Пәтеріңді тонаудан қорға

2015 жылы жазда жақсылап тоналған соң бұл мәселеге ерекше мән беретіндердің бірімін. Супержүйе, ақылды үй орнаттым деп айтпаймын, әйтеуір, тоналудың алдын-алуға көмектесетін қарекеттер жасаудың о жақ, бұ жағы. Өзім қабылдаған және/немесе оқып білген сақтық шаралары мен профилактика жұмыстарын айта отырайын, мүмкін біреуге көмегі тиіп қалар.

Пәтерің тоналды ма? Ұры табылып, тиісті жазасын алатыны туралы, шығындарыңды қалыпқа келтіретің туралы армандамай-ақ қой. Бірақ полицей шақыру қажет — оларда тоналу статистикасы жасалады, ал ашылмаған қылмыс олардың жұмысы үшін минус екені белгілі. Дей тұрғанмен, полиция пәтер тоналу жағдайын ұсақ-түйек деп қарайды, сәйкесінше тергеу жүргізбейді, ұрыға іздеу салмайды. Олар мәселені қалай шешеді? Кездейсоқ қолға түсіп қалған қылмыскерге сол аудандағы фактілердің бәрін мойнына іліп жібереді, болды.

Сондықтан ешкімнен көмек күтпей бәрін өз қолыңа ал. Алдын-алу шараларын жүргіз.

Құлып
Мен тоналғаннан кейін бірден сенімді кілт іздей бастадым. Әлгі есікпен бірге келетін стандарт құлыпты ашу «шессекунт» екен. Сондықтан «штаттық» құлыптарды алып тастасаң да болады. Негізі бір есікте кем дегенде екі кілт болу керек дейді. Менің есігімде екеу — біреуі өзінікі, біреуін бөлек орнатқам (суретте: сол жақта стандартты құлыптың ашары, оң жақта «Меттэм» деген брендпен шығатын құлыптыкі).
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Ұзын ашары бар құлыптарды аша алмайды деп ойлап қалма. Ашылмайтын құлып жоқ дейді халықта. Тек күрделі болған сайын ұры да шаршай бастайды, сақтық шараларын ұмытады, тықырлап-шылдырлап көршілердің назарын өзіне аударуы мүмкін.

«Меттэм» типтес құлыптың бір кемшілігі — кілтін жоғалтып алсаң есікті бұзуға туралы келеді. Есікке зақым келтірмей, отверткамен, басқа да құралдармен бұрап ашу мүмкіндігі төмен.

Айтпақшы, құлыптар нарығында ресейлік «Берьер» брендін мақтайды. Механизмдері күрделі, бұзып ашу, көшірмесін жасау мүлдем мүмкін емес дейді. Бағасы да сәйкесінше, 40-50 мың теңге тұрады.

Есік-терезе
Кілтім сенімді екен деп есікті де естен шығаруға болмайды. Бір тепкенде ашылып кететін жеңіл есік орнатсаң кілттеріңнен пайда жоқ. Есіктің материалы қатты металлдан болуы керек. Ақшаң жетсе екеуін орнатып таста. Ұрылар әдетте бір есікті ашуға 5-10 минут жұмсайды. Ал одан ұзаққа созылып кетсе тәуекелге барып жатпайды, құрысыншы деп кетіп қалу мүмкіндігі жоғары. Есіктің екеуі де сыртқа ашылған дұрыс, ішке ашылса — бір теуіп кіре салады.
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Терезелердің ашылатын бөліктері адам сыймайтындай тар болғаны дұрыс. Әрине, бірінші кезекті әйнек пен жақтаудың беріктігі. Бір жаққа шыққанда терезелердің міндетті түрде жауып кет. Жоғарғы қабатта тұрам деп мақтанба, төбеден арқанмен түскен фактілер бар.

Блеф үркітулер
Ұрылар назар аударатын нәрселер бар: үйде адамдардың болуы, пәтердің күзет органдарымен қорғалуы, т.б… Яғни үйің немесе пәтерің қараусыз қалмағанын көрсетуің керек. Ол үшін сыртқы есікке танымал күзет фирмасының логосын жабыстырып қоюға болады (типі, бұл үйге «Сақшы» күзет фирмасы қызмет көрсетеді, телефон: ...). Әрине, эффектісі жоққа жақын. Бірақ өмірінде күзеттен қашып көрген адам болса, әлгі жапсырма қағазды көргеннен кейін ойланып қалуы мүмкін.

ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Дәлізде радио, музыкалық плеер секілді, әйтеуір дыбыс шығарып тұратын аппарат жұмыс істеп тұрғаны дұрыс. Сырттан келген адам үйде кісі бар деп ойлап қалсын.

Есіктің жоғарғы жағына камера орнатып қой. Қазір ешбір техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейтін автономды камералар бар, солардың бірін сатып алсаң болады. Олардың жазбалары әдетте компьютерге немесе смартфонға келіп түседі. Дұрысы, әрине, бір фирманың көмегіне жүгініп сигнализация орнату. Бірақ бәрінде бірдей ондай мүмкіндік бола бермейді ғой. Шын камераға ақшаңды қимасаң муляж камералар сатып алуға болады, 2-3 мың теңге тұрады. Олар ештеңені түсірмейді, жай ойыншық қана. Бірақ сыртқы түріне қарап муляж екенін біле алмайсың.

Осы кезге дейін таныстарымнан небір тонау оқиғаларын естідім. Бәрінде дерлік ірі сомада ақша қолды болған. Үйде ешқашан ақша сақтама. Алысқа жол жүрсең бағалы заттарыңды табылмайтындай етіп жасырып кет, не сенімді біреулерге тапсырып кет.

Ең бастысы — үйдің сырын көршілеріңе айтпа. Әдетте ұрыларға хабар жеткізіп тұратын жансыз — өз көршің болып шығады.
Әрі қарай

"SuperТой" - супер кино!

Кеше киноның алдын ала көрсетілімі болады деген соң бардым. Біреу біреуге, ол біреу Аршатқа, Аршат маған айтты. Шынын айтсам құрдастың көңілін қалдырмаймын деп бара салдым. «Е, құдай, біздікілер не түсіреді дейсің?» деген ой басым болды. Қателесіппін.

Киностан: SuperТой - супер кино!
Әрі қарай

Үй жануарлары тегін вакинацияланады

Астанада үй жануарларын жоспарлы вакцинациялау жүргізілуде. Елорда тұрғындары 30 сәуірге дейін үй жануарларына аса қауіпті «құтырма» ауруына қарсы жоспарлы вакцина жасатуы қажет. Вакцинациялауды ШЖҚ «Астана Ветсервис» КМК жұмыс күндері сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін, демалыс күндері 9.00-ден 14.00-ге дейін тегін жүзеге асырады! Үй жануарларыңызға тегін екпе жасатам десеңіз, кәсіпорын мекендайы: Алаш тасжолы, 3, «Эко Полигон».

— Вакцинациялау процедурасы жыл бойы өткізіледі. Әдетте дәрігерлердің өздері үйлерді аралап, жануарларға екпе жасайды. Бірақ иттер мен мысықтардың барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан аталған акция сынақ түрінде ұйымдастырылды. Вакцина күшіктерге үш айдан, марғауларға екі айдан бастап салынады, — «Астана ветсервис» кәсіпорны директорының орынбасары Арыстанов Айдархан.

Астана жаңалықтары: Үй жануарлары тегін вакинацияланады
Айта кетейік, Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62- V «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы» шешіміне сәйкес үй жануарларын вакцинациялау және тіркеу міндетті.

Толық ақпарат алу үшін мына телефондар бойынша хабарласыңыз: 28-59-70, 57-03-54, 8-701-604-98-77.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Асық ойнаған озар

ҚР Ұлттық музейінде елордалық оқушылар арасында асық атудан ашық турнир өтті. Бұл турнир ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орй ұйымдастырылған деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатубалдин асық ату ойынының маңыздылығы туралы айта келе, қоғам болып қазақтың ұлттық ойындарын қолдауға шақырды.

— Асық ойыны баланы мергендікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Қазақ: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деп бекер айтпаған. Ұлттық тәрбие – ұлттық ойыннан келіп шығады. Кешегі қиын кезеңдерде ұлттық болмысымызға жасалған түрлі шабуылдарды бастан кештік. Тәуелсіз ел болып, өз еркіміз өз қолымызға тигенде ата-бабаларымыздан қалған құнды мұраларымызды қайта жаңғырту, насихаттау біздің басты борышымыз, — деді А.Сатубалдин.
Астана жаңалықтары: Асық ойнаған озар
Турнирді «Асық ату» федерациясымен бірге Ұлттық музейдің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру секторы ұйымдастырды. Турнирде Астана қаласының орта мектеп оқушылары өзара сайысқа түсіп, ең епті, асыққұмарларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Әрі қарай

Жалынды жастар фестивалі

Ас ана қаласында «Жалынды жастар» фестивалін өткізу игі дәстүрге айналды. Биылғы фестивальге елордалық ЖОО-лар мен колледждердің 1000 астам студенті қатысты.

Бұл жолы фестиваль ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ерекше салтанатпен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жастар шығармашылығын шыңдауға, олардың бойында патриоттық сезім оятуға бағытталған. Гала-концертте жеңімпаздарға марапаттарды танымал өнер және мәдениет қайраткерлері табыстады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің өкілдері «Үздік волонтерлық жоба», «Квест» номинацияларында, сондай-ақ, эстрадалық ән мен музыкалық аспаптарда ойнау конкурстарында топ жарды. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің студенттері халық және қазіргі заманғы би конкурсында, «Что? Где? Когда?» ойынында және «Үздік жанкүйерлер» номинациясында үздік атанды. «Авторлық оқу» санатында Қаржы академиясының қатысушылары жеңіске жетті. «Тұран-Астана» университетінің командасы үздік студенттік клуб атанды, ал «Астана» медицина университетінің студенттері креативті бейнеролик түсірген.

Астана жаңалықтары: Жалынды жастар фестивалі
«Что? Где? Когда?» ойынында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті құрамасының капитаны Бибарыс Әміржановтың айтуынша, ойын тартысты өтті. Қойылған сұрақтар өте қиын болды. Қатысушылардың барлығы ақылды, дарынды.

— Біз жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Көп дайындалып, «21-ші ғасыр көшбасшысы» тоқсандық ойындарын, «Что? Где? Когда?» ойындарын көрдік. Университетте зияткерлік ойындар, соның ішінде «Брейн-ринг» өткізетін клуб та бар, осылайша, жарысқа дайындалдық. Бұл өте қызықты фестиваль, оның басты мақсаты – елордамыздағы барлық студенттердің басын қосу болып табылады, — деп өз ойымен бөлісті.

«Квест» номинациясында – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері көш бастады. Осылайша Ұлттық университетте ақылымен де, өнерімен де топ жарқан жастар оқитынын дәлелдеді.
— Жыл сайын шараға қатысып, жаңа достар табамыз. Мұнда әртүрлі университеттердің өкілдері бар, жылдан жылға қарым-қатынасымыз нығая түседі. Биыл «Квест» номинациясында алғаш рет өнер көрсеттік. Өте жақсы болды. Мен Астанада үш жылдан бері тұрамын. Көптеген жаңа орындармен таныстым. Қазақ хандығынан бастап бәрін қайталадық, тіпті, Морзе әліппесін де жаттадық, көпірлермен жүріп, код жинадық, қызық болды, — дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Зинұр Кинисов.

Шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген, ағайынды Жүгінісовтер және т.б. қатысушылар мен көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Әрі қарай

Super Той – Super Ғой!

Киностан: Super Той – Super Ғой!
SuperТой фильмі таза пародия фильм. Техникалық тұрғыдан да бірнеше фильмге пародия байқауға болады, ал жалпы тұтастай алғанда біздің қоғамға пародия. Қоғамға, адам қатынастарына, түрлі әлеуметтік статустарға, дәстүрлерге пародия. Бәз біреулерге бұл ұнамауы мүмкін, негізінде ұлтшыл бағытта түсірілген «Келинка Сабинаны» түсінбегендер бұл фильмді де түсінбеуі мүмкін. Қазақты қорлау, салт-дәстүрді сыйламау сияқты сынға ұшырауын да күтемін. Дегенмен, түсінген адамға фильмдегі әр диалог өте жіңішке әзіл болып берілген. Басынан соңына дейін қыран-топан күлкі гарантия.

Нағыз қазақы комедия. Қазіргі қазақ қоғамы, қазіргі мәселелер, қазіргі әлеуметтік топтар, қазіргі таныс жағдайлар. Бұл фильмде шынымен бәрін көруге болады. Күлкі арқылы елдегі мәселелерді де көрсете алған. Мысалы көпбалалылардың баспана мәселесі, харакири арқылы тіл мәселесі, полиция-қылмыскер қатынастары, мәдени зиялылардың да қазақы понттары, желідегі лайкомания, банктен кредит мәселесі, той-бизнестегі дилетанттар сәтті әжуаланған. Маған фильмнің осы идеясы ұнады. Бұл жағынан сценаристерін құттықтау керек.

Актерлар құрамы да жақсы таңдалған. Сценаристердің идеясын жас актерлар жақсы жеткізе алды деп ойлаймын. Вайнер Нұрлан үшін де сәтті дебют болған сияқты, өз образын жақсы алып шықты.

Саундтректері де керемет. «Эй, лапылда» әні арқылы Назарбек жалпы бұл фильмді алдын ала жақсы жарнамалап болды. Оған кейін Ru-Me-дің тамаша музыкасы қосылды. Продюсерлер музыка бойынша жақсы таңдау жасаған.

Жалпы түсірілімі де сауатты шыққан. Соңғы кезде шыға бастаған қазақстандық фильмдер тек үкімет ақшасына ғана емес, инвесторлар арқылы да фильм түсіріп, касса жинауға болатынын дәлелдеп келе жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Қазақ киносы үшін қуануға болады бұл тұрғыда. Сол тізбектің бір жалғасы деуге болады «SuperТой» фильмін.

Күлуі қиын мен сияқты адамды күлдіре алған болса – фильмді сәтті комедия деуге әбден болады. ;)




P.S қыздың боксшы ағасының образы кімге пародия?
Киностан: Super Той – Super Ғой!
Әрі қарай

"Өрлеу" бағдарламасы ақшалай көмек көрсетуде

Елордада «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру аясында атаулы әлеуметтік көмек тиімділігін арттыру бойынша халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту бөлігінде «Өрлеу» жобасымен шартты ақшалай көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Өрлеу» жобасының басты мақсаты аз қамсыздандырылған еңбекке қабілетті отбасына жәрдемақы төлеу, сондай-ақ, оны әлеуметтік бейімдеу және пассивті ақшалай көмектен отбасыға белсенді қолдау көрсетуге көшу болып табылады.

Шартты ақшалай көмек жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы арасында айырмасы түрінде отбасына бір адамға айына жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен отбасыларға төленеді, 2016 жылдың II тоқсанында бұл көрсеткіш 13 735 теңгені құрады. ШАК алты айға тағайындалады, қайта есептеу тек отбасының мөлшерін өзгерткен жағдайда, яғни жалақының мөлшеріне қарай жүргізіледі.

Алты ай ішінде отбасында бейімделу және мұқтаждықтан шығу, тұрақты табыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болады.

Жобаға қатысушы уақытша қосымша жәрдемақының орнына жұмысқа орналасуға, оның ішінде жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орнына орналасуға, қажет болған жағдайда басқа мамандықтарға қайта оқуға және өз отбасын өмір сүрудің сапалы басқа деңгейіне шығаруға барлық мүмкіндіктер жасауға міндеттенеді.

Астана жаңалықтары: Өрлеу бағдарламасы ақшалай көмек көрсетуде
Ақшалай жәрдемақы отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын орындаған жағдайда ғана төленеді. Келісім шарт бойынша отбасы мүшелері отбасының әлеуметтік белсенділігі үшін кедергілерді жою бойынша жұмыс істеуге міндеттенеді.

Өткен жылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында 15 отбасы қамтылды, оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 74 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған болатын.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астаналық дәрігерлер Израильдің жедел жәрдемі тәжірибесін үйренуде

Астана қаласының Оқу-клиникалық орталығының кешенді жоспарына сәйкес, қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясындағы әріптестерінің озық тәжірибесін үйрену мақсатында елордалық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен бір топ дәрігер Изральдің жетекші клиникаларына оқуға жіберілді.

Елордалық дәрігерлер жедел медициналық жәрдем жұмысы саласында Израильдің жетекші клиникаларында білім алды. Олар үйренген халықаралық тәжірибесін алдағы уақытта қалалық жедел жәрдемнің басқа қызметкерлерімен бөліспек.

Астана жаңалықтары: Астаналық дәрігерлер Израильдің жедел жәрдемі тәжірибесін үйренуде
Оқу барысында отандық мамандар жалпы медициналық қызмет көрсетуден басқа, донорлықты ұйымдастырып, халыққа алғашқы көмек көрсету жолдарын үйрететін Израиль ұлттық шұғыл көмек көрсету қызметінің жұмысымен танысады.

— Қызметкерлер оқуы керек, шетелге барып, тәжірибе жинайды, басқа мемлекеттерде жұмыстардың қалай жүргізілетінін біліп, халықтың жедел жәрдемге қалай қарайтынымен танысуға тиіс. Теледидардан көріп, естіген басқа, қызметімізді дамыту үшін осындай сапарлар қажет. Израильде дәрігерлердің жұмысы жолға қойылған, медиктер келгенше шұғыл көмек көрсететін волонтерлар да жақсы жұмыс істейді, — дейді Астана қаласы жедел медициналық жәрдем станциясы медицина бөлімі бас дәрігерінің орынбасары Сұлушаш Әбілқасымова.

Оның пікірінше, тәжірибе алмасу практикасын тар шеңберлі маманданған және орта медицина қызметкерлерінің, фельдшерлердің де арасында қолданып, тренингтер өткізу үшін шетелдік мамандарды елордаға шақыру керек.

Астана қаласының дәрігерлері Тель-Авив қаласындағы ауруханаларда, симуляциялық тренинг-орталықтарында, парамедиктерді оқыту орталықтарында болып, көру алаңында нақты бір жағдайда бірінші кезектегі және біркелкі іс-шараларды (емдеу, профилактикалық, эвакуациялық) қажет ететін зардап шеккендер мен науқастарды топтарға бөлу — «триаж» медициналық топтау негіздерімен танысты.

Материал Астана қаласы әкімдгінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Экология мәселесі тәртіп сақшыларының назарында

Елордамыздың тазалығы мен сыртқы келбеті тәртіп сақшыларын да алаңдатады. Бұл ретте түрлі ұйымдардың, мекемелер мен ШОБ өкілдерінің қала аумағын абаттандыру ережелерін бұзу жағдайларын анықтауға және болдырмауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Осыған байланысты Астана қаласының табиғат қорғау полицейлері экологиялық рейдті бастады.

Бүгін астаналық полицейлер рейд барысында аумақты абаттандыру ережелерін сақтамайтын кәсіпкерлерді анықтау жұмысын жүргізді. Күн сайын бекітілген аумақтарды аралау барысында полицейлер құрылыстардың іргелес аумақтарын санитарлық ұстау мен уақытылы жинауды ұйымдастыруды бақылайды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары кәсіпкерлердің, көлік жуу орындарының, дүкендердің, сондай-ақ құрылыс объектілерінің иелерінің іргелес аумақтарды қалай ұстайтынын бағалады.

Астана қалалық мәслихатының 2004 жылғы 30 наурыздағы № 28/6-III «Абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және Астана қаласының аумағында тазалықты қамтамасыз ету қағидалары туралы» шешіміне сәйкес кәсіпкерлер іргелес аумақты (периметрі 5 м) таза ұстауға міндетті, сондай-ақ қала тұрғындары үшін тәртіп сақтау бойынша қолайлы жағдай жасауы керек.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері 723 тексеру жүргізіп, нәтижесінде шағын және орта бизнес объектісінің 372 өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін заңды тұлғаларға 30-100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Астана жаңалықтары: Экология мәселесі тәртіп сақшыларының назарында
«Көлік жуу орнына іргелес аумақ лас. Жиналмайтын кездері де болады. Иесінің өзі жоқ. Оған қызметкері арқылы сағат 17.00 бөлімге келсін деп шақыру қағазын қалдырып кеттік. Мекеме иесіне қатысты әкімшілік жаза қолданылады», — дейді Астана қаласының ІІД ЖПҚ аға инспекторы Ораз Ахметов.

Полицейлердің басты мақсаты жазалау емес, тәртіп бұзушылықты болдырмау. Сондықтан да кәсңпорын басшылармен және жеке азаматтармен абаттандыру ережелерін сақтау, санитарлық ұстау, нысан аумағын жинауды ұйымдастыру және тазалықты қамтамасыз ету туралы профилактикалық әңгімелесулер жүргізіледі.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астаналық оқшылар ғарыштық зерттеулер жарысынан жүлделі келді

Байқоңыр қаласында Ғарышкерлер күніне арналған XII «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми жарыстар өтті. Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша жарыстан елордалық 26 жас ғалым үйге олжалы қайтыпты.

Астана жаңалықтары: Астаналық оқшылар ғарыштық зерттеулер жарысынан жүлделі келді
XII «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми жарыс Байқоңыр қаласында академик В.Н. Челомея атындағы Халықаралық ғарыш мектебі базасында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен Ғарышкерлер күні қарсаңында жыл сайын өткізіледі.

Ғылыми жарыстардың басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметіне баулу, отандық және әлемдік ғарыштық жетістіктерді насихаттау, ақпараттық және ғарыштық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру, дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау.

Ғылыми жобаларды қорғау 5 секция бойынша жүргізілді: «Зымырандық техника және инфрақұрылым», «Ғарыштық ақпараттық технологиялар және модельдеу», «Экология және ғарыштық қызмет», «Астрофизика және Дүние жүзінің эволюциясы», «Күн жүйесі».

Жарысқа 11-сынып оқушылары – биылғы республикалық ғылыми жобалар конкурсының ІІ кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, І, ІІ және ІІІ дәрежелі диплом алғандар қатысты. Ғылыми жобалар жарысының қорытындысы бойынша 26 елордалық оқушы жүлделі орындарға ие болды, соның ішінде 9 «алтын», 7 «күміс», 10 «қола».

— Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Балалар ғарышқа жақын кеңістікке енді. Алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағын, тұңғыш ғарышкер музейін, конструктор Королевтың үйін тамашалады. Көптеген пайдалы ақпаратты олар өз жобаларына қосқан болатын. Осылайша, жарыста жақсы нәтижелерге қол жеткізді, — деді «Астана дарыны» РҒПО инновациялық педагогикалық технологиялар зертханасының әдіскері Жанар Бейсенбаева.
Әрі қарай