Оқушылар сарайының үйірмелеріне келуші балалардың саны артты

Астана жаңалықтары: Оқушылар сарайының үйірмелеріне келуші балалардың саны артты

Биыл Оқушылар сарайының үйірмелеріне 10 мыңнан аса оқушы қатысуда. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда мың оқушыға өскен, – деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы Оқушылар сарайының әдістемелік бөлімінің жетекшісі Қымбат Іргебаеваға сілтеме жасап.

Оқушылар сарайында барлығы 125 үйірме жұмыс істейді, соның ішінде бюджеттік топтар да бар. 2016-2017 оқу жылында Оқушылар сарайында 9 мыңнан аса бала үйірмелерге қатысса, 2017-2018 оқу жылында 10 мыңнан аса оқушы қосымша білім алуда, яғни осы жылы Оқушылар сарайына келушілер саны мың балаға өскен. Ал, бюджеттік топтарда 6029 оқушы бар (жетім, мүгедек балалар және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар). Сондай-ақ, «Қазақ тілін үйрену», «Жетіген», «Флейта», «Альтернативті энергетика», «Жас құтқарушы» үйірмелерінде балалар ақысыз білім алады.

«Маған Оқушылар сарайы өте ұнайды. Өйткені, бұл жер бізге жақсы көңіл-күй, қуаныш сыйлайды. Біздің ұстаздарымыз кәсіби мамандар. Мен «Театр өнері» үйірмесіне барамын. Болашақта кәсіби актер болсам деген арманым бар», — дейді Оқушылар сарайының тәлімгері Аружан Жиренбаева.

Айта кетейік, Оқушылар сарайында«Киберспорт», «Көгалдағы хоккей», «Авторлық телевизиялық жоба», «Экшн жанры бойынша актер дайындау» сияқты жаңа үйірмелер ашылған. «Цирк өнері» үйірмесі бойынша белгілі артист Кәрім Мұтырғанов балалар қабылдап жатыр. Ал, балалар ең қызығатын үйірмелері қатарында «Виртуалды лаборатория», «Интерактивті парк», «Альтернативті энергетика орталығы», «Биотехнология және химия зерттеу зертханасы» бар. Осы үйірмелерде оқушылар саны көп.

«Аружанды Оқушылар сарайының дайындық үйірмелеріне әкеп жүргеніме 3 жыл болды. Қазір біз «Театр өнері» және «Вокал» үйірмелеріне барамыз. Осы 3 жылдың ішінде қызым көп дүние үйренді. Шығармашылыққа деген құлшынысы оянып, өнерге деген көзқарасы қалыптасып келеді. Ана ретінде Оқушылар сарайынын ұжымына шексіз алғысымды айтамын. Бұл жер біздің балаларымыздың екінші үйіндей», — дейді Аружанның анасы Әлия Жиренбаева.

Оқушылар сарайы 6 жыл ішінде шығармашылыққа жақын балалардың сүйікті орнына айналған. Осы аз уақыттың ішінде тәлімгерлері түрлі халықаралық және республикалық конкурстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Әрі қарай

Елордада жарты жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 81 әйел көмекке жүгінді



6 ай ішінде Астанада зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған дағдарыс орталығының көмегіне 241 адам жүгінді. Олардың 81-і — әйелдер, 160-ы – балалар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Дағдарыс орталығындағы әйелдер мен балалар күніне төрт реттік тамақтандырумен, медициналық және психологиялық көмекпен қамтамасыз етіледі. Мамандар оларға, сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеуге, алуға жәрдемдеседі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер орталықтың көмегіне өз қалауы бойынша да, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының бағыттауы бойынша да жүгінеді.

«Жәбір көрген әйел азаматтар орталықтың көмегіне кез келген уақытта өз қалауымен де, учаскелік полицейдің бағыттауы бойынша да жүгіне алады. Мұнда тұру мерзімі 6 айды құрайды. Бәрі де әйел азаматтың қандай жағдайға тап болуына байланысты», — деп мәлімдеді әлеуметтік жұмыс маманы Айым Алпысова.

Қазіргі таңда мұнда 28 адам бар. Олардың 9-ы – әйелдер, қалғаны – балалар. Әлеуметтік жұмыскердің сөздеріне қарағанда, орталықтың көмегіне негізінен ресми түрде некеге тұрмаған және тұрақты жұмыс орны жоқ азаматшалар жүгінеді.

«Негізінен тұрмыстық жағдайдың төмендігі, қаражаттың жетіспеуі, жұбайының алкогольдік ішімдікке, азарттық ойындарға құмарлығы салдарынан отбасылық жанжалдардан кейін әйел азаматтар бізге келеді», — дейді А. Алпысова.

Дағдарыс орталығы мәлімдегендей, сіз немесе сіздердің жақындарыңыз көмекке зәру болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін мына телефон бойынша хабарласуға болады: 49-78-89.
Әрі қарай

«Астана – менің Отанымның Елордасы» жобасы жалғасуда

Астана жаңалықтары: «Астана – менің Отанымның Елордасы» жобасы жалғасуда

Бас қалада «Астана – менің Отанымның Елордасы» атты жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы «Астана Конвеншн Бюросына» сілтеме жасап.

Жоба мақсаты — көпбалалы, жетім және күнкөрісі төмен отбасының балаларына еліміздің елордасы Астана қаласын көрсету. Оқушылар кәсіби экскурсия жетекшілерінің қатысуымен елорданың басты көрікті жерлерін екі күн бойы аралайды. Шара 27 қазанға дейін жалғасады.

Жобаға Қазақстанның 14 облысы мен Алматы қаласынан 500 бала қатысады деп жоспарлануда.

Жоба аясында Астана қаласына саяхаттауға Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының оқушылары келіп кетті.

Есіл өзеніне тұқы шабақтың 300 мың данасы жіберіледі

Астана жаңалықтары: Есіл өзеніне тұқы шабақтың 300 мың данасы жіберіледі

Астана қаласында 8 қазанда Есіл өзенінің қайық станциясының ауданында өзенге тұқы шабақ жіберіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

8 қазанда ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бастамасымен Есіл өзеніне тұқы шабақтың 300 мың данасы жіберіледі, деп жазылған таратылған хабарламада.
Әрі қарай

Жыл соңына дейін Астанада 5 шағын гүл бағы мен бір саябақтың құрылысы аяқталады

Астана жаңалықтары: Жыл соңына дейін Астанада 5 шағын гүл бағы мен бір саябақтың құрылысы аяқталады

Бұл туралы елорда әкімдігінің тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Нұралы Елібаев мәлімдеді.

Нұралы Елібаевтың мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін шағын гүл бақтарының құрылысына 962,5 млн теңге қарастырылған.

Шағын гүл бақтары Астананың Біржан сал, Желтоқсан, Суворов, Тәуелсіздік, Қошқарбаев көшелерінің бойында жайғаспақ. Мұнымен қоса, жыл аяғына дейін Сейфуллин көшесіндегі гүл бағы қайта жөндеуден өтеді.

«2017 жылы Жалайыр көшесіндегі саябақтың құрылыс жұмыстары аяқталып, ол пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін 5 шағын гүл бағының құрылыс-монтаждық жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. Жаңа демалыс орындары қалалық №1 емхананың, қалалық перинаталды орталықтың, Біржан сал, Желтоқсан, Суворов көшелерінде пайда болады. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі болып, жылдың соңы белгіленді», — деді Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы.

Әкімдіктің табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында белгілі болғандай, биыл сондай-ақ, «Көктал» шағын ауданындағы саябақтың құрылысы бастау алған. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.

«Биыл Көктал ауданында саябақтың құрылысы басталды. 2017 жылы іске асатын жұмыстарға 683 млн теңге қарастырылып отыр. Жобаның жалпы құны 3 млрд 386 млн теңгені құрайды. Саябақ 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Нұралы Елібаев.

Мұнымен қоса, бас маманның мәліметінше, 2018 жылы Астана қаласындағы апатты жағдайда тұрған үйлердің орнында желекжолдар мен гүл бақтары салынатын болады. Қазіргі таңда аталмыш нысандардың құрылысына бөлінетін қаражат көлемі бюджет нақтыланғаннан кейін анықталмақ.

«Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша 2018 жылы көне апатты үйлердің орнына желекжолдар мен шағын гүл бақтарының құрылысы жоспарланады. Оның ішінде 3 желекжол, 8 гүл бағы салынады делінген. Желекжолдар Жеңіс даңғылында (ұзындығы шамамен 100-150 метр), Абай даңғылында және Кеңесары көшесінің бойында орналасатын болады», — деп түйіндеді сөзін Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Нұралы Елібаев.
Әрі қарай

Астанада демалыс күндері қайда баруға болады?

Астана жаңалықтары: Астанада демалыс күндері қайда баруға болады?

Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы қаламызда демалыс күндері өтетін мәдени және спорттық іс-шаралар кестесін ұсынады.

7 қазан күні сағат 18:00-де «Астана Опера» театрында, орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковскийдің шығармашылығына арналған «Растворил я окно» атты концерті өтеді. Билет құны – 1 500 теңге.

18 қазанға дейін Ұлттық музейде «Образы Кореи» атты фотокөрме жалғасады. Көрме сейсенбі, жексенбі күндері аралығында, сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін ашық. Кіру құны — 300-700 теңге.

Ырғақты биді ұнататындар 8 қазан күні «Астана Нұры» мейрамханасында өтетін аргентиналық танго би кешіне барса болады. Басталуы сағат 19:00-де, кіру құны — 2 000 теңге.

Демалыс күндері қаламызда мынадай спорттық шаралар өтпек.

7 қазан күні «Дәулет» СК ММА жекпе-жек бəсекесінен V әлем чемпионаты өтеді. Кездесуге 30 елден 100 спортшы қатыспақ. Кештің басталуы сағат 19:00-де, кіру құны — 1 000 теңге.

8 қазан күні «Барыс Арена» мұз айдынында ВТБ бірыңғай лигасының тоғызыншы маусымы ашылады. Президенттік «Астана» баскетбол клубы маусым басталар алдында құрамын айтарлықтай жаңартты. Басталуы сағат 15:00-де, кіру құны — 100 теңге.
Әрі қарай

Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…

Астана жаңалықтары: Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…

Жылдың қай мезгілінде де бақ өзінің жұмбағымен, құпиясымен, ғажайыптылығымен адамзат баласын баурап тұрады. Жақында ғана ашылғанына қарамастан, Арай саябағымен шектесетін «Қазақстан — Корея достығы» бағы астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген.

Арай және Жауқазын көшелерінің қиылысында орналасқан елорданың жаңа көрікті жерінде медиа орталықтың тілшілері де барып, бақтың көз тартарлық әсемдігіне тамсанып қайтты.
Астана жаңалықтары: Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…
Екі ел арасындағы достықты дәріптейтін баққа келушілерді ең алдымен, «жастық қақпасы» қарсы алады. Корей халқының нанымы бойынша, екі жаққа бірдей ашылатын есіктің ортасынан өткен сайын адам бір жылға жасарады екен. Астанаға қазан айының басында тосыннан түскен ұлпа қар айналаны ақ көрпеге орап, баққа кірер жанның сол бақтың құпиясын танимын деген құштарлық сезімін ұлғайтса керек.
Астана жаңалықтары: Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…
«Бір жылға жасарып», есіктің ортасынан өткен соң, сіздің көз алдыңызда корей халқының дәстүрлі сәулеті қанатын жаяды. Кеңістік ұлттық нақышта безендірілген есіктер, қақпалар, аркалар, дуалдар сияқты нысандармен толтырылған.
Астана жаңалықтары: Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…
Мұнтаздай төселген кеспе тас, гүлзарлар, шыршалары мен қайыңдары бар бақ сұлулығымен көздің жауын алады. Бақта жасанды бұлақ та, кішкене су бұрқақ та бар. Үлпілдеген қардың астында жатса да бұл нысандар баққа өзіндік рең беретінін байқамау мүмкін емес.
Астана жаңалықтары: Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…
Достық қоңырауы – бақтағы ең ерекше нысан. Таңғы леп елінде қоңыраудың соғылуы жылдың басы мен соңын білдіреді екен. Ал біздің елордалықтар достық бағындағы қоңырауды соқса, ойлаған тілегің орындалады деген сенімді қалыптастырып үлгеріпті. Біз де қоңырауды соғу рәсімінен тыс қалмадық.
Астана жаңалықтары: Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…
«Қазақстан — Корея достығы» бағындағы серуен жақсы әсерге толы болды. Бақтағы нысандардың барлығы достық, махаббат, бейбітшілік, бақыт сияқты ұғымдарды тереңірек түсінуімізге сеп болатынына сенім мол.

Естеріңізге салайық, «Қазақстан — Корея достығы» бағы 27 қыркүйекте салтанатты түрде ашылған болатын. Оның ашылуына Корея республикасының ҚР-дағы елшісі Ким Дэсик қатысқан еді. Атап өту керек, «Қазақстан — Корея достығы бағы» жобасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Корея Республикасы Президентінің 2014 жылғы сапары кезінде келісілген әріптестік жобасы болатын.

Мәтін: Әсем МЫРХАЙДАРОВА

Фото: Адильхан ИЛЬЯСОВ
Әрі қарай

Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді

Астана жаңалықтары: Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді

Астанада 12 қазанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы әкімдігі мен Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен 12 қазанда елорданың «Жастар» сарайында (Республика даңғылы 34) мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді.

Жәрмеңкеге «Биотехнология ұлттық орталығы», Ұлттық музей, № 1 емхана, «Элара-Астана» ЖШС, «Каздорпроект» ЖШС, «Апрель 2030» ЖШС сияқты 40-қа тарта елордалық жұмыс беруші қатысады деп күтілуде. Онда кіші ғылыми қызметкер, зертханашы, мейірбике, жүргізуші-экспедитор, күзетші, өнер мен мәдениет маманы секілді 250 бос жұмыс орны ұсынылмақ.

Шара сағат 10:00-де басталып, 13:00-де аяталады, — делінген таратылған хабарламада.
Әрі қарай

Түрік әлемінің үздік математиктері Астанада бас қосты

Астанада түрік әлемінің математика қоғамының VI Конгресі өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Қазанның 2-5 аралығында өткен шараға 20 елдің 100-ден астам көрнекті ғалымдарын қоса алғанда, барлығы 500-ден аса адам қатысты.

Конгресстің ғылыми секциялары математиканың барлық негізгі бағыттарын қамтыды. Төрт күн ішінде ғалымдар алгебра және математикалық логика, геометрия және топология, функция теориясы, дифференциалды теңдеулер мен математикалық физика, ықтималдылық теориясы мен математикалық статистика, есептеу математикасы, басқару теориясы мен оңтайландыру әдістері, математикалық модельдеу, ақпараттық технологиялардың теориялық негіздері, түрік халықтарының математиканы оқыту тарихы мен әдістемесі сияқты бағыттар бойынша өзекті мәселелерді талқыға салды. Конгресстің жұмысына түскен 507 баяндаманың 320-сы тыңдалған болатын.

Конгресстің барысында «Functional analysis in interdisciplinary applications» халықаралық конференциясы, «Inverse and Ill-posed Problems and its applications» шағын симпозиумы, «Non-associative algebras and combinatorics» және «Mathematical Modelling» тақырыптарындағы семинарлар сияқты ерекше шаралар өтті.

Шараға төрағалық еткен Қазақстанның математика қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов түрік әлемінің математика қоғамының VI Конгресі жұмысының жемісті болғандығын атап өтті.

«Бүгінгі таңда адамзат баласы математикалық модельдерді, ақпараттық технологияларды, компьютерлік, сандық жүйелерді өмірдің барлық салаларында дерлік кеңінен қолданып жүр. Біздің өміріміздің белсенді түрде сандарға айналуы математика ғылымының жетістіктеріне негізделеді. Бүгінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі математика ғылымының дамуына үлкен көңіл бөледі. Біз Конгресстің күн тәртібіне қойылған барлық сұрақтарды қарастырдық. Өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқыладық. Көптеген елдермен пікірімізбен, тәжірибелерімізбен алмастық. Аталмыш конгресс барысында шығарылған ортақ шешімдер түрлі елдердің ғалымдары арасындағы байланысты нығайтып, заманауи математиканың өзекті проблемаларын шешудің тиімділігін арттыратынына сенімдімін», — деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сондай-ақ, Конгресс барысында түркітілді елдердің математикалық қоғамы басқармасының отырысы өтті. Онда қоғамның жаңа құрамы сайланған болатын. Қатысушылар бірауыздан түркітілді елдердің математикалық кеңесінің келесі мерзімге президенті етіп танымал ғалым-математик, академик Бақытжан Жұмағұловты сайлап, келесі Конгресстің өтетін орнын анықтады. Түрік әлемінің математика қоғамының VIІ Конгрессі Өзбекстанда өтеді деп шешілді.

Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша математика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан жетекші ғалымдар мен жас математиктер дипломдармен марапатталды.

Айта кетейік, түрік әлемінің математика қоғамының конгресстері 3 жылда 1 рет өтеді. Алғашқы Конгресс 1999 жылы Түркияда өткен болатын.
Әрі қарай

Астана қаласында ауа ластануы тіркелмеген

Астана жаңалықтары: Астана қаласында ауа ластануы тіркелмеген

Қаланың экологиялық интегралды көрсеткіші, ауа сапасы қалыпқа сай, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері атмосфералық ауаның тым жоғары ластануы тіркермеген. Егер басқарма атына «Қазгидромет» ШЖҚ-дан ауаның жоғары ластануы туралы ақпарат түссе, ластау ошағы анықталып, ауаны ластауды тоқтатуын талап ететін әкімшілік нұсқама беріледі»,- делінген ведомство мәлімдемесінде.

Қазіргі күнде Астана қаласы бойынша ауаның ластануын анықтайтын 7 бекет жұмыс жасайды.

«Қазгидромет» ШЖҚ-ның мәліметі бойынша тамыз айында ауаның жоғары ластануы тек №3 бекет маныңда тіркелген (Лесозавод аймағы). Оған себеп осы аймақта көліктің көп шоғырлануы», — деп түсіндірді Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.

Азот диоксидінің 1,5 есе жоғарылауы (орташа тәуліктік концентрация) бұл ауа ластануының бір айлық көрсеткіші, дейді экологтар.

«Қазгидрометтің метеорологиялық анықтамасына сәйкес, бұл жағдай желдің жоқтығынан және «Шапағат» сауда үйі мен Тұран даңғылы бағытында көлік ағынынын көптігінен орын алған. Жәнеде бұл ауа ластануының жоғары көрсеткіші болып саналмайды», — деп түсіндірді жауапты мекеме.

Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, Астана қаласында бірінші жарты жылдықта экологиялық көрсеткіш және ауа тазалығы нормативтік көрсеткішке сәйкес келеді.

«Астана қаласынның ауасы өмір сүруге қолайлы және жәйлі», — деп хабарлады басқарма.
Әрі қарай