28-нен кейін ғана күтіледі, — деді «Қазгидромет» ұзақ мерзімді болжам жасау басқармасының аға инженері Айгүл Мыңжанова Елорда әкімдігінің медиа-орталық тілшісіне.

Жақын күндері су қоймаларына барып, шомылуды жоспарлағандарға ауа-райы кедергі келтірмейді. Синоптиктер 35 градусқа дейін ыстық болады деп отыр. Демалыс күні жаңбыр жаууы ықтимал. Келер аптаның басында қапырық сәл бәсеңдейді, Ресейден келетін циклон термометр көрсеткішін 30 градустан жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Алайда, артынан іле-шала Қазақстанға Ираннан ыстық ауа массасы келеді. Сол себептен 21 маусымнан кейін сынап бағанасы қайтадан жоғары көтеріледі.

Синоптиктердің болжамы бойынша ең аптап ыстық күндері маусымның 26-27-нде күтілуде. Ол күндері ауа температурасы 39 градусқа дейін жетеді.
Әдетте Қазақстанда ең ыстық ай саналатын шілдеде синоптиктердің алдын-ала болжамы бойынша күн салқын әрі жаңбырлы болады. Ал тамызда қайтадан ыстық күндер күтілуде, температура көрсеткіші нормадан бір градусқа жоғары болады.
Әрі қарай

Астанада Алматы, Ақтөбе облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы, Ақтөбе облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астанада өңірлік тауарөндірушілердің кезекті жәрмеңкесі өтуде. Бұл жолы Елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбе мен Алматы облыстарының шаруалары кең көлемдегі өнімдерін жеткізді.

Алматы облысының үш қаласы мен 19 аудан орталығынан келген шаруалар 1 млрд теңгенің 2800 тонна өнімін ұсынуда. Ал жалпы жәрмеңкеде 250 ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері өсімдік шаруашықтарын, көкөністер мен жеміс-жидектер, бақша дақылдарын жеткізді.

— ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде біз Астанаға 19 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бізге күн сайын 7 мың өнім жеткізетін дистрибьюторлық компаниялар бар. Ал жылжымалы жәрмеңкелерде шаруалар 12 мың тонна өнім әкеледі. Мұндай шаралар облыс кәсіпкерлері үшін аса тиімді. Ыстық ауа-райына қарамастан өндірушілер тырысып бағуда. Бізде рефрижератор фуралар бар, барлық өнімдер сол жерде сақталады. Маусым барысында біз жәрмеңкеге үш рет қатысуды жоспарлап отырмыз, — дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Алматы облысының өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары екені байқалады. Астаналықтар әсіресе келісі 180-нен 210 теңге аралығындағы жаңа піскен картопты көптеп алуда. Сондай-ақ, құлпынай, шие, балық және сүт өнімдері де жақсы өтіп жатқанын айтады Алматы облысы әкімдігінің өкілдері. Бұдан басқа, қызығушылық танытушылар арасында жаппай сатып алушылардың да бар екенін айтады Серікжан Бескемпіров.

Сонымен қатар Астананың ауылшаруашылық басқармасы қойылған өнімдердің бағасына мониторинг жүргізіп, санитарлық талапты да қадағалауда.

— Баға саясатын қадағалаудан тыс, мұнда ертемен ветеринар дәрігерлер жұмыс жасауда. Олар арнайы зертханаларда сынама жүргізіп, қауіпті заттардың бар-жоғын анықтайды. Сонымен қатар мұнда тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, қалалық әкімдіктің өкілдері де жұмыс істеп жатыр, құжаттарды тексереді. Сауда сөрелеріне тауарлар толық тексерістен өткеннен соң ғана қойылады, — дейді Астана қаласының ауыл шаруашылық басқармасы азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ризагүл Мүсілімова.
Әрі қарай