Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қоғамдық шеберхана ашылды



Астанадағы балалар үйінің базасында «Zhas sheber» шеберханасы ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Шеберханада балалар кәсіби бапкермен бірге арнайы бағдарлама бойынша электр техникасын пайдаға жарату және жөндеу қабілеттеріне ие бола алады.

«Бүгін біз «Қазақстан 2050» қозғалысының бастамасымен «Zhas sheber» қоғамдық шеберханасы жобасын іске қосып отырмыз. Негізгі мақсат – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айнасын тапқан құндылықтарды насихаттау. Аталмыш мақалада прагматизм мен жастар арасындағы бәсекеге қабілеттігінің элементтері айқындалып көрсетілген. Бәрі де қаржы көздеріне тірелуі міндетті емес. Прагматизм тұрақты дамуға, жеке өмірге қатысты танытыла алады. Біздің жоба осы ретте балаларға ресурстарды тиімді пайдалануды үйретуге бағытталған», — деп хабарлады «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев.

«Zhas sheber» қоғамдық шеберханасы Астана қаласы әкімдігінің, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының, «Оператор «РОП» ЖШС-нің, «ПромТехноРесурс KZ» ЖШС-нің қолдауымен ашылды.

Бапкер балалар үйінің тәрбиеленушілерін істемейтін электр техникасын бөлшектеуді, оны істейтін және пайдаға жаратылуы тиіс бөлшектерге бөлуді үйретеді. Пайдаға жаратылуы тиіс бөлшектер қалдықтарды өңдеумен айналысатын серіктес компаниямен шығарылатын болады.

«Қоғамдық шеберханада өтетін тәжірибелік сабақтарда алынған білім балаларға электр техникасын жөндеу қабілеттеріне ие болуға мүмкіндік береді», — деді М. Манкеев.

Аталмыш жоба балалар үйінің базасында бір жыл көлемінде жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта елордадатағы да 3 қоғамдық шеберхана пайда болмақ.
Әрі қарай

Елордада «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кеш өтті

Астана жаңалықтары: Елордада «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кеш өтті

Астана қаласында «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты өмірден озған танымал журналистерді еске алуға арналған кеш өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Журналистер қай заманда да халықтың, қоғамның ойын қалыптастырушы болып қала бермек. Нағыз журналист – журналистикаға жан-тәнімен берілген, қоғамның мүддесін бәрінен биік қоятын, басты ұстанымы әділдік деп білетін кәсіби мамандар.

«Бүгін біз бұл шараны осымен үшінші рет өткізіп отырмыз. Астана қаласы ел астанасы болып таңдалған сәттен ел ордасын елімізге және әлем алдыңда таныту жолында аянбай еңбек еткен астаналық журналистерді еске алып отырмыз», – деді идея авторы, «Түгел медиа» басшысы Сәдібек Түгел.

Кеште еліміздің дамуына, Астананың насихатталуына ерен еңбек сіңірген, қазір ортамызда жоқ 15 журналисті еске алып, олар туралы достары, туыстары, әріптестері естеліктер айтып, өмірі мен еңбегі жайлы бейнесюжеттер көрсетілді.

«Астана қаласы әкімдігі Астананың дамуына үлес қосқан ел азаматтарын ұмытпайды. Олардың асыл есімдерін ұлықтауға қашанда қолдау білдіреді. Бұл шара Астана қаласының 20 жылдығын атап өту іс-шараларынын басы. Соның шымылдығы осындай еске алу шарасымен басталғаны бізді қуантуда», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Кеш Елордамыздың «Астана қаласы халықаралық баспасөз орталығы» жанындағы бірлескен астаналық журналистер қауымымен бірлесіп, «Біз журналистер – біз біргеміз» ұранымен өтті.

Шараға ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ардагер журналистер, әншілер, қатысты.
Әрі қарай

Елордада гендерлік саясат мәселелері талқыланды



Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Әйел көшбасшылығы мектебі» жобасының аясында, елордада «Әйелдің саясаттағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Дөңгелек үстелге Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, Expo&Women халықаралық компаниясының өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты. Диалогтық алаң құрудағы мақсат – мемлекеттік органдар өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, білім беру мекемелері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің Қазақстандағы гендерлік саясат тиімділігіне қатысты жобаны іске асырудың қорытындылары мен мәселелерін талқылау.

Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның айтуынша, бүгінде елімізде әйелдің саясатқа араласуына ешқандай кедергі жоқ.

«Экономиканы алатын болсақ, қазір елдегі шағын және орта бизнестің 50 пайызын, жеке кәсіпкерліктердің 60 пайызын әйелдер басқарады. Егер Мәжілісте үшінші шақырылымда 8 әйел депутат болса, олардың 29 әйел, Сенатта 8 әйел бар. 2010 жылдың өзінде әйелдердің саясаттағы, экономикадағы беделі бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум аясында құрылған рейтингте, Қазақстан 134 елдің ішінде 41-ші орынға жайғасқан болатын», — деді Майра Айсина.

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қазақстан әйелдері» ассоциациясы ұйытқы болған шарада «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» жобасының 2017 жылы іске асырылу барысы, гендерлік бюджеттендіру, экология, инновациялар және ЕХРО 2019, ЕХРО 2020-ға дайындық саласындағы әйелдер бастамаларын қолдау, әйелдердің ғылыми қызметтерін ізгілендіру мәселелері ортаға салынды.

Майра Айсинаның сөздеріне қарағанда, Қазақстанда саясаттағы әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Оның пайымынша, мақсатқа қол жеткізу үшін әйелдер бір-бірін қолдау керек. Бұл тұрғыда депутат Қостанай облысы мәслихатының депутаттарын үлгі етті.

«Біз өзімізді таныту үшін, сөзіміз өтімді болуы үшін, ең біріншіден, бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Бұл тұрғыда қостанайлық, павлодарлық әйелдер үлгі бола алады. Аталмыш облыстардағы аудандық, қалалық мәслихат депутаттары үлесінің 25-30 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Басқа облыстарда мұндай жоқ десе де болады. Парламент Мәжілісінің өзінде де Қостанайдан үнемі 2 әйел депутат ұсынылады. Бұл Тобыл өңірінде әйелдер ынтымақтастығының бар екендігін білдіреді. Біз үшін бүгін бірігу маңызды. Сонда ғана біз алдымызға қойылған міндеттерге қол жеткізе аламыз», — деп түйді сөзін Майра Айсина.
Әрі қарай

Жосықсыз такси жүргізушілерінің жауапқа тартылатындығы ескертілді

Астана жаңалықтары: Жосықсыз такси жүргізушілерінің жауапқа тартылатындығы ескертілді

Көлік қызметкерлері ассоциациясының төрағасы Медет Құрманов жолаушылардың жеке тасымалымен айналысатын жүргізушілерді «Bus Lane» жолақтарына шыққандығы үшін жауапқа тартылатынын ескертті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Біз қазір ресми тіркелмеген такси жүргізушілерінің «Bus Lane» арнайы жол жолақтарына жиі шығып кететінін байқап отырмыз. Олар жазасыз қаламыз деп есептейтін болар, бірақ қыркүйек айында фото және бейне тіркейтін «Сергек» жүйесі іске қосылғандығын еске салғым келеді. Бұл жүйенің көмегімен ЖЖЕ бұзудың фактілері, оның ішінде жеке тасымалмен айналысатын такси жүргізушілерінің «Bus Lane» жолақтарына шығуы да тіркеліп отырады», — деп хабарлады Медет Құрманов.

Елорданың көлік қызметкерлері ассоциациясының төрағасының сөзінше, қазіргі таңда қоғамдық көліктерден басқа «Bus Lane» жолағымен Астананың жолаушылар көлігі басқармасында ресми түрде тіркелген тасымалдаушылардың көліктері жүреді. Ал, «Bus Lane» жолағына шығып жеке тасымалдаумен айналысқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Мұнымен қоса, ресми түрде тіркелген тасымалдаушылардың санын арттыруға бағытталған шаралар қолға алынуда. Енді «Astana taxi» брендімен тек такси қызметін көрсетуші компаниялар ғана емес, жеке такси жүргізушілері де жұмыс істей алады.

«Қазіргі таңда бірыңғай такси қызметі жүйесіне тіркелу қиын емес. Ол үшін Таксомоторлы компаниялар қауымдастығына хабарласу қажет. Компанияның көлікке қоятын талаптары бар. Көлігіңіздің ескілігі 7 жылдан аспауы керек. Оның түсі ақ болғаны жөн. Жүргізушігеде талаптар қойылады.Олар тәрбиелі, жауапты, адамгершілігі мол азамат болғаны абзал», — деді Медет Құрманов.

Қызметке ресми түрде тілкелген жүргізушілер «Astana taxi»-дің call-орталықтары арқылы тапсырыстарды қабылдау, «Bus Lane» жолағымен жүру мүмкіндіктерінен басқа ресми такси қызметтері елорда әуежайының, екі теміржол вокзалының аумағындағы мамандандырылған автотұрақтарға, астаналық таксиге арналған инфрақұрылымдардың шеңберінде құрылып жатқан басқа да қалалық тұрақтарды пайдалану құқығына ие болады.

Жеке тасымалмен айналысып жүрген жүргізушілер «Astana taxi» қызметіне тіркелгеннен кейін, бюджетте салық түсімдері өскені байқалған, сондай-ақ қызмет бағасына бірыңғай тариф енгізіп, орталықтандырылған call-орталығы құрылып, қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек, — дейді Медет Құрманов.
Әрі қарай

Астана қаласына 5 мың тоннадан астам көмір жеткізілді

Астана жаңалықтары: Астана қаласына 5 мың тоннадан астам көмір жеткізілді

Осы күнге дейін қалаға 46,7 мың көмір жеткізілген, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

«1 қыркүйек 11 қазан аралығында Астана қаласына 50 мыңға тақау көмір жеткізілді. Қаламызға көмір әртүрлі кен орындарынан жеткізілуде – «Майкөбе», «Қаражара», «Богатырь», «Сарадыр» және «Шұбаркөл». Тұрғындар арасында «Шұбаркөл» көміріне сұраныс жоғары», — деп атап өтті Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл Қауғабаева.

Рысгүл Қауғабаеваның айтуынша, Астана қаласында көмір тапшылығы жоқ.

«Қазіргі күні кен орнынан артылған 7 мың тонна көмірдің 5 600 тоннасы Астанаға жеткізілді. Және де осы екі күн ішінде тағы 5 мың тонна көмір жеткізіледі. Күн сайын тек осы «Шұбаркөл» көмір түрінен қалаға 1,5 мың тонна жеткізілетін болады», — деді Рысгүл Қауғабаева.

Қала бойынша көмір сататын 15 орын бар. Оның ішінде 7-і ірі сатылым орындары.
Әрі қарай

Елордада 2017 жылы 105 көшеде жөндеу жұмыстары жүрген



Қаламыздың 105 көшесі орташа жөндеуден өтіп, барлық жөнделген жолдардың ұзындығы 64,8 шақырымды құрайды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Соның ішінде қала бойынша ұзындығы 33,1 шақырымды құрайтын 34 көшеге, «жақын тұрғын алаптарды» дамыту бағдарламасы бойынша ұзындығы 21,2 шақырымды құрайтын 55 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Қала көшелерінің саны 953 мыңнан астам. Қазіргі таңда Астана қаласы көшелерінің жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде. Ал, осы жылы 105 көше орташа жөндеуден өтті, барлық жөнделген жолдардың ұзындығы 64,8 шақырымды құрайды. Соның ішінде қала бойынша ұзындығы 33,1 шақырымды құрайтын 34 көшеге, «жақын тұрғын алаптарды» дамыту бағдарламасы бойынша ұзындығы 21,2 шақырымды құрайтын 55 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, «Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 14 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Астана қаласында осы жылы 11 көше қолданысқа берілді. Атап айтсақ, «Нұрлы жол» темір жол вокзалына апаратын Байтұрснов, Нәжмиденов көшесі. Сол жағалауда көлік ағынының жүйеленуіне септігін тигізуі тиіс Ақмешіт, Түркістан, А-24, А-26 көшелерде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа берілді», деп айтты «Астана қаласының Автомобиль жолдары басқармасы» ММ басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Асқар Исаков.

Қаланың Бас жоспарына сәйкес қазіргі күнде екі көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Бірі «Нұра Есіл» каналы арқылы екіншісі Есіл өзені бойында. Қазіргі күні қала көшелерінің саны 900 мыңнан астам және барлығы1034 шақырым ұзындықты құрайды. Сонын ішінде 75% асфальт төселген.

«Қазіргі таңда 8 көшеде оң жаққа бұрылу мүмкіндігін беретін жол бөлігін қолданысқа беру көзделген. Бұл дегеніміз көліктердің кедергісіз оң жаққа бұрылуын қамтамасыз етеді. Яғни жолда көлік кептелісінің азаюына септеседі», — дейді Асқар Исаков.

Оның сөзінше оңға бұрылу мүмкіндігін беретін жол бөлігінің құрылысы Кенесары – Уәлиханов, Абай – Уәлиханов, Бөгенбай батыр даңғылы — Уәлиханов көшелерінде аяқталған. Ал, Республика – Бөгенбай батыр даңғылының, Мәңгілік ел – Қонаев, Мәңгілік ел – Достық көшелерінің қиылысын жыл аяғына дейін тапсыру жоспарда.

Мәңгілік ел даңғылы мен 31 көше қиылысында 1 500 көлікке арналған 35 000 шм құрайтын автотұрақ салынған.

«Қазіргі күні қаламыз бойынша 43,8 шақырымды құрайтын 19 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Осы көшелер қолданысқа берілгенде қаламыздағы көше жолдарындағы жүктемеге жеңілдік береді», — дейді Астана қаласының автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Асқар Исаков.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 7 қазанындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 7 қазандағы эфирінде 3-айналымның екінші ойыны өтті. Қонаққа келген «Жаңа астаналықтар» командасы ойынды 6:5 есебімен аяқтады.
Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 2017 жылғы 7 қазанындағы шығарылымында қойылған сұрақтарАЛЬФА – жасырылған ұғым. Тибеттегі Голмуд-Лхаса арасындағы пойыздың вагондарына арнайы қосымша АЛЬФА беріледі. Негізі ол әркез және әр жерде тегін. АЛЬФАны атаңыз.

80 жылдардың батыстан келген жаңашылдықтарын сипаттай келе, Мила Максимова сырғанауды жұмсартатын оргалит алғашында қолданбағанын жазады. Сондықтан ОНЫмен айналысатындарды қажалған шынтақ пен жапсырылып қойылған иек арқылы білуге болатын еді. ОНЫ атаңыз.

«Үй сатып алсаң – Альфаңа қара, жер сатып алсаң — суына қара» дейді Жүсіп Баласағұни. Альфа – жансыз зат емес екенін ескеріп, оны атаңыз.

«Црвена Звезданың» түлегі Владимир Стойкович «Партизанға» ауысқан кезде, «Црвена Звезда» фанаттарының сайттында футболшыға арналған… пайда болды. Қалдырылған сөзді грек тілінен шыққан терминмен атаңыз.

Мұзафар Әлімбаевтың жұмбағын шешіңіз.
Жүз төрт түйме,
Он бір ине.

Бірде капитан Гастингс Пуароға вокзалда қонақ үй салуға болмайды дейді. Пуаро Гастингске «Бос әңгіме айтпашы, көптеген қонақ үйлер вокзалдардың қасында тұр ғой» дейді. (Гастингс пен Пуаро немен айналысып отырғанын білуге Қазақстанда бұл терминге қарсы арнайы орган бар екенін білу көмектесуі мүмкін.) Олар немен айналысып отырған?

Луганскте 2000 жылы белгісіз Солдаттың қалдықтарын қайта көму рәсімі өтті. Ал қаланың орталық алаңдарының бірінде солдатты бір құстар қоршап тұрған ескерткіш ашылды. Қандай құстар?

АҚШ-қа тән саяси корректіліктің мәні — қандай да бәір адамдар тобын жәбірлейтін терминдер мен тұжырымдардан бас тартуда. Осыған орай тіпті ренжітуі мүмкін терминдерді саяси әдепті сөз тіркестеріне ауыстыратын әзіл-қалжың сөздігі шығарылды. Бұл сөздікте қандай сөз «сауда-саттық жасаудың, сатып алудың дәстүрлі емес әдісі» деп берілген?

Бұл жазушының алғашқы романдары жарық көргеннен кейін фашистер оны қудалау үшін жалған деректер тарата бастады. «Ол негізі өзі емес, атын жамылған, Крамер деген француздық еврей» деп, ойдан жала құрап, қуғынға ұшыртатқысы келді. Себебі, фашистерге, әрине, «еврейді» қуғындаған оңайырақ еді. Бұл жазушыны атаңыз.

"Қара плащ" мультсериалының серияларының бірінде өсімдіктерді басқаратын залым сиқыршы ОЛАРға адамдар таққан бұғауды шешіп тастауды бұйырады. (Серияның қандай жыл сайынғы оқиғаға арналғанын тапсаңыз,) ОЛАРды атаңыз.

Уақыт та жақындап қалыпты, соңғы сұрақты қойып жіберейік. Пицца жеткізу қызметінің логотипінде Х -пиццаның қос тілімі түрінде бейнеленген. Кейді осы жасырылған Х-ті сипаттау үшін Х (әрпі – ред.) пайданылады. ҚазақТВ, Рика ТВ сияқты отандық телеарналарда Х деп аталатын бағдарламалар бар. Х-ті атаңыз.

Эфир аудиожазбасын ресми сайттан тыңдауға болады.
Әрі қарай

Елордада мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қайырымдылық концерті ұйымдастырылды



Бүгін Астананың № 49 орта мектебінде «Жүректен жүрекке» деген атаумен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Мүгедектер күніне орайластырылған шараға «Мейірімділік-М» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Қайырымдылық концертін «Орман зауыты» ауданындағы № 49, 23, 26, 34, 21 мектептері мен № 59 мектеп-лицейінде оқитын 30-дан аса мүмкіндігі шектеулі бала тамашалады.

Концерттік бағдарламаның аясында балалар үшін Гаванадан келген өнерпаздар ән шырқап, қазақстандық жұлдыздар өнер көрсеткен болатын.

«Мұндай шараны өткізудегі басты мақсат, қоғамның, әсіресе, жастардың назарын жарымжан бүлдіршіндердің проблемасына аударту», — дейді «Мейірімділік-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Сеилова.

Оның сөзіне қарағанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық концерті қоғамдық бірлестік ұйымдастырып отырған жалғыз шара емес.

«Мүгедектер күніне орайластырылған іс-шаралар жоспарының аясында біздің қор алдағы жұмада Қарағанды қаласына барады. Өкілдеріміз Майқұдық шағын ауданында орналасқан балалар үйіне барып қайтады. Онда 168 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленеді. Осылайша біз қоғам назарын кемтар бүлдіршіндердің проблемасына аудартқымыз келеді», — Айгүл Сеилова.

Концерттік бағдарламаның соңында қоғамдық бірлестіктіктің жетекшілігі атынан шараның өтуіне қолдау көрсеткен азаматтар марапатталып, балаларға сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, Мүгедектер күніне орай елордада Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы мүмкіндігі шектеулі 18 мыңдай азаматқа 5000 теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетті.

Астаналықтар жыл соңына дейін заңгерлерден тегін кеңес ала алады

Астана жаңалықтары: Астаналықтар жыл соңына дейін заңгерлерден тегін кеңес ала алады

2017 жылдың 25 тамызы мен 31 желтоқсаны аралығында «Mediator KZ» компаниясы Астана, Алматы, Қостанай қалаларының тұрғындары үшін «Тегін заңдық кеңестер, құқықтық сауаттылық» акциясын өткізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Mediator KZ» компаниясының көмегіне жүгіне отырып, арыз беруші азаматтық, жер, тұрғын-үй құқығы, отбасы, еңбек, зияткерлік, әкімшілік және қылмыстық құқық саласында қызметтердің түрін ала алады.

«Біз қиын әрі шиеленіскен мәселелерді және арнайы істер бойынша халықтың әлсіз топтарының (ардагерлердің, зейнеткерлердің, мүгедектердің) құқығын қорғаудан бас тартпаймыз. Оларды оңтайлы шешу біздің тәжірибеде бар», — деп жазылған «Mediator KZ» компаниясының хабарламасында.

Астана қаласында қабылдау Бейбітшілік көшесі 52 ВП 8 мекенжайы бойынша жұмыс күндері сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін жүргізіледі.

Заңгерлерден тегін кеңес алу үшін мына телефондар бойынша алдын ала жазылуға болады: 8775 826 48 66, 8776 702 89 89. Сондай-ақ, проблема бойынша компанияның сайтында хабарлама қалдыру мүмкіндігі бар www.ps2014.kz
Әрі қарай

Оқушылар сарайының үйірмелеріне келуші балалардың саны артты

Астана жаңалықтары: Оқушылар сарайының үйірмелеріне келуші балалардың саны артты

Биыл Оқушылар сарайының үйірмелеріне 10 мыңнан аса оқушы қатысуда. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда мың оқушыға өскен, – деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы Оқушылар сарайының әдістемелік бөлімінің жетекшісі Қымбат Іргебаеваға сілтеме жасап.

Оқушылар сарайында барлығы 125 үйірме жұмыс істейді, соның ішінде бюджеттік топтар да бар. 2016-2017 оқу жылында Оқушылар сарайында 9 мыңнан аса бала үйірмелерге қатысса, 2017-2018 оқу жылында 10 мыңнан аса оқушы қосымша білім алуда, яғни осы жылы Оқушылар сарайына келушілер саны мың балаға өскен. Ал, бюджеттік топтарда 6029 оқушы бар (жетім, мүгедек балалар және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар). Сондай-ақ, «Қазақ тілін үйрену», «Жетіген», «Флейта», «Альтернативті энергетика», «Жас құтқарушы» үйірмелерінде балалар ақысыз білім алады.

«Маған Оқушылар сарайы өте ұнайды. Өйткені, бұл жер бізге жақсы көңіл-күй, қуаныш сыйлайды. Біздің ұстаздарымыз кәсіби мамандар. Мен «Театр өнері» үйірмесіне барамын. Болашақта кәсіби актер болсам деген арманым бар», — дейді Оқушылар сарайының тәлімгері Аружан Жиренбаева.

Айта кетейік, Оқушылар сарайында«Киберспорт», «Көгалдағы хоккей», «Авторлық телевизиялық жоба», «Экшн жанры бойынша актер дайындау» сияқты жаңа үйірмелер ашылған. «Цирк өнері» үйірмесі бойынша белгілі артист Кәрім Мұтырғанов балалар қабылдап жатыр. Ал, балалар ең қызығатын үйірмелері қатарында «Виртуалды лаборатория», «Интерактивті парк», «Альтернативті энергетика орталығы», «Биотехнология және химия зерттеу зертханасы» бар. Осы үйірмелерде оқушылар саны көп.

«Аружанды Оқушылар сарайының дайындық үйірмелеріне әкеп жүргеніме 3 жыл болды. Қазір біз «Театр өнері» және «Вокал» үйірмелеріне барамыз. Осы 3 жылдың ішінде қызым көп дүние үйренді. Шығармашылыққа деген құлшынысы оянып, өнерге деген көзқарасы қалыптасып келеді. Ана ретінде Оқушылар сарайынын ұжымына шексіз алғысымды айтамын. Бұл жер біздің балаларымыздың екінші үйіндей», — дейді Аружанның анасы Әлия Жиренбаева.

Оқушылар сарайы 6 жыл ішінде шығармашылыққа жақын балалардың сүйікті орнына айналған. Осы аз уақыттың ішінде тәлімгерлері түрлі халықаралық және республикалық конкурстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Әрі қарай