Экология мәселесі тәртіп сақшыларының назарында

Елордамыздың тазалығы мен сыртқы келбеті тәртіп сақшыларын да алаңдатады. Бұл ретте түрлі ұйымдардың, мекемелер мен ШОБ өкілдерінің қала аумағын абаттандыру ережелерін бұзу жағдайларын анықтауға және болдырмауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Осыған байланысты Астана қаласының табиғат қорғау полицейлері экологиялық рейдті бастады.

Бүгін астаналық полицейлер рейд барысында аумақты абаттандыру ережелерін сақтамайтын кәсіпкерлерді анықтау жұмысын жүргізді. Күн сайын бекітілген аумақтарды аралау барысында полицейлер құрылыстардың іргелес аумақтарын санитарлық ұстау мен уақытылы жинауды ұйымдастыруды бақылайды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары кәсіпкерлердің, көлік жуу орындарының, дүкендердің, сондай-ақ құрылыс объектілерінің иелерінің іргелес аумақтарды қалай ұстайтынын бағалады.

Астана қалалық мәслихатының 2004 жылғы 30 наурыздағы № 28/6-III «Абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және Астана қаласының аумағында тазалықты қамтамасыз ету қағидалары туралы» шешіміне сәйкес кәсіпкерлер іргелес аумақты (периметрі 5 м) таза ұстауға міндетті, сондай-ақ қала тұрғындары үшін тәртіп сақтау бойынша қолайлы жағдай жасауы керек.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері 723 тексеру жүргізіп, нәтижесінде шағын және орта бизнес объектісінің 372 өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін заңды тұлғаларға 30-100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Астана жаңалықтары: Экология мәселесі тәртіп сақшыларының назарында
«Көлік жуу орнына іргелес аумақ лас. Жиналмайтын кездері де болады. Иесінің өзі жоқ. Оған қызметкері арқылы сағат 17.00 бөлімге келсін деп шақыру қағазын қалдырып кеттік. Мекеме иесіне қатысты әкімшілік жаза қолданылады», — дейді Астана қаласының ІІД ЖПҚ аға инспекторы Ораз Ахметов.

Полицейлердің басты мақсаты жазалау емес, тәртіп бұзушылықты болдырмау. Сондықтан да кәсңпорын басшылармен және жеке азаматтармен абаттандыру ережелерін сақтау, санитарлық ұстау, нысан аумағын жинауды ұйымдастыру және тазалықты қамтамасыз ету туралы профилактикалық әңгімелесулер жүргізіледі.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше