Оқушылар сарайының үйірмелеріне келуші балалардың саны артты
Биыл Оқушылар сарайының үйірмелеріне 10 мыңнан аса оқушы қатысуда. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда мың оқушыға өскен, – деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы Оқушылар сарайының әдістемелік бөлімінің жетекшісі Қымбат Іргебаеваға сілтеме жасап.
Оқушылар сарайында барлығы 125 үйірме жұмыс істейді, соның ішінде бюджеттік топтар да бар. 2016-2017 оқу жылында Оқушылар сарайында 9 мыңнан аса бала үйірмелерге қатысса, 2017-2018 оқу жылында 10 мыңнан аса оқушы қосымша білім алуда, яғни осы жылы Оқушылар сарайына келушілер саны мың балаға өскен. Ал, бюджеттік топтарда 6029 оқушы бар (жетім, мүгедек балалар және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар). Сондай-ақ, «Қазақ тілін үйрену», «Жетіген», «Флейта», «Альтернативті энергетика», «Жас құтқарушы» үйірмелерінде балалар ақысыз білім алады.
«Маған Оқушылар сарайы өте ұнайды. Өйткені, бұл жер бізге жақсы көңіл-күй, қуаныш сыйлайды. Біздің ұстаздарымыз кәсіби мамандар. Мен «Театр өнері» үйірмесіне барамын. Болашақта кәсіби актер болсам деген арманым бар», — дейді Оқушылар сарайының тәлімгері Аружан Жиренбаева.
Айта кетейік, Оқушылар сарайында«Киберспорт», «Көгалдағы хоккей», «Авторлық телевизиялық жоба», «Экшн жанры бойынша актер дайындау» сияқты жаңа үйірмелер ашылған. «Цирк өнері» үйірмесі бойынша белгілі артист Кәрім Мұтырғанов балалар қабылдап жатыр. Ал, балалар ең қызығатын үйірмелері қатарында «Виртуалды лаборатория», «Интерактивті парк», «Альтернативті энергетика орталығы», «Биотехнология және химия зерттеу зертханасы» бар. Осы үйірмелерде оқушылар саны көп.
«Аружанды Оқушылар сарайының дайындық үйірмелеріне әкеп жүргеніме 3 жыл болды. Қазір біз «Театр өнері» және «Вокал» үйірмелеріне барамыз. Осы 3 жылдың ішінде қызым көп дүние үйренді. Шығармашылыққа деген құлшынысы оянып, өнерге деген көзқарасы қалыптасып келеді. Ана ретінде Оқушылар сарайынын ұжымына шексіз алғысымды айтамын. Бұл жер біздің балаларымыздың екінші үйіндей», — дейді Аружанның анасы Әлия Жиренбаева.
Оқушылар сарайы 6 жыл ішінде шығармашылыққа жақын балалардың сүйікті орнына айналған. Осы аз уақыттың ішінде тәлімгерлері түрлі халықаралық және республикалық конкурстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.