Елордада мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қайырымдылық концерті ұйымдастырылды
Бүгін Астананың № 49 орта мектебінде «Жүректен жүрекке» деген атаумен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Мүгедектер күніне орайластырылған шараға «Мейірімділік-М» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Қайырымдылық концертін «Орман зауыты» ауданындағы № 49, 23, 26, 34, 21 мектептері мен № 59 мектеп-лицейінде оқитын 30-дан аса мүмкіндігі шектеулі бала тамашалады.
Концерттік бағдарламаның аясында балалар үшін Гаванадан келген өнерпаздар ән шырқап, қазақстандық жұлдыздар өнер көрсеткен болатын.
«Мұндай шараны өткізудегі басты мақсат, қоғамның, әсіресе, жастардың назарын жарымжан бүлдіршіндердің проблемасына аударту», — дейді «Мейірімділік-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Сеилова.
Оның сөзіне қарағанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық концерті қоғамдық бірлестік ұйымдастырып отырған жалғыз шара емес.
«Мүгедектер күніне орайластырылған іс-шаралар жоспарының аясында біздің қор алдағы жұмада Қарағанды қаласына барады. Өкілдеріміз Майқұдық шағын ауданында орналасқан балалар үйіне барып қайтады. Онда 168 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленеді. Осылайша біз қоғам назарын кемтар бүлдіршіндердің проблемасына аудартқымыз келеді», — Айгүл Сеилова.
Концерттік бағдарламаның соңында қоғамдық бірлестіктіктің жетекшілігі атынан шараның өтуіне қолдау көрсеткен азаматтар марапатталып, балаларға сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Мүгедектер күніне орай елордада Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы мүмкіндігі шектеулі 18 мыңдай азаматқа 5000 теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетті.
Пікір жоқ әзірше